• Еркін ой мінбері
  • 05 Ақпан, 2015

Ұстазын ұлықтамаған ұлт ұтылады

Амантай Нұрмағамбетов, саяси ғылымдарының докторы, профессор 
Амангелді Айталы, философия ғылымдарының докторы, профессор

Қ. Жұбанов атындағы өңірлік мемле­кеттік университеті Ақтөбе облысы бі­лім беру қызметкерлерінің әлеуметтік және кәсіби көңіл-күйлері, құндылықтары туралы зерттеулер жүргізілді. Сарапшылар ретінде зерттеуге кәсіби қызметі мектеппен тығыз байланысты, теориялық білімі мен өмірлік тәжірибесі сенімді қор­тындылар жасауға негіз болатын 417 тұлғалар қатысты.Бұл зерттеудің қорытындылары еліміздегі жалпы мұға­лім­дердің әлеуметтік-психологиялық кө­ңіл-күйін көрсетеді.

Мұғалімдердің құндылық бағдары
Құндылықтарды өмірдің әртүрлі сала­сын­дағы жеке тұлғалар мен әлеуметтік топтардың рухани қажеттіліктері мен сұра­ныстары (ішкі мәдени арқауы) құрайды. «Сіз­діңше өмірдегі жетістік деген не?» деген сұраққа берілген жауаптар негізінде мұ­ғалім қауымын құндылықтарға сәйкес мынадай топтарға саралауға болатындығын көрсетті: 1) кәсіби шеберлікке жету; 2) дос­тық және тұлғалық құндылықтар; 3) мамандық, еңбек, өз мүмкіндігін жү­зе­ге асыру; 4) жоғары еңбекақы алу­дың басымдылығы. Педагогикалық ең­­бектің ерекшелігі мәдени тәжірибені сі­­ңірумен байланысты, ал, ол үнемі дамуды, шығармашылық өсуді талап етеді. Сондықтан да, сарапшылардың 79,6%-ы, жағдайдың күрделігіне қарамастан, әсіресе, орта және үлкен жастағы мұғалімдер үшін құндылық кәсіби шеберлікке жету, бірақ, ол материалдық жағдайға байланысты әр кезде мүмкін емес деп есептейді.
Сарапшылардың 53%-ы «жақсы дос­тар» құндылық деп есептейді. «Жақсы достар» деп тек достық қарым-қатынас жасауды ғана емес, одан да гөрі кеңірек «ортаны тануын», «рухани келісімділік» деп түсінеді, сонымен қатар өз тараптарынан «махаббат пен өмірдегі бақыт», «тұрғын үй, қолайлы тұрмыстың болуын» құн­дылық деп қарастырылады. 49,2% сарапшы - мұғалімдер үшін «қызықты жұ­мыс» құндылық болып қала береді деп есептейді, бірақ, сауалнама жауаптары көрсеткендей, кейбір мұғалімдер «қызықты жұмысты» тек педагогикалық жұмыс деп түсінбейді, кәсіби қызметтің кез-келген түрі деп ұғынады.
Соңғы жылдарда мұғалімдердің ма­те­риалдық жағдайының жағымды өзге­рістерге біршама үміт пайда бол­ғанмен, еліміздегі бағаның өсуін есепке алсақ, олардың еңбек ақысы төмен дәрежеде қалып отыр. Сондықтан, 48% эксперттер немесе әр екінші мұғалім, еңбек ақыны өсіруді күтеді: «айлықтан «айлыққа дейін өмір сүреміз», «тумалардан қарыз аламыз», «табысымыз тамаққа жетеді», «коммуналдық қызмет», «қоғамдық кө­лік­тер еңбекақының біраз бөлігін жұ­тады» деген жауаптар кездеседі. Жиі емес, бірақ, материалдық жағдайына қа­на­ғат­танатын мұғалімдер де кездеседі. Со­ны­мен, мұғалімдер қауымы өмірлік құндылықтары тұрақты әлеуметтік топқа жатады. Дегенмен, қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық қайта жаңғырулар, білім беру саласындағы реформалар олардың өмірлік құндылықтарының өзгеруіне әсер етуде.

Қауіптенетін мәселелер
Мектеп мұғалімдерінің әлеуметтік-кәсіби көңіл-күйін талдауда олардың Қа­зақстан мектебіндегі қауіптенетін мәсе­лелерге, қоғамды ойландыратын ке­лең­сіз құбылыстарға көзқарастарын ерек­ше қарастыру қажет. Мұғалімдердің 52,3%-ын білімсіздік, кітап оқуға қызығушылықтың төмендеуі ойландырса, ал, 51,1%-н қоғам­дағы жемқорлық мазалайды. Сауалнама сұрақтарының бірі мұғалімдердің кәсіби деңгейін өзін-өзі бағалауға арналды. Әдет­те, нақты бір мұғалімнің өз еңбегін өзі бағалауы әріптестері тарапынан айтылған және қоғамдық пікірмен сәйкес келмейді. Мұ­ғалімдер өздерінің кәсіби сапасын жоғары бағалауға бейім. Қоғамдық пікірде мектепті, білім беруді, мұғалімді сыни тұрғыдан бағалау орын алған, кейде кеңестік мектепті аңсау байқалады. Оқушылардың ата-ана­лары тарапынан қойылатын айып­тауға, кінә­ларға байланысты мұғалімге қойы­латын талаптар өсуде. Біздің мәліметтер бойынша, эксперттердің 43,2% соның ішінде мұғалімдер білім беру қызметкерлерінің кәсіби деңгейі төмен деп есептейді. Бұл әри­не, салмақты сын. Демек, мектептегі білім берудің, өсуін тежеп тұрған негізгі факторлардың бірі мұғалімдердің белгілі бір бөлігінің жұмыс әдістері мен жол­дарын жаңартқысы келмейтіні немесе қабілетсіздігі сияқты консерватизм екен­дігін мұғалімдердің өздері мойындап отыр. Оқушылардың белсенділігінің төмен­дігін дәлелдеудің тиімсіз екендігін мұғалімдер түсінеді. Тәрбиеленушілердің қызығушылық дәрежесі педагогтардың өздеріне, мектептегі оқу-тәрбие ісіне байланысты.
Сарапшы-мұғалімдер қауіптенетін мәсе­лелер қатарына білім беру сапасының төмен­деуін, оның қоғамдағы беделінің түскен­дігін жатқызады. Мұндай пікірді жауап бергендердің 38,2%-ы қолдайды. Тәуелсіздік тұсында мектептегі және жоғары оқу орнындағы білімнің идеялық мазмұны өзгерді. Алғашқы онжылдықта біздің елімізде «таңдау еркіндігі» патриотизмді жалаң ұлтшылдықпен, шовинизммен, еркіндікті, индивидуализммен, ақшаға табынумен алмастырып, әлеуметтік әділ­дік орнын пайда табу басты.
Білім беру сапасы мұғалімдерді маза­ла­ғанмен, қоғамда білімге, мәдениетке, білік­тілікке деген құрметтіліктің сақтал­ғандығы және мұғалімдер өз мүмкіндіктеріне қарай оқушыларға жақсы білім беруге ұмтылатыны аталады. Дегенмен, мұғалімдер сауалнамаға қосымшада жас мұғалімдерді дайындау сапасы жоғары еместігін, әсіресе, ақылы негізде оқыған жас мұғалімдердің деңгейінің төмендігін атайды. Мұғалім кәсібіндегі феминизация (әйел мұғалімдердің басым­дылығы) – өте өткір талқыланатын мәсе­лелердің бірі. Солай бола тұрса да, мұға­лімдердің көпшілігі бұл мәселеге салқынқанды қарайды. Педагогтар көптен бері байқалып келе жатқан бұл «мұғалім кәсібінің феминизациясын» үйреншікті құбылыс деп қарайтын тәрізді, жағымсыз деп респонденттердің тек 26,8% есептейді. Көпшілігі аз еңбекақы алатын мұғалім еңбе­гін әйелдердің тағдыры деп есептейтін сияқты.
Еліміздегі әр бесінші жұмыс жасайтын мұғалім 50 жастағы және одан асқандар. Бірақ, мұғалім кадрлардың қартаюын қауіпті мәселе деп қарайтындар мұғалімдердің 21,2 %-ы ғана. Өз кәсібінің шынайы патриоттары мұғалімдер қоғамда қиындықтар туғызатын өткір мәселелерге бей-жай қарамайды.

Қазақстан мектебінің басымдық  міндеттері
«Қазақтан Республикасындағы білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасында» сапалы білім берудің басымдық міндеттері айқындалған. Сауалнамада «Мемлекеттік бағдарламада» белгіленбеген үш ұстаным аталған. Эксперттер пікірлері мынадай: олар­дың ойынша мектептің басымдық мін­деті баланың тұлғасын, қабілетін дамыту болуы қа­жет.  Бұл міндетті  ауыл, қала мұ­ға­­лімдерінің 64%-ы маңызды міндет деп есептейді. Олар бар­лық баланың күшті тұл­ға­лық  әлеуе­тін ашу мен дамытуға жұ­мылдыру ке­рек­тігін атайды. Шынында да, бүгін қо­ғамға сапалы көшбасшы, бастамашыл, сындарлы, ойлы, өз бетінше жұмыс істей алатын, сонымен қатар толерантты, қарым-қатынасқа түсе алатын тұлғалар қажет. Жауап берушілердің 51% нарықтық жағдайдағы өмірге дайындау деп есептейді. Еңбектің қажеттілігін қанағаттандыратын мамандарды даярлау Қазақстан мектебінің маңызды міндеті болып есептеледі. Ал, эксперттердің 25,6% -ы  Қазақстан мектебінің маңызды міндеті деп «ҰБТ сұрақтарына жауап бере алатындай білім беру» дегенді белгілейді. Бұл тұста сөз оқушыларға сапалы білім беру туралы болып отырған жоқ, міндетті тар мағынада түсініп, яғни, ҰБТ тапсыруда жоғары балға қол жеткізу болып отыр. Бұл білім беру ұйымдарының, сонымен қатар ата-аналар мен оқушылардың үміттері мен күтетін нәтижелеріне сәйкес келеді. Педагогтарда қазіргі заманғы «өмір талабына» өздерінше жауап береді. 
Сауалнамаға «Қазіргі заманғы Қазақ­стандық мектеп тағы қандай міндеттерді шешу керек?» деген қосымша сұрақ енгізілді. Бұл сұрақ мұғалімдердің білім беру реформасының міндеттерін «Мемлекеттік бағдарламамен байланыстыра білуіне есептелген болатын. Өкініштісі, басымдық міндеттер аталмады. Педагогтармен кездесу кезіндегі пікір алмасу олардың үнемі жүр­гізіліп келе жатқан реформалардан шар­ша­ғандығын, жалыққандығын байқа­тады. Мұғалімдер 12 жылдық білім бе­руге көшуді онша құптамайды. Әрине, Қазақстанның білім мен ғылым деңгейі бойынша дүниежүзінде құрметті орын иемденгеніне ешкім қарсы емес. Дегенмен, көпшілік мұғалімдер өткен реформалардан сабақ алды. Педагогикалық кадрларды дайындау мен қайта дайындау жүйесін қайта-қайта өзгерту, ҰБТ мәселелері, мұ­ға­лімдердің материалдық жағдайлары мен шағын жинақталған мектептермен бай­ланысты мәселелер педагогтар қауымы арасында реформа төңірегінде әртүрлі пікірлер туғызуда. 

Педагог қызметін бағалау
«Мемлекеттік бағдарлама» педагог­тарды аттестациялау, сауалнама  (ата-аналар, оқу­шылар, жұртшылық) жүргізуден, мұ­ғалімдердің білімін тестілеуден, әдісте­мелік жұмыстың есебінен тұратын кешенді баға­лау жүргізуді ұсынғанмен, педагог қызметін бағалау мәселесі пікірталас күйінде қалып отыр. Білім беру, соның ішінде мек­тептегі білім беру, барлық әлеуметтік қауым­дас­тықтың қызығушылықтарын ту­ғы­за отырып, қоғамдық өмірдің барлық саласына әсерін тигізуде. Сонымен қатар, мектеп қоғамдық  өмірдің барлық жақ­тарына: экономика, саясат, мәдениетке қайта ықпалын тигізуде. 
Соңғы жиырма жылда  Қазақстанда білім беруді  түбегейлі жаңарту жүзеге асуда. Егер, кеңестік  жүйе қоғамға пайдалы болу үшін альтуристік, яғни, коммунистік мақсаттарды көздесе, нарықтық эко­но­мика жағдайында прагматикалық мақ­саттарды, яғни, көп еңбекақы табу үшін оқуды көздейді. Бір ұрпақ шеңберінде білім беру мақсаттары түбегейлі өзгерді. Жас ұрпақ болашақта жақсы жұмыс пен айлық беретін, «жедел» пайда табатын білім беруге бағытталуда. Жаңа білім беру ахуалы  қоғамда мұғалімдерге үлкен қысым көрсетті және көрсетіп келеді, яғни олардың қызметін өзінше аттестациялап бағалайды. Мұғалімдердің 68,3% -ы олардың қызметін кешенді мониторинг арқылы әділетті баға­лауға болады дегенмен, олардың қайсыбір бөлігі басқа өлшемдерді де таңдайды. Мы­салы, сарапшылардың 29,9%-ы педагог қыз­метін оқушылардың бағалауы әділетті десе, 70,1%-ы оны қаламайды. Әрине, бұл жерде мұғалімді оқушының  бағалауы дегенді алғаш естігеннен-ақ туындайтын этикалық мәселе бар. Мұғалімдер барлық тексерісті, инспекцияны, сынды өте ауыр қабылдайды және олар көп те. Егер, оларға жан-жақтан жасалатын қысымды, яғни,  қоғамның кейбір тобының құрметпен қара­мауын, өз баласына қатысты ата-ананың  шамданушылығын ескерсек, мұғалімдердің жағдайын түсінуге болады. Оқушылардың пікірлерін мұғалімдердің құптамауы  мек­теп пен мұғалімге қатысты әлеуметтік-психологиялық ахуалмен байланысты қорғаныс реакциясының пайда болуы боп есептелуге болар. Дегенмен, педагогика мен әлеуметтануда мұғалім жұмысын оқушы  көзқарасымен бағалау жағдайлары  аз емес: оқушы  көзқарасымен мұғалімнің  өз пәнін білуі, әр оқушыға, класқа әділ, нақты көзқарас тұрғысынан келу, бағаны әділ қою, мұғалімнің келісімге икемі, психологиялық оңды ахуал жасай білу дағдысы т.б. Осыдан келіп мұғалімдердің тек 20,6%-ның  ғана ата-аналар пікірі әділ болады деп есептеуінің өзі түсінікті. ҰБТ нәтижесін бағалауда мұ­ғалім мен мектеп түлектерінің пікірлері сәйкес келмейді. Мұғалімдер ҰБТ нәтижесі оқушылардың шынайы білімін бере алмайды, сондықтан, түлектердің алған бал­дарының нәтижесі бойынша мектеп пен мұғалімдер атына айтылған сындар әділетті емес деп есептейді. Сонымен қатар оқушылардың да мектеп біліміне сенімдерінің деңгейі жоғары емес. Олар мектеп білімі жеткіліксіз, сондықтан, қо­сымша сабақтар алатындарын айтады. Осыдан келіп репититорлық жұмыс кеңінен тарады. 21,3% мұғалім оқу-тәрбие жұмысы туралы есеп олардың қызметінің шынайы бағасын береді деп ойлайды. 

 «Ақылды экономика»
«Мемлекеттік бағдарлама» Қазақстан өмірінде білімнің рөлін айрықша көрсетеді: «білімді  ел, ақылды экономика және жоғары білікті жұмыс күші». Еліміздің индустриалды-инновациялық әлеуеті қазба байлықтарымыздың қорынан әлдеқайда маңызды екендігі түсінікті. Ғылым мате­риал­дық және рухани өндірістік қазір­гі заманғы құралы болып есептеледі. Дүние­жүзілік қоғамдастықтың бір бөлігі болып есептелетін біздің еліміздің болашағы оның интеллектуалдық ресурстарының жағ­дайы мен келешегіне тәуелді екенін пре­зи­дент  Н. Назарбаев әлденеше рет атап өтті. Өндірістің дәстүрлі факторлары – таби­ғи ресурстар, жұмыс күші және капитал жойылып кетпейді, бірақ бірте-бірте қо­сал­қы мағынаға ие бола бастайды. «Бі­лім» жаңа ұғымында экономикалық даму ресурстарының бірі болады. Әрине, білім беру экономикалық пайдадан басқа адам капиталы, адам факторы, азаматтық сапаны  қалыптастырып, әлеуметтік және эмо­цио­налдық қасиеттерді тәрбиелеуге де  ық­пал етеді. «Мемлекеттік бағдарлама» бі­лім беруді экономикалық өсумен бай­ланыстырып, қоғам дамуындағы оның  жаңа рөлін көре білуді ұсынады.
Көпшілік эксперттер – білім беру қызмет­керлері, атап айтқанда, 56,4%-ы  эконо­миканың өсуін ынталандыратын  ше­шу­ші фактор – білім беру деп есептейді. Эксперттердің басқа бөліктерінің  пікірлері мынадай болды: 37,6% респонденттер «эко­номиканы ақылды тұлғалар, интел­лектуалдар басқару» керек десе, 23,9% мұғалім-эксперттер білім беру мекемелері сауатты экономистерді дайындау  керек деп есептейді. Ал, 9,8% педагогтар «экономика ақша таба алатын адамдардың қолында болу керек» деп ойлайды. Сонымен мұғалім кадрлардың жартысынан көбі білім берудің  стратегиялық міндеттері туралы оңды пікір­де, елімізді жаңартуда білім беру мен мектеп рөлінің маңызын түсінеді. Педа­гогтар жауаптарындағы алшақтықты мұ­ғалім қауымының білімділік, мәдени, интел­лектуалдық деңгейлерінің жаңа рефор­маға бейімделуімен байланысты туындаған қиын­дықтарымен түсіндіруге болады.

Мектепті жанбасылық   қаржыландыру
«Мемлекеттік бағдарламаның» жаңа­лығы шағын жинақталған мектептерден басқа жалпы  орта білім беру ұйымдарына жанбасылық қаржыландыру механизмін  енгізу болып табылады. Бүгінде социологтар қара­жатты бөлуде өзекті әлеуметтік мәсе­лелер, атап айтқанда, экология мен ден­саулық сақтау салалары білім беруді әлдеқайда төменгі орынға ысырады деп есептейді. Жоғары білім беру біздің елімізде мемлекет тарапынан және жеке қаражат көздерінен қаржыландырылады. Сондықтан, көптеген елдерде білім беру шығынын анықтағанда мектепке дейінгі, бастауыш және орта бі­лім беру жүйесіне кететін шығынды ерек­ше бөліп қарастырады. Экономикалық  Ын­­ты­­мақтастық және Даму ұйымында (ЭЫҰД) елдерінде бір оқушыға жұмсалатын шы­­­ғынды жанбасылық қаржыландыру бойын­ша есептеу бірнеше онжылдықтар бойына енгізіліп келеді. Шығынды анық­тау­да демографиялық жағдай, білім алу­шылар санының өсу қарқыны, мектеп мұға­лімдерінің айлығы, жалпы ішкі өнім көлемі, мектеп құрылысы мен қызмет көрсету  құны сияқ­ты индикаторлар есепке алынады. Ал, жан басына шаққан қаржыландырудан біздің мұғалімдер не күтеді?
Эксперттерге  жоғарыдағы аталған мек­тептің қаржылық жағдайына өзгеріс әкелетін бес позицияның әрқайсысына келісетінін немесе келіспейтінін анықтау ұсынылды. Мәселенің күрделілігіне, бұған дейін мұға­лімдер алдына мұндай сұрақты ешкім қой­­ма­­ғанына қарамастан педагогикалық қауым жанбасылық қаржыландыруды өзде­рінше бағалауға тырысты. Нәтижесінде рес­пон­денттердің мынадай пікірлері анық­­талды: педагогтардың көпшілігі, 62,9%-ы, тек мектептер ғана көп оқушы тар­ту­ға талаптанып қана қоймай, ата-аналар да бұрынғыдан гөрі мектепті таңдайтын болады, бұл мұғалім еңбегін де ынталандыра түседі деп есептейді. 43,6%-ы енді мектептер өздерін-өздері басқару шаруашылығына ауысады деп есептесе, 39,6%-ы оқушыларды көп тарту үшін мектептер арасында бәсекелестік күшейеді деп есептейді.
Пікір алмасу барысында мұғалімдер жанбасылық қаржыландыру бойынша бюджеттік шығынның азаюынан мұ­ға­лім­дердің материалдық жағдайы тө­мен­деп, жемқорлықтың өсуіне жол ашы­ла­тын­дығынан қауіптенетіндіктерін де  білдірді. Бұл қауіптенудің қанша­лықты негізді  екенін таяу арадағы ал­дын ала жүргізілген мектептердің тәжі­рибесі жан­басылық қаржыландыру меха­низмі­нің  жұмыс жасауы көрсетпек.

Мұғалімдердің біліктілігін  арттыру
Қазақстанда және дүниежүзінің  басқа да елдерінде белсенді ендіріліп жатқан үздіксіз білім беру тұжырымдамасы кәсіби біліктілікті немесе кәсіби қайта дайындауды, соның ішінде мұғалімдердің де дайындығының сапасын көтеруді талап етеді. «Мемлекеттік бағдарлама» бойынша 2020 жылға дейін 73,3 мың педагогикалық қызметкерлер бі­лік­тілікті көтеру курстарынан өтеді. Бірақ біліктілікті көтеру жолдары әлі де нақтылы анықталмаған. Осыған байланысты рес­понденттерге біліктілікті көтерудің 5 жолын бағалау ұсынылды.
Мұғалімдер біліктілікті көтерудің ең тиімді жолы білім мен тәжірибені өзбетінше меңгеру деп есептейді, респонденттердің 49,9%-ы немесе әрбір екінші мұғалім осы жолды қалайды. «Мемлекеттік бағ­дарлама» да өздігінен білім алу мен  өзін  жетілдіруді педагог қызметінің маңызды ба­ғыты деп қарастырады. Ал, мұғалімге таңдау мүмкіншілігін беретін біліктілікті жетілдірудің жолын олардың 47,5% қалайды. Ал, егер біліктілікті көтерудің тегін баламалы курстары болса, оны 43,6% мұғалім таңдауға дайын, егер ақылы курстар қызық және пайдалы болса, 17% мұғалім оны таңдауға да келіседі. Ал, білім жүйесінде дәстүрлі қалыптасқан бір ғана орталықта біліктілікті  мұғалімдердің 12,7% ғана қолдайды.
Зерттеу мұғалімдерді бірсарын, қы­зықсыз біліктілікті көтеру курста­ры­ның жалықтыратындығын, оларды дәс­­түр­лі емес әртүрлі жолдармен өтетін курс­тардың тартымдығын байқатты.

Педагогикалық қызметке жағымсыз әсер ететін факторлар
Қазақстан мектебіндегі күрделі ахуалдың тууы мен олардың себептері туралы сарап­шылардың пікірлері қызығушылық ту­дырады. Әрине, бірінші кезекке мұғалім­дерді әлеуметтік қорғау мәселесі алға шығады, ал, ол өз кезеңінде қоғамда қалыптасқан мұғалім кәсібінің бейнесін терең ұғынуды талап етеді. Мұғалімнің кәсіби қызметі күрделі әлеуметтік және мәдени жағдайда өтуде, себебі оның қоғамдағы орны мен (оның кәсіби шеберлігінен ХХІ ғ. жас ұрпақтың білімі мен мәдениеті тәуелді) материалдық жағдайы алшақ. Аз да болса материалдық жағдайын қолдау үшін қосымша табыс табу бос уақытын біліктілігін көтеруге, шығармашылық жұмысқа арнауға мүм­кіндік бермейді. Өткен жүзжылдықтың 90-жыл­дарымен салыстырғанда мұға­лім­дердің материалдық жағдайы аз да болса жақсарды, айлық уақытында бе­ріледі. Бірақ, реформа нәтижесінде мұ­ға­лімдердің үміті толық ақталмады, олардың қоғамдық мәртебесі көтерілмеді. Сондықтан, 27,8% мұғалім педагогтар жұмысына еңбекақының төмендігі жа­ғым­сыз кері әсер етеді деп есептейді. Олар мұғалім бола жүріп материалдық жағынан алаңсыз өмір сүруге бол­май­тындығын айтады.
«Еңбек ақы материалдық жағынан өмір сүруге жеткілікті болады» дегенге се­нетін  мұғалімдер саны аз. Бірақ, қазақтардың менталитетін ескерсек, әсіресе, ауылдық жерде азға қанағат ететіндер көп. Қазақ мұ­ғалімдерінен (мектептегі мұғалімдердің көпшілігі қазақтар) «Шүкір, айлығымыз жетеді» дегенді жиі естуге болады. Сонда да мұғалімдерді өздерінің әлеуметтік статусы, мұғалім кәсібінің беделі көп ойландырады. Мұғалім еңбек ақысының төмендігі күр­делі әлеуметтік мәселелердің тууына әкеп соғады, оқыту сапасын төмендетеді, мек­тепте жемқорлықтың өсуіне және басқа келеңсіз жағдайларға алып келеді. Еңбек ақының төмендігі мен мемлекеттік қолдаудың әлсіздігінен білім беру қыз­меткерлері өзінің және отбасының ең маңызды тұрмыстық мәселелерін атап айтсақ, тұрғын үй, денсаулық сақтау, демалыс т.б. шешуге мүмкіндік таба алмайды. Біздің болжамымыз бойынша, Қазақстандағы білім беру саласын құт­қару­шы-қазақтардың барға қанағат ететін менталитеті. Азға қанағат ету мұ­ғалім кәсібінің әлеуметтік статусы мен беделін бағалағанда да байқалады. Жауап бергендердің тек 24,2%-ы әлеуметтік статус пен мұғалім кәсібінің беделі жоғары емес деп есептейді. Қазақстандық мұғалімдер өздерінің еңбек құқығын қорғаудың Ресей­дегі, басқа мемлекеттердегі білім беру қыз­мет­керлері арасында көптеп кездесетін ереуіл сияқты қарсылықтарға бара бер­мейді.
Мұғалімнің төмен еңбек ақысы тек педа­гогикалық қызметтің мазмұнына ғана сәйкес емес, ол оның статусы мен беделіне, әлеумет жағдайын, оның кәсіби өсуін тежейді, әрі қарай педагогикалық тоқырауға әкеп соғуы мүмкін. Мемлекет тарапынан мұ­ғалім еңбегін жоғары бағалау көбіне тек ресми түрде айтылып жүр. Мұғалім ең­бе­гінің төмендігі, мұғалім кәсібінің беделсіздігі білім беру жүйесі үшін қауіп төндіріп отыр. Мұғалімдер бұл мәселелерде мемлекеттің 2015 жылға қарай өзгерістер болады деген үмітте. Педагогикалық қыз­мет­керлердің айлығы экономиканың жеке секторындағы еңбекақы мөлшеріне жақын­дайды деп күтілуде. Дегенмен, біздің зерттеуіміз байқатқандай, жалпы  орта білім беру саласында педагогикалық қызметке жағымсыз әсерін тигізетін әлеуметтік-пси­хологиялық мәселелер де аз емес. 
46%, яғни, әрбір екінші эксперт ата-ана­лармен қарым-қатынастың күр­делі екен­дігіне назар аудартады. Бұл қай­шы­лықтың астарында ата-аналардың баға­л­ауы мен мұғалімдердің өзін-өзі бағалауы сәйкес келмеуі жатыр, бұл ата-аналарды да, мұғалімдерді де ойландыратын қара­ма-қайшылық. «Мұғалімдер қыз­ме­тінде не ұнамайды?»  деген сұрақ­қа 31,9% «қа­ғазбастылықты» атайды. Қағаз­бас­ты­­лықты азайту оған кеткен уақыт­ты не­гізгі педагогикалық қызметке арнауға мүм­­кіндік берер еді. Ал, оның себебі мұ­ғалімдердің 17,7%-ы көрсеткендей, жо­ғары және бақылаушы органдардың жиі тек­серістерінен. 9,4% эксперттерді мұға­лім­дердің денсаулығы мен жасы ойландырады. Олар әртүрлі аурулармен ауырады, ауыр жүйке-психологиялық жағдайларды бас­тарынан кешіреді, санаториялық емделуге мұқтаж.
Мұғалім еңбегін саралап,  аттестациялау арқылы оның әлеуметтік жағдайын  көтеруге «Мемлекеттік бағдарлама» да көңіл аударады. Ал, әзірше аттестация педагог еңбегін әділетті саралап, ақы төлеудің тиімді тетігіне айнала алмай отыр. Біліктілік аттестациясын өткізумен байланысты ұжымдарда психологиялық күйзеліс туады, ол еңбекақыға, педагог беделіне әсер етеді, оның еңбегінің маңыздылығын дәлелдейді.
Мұғалімдердің 4,3% мектеп әкім­шілі­гімен өзара қатынас, басшылардың жұмыс істеу стильдері мазалайды, бірақ көптеген педагогтар мектептегі қарым-қатынас демо­кратиялық негізге құрылғандығын атайды. Сауалнамаға эксперттер өз тараптарынан да пікірлер қосқан. Олар мұғалім қызметіне әсер ететін келеңсіз фактор ретінде білім беру басшыларының кәсіби деңгейлерінің төмендігі мен «ҚР білім және ғылым минис­трлігі басшылығындағы жемқорлық» психо­логиялық ахуалға жағымсыз әсер ететіндігін атайды. 2,2% мұғалім біліктілікті көтеру мүмкіндігіндегі қиындықтар және оның қиын­дығын көрсетіпті. Біз жоғарыда қайта даярлау жүйесін бағалаудағы мұғалім пі­кір­­лерінің әртүрлігі туралы айтқанбыз. Білік­­ті­лікті көтеру бағдарламалары жеке сұ­раныстарға сәйкес сараланған икемделуге тиісті. 2,9% мұғалім оқушылармен қарым-қатынастың қиындығын атайды. Мұғалімдер өз тараптарынан «оқығысы келмегенді оқыту қиын» дегенді қосады.
Педагогикалық қызметтегі мұғалімдерді қанағаттандыратын 
факторлар
Мұғалім мамандығы барлық қиын­дық­тар мен мәселелерге қарамастан, әлеу­меттік-психологиялық және кәсіби жағынан өзіне деген қызығушылықты жойған жоқ. Біздің зерттеуіміз бойынша, мұғалім кәсібінің құндылықтарын жүйелесек, төмендегідей бірізділік бай­қалады: 17,9% жауап беруші немесе әр алтыншы мұғалім ең маңызды себебі, ретінде «кәсіби таңдауына сәйкестігі» және «еңбек­тің шығармашыл мазмұнын» есеп­тейді. Мұғалім нақты бір мектептегі жұмысқа, ең­бек ақысына қанағаттанбауы мүмкін, бірақ, мұғалім үшін мұғалімдік кәсіптің беделі құнды, ол тұлғаның шығармашыл әлеуетін дамыту үшін мүмкіндік беретінімен де құнды. Сондықтан да, «жұмыстың шығар­машыл мазмұнымен» қоса 16,1% экс­перттер «кәсіби шеберлікті дамыту мүмкіндігіне» басымдық береді. Көптеген мұ­ғалімдер тарапынан мұғалім еңбегін ба­ға­лауда әртүрлі эмоциялық көңіл-күй  бай­­қалғанымен, 15,3% мұғалім жұмысы қоғамда оңды бағасын алды деп есептейді. Педагогтар мәдени ортада болғандарын баға­лауы мүмкін, сондықтан да, 9,6% рес­понденттерді педагогикалық ұжымдағы өз­ара қарым-қатынас қанағаттандырады. Педагогтар мұғалім еңбегін «таза, ыңғайлы жұмыс» деп те құрметтейді. Мұндай бағаны еңбек жағдайына 8,4% мұғалім берді. Бірақ тек 6,7% білім беру қызметкерлері ғана еңбекақыға риза. Мұнда да қазақтардың қанағат қарын тойғызады менталитеті бай­қалады. 5% мұғалім қосымша жұмыс жасау мүмкіндігін жағымды фактор деп есептейді: репетиторлық және басқа ақылы қызметтер материалдық жағдайға көмегін тигізеді. Мұғалімдерді қанағаттандыратын маңызды себептер – осылар. Олар мұғалімнің маман­дығына, тұрған орнына, өңіріне байланысты әртүрлі жағдайда бірдей болмауы мүмкін. Бірақ бір нәрсе анық қандай жағдай болмасын бізді оптимистік қорытындыларға әкелмеуге тиіс.
Мұғалімдердің көңіл-күйі
Педагогтардың ақырындап болса да елдегі және білім саласындағы өзгерістерге бейімделіп келетіндігі күмән туғызбайды. Жұмыссыздық жағдайында, әсіресе, ауыл мектебіне кадрлар жетпей жатырған тұста, мұғалімдер жұмыссыз қаламыз деп аса көп мазаланбайды, сонымен  бірге көптеген жағ­дайлар оларды ойландыратынын біле­міз. Сондықтан «Сіз мұғалім кәсібінің мәртебесі, жоғары төленетін мамандық болады дегенге сенесіз бе?» деген сауал берілді. Жауаптары мынадай болды: 60% – сенеді, 10%  –  сірә сенбейді, 8,8% – тіпті, сенбейді, 6% – екінші мамандық алып, басқа жұмысқа ауысуды қалайды; 0,2% да осылайша ойлайды, «бірақ кеш қалдық» дейді; 15% «жауап беру қиналамын» депті. Мұғалімдердің басым көпшілігі болашаққа сеніммен қарағанмен, әлеуметтік жағдайы мен мәртебесіне алаңдаушылық та орын алып отыр. 
Түйін
Білім беру саласындағы ағымдағы жағдай «Мемлекеттік бағдарламада» ег­жей-тегжейлі талданып, бәсекелестікке қа­бі­летті білім беруді жетілдіру жолдары анықталды. Мектеп педагогтары білім берудің стратегиялық міндеттерін жүзеге асыруға оңды бағыт ұстанған, елімізді жаңартуда білім берудің маңыздылығын түсінеді. Мұғалімдер өте қарапайым мате­риалдық жай-күйі жағдайында да өз абыройларын түсірмей, ізгілікті құнды­лықты бағдарын сақтап келеді. Дегенмен, мектеп ерекше әлеуметтік институт ретінде қоғамның барлық әлеуметтік топтарымен, өмірдің барлық саласымен, тұрғындардың демографиялық және мә­дени құрылымдарымен тығыз байланысты. Қоғамның экономикалық, саяси, әлеуметтік және мәдени-идеологиялық өмірдегі барлық проблемалары мек­тепті айналып өтпейтіндігі өзінен-өзі түсінікті. Мәселе мынада: тек білім беру жүйесі қоғамға тәуелді емес, білім беру саласының да, оның кадрларының да бүкіл қоғам өміріне, яғни, экономикаға, саясатқа және мәдениетке қайта ықпалы бар. Мектептің білім беру саласында ұзақ жылдар бойы шешімін күтіп тұрған күр­делі әлеуметтік және экономикалық мәселелер қордаланып қалды. Біздің зерт­теуіміз көрсеткендей, материалдық және әлеуметтік-психологиялық жағынан да олар білім беру қызметкерлеріне, мектепке айтарлықтай қауіп туғызып отыр.Білімсіздік, кітап оқуға деген ынтаның азаюы, мектептегі жемқорлық, мұғалім мәртебесінің төмендегі, олардың кәсіби деңгейінің төмендігі, педагогтар мен оқушылардың ата-аналарымен күрделі қарым-қатынастар, қағазбастылық және басқа да мәселелер алаңдатады. Мұға­лімдерді білімін көтерудің сапасы ойландырады, олар қайта даярлаудың дәстүрлі емес түрлерін таңдайды.
Мұғалімдердің әлеуметтік бағдары мен әлеуметтік жай-күйін анықтау бойынша эксперттер ретінде алынған педагогтар, пси­хологтар жоғары оқу орындарының әдіс­­керлері, білім беру қызметкерлері, орта бі­лім беретін мекемелердің басшылары және тәжірибелі мұғалімдер көзқарастары барлық мәселе бойынша негізінен сәйкес келеді. Олар атап өткендей, бір жағынан, білім беру, әлеуметтік қорғау мәселелері ұзақ уақыт бойына мұғалімдерді ойландырып келсе,  екінші жағынан, жағымды өзгерістерге үміттене, мұғалімдер жаңалыққа деген бағдарын жоғалтпады. Сонымен қатар, мұғалімдер арасында өмірдің күрделеніп, өзгеріп, жаңарып тұратын ахуалына бейімделуіне салқынын тигізетін селқостық пен енжарлық та кеңінен тараған. Күдіктер мен қауіптерді сөзбен емес, тек іспен, нақты тәжірибелермен, мектеп пен мұғалімге қатысты мемлекеттік саясаттың өзгеруімен ғана еңсеруге болады.
Педагогтардың   барлық сұрақтар бойын­­ша қоғамдық пікірлерін зерттеу мұға­лім­дердің көңіл-күйін, олардың білім беру саласы алдында тұрған мәселелерін сезінуге, оларды тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Бұл пікірлер-білім саласындағы  реформаларды түсінудің, елде жүргізіліп жатырған өзгерістерге көзқарастардың айнасы. Пе­да­го­гикалық қауымның тілектеріне орай білім саласы үнемі нақтыланып отырса, қазақ­стандық мектептің дамуына зор  ықпал етері сөзсіз.

 

433 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз