• Тарих толқынында
  • 05 Ақпан, 2015

Исатай батыр Жәңгір ханның Ордасын неге шаппады?

Жаңабек Жақсығалиев,
тарих ғылымдарының кандидаты

...Тоғызыншы тілек тілеңіз,
Төреңіз тақтан таймасқа.
...Жаулаған ханын қара оңбас,
Хан қисайса бәрі оңбас.
(Бұқар жырау Қалқаманұлы)

Биыл алты алаштың ардақтыларына айналған, «қара қазан, сары баланың қамы үшін» ақ алмас қылыштың жүзін­дей жарқылдаған қос тарлан Иса­тай Тайманұлы мен Махамбет Өте­міс­ұлы­ның мерейтойлары аталып өтті. Азаттық жолында басын берген қос баһа­дүрдің жанкешті күресін тиісті дәре­жеде дәріптей алмай жүргеніміз өкі­нішті. Оның сан алуан себептері бар.

Сөз басы
Исатай-Махамбет тарихы қозғалған кезде біз бәрібір Жәңгір хан есімін айналып өте алмаймыз. Ел тәуелсіздігімен  бірге Бөкей Ордасының  соңғы ханы Жәңгірдің де саяси портреті қайта сомдалып, егемендіктің елең-алаңында, ғылыми дәйектерінің әлсіз­дігіне қарамастан жаңа қоғамдық пікір қа­лыптастыруда көсемсөз шеберлерінің ең­­­бектері алға шықты (Құлкенов М., Отарбаев Р.  Жәңгір хан. Даңқ пен дақпырт (жа­ңаша көзқарас). А., 1992; Боранғалиұлы Т. Ғасырдан тәбәрік. Астана, 2004;). Сайып кел­генде, Жәңгір ханның игілікті істерін ұлықтау шырқау биікке көтеріліп, облыс көлемінің өзінде оған кесене, ескерткіш, университет, көше, кітап дүкені, музей, мектеп атын беру шаралары жедел қар­қынмен жүргізілсе де, жылдар бойы Махамбеттің «Хан емессің, қасқырсың» өле­ңінің аясында қашалып қалған қазақ хал­қының ұлттық тарихи санасы деген «монолитті» бөлшектеу әзірше мүмкін болмай отыр. Олай дейтініміз, Жәңгір хан хақында Отандық тарихнамада әлі күнге дейін бірізділік жоқ. Болашақ тарихшылар мен басқа да мамандық иелері, яғни, студенттік аудиторияларда кеңінен пайдаланылатын, еліміздің жетекші ғалымдары К.Есмағамбетов, М.Қойгелдиев, И.Кенжалиев т.б. жазған іргелі зерттеулерде, сын сағатындағы  Хан Жәңгір қимылының еш ақтап алуға болмайтындығы баса көрсетілсе (Есмағамбетов К.Л. Азат рухтың күрескері. А., 2003; Қойгелдиев М. Исатай старшын және Жәңгір хан. Өмір ағынынан туған қайшылық// Егемен Қазақстан. 2003. 6 қыркүйек; Кенжалиев И. Исатай –Махамбет. А., 1991;), көк құрақтай желкілдеп өсіп келе жатқан бүгінгі жас ұрпақтың (еліміз бойынша мектеп партасында 2,5 млн. оқушы отырғанын еске саламыз – Ж.Ж.)  тарихи  санасын  қалыптастырып  жатқан жалпы білім беретін орта мектептің 8-сыныбына арналған, Қазақстан Рес­публикасының Білім және ғылым ми­нистрлігі ұсынған һәм 108 000 дана таралыммен жарияланған оқулықта: «Жәңгір хан тарапынан салынатын алым-салық түрлері де еңсені езіп жі­берді. Ол өзінің жеке басының пайдасына жинап алынатын бірыңғай салық түрін енгізді. Патша үкіметі ханның өзі жасап алған фискалъдық қаржы жүйесіне араласпады», «Жәңгір хан мен оның төңірегіндегілер Исатайға жала жабуға көшті», «Жәңгір хан халықтың қаһарынан шошып кетті», «...Бірақ, ол (Жәңгір – Ж.Ж.)  уәдесінде  тұрмады. Сөйтіп, Жәңгір хан халық алдындағы беделінен айырыла бастады», «Жәңгір ханда үрей қалмады» (Қабылдинов З. Е., Қайыпбаева А.Т. Қазақстан тарихы (ХVІІІ ғасыр- 1914 жыл). 8 – сынып. А., 2008. 127-131- бб.), – деп жазылған. Бұдан Жәңгір ханның өте күрделі тұлға екендігі, сондықтанда, оны қо­ғамға насихаттаудағы ресми ұс­та­ным­да әлі бірізділіктің жоқ екендігі аңға­рылады.Түйіп айтқанда Жәңгір хан хақындағы мемлекеттік рухани-идео­логиялық  көзқарастың бір ортақ ұлт­тық мүддеге жұмылдырылмауы, беделді ғалымдардың еңбектерінде «тамаша дип­ломат», «көреген қайраткер» ретінде «теңдессіз ұлықтығы» (Касымбаев Ж. К. Государственные деятели казахских ханств ХVІІІ – первой половины ХІХ вв. Жангир хан (1801-1845). А., 2001. С.153.)дәріптеле бастаған тұлғаның сәулелі жақ­тарымен бірге көлеңкелі іс­те­ріде жетіп-артылатындығы зерттеулер мен тарихи  оқулықтарда жік­теле көрсетілгендіктен, бүгінгі жас буынның тарихи санасы қарама-қай­шы­лықтармен шырмалуда. Мұ­ның сыры күні бүгінге дейін «Отан та­ри­­­хының көптеген принципті мәсе­ле­ле­рі­нің түбегейлі дәйектелмеуінде» (Қа­зақстан Республикасында тарихи са­на қалыптасуының тұжырымдамасы. – А., 1995. 10-б.) жатыр.
Дәстүрлі қазақ қоғамы үшін қай заманда да ежелгі және мәңгілік құндылық әлеуметтік әділеттілік! Әлеуметшіл тұл­ға қашанда мемлекетшіл! Сонымен, әзір­ше шешімі жоқ сұрақ, сонда қай тұлғаның мемлекетшілдігі басым: Иса­тай әлде Жәңгір?! Таным таразысына теңдей тартылғанда салмақ қай жағында? «Тау­ларымызды аласартпай, даламызды асқақтатайық» деген қағида бұл жерде жүре ме? Сансыз сауалды бір мақалада саралап, Жәңгір хан мен Исатай батыр арасындағы күрделі күрмеуді шешу әрине  қиын. Сондықтан да, біз оны белгілі бір қырынан, сәті түсіп тұрғанда Хан ордасын шабуға келгенде батырдың неліктен кідіргендігі  туралы мәселені жүйелегенді жөн деп білдік.

Исатай батырдың жүрек түкпіріндегі  сырды ұқтық па?
Жасқұстағы ордасында «шыбын жанын шүберекке түйген» Жәңгір ханды қос батырдың қоршауға алған күндері тарихи әдебиетте біркелкі баяндалған. Сондықтан, біз  бұл мақалада олардың бәрін қайталап, тәптіштеп  жатпаймыз. Махамбеттің де «Әй, Махамбет, жолдасым! (Исатай атынан)» атты монологі сол күндерді әсерлі бейнелеп, бүгінгідей көз алдымызға әкеледі:
...Ауыр әскер қол ертіп,
Жасқұсқа барып кіргенде,
Арыстандай ақырған
Айбатыма шыдамай,
Хан баласы жылады- ай,
«Жанымды қи» деп сұрады- ай.
Ақкөңіл, аңқау жүрекпен
Беремін деп мен тұрдым.
Көкбедеуді бауырлап,
Шабамын деп сен тұрдың.
Исатай басшы білсін деп,
Ауыр әскер қол тұрды.
Соңғы кезге дейін тарихнамада негі­зінен үстем болып келген көзқарас – старшын Исатайдың Жәңгір ханға сеніп, аңғалдыққа ұрынып, кейін бұл әрекетіне өкініп, опық жегендігіне аталған жыр жолдары дәйек болып жүр. Аталған тақырыпқа зерттеушілік ғұмырын арнаған белгілі махамбеттанушы Б. Аманшин «Орданың іргесін түріп қойып, шауып алуға дөбі келіп-ақ тұрған шақ еді. Бірақ Жәңгір ханмен әлі де болса ымыраға келем бе деген, оны ақиқат жолына түсірем бе деген дәмесінен қайтпаған Исатай, қасындағы  Махамбет, Үбі, Таңатар, Қабыланбай құсаған ең жақын серіктерінің де сөзін тыңдамайды. Орданы шаппай тұрып алады да, алтын уақытын текке жібереді» (Аманшин Б. Махамбеттің тағдыры //Махамбет. Ереуіл  атқа  ер  салмай. Қосымша. А., 2012. 11-б.), – дейді.  Жырдың жалғасы төмендегідей:
Қырық бір жасқа келгенде
Өз дегенім болмаса,
Өзгенің тілін алмаған,
Кісі ақылы қонбаған,
Қанша айтсаң да болмадым,
Сөзіңе құлақ салмадым.
Бұрала біткен емендей
Қисық туған сорлы ағаң.
Хан сөзіне сенгенім,
Он күн срок бергенім.
Әскерімді таратып,
Он бір күнге қаратып, 
Бекетай құмға келгенім.
 Махамбетке  сенсек, сөз жоқ,  Исатайдың қарсы беттің мәймөңке сөзіне иланғандығы  байқалады. Мәселеге бұлай келу шыныменде батырдың аңғалдыққа ұрынғандығын  аңғартқандай және мақаланың айдарына алынған  сауалдың жауабын Исатай болып айтылған Махамбеттің осы өлеңімен де жылы жауып қоюға болар еді. Неге екенін қайдам, біздіңше бұл жерде бір терең сыр жатқандай болады да тұрады. Арыстандай  ақырған батырдың «жібектей жұмсақ»  бола  қалғаны  мүлде түсініксіз. «Халық қа­һарланса хан тағынан таяды» деген күн жақындап келген сәтте Исатай батырдың жү­рек түкпірінде қандай құпия сақтағанын болжап, дөп басу өте қиын. Осыған дейін Қарауылқожа, Балқы, т.б. билердің ауылдарын ойланбастан ойрандаған батыр Хан Ордасын шабуға келгенде жансерігі Махамбеттіңде ақылына құлақ аспады. Қалай болғанда да Исатай ұғымында Хан Ордасын тас-талқан ету соншалықты оңай шешім болмағанға ұқсайды. Дауылпаз ақын інісі Махамбет «теңіздей терең ақылдым, тебіренбес ауыр мінездім» деп сүйсіне  жырлаған  бауырлас батыр ағасы  Исатайдың бұл шешімі соңғы жылдарға дейін зерттеушілердің ойын сан-саққа жүгіртіп келді. Саяси ұстанымы мен азаматтық көзқарастары  бір-бірінен еш ажырағысыз көрінетін қос батырдың негізгі мәселеде шешуші сәтте екі түрлі бағыт ұстануы, олардың  түпкі  мақсаты  бір болғанымен, оған жетудің жолдарын әрқайсысы өзінше түсінгендігін аңғартады.  Біз бұл жерде Махамбеттікі қате, Исатайдыкі дұрыс еді деген ойды оқырман санасына тықпалап, екі тұл­ғаны шендестіріп, шешуші сәттегі «ең мықтысы» кім болғандығын іздеуден аулақпыз,  мақсат – батырды шын мәнінде бөгеген  қандай күш, бар мүмкіндігінше шындыққа, ақиқатқа жақындау. 
Исатайдың хатшысы болған Шөректің ұлы Ығылманның дастанында да жоғары­дағы жәйт қайталанады (Ығылман. Иса­тай-Махамбет (дастан) – Алматы: «Арыс» баспасы, 2001. 76-77бб.). Осы де­ректерге иек артқан А.Мәметұлы Иса­тайдың «аңғалдығына», Махамбеттің «сұң­ғылалығына» (Мәметов А. Исатай-Ма­­хамбет (Ел аузынан) // Жалын. 1991. №5.) бірнеше  мәрте назар аударса, Х. Дос­мұхамедұлы «Өтемісұлы Махамбет бас болып бір бөлек адам бітімнің керегі жоқ деп, орданы тез шабу керек деп зарласа да Исатай бітімді мақұлдайды. Хан халықтың тілегін сұрайды» (Досмұ­хамедұлы Х. Исатай-Махамбет. А., 1991. 33-б.) дейді. Исатай  тарихын мұра­ғат деректері негізінде індете зерттеген, орынборлық тарихшы А. Рязанов   «Иса­тайдың мүлдем қимылсыз қалуы түсі­ніксіз жай  болғанын, батырдың хан ордасына қарсы ешбір батыл әрекет істе­мегенін былай қойғанда, қолында толық мүмкіндігі бола тұра, тіпті олардың  сыртқы өмірмен байланысын үзіп  тастамағаны  өте таңғаларлық еді» (Ряза­нов А. Ф. Исатай Тайманов көтерілісі /ауд. М. Неталиев. -  А., 1996. 117-б.) деп атап көрсеткен еді. Сонымен қатар, ол сол мезеттегі Тайманұлының  саяси ұстанымын  төмендегіше  суреттеген  еді: «Исатайдың іс-қимыл әрекетіне қарағанда, оған 2-3 мыңдық жігіттерімен хан ордасын талқандау  түкке де  тұрмайтын  еді ғой. Ендеше, оның ашық күреспен орданы алу ниеті болған емес. Оны қолдайтын старшындардың көпшілігі Жәңгір  ханды  жоюды көздеген  жоқ. Олар ханға қасында отырған барлық би-кеңесшілерін  алмастырып,  сұлтандарды,  әсіресе, Балқы би мен Қарауылқожаны  қызметінен аластатып, олардың орнына Исатай жағындағы адамдарды  тағайындатамыз деп ойлады. Сөйтіп олардың көздегені – билік  қайтадан рулық старшындардың қолына көшсе, сол арқылы Жәңгір ханның өктемдігі шектеледі, одан әрі халық мүддесі қорғалады деген ой-тұғын» (Сонда.109-б.).
Мұнан әрі А. Рязанов бір сөзбен айтқанда Исатай батыр мен оны жақ­таушылар ұлттық автономияны жүзеге асыруға талпыныс жасады деген қоры­тындыға келеді (Сонда.109-б.).
Исатайтанушы – ғалымның еңбегін сара­ласақ, төмендегідей қорытынды жасауға бо­лады. Империяның көтерілісшілерге қар­­­сы ұзақ уақыт қимылсыз  қалып, жаза­лаушы әскердің Ордаға келіп болмауы  «исатайшылардың»   сенімді  қимылдауына  жол ашып,  алдағы  күндерде де саяси үде­рістер дәл осы бағытта  жылжиды  деп ойлаған батыр  хандықтағы саяси өмірге бірте-бірте  ықпал етем деген сыңайда  бол­ғанға ұқсайды. Сөйтіп, Исатайда кезіндегі Сырым сияқты Хан кеңесіне әсер ету арқылы старшындық топтың рөлін күшейтуге тырысқандығы байқалады. Бірақ,  бұл мүмкін емес нәрсе-тұғын. Шын мәнінде Исатай Орыс империясының құзырындағы Жәңгір билігінің ендігі жерде еш қауқары жоқ қуыршақ екенін, өлкеде өктемдігі толық орнаған патша өкіметіне ешқандай күш қарсы тұра алмайтынын, сайып келгенде «тарих шығыршығын» кері айналдырудың еш мүмкін еместігіне алғашында барлау жасай алмағандай.

«Өкпеге қиғанмен өлімге қимау» 
немесе «Ханның басын хан алар»
Соңғы жылдары зерттеушілер  бұл шетін сұрақтың жауабын басқа қырынан зерделеуге бет алды. Ғалым Зұлқарнай Алдамжарұлы  осыған дейінгі тарихнамада баса көрсетіліп келген Исатайдың хан сарайын шауып алуға күші жете тұра қимылдамағанын, оның аңғалдығы мен  сенгіштігінен  іздеген тұжырымдарды жоққа шығарып, тарихи  шындыққа  біршама  жақын  көзқарастарын  ұсынды. «Оның негізгі мақсаты тек ханның басын алу емес еді, – деп жазды ол, – екіге бөлінген қазақты өзара қантөгіске жібермей, хан, сұлтанға қысым жасап және хан жағында жүрген аталастарын да өз ықпалына көндіріп, патшалық басқару жүйесінен алшақтатып, көте­рілісті біртұтас  ұлт-азаттық күрес арнасына бағыттауға талпыныс еді... Сол сәтте Исатайға да келіссөз жүргізу керек болды. Мұндай үлкен  шешімді іске асыруға ұмтылу алданғандық, аңқаулық болмас» (Алдамжар З. Тарих: пайым мен тағылым. А., 2002.160-б.). Тарихшы шын мәнінде Исатайдың далалық дипломатияға жүгінгеніне назар аударған, ең өкініштісі, ханды қоршаған қауым өз қазағы екенін терең түсінген Исатайдың шиеленісті қылышпен емес, мәмілемен шешкісі кел­генін хан өз мүддесіне «шебер» пайдаланып кетті. Көшпелі қазақ қоғамында  ғасырлар бойы қалыптасқан сөзде тұрып, уәдеден таймау  деген асыл дәстүр һәм мәрттік мінезді  Жәңгір  әп-сәтте аяр­лықпен алмастырды. Нарықтық экономика үстемдік еткен қоғамда ел билеушінің әділдігі мен адалдығы қоғам дамуына қалай әсер ететінін Жәңгір  хан  тарихы  дәлелдеді.
З.Алдамжар ел аузындағы деректерге сүйене отырып, Исатайдың әкесі Тайман  батыр Бөкей ханмен  сыйластықта болып, оның хандығының іргесін нығайтуға,  Еділ-Жайық аралығын  қазақтың тұрақты  мекеніне айналдыру саясатына  қажырлы  қолдау жасағанын, бұл арақатынасты жоғары  бағалаған  Бөкей  хан  өз  тілегімен  ұр­пақ­тарының болашақта Тайман батыр  ұрпақтарымен достықта болуына батырмен баталасқанын, бұған Исатай мен Жәңгір куә болғанын, келе-келе аралары суып, ал­шақтай бастағанын, жеме-жемге келіп, мәселе ханды шабуға тірелгенде қазақи ата дәстүрді қатты сыйлайтын, сертке берік Иса­тай әкесі Тайманның батасын аттап, аруақты қорлауға Жәңгірді өлтіріп, оның қанын көтеруден тайсалып қалуы да мүмкін  екенін  түсіндіреді. Жалпы, қазақ қоғамында ханды шабу себеп-салдары тереңге тартатын, күрделі мәселе екенін есепке алған жөн деп қорытады (Сонда. 160-161 бб.).
Шындығында, халық арасында нақыл сөзге айналып, ескіден адам бойына сі­ңіріліп келе жатқан «Ханның басын хан алар», «Ханда қырық кісінің ақылы бар», «Ә құдайым, ханды алмағай, хан кетіп, қара халық сандалмағай», «Ханға қарсылық құдайға қарсылық», «Хан баласы көпір болса, басып өтпе», «Хан келсе – құт, кетсе – жұт», «Хан ақсұңқар болса, алтын тұғыры оң болар», «Хан – шаңырақ, халық – уық», «Хан екі айтса, қадірі кетеді, қараша екі айтса, ары кетеді», «Хан қарашасыз болмас, дау арашасыз болмас», «Ханын сыйламаған ел азады» дейтін түсініктер хан тұқымының қара халықтан өзгеше әлеуметтік құқығын ғана емес, сонымен қатар, хан билігінің қасиеттілігін баршаға паш еткендей. Бұқара жадындағы хандық билікке бұндай  құрмет қазақ қоғамында оның халық санасына сіңіп, белгілі дәрежеде идеологиялық сипат алғанын аңғартады (Бораш Б. Т. Фольклор  мен ақын-жырау поэзиясындағы хандар бейнесі. А., 2007. 67-б;  Шоқым Г. Т. Қазақ тіл білімінің гендерлік тұғыры. А., 2007. 45-б.). Осы түсініктен шыға отырып Исатайдыңда сол күндері ханға  һәм хандық билікке күмәнсіз сенгендігі, сондықтан да батырдың  ханға деген  күдігінен үмітінің басым болғандығы, оның бабадан келе жатқан дәстүрді үзгісі келмегендігі аңғарылады. Мұны  мұрағат деректері де дәлелдейді. Исатайдың жазалаушылар қолына түскен  қанды көйлек жолдасы Қабыланбай Қалды­баевтың берген мәліметтеріне сенсек, хан ордасын қоршаған кезде Исатайдың жа­нында 3500 жігіт болған; батырдың мақсаты орданы қирату емес, «ханмен та­туласу»; Исатай өз қолын Тастөбеге жинағанда егер, ханнан тікелей бұйрық бол­маса орыс отряды бізге қарсы оқ атпайды деп сендіреді; (ҚР ОММ. 4-қор, 1-тізім,1963-іс, 502- парақ; Касымбаев Ж.К. Жангир Хан (1801-1845). Т.4. А.,2001. С.102; Боранғалиұлы Т. Ғасырдан тәбәрік. Астана, 2004.70,110-бб.). Келтірілген дерек ханның қара басында батырдың  еш  шаруасы болмағанын  және одан көпке дейін күдерін  үзбегенін дәлелдейді. Батырдың хан ордасы бағытында ұстанған саясатын анықтайтын  тағы бір тарихи дерекке кезек берейік. Хан Ордасындағы  жағдайды естіп, оған  суыт  жеткен,  Исатай  әскерінің  арасына  іріткі туғызып,  оны жаныштауды қолға алған подполковник К. К. Гекенің рапортында, батыр уақыттан ұтуды ойлас­тырып,  қыс түсіп Жайықтың мұзы қатқан бойда оның сол жақ бетіне көшіп кетпек ниетте болғандығы айтылады. Бұл дерек қазақ қоғамында ғасырлар  бойы  қалыпты үрдіске айналған, ханнан әбден көңілі қалған қарамағындағы қарашасының ханнан  алыстап көшіп, қоныс ауыстыратын  дәстүр бар екенін   еске түсіреді және Исатайдың  алдында Жәңгірмен арадағы бас араздықтанда биік   мақсат тұрғандығын көрсетеді. 
Қысқа айтқанда, ата-бабадан тіні үзіл­мей  келе  жатқан дәстүрлі мемлекет­тілікті қастерлеген қоғамдық сана Исатай батырдыңда саяси дүниета­нымын өзгерте алмаған тәрізді. Қазақ мемлекеттілігін қалай қадірлеу керек екенін өз тағдырымен айшықтап, алауыз­дықты емес, ағайынгершілікті, ке­тісуді емес, бітісуді өзінің өмірлік мұра­тына айналдырған есіл ер ар­тындағы сенім артқан қарашасына ақыр аяғына дейін адал болып, бақи дүниеге аттанды.
Осы тұрғыда  Исатай-махамбеттанушы  Әнес Сарайдың: «Исатайдың Орданы шаппауы – оның аңғалдығы да, сөзге сенгіштігі де, басқа да емес, о бастан-ақбатырдың хандық құрылымға емес, хан әділетсіздігіне қарсы күрескендігі. Исатай қазақ өмірінде хандықтан басқа құрылымды көрген жоқ, ол хандықты төңкеріп тастағанда, елдің ертеңгі күні не болатынын жақсы білді. Патша әкімшілігіне бағыну – басқа жол жоқ- ты... ол хандықты төңкеріп тастамақ, ханды өлтірмек болған жоқ, оны халық мұқтажына құлақ асуға иіп, көндіру ғана болды» (Әнес Сарай. Екі тарлан. Исатай-Махамбет тарихы туралы зерттеу. А., 2003.190-б.), – деген пікірі ғылыми жағынан жаңаша сарапталған соны ұс­таным екенін атап өтпекпіз.

Түйін
Басы ашық  бір шындық – Исатай-Махамбет тарихының нақ осы тұсы аса күрделі және көпқыртысты,  шым-шытырық ойларға жетелейді. Қалай десек те аңғал батыр  қарсыластары  құрған «тұзаққа» оп-оңай түсті деп, түйткіл  тұсқа  нүкте  қоя салу, тарихи  шындыққа  салынар  сүрлеудің  жолын  кесері  анық. Бір  қарағанда  оқиға желісі «аңғал» батырды «айлакер» хан  жерге қаратып  кеткендей  көрінгенімен, ақиқаттың ауылы  тым алыста жатқандығын жоғарыдағы деректер дәлелдейді. Хан мен халық арасындағы қарым-қатынас ежелгі әрі мәңгілік тақырып. Дәстүрлі қазақ қоғамында бұ­қара мен билік арасында ғасырлар бойы сақталған тепе-теңдік бодау заманда бұзылды. Бұдан  қара қазақтың басындағы қасіреттің негізгі төркіні отаршылдық саясатта жатқандығы нақтыланады. Туған хал­қының қамқорына айнала алмаған «хан­ның» қара басының беделі не қолында би­лігі болмағанын басқа нәрсемен түсіндіру қиын. Сөйтіп, отаршылдықта ізгілік, бас­қын­­шылықта бейбітшілік болмайтынын Иса­­тай-Махамбат  тағдыры  тағы бір мәрте  дәлелдеді. 
P.S. Монархиялық Англияның аста­насындағы алаңдардың бірінде  король І Карл  мен соның басын алған Оливер Кромвельге қойылған ескерткіштер қатар  орналасқан. Өткеніне  құрметпен  қарай­тын  әрбір ағылшын,  тарихқа  орасан  ықпал еткен  тұлғаларды тарих көшінен лақтырып кету, атын өшіру дегенді тіпті де ойламайды екен. Олар  бабалары жүріп өткен жолдан өзіне керектіні алуды өздері шешіп үйренген. Жәңгір хан мен Исатай-Махамбет тағдыры да осыған өте ұқсас екенін және мақала авторының  нені меңзеп отырғанын көзі қарақты оқырман іштей сезіп отырған шығар.Сөзімізді тобықтай түйсек, тарих ешкімнің көңіліне қарамайтын ғылым, түптің-түбінде  ол  шындыққа, әділдікке, ақиқатқа барар жолды бәрібір табады. Мұны мойындамау – ақиқатқа қиянат.

 

414 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз