• Ұлттану
  • 28 Сәуір, 2012

«Қазақ әдебиеті» газеті – ұлттық рух жаршысы

Сейдолла Садықов, доцент

Кезінде Қазақстан Жазушылар Одағының органы бол­ған, қазіргі тәуелсіз Қазақстан Республикасының әдебиет, мәдениет және өнер газеті – «Қазақ әдебиеті» өзінің жетпіс бес жылдан астам тарихында қилы-қилы кезеңдерді бастан кешіре отырып, халықтың асыл арманын, көкейіндегі ойын терең ұғына білді, ақиқат пен әділдіктің төрешісі, ұлттық рух жаршысы болды. Басылым ұлт мүддесі жолында қоғамдық сананы қалыптастыру мен дамыту жолын, ұлттық мәдениеттің жүгін өрге сүйреу мақсатын ұстанды. Республика тарихымен бірге жасасып, саяси, әлеуметтік өмірдің қайнаған ортасынан табыла білді. Газеттің арқасында ел тағдырына байланысты қыруар мәселелер шешімін тапқанын ешкім де жоққа шығара алмайды. Кешегі кеңестік дәуірде қылышынан қан тамған коммунистік партияның қаһарынан ықпастан, ұлт мүддесін асқақтата көтеріп, ақ-адал сөйлеуді ең қасиетті борыш санады. Сонау елуінші жылдардың ортасынан бастап, сексенінші жылдарға дейін басылымның бас редакторларының тұ­рақта­мағаны сондықтан болса керек. Газет басшылығына келгендердің барлығы дерлік өздерін нағыз ұлт азаматы екен­діктерін танытқан асыл жандар, көрнекті ақын-жазушылар, публицистер болатын. Ұлт басылымында әр кезеңде жалынды публицистердің үлкен шоғыры тәрбиеленіп, туған халқының жарқын болашағы, ұлттың асыл мұраттары жолында семсер сөздің құдіретін паш етумен келеді. Осы орайда әдебиет газетінің тарихына тоқтала кеткен орынды. 1932 жылы 26 ақпанда кеңестік Қазақстанның жазушылары мен аудандық газет редакторларының тұңғыш рет басын қосқан жиын болды. Онда Қазақстанда шығатын баспасөздің жайы талқыланып, қазақ пролетариат ұйымы – Қазақ пролетар жазушылар қауымдастығының (Қаз АПП) жұмысын қайта кұру мәселесі көтерілді. Осы жиында қалың жұртқа әдеби басылым қажеттігі алғаш рет сөз болды. Кейінірек осы мәселемен Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жан­сүгіров, Бейімбет Майлин, Ғабит Мүсі­репов төртеуі Қазақстанның сол тұстағы басшысы Мирзоянға кіреді. Оларды Край­комның үгіт-насихат бөлімін басқаратын Жанайдар Садуақасов алып барған. Тәуе­кел­шіл төртеудің талап-тілегін тыңдап, толымды сөзіне тоқтаған Мирзоян Совнарком бастығы Ораз Исаевқа осы мәселемен айналысуды тапсырады. Осылайша, «Қазақ әдебиетінің» дүниеге келуіне ұлтымыздың ұлылары ұйыт­қы болған. Газеттің тұңғыш редакторлығына 32 жастағы Ғабит Мүсірепов бекіді. Газетті ұйымдастыруға, оның жұмысын алға басты­руға қазақ әдебиетінің жоғарыда аталған көрнекті өкілдері қызу атсалысты. Жауапты хат­шылығына Мұхаммеджан Қаратаев та­ғайын­далды. Алғашқы жылдары газеттің белгілі бір ретпен шығатын жүйесі қалыптаспады. Әр жылдағы саны әртүрлі шығып тұрды. Газет­тің 1936 жылғы алғашқы санында бірінші беттің маңдайшасына «бес күнде бір рет шығады» деген мәлімет келтірілген. Алайда әртүрлі себептерге байланысты бұл жүйе сақталмады. «Қазақ әдебиетінің» 1940 жылғы 16 қаң­тардағы санында жарық көрген «Талқылау мә­жілісі» атты шағын мақала назар аудартады /1/. Онда 1940 жылы 5 қаңтар күні КСРО Ғылым академиясының қазақстандық филиалының президиумында «Кенесары көтерілісі тура­лы» Лакуниннің мақаласын /2/ талқылау жайы сөз болды. Бұл мақаласында Лакунин Кене­­сары көтерілісінің тарихи маңызын жоққа шығарып, ол көтерілісті «феодалдық, кертартпалық көтеріліс, Кенесарының өз басы және оған ерушілер әшейін бір ел тонаушылар, бұзықтар» деп, Кенесары бастаған қазақ халқының ұлт-азаттық жолындағы күресін бұрмалаған еді. Авторы көрсетілмеген шағын мақаланың құндылығы сонда. Сол 30-40 жылдары «кон­трреволюционер», «ұлтшыл-түрікшіл», «ха­лық жауы» деген нақақ жала жабылып, халқы­мыз­дың бетке ұстар азаматтарын жаппай ұстап, атып-асып, итжеккенге айдап жатқан кез еді. Міне, осындай қатерлі уақытта Кенесары бастаған ұлт-азаттық көтерілістің маңызы мен қазақ халқының ұлттық қозғалысының көшін бастаған көсемі екенін қорғап, ақтап жазған мақала болды. Газеттің бұл санында жауапты редактордың қолы жоқ, тек редакциялық коллегияның тізімі көрсетілген. Олар Ә. Тәжібаев, Ә. Әбішев (жауапты хатшы), А. Тоқмағам­бетов, С. Мұқанов, Қ. Бекхожин. Ұлы Отан соғысы қарсаңында шығуын тоқтатқан «Қазақ әдебиеті» газеті он бес жылдық үзілістен кейін 1955 жылы 14 қаң­тарда қайта жарық көрді. Бұл Сталин қайтыс болғаннан кейінгі жылымықтың басы еді. Әйтсе де компартияның жеке басқа табынушылықты әшкерелеген XX съезінен кейін әміршіл жүйенің темір құрсауының сәл босаңсығанын дер кезінде аңдаған әдебиетіміздің қос Ғабең, Мұқаң, Сәбең бастаған көрнекті өкілдері Жазушылар одағы секретариатының шешімін шығарып, жоғары жақты көндіріп, «Қазақ әдебиетін» қайта дүниеге әкелді. Оған дарынды ақын Сырбай Мәуленовті басшылыққа қойды. Сонау отызыншы жылдардан бері созы­лып келген қуғын-сүргіндер мен жаппай жазалаулардың жарасынан әлі қан тамшылап тұрған. Ұлт зиялылары әлі ақталмаған, олар­дың есімдерін ауызға алудың өзі қылмыс са­на­латын. Осы кезеңде «Қазақ әдебиетінің» қайта шығуы халқымыздың мәдени өміріндегі аса елеулі, ғажап құбылыс болды. Ол бірінші санынан бастап-ақ өзінің бастағы діттеген бағыты – ұлттық мәдениетті көтеру мәселесін қайта темірқазық етіп алғанын байқатты. «Қазақ әдебиетінің» алғашқы санынан бастап ана тіліне айрықша көңіл бөлінді. Мұхтар Әуезов беташар мақаласында басылымның ал­дағы ұлан-ғайыр міндеттерін белгілеп берді /3/. Газеттің үлкен рухани серпіліске түскен жылы елу алтыншы жыл болды. Дәл осы жылы басылым бетінде қазақ тілі, тарихы, мәдениеті, ұлт мектептерінің аянышты халі жөнінде аса маңызды мақалалар басылып, жұртшылық пікірі кең көлемде көрініс тапқан еді. Газет қызметкері Р.Бердібаевтың «Ең үл­кен мәдени байлық» атты мақаласы қазақ қо­ғамын дүр сілкіндірді. Осыдан соң іле-шала партия тарихы институтының бір топ ғылыми қызметкерлері – Т.Кәкішев, Р.Сәрсенбаев, Х.Хасенов, Т.Әлі­шеров, А.Байшин, А.Мұқтаров, Қ.Әбілдаев, Қ.Әлиасқаров қол қойған мақалада /5/ қазақта малдың тұқымы, аты, ауру малды емдеу тә­сілі жөнінде дүниеде ешбір халықтан кем түс­пейтін тәжірибе, білімнің бар екені айтыла келе авторлар малдәрігерлік институтта қазақ бөлімін ашу қажеттігіне айрықша тоқталады. Көкірегін кернеген асыл сөздерді айта алмай, булығып келген сыншы Мұхаммеджан Қаратаев осы жылымық сәтті пайдаланып, қазақ әдебиеті тарихын жасаудағы орын алып отырған қате-келеңсіздіктерді, идеологиялық өктемдіктің әсіреқызыл салдарынан қалып­тасқан теріс көзқарастарды жеріне жеткізе айтып, ашық сынайды /6/. Дәл осындай тұрғыда жарияланған әде­биет­ші-ғалым Бейсенбай Кенжебаевтың мақаласында 20-жылдарда бірқатар жазушы­лардың бай мұрасы қағажу көріп отырғаны, сол асыл мұраларды жарыққа шығару қа­жеттігі айтылады/7/. Өзекті ұлттық мәселелер газет бетінде жарты жылдай уақыт бойы дамылсыз көтеріліп жатты. Бұл республика партия басшылығын бей-жай калдырған жоқ. ҚКП Орталық Коми­теті 1956 жылғы 10 желтоқсанда «Қазақ әдебиеті» газетінің қателіктері туралы» жасы­рын қаулы қабылдады /8/. Газет редакторы С.Мәуленов партияның Орталық Комитетінде жазаланып, қара күйе баттастырыла жағылған басылымның мәселесі қаралды. Қаулының қарарында газеттің жіберіп отырған саяси қателігі барынша айыпталды. Осы қаулыдан кейін ұзамай-ақ Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің органы – «Социалистік Қазақстан» газеті мақаласында /9/ авторлардың аты-жөндерін көрсетіп, оларға қазақ тілін, әдебиетін, өнерін, оқу-ағарту ісін, баспасөзді дамыту және ұлт кадрларын даярлау мәселелерін теріс тұрғыда жаздыңдар деген қатаң айып тағады. Редактордан бастап, газет қызметкерлері, авторлар куғынға ұшырады. Айталық, Р.Бердібаев қызметінен шеттетіліп, партия қатарынан шығарылды. 1957 жылдың көктемінде «буржуазияшыл, ұлтшыл» де­ген айып тағылған Сырбай Мәуленов бас редакторлықтан, Жұбан Молдағалиев ре­дак­тордың орынбасарлығынан, Төкен Әбдірах­манов жауапты хатшылықтан боса­тылады. Осы­лайша, ұлттың намысына шоқ үрлеген жазушы-публицистер қатаң партиялық жазаға тартылады. Назарымызға «Социалистік Қазақстан» газетінде жарияланған мақала ілікті /10/. Пар­тия­лық газеттің дәлелдеуінше, кейінгі кезде «Қазақ әдебиеті» газетінің дәрежесі төмендеп кеткен, бүгінгі күннің тақырыбына жеткілікті көңіл бөлінбей отыр. Бірді-екілі суреттемелер мен очерктер болмаса, газет көбіне, өз руб­ри­касында айтылғандай, «архив қазынасын ақтаруға», «әдебиет тарихын әңгімелеуге» баса көңіл бөледі. Қазақстан Жазушылар одағы се­кре­тариатының комиссиясы «Социалистік Қазақстанның» «Қазақ әдебиеті» газетінің түсініксіз, позициясы» деген мақаласы туралы өз қорытындысын ұзатпай-ақ шығарады. Ол екі газетте де жедеғабыл жарияланады. Мақалада «Махамбет» пьесасының көр­кем­дік дәрежесінің мазмұны, кемшілігі жөнін­де бір ауыз пікір айтылмаған. Ал, «Со­циа­листік Қазақстандағы» мақалада пьеса түкке алғысыз етіп тасталған. Демек, бұ­дан шығатын қорытынды сол, бұл жерде шығарманың сапа, мазмұны негізгі рөл ат­қарып отырған жоқ. Кейбір партиялық функ­ционерлерге ұнамағаны Махамбет тақы­рыбының өзі. Мұның түптөркінінде сол кезде белең ала бастаған қазақы жікке, жерге, топқа бөлінушіліктің жатқаны айдан анық көрініп тұрғандай. Жас бас редактор З.Қабдоловтың басын қатерге тіге отырып, Махамбет тақы­рыбын батыл түрде жалаулата көтеруі әлде­кімдердің шымбайына батқан сыңайлы... «Қазақ әдебиеті» газетін публицист-жазу­шы Нығмет Ғабдуллин басқарып отырған кезеңде елдің, халықтың жоғын жоқтаушы, сөзін сөйлеуші ретінде танылған басылым алған бетінен қайтпаған. Көрнекті ғалым Бейсембай Кенжебаев қазақ әдебиеті тарихын түрік халықтарына ортақ – «Орхон-Енисей» кезеңдерінен бастау керектігі жөніндегі кенеулі концепциясын әдеби орта, ғылыми жұрт­шылыққа айтып, мойындата алмай жүрген еді. Газет осы тегеурінді мәселені қа­лың оқырманға жеткізіп, халықтық сипат алуына, ғылымда орнығуына мұрындық болды. Мұхтар Әуезовтің қырық жыл бойы идеясы жат саналып, беті бүркеліп келген «Қилы заман» романын ақтап мақала жариялады. Жетпісінші жылдардың басында респуб­лика Ғылым Академиясының М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бейсенбіліктерінде әдебиеттің, ғылымның аса маңызды мәселелері сөз болып отырады. Сондай бейсенбілік мәжілістердің бірінде «Вопросы литературы» журналында басыл­ған А.Марченконың «Еркін романның мүм­кін­дігі» деген мақаласы талқыланды /11/. Әдебиетшілер мен ғалымдардың бұл мақалаға айрықша назар аударып, талқылауының мәнісі неде? А.Марченко аталмыш мақаласында Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтар беріл­ген, әлемге әйгілі «Абай жолы» романын «жинақ» деп бағалаған. Ол ол ма, автор қазақ халқының бойына біткен асыл қасиеттерді ғажайып нұрлы тұлғалар арқылы терең суреттеген «Абай жолы» романын тек аңыздар тізбегі деп мансұқтауға тырысады. Тіпті, ол «Абай жолында» да, «Махамбеттің жебесінде» де «зерттегіштік жоқ... М.Әуезовтің «Абай жолы» сияқты Ә.Әлімжановтың «Махамбеттің жебесін» нағыз роман деуге болмайды, бұл ұлы ақын мен ереуілшінің (бунтарь) өмірі мен тағдыры туралы зерттеу емес, ол туралы аңыз» дейді. Бұдан өткен шовинистік империялық өктемдік бола қоймас, сірә! Ұлы М.Әуезовтің бүкіл әлем мойындаған «Абай жолына» ауыз салу дегеніміз, тұтас қазақ әдебиетінің жетістіктеріне көз жұма қарау, ең әрісі қазақ халқының ұлттық әдебиетін іске алғысыз етіп, жоққа шығару демеске лажың жоқ. Сонан соң жалпы Махамбет тақырыбының ауық-ауық тосқауылға ұшырай беруін де түсіне қою қиын... Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының екінші жартысы Қазақстанның нағыз өрлеп тұрған кезеңі еді. Республикамыз жыл сайын мемлекет қамбасына миллиард пұттан астық тапсырып, жалауына орденнен орден қадап, «жүз тілді планетаға», «халықтар достығының лабораториясына» айналды. Осының бәрі газет бетінен лайықты орын алып отыруы тиіс болса, ол жағы мүлтіксіз орындалып жатты. Ол кезде Қазақстандағы цензура да әбден күшіне мініп, айрықша қырағы болып алған. Сол тұста газет редакторы болған жазушы С.Мұратбеков естелігінде /12/ мынадай жайтты келтіреді: Ленинград баспасынан шыққан қазақ поэзиясының антологиясына Шәкәрім мен Ғұмар Қарашевтың шығармалары еніп, газетке сол кітап туралы мақала жария­ланғанда әлгі аталған ақындардың есімдерін цензорлар мүлде тізімге кіргізбей қойған. «Мейлі, Ленинградта жарияланса да біз сызып тастаймыз, өйткені бұлар біздің қара тізімімізде», – дейді олар. Орталық Комитеттің бөлімдері де газеттің әр қадамын, тынысын қалт жібермей қадағалап отырған. Газетте Қаныш Сәтбаевтың 90 жыл­дығына орай бет әзірленген. Басылым беттеліп жатқанда Орталық Комитеттің үгіт және наси­хат бөлімі газеттің шаңын қағады. Бөлім меңгерушісінің бірінші орынбасары: «Сәтбаев туралы осындай бір бет беріп, бұл не деген сұмдық? Алып тастаңдар тез! Құртыңдар!» – деп кәрін төгіп, айғайға басады. Іле-шала баспаханадағы кезекші редакторға телефон соғып, цензура газеттің әлгі бетіне қол қоймай, қайтарып жібергенін айтады. Бірде әдебиетіміздің ақсақалы Ғабиден Мұстафин жастар алдында тұрып «ендігі жерде біз ұлтшылдықпен емес, ұлтсыздықпен күресуіміз керек» – деген пікір айтып қалады. Бұл сөз газетке өзгерместен жарияланады... Көп ұзамай «Простор» журналында өзі ғалым бір лауазымы жоғары адам әлгі сөзі үшін Ғ.Мұстафинді де, газетті де көктен алып, жерге салып, сынға алады. Итжеккенге айдау керек деп тура айтпаса да сынның сарыны соған жақын еді... Жетпіс жылдық тарихында әрқилы ке­зең­ді бастан өткерген «Қазақ әдебиетінің» тағы бір өрлеу кезеңі – 80-90 жылдар аралығы деу керек. Ол Шерхан Мұртаза бас редактор болған кезең. Бұған басылымның сол кездегі жарияланымдары айқын дәлел бола алады. «Қайта құру», «жариялылық» кезеңі келгенде ұлт тағдырындағы, өнеріндегі «ақтаңдақтар» шындығын халқымыз ең алдымен «Қазақ әдебиетінен» оқып білді. Сексен сегізінші жылдың қыс айларында басталған сол үрдіс арқылы «Қазақ әдебиеті» газеті коммунистік темір құрсауды бұзып, ұлт публицистикасының алтын дәуіріне сара жол ашты! Қазақ әдебиетінің «кербұғысы» атанған Оралхан Бөкей «Қазақ әдебиетінің» бас­шылы­ғына басылым атаулыны қоғамдағы аласапыран қиындық қаусатқан тұста, 1991 жылдың қазан айында келді. Қоғам дағдарып, есеңгіреп тұрған. Газет-журналдардың жайы­на келсек, күрт түскен таралым, сүйікті басы­лым­дарынан амалсыз айырылған оқырман, еңсені езген қымбатшылық, қағаз-бояудың тапшылығы... Публицист-жазушы О. Бөкейдің өз қаламы­нан туған мақалалары ұлт мүддесінен өріліп жатты. Оның публицистикалық дүниелері қалың оқырманның көкейіндегісін дөп басып, өзінің айшықтығымен ерекшеленіп тұрды. Қазақ халқы ояна бастады. Оны оятқан «Қазақ әдебиеті» газеті болатын. Өйткені, бір кездері қазақты оятпақ болған Ахмет, Мір­жақып, Мағжандай асыл тұлғаларымыздың шығарма­лары бұл кезеңде алынбастай қамал­дың астына көміліп жатқан еді. XX ғасырдың сексенінші жылдарының бел ортасы тарихи дамудың аса күрделі кезеңі болатын. СОКП Орталық Комитетінің 1985 жылғы сәуір пленумы мен тарихы XXVII съезден кейін кеңестік қоғамның идеология, мәдениет майданында қайта құру, жариялылық процестері дүркіреп жүріп жатты. Арада екі-үш жылдай уақыт өтсе де қазақ жазушы-публицистері, тарихшылары үнсіз жатқандай қалыпта болды. Іріп-шіріп, ауыр дерт пен тоқырауға ұшыраған кеңестік қоғамда ұлт қаламгерлерінің, тарихшыларының тұтас ар­миясы, бұқаралық ақпарат құралдарының – газет-журналдардың баспалардың тұтас жүйе­сі болды ғой. Кінаратты қоғамда жаны күйзеліп, кеудесі шер-шеменге толып жүрген, неден болса да жасқанбауға бекем бел байлап, басын қатерге тіккен рухы күшті азаматтар жоқ емес, бар екен! «Қазақ әдебиеті» газеті ұзамай-ақ жа­зу­шы-публицист Бексұлтан Нұржекеев жария­лылық рухына сәйкес тарихшыларымыз бен әдебиетшілеріміз атқарар биік міндеттер төңірегінде пікір өрбіткен ой-толғамдарын ортаға салды /13/. Жазушы-публицист дегеннен «Республика­лық баспасөздің жай-күйіне қарағанда, біз әлі кешегімізге де, бүгінгімізге де ашық баға беруден тайсақтап, жариялылыққа әлі бел шешіп батыл кірісе алмай келеміз», – деп, батыл үн көтере келе, қалың жұртшылыққа бұрын бей­мәлім болып келген бірқатар жай­лардың ше­тін шығарады. Алдымен академик-жазушы Сәбит Мұқановтың «Біздің Тұрар» атты мақа­ласындағы /14/ жайларға тоқталады. Осындай соны серпілістен кейін ұза­май-ақ тағы бір танымал публицист-жазу­шы Смағұл Елубаев отыз екінші жылы қа­зақ басынан өткен алапат қырғынға ден қойып, Ф.И.Голощекиннің қолдан жасаған ашты­ғының кесапатын терең ашып көрсетеді /15/. Кезінде кеңестер одағын ғана емес, күллі әлемді дүр сілкінткен, қылышынан қан тамған Мәскеу тоталитарлық жүйе алпауыттарының кесапатымен ғасырдың ағысы сынға түскен 1986 жылғы қасіретті Желтоқсан оқиғасы да бағасын ала алмай жатты. Ұлт намысын алаулатқан бұл тарихи оқиға жөнінде алғаш­қы жылдары одақтық, республикалық басылымдарда түрлі көзқарастар білдірілген жарияланымдар басылып жатты. Осындай бей-берекеттік белең алған тұста халықтың адал ұлы, КСРО Жоғарғы Кеңесінің мүшесі, КСРО халық депутаты Мұхтар Шаханов орта­лық­тың адам төзгісіз әділетсіздігін айтып, жалындата көтерумен болды /16/. Ақын-азамат КСРО халық депуттарының бірінші съезінің мінберінен Алматыдағы 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына байланысты берілген бағаны қайта қарау туралы Мәлімдеме жасады. Осы Мәлімдеме 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына байланысты Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі­нің Арнаулы комиссиясын тезірек құ­руға себеп болды. Сондай-ақ осы тұста Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты Михаил Есенәлиевтің тарихқа айнала бастаған Жел­тоқсан дүрбелеңі туралы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Прездиумына депутаттық қозғау салуы да қолға алынған іске үлкен ықпал тигізгені анық еді. Осы жайлар жөнінде аталмыш Арнаулы комиссияның төрағасы, ақын Қ.Мырзалиев ашық айтып, комиссияның жан-жақты жүргізіп отырған жұмыстарына қалың бұқараны хабардар етеді /17/. Ұлт мүддесі жолында еңселерін тіп-тік ұстап, азаматтық танытқан халықтың адал ұлда­рының, зиялы қауымның арқасында әді­лет салтанат құрып, Желтоқсан оқиғасына лайықты баға берілді. Ұлт намысы үшін бастарын қауіп-қатерге байлап, тоталитарлық биліктің қанды шеңгелінде болған қазақтың талай-талай ұл-қыздары ақталды. Желтоқсан тақырыбын «Қазақ әдебиеті» тұрақты көтеріп, халықтың көзін шындыққа жеткізді /18/. Ғалым-публицист, ұлттық мүдде тұр­ғы­сындағы ой-пікірлері үшін елуінші жыл­дар­дың аяғында қуғын, қысастық көр­ген Тұрсынбек Кәкішовтың газеттің екі нөмі­рін­де жарияланған мақаласы /19/ ерек­ше назар аударады. Осы материалдан кейін 1989 жылдың соңында әдебиет пен өнер мәсе­­­лелерінде тоқыраушылық тежеу сал­дарын батыл түрде жою мақсатымен төмен­дегі партиялық құжаттардың күшін жою қажет деп тапты: ВКП (б) Қазақ өлкелік комитетінің Мәдениет және насихат бөлімі мен Қазақстанның марксизм-ленинизм инс­ти­тутының «Сталин жолдастың хатына бай­ланысты Қазақстан теория майданындағы күрес міндеттері туралы» түсіндірме хаты (10.01.1932 ж.), сондай-ақ Қазақстан КП (б) Орталық Комитетінің «Қазақ ССР Ғылым академиясы Тіл және әдебиет институтының жұмысындағы өрескел саяси қателіктер ту­ралы» (21.01.1947), «Қазақстан Совет Жазу­шылар Одағының жұмысындағы үлкен қате­ліктер мен кемшіліктер туралы, оларды жою жөніндегі шаралар туралы» (17.08.1951), «Со­циа­листік Қазақстан» газетінде «Көпеев – ұлт­шыл, діндар ақын» деген атпен жария­ланған мақала туралы» (10.12.1952), «Қазақ әдебиеті антологиясының жаңа басылымы туралы» (07.01.1953) және «Қазақ ССР Ғылым академиясы Тіл және әдебиет институтының жұмысы туралы» (01.08.1953) қаулылары. Қайта құру және халықты демократия­ландыру, ұлттық сана-сезімнің өсуі жағдайын­да ғана қазақ журналистері мен жазушылары «Қазақ әдебиеті» газетіндегі жарияланымдары арқылы ұзақ жылдар бойы ұлт зиялыларының адымын аштырмай, қуғын-сүргінге ұшыратуға басты себепші болып келген қазақ әдебиеті ұлтшылдықпен айыпталып, қаламгерлердің төбесінде «саяси соқырлықтың» найзағайын жарқылдатқан қаны сорғалаған партиялық құжаттардың күшін жоюға батыл қадам жасады. Екіжүзділік етек жайған, тоқырауға ду­шар болған коғамда көшбасшы саналатын партияға әділ де лайықты баға берілуі тиіс бо­латын. Қалың бұқара өздерін сарсаңға салып қойған партияның кім екеніне айқын көз жеткізуі керек еді. Халық алдындағы бұл парызды жазушы-публицист Оралхан Бөкеев орындады. Публицист-жазушы жалпы партиялық басшы органға бірыңғай халық шаруашылығы саласындағы мамандардың көптеп тартылып келгенін, олардың өз ма­ман­дығы шеңберінде ғана шектеліп, жан-жақ­ты білімі таяз болғандықтан, саяси істе шорқақтық көрсеткендіктерін, бұл іске фило­логтар, журналистер, заңгерлер, фило­софтар, ғалымдардың аз мөлшерде тартылып келгенін ашық айтты /20/. Республика тәуелсіздігінің табалдыры­ғында тұрған тоқсаныншы жылдың ба­сында қоғам өмірі дүрбелеңге тола болды. Әміршілдік-әкімшілдік жүйенің бү­кіл тыныс-тіршілігін, бағыт-бағдарын өз уысында ұстап, өзі белгілеп отырған партия ел алдындағы абырой-беделінен біржолата айырылып тынған еді. Осындай аса күрделі кезеңде «Қазақ әдебиеті» газеті партияның кадр саясаты, оның халық алдындағы беделі, коммунистер мен партия қайраткерлерінің ой-мақсаты тұрғысындағы сан алуан сауалдарға нақты жауап іздеумен болды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қазақ қоғамы бұрын-соңды болмаған күрделі жағдайды бастан кешірді. Ұзақ жыл адамзат көшінен көз жазып, азаттық, еркіндік дегеннің, иелік, қожалық дегеннің не екенін ұмыта бастаған ұрпақ ойламаған жерден империяның казармалық бұғауынан босап, бостандық әлеміне шыққанда, қайда бет аларын білмей абыржып қалғаны анық. Осындай қиын кезеңде Президент Н.Назарбаевтың жарық көрген «Қазақстанның болашағы – коғамның идеялық бірлігінде» деп аталатын тұғырнамасы сол олқылықтың орнын толтыратын, өтпелі кезеңді жан-жақты сипаттаған, болашаққа бағыт-бағдар сілтейтін аса маңызды еңбек болды /21/. Осы тұғырнама тұрғысында жазушы-публицист Қабдеш Жұмаділов тереңнен ой толғап, көкейде жүрген кейбір өзекті мәселелерді ортаға салды /22/. Сол тұстағы Қазақстан туралы ой-тұжы­рымдарды саралай келгенде, оларды негізінен екі топқа жіктеуге болар еді. Бірінші топ – Тәуелсіз қазақ елінің келешегіне, кең байтақ қазақ жерінің байлығы мен халқы­мыздың бойындағы потенциялық қуат­қа шексіз сенетіндер. Ал, екінші топ, кері­сінше, Қазақстанды, жеке Қазақстан емес, кеңестік империяның бұғауын үзген Орта Азиядағы басқа мемлекеттерді де өз алдына дербес дамуға күш-қуаты жетпейтін, бола­шағы бұлыңғыр, дәрменсіз халық деп баға­лайтындар. Екіжүзділік, сатқындық танытып жүрген ондайларға батыл тойтарыс беріп, мәселенің мәнін қарапайым халыққа кеңінен түсіндіру тәуелсіздік талабы болатын. Бұл өзекті де күрделі міндетті еліне, жеріне, жан-жүрегімен берілген қазақ публицистері ғана атқаруға тиіс еді. Елімізде шығатын «Караван» газетінде жарияланған тарих ғылымының докторы Нұр­болат Масанов пен философия ғылымы­ның кандидаты Нұрлан Әмірқұловтың ма­қа­ласы /23/ жоғарыдағы сөзіміздің айқын айға­ғы бола алады. Мақала авторларының пайым­дауынша, дүние о баста «ядро» деп аталатын орталықтар мен «периферия» делінетін шалғай түкпірлерден тізілген екен. Еуропадағы ондай орталықтар – Атлант мұхитының солтүстік жағалауы, Жерорта теңізі мен Қара теңіз алқабы, Ресей империясы жағдайында Мәскеу мен Петербург төңірегі. Әлемдегі өркениет пен өнеркәсіп, міне, осы өлкелерде гүлденіп дамиды да, былайғы шалғай түкпірде жат­қандар соларға шикізат дайындап берумен күн көреді. Ал Қазақстан – өз бетінше өмір сүре алмайтын сондай «шалғай түкпірлердің» бірі. «Караван» газетінде жарияланған мақа­ла­ның авторларына жазушы-публицист Қ.Жұ­­ма­ділов ашына отырып, нақтылы дәлел-пайымдаулармен тойтарыс береді /24/. Жоғарыда жазушы-публицист күйіне айт­қандай, өздері қазақ бола тұра «марагинал» ата­нып, орыс тілді қауымның сойылын соғатындар кімдер өзі? Бұл орайда публицист-әдебиетші, академик Рахманқұл Бердібайдың «Көзқамандар кімдер?» атты мақаласына /25/ назар аударған жөн. «Тәуелсіз қазақ елінің көзқамандары кімдер?» деген сауалға «Бұ­ларға Тәуелсіздік деген қасиетті сөздің киелі мағынасы түсініксіз. Қарны тоқ болса, барлық мұраты орындалғандай көрінеді, азаттық, теңдік деген сөздерді көңіл үшін айта салатын нәрсе деп біледі» деген жауап айтады. Қазақ публицистерінің маңызды міндет­терінің бірі өз арамызда жүрген, ұлт мұратын қиып жіберетін, елге опасыздығына ұялмай, қай­та өздерін озық өркениет жаршылары деп қарайтын осындай көзқамандармен аяу­сыз күрес жүргізу болып табылады. Ұлт алдындағы бұл асқақ парызды «Қазақ әдебиеті» газеті орындап келеді. Көзқамандармен бітіспес шайқас жүріп жатыр. Елді елең еткізіп, терең ойларға жете­леген сондай материалдардың бірі «Көз­қамандар мәңгүрттерден де қауіпті» деп аталады /26/. Публицист Қуанбек Жұмаханұлы Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы Заңның негізінде қазақ тілін қолдану аясын ұлғайту жөніндегі өзекті мәселелерді негізге ала отырып, қазіргі ел жағдайында ықпалды орындарда отырған кейбір қазақпын деген азаматтардың өз тілін, салт-санасын мансұқ етуден тайынбайтындықтарын нақтылы дә­лел­дермен әшкерелейді. XX ғасырдың соңында тәуелсіз қоғам, әсіресе, еліміздегі әлеуметтік-экономикалық жағдай, идеологиялық хал-ахуал дағдарысы, ұлттық сана-сезімдегі селкеулік қазақ пуб­лицистерінен қалам қарымын талап етті. Мұны терең түсінген, ұлт мүддесі жолында ештеңеден де тайынбайтын «Қазақ әдебиеті» газеті ел Тәуелсіздігінің алғашқы қадамдарынан бас­тап, өзінің ежелгі биігінде келе жатқанын айту керек. Тәуелсіз мемлекетіміздің іргесі бекемдене түсуі жолында өз ұстанымы мен өзіндік үнін айқын танытып келе жатқан «Қазақ әдебиеті» газеті қазақ публицистерінің ұстаханасына айналды.

1723 рет

көрсетілді

6

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз