• Заманхат
  • 17 Наурыз, 2015

Мұхтар Әуезов – Ыбырайтанушы

Ы.Алтынсарин жайында көп жазыл­ғаны, еңбектерiнiң егжей-тегжейлi зерт­телгенi рас. Алайда, көп жайт Кеңес дәуірінің саясатына орай бұрмаланып көрсетілді. Ол үшін кітап, мақала авторларына кінә артып айыптай қарағаннан гөрі түсіністікпен байыптай қараған жөн сияқты. Өйткені, олар солай жазуға мәжбүр болды, заманы соны талап етті. Мәселен, Ә.Дербiсалиннiң «Ыбырай Алтынсарин» деген зерттеу еңбегiнде: «1923 жылы «Шолпан» журналында (№ 6, 7, 8) жарияланған «М» дегеннiң (М-М.Әуезовтiң бүркеншек есiмi – С.О.) «Ыбырай Алтынсарыұлы» атты мақаласында ағартушылық өмiр жолына байланысты бiрсыпыра қажет деректер келтiрiлгенiмен оның творчествосына негiзiнен терiс талдау жасалды» [1, 35 б.], – делiнедi. Шындығында, бұл Әуезов мақаласындағы коммунистiк идеологияға «жат» ойлардан туындаған бұрмаланған терiс пiкiр едi. Мысалы, ұлы жазушының «…1868 жылдан кейiн Хүкiмет қазақ даласын шын бағындыру жұмысына батыл кiрiстi. Көздеген мақсатқа жету қазақтың елiн бастайтын басшыларының балаларын оқыту керек деп тапты. Басшылардың балаларын орысша оқытып, төре қылып, шен берiп, шекпен кигiзiп, Хүкiмет адамы қылып, ел арасына жiберiп, солар арқылы ел мен Хүкiметтi жақындастырып елдi кiндiгiнен арқандамақшы болды», – деуi Ресей үкiметiнiң отарлау саясатын әшкерелейтiн «сорақы» пiкiр болатын. Сондықтан да, М.Әуезовтiң бұл мақаласы сыншылар мен зерттеушiлердiң назарынан тыс қалып келдi. Ақиқатында Ы.Алтынсариннiң өмiрi мен шығармашылығына, ұстаздық жолына талдау жасалып, жан-жақты баға берiлген, әдебиет, мәдениет тарихынан алатын орнын көрсеткен кеңес дәуірінде жазылған тұңғыш еңбектердiң бiрi осы едi. Кезiнде ұлы ұстаз туралы «крест таққан», «шоқынған», «орысқа берiлген», «сандығы толған крест екен» деген сияқты өсек-аяң да көп болған. М.Әуезов осы мақаласында ұлы ағартушының еңбегiн «қазақтан шыққан шын қазақ ақыны», «ұлт мектебiнiң iргесiн қалаған бабасы» деген сияқты баға берiп «шоқынды» аталуының себебiне тоқталады.


Бiрiншiден, Ыбырайдың Еуропа мәдениетiне жол салуы, екiншiден, «қазақ өз алдына ел, қазақ еш уақыт ноғай болмайды», – деп Ноғай ағайындардың «мұсылмандар ноғай болуы керек» дегенiне қарсы шығуы, үшiншiден, Ыбырай кiтаптарының орыс әрпiмен (кириллицамен) басылуы, төртiншiден, Ыбырайдың абыройының асуы. Әуезовтiң өз сөзiмен айтсақ: «Ол заманда орысша оқып, қанжығаласып ел билеу iсiне қатынасқандар төре тұқымдарынан болған. Бұлардың iшiнде бақ күндестiк туды. «Жуан қоныш, сасық қазаққа не қылған адамишылық», – дегендей. Ыбырайдың тұрған облысына дабысы күштi, ел оны әулие қылып ұстай бастады. Бұл бұрыннан қазақ елiн билеп, меншiктеп қалған төрелерге ұнамады». Бесiншiден, шеттен келген надан молдаларға қарсы болуы. М.Әуезов: «…Ыбырайдың но­ғайдан, төреден, азған қазақтан шыққан дұшпандары ұрандасып, ел арасына айтылмыш өсектi таратқан. Ол өсек орынсыз», – дей келiп, Ильминскийдiң Ыбырай қолымен от көсеп, қазақ бала­ларын шоқындыру ниетiнен түк шық­пағанын, Ильминскиймен қазаққа пайда келтiру үшiн ғана жақындасқанын, Ильминскийге Ыбырайдың жазған хаттарында, iстеген, iстерiнде «орыстың исi шығып тұр» деуiнiң мүлде орынсыз екенiн айтып, «хаттарында, iстерiнде патша хүкiметiне жылы сөз, қолайлы iс болса Ыбырайдың хайла-шарғысы. Ол Ильминскийлердi алдап, адастырған әдiсi деп қараудан басқа орын жоқ», – дейдi.
Ыбырай өлгеннен кейiн сандығын Васильев дегеннiң алып кеткенiн, бiр сандық крест дегендерi бiр сандық қағаз екенi, айтуға жеңiл болсын деп орыс жолдастарының орысша ат қоюы «шоқындыға» жатпайтыны айтылады. Мақала соңында автор Ыбырайдың еңбегiн жоғары бағалап, атын ескерусiз қалдырмау үшiн не iстеу керектiгiн тағы да санамалап көрсетедi: Бірінші, «Шоқынды» деп бiлмеуiмiз керек. Ол жабылған орынсыз жала болса, Ыбырай қазақтан шыққан адал азамат болатын болса, ол қазақ-қырғыздық маданият тарихында тиiстi орын алуы керек. Екінші, Ыбырайдың өмiрiн, iсiн толық қылып жазып, жазған кiтаптарын қазақша бастырып шығару керек».
М.Әуезовтiң бұдан кейiн ұлы ағартушының қазақ әдебиетi мен мәде­ниетi тарихында алар орнының жоғары екенiн көрсететiн мақаласы Қы­зылордада басылып шыққан «Қазақ әдебиетiнiң тарихы» (1927 ж.) кiтабында, 1937-38 жылдары жарық көрген Әдебиет хрестоматияларында, «Социалистiк Қазақстан» газетiнде [2], «Уақыт және әдебиет» [3, 313-317 бб.] жинағы мен бiрлi-жарым түзетулермен жазушының он екi томдық [4, 55-59 бб.] шығармалар жинағында басылды. 1944 жылы СССР Ғылым Академиясының қазақ филиалының Хабаршысында  жарық көрген «Орыс классиктері мен Абай» мақаласында ХІХ ғасырда орыс әдебиетінен үлгі алған екі ақын барын, олар Абай мен Ыбырай екендігін, олардың прогресс жолында болғанын, еліне пайдалы еңбек еткенін, екеуі де оқу-білімге ден қойып, елді сол жолға бастауды мақсат тұтқанын әңгімелей келіп: «Бұлардың әрі өздері қадірлеп, әрі жұртшылығына да нұсқаған қыбласы, Европа мәдениеті – Орыс халқының мәдениеті болады», – деп, әдебиет майданында екеуінің де орыс халқының ХІХ ғасырдағы классикалық әдебиет мектебінен үлгі алғанын айтады [1-кітап, 3-15 беттер]. Ұлы жазушы ұлы ағартушы жайында көп­теген шығармаларында өзіндік пікір білдіріп, жоғары бағасын беріп отырған: 1949 жылы жазған «Қазақ әдебиетінің тарихын жасау мәселелері» (17т. 206 б.), 1950 жылы академик Қ. Сәтбаев туралы жазған «Қазақ халқының зор ғылымы» [Қазақ ССР Ғылым Академиясының Хабаршысы [№4, (49) -18 б.], 1951 жылы «Әдебиет және искусство» журналында жарық көрген «Қазақ әдеби тілі туралы» [№4, 62 б.], 1957 жылы шыққан «Қа­зақ әдебиетінің тарихынан» (Евгения Васильевна Лизуновамен бірлесіп жазған. Орыс тілінде) [Қазақ ССР Ғылым Академиясының Хабаршысы №11] мақа­лаларында, 1959 жылы Алматыда өткен «Әдеби мұраға арналған конференцияда жасаған қорытынды баяндамасында да [20 том. 386 б.] Ыбырай, Абай есімдерін қатар атап, екеуінің қазақ халқы үшін еткен еңбектерін, жеткен жетіс­тіктерін, тыңнан жол салып, ел бастаушысы, ақылшысы, ұстазы болғанын баян етеді. Солардың ішінде «Ыбырай Алтынсарин – қазақ мәдениетінің зор қай­раткері» (1950) мақаласы мен «Абай (Ибраһим) Құнанбаев» монографиясының орны ерекше.
«Ыбырай Алтынсарин – қазақ мәдение­тінің зор қайраткері» мақаласында автор Шоқан, Ыбырай, Абай үшеуінің үш түрлі салада еңбек еткендерімен ұқсастықтары жоқ еместігін, ол ұқсастық – елге деген жанашырлықта жатқанын, оларды туыс­тыратын осы аңсаған армандарының бірлігі екендігін айта келіп, Ыбырайға жеке тоқталады. Ы.Алтынсариннің Шоқанға да, Абайға да ұқсамайтынын, ол екеуінің де ісін өз еңбегінде бір арнаға тоғыстырып, екеуі де істемеген келешегі зор істің үлгісін өз қолымен жасағанын, оның әрі жаңа үлгідегі ақын, әрі батыл жаңалық енгізіп, жаңа үлгідегі мектеп ашушы екендігін дәлелді айтады. Ол ашқан мектептің ерекшеліктеріне тоқталып, оқу құралдарын да өзі жазғанын, жазушылық пен мұғалімдікті шебер ұштастыра білгенін оқушысына түсіндіре баяндайды. «Сонымен қатар, ол орыстың білімпаз қай­раткерлерінің алдына, орыстың оқы­мысты жұртшылығының ілтипатына жеткізіп, қазақ халқының толып жатқан мұңдарын, шаруашылық, ағартушылық, саяси-қоғамдық хәлдерін ірі мәселе етіп, жазып танытқан публицист те болады» деп, Алтынсариннің тағы бір қырын ашады. Сөйтіп, Ыбырайдың мектеп ашу жолында қандай қиындықтарға тап болғанын, оны қалай жеңе білгенін, Абайдың Ыбырайды жақсы білгенін, екеуінің өлеңдері бір кездері бір кісінің өлеңдеріндей болып бірге көшіріліп жүргенін, оқушысына ұғындыра жеткізеді. Кейінгі ұрпаққа Абай қандай қадірлі болса, Ыбырай да сондай қадірлі екендігін, өз орны, өз арнасы, мұрасымен бағалы болғанын тағы да бір қайталай айтып: «Олар (Абай мен Ыбырай – С.О.) кейде баяғыдан бері өткен шөл ғасырдың соңғы дәуіріндегі зор мұнарадай көрінсе, кейде еңбегі бірлікпен айқасып аққан қос өрімдей, шөл өлкені суарып, дән бітіріп айқасып ағып келе жатқан қос өзендей танылды» деп, қазақтың екі алыбын бір-бірімен салыстыра отырып, бір арнаға қосылған армандарының орындалғанын шөл даланы сусындатып аққан өзенге теңейді.
1951 жылы «Абайдың аудармалары» («Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы» моно­графиясының бір тарауы – С.О.) туралы жазғанда да Крыловты жалғыз Абай емес, «орыс көркем әдебиетінің өлең сөз, қара сөздегі әралуан үлгісін өзі жасаған оқу кітабына кіргізіп, алғаш аударған Ыбы­рай Алтынсарин» екенін айтып, Абай­дың Алтынсарин еңбегін біліп, жақсы бағалағанын, Ыбырай салған соқпақты кеңітіп, орыс классиктерін аударуда Ыбырай салған стильдік тың өзгешеліктерді көп өзгертпей алғанын, екеуінің де қолданған өлшеу түрлері, тақырыптары бір-біріне сай келетінін, сондықтан да, Крылов мысалдарын екі ақынның қайсысы аударғанын айыру қиын екенін айтады. Сөйтіп, әрі қарай Ыбырай мен Абай аудармасын бір-бірімен салыстыра қарастырады. Монографияда Ыбырай аты-жөні бірнеше жерде қайталанып, оның үлгілі ісі, өнегесі, рефарматор ағартушы, аудармашы, қоғам қайраткері, жаңашыл ақын, фольклорист екендігі жақсы көрініс тапқан. 
«Ғылым» баспасынан жарық көрген «Ы.Алтынсариннiң таңдамалы шығарма­лары» жинағын құрастырушылар: «…Ы.Алтынсарин шығармаларының баға­ланып жариялануы әр алуан оқу­лықтардан басталады. Бұл орайда Д. Әбi­лов (дұрысы Әбiлев қой – С.О.), А.Тоқмағамбетов, Ғ. Бал­ғынбаев, М. Сармур­зина, Ш.Ахметов, М.Дулатовтардың кiтаптарын ең алдымен атаған жөн...» [5, 22]. «40-шы жылдардан бастап Ыбырай мұрасының прогрестiк сипатын танып, оны iрi қо­ғам қайраткерi деп дұрыс бағалау орын тебе бастады. Бұған Қазақ ССР та­рихы мен С.Мұқанов, Қ.Жұмалиев, Е.Ысмайылов оқулықтарындағы материал­дар мұрындық болды» [5, 23-24], – деген сөйлемдер Ә.Дербiсалиннiң 1965 жылы «Қазақстан» баспасынан шыққан «Ыбырай Алтынсарин» деген кiтабындағы: «40-жылдардың бастапқы кезiнен бастап, Ыбырайды шын мәнiндегi қоғам қайраткерi ретiнде тану, бағалау орта мектептерге арналған Х.Жұмалиев пен С.Мұқановтың, Е.Ысмайыловтың әдебиет оқулықтарында, Қазақстан тарихы бойынша жазылған материалдарда берiк орын алды. Ағартушының әдеби шығармалары кеңiнен талданып, олардың құндылық қасиеттерi ашыла бастады» [1, 38] деген пiкiрiнiң жаңғырығы сияқты. Бұл Кеңес дәуiрiндегi амалсыздан бұрмаланған көзқарас...
Ыбырай Алтынсариннің өмірі мен шығар­машылығы жайында кеңес дәуірінде тұңғыш рет зерттеу еңбек жазып, қоғамдағы, қазақ әдебиетіндегі алатын орнын белгілеп берген М.Әуезов. Ұлы жазушының ұлы ұстаз жайындағы ой-толғамдары көрініс тапқан еңбектері төмендегідей:
Ыбырай Алтынсарин – 1922 жылы жазылып, 1923 жылы жарық көрген. 
Орыс классиктері мен Абай (1944).
Қазақ әдебиетінің тарихын жасау мәсе­лелері (1947).
Қазақ халқының зор ғалымы (1947).
Ыбырай Алтынсарин – қазақ мәдениетінің зор қайраткері (1949).
Тіл және әдебиет мәселелері (1951).
Қазақтың әдеби тілі туралы (1951). 
Абай (Ибраһим) Құнанбаев (1951).
Абайдың аудармалары (1951).
Қазақ әдебиетінің тарихынан (1951).
Әдеби мұраға арналған конференцияда жасаған баяндамасы (1959).
Серікбай Оспанұлы,
 Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының 
профессоры.
Күлзада Мырзағалиева,
  филология ғылымдарының 
кандидаты, доцент.

Пайдаланылған әдебиеттер:
Дербісалин Ә. Ыбырай Алтынсарин. – Алматы: Қазақстан, 1965, -226 б.
Әуезов М.  Ы.Алтынсарин – қазақ мә­де­ние­тінің зор қайраткері // Социалистік Қазақстан, 1950, 11 апрель.
Уақыт және әдебиет, 1962.
Әуезов М. Он екі томдық шығармалар жинағы. 12т., 1968.

361 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз