• Ұлттану
  • 28 Сәуір, 2012

Шәді Жәңгіров шығармашылығындағы дәстүр жалғастығы

Күлән Қонарбаева, магистрант

Шәді төре Жәңгірұлы 1852 жылы бұрынғы Сырдария губерниясы, Түркістан уезі, Жылыбұлақ болысында (қазіргі Созақ ауданы) дүниеге келген. Ақын тоғыз жасында ауыл молдасында, келер жылы Шаян медресесінен дәріс алған. Шаянда оқып жүріп Шәді араб әдебиеті үлгілерімен таныс болады. 1864 жылы Шымкенттік Абдулла Шариф деген кісіден дәріс алып араб, парсы тілдерін меңгерген. Жас бала 13 жасында-ақ «Мың бір түн», «Тотынама», «Шаһнама» секілді шығыс ертегілері мен дастандарынан хабардар болған. Шымкентте екі жылдай жүріп ұстазының қолындағы араб әдебиеті қазынасын өз бетінше толық игеріп шығады. 1865 жылы Шымкентті Черняев әскері басып кірген соң, Абдулла Шариф Ташкентке кетеді. 1866 жылы Шәді де ұстазының артынан Ташкентке барып, Орта Азия ақындары мен ғұламаларынан дәріс алады. Араб, шығыс әдебиетін зерттеп, игереді. Шәді 1870 жылы еліне қайтады. Жеті жылдан соң әкссі қайтыс болады. Осы уақыттан бастап бас аяғы 40-тан астам хикаялы дастан, жырлар жазды. Шәді де діндар қаламгер болған. Оның діни негізде жазылған «Сияр-шәріп», «Фех-қайдан», «Ахуал-қиямет», «Назым Ахмет Жами», «Назым Ибраһим Халиолла», «Хазіреті Мұса мен Перғауын», «Мұсаның таурат алғаны» т.б. дастандары бар. Ол Кеңес өкіметі орнағаннан кейін де діни мәтіндегі дастандарын жазуын тоқтатпады. Осы себепті 1931 жылы ауыл белсенділері Шәдіні молда деп айыптап, жер аудартты. Шәді бірқатар шығармаларын діни бағытта жазды. Өйткені ақын діни сауатты болумен қатар, шығыстың қисса-дастандарын жетік білген және діни көзқараста болды. Ол дінді өзіне идеал етіп ұстады. Ол дінді – ағартушылықтың, адамгершіліктің, тазалықтың қайнар көзі деп білді . Шәді Жәңгірұлының көп жыл ізденіп, жазған дастаны – «Назым сияр Шәриф» атты туындысы. Бұл шығармада Мұхаммедтің (ғ. с.) туғаннан өлгенге дейінгі барлық өмір жолы суреттелген. Ол кісі кіммен дос, кіммен күреңқабақ болды, кәпірлермен қалай күресті, мұсылмандарды қалай қолдады, қанша баласы болды, кімнің тәрбиесін көрді, қанша рет некеленді, әке-шешесі кім еді, туған-туысы бәрі-бәрі түп-түгел жырда көрініс табады . /2.211/ Ақынның Мұхаммед пайғамбар жайында қалам тербеуінің өзінде де көп мән бар. Біріншіден, пайғамбар өмір тарихының халық арасына тарауын көздесе, екіншіден, мұсылман ғалымдары арасындағы даулы мәселеге өзіндік көзқарасын білдіріп отырады. Дастанның басы­нан-ақ «Нұр» сипатына ерекше тоқталуы соны аңғартса керек. Өйткені орта ғасырлық ғұламалар Алланың алғаш жаратқан нәрсесі жайында дауласып, әр түрлі пікірлерді ұстанған болатын. Кейбірі алғаш жаратылған нәрсе пай­ғам­бардың нұры десе, кейбірі қалам немесе ақыл екенін алға тартқан еді /5.70/ Біз Мұхаммедтің (ғ.с.) қалай өмірге келгенін де «Назым сияр Шәрифтен» оқимыз: Ғабдолла Әмина атты әйел алды, Ибраһим тәртібімен некеленді. Әуелі кездескенде Ғабдолламен, Алты айда Ғабдоллаға ажал жетті, Пайғамбар тумай жатып өліп кетті. Алланың әмірімен Мұхаммедті, Құрсақта анасының жетім етті. Ақынның мәліметі бойынша, соңғы пайғам­бар Мұхаммедтің (ғ.с.) тумай жатып жетім қалғанын білеміз, көптеген діни қолжазбаларда Алланың елшісін жетім өсті дейтін, ал қалай жетім қалғандығы жайында осы дастандай жан-жақты түсіндіріп айтқан емес /2.211/. Шәді Жәңгірұлының «Назым сияр Шәриф» атты дастанында пайғамбарымыздың жиырма бес жасында қырық жастағы Хадиша ат­ты жесір әйелге үйленгенін де жырлайды. Меғражға барып, Алланың көргенін де толғайды. Қаншама кәпірлерді ислам дініне кіргізіп күндіз-түні аянбай, Алла жолында қызмет еткенін, мүнафиықтарды (екі жүзді) ешқашан аямайтынын, күллі мұсылманды бір ел, әр қырынан жырлапты. Шәдінің пайғамбар тарихына арнаған «Назым сияр Шәриф» дастанынан басқа, оның Ислам ғазауыттарын көрсететін «Хайбар» дастанын да жазған. Хайбар – жердің аты. Мәдинеден бірнеше шақырым жерде орналасқан. Бұл соғыстың Ислам тарихында алар орны ерекше. Себебі Мұхаммед (ғ.с.) пай­ғамбардың мүшріктерді жеңіп, елдің сол қана­тына шоғырланған жүгеттермен болған шешуші шайқасы Хайбарда өткен болатын. Адам ата жаратылғалы бері адамзат бала­сының қасы – Ібіліс. Оның көздегені адам баласын дұрыс жолдан тайдырып, жаманшылыққа бастау болып табылады. Әзәзіл Ібілістің бар айла-шарғысын ашып көрсететін ибн Жузидің «Талбису Иблис» («Ібілістің айлакерлігі») де­ген еңбегі діндарлар арасына осы еңбектің желі­сі­не құрылған. Шығармада Барсиса деген діндардың хақ жолында жүріп, қалайша Ібілістің тұзағына түскені жайында айтылады. Шайыр осы шығармасы арқылы оқырманды өз нәпсісінің құлы болмауға шақырған /5.70/. Шәді «Ахуал қиямет» деген дастанынан оның құран тәпсірін жетік меңгергенін көруге болады. Шығарманың екінші жартысын оқығанда адамның өлер алдындағы сәтінен бастап, қабір азабына дейінгі аралықты суреттеген шайырдың еңбегіне сүйсінбесе амалы жоқ /5/. Шәді ақын өлімді айтуда адамдарды қорқы­тудан аулақ. Тірлікте істеген әрбір әрекеттің о дүниеге апарар сенің еншің екенін еске сала­ды. Демек, адам баласы тіршілікте істеген қателіктері үшін тіршілікте Алладан кешірім сұ­рауы тиіс. Ақынның бұл көзқарасы түсінген кісіге имандылыққа шақырған жаны таза адам­ның жүрегінен шыққан өсиет сөз екенін аңғаруға болады. Кеңес заманында Шәді Жәңгірұлының туын­дысын «идеямызға жат» деп бүркемелеп, жасырын ұстап келгені анық, осы бір жайды Ә. Тәжібаев ашына толғайды: «Бұған дейін Шәді туралы сөз айтылмайды, өйткені көркем әдебиеттерді тану және оның ғылымын жасау, тарихын жазу ісіндегі солақайлықтар сонау бастан Шәді еңбектерін жат көрсетіп, әдебиет оқитын қауымнан жабық ұстады да, ақынның өмір тарихы да жаңа жұртшылыққа бейтаныс күйде қалды. Сондықтан бұлдыр бейнені анық көру, жаңа бір ақынды тыңнан ашу, онымен тілдесу, сырласу, оның мінез-құлқын, әдет-салтын, дүниеге қауымға, сұлулыққа көзқарасын білу, қай жағынан алсақ та қажет екен.» /2.221-222/. Шәді Жәңгірұлы жазған әдеби жәдігерлер қазақ, өзбек, қарақалпақ, түрікмен халықтарына ортақ деп айтсақ артығы жоқ. Өйткені сол елдердің ауызша, жазбаша қазыналарын меңгеріп, пайдасына жарата білген, шайырлармен араласып, ақындық шеберлігін ұштаған адам. Түркі тілдес халықтарға ортақ саналатын іргелі тақырыптарды өзінше қайтадан жазып шығу өздігінен келмейтін жұмыс екені айқын. Соған қарағанда, Шәді тынымсыз ізденудің, еңбектің адамы болған, оны қасиетті туындыларынан тауып, танимыз, «Шығыс классикалық әдебиетінің назиралық үлгісін жете меңгерген, гуманистік ағартушылық бағытта дәстүрлі тақы­рыптарды жырлаған. Мазмұн мен түрі жағынан, идеясы мен сюжеттік желі тұрғысынан мүлдем жаңа, қолтума төл шығармалар жазған» (Қазақ совет энциклопедиясы. Алматы. 1978. 12т. 265-б). Сөз өнері мен қолөнер зергерлігін қатар алып жүріп даңқы шыққан Шәді ақын шығар­маларының тигізген игі ықпалын оның еңбек­терінен көруге болады. Көзінің тірісінде жетпіс бес табақтай еңбегі баспа жүзін көрген Шәді шын шабытқа дамыл бермеген қалам иесіне ұқсайды. Кітаби ақындардың ішінде шығыс сюжетін қуалап қана қоймай, орыс халқының тарихын терең бойлаңқырап зерттеген Шәді екен. «Әр сөзі құйылғандай қорғасыннан» деп шайырдың өзі айтпақшы, оғын айдалаға бытырата бермей, жинақтап, шымырлап, ой елегінен өткізіп барып көпке ұсынған көрінеді. Шәдінің шығыс әдебиетінің әуендерімен байланысына барлай қарағанда не болса соны бері тарта бермей қазақ ұғымына, санасына, ортасына, өнеріне жақыннан орнығып қалды- ау деген сюжеттерді суыртпақтай шығарып, салмақты дүниеге айналдыра білген. Сонымен қорыта айтқанда, кезінде түрлі діни мектеп-медреселерде оқып, араб, парсы, шағатай тілдерін жетік меңгерген, сол арқылы араб поэзиясынан еркін сусындаған, Ислам тарихы мен араб әдебиетін терең білетін қазақтың ғұлама шайыры Шәді төре Жәңгірұлы қазақ көркем сөз өнерін мазмұн мен норма жағынан байыта түсуге өзіндік үлес қосты. Ол шығыс классикалық поэзиясына тән нәзирә дәстүрін жан-жақты меңгеріп, қазақ оқырманының талап-тілектеріне сәйксс келетін шығармалар жазды. Мұның өзі, қазақ әдебиетін мазмұн, тақырып, идея жағынан көріктеу құралдарымен байытуға үлкен әсерін тигізді.

3319 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз