• Заманхат
  • 17 Наурыз, 2015

ҚАНДАЙ МЕМЛЕКЕТТЕ ӨМІР СҮРГІҢІЗ КЕЛЕДІ? немесе дін және студент жастар туралы

Амангелді Айталы,
философия ғылымдарының докторы, профессор, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетінің «Білім мен тәрбиенің дүниетанымдық және әлеуметтік мәселелерін» зерттеу орталығының жетекшісі

90-ы жылдардың басында ислам және басқа діндер Қазақстанда жаңғыру кезеңін бастап, халықтың дінге ықыласы жыл сайын артып отырды. Соңғы жылдары дінтану мамандары арасында дінге бетбұрыс үдерісінің әлеуеті сарқылды, шегіне жетті деген пікірлер айтылды. 2009 жылы жүргізілген халық санағы бойынша, Қазақстан тұрғындарының 72,08%-ы мұсылмандар, қазақтардың 98,3% ислам дінінде. Елімізде 4 млн. 483 мың 285 адам 14 пен 28 жас арасындағы жастар. Жастардың дінге деген қызығушылығы артып отыр, әсіресе, қазақ жастары арасында дін ерекше орын алады. Өздерін мұсылманмын деп санайтын жастардың жас ерекшеліктері –  15-19 жастағылар 78,2%, 20-24 73,2%, 25-29 70,8%, 30-34 70,8%, 35-39 дейінгі 71,9%-ы құрайды. Тұрғындардың жастары 40-тан асқан­дардың арасында дінге ықылас төмен­дейді. Мысалы, 40-44 жас арасында 72,6%, 70-тен асқандар тек  41,1%. Сту­денттік қауым әрқашан да жаңа өзге­рістерге, жағымды не жағымсыз ық­палға бейімделгіш. Жастардың сана-сезімдерінің қалыптасуына қоғамдағы діни ахуал үлкен әсер етеді.


2011 жылдың қазан айында қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңнан кейін ел ішіндегі діни ахуал біршама өзгерді. Діни бірлестіктер 31%-ға қысқарды. Қағаз жүзінде тір­келген көптеген діни бірлестіктер, топ­тар анықталды. Қайта тіркеуден кейін Қазақстан Мұсылмандары діни бас­қармасы жанында 2400 мешіт қыз­мет жасаса, православелік діни бірлестіктерде 299 шіркеу, рим католиктік бір­лес­тіктерінде – 84 шіркеу, елуіншілер бірлес­тігінде – 189, христианшылдық баптис­терде –120, Иегова куәгерлерінде –59, пресвитериан шіркеуінде – 55,  же­тінші күн адвентистерінде – 42, лютеран шіркеуі – 8, методистерде – 11, жаңа апостол шіркеуі – 8, кришнайттер – 8, бахай – 6, иудаизм – 4, буддизм – 4, мармондар – 2, меннониттер – 2 діни ұйымдар жұмыс жасайды. 2012 жылы жаңа заңға сәйкес Ақтөбе облысында 66 мешіт, 6 православиялық приходтар, 2 католиктік ұйым, 1 «Иегова куәгерлерінің бірлестігі», 1 жетінші күн адвентистері, 1 «Кришна санасы қоғамы» тіркеуден өтті. Діни ұйымдардың саны үнемі өзгеріп отырады, біреулері әр­түрлі жағдайларға байланысты жабылып жастар, жаңа діни бірлестіктер тіркеліп жатады. 
Ақтөбе облысы – экономикасы тұрақ­ты, әлеуметтік жағынан дамуы қар­қынды аймақ. 2011-2012 жылдардағы уақи­ға­лар экс­­тремизмнен гөрі қылмыстық әре­кет­­­терге жақын. Аймақта конфессиялар арасында және конфессиялар ішінде толе­ранттылық жағдайда қалыптасқан. Ай­мақ­тағы білім мекемелері кәсіби білім са­ласына мамандарды дайындаса, Ақтөбе медресесі мешіт қызметкерлерін даярлайды. 2011 жылға дейін республика көлемінде 29 діни білім беретін мекемелер тіркелсе, олардың кейбірінің діни ағартушылық қызметін атқармағаны анықталған. Қайта тіркеуден соң 13 исламдық, 2 христиандық оқу орындары тіркелді. Елімізде 400-ге жуық православиелік, католиктік, протестанттық миссионерлер қызмет жасайды. Олар жыл сайын тіркеуден өтіп отырса да, заң бұзушылық әрекеттері де байқалады. Соңғы жылдары шетелден келген миссионерлер қазақ жастарын өздерінің діни бірлестіктеріне кіргізу мақсатында қазақ тілінде үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, түрлі діни тақырыптағы кітаптарын таратуда. Елімізде түрлі діни кітаптардың таралуы белең алуда. Діни кітаптар көбінесе жастардың санасына әсер етіп, олардың ұстанымдарын өзгертіп отырады. Соңғы үш жылда бұрынғы ҚР Дін істері агенттігінен 25 мыңға жуық әдебиетке рецензия берілді. Олардың ішінде экстремистік мазмұндағы әдебиеттер де бар. 
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңір­лік мемлекеттік университетінде студент­тердің дінге көзқарасы бұрын зерттелмеген. Жалпы, елімізде студент жастардың діни бағыт-бағдарын айқындайтын зерттеулерді әдебиеттен кездестірмедік. Сон­дықтан, бұл жұмысты студенттердің діни саласында ұстанатын жолын зерт­тейтін алғашқы ұмтылыс және бұл күр­делі мәселенің тек  беташары ғана, ал­ғашқы ізденіс деп қабылдаған жөн. Әлеуметтік зерттеу тұсында университетте 8166 студент оқыды, олардың 95%-ы қазақтар, 3% орыстар, 1% украиндықтар, қалғандары басқа ұлт өкілдері. Жалпы, университетте 27 ұлт өкілдері білім алуда. Дін мәселесін зерделегенде студенттердің ұлттық (этностық) тегін айқындаудың өз қисыны бар. Мысалы, олар ойланбастан «қазақпын, сондықтан мұсылманмын», «орыспын, сондықтан православпын» деген пікірлерін білдіргенмен, бұл терең діни сенім туралы негіз бола алмайды. Тіпті, дінге сенбейтін жастардың өздері, кейде мұсылманбыз дейді. Қазақ не орыс болғандықтан мұсылман, болмаса православ болмайды, дінді таңдау терең сенімнен туады. Студенттердің 64%-ы қыздар, 36%-ы ерлер. Кейбір факультеттерде, мысалы, педагогика және психологияда 96%, филология және шет тілдер факультетінде 88%-ы қыз балалар.
Діни сәйкестігі тұрғысынан, біздің жо­ғарғы оқу орны негізінен мұсылмандар, ал, гендерлік сипаты жағынан қыздар басым. Бұл  да діни ахуалға өз ерекшеліктерін тигізеді. Мысалы, дінтану әдебиетінде әйел­дер, аналар, болашақ аналар, қарын­дастар, қыз­дардың – ер адамдарға қарағанда, Жара­тушыға сенімі жоғары, психологиялық тұр­ғыдан нәзіктігіне назар аударады. Қазіргі студенттер 90-жылдардың ортасында туып, өтпелі кезеңде, кеңестік қоғамнан тәуелсіз Қазақстанға өту тұсында, ислам діні мен басқа діндер жаңғыруы, зайырлы мәдениет пен дін мәдениеті әрекеттесе бастаған XXI ғасырдың оныншы жылдарындағы мектеп түлектері. Эмпирикалық зерттеудің бағдарламасын дайын­дағанда және мақсаты анық­тал­­­ғанда, бүгінгі студенттердің дүние­таным ерекшеліктерін де ескердік. Мәсе­­лен,  жастар мемлекеттің олардың жеке өміріне араласпайтынын біледі, сон­дық­тан, студенттер қорқу-үрку сезімі­нен таза, өз ойларын еркін білдіреді. Олар діни тұрғысында өздерінің жағымды не жағымсыз таңдауларын жасырмайды. Университеттің әр 7-і студенті зерттеу­ге қатысып,  студенттер өз діни сенім ерек­­шеліктерін, яғни, діни рәсімдердің орын­­­далуын, діншілдік ұстанымдарын анық­тады.
Сауалнама әр студенттің анкетаны өз­бетімен толтыруын көздеді.  Діни сенімге байланысты сұрақтар адамның ішкі жан дү­ниесіне байланысты болғандықтан, зерт­­теу алдында да талқылау орынсыз деп есеп­тедік. Сондықтан, факультет басшылары студенттердің сауалдарға жауап беруіне араласпады. Олар бейтарап бағытты ұс­танды, студенттер болса өз қалау­ларымен сұрақтарға жауап берді. Жинақ­тал­ған ақпаратқа студенттердің адал пікір берген­деріне толық сенім артуға болады.

Сіз Құдайға сенесіз бе?

Сауалнамаға жауап берген 1593 сту­денттің 1522 немесе 95% «ия» деп, 22-сі немесе 2% «жоқ» деп жауап берсе, 44 студент, немесе 3% жауап беруге қиналған. Студенттер сауалнамаға өз ойларын қосып та жазған: «Аллаһқа сенбейтін адам жоқ қой», «Жаратушы ие бар деп есептеймін», «Әрине сенемін, сөзсіз», «Құдайдың бар екені ақиқат, оның барына сенемін!». «Оған дәлел болатын көптеген нәрселер бар». «Он – создатель», «Я верю в Бога как мусульманин», «Неверю», «іштей сенемін».
Жоғарыдағы мәліметтер діни көңіл-күйдің өсуін көрсеткенімен, дінге деген жалпы жағымды пікір білдіргенмен, те­рең діншілдік туралы қорытынды жасау асы­ғыстық деп санаймыз. Студенттерді мамандықтары бойынша талдасақ, дінге сенімдері жоғары, негізінен қыздар оқитын педагогика және психология факультеті студенттері – 100%, экономика, физика-мате­матика – 93%.

«Егер, сіз Құдайға сенетін болсаңыз, өзіңізді қай діни конфессияға жат­қы­засыз?» атты сұраққа алынған жауаптар (сауалнамаға қатысушылардың пайыздық үлесі)
Сауалнамаға қатысқан студент­тердің 96,2%-ы өздерін мұсылманбыз  деп жауап берді. 0,5% өздерін православиеге жатқызды. 0,3% басқа діндеміз,  діни емес ағымдар немесе жаңа діни қозғалыстарда екендігі туралы пікір білдірсе, 4 студент атеистік қөзқараста, 0,2% студент өздерін ешқандай дінге жатқызбады. Жауап беруге қиналамыз дегендер 38 студент немесе 2,6%. Зерттеуге қатысқан басқа ұлт өкілдері – 49 студент, олардың 34, оның 70%-ы мұсылмандар, олар әзірбайжан, татар, ұйғыр және т.б. этнос өкілдері. Қал­ғандары католиктік, протестанттық және буддистік діндегілер. Бұл тұста мына жағдайларға көңіл аударған жөн. Біріншіден, респонденттердің ұлттық тұғыры мен діни ұстанымдары сәйкес келетін де келмейтін тұстары бар. Мысалы, «қазақ, яғни, мұсылман», «орыс, яғни, православ» деген ұстанымдары кейбір жағ­дайда түгелдей сәйкес келмейді. Бұған дәлел 0,4% қазақтар басқа дінді қабылдаған, орыстар 1,4%, украиндықтардың 0,9%-ы ислам дінін қабылдағаны дәлел. Сонымен қатар, басқа ұлттар өкілдері дәстүрлі емес басқа діндерді қабылдағандарын атап өтуге болады. Бұл тенденция тек біздің студенттердің арасында емес, басқа ортада да кездеседі. Қазақстан зайырлы мемлекет, конституция бойынша әр адам өзінің діни бағытын таңдауына құқылы. Педагогтар, ата-аналар жастардың діни ұстанымдарына араласпауы керек. Бірақ, қазақ жастарының басқа дінге өтуін қазақы қоғамдық пікір қолдамайды, дегенмен, заң мен әдеп сабырлық пен төзімділікке шақырады. Екіншіден, кейбір жағдайда студенттер сауалнама сұрақтарына жауап бергенде, «жауап беруге қиналамын» немесе «басқа пікірді» көрсетіп жатады. Ондай мәселелерде жастар өздерінің пікірлерін нықтап айтқысы келмейтіндігі де байқалып тұрады. Кейбір студенттер басында өздерін атеиспіз десе, соңғы жағында «мен мұсылманмын» деген ойды да көрсетеді. Үшіншіден, студенттердің қатарынан әртүрлі дәстүрлі емес діннің өкілдері де анықталды. Тарихтан белгілі 90-жылдары дін, құдай туралы үгіт-насихатқа рұқсат берілді, ислам және христиан дін­дерінің атын жамылған ағымдар, жаңа діни қозғалыстар кеңінен етек жайды. Зерттеуге қатысқан 9 студент, дәстүрлі емес діни бағытта екендігін көрсетті. Дәстүрлі емес діни бағыттағы қазақтар студенттер шет тілдер, техникалық  және экономикалық факультет студенттері. Кейбір студенттер ХХ ғасырдың 60-жылдарында Ямайкада пайда болып, әлемге африкандық регги музыка стилінде танымал болған  растафариандық жаңа діни ілім бағытын ұстанатынын білдірді. Бұл діни ағымның ұстанушыларын растмандар дейді. Бұл атау Растафии деген ХХ ғасырдағы Эфиопияның соңғы императордың есімі, І Хайле Селассие, таққа отырмастан бұрын Рас Тэфэри Мэконнын (Тафари Мэконнен) атпен танымал болған. І Хайле Селассие құдайға теңеліп, растафари Джо деп аталып, Құдай аттарының бірі болып кеткен. Растафариандық діни ілімнің негіздері батыс әлемінен және оның жақтастарынан бас тарту, өз орталарына махаббатпен қарауға негізделген. Бұл ағымның ұстанушылары бүгін 1 млн-ға жуық.  Регги мәтіндері қоғамдағы теңсіздік, әлеуметтік және саяси әділетсіздікке қар­сы бағытталған христиандық платформада баяндалады. Сонымен қатар, сорадан (конопля) алынатын психоактивті қоздырғышы бар каннабисті қолдануды дәріптейді. Каннабистің психологиялық күші адамның күлкісін қоздырады кейде ұйқыға немесе ұйқысыздыққа және әр түрлі көңіл-күйге апарады. Жалпы адамның психологиясында тұрақтылық бұзылып, әрдайым құбылмалы күйде болып, артынан нашақорлыққа ұрындырады. Бұл дін өкілдері ер мен әйел арасындағы некені жоққа шығарады, ауырса дәрігерлерге жүгінбейді, медицинаны мойындамайды.
Студенттердің басқа біреулері өздерін агностиктерге немесе агностицизмге жат­қызады. Агностицизм теологиялық агностоцизм және философиялық агностоцизм болып бөлінеді. Философиялық агностоцизм ежелгі грек тілінен аударғанда танылмайтын, білінбейтін деген сөз. Обьективті шындықтың қағидаларын тану мүмкін емес дегенді қолдайды. Теологиялық аг­ностоцизмге өздерін жатқызған студенттер Құдайдың бар екеніне, өлімнен кейінгі өмірге сенбейтіндіктерін, дінді күнделікті өмірінде этикалық норма ретінде қарастыратындарын айтады. Агностик – сенімін құдайшылықпен байланыстырудан бас тартқан адам. Ондай адамдар Құдайға сенбейді,  Құдайдың шындық екені туралы дәлелдер мен уәждер толық емес дейді. Студенттер арасында Копилизм (ағылшын тілінен аударғанда Сору- «мені көшір» деген сөз) миссионерлік қызметі танылған. Бұл шіркеудің негізін  2010 жылы 19 жастағы шведтік студент қалаған. Копилизм кез келген интернеттегі ақпаратты құдіретті деп санайды. Бұл жаңа дін Швецияда заңды ресми дін ретінде жарияланған. Оның діншілдері Құдайға және Құдайдың құдіретті күшіне сенбейді.
Зерттеудің негізінде студенттердің кейбірінің сенімінде басқа да дәстүрімізге жат діни сенімдер анықталды. Солардың бірі үнді халқының ұлттық діні болып саналатын индуизм дәстүрлерінің бірі шактизм бағытын ұстанушылар. Еуропаның Нидерланды елінде ХХ ғасырдың соңында пайда болған итеизм де жастарға таныс болды. Итеизм – бұл дін емес, дінтануда оны жаңа діни қозғалыс қатарына жатқызады. Сондықтан, бұл дәстүрлі емес бағытта болғандықтан қоғам үшін қаупі бар болуы да мүмкін. Нидерланды тілінен аударғанда «its» сөзінің мағынасы – «бұл», «бұл да», «бірдеңе», «бір зат». Сенім түсінігінде бұл ағым дәстүрлі христианшылдықты жоққа шығарады, Құдайға сенбейді. Аспан мен жер арасында бірдеңе немесе бір тылсым бар деген түсінікті ғана алға тартады. Жүргізілген әлеуметтік сауалнаманың қорытындысы бойынша, шетелдік бір мерзімді баспаның оқырмандары өзде­рінің сенімдерін итеиспіз (ит жүйесі) деп көрсеткен екен. Батыс әдебиетінде аталған жаңа діни қозғалыс діни либерализм делініп,  жастармен қатарын толтыруда. Жастар бұл сенімді ескірген христиандық догматикадан құтылудың жолы деп, олардың қатарына енуде.
Социология іліміндегі объектінің бір бөлігіне тән құбылысты қалған бө­лік­теріне аудару, яғни экстраполяция методологиялық әдісін қолдансақ, 1553 студенттің ішінен 9-ы «жаңа діни қоз­ғалыстар» ықпалында болса, 8166 студенттің 45-ке жуығы сол бағыттың ырқында деуге болады. Төртіншіден, қазақ топтарының студенттері өздерін «шаманизмге» жатқызатындығын, орыс топ­та­рындағы кейбір студенттер «не отношу себя никакой религии», «мен атеиспін» деп қосымша пікірлерін білдірген. Сту­дент­тік қауымның басым көпшілігі адам өмірінде діннің рөлі маңызды екендігіне мән береді. Дінді тура жолдан тайдырмауға көмек береді деген пікір де бар.

Сіз дін туралы мәліметті қайдан 
аласыз? (% үлес)
Студенттердің дін туралы ақпаратты қайдан алатындығы өзекті мәселе болған­дықтан, ол бізге де қызықты болды. Шынымен де жастарға мектеп, ЖОО, БАҚ, ата-ана, тума-туыстары, діни ұйымдар, ғаламтор, достар және діни әдебиеттер, яғни, әлеуметтік орталар өз ықпалын тигізеді. Бірақ, бұл әлеуметтік орталардың жастар арасында маңыздылығы бірдей емес. Зерттеу көрсеткендей, студенттер әрдайым ата-аналарының жағымды не жағымсыз ықпалдарын жоғары қояды. Ал, БАҚ сту­денттердің қөзқарасына әсер етуде екінші  орында болса, ғаламтор діни ақпарат беруде үшінші орында болды. Бірақ, қазақ тіліндегі діни веб-сайттар артқан сайын, қазақ тіліндегі жас контингент артуы ғажап емес. Төртінші орында орта және жоғарғы оқу орындары. Бұл университет ішіндегі тәрбие жұмыстары туралы ойландырады. Мешіт, шіркеу және діни ұйымдар бесінші орында. Діни әдебиет және дінге сенетін дос­тар алтыншы, жетінші орындарда. БАҚ, интернет, ата-аналар, діни әдебиет, жақын достар, жалпы әлеуметтік орта кө­біне-көп жағымсыз ақпаратқа бейімді болады, діни, ұлттық құндылықтарды қолдай бермейді. Ең беделді Қазақстан қоғамының тұтастығына, мәдени бірлігіне жұмыс жасайтын ғылыми ақпарат беретін – ол білім мекемелері.
Зерттеудің барысы көрсеткендей, дәстүрлі емес дінге, яғни, бұл жаңа діни қоз­ғалыс өкілдері, дінді уағыздауда қа­сын­­дағы достарынан бастап, алдау және арбау, сендіру (внушение), гипноз техно­логиясымен жұмыстарын жү­зеге асыруды көздейді. Мұндай әрекет кө­бінесе әйелдер арасында жүргізіледі. Зерт­теу жұмыстары қазақстандық қоғамды біріктіру және студенттерді мәдени тұ­тастыққа бейімдеу бағытында жоғары оқу орындарының жұмыстарын әлі де жетіл­діру мақсаты тұрғандығын көрсетеді. Оқу ордасынан сенімді ақпарат аламыз деп, жаратылыстану факультетінің студенттері пікір білдірсе, экономика және заң маман­дықтарының студенттерінің сенімі төмен, олар көбінесе ғаламторға мән береді. Филология факультеті студенттерінің басқа­лардан діни кітаптарды көбірек оқитындары белгілі болды. Бұл да заңдылық шығар, әдебиет мұғалімдері болған соң.

Сіз қаншалықты мешітке, шіркеуге және ғибадат үйлеріне барасыз? (%)
Дінтану ілімі мешітке, шіркеуге және ғибадат үйлеріне баруды діни ұстанымның басты критерийі деп қарастырады. Сту­денттердің 11%-ы (қазақтар және басқа ұлттар) үнемі мешітке, шіркеуге барса, 67%-ы тек жағдайға байланысты оқта-текте баратындығын айтады. Қосымша, «Егер, мешіт, шіркеу, ғибадат үйлері Сіз тұратын мекен-жайға жақын орналасса барар ма едіңіз?» деген сұраққа, студенттердің 23%  «иә» десе, қалғандары «жоқ» деп жауап берді. Жаратылыстану факультетінің әрбір бесінші студенті, инженерлік-техникалық факультеттің әрбір жетінші студенті үнемі мешіт, шіркеуге барып тұрады. Мұндай орындарға барлығынан ең сирек баратын – кәсіби-шығармашылық факультетінің студенттері. Сауалнамада студенттер өз әсерлерімен бөліскен: «мешітке тұрақты барып тұрамын», «мешітке барғым келеді», «мешітке ата-анаммен жылына бір рет мұсылман мейрамдары кезінде барамын», «мешітке марқұм болған ата-анама аят оқыту үшін барамын», «мешітке сирек ата-анаммен және әжеммен барамын», «мешітке қиын жағдайларға тап болғанда барамын», «жылына бір рет пітір садақа беруге барамын», «жұма күндері баруға тырысам», «мешітке барғым келеді, бірақ түрлі ағымдар болғандықтан қорқамын», «сенемін, бірақ, мешіт айналасында көптеген секта өкілдері жүреді». Студенттердің көбі діни мейрамдарды атап өтуге ерекше мән береді, оларды қазақтар мен басқа да ұлттардың дәстүрімен, тарихымен байланысты деп орынды ойлайды.

Діни дәстүрді жиі сақтайсыз ба? 
(намаз, ораза, пост және т.б.)
Студенттердің бірқатары дін, мешіт, шіркеу, ғибадат үйлері туралы біліп қана қоймай, саналы түрде діни дәстүрлерді орындайды. Студенттердің 15%-ы діни рәсімдерді үнемі, 37%-ы жағдайға байланысты орындайды: намаз оқиды, ораза ұстайды немесе жұма намазына барып, пітір садақа береді. Респонденттер сауалнамада мынадай қызықты пікірлерін білдірген: «мен діни әдеттерден алыс­пын», «намаз оқимын, бірақ, ораза ұста­маймын», «ораза ұстаймын, бірақ, намаз оқымаймын», «ораза ұстағым келген, бірақ ата-анам рұқсат етпейді», «үнемі жұма намазына барамын», «ораза ұстауға тырысам», «оның еш мағынасы жоқ», «ешқашан діни дәстүрлерді орындамаймын», «Құдайға сенем, бірақ, бірде бір дінді мойындамаймын», «мен үшін оның мәні жоқ өз философиям бар», «Рамазан айында тауарих намазын оқимын», «діни наным қазақтың қанына сіңген», «әрине орындаймын», «психологиялық тұрғыдан дайын емеспін». Біздің студенттер арасында діндарлықтың осындай қырлары бар.
Білім алушыларға ата-аналары мен жақын туыстары ерекше ықпал етеді екен. Сол себепті оларға мынадай сұрақ қойылған болатын:

Сіздің отбасыңыздың дінге 
көзқарасы қандай? (%  үлес)
16% студенттер олардың отбасылары шынайы діндар адамдар ретінде өмір сү­реді десе, 40 %-ы отбасыларының дінге бейтарап көзқараста екенін айтқан; 27% студенттердің ата-аналары діни жораларды орындауға қарсы, ал, 14%-ының ата-аналардың балаларының діни дәстүрлерді орындайтынын қолдайды деп көрсеткен. 2% студенттер жауап беруге қиналады. Бар­лық студенттер өз ата-аналарының жағым­ды және жағымсыз пікірлеріне бірден қо­сылып кетеді деп айтуға болмайды. Біраз бөлігі ата-аналарының ұстанымдары жайлы өкініш білдірсе, кейбірі ата-ана тәрбиесі мен кеңестеріне келісетінін көрсетеді. Физи­ко-математикалық және кәсіби-шығар­ма­шылық факультет студенттерінің отбасылары намаз оқуға, ораза ұстау мен мешітке баруға қарсылық білдірген. Тек жаратылыстану факультеті студенттеріне 8%-ның ата-аналары намаз оқуға, ораза ұстауға, мешітке, шіркеуге баруға қолдау білдіреді. 
Жалпы айтқанда, қазақ студент­терінің отбасыларының көп бөлігі бала­ларының діни іс-әрекеттерді таңдауына қарсы. Ал, орыс, армян, әзірбайжан және басқа да этникалық топтар керісінше, дінді қолдайды, оған этникалық құнды­лықтарды сақтап қалатын рухани тірек ретінде қарайтын ата-аналар ықпалы көп. 
Қандай мемлекетте өмір сүргіңіз келеді: Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес зайырлы 
мемлекетте ме, әлде діни  мемлекетте ме? (% үлес)
Бұл сұрақты студенттерге қою себебі неден? Қазіргі посткеңестік кеңістікте (Кавказ, Орта Азия, оның ішінде Қазақстан) жастар арасында дін мәселесі жөнінде екі топты атап көрсетуге болады. Біріншісі – ұлттық және діни дәстүрлерді тығыз байланысты деп санайтын мақсаттағылар, олар дінге ұлттық құндылықтарды сақтайтын негізгі фактор ретінде қарайды. Ал, екіншісі – тек діни бағытты ұстанғандар, олар үшін ислам, ең алдымен, белгілі бір ұлттық дінмен байланыссыз, әлемдік дін. Екінші топтың пайда болуы исламның XX ғасырдың 90-жылдарында діннің қайта жаңғыруына байланысты болды. Кеңестік ассимиляцияның әсерінен өзіндік діни дәстүрлеріміздің әл­сіреуін шетелдік миссионерлер өз мақ­сат­­тарына пайдаланды. «Исламдық жа­­һан­дану» ағымы бүгін рухани ой-са­на­­мыздың исламның түрік-арабтық нұс­қа­сымен бай­­ланыстырып, ата-бабалар дәс­түрін қай­та-қарау ұстанымын қолдайды. Қа­лып­­тасқан жағдай жастар пікірінің дәс­түрлі исламға қатысты қайшылықты екенін көрсетеді. Біреулер, этникалық айырмашылықтарға мән берудің қажеті жоқ, ислам барлық халықтар үшін бірдей болуы қажет деп санайды. Басқалары, басым көпшілік мұсылмандар, ұлттық дәстүрлердің мәнін қолдап, оны есте сақтап, үнемі орындап жүреді. Көптеген адамдар үшін діни және ұлттық құн­дылықтардың бірлігі қажет, бұл құндылықтар бір-бірін толықтырады және рухани дамудың негізгі тірегі болып табылады.Ұлттық мәдениет пен дәстүр, діни сананың қалыптасуына жағдай жасайды. Бұл үрдісте ұлттық тіл мен отбасылық  ұстаным рухани құн­­ды­лыққа ерекше ықпал етеді. Ал, ғаламдық ислам идеясын дәріптеушілер ислам мемлекетін қолдайды. Осылардың көрінісі ретінде Сирия, Ирак және бас­қада араб елдерінде болып жатқан оқи­ғаларды  айтуға болады.
Ислам әлеміндегі ағымдардың ықпалы біздің студент жастарымызды ойландыратынын көріп отырмыз. Студенттердің 58%-ы тек зайырлы мемлекетте, 18% зайырлы мемлекетте, тек 6%-ы мұсылмандық мемлекетте өмір сүр­генді қалайды, 18%-ы жауап беруге қи­наламын деген. Факультеттер арасында студенттердің таңдауы мынандай: заң және инженер-техникалық фа­культеттердің әр 10-шы студенті діни мемлекетте тұрғысы келеді. Жараты­лыстану факультетінің 2% студенті діни мемлекет идеясын қолдады. Универ­ситет студенттердің әр 17-і немесе тағы да экстраполяция әдісімен шамамен 500-ге жуығы мұсылмандық мемлекетте тұрғысы ке­ле­тіндері туралы пікір білдіреді деуге болар. Бұдан «ел көшті, жау шапты» деп, жағдай ушығып, асқынып тұр деуге негіз жоқ. Студент жастар санасында ислам, православ, басқа да дәстүрлі діндер ұлттың тарихи өмір салтымен, мәдени ортасымен байланыстығы ұялаған, олар шын жүректен Жаратушыға сенеді, діннің қоғамдағы қызметіне қызығушылық танытады. Тағы да бір жағдай назар аудартады: тарихи діндерін құрметтей тұра, жастар басқа дәтүрлі діндерді сыйлайды. Жастардың діни санасының деңгейі, мазмұны қоғамдағы дінге көзқарастың айнасы деуге болады.
Еркін ақпарат алмасу жағдайында рухани салада қазақстандық қоғамда дүние­танымдық бағыт-бағдар өзгерді. Сонымен бірге, жастардың әрқашанда көңіл-күйлері тұрақты болмайтынын ескеру жөн. Жастар кез-келген жағдайларға бейімделгіш, кейде жағымсыз жағдайларды ойланбай, қабылдай береді. Жастардың романтикаға, қиялға берілгіш психологиясы кейде идеялық астары мен мақсаттарына қарамастан әртүрлі ағымдарға бейімді екендігімен санасу керек. Экстремистік қозғалысты ұйымдастырушы идеологтар оны жақсы пайдаланып, «идея» үшін бірбеткей, алаң­сыз, ойланбай қылмысқа,  лаң­кестік, қанды уақиғаларға баратындарды тәр­бие­лейді. Оқу орындарының ұстаздары мамандығына қарамастан, дін мәселесін айналып өте алмайды. Мектептер мен жоғары оқу орындарының тәр­биелік әлеуеті мол. Тек «Дінтану» пәнін енгізумен шектелуге болмас. Тарих, әде­биет, музыка, педагогика, психология, әлеу­меттік пәндер рухани-адамгершілік, ағартушылық мүмкіндіктерге толық пай­даланылмайды. Сондай-ақ жаратылыс­тану пәндерінің (физика, математика, биология, техникалық пәндер) жастардың ақыл-ойын жетілдеретін тұстары жеткілікті. Барлығы да ұс­таздарға байланысты. Жас­тарға елі­міздегі экономикалық, әлеуметтік, психо­логиялық жағдайлар да әсер етеді. Елді ойландыратын жемқорлық, нашақорлық, әлеуметтік әділетсіздік, жұмыссыздық  сияқты мәселелердің шешуін тәжірибесіз, аңғарт жастар діни мемлекетпен байланыстырады. Сонымен бірге, шетелде білім алған жастар, шетел миссионерлері мешіт имамдарындай ескірген догматикалық тәсілмен емес, Құранды жеңіл тілде тәпсірлеп түсіндіреді. Олардың уәж­деріне байланысты пікір алмасу, қайшылық, таластардың алдын алу, қарама-қарсылықты жұмсарту, төзім­ділік танытуға бара бермейміз. Ең бастысы – имандылық, отансүйгіш, ұлттық құндылықтар негізінде елдің басын қосу бүгін маңызды. Сонымен бірге, терең тәрбиелік жұмысты бүгін тестілеумен алмастырып, оқушымен, студентпен пікір алмасудан айырылып барамыз. Бұл, әрине, бөтен әңгіменің арқауы. 
Бүгін ғылым мен дін арақатынасы өте өткір болып отыр. «Наука без религии хрома, религия без науки слепа» деген Альберт Эйнштейн. Бүгін бір кездегі дін мен ғылым арасындағы карама-қарсылық олардың өзара түсіністігіне ауысып барады. Жақында Москвадағы Ұлттық ядролық зерттеу университетінде теология кафедрасы ашылып, оған меңгеруші болып митрополит тағайындалды. Бұл Ресейде үлкен пікір-таластар ту­ғызуда. Рухани өмір – тартылған домбыраның қос шегіндей, бірақ, онан шығатын әуен ойнайтын адамның ниетіне, көңіл-күйіне байланысты. Дін мәселесінде тізгін имандылыққа жат, дінді ақылға, әділдікке қарсы қоятын адамдардың қолына тисе, елдегі рухани ахуал күрделене түседі. Зайырлы мемлекет адамның, азаматтың өмірін, денсаулығын, хұқын сыйлайтын, дәс­түрлі діндерді қастерлейтін, басқа діндерді құрметтейтін мемлекет.

404 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз