• Ұлттану
  • 17 Наурыз, 2015

Ұлттар достығы өнеге, халықтар достығы үлгі болған Қазақстан

Қазақстан көпұлтты Республика екені бұрыннан белгілі. Кеңестік дәуірде ҚСРО-дағы жалғыз интернационалды ел аталғанымыз тегін емес. Ежелден бауырмал, қайырымды қазақ халқы тағдыр-тәлкегіне ұшырап, әлемнің әр тарапынан келген ұлттарды жатсынбай, оларды туған-туыстарындай жақсы көрді. Міне, сондықтан, қазір Қазақстан көпұлтты мемлекет атанып отыр. Дәл Қазақстан сияқты ұлттар достығы өнеге, халықтар достығы үлгі – дүниежүзінде ел жоқ. Біздегі халықтың ынтымақ, бірлігіне, жарастығына тәнті болған шетелдік саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері «Қазақстаннан үйрену керек» дегенді жиі айтады. Барлық ұлттардың терезесі тең, мүдде-мақсаты бір және олардың еркін еңбек етуіне, кәсіппен шұғылдануына, саясатпен айналысуына барлық жағдай жасалған ғой. Ең ерекшелік сол – кейбір ұлт өкілдерінің балалары мектепте өз ана тілінде оқиды. Мысалы, Ресейде мұндай үрдіс жоқ.
Қазір адал еңбектерінің арқасында кәсіппен шұғылданып, байып жатқан отбасылар көбейіп, қауымға айнала бастаған ұлт диаспоралары бар. Ұлттық салт-дәстүрлерін сақтап, өз діндерін ұстанып, бір шаңырақ аясында тату-тәтті өмір сүріп жатқан халық тек Қазақстанда жасап жатыр. Бұған әрине, қуанасың және мақтанышпен айтасың. Осындай ел бірлігі мен тұтастығы жолында өз бағдарламасы мен мақсаты бар Қазақстан Халық Ассамблеясының жұмысына дүниежүзі риза десек артық айтпаймыз. Әрине, оның басында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тұрғаны айтпаса да түсінікті.
Бақытхан Дәулетбақов,
ғылым докторы, 
Райымбек ауданының 
құрметті азаматы
***

БАҚ-ДӘУЛЕТ – БІРЛІКТЕ

Қазақстандағы ұлттар достығын көзбен көріп, жүрекпен сезіп жүргендердің бірі менмін. Көңілі даладай дарқан қазақ халқы қазір барлық ұлт өкілдерін өзінің туған-туыстарындай көреді. Диаспоралар қазақтың бөлінбейтін қауым-тайпасына ежелден айналып кеткендей. Жер шарындағы негрден басқа барлық ұлт Қазақстанда жасап, өмір сүріп жатыр. Бір елде жүзден аса ұлт өкілдерінің тату-тәтті болып дауласпай, жауласпай өмір сүріп жатқаны бұрын-соңды тарихта болмаған жағдай. Өйткені, халықтар достығы біздің саясаттың басты ұстанымы. Көрші мемлекеттердегі ұлтаралық дау-жанжалды және Ресей мен Украина арасындағы қантөгісті ақпарат құралдарынан естіп, көргенде мамыражай бейне тыныштықтағы Қазақстан жұмақты елестетеді. Ұлтаралық, дінаралық қақтығыс, соғыстан кейбір мемлекеттердің жойылып кеткенін тарих дәлелдеді. Сондықтан, біз ұлттардың достығы мен бірлігіне қуанамыз. 
Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары кейбір мысықтілеу саясаткерлер «Қазақстан көпұлттылығынан түбінде күйрейтін ел» деген сыңайлы пікірлер айтып, үрейлендірген болатын. Ал, керісінше Қазақстанда ұлтаралық достық пен келісім орнап ең бейбіт ел деген атаққа ие болды. Кеңестік дәуірден басталған, интернационалдық тәрбие мен идея қазір жаңаша жаңғырып, «Қазақстан ұлттар лабораториясы» бұл күнде, тіпті, өзгеше бір ұлттар достығының «брендіне» айналды десем қателеспеймін. Мен өзім тәрбие мекемесінде еңбек еткендіктен ұлттар достығы тәрбиесіне қатты көңіл бөлемін. Басшылық жасайтын колледжімде біраз ұлт өкілдері қызмет етеді. Диаспоралардың да балалары бар.

Сқақ Молдалымұлы,
колледж директоры
***

ҰЛТТАР ДОСТЫҒЫНЫҢ ҰЙЫТҚЫСЫ

Қазір ақпарат құралдарында, теледидар арналарында Қазақстандағы халықтар достығына байланысты әңгіме, сұхбаттар, көрсетілімдер жиі беріле бастады. Өйткені, оның өзіндік сыры бар. Қазақ ежелден бауырмал болғандықтан ұлт-нәсіліне қарамай, жалпы, адамзатты жақсы көреді. Ұлы Абайдың адамзатты сүй дейтін қағидасы бар емес пе. Адамдар арасындағы сүйіспеншілік пен махаббатты қасиетті дініміз ежелден уағыздап келеді. Бойында бұрыннан исламдық рух бар ұлт ынтымақ пен достықты қадірлейді. Кеңес үкіметі құндылықтарының бірі ұлтаралық достықты, ынтымақты алғаш орнаған күннен бастап басты ұстаным етті. Соның нәтижесінде КСРО-да ұлттар достығы қалыптасып, интернационалдық тәрбие барынша жолға қойылды. Қазақстандағы халықтар достығының орнығуы Кеңестік саясаттан бастау алып, жалғасқанын ұмытпауымыз керек. «Қазақстан жүз ұлттың Отаны» деген қағиданы біз жүрегімізге құйып өскен ұрпақпыз. 
Қазіргі Қазақстан Халықтар Ассамблеясы туралы айтқанда оның кеңестік дәуірдегі тарихын есте ұстауымыз керек. Тәуелсіздіктен кейін ол өзгеше сипат алды. Сол кезде қалыптасқан халықтар достығы қазір жалғасып жатыр. Бұл күнде Ассамблея атқарып отырған жұмыс сан алуан. Өзінің алға қойған мақсатты жобалары, шаралары бар. Ұлттар достығының шынайы ұйытқысы, рухани күші болған Ассамблеяның 20 жылдық мерейтойы өзімізде ғана емес, өнеге-үлгі ретінде кейбір шетелдерде де аталып өтсе жаман болмас еді. Өйткені, ұлтаралық, дінаралық араздық кейбір мемлекеттерде қантөгіске әкелуде. Достық отаны Қазақстан гүлдене берсін.
Бекен Шерубаев,
профессор
***

ДОСТЫҒЫ  ЖАРАСҚАН  ЕЛМІЗ

Қазақстанда әр ұлт өкілдерінің кәсіппен шұғылдануына  барлық жағдай жасалған. Бізден басқа мемлекетте дәл біздегідей терезесі тең еңбек етіп, кәсіп жасап, қалаған ісімен айналысып жатқан диаспоралар жоқ. Сондықтан олар Қазақстанда бақытты өмір сүріп жатыр. Тіпті, кейбір ұлт өкілдері жер иесі қазақтардан артық тұрады. 
Алматыдағы сауда орындары мен тағы да басқа жерлерде еңбек етіп жүрген әртүрлі ұлт өкілдерін көргенде қазақтың кеңдігіне қайран қаласыз. Осыдан біраз жыл бұрын тарихи отандарына кеткен біраз немістер Қазақстанға қайта келді. 
Қазақтың дархандығы мен кеңдігін және бауырмалдығын Герольд Бельгер көп жазды. Жақында дүние салған оны өзінің өсиеті бойынша достары қазақтар Кеңсайға жерледі. Міне, қазақтың өзге ұлтқа деген сүйіспеншілігін осыдан көруге болады. Олай болса Қазақстандағы ұлттар достығы жасай берсін!
Серік БУРАЕВ,
кәсіпкер

Әзірлеген  Ораз ҚАУҒАБАЙ

 

1838 рет

көрсетілді

21

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз