• Еркін ой мінбері
  • 03 Сәуір, 2015

Шынымызды айту мiнiмiздi айтудан басталса керек

Амангелдi КЕҢШIЛIКҰЛЫ,
сыншы

Өткен өмiрiме ойша көз жүгiртсем, сыншы болғаннан тапқан пайдам шамалы екен. Өйткенi, сыншы екенiңдi бiлетiн жұрттың бәрi де бүгiнде сенен бiр-ақ нәрсе дәметедi – мақтауды. Ал, Құдай қырсық қылып жаратқан мен заманға бейiмделiп, бiреудi орынсыз мақтауға икемделе алмай-ақ қойдым. Қайта керiсiнше, жү­зiктiң көзiнен өтiп кететiн сумақай бейталанттарды, әдебиеттегi ағаларын жағалап, өздерiн өтiрiк мақтатқызып жүрген пысықайларды көрсем, жыным қозып, сын-семсерiмдi соларға қарай сермегiм келедi де тұрады. 


Әкемнiң бiр досы бар. Жазған дүниелерi газет-журналға шыға қалса «Балам, қалай екен, әкеңнiң дүниесi?» деп кейде пiкiр сұрайды. Әрине, әуелi балалық iлтипатпен мақтаймын. Айызы қанып, рахаттанып тыңдайды. Сыншы ретiнде өзiм байқаған кейбiр кемшiлiгiн айтып қалсам, қабылдай алмай, шарт кетедi. Содан берi пiкiр сұраса «жазған дүниеңiз жақсы екен» деп, керек «дәрiсiн» берiп, оңай құтылатын болдым. Бiр күнi ол мақтауыма да көңiлi толмай, «Балам, осы сенiң тiлдiк қорыңда жақсыдан басқа сөз жоқ па?» деп өкпесi қара қазандай болып ренжiдi маған. Әрине, мен оған түсiнiстiкпен қараймын. Бiрiншiден, ол – әкемнiң досы. Екiншiден, ол – қазақ әдебиетiне елеулi еңбек сiңiрген ақын. Үшiншiден... Иә, бәрiнен бұрын бiзге сол, бүгiнгi қоғамның дертiне айналып, етек жайған үшiншi себептi жiлiктеп беру қиынға соғып тұр. Дегенмен, әңгiменi бастаған соң соңына дейiн айтып шығайық. Дайын болсаңыз, ал, кеттiк!
Шамасы, бұл жоғары жақтан жұққан жаман «вирус» болса керек, тәуелсiздiк алғаннан берi бiз (ақын-жазушылар) бiр-бiрiмiздi мақтамасақ тұра алмайтын жұмбақ ауруға шалдықтық. Ақынның немесе жазушының шығармашылық кешiне бара қалсаңыз, оның өлеңдерiн немесе әдебиет туралы ойларын тыңдап емес, ол туралы естiген мақтаулардан дiңкеңiз құрып, шаршап қайтасыз. Алдымен бес сағат бойы ол мақтаулар кеш құрметiнде айтылады. Содан соң, тағы үш сағат бойы банкетте жалғасады. Мерейтойлардағы осындай «қызыл танау» мақтауларды естiгенiмде, «теңдессiз» теңеулерден құлағымның барабаны жарыла жаздап, мазам кетiп, қатты шаршап, түнi бойы ұйықтай алмай, дөңбекшiп шығамын. Қайтейiк, ғасыр халтурщиктерi – ғасырымыздың ұлы ақындары мен ұлы жазушылары атанған заман ғой бұл. Бiздiң бүкiл қо­ғамдық жүйемiз кемшiлiктi көрмей, бәрiн тек  жаппай һәм сыпыра мақтауға құрылғандықтан ба, бiлмеймiн, мақтау мен мақтану бара-бара ұлттық идеа­лымызға айналыпты. Әсiресе, әлеуметтiк желiге кiрiп алып, күнi-түнi мақтау мен мақтануда алдымызға жан салмай, әлемдегi елдердiң алдында көш бастап келемiз. Тамақ iшсек те, көшеде қыдырып жүрсек те, көйлек сатып алсақ та, шетелге шықсақ та, қызметiмiз өссе де, бiр жиынға қатыссақ та, қойшы, тiптi, өлген адамның асына барсақ та суретке түсiрiп, фейсбукка салып мақтану үйреншiктi әдетiмiз болып кеттi. Бiзден басқа мәдениеттi елдерде ол пiкiр алмасудың, оқы­ған кiтаптары жөнiнде ой бөлiсудiң, кеңес берудiң т.с.с. пайдалы iс-шаралардың заманауи құралы сияқты едi. Ал, бiзде фейсбукты ашып қалсаңыз, жырқылдаған жiгiттер мен тырқылдаған қыздардың суреттерi, өлеңдерi жарияланып, оның астында жазылған мақтаулардан басы­ңыз айналып, көзiңiз тұнады: «Сұлу жыр!», «Не деген көркемдiк!», «Супер!», «Құбылыс қой, бұл ақын!», «Классика!», «Шедевр!»... Заманның кеңдiгiн кiмнен қызғанайын. Әлеуметтiк желi бәрiмiзден бiр-бiр жұлдыз жасап шығарды, ақыры. Осыдан кейiн бiздiң қоғамға қандай өкпемiз болуы мүмкiн. Ри-з-за-мын заманыма!
Айтып-айтпай не керек, бiз күннен-күнге мақтау естiмесек тұра алмайтын бол­дық, ақыр соңында. Бұрын қалай бiлмей жүргенбiз, өмiрдiң мәнi мақтау мен мақтануда екен ғой. Баяғыда қазақ күндiз қыдырып, кешке жақын тамаққа тойып алған соң, қарнын сипап тәттi ұйқыға бататын. Интернет шыққалы берi, бiздiң қазақ күндiз күлкiнi, түнде ұйқыны ұмытты. Суретiн немесе бiр өлеңiн, кешiрiңiз, «жауһар» туындысын әлеуметтiк желiге салып қояды да күндiз де, түнде де халқынан сарғайып мақтау күтедi. Мақтанбасақ, мақтамасақ, iшкенiмiз – iрiң, жегенiмiз – желiм. Асыра мақтауларға бауыр басқанымыз соншама, бес жасар баламызға дейiн әлеуметтiк желiдегi достарынан күнiне жүз «лайк» алмаса, балабақшаға барғысы келмей, бақырып жылайды. Бiреудi мақтап, оған жақсы көрiну үшiн киелi ұғымдарды таптай салу, бiз үшiн «пiшту» болды.
Жақында, бiр журналист халыққа танылып қалған ақыннан сұхбат ала келiп «Сiз әдебиеттiң есiгiн басқалар сияқты жағалап емес, теуiп кiрдiңiз!», – деп мақтап, айды аспаннан бiр-ақ шығарды. Жарайсың, аз-зз-заматым! Әдебиет – бiздiң ең ұлы киемiз болатын. Бабаларымыздан қалған асыл мұрамыздай, рухани мешiтiмiздей қастерлеп, әкемiздiң жүрегiндей, анамыздың аялы алақанындай көрушi едiк қой, бiз оны. Әсiре, мақтаулардан көзiмiздi шел басып, кемеңгер Әуезовтiң де жаңа түскен жас келiндей оның табалдырығынан имене аттап, әдебиетке жанының тазалығымен қызмет еткенiн, Мұқағалилардың сөз өнерiне адал болуға серт берiп, оған жылап кiргенiн қалай тез ұмытып қалғанбыз? Тәуелсiздiк алған жиырма жылда рухани мешiтiмiздiң есiгiн теуiп кiретiн жағдайға жетсек, ат жалын тартқан, нағыз «аз-з-за-мат» болған екенбiз. Құттықтаймын, заманынан озып туған дарабоздарымды! Әсiресе, бiрiн-бiрi мақтау мен мақтану жағынан әдебиеттегi жастарымыз бәйгенiң алдын бермей, оза шауып келедi. Бүгiнгi өлең жазуға талпынып жүрген жиырмадан ендi ғана асқан жiгiттерiмiздiң көзi тiрiсiнде Мұқағалилар мен Жұмекендер де естiмеген «талантты ақын» деген мақтауға көңiлдерi көншiмейдi. Оларды риза ету үшiн бiрден «құбылыссың» деп жетi қат көкке көтере мақтау керек. Елден ерекше болып көрiнгiсi келгендiктен бе, бiлмеймiн, мақтау әлемiндегi осындай «әдемi» жолды менiң бiр көңiлшек ақын ағам салып берген едi. Ол бiр мүшәйрадан кейiн жайылған дастарқан басында, жүз грам жұтып алған соң, көңiлi көтерiлiп «Бұл бауырымыз бұрын-соңды қазақ поэзиясында болмаған құбылыс!» деп тым асыра сiлтеп жiберген-тұғын. Тегiн тамақ пен арақ-шараптан қойын-қонышы толған мақтауын аясын ба?! Әлгi ағамыздың «жақсы» эстафетаны бастап кеп жiберуi мұң екен, жастарға майдай жағатын «әдемi» үрдiстi бәрiмiз iлiп әкете жөнелдiк. Бiлегiмiздi сыбанып, жерлестерiмiз бен iнiлерiмiздiң iшiнен құбылыс iздеу науқанына қызу кiрiсiп кеттiк. Ақыры «тормозымыз» iстен шығып, тоқтай алмай қалдық. Басылым беттерiнде «Ғарыштан келген ақын» деген мағынадағы мақалалар қаптап, жердi қойып, ендi оларды аспаннан iздеген, адам түсiнбейтiн бiр арман-ауру пайда болды бойымызда. Төбеден жауған жауһар мақтаулардан жастарымыздың кеудесiне нан пiсiп, талтаңдап жүре алмай қалды. Әйтеуiр, әзiрге берген сәлемiмiздi алып жүргендерiне де, шүкiр. 
Сөздiң киесi болатынын ұмытып, бiр-екi мәрте дастархандас болған, өлең жаза алатын қабiлетi бар достарымыздың бәрiн теледидарға сүйреп, құбылыс жасап әлекпiз. Бiзде құбылыс емес ақын мен жазушы қалған жоқ. Тәуелсiздiк заманы – бәрiмiздi де бiр керемет сезiмнiң бесiгiне бөледi. Бiз қазiр не жазсақ та, тек мақтала беремiз. Рахат! Тәуелсiздiктiң арқасында ақынды немесе жазушыны не үшiн мақтап отырғанын ешкiм ұқпайтын, айтқан ойын адам түсiнбейтiн тұтас бiр «сыншылардың» плеядасы келдi, әдебиетiмiзге. Егер, жастардың қаһарына iлiгiп, «қырт» немесе «мыжырайған шал» атанғыңыз келмесе, тыныш жүрiп, оларды тек жағыңыз талғанша мақтай берiңiз. Құдайға шүкiр, өмiрден өткен бiраз классик ақындар мен жазушыларымыздың артына қалған мұралары түгенделiп, көп томдықтары жарық көрдi бүгiндерi. Өкiнiштiсi сол, халықтың ол туралы еш хабары жоқ. Жарнамалап, оны баспасөз, теледидар мен радиодан да насихаттап жатқанымыз шамалы. Есесiне, бiр жас ақынның кiтабы шықса, тұсаукесер өткiзiп, бәрiмiз шулап, жаппай мақтаудан жарысқа түсемiз. Сенiң күнi-түнi көз майыңды тауысып, жинаған бiлiмiңнiң құны – көк тиын, шертiп қалсаң, шытынап кете жаздағалы тұрған бүгiнгi заманның «классиктерiне». Қазiргi жастарға жақсы болып көрiнудiң жалғыз жолы – тек мақтау, мақтау ғана болып тұр! Осыдан бiрнеше ай бұрын, әдебиет әлемiнде әлi жыға таныла да қоймаған бiр жас ақынның жинағы жарық көрiп, тұсаукесерi өткенде радио мен теледидар, соғыс кезiндегi майданнан келген хабардай, оны әр жарты сағат сайын жарнамалап жатты. Қазақ поэзиясына тағы бiр құбылыс келгенiн хабарлап, бүкiл баспасөз улап-шулады. Фейсбук басылған «лайктардан» өртенiп кете жаздады.
Таяуда мақтауды күнкөрiс қамына айналдырған бiр ақын ағаммен сөйлесiп қалып «Неге бiз, аға, Абай атамыз «сенбе жұртқа тұрса да, қанша мақтап» десе де, бәрiн тек жаппай мақтай беремiз?» дегендi сұрап қалдым (Әрине, мысқылдай). Ағам тым тұңғиыққа тереңдеп кеткен көзiмен маған бiр қарады да, сөзiме түк ренжiместен «Абайдың заманы басқа ғой, iнiм. Бұл заман мүлде бөлек. Әр заманның өз заңдылығы болады» деп бiраз пәлсапалық әңгiме соқты... «Расында да, мына сұмырай заманның, ит тiршiлiктiң заңдылығы осы болса, неге мен де жұртты өтiрiк мақтап, жалғанды кешiп өтпеймiн? Қоғамдағы әдiлетсiздiктерге жаным күйiп, оны сынағаннан не опа таптым? Әкiмдi мақтап, иттiң итақайына берiлiп жатқан баспанаға қол жеткiзе алатын менiң де мол мүмкiндiгiм бар емес пе? Құдайға шүкiр, тiл бар, ой бар. Алланың өзi берген қабiлетiн неге молынан пайдаланбасқа? Билiктi мақтап, үй алған анау бiр отызға да толмаған жас ақын құрлы жоқпын ба?». Түнi бойы осындай «бақытты» ойлардың шаттығында шалқып, бiреуден ақыл сұрау керек болып, алдымен жазушы Төлен Әбдiкұлы көкеме хабарласып едiм, ол кiсi әңгiменi тым әрiден қозғап, әлем әдебиетiнен талай-талай мысалдар келтiрiп, «рухы таза адамдардың ғана ұлы дүниелер туғыза алатынын» айтып, Гюгодан бастап, Мағжанмен аяқтап басымды әбден қатырды. «Қойшы, Төлен көкем ендi басқа заманның, бiреудi өтiрiк мақтауды үйренбеген ескiлiктiң адамы ғой. Одан да өмiр сүрген заманы маған жақындау сыншы Тұрсынжан Шапай ағама хабарласайын», – деп, оған да телефон шалдым.
– Бауырым, бұл сенiң қолыңнан келмейдi. Өйткенi, бұл сала бiзде тым қатты өркендеп кеткен, – дедi ол күлiп. Өмiрiмде тұңғыш рет Тұрсынжан ағама қатты ренжiдiм. Осындай «ұлы бастамаға» тұңғыш рет басын тiгiп, тәуекел еткiсi келген iнiсiне, батасын берiп, жолын аша салса несi кетедi екен?!
Iздегенге – сұраған. Әкiмдi мақтаудың ретi бiр күнi аяқ астынан табыла кеттi. Газет тiлшiсiнiң «Бiзде мемлекетшiл азамат бар ма?» деген сауалына жауап бере келiп «Бiздiң әкiм сондай мемлекетшiл азамат қой» дегендi «тарс» еткiздiм. «Тисе терекке, тимесе бұтаққа». Маған шын көңiлiмен жаны ашитын бiр жiгiт амалын тауып, көмекшiсi арқылы ол сұхбатты әкiмнiң қолына тигiзiптi де. Содан берi әкiмнiң маған қалай үй берiп жатқаны туралы қиял-ғажайып түстер көретiн болдым. Бiрақ, әкiм менiң мақтауыма селт етпептi. Қайта керiсiнше «әкiмдi дұрыстап та мақтай алмайтын дарынсызды қайдан тапқансыңдар? Бүгiнгi күнi қатардағы екi шенеунiктiң бiрi мемлекетшiл азамат емес пе, тәйiрi. Осыны да сөз деп айтып отыр ма, мына байғұс. Мен туралы қаншама мықты зерттеулер мен толғаулар жазылды. Бес бөлмелi пәтердiң кiлтiн қолына ұстата салған анау бiр ақынның мен туралы поэмасы қалай керемет жазылған! Оқығанда көзiңе жас келедi. Ең болмағанда неге соларды бiр дұрыстап қарап шықпаған? Әй, бiздiң жiгiттер-ай, бiздiң жiгiттер... Iзденгiсi келмейдi ғой, iзденгiсi келмейдi. Жалқау ғой, жалқау. Не болып барамыз бiз осы?» деп, көлiгiне мiнiп жүрiп кете барыпты. Әкiмнiң көмекшiсi содан берi менiң төбемдi көрсе, алыстан қашады... Мiне, осы оқиғадан соң, шынында да бұл сала (мадақтау-мақтау саласы!), Тұрсынжан ағам айтқандай, қарыштап дамып, мен ойлағаннан әлдеқайда жоғарыға, қиялым жетпейтiн биiкке самғап кетiптi. Ол үшiн ар-ұят түгiлi, ұлтыңды, Отаныңды сатып, рухыңды да құрбандыққа шалуға тура келедi екен. Әдебиетiмiзде әкiмдердiң жеке басын ғана емес, олардың әке-шешелерiн мақтап, пайғамбар мен әулие жасаған неше түрлi «шедевр» шығармалар туып жатыпты бiрiнен-соң бiрi. Тап осы салада әдебиетте бағы ашылмай жүрген талай-талай талантты жастардың жұлдызы жаныпты. Алла алдарынан жарылқасын, қарақтарымды!
Неге екенiн бiлмеймiн, соңғы кездерi тым көп мақтала берген соң ба екен, менi «Тәуелсiздiк алғаннан берi әдебиеттегi ағаларымыз бiздi шын ниетiмен мақтап жүр ме, әлде iштерiне қулық сақтап, өтiрiк мазақтап жүр ме?» деген күдiктi сауалдар мазалай бастады. Осындай бiр ойлар көңiлiмдi қажап, жаныма тыныштық бермей қойған соң «Бiз өзi осы әдебиетке не бердiк?» деген сұрақтың жауабын iздеп, әлдекiмдердiң намысына тию емес, өзiмдi қамшылау үшiн, фейсбуктағы достарымнан ақыл сұрап көрмекке бел будым. Сондағы бар айтқаным: «Өткен ғасырдың алпысыншы және жетпiсiншi жылдарында әдебиетiмiзге шығармашылығымен да­ра­ланған ақын-жазушылардың озық легi қосылды. Поэзияда – Төлеген Айбергенов, Мұқағали Мақатаев, Жұмекен Нәжiмеденов, Қадыр Мырзалиев, Сағи Жиенбаев, Фариза Оңғарсынова, Өтежан Нұрғалиев, Тұманбай Молдағалиев, Мұхтар Шаханов, Темiрхан Медетбек, Жұматай Жақыпбаев, Кеңшiлiк Мырзабеков, Жарасқан Әбдiрашев.., прозада – Тәкен Әлiмқұлов, Ақан Нұрманов, Қалихан Ысқақ, Әбiш Кекiлбай, Мұхтар Мағауин, Төлен Әбдiкұлы, Сайын Мұратбеков, Оралхан Бөкей, Тынымбай Нұрмағамбетов... Соңғы жиырма жылда әдебиетке келген ақын-жазушылардың iшiнде осылардың талантымен өнер жарыстыра алатын дара тұлға бар ма?»
Әдебиеттiң жеткен биiгiне көңiл толмаушылық барлық уақытта бола беретiн құбылыс емес пе едi, тәйiрi. Тап осындай сауалды ХIХ ғасырда орыс әдебиетiнiң алтын ғасырында Белинский де қойған-тұғын. Жүз жылдан соң орыс жазушысы Иосиф Бродский де Ресейдегi прозаға көңiлi толмай «жиырмасыншы ғасырда бiзде ұлы проза болған жоқ» деген мағынадағы әңгiменi қозғап, күңiренген. Оны айтасыз, өзiмнiң Тұрсынжан Шапай ағам да тап осы сауалды қойған жоқ па едi, осыдан отыз жыл бұрын ғана. Қоюмен ғана шектелмей, соғыстан соң туып, жетпiсiншi жылдардың басында тегеурiн танытқан Жұматай, Кеңшiлiк, Темiрхан, Жарасқан, Иран-Ғайып т.с.с тұтас бiр ақындар плеядасының поэ­зиясын сынаған да болатын. Солардың ешқайсысы да жиырма жастан ендi ғана асқан талантты сыншының орынды сынына өкпелеп, тулаған жоқ. Ал, мен жарайды, шетiнен мақталып жатқан замандастарымды сынамай-ақ қояйын (ондай сынды көтере алмайтындарын iшiм сезедi), ең құрығанда соны сұрап көруге құқым бар емес пе?... Сөйттiм да жоғарыдағы пiкiрiмдi фейсбуктағы жеке парақшама жаза салдым. Апта соңында жұмыстан қажып, тезiрек үйге қайтуға асығып отыр едiм, әлеуметтiк желiде, өзiн мақтауға арнаған сайт ашып алған бiр жас ақынның «Амангелдi Кең­шiлiкұлына хат» деген көлдей мақаласы жарқ ете қалды. Бастапқыда «елдiк, ұлт­тық мәселенi қозғаған дүние болар» деген оймен шын көңiлмен қуандым. «Неге сiз соңғы жылдары ұлттық мәселенi айтпай үнсiз қалдыңыз?» деп, жаман ағасын қамшылағысы келген шығар деген арман-қиялмен хатты оқи бастадым. Қайдағы ұлттық мәселе? Қайдағы елдiк мүдде? Қайдағы тiл тағдыры? Бауырым әңгiмесiн үйреншiктi әдетiмен менi мақтап, көпшiк қоюдан бастапты. «Сiздiң жазғандарыңызды қалт жiбермей оқып жүремiн» деп өткен-кеткендi шолып, бiраз көсiледi. Сонан соң, менiң фейсбуктағы қойған сұрағымның қате екенiн түсiндiрiп, жұртты мақтай беруге аса жаны құмар емес «жаман» ағасын түзу жолға салғысы келiп, бiраз әуреге түсiптi. «Бiрiншiден, сұрақ дұрыс қойылмаған. Әдебиет өнер жарыстыратын сала емес (?). Тiптi спортта да Тайсон неге Мұхаммед Әли секiлдi емес, бүгiнгi Серiк Сәпиев өзiн рингте неге Серiк Қонақбаев секiлдi ұстамайды деп айтпайды. Әр заманның өз ұландары бар» деп мен қозғаған әңгiмеге түк қатысы жоқ, бiр әңгiменi бастап кеп жiбередi. 
Мен бар-жоғы «егер соңғы жиырма жылда бiзде алпысыншы және жетпiсiншi жылдары әдебиетке келген Әбiш Кекiл­байдың «Ханша дария хикаясы», «Шы­ңырау», Қалихан Ысқақтың «Қоңыр күз едi», Ақан Нұрмановтың «Құланның ажалы», Дулат Исабековтiң «Гауһартас», Төлен Әбдiкұлының «Оң қол», Мұхтар Мағауиннiң «Шақан шерi», «Архив хикаясы», Тәкен Әлiмқұловтың «Саржайлауы», «Қараойы», Тынымбай Нұрмағамбетовтiң «Бөрiбайдың тымағын ит алып қашқан қыс», «Атақоныс»... немесе поэзиядағы Төлеген Айбергеновтiң «Сағыныш», Тұманбай Молдағалиевтiң «Қош көктем», Мұқағали Мақатаевтың «Дариға-жүрек», «Аққулар ұйықтағанда», Жұмекен Нәжiмеденовтiң «Менiң топырағым», «Темiрқазық», Сағи Жиенбаевтың «Көк­тем самалы», Ғафу Қайырбековтiң «Беласқан», Кеңшiлiк Мырзабековтiң «Iңкәр дүние», Жұматай Жақыпбаевтың «Ләйлә», Жарасқан Әбдiрашевтың «Най­зағайлы жаз... (қапелiмде бiреулер атал­май қалса ғафу өтiнемiн) сияқты туын­дылар болса, «құбылыссың» деп бiр-бiрiмiздi өтiрiк мақтамай, соларды талдап-таразылап, шын бағасын берейiк» дегендi ғана айтқым келген. Ақын iнiм менiң ойымды дұрыс түсiнбептi. Содан соң Алаш зиялыларын мысалға келтiрiп, Мұқағали мен Жұмекендердi, тiптi, туған әкемдi менiң өзiме қайта таныстырып, тағы бiраз терең ойдың тұңғиығына батып кетедi де, «жалпы, нағыз қаламгер әдебиеттi өзiнiң тағдыры, өмiрi деп бiледi», – деп сыншы ағасына тағы да ақыл үйрете жөнеледi. Мен де әдебиеттi бiр адамдай зерттеген едiм, бiздiң заманымызда ұстаздарымыз әдебиет ақынның жеке өмiрi емес, «халықтың жаны, ұлттың рухы» (Жүсiпбек Аймауытов) деп оқытқан болатын. Сол жанды кiрлетiп, рухты өлтiрiп алмауды үйреткен едi. Жоқ, бiздiң аса талантты жастарымыз басқаша ойлайды екен. Ақын iнiмдi ол үшiн кiналамай-ақ қояйын. Мүмкiн, осындай ойды оның санасына сыналап кiргiзген ұстаздары, шынында да, шетiнен «мықтылар» шығар. Ананы, мынаны айтып, менiң басымды әбден қатырған жас ақын әрi қарай да маған ақыл үйретуден танбайды. «Басқа елдерде iштей мойындалғанмен, сырттай мүйiзделген жас талант жетiмнiң күйiн кешпейдi. Керiсiнше, сол туралы мұқым елге «Ақын келдi! Жаңа жазушы әдебиет есiгiн ашты!» деп сауын айтып, сүйiншiлейдi. Ең алдымен оның артықшылығын көрiп, кемшiлiгiн жасырып (?) бағады». Қойшы, көкiрегi зор ақын iнiмнiң әр сөйлем сайынғы адасушылығын көзiне шұқып көрсете берсем, әңгiмемiз бүгiн бiтпейдi. Әңгiмесiнiң тоқ етерiн айтсам, ол «неге осы сiздер әдебиетiмiзге келiп жатқан таланттарымызды көрмейсiздер, бағаламайсыздар, ит терiсiн басына қаптап мүйiздей бересiздер?» дегендi қозғап, ауға түскен балықтай тулайды.
Құдайым-ау, әдебиетiмiздегi талантты ақын ағаларымыздың қайсысы бiздiң кеудемiзден итерiп едi. Қайта құшақ жая қарсы алып, бiр жылт еткен дүниемiздi көрсе жарыса мақтап, төбелерiне шығарып, «Алтынкөпiрлiктер» деп мақтап, хан көтерiп жатқан жоқ па? Рас, шынында да, алпысыншы және жетпiсiншi жылдары әдебиетiмiзге лек-легiмен таланттар келiп жатқанда, ондай сөздердi айтудан заманнан қаймыққандықтан Мұқағали, Жұмекен, Кең­шiлiк, Жұматайлардың талантына лайық бағасын ала алмай өмiрден өткенi – ақи­қат. Тәуелсiздiк алғаннан берi қайта, керiсiнше, әдебиеттiң келешегiне алаңдап, сасып қалған ағаларымыз таланттармен бiрге, қаптаған «халтуршиктердi» де жаппай мақтап, тайраңдатып төбемiзге шығарып қойған жоқ па?! Тiптi, нағыз әдебиетке түк қатысы жоқ мәселенi қозғап көлдей хат жазып отырған айбыны өктем бауырымды талантты ақын Тыныштықбек Әбдiкәкiмұлы, өнертанушы Таласбек Әсемқұлов, жазушы Айгүл Кемелбаевалардан бастап бәрi де кезекке тұрып мақтап шықты емес пе. Қарғам-ау, осындай өкпенi тап сенiң айтуға қалай дәтiң барады? Жалтылдаған мақтаулардың тұтас бiр «коллекциясын» жинап жүрген жiгiт емессiң бе, сен. Маңдайымызға бiткен жалғыз әдеби басылым «Қазақ әдебиетi» газетiнде де тек сендер мақталып, тiптi, нағыз әдебиеттiң қандай болуы керек екенiн де тек сендер ғана үйретiп жатқан жоқсыңдар ма, бiзге. Айтып отырғаным өтiрiк болса, өзiң аса қатты «құрметтейтiн» алпыстан асқан Аманхан (Әлiм) ағамнан сұрап көршi, ол осындай мақтаулардың ширегiн естiп пе екен өмiрiнде. Жарайды, сен бiр ерекше жаратылған талант шығарсың. Онсыз да оны шамадан тыс көп оқудан шаршап жүрген әдебиеттен неше түрлi мысалдар келтiрiп басымды қатырмай, саған қандай мақтау керек екенiн мына бiз сияқты «танымы таяз» сыншы ағаларыңа дұрыстап түсiндiрiп бершi, бауырым...
Аманхан демекшi, тоқсаныншы жылдардың басында ол ағаммен мен де айтысып қалғанмын. Бiрақ, бiздiң айтысымыз «менi неге мойындамайсың?» деген «ұлы» мәселенiң емес, ұлттық рух, әдебиеттегi таным сияқты «ұсақ-түйектер» төңiрегiнде болып едi. Басқаларын сөз етпей-ақ қояйын, бiрақ, туған әкем Кеңшiлiктi сенен артық бiлетiн сияқты едiм. Мақтау сөз естiмегенiне емес, Алаш арыстарының ақталмай жатқанына әкемнiң жаны қаттырақ күйетiн. Күйiктен кейде iшiп келiп, Мағжанның өлеңдерiн маған оқып берiп жылаған сәттерi әлi күнге есiмнен кетпейдi.
Ақын бауырымның маған жазған хатына жауап бермей, жылы жауып қоя салғым келген. Бiрақ, хат жазыла салысымен оның замандастары әуелi әлеуметтiк желiде, одан кейiн менiң рұқсатымсыз осы бiр сауалым мен бауырымның маған жазған хатын бiрiнен-соң бiрi сүйiншi сұрағандай көшiрiп басқан интернетте, оларды мақтағысы келмейтiн ағаларының сыбағасын жақсылап тұрып бердi-ау! Өмiрi естiмеген сөздерiмдi естiп, жағамды ұстадым. «Сүйкiмсiз», «сұмырай» дегендер бергi жағы ғана, арғысын айтудан оқырманнан ұяламын. Жүректiң тұсынан да, төменгi жақтан да аяусыз соққылар бiрiнен соң бiрi кеттi сатырлап... Не айтамын мен сендерге? Заман, сендердiкi! Басымды көтерткiзбей тастаған соққылардан қорғанып, амалсыздан тал қармауға тура келдi. «Ақын iнiм, маған хат жазыпты. Менiң атыма бiраз ауыр сөздер айтылса да, бұл жiгiттiң көп пiкiрi маған ұнады. Көңiлiме қонды. Оған деген құрметiм арта түстi. Бiраз ойымды қайта саралауыма түрткi болды. Бiрақ, ол менiң ойымды дұрыс түсiнбептi», – дегендi айтып, соғыстың қалай басталып кеткенiн байқамай қалған Украинаның бұрынғы президентi Виктор Януковичтей бiреулердi айтқан болдым. «Бәсе, осылай сабаңызға түспейсiз бе», – деп жастардың иелiгiндегi әлеуметтiк желiлер мен интернеттер тағы да менiң кешiрiмiмдi бiрiнен соң бiрi сүйiншi сұрап, көшiрiп басып жатты. Ақын iнiме әдебиеттiң не екенi жайлы ақыл үйретiп жүрген жанашыр ағалары да фейсбуктағы жеке парақшаларына бауырының хатын қуана жариялап, шампан атып, той жасады. Жасасын, әдебиет! Әрең есiмдi жиып, үйге келiп жан әлемiме үңiлсем, жараланбаған жерiм қалмапты. Мынандай, өзiнiң ұлылығын дәлелдеу үшiн болған қанды-қырғын соғыстан қалай аман қалғаныма қайранмын. Орыс жазушысы Василий Розановтың «Әдебиет емес, жалған әдебиетшiлдiк қорқынышты (литературщина). Жанның жалған әдебиетшiлдiгi. Рухтың жалған әдебиетшiлдiгi» деген сөздерi есiме түсiп, өмiрiмде тұңғыш рет сыншы болғаныма өкiндiм.
Намысты қолдан бермейтiн, жас қырандарым, менiң! Сөзiмдi шығындап, мен сендерге босқа өкпелеп жүр екенмiн. Жиырма жыл бойы жалған әдебиетшiлдiктiң дертiне шалдығып, Шекспир, Бальзак, Толстой, Достоевский, Абай болып шын сырқаттанып қалған сендерге мен ендi тек аяушылықпен ғана қараймын. Қайтейiн, әдебиеттегi «қамқоршы» ағаларың сендердi әбден мақтап-мақтап, ендi жазылмайтындай етiп ауыртып тастапты. Мен сендерге өкпелемеймiн. Тек қана осы сырқаттанудың аяғы өздерiне қол салған Мисималар мен Есениндерге елiктеушiлiкке ұласып, жастардың арасында жаппай «суицидтiң» белең алуына әсерiн тигiзбес пе екен деп қауiптенемiн. Жиырмадан ендi ғана асқан, мақтау өтiп кеткен жас жiгiт таяуда фейсбугындағы жеке парақшасына әдемi етiп салынған портретiн жариялапты да, астына туған жылын жазыпты да, «өлген жылым кейiнiрек жазылады» деп қолын қойыпты. Бұл – шындығында да, қорқынышты құбылыс. Құбыжық құбылыс.
Осыдан он жыл бұрын жұртқа әбден белгiлi болған бiр алаяқ жазушы туралы «Бiздiң заманымыздың Бальзагы» деген мақала газетке шыққанда, осы дерттiң бiздiң әдебиетiмiзге келуiнен қауiптенiп, жүрегiм ауырған едi. Келмек түгiлi, бұл жаман дерттiң бiздiң әдебиетiмiзде тамыры тереңге жайылып кетiптi. Ендеше, бүгiнгi заманның поэмалары жоқ Байрондары мен романдары жазылмаған Ремарктарынан, үш драма шығарған Шекспирлерi мен төрт өлең түрткен Тютчевтерi, бiр әңгiме сындырған Буниндерiнен менiң ақыл сұрауым нағыз жындының тiрлiгi емес пе?!

 

349 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз