- Тарих толқынында
- 28 Сәуір, 2012
Еліміздің өркендеп, көркеюі
Ермек Нұрмағанбет, оқытушы
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Биылғы Жолдауында Елбасы өз дәстүрін бұзған жоқ. Қиыншылықтардың болатынын ашық айтты. Әлемдік қаржы дағдарысының Қазақстанды айналып өтпейтінін, оның алдын алу қажеттігін баса көрсетті. Жолдауда бірде-бір сала қамтылмай қалған жоқ. Бүгіннен бастап, елімізде он басым бағыттар бойынша жұмыс қолға алынатынын, олардың ішінде еңбекке жарамды адамдардың кәсіби деңгейлерін қайтара қарап, керек болса, қайтара оқыту қажеттігін, аймақтарда шешімін таппай, тоқырап қалған салаларды қайтара қозғалысқа келтіру, әсіресе, білім беру мен денсаулық сақтау мәселелерін күн тәртібінен түсірмеуді шегелеп айтты. Елбасы Жолдауының мәні ерекше, себебі бұл Жолдау – Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық кезеңін қорытындылап, келесі он жылдыққа нық қадам басуымыз. Жолдауда «бүгінгі дамудың ең басты бағыты, адам факторы айқындаушы фактор болып табылатындығы» баса көрсетілді. Дамыған қоғам – білімді қоғам, онда әлеуметтік үдерістердің өлшемі болып табылатын білім беру маңызды институт болып табылады. Сондықтан да, Жолдауда білім беру жүйесін жетілдіру мәселелері ерекше орын алған. Елбасы өз сөзінде «оқыту үдерісіне заманауи әдістеме мен технологияны енгізу, педагогикалық құрамның сапасын арттыру, біліктілікті растайтын тәуелсіз жүйені құру, жастар үшін білімге қолжетімділік аясын кеңейту қажет. Білім тек білім беріп қана қоймай, сондай-ақ алған білімін әлеуметтік бейімделу үдерісінде пайдалануға икемделуі керек» деп атап өтті. Президент өндірістен қол үзбей, білім алу мүмкіндіктерін кеңейтуге ерекше назар аударды. Елбасымыздың 10 бағыттағы ауқымды талабы еліміздің бүгіні мен болашағын бағдарлап, болашаққа деген нық сенімі біздің де көңілімізге сенім ұялатты. Тағы бір қуантарлық жайт: әсіресе, білім саласының қызметкері ретінде, білім-ғылымға қатысты айтылған игі талаптар да көңілден шықты. Елбасы Білім және ғылым министрлігіне жұмыс істейтін жастардың кәсіптік білім алуына жағдай жасауын, жастардың өз бизнесін дамытуға, баспанаға қол жеткізуге мүмкіндік беретін бағыттарды да айқындап, осылардың орындалу барысында біраз міндеттер тапсырды. Дана халқымызда «ғылым – теңіз, білім – қайық» деген қанатты сөз бар. Жастарға, ең алдымен, сапалы білім керек. Сол білімнің арқасында жетістікке жетіп, еліміздің де дамып, өркендеуі анық. Елбасы тәрбие мәселесін балабақшадан бастап, жоғары оқу орындарына дейін өз бақылауында ұстап отырғаны анық. Оқыту үдерісінің тәрбиелік құрамасын күшейту қажет екенін айтты. Олар – патриотизм, мораль мен парасаттылық нормалары, ұлтаралық келісім мен толеранттылық, тәннің де, жанның да дамуы, заңға мойынұсынушылық. Бұл құндылықтар, меншіктің қандай түріне жататынына қарамастан, барлық оқу орындарында да сіңірілуге тиіс. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің оқытушылары мен студент-жастарының ұжымы мемлекет пен Президенттің саясатын толығымен қолдай отырып, Жолдауда алға қойылған міндеттерді жүзеге асырудың әрекет ету бағдарламасы ретінде қабылдайды. Бәсекеге қабілетті, жоғары білікті мамандарды даярлауды жүзеге асыра отырып, өскелең ұрпақты қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеп, олардың бойына адамгершілік қасиеттер мен Отанға деген сүйіспеншілікті қалыптастыру – негізгі мақсатымыз. Себебі, жастар – еліміздің ертеңі, демократиялық үдерістердің жарқын болашағының кепілі! Осы бағытта әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде көптеген жұмыстар атқарылуда, ендігі кезекте Жолдауда көрсетілген тапсырмалар бойынша тәрбие жұмыстарын пысықтап, жас ұрпақтың әлеуметтік белсенділігінің артуына, саналы құқықтық және саяси мәдениетін қалыптастыруына, өмірлік қағидасы күшті, рухты болып бекітілуіне көңіл бөлу барлығымыздың алға қойған мақсатымыз болуы керек. Сол себепті қоғамға ең керегі – елдің ертеңіне деген сенімі мен үміті. Елбасы Жолдауы жаңа міндеттерді жүктей отырып, болашаққа бастар жарқын бастама екендігі баршамызға мәлім. Сондықтан да, әрбір Қазақстан азаматы Жолдауға қолдау білдіре отырып, тәуелсіз мемлекетіміздің дамып, әлемдік өркениетке қосылуына, экономикасы қуатты елге айналуына аянбай еңбек етуі шарт. Ондағы аталған келелі істерді атқаруға жұмыла кірісу барша қазақстандықтардың абыройлы борышы болмақ. Әлем тарихындағы ұлы тұлғалардың бірі Махатма Гандидің «Дүниені өзгерту үшін өзіміз өзгеруіміз қажет» деген қанатты сөзі бар. Өркениетті, көшбасшы елге айналу, бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыру мақсатындағы іс-қимылды біз өзімізден бастауымыз қажет. Егер, әрбір азамат өз мүддесін мемлекет мүддесімен ұштастырып, ел әлеуетін арттыру, халықтар бірлігін нығайту жолында аянбай еңбек етсе, егемен еліміздің алмайтын асуы, бағындырмас биігі болмайтындығына бек сенімдімін. Себебі, ұлтымыздың Ұлы Тұлғасы – сөз бен істің бірлігінің біртұтас белгісі. Біз де еліміздің білімі мен мәдениетін одан әрі өркендету ісіне, мемлекетіміздің келешегінің кемел болуына барлық қажыр-қайратымызды жұмсаймыз деп сендіреміз.
488 рет
көрсетілді0
пікір