• Заманхат
  • 18 Мамыр, 2015

МҰХТАР ӘУЕЗОВ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ҮКІМЕТІ

1920 жылдың күзінде қазақ Автономиясы жарияланып, жаңа кеңестік респуб­лика құруға бет түзеген уақыт еді. Қазақ үкіметінің басшылық құрамы анықталып, жалпы басқару құрылымын дамыту мен жетілдірудің жайы «көш жүре түзеледінің» күйін кешті. Мемлекетіміздің басты белгісі территориялық тұтастығын қалпына келтіру мен қос төңкерістер және азамат соғысынан зардап шеккен қоғамды ауыр апаттан шығару мақсатына бар күшті жұмылдыру кезек күттірмес шаруалар болғандықтан, үкімет органдарының әкімшілік қызметі осы салаларға бағытталды. Жалпы, Ресейден бастау алған күрделі өзгерісті қазақтың алдыңғы қатарлы зиялылары әртүрлі көңіл-күймен қабылдағаны аян. Нәтижесінде Алаштың бір топ көсемдері, олардың соңына ілескен  жастар да «көзқарастарын қайта қарап», билігі баянды кеңес өкіметінің қызу жұмысына белсене кірісіп кетті. Әрине, жұртының болашағын ойлап, қылаң үмітпен елеңдеп жүргенде халқымызға қажетті «бостандық», «теңдік», «азаттық» тіле­гені көктен түскендей болғанда қазақ оқығандарының көкіректерін қуаныш кернеді, көңілдері арманға толды. Мемлекет іргесі қаланып жаңа құрылысымен басталған көшке Семей өңірінен өз замандастары Нығмет Нұрмақов, Ыдырыс Мұстамбаев, Әзімбай Лекеров т.б. үзеңгілесе араласқандардың бірі – заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезов еді.


Бұл турасындағы алғашқы деректерді мұрағат құжаттарын парақтап отырып кез­дейсоқ ұшырастырғанбыз. Ол 1926 жылы Ленинград университетінің студенті Мұх­тар Әуезовтың Қазақ үкіметінен стипен­дия бөлуді өтініп жолдаған арызына Қа­зақстан халық ағарту комиссары Смағұл Сә­дуақасовтың Қазақстанның Комиссарлар Кеңесі  төрағасының орынбасары Абылай Серғазиевке былай деп анықтама жазғаны: «Мен Әуезовты білемін. Қазатком  мү­шесі және РКП (б) мүшесі болған. Ке­зінде кездейсоқ себептермен партиядан шығып кетті. Болашағынан зор үміт күттірген жас жазушы. Мүмкіндігінше өтінішін қанағаттандырып, көмек беруіңізді сұрай­мын»[1]. Осы хат­тағы жас Мұхтардың бо­ла­шағын дәл бол­жаған қандай сенімділік және  көре­ген­ділік десеңізші! Әйтсе де бізді аса таң­дандырғаны М. Әуезовтың Қазақ Ор­талық Атқару Комитетінің мүшесі әрі РКП(б) партия мүшесі болғандығы еді.  Құжаттағы «механический выбыл в силу формальных мотивов» деп Садуақасовтың жұмбақтауында нендей сыр жатыр, партиядан неге шығып кеткені жайлы сауалдар бізді еріксіз мазалаған болатын. Мұрағат істерін парақтау барысында көзімізге ілініп, аз да болса көңіліміз бен күдігімізді аша түскен құнды деректерді кездестіре бастадық. Құжаттар Әуезовтың 1920-1922 жылдары саяси-партиялық жұмыстарға қызу араласқандығын, аз уақыт ішінде-ақ бірталай жауапкершіліктерді атқар­ған­дығын тайға таңба басқандай дәлелдей түсті.
Әуезовтың әуелгі саяси-қоғамдық қыз­метке араласуы Семейде басталыпты. Өздері көсем санаған Алаш қай­раткерлерінің ұсынған ұлт­тық мем­­лекетті жаңғырту идеясы дағда­рыс­қа ұшыраған соң, елге қызмет қылудың бірден-бір жолы большевиктер қатарына өтіп, қазақ ұлтының мүддесін қорғап қалу қажет еді. Ол жолды көрсеткен де Ахмет Байтұрсынов бастаған аға буын «Далалық» өлкені басқарушы Ревкомның құрамына еніп, Қазақ Авто­номиясының іргетасын қалауға өз үлестерін қосты. Қазақ үкі­меті құрылғандағы алғашқы тұт­қалы қызмет­терді иемденіп, ел болуға қажетті мәсе­лелерді көтеру мен шешудің жолдарын іздеді. Осы тұста қазақ жерін бір тудың астына жинауға семейлік жас қайраткерлер де ат салысты. Нәтижесінде Ақмола және Семей губерниялары ешбір бөлшектеусіз,  1921 жылдың мамырында Батыс Сібірден Қазақ АКСР-іне толық қаратылды. Осы шараны асыруға мұрындық болған Қазақ Орталық Атқару комитетінің Орынбордан арнайы жіберілген төтенше өкілі С.Сәдуақасов Семейдегі губаткомды таратып, құрамына қазақ большевиктерін енгізе отырып, қайта жасақтайды. Жер­гілікті «Степная правда» газеті «Қа­зақ Орталық Атқару комитетінің қаулысына сәйкес осы жылдың 18 ма­мырында губернияның (Сібревком құрамынан – Б.Қ.) Қазақ Республикасына көшуіне байланысты Семей губаткомы таратылып, жаңа құрамда губревком тағайындалды: төрағасы С.Сәдуақасов, орынбасары Левитан және мүшелері Большаков, Әуезов, Нұрмақов, Полозов, Глинский» деп хабарлады [2]. Жаңа губревком құрамымен өткізген жиында Сәдуақасов Ақмола және Семей губернияларын Қазақстанға қосу мәселесі қиындықтар тудырып, жер-жердегі орыс­тар тарапынан «жойқын қарсылыққа, қасақана ұйымдастырылған қиянатқа тап болғанын» мәлімдейді. Мәселеге қатысты ашына сөйлеген М.Әуезов, Н.Нұр­­­мақов және бірнеше қайраткердің сөз­­дері мынаған саяды: «бұл мәселені келесі қысқа қалдыруға болмайды, халық арасына шығып, үгіт-насихатты барын­ша күшейту қажет; Дала генерал-губернаторына бағынған бұрынғы Семей облысының біртұтас қалпында Кир­республикаға енуін Мәскеудегі ор­талық үкіметтен батыл түрде талап ету керек; бұл үшін бойында қазақ қаны бар, кеудесінде намыс оты лаулаған зиялы қауым жеке басының күйбең тірлігін қоя тұрып, даулы болыстарға аттансын, қазақ жерін жырымдау ісіне қарсы тұруға халықты жұмылдырсын!»[3]. Кетерінде Смағұл Сәдуақасов Губревком төрағасы міндетіне М.Әуезовты бекітіп кетеді. Деректерден білуімізше, Әуезов көп кешікпей дереу Қарқаралы уезіне іссапарға аттанады. Бұл жерде Сібірден ажырағысы келмеген ақгвардияшыл құйыршықтардың ұйымдасқан тобы төңкеріс ұйымдастырып, жергілікті коммунистердің 80 адамы қай­ғылы қазаға ұшыраған болатын. Осы аймақтағы жағдайды орнықтыру мақса­тымен тыныштандыру шараларын ұйым­дас­тырып, бір айдай болады. Оның ұсыны­сымен Қарқаралы уездік ревкомының бас­шысы болып, көрнекті азамат, белгілі мем­лекет қайраткері Әзімбай Лекеров та­ғайындалады.
Елдің тұтастығын қалпына келтіруде па­расаттылығы, ұлтжандылығымен на­зар­ға ілінсе керек, Әуезовтың ендігі қызметі Орынборда жалғасын табады. 1921 жылдың 25 тамызында «Киргосиздат» меңгерушісі Әуезовты және губкомдағы Нұрмақовты Семейден Орын­борға алдыртып, оларға жаңа қызмет қарастыру туралы Облыстық партия комитетінің шешімі шыққан [4]. Кеңестік қазақ үкіметінің ордасы Орынборда 1921 жылы 27 қазанда өткен Қазатком мәжілісінде Әуезовты аштыққа ұшырағандарға көмек көр­сетуші Орталық комиссиясы төр­ағасының орынбасарлығына сайлау туралы мәселе тыңдалып, шешімі бір­ауыздан мақұлданған [5]. 1921 жылы 1 қарашада өткен Қазатком мәжілісінде оны Қазаткомдағы мемлекеттік ақпарат құрылысына (Госинформстройка) өкіл етіп  тағайындайды [6]. 1922 жылы 1 сәуірде Әуезовты Облыстық партия комитетінің жанынан өлкелік кеңес мектептерін тексеруге құрылған комиссияға өкіл ретінде бекіту туралы шешім  де қабылданады [7]. Тағы да ескертеміз, бұл бізге ұлы жазушы жайлы деректердің ұшырасқаны ғана, осынау шешімдерді, бар мұрағаттық құжаттарды толықтыра қарау негізінде Әуезовтың жан-жақты атқарған қоғамдық–саяси қызметін зерттеп, бағасын беру алдағы уақыттың еншісі.
Соңғы шешімнен соң екі апта өтпей Әуезов Семей губаткомы төрағасына төмен­дегі мазмұнда хат жолдапты: «15 сәуірде Қазаткомның Обкомның проф­бюро өкілі ретінде Семейге жол жүргелі отырмын. Негізгі мақсатым қазақ тұр­ғындары арасында партиялық кеңес және кәсіптік жұмысты күшейту. Кезек күттірмейтін нақты шаруалар мыналар: өнеркәсіптік аудандарда қазақ жұмысшыларын ұйым­дастыру, жер туралы декретті өмірге енгізу, қазақтың кедейлерін милиция қатарына тарту. Белгіленген шараларды жүзеге асыру үшін аталған кеңестік өндіріс салаларында тәжірибелі қазақ жұмысшыларының қа­жеттілігімен ты­ғыз байланысты. Сон­­дықтан, губком және губисполком же­дел түрде айтылған қазақ жұмыс­шыларын тіркеуге алып, аудандардан шақыртуы тиіс. Алғашқы кезеңде бұл қажетті жұмысшылардың саны жиырма болуы керек. Қазақтар арасында кеңес жұмысын кеңейту ҚАКСР Өлкелік мекемелердің кезек күттірмейтін шаруасы болып отырғандығын хабарлаймын. ҚАКСР барлық губернияларға өкілдер жіберіліп, оған науқаншылдық сипат беріліп отыр. Сондықтан бұған көңіл бөлмеу қылмыспен пара-пар болып саналады». Қазаткомның обкомдық профбюро өкілі Әуезов. 1922-ж. 11-сәуір [8].
Мұрағат құжаттарынан бірнеше қыз­метті қатар алып жүрген  Мұхтар Әуе­зов­тың Семейде ғана емес, «ІІ Кеңестер съезінен соң Әуезов Оралда болып, аштыққа ұшыраған дала тұрғындарына көмек көрсету шараларын ұйымдас­тырғаны, жұмысты атқаруға жергілікті қазақ қызметкерлерін қатыстырғаны» да ай­­тылады [9]. 1922 жылдың ортасында өткен Қазақ Орталық Атқару Ко­митетінің Төралқасының І сессиясының отырысында Қазақстандағы жалпы ат­қарылып жатқан жұмыстардың барысы қаралып, қызу пікір­таластар өтті. Семей губерниясындағы кеңес билігінің жұмыстары жайлы есеп берген Егоров дегеннің баяндамасын Әуезов өткір сынға алады. Семейдегі азық-түлік салығын жинауды жетістік ретінде тізгеннен артық, қазақ ауылдарының тұрғындары мен қазақ жұмысшыларын кеңес билігіне тарту жөнінде ештеңе айта алмады дей отырып: «Семей губерниясындағы тұз кеніштері, Ертіс бойындағы құрылыстардағы жұ­мысшылардың 80 пайызы қазақтар. Олар ауыр жұмыстарды атқарады және кәсіпті игеретін мамандықтарға тартылмай отыр. Мәдени-ағартушылық жұмыстар мүлдем жүргізілмейді. Жер­гілікті губатқару комитеті әсіресе олар­дың материалдық жағдайына кө­ңіл бөлуі керек, баяғыдай орыс жұ­мыс­­шыларымен салыстырғанда қа­­­зақ­­тардың ахуалы өте нашар. Көп­теген өндірістік аудандарда қазақ жұ­мыс­шылары басым болғанымен әкім­шілігі саудагер татарлар мен орыс жұ­мысшыларынан құралған. Салыс­тырмалы түрде басқалардан Семейдегі экономикалық жағдай біршама жақсы. Ендеше кеңес жұмысын көркейтуге мол мүмкіндік бар. Қазақтарды милицияға тарту керек. Ертіс жағасының он шақырымдық жерін қазақтарға қайтару туралы декрет былтыр қабылданғанына қарамастан ештеңе орындалмады. Тек ғана қазақтардың «казак қорларына» (казачьи фонд -Б.Қ.) бертінге дейін төлеп келген ақшалай салықты алып тастауды түбірлі өзгеріс деп санаймын...» деп Семей өңіріндегі отаршылдық тәртіптің аса өзгере қоймағандығын атап көрсеткен [10]. Сөйтсе Әуезовтың ащы  сыны шамына тиген Егоров дегенің жөнсіз шыдамсызданып: «бар кемшіліктерді тіз­гені жақсы болды ғой, мені Семей жөніндегі жұмыс жайлы кінәлай қалса, сауалды мен кеше губревком төрағасы болған Әуезовтың өзіне жолдайтын боламын» – деп құйтырқылыққа салынған. Оған Әуезов «мен губревком төрағасы міндетін бір ай ғана атқардым және бар уақытым Қарқаралыдағы ауыр ахуалды орнықтыруға кетті..»деп байыппен жауап берген.  
Осы өткен жиынның стенограммасында Оралдағы аштықпен күрес мәселесі турасындағы жарыссөздер барысында Әуе­зов те сыни әрі салиқалы пікірін айтып отырады. Ауыр жағдайды басынан кешірген губерниялардағы аштықтың се­беп-салдарына қаныққан ол өз ойларын бы­лайша тұжырымдайды: «Аштықпен кү­­рестің ұзақ мерзімге белгіленген жос­пары жасалуы қажет. Орталық ко­митетке қазақ тұрғындарының кө­шіп-қонуының бағытын анықтауы тиіс. Мәселен Торғай уезінен, Шалқар ау­данына теміржол бойымен жүруге, жазда Кереку, Атбасарға қарай көшуге болады. Оған үгіт-насихат жұмысын жүргізіп, көшіп келушілерге жергілікті органдардың көмек көрсетуі жөнінде тапсырмалар беру керек...» [11]. Әуезовтың жалпы жарыссөздерге қаты­суынан алынған құжаттардан бізге қажет деп санаған орысшадан қысқа аудармаларды ұсындық. Мақсатымыз М.Әуезовтың 1920-1922 жылдар аралығында мемлекеттік-саяси қыз­­метке қызу араласқандығын мұрағат құ­­жаттары арқылы оқырманды хабардар етіп, зерттеушілердің назарын аударсақ деп едік. 
Ұлтының мұраты жолында мемлекет ісіне қызу араласқан Әуезов көпке ұзамай кенеттен әкімшілік қызметтен бас тартып, шығармашылық жолға түседі. Оның себебін айғақтайтын дәлелдерді кездестірмедік. 1926 жылы Ленинград университетінің ІІІ курс студенті болып жүргендегі Қа­зақстан халық комиссарлар кеңесінің төр­ағасы Н.Нұрмақовқа жолдаған хатында Мұхтар Әуезов өзінің алдағы өмір жолын айқындағандығын былайша білдіреді: «Мен оқытушы мамандығын ұзаққа таңдадым және өзімнің болашағымды қазақ мектептерінсіз елестете алмаймын» – деп жазады. Сол сияқты «1919 жылдан бергі қызметім туралы үндемедім, оны Нұрмақов жеткілікті білетін болар» – деп айтып өткен-ді [12]. Осылайша қазақ халқына әкімшілік жолмен қамқорлық жасаудағы тәуір де күрделі бас­таманы ол көпке созбай саяси қызметпен түбегейлі қош айтысып, оқу-ағарту және шығармашылыққа біржола көшеді. Асылы, бұл шешімнен ұлы жазушы Мұхтар Әуезов те, қасиетті қазақ халқы да ұтылған жоқ. 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Қазақстан Республикасының Орталық Мемлекеттік мұрағаты (ҚРОММ), 30-қор, 1-тізбе, 460-іс, 87-88-парақтар.
2. Кене­молдин М. Тұрағұл және Алашорда үкіметі //Абай журналы. -№4. -2006. - Б.34-35.
3. Сәрсеке М. Шекара//Егемен Қазақ­стан. -2003. -28 мамыр. –Б.9.
4. Қазақстан Республикасының Прези­ден­тінің Мұрағаты (ҚРПМ), 139-қ., 1-т., 13а-іс, 52-п.    
5. Қазақстан Республикасының Орталық Мемлекеттік Мұрағаты (ҚРОММ), 5-қ., 18-т., 94-іс, 5-6-п.п.
6. Бұл да сонда, 8-п.
7. Бұл да сонда, 16-п. 
8. Бұл да сонда, 15-п.
9. Бұл да сонда, 2-т, 18-іс, 64-п.
10. Бұл да сонда, 222-п.    
11. Бұл да сонда, 144-п.
12. Қабдөшев Б.Затаевич пен Әуезовтың хаттары // Фемида. -1998.-№7. -70-75 бб.

Б.Қабдөшев,
Алматы Энергетика және 
Байланыс университеті

This article presets the participation of M.Ayezov in social political life of the Kazakh republic by the archive sources in 20-es of 20-th century.

330 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз