• Тарих толқынында
  • 18 Мамыр, 2015

Жаны шуақтан жаралған

Қазақта «Туғанында көрмеген қайт­қанында жыламайды!» – деген тәмсіл бар. Қаншама ауыр болса да бұл сөздің ақиқаттығына күмән келтіруге болмас. Алайда, бірге тумаса да тірлікте туғаныңнан да жақын болып кететін, ерекше жаратылысымен айналасындағыларды ағайын етіп алатын шуақтан жаралған жандар болады. Міне, менің құдай қосқан қосағымның әпкесі, қазақша айтқанда қайынбикем Ләззат Тастемірова осындай ізгі жан болатын. Оның мезгілсіз дүние салуы ағайын-туыстың ғана емес, жанына жақын жүрген жұртшылықтың қабырғасын қайыстырып кеткені анық.


Ләззат, Жанат, Бекзат атты әпкелі-сіңлілі үш қыздың ортаншысы – Жанатпен 1978 жылы, Алматы Халықшаруашылығы институтын бітірер шақта отау құрдым. Екеуіміз де экономика саласының маманы болғандықтан қол ұстасып, туған өлкем – Талдықорғанға аттанғанбыз. Бізден үш жыл бұрын шаңырақ көтерген Ләззат пен бажам Дамир жол қиындығына қарамай, үнемі келіп жүрді. Үйдің үлкені ретінде бар жауапкершілікті өз иығына артып алған Ләззат қыз бала болса да әулеттің жүгін арқалаған екен-ау.
Қайынбикем Ләззат  Өрнекқызы­ның еңбекқорлығы мені қашанда таң­­­дан­дыратын. Қазіргі әл-Фараби атындағы Ұлттық университетті тә­мам­­­дағаннан кейін, Қазақ қыздар инс­ти­тутына жұмысқа орналасты. Осы жерде ең төменгі сатыдан еңбек жолын бас­таған ол оқу орнының бірінші проректоры лауазымына дейін көтерілген. Осы қызметте 33 жыл жемісті жұмыс жасады. Жылдың төрт мезгілінде бір толас­тамайтын шаруаларды атқара жүріп, ғылыммен айналысуға да уақыт табушы еді-ау. Ғылымның атасы саналатын философия саласынан докторлық диссертация қорғап, профессор атағын алуы осы сөзімізге дәлел бола алады. 
Жоғарғы оқу орнында еңбек етудің өзіндік ерекшеліктері болады. Әсіресе, бірін­ші проректордың араласпайтын шаруасы жоқ. Күнделікті оқу үрдісін айт­пағанда, болашақ ұрпақты тәр­биелейтін қазақ қыздарының тәлімі, ұлттық салт-дәстүрлерді бойларына сіңіру, мерекелік шараларды қапысыз ұйымдастыру сияқ­ты толып жатқан міндеттер байыз тауып отыруға мұрсат бермейді. Маған Ләззат тәулігіне 24 сағат жұмыс жасайтындай болып көрінетін. Институттың ректоры болған ұлтымыздың біртуар қызы Шәмшә Беркімбаевамен әпкелі-сіңлілі адамдардай етене араласа жүріп еңбек еткені, олардың бір-біріне деген сенімдері мен алғаусыз тілектері кейінгіге үлгі боларлық. Кейіннен Шәм­шә Көппайқызы зейнетке кеткенде Ұлттық аграрлық университетке бірінші проректор болып ауысты. Тілектес Есполовпен де сыйластық-түсі­ністікте еңбек еткенін де жақсы білеміз. Алыс-жақынды бірдей көріп, бәрін жұдырықтай жүрегіне сыйғыза білген Ләззаттай адам бұл дүниеде аз шығар, сірә. Өзі орыс мектебінде білім алса да қазақтың дәстүр-салтын жете меңгерген ол үлкенді құрметтеу, қонақ күту, той жоралғыларын жасаудан да мүлт кетпейтін. Жары Дамирдің әке-шешесін құдайдай сыйлап, тірліктерінде қабағына кірбің түсірмей өткеніне өзіміз куәміз. Үлкен кісілер дүниеден озғаннан кейін де Астана мен Қарағандыдағы қайын жұртын тойларынан қалдырмай, өзі де олардың қуаныш-қайғыларына ортақтасып жүрді. Ал, Ләззаттың үлкенге деген құрметін әке-шешесіне жасаған жақсылығынан аңғаруға болады. Тараз қаласында еңбек етіп, зейнет демалысына шыққан Өрнек аға мен Сәрсенкүл апайымызды өздерінің жандарына көшіріп алған. Оқу орнында, қалада өткізілетін бірде-бір шарадан оларды шет қалдырған емес. «Дайын отырыңдар!» деп алдын-ала хабарлап қояды да, уақыты келгенде көлік жіберіп ал­дырады. Алматыдағы зиялы қауыммен араластырып, келелі кеңестерге қатысып жүрулеріне мұрындық болатын. Бұл, перзент атаулыға айнымас дәстүрге айналса ғой деген тұжырым менің жүрегіме осыдан қонақтаған.
Өзінен кейінгі Жанат пен Бекзатқа, қос бауыры Қайрат пен Қанатқа Ләззаттың өнегесі бағдаршам болды десем, артық айта қоймаспын. Жанат Ха­лықшаруашылығы институтын, ал, Бекзат Мәскеудегі медицина инсти­ту­тын бітіріп, өзімен бірге оқыған Ас­қармен қол ұстасып, бірге оралды. Қайрат заңгерлік мамандықты меңгеріп, Қанат екі бірдей диплом алып, өмірден өз орындарын тапқан, биік мақ­саттарға қол жеткізген азаматтар. Ләззат пен Дамирден өрбіген Санжар мен Сардар ата-анасы  мен туыстың ғана емес, ұлтымызға мақтаныш болатын дәрежеде. Санжары Грузияда «Казтрансгаздың» жетекшісі болса, Сардар Мәскеуде Америкалық мұнай компаниясында еңбек етеді. Ләззат үн­ділік келінінен немерелі болып, ал, Санжардың шаңырақ құрғанын көр­мей кеткені өкіндіретіні рас. Осындайда, «Орнында бар оңалар...» деген тілекті талғажау ететініміз де жасырын емес. 
«Төрт аяқтыда бота, екі аяқтыда бажа тату» дегендей, Дамир, мен және Асқар, үш бажа  өте тату болдық. Қабақ шыту, әлденеге ренжу деген бізде болмайтын. Әр нәрсені ақылдаса отырып, кеңесе шешетінбіз. Жасым екі-үш ай үлкендеу болғанымен Дамир мен Ләззаттың жол­дары үлкен деп, алдарынан кесе-көл­денең өтіп көрген емеспін. Шынайы сыйласымдылық деген болса, осындай-ақ шығар. Балалардың қолқасымен Анта­лияға демалысқа жүрмек болдық. Кетер алдында ауруханада жатқан Ләззатқа жолыққанбыз. Ол біздің баратынымызды ести сала қоса жиналды. «Өзің ауырып жүрсің, барма!» деген кеңестерге құлақ аспады. Дереу билет алдырып, бізбен бірге жүріп кетті. Алғашқы екі-үш күн теңізге түсіп, қаланы аралап, жап-жақсы жүрген. Содан кейін төсек тартып жатып қалды. Біздің: «Елге қайтсаңшы?!» – дегенімізге де көнген жоқ, «Сендермен бірге қайтамын!» – деп қысқа қайыр­ған. Әңгіме арасында: «Бауыржан-ау, атам Тастемір түсіме кіріп жүр. Айна­ла­сындағы дүниенің бәрін шағып, маған қарап тұрады да, кетіп қалады. Бұл ненің жорамалы болды екен?»– деді бірде. Мен, ауру-сырқау осымен кететін шығар деп жақсылыққа жорығанмын. Ақыры он күндей болып, бірге оралдық. Бір күннен кейін ауруханаға түсті де, сегіз тәулік жатып, бақилыққа аттанып кете барды-ғой.
Тіршілігінде тыным таппай, үне­мі жұмыс үстінде жүретін жайдары жанның аяқ асты өмірмен қош­тас­қанына ешкім сенбеген де болар. Аспаннан жай түскендей әсерде болғанымыз рас. Қазаға жиналған қауымның қабырғасы қайыса көз жасын төккен­дерін көріп, жұртшылықтың Ләззат Өрнекқызына деген құрметін қапысыз ұққан едік. 
Міне, содан бері де бір жылға жуық уақыт өтіпті. Оның арамызда жоқ екеніне әлі күнге дейін көңіліміз сенбейді. Артынан тілек айтып, көңілшайға шақы­ратындар қатары толастар емес. Алайда, кім ажалға араша тұра алған. Қан­шама қимасақ та, жатқан жері нұрлы болуын тілеп, құран бағыштағаннан басқа қолымыздан келер қайран жоқ. Дегенмен, Ләззат Өрнекқызының жарқын бейнесі жүрегімізде мәңгі сақталатынына сенімдіміз.

411 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз