• Ел мұраты
  • 18 Мамыр, 2015

Қазақтың қаны – өлеңдерінің жаны!

Сайлаубай Тойлыбаев, 
ақын

Поэзия!
Менімен егіз бе едің,
Сен мені сезесің бе
Неге іздедім?
Алауыртқан таңдардан сені іздедім,
Қарауытқан таулардан сені іздедім.
Мұқағали Мақатаев.

Поэзия! Сұлулық пен махаббатты, парасаттылық пен пайымдауды, табиғаттың тылсым сыры мен сымбатын, сана-сезімнің сүзгісінен өткізетін адам бойындағы асыл қасиет. Поэзия – образ, поэзия – өлең. «Өлең дегеніміз – дыбыс пен ойдың арасында созылған тербеліс», – деген екен француз ақыны Поль Валери. Олай болса, поэзияның қадірі мен қасиеті осында жатса керек. Бұлай деп отырған себебім, жуықта ғана  «АБДИ Компани» АҚ (2014 ж.) шығарған «Қарашаңырақ» деп аталған жыр  кітабы қолыма тиді. Кітап авторы ақын – Серік Сейітман екен. Кітап қолыма тиісімен бастан-аяқ бір деммен оқып шық­тым. Бір деммен деп отырғаным ақын інім Серіктің поэзиясы өзіндік ерекшелігі мен қоса, өлеңдеріндегі образдылығы, алған тақырыптарын терең сыршылдықпен аша білуімен ұнады. Сөз саптауы, оны саралауы, ырғақ пен өлеңдегі шымыр ұйқастар, қалыппен құйғандай өз оқыр­манын бірден баурап алары сөзсіз. Поэ­зиясында ұлттық рух пен ұлттық патриотизмнің ұшқыны жалындап тұр­ғаны мені қатты қуантты.
Мен бұл ақынмен «Қазақтың қаны» деп аталған (2010 ж.) жыр кітабы арқылы  да жақсы таныс едім. Ол кітабын да оқып шығып, бүгінгі қазақ поэзиясына тағы бір талантты  ақын  інімнің қатарға қосылғанына іштей дән риза болғаным бар. Сол риза­шылығымды ақын Серік Сейітманның осы «Қарашаңырақ» жаңа жинағынан оқып көріп, қуанып отырғанымды жасыра алмаймын. Алғашқы жинағынан да бұл жинағында ақынның ой-өрісінің өскендігін, жас та болса кемелінің кеңігендігін бірден байқауға болады. Енді, осы сөзімді дәлелдеу үшін  «Қарашаңырақ» жыр кітабына қарай ойысайын.
 Иә, кітаптың аты айтып тұрғандай ал­ғашқы парақтарын ашқан сәтімде бірден «Қарашаңырақ» деп аталатын өлеңіне көзім түсті. Оқып көрейік:
 Қарашаңырақ!
Сенен асқан кие жоқ,
Атам кетіп, әкем қалған ие боп.
Әкем кетсе, орнын басар кенже бар,
Қаскүнемге қақ шекеден тиеді оқ. 
Қалай тауып айтқан. Қарашаңырақтың атадан-әкеге, әкеден-балаға мұра боп қа­ла­­тыны заңды құбылыс. Ол сонау ата-ба­ба­ларымыздан келе жатқан жақсы дәстүрі екенін ақын естен бір сәт шығармайды. Ары қарай:
Қорасында төл дауысы маңырап,
Қозы-лағы өріске өрсін жамырап.
Жас отаудың болашағы – бас отау,
Әр қазақтың үйі – қарашаңырақ, – деп жоғарыдағы айтып отырған ойымды дәлелдей түседі. 
Қасиетін қадір тұтып ағаштың,
Тәңіріме тура жолды тағы аштым.
Босағаңнан енген сайын бас ием,
Босағасын берік ет деп Алаштың!  
Аталған   шумақты оқып отырып ақын­ның парасаттылығы мен пайымдауына қалайша қуанбассың! Қазақ халқының босағасының берік болуын ақындық жү­рек­пен асқақтата жырлайды. Бұл дегені­ңіз Тәуелсіз қазақ елінің босағасының ны­ғаюын, беріктігін, мықтылығын шынайы сезініп тілеу деген сөз.  
Алдында мен ұлы баба – Даланың,
Амандығын күзетуші баламын.
Топырағым – түп төркіні түркінің,
Туысым да сүртіп кірсін табанын, – дейді ақын ақ жүрегімен ақтарылып. Әр қазақтың киелі шаңырағының қадір-қа­сиетін көрікті де көркем оймен ашып, оның табал­дырығынан аттағанда табаныңды сүр­тіп кіретінін  есіңе салады. Тіптен, киелі ша­ңырақтың ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса бе­­ре­тінін де дөп басып, дәл айтады. Өлең құрылысында оқшау тұрған ой мен бөлек тұрған құрылым сөздер жоқ. Бәрі қаз-қалпында. Өлең кез келген оқырманға терең ой салары сөзсіз. «Табалдырығыңа табын!» деген тәмсіл сөздің қасиеті осында жатса керек.
Енді, «Парыз» деген өлеңінің  түйінді шумағын оқып көрейікші. Бұл өлеңінде де ақын қазақ болып қалудың жолдарына тоқталады:
Кір жұқтырма «Хас Сақ» деген 
                  әз атқа,
Осы жолда жаныңды сал азапқа.
Қазақтықты тану – парыз қазаққа,
Қазақ болып қалу – парыз қазаққа! Өте жақсы айтылған көкейге қонымды сөз. Әрбір қазақтың мойнындағы парызы ол – қазақ болып қалу! Бүгінгі таңдағы кез-келген жас ұрпаққа патриоттық ой салатын, ұлттық рухтағы өлең. Жырдың көтеріп тұрған салмағы да осында. 
Серік ақынның бойындағы қазаққа тән ұлттық қасиет жырларының көбінде жұпар исімен аңқып тұратыны қуантарлық жай. Бойында қазақтықтың қаны тасып, елі үшін, халқы үшін жігері мен намысын өте жоғары қоятыны жырларының басты ливмативі. Мысалы: «Қазаққа ұқсайды», «Қазақ», «Көкпар1», «Жусан», «Домбыра» сияқты өлеңдерінде қазақтықтың рухын аспандатып, паш етеді. Дәл осы тұста жыр кітабының әрбір ақ парағында өзіндік ерекшелігімен беріліп отыратын ақын Серіктің «Шумақталмаған ойлары» кітап ажа­рын аша түседі. Бұл да өзінің ойына түйіп жүрген сарабдал ойларының жиынтығы, тіптен, кітаптың көркемдік жүгін көтеріп-ақ тұр. Жоғарыдағы айтқан қазақтыққа байланысты  оймызға орай мына бір пікірін оқып көрейікші: «Бабам қазақ болмаса, атам қазақ бола ма? Атам қазақ болмаса, әкем қазақ бола ма? Әкем қазақ болмаса, мен қазақ болар ма едім? Мен қазақ боп тумағанда, бұл фәниде бақытты ғұмыр кешер ме едім? Ұрпағым қазақ боп қалмаса көрімде өкірермін...» – деп өзінің қазақ болып туғанын мақтанышпен айта отырып, бүгінгі ұрпақтарымыздың қазақтықтан алшақтап бара жатқанын өкінішпен жасырмай айтады. Бұл дегеніңіз, Серік ақынның тақырып таңдаудағы ұтқан тұсы. 
Ақынның кез-келген өлеңінде ой мен образдылық алшақтамайды. Қайта жұп­тасып, жымдасып жатады. Кейбір тұс­тарында бірімен-бірін байланыстырып отырады. Бір ғажабы жазылған өлең­деріндегі айтайын деген түйінді ойын  нақтылап жеткізе білуінде. Сөзім дәлелді болу үшін мына «Кесілді...» деген өлеңін оқысаңыз өзіңіз-ақ мойындай түсесіз. Алғаш анасынан жарық дүниеге келген кездегі кіндігінің кесілген сәтінен бастап, тұсауының кесіл­гені, насыбайының кесілгені, одан қалса отау құрған кезіндегі шариғат жолымен некелерінің қиылғанын айта келіп:
Жонымнан кесіп жеп етімді,
Жорықта алысып жаулармен.
Арман не Махамбет секілді,
Басым да кесілсе қанжармен, – деп түйінді ойын азаматтық жүректілікпен жеткізеді. Немесе: «Бәтеңке» деген өле­ңі достарының арасында кең тараған жырларының бірі. Соңғы шумағында былай деп ой түйеді. (Әрине, өлеңнің барлық шумағын келтіру мүмкін емес).
Аяқкиім бөленбес сая-нұрға,
Ей, бауырым, сен оны аядың ба?
Ешкімге ешкім бәтеңке болмасыншы,
Мен тозайын қазақтың аяғында! – дейді ақын. Қазаққа тән батылдық пен па­триоттық сезімнің ұшқынын ақын бойынан тануға болады. Адамның ойына келмейтін тапқырлық пен шеберлік демеске амалың жоқ. Ал, енді, «Қазақтың қаны» деген өлеңінде:
Түсінбей қалмаңыз қалай деп,
Балдырған сәтім ол таза-шық.
Тұмсығым қанады талай рет,
Қазақтың қызына таласып.
Қасында қазақтың мұңының,
Бір тиін үлде мен бүлдеңіз.
Ұлтымның қансүйер ұлымын,
Қанішер деп ойлап қалмаңыз, – дей келе жырдың соңғы шумағын былайша түйін­дейді:
Малым бар – жаныма садаға!
Жаным бар –  арыма садаға!
Арым бар – қаныма садаға!
Қаным бар – қаныма садаға! Нақыл сөздің парқын одан әрі жандандыра, жақсарта түседі. «Мал, жан, ардың садақасын» бір-бірімен байланыстырып келіп, қанның садақасына иіп әкеледі. Түйінді ойды түйе білу, осындай тапқырлықтан туса керек. Ал, мына, «Көк серке» өлеңі мазмұны жағынан бөлекше. Ойға құрылған. Бір отар қойдың көшбасшысы болған көк серкенің басын кесіп көкпарға тартады. Осы арқылы кешегі Алаштың арыстары А. Байтұрсынов, М. Дулатов, Ж. Аймауытов, С. Сейфуллин, І. Жансүгіров, Б. Майлин, М. Жұмабаевтардың тағдырын көз алдыңа былайша алып келеді:
Қой бастаған қоңыраулы көк серке,
Тарихымды еске салдың ескерте.
Қарап тұрып көкпардағы кейпіңе,
Ойға оралды-ау Алаштағы Көп Серке! – дейді. Ақын Серік Алаштың ардақтыларын да бір сәт көкейінен шығармайды. Бұл да ақынның азаматтығы мен біліктілігін айқындап тұр.
Жинаққа «Отырардағы оқиға» деп ата­латын бір ғана шағын поэмасы еніпті. Поэманың көтеріп тұрған жүгі ана тағ­дырына арналғандықтан салмақты. Оқиға желісі соғысқа кеткен әкесінен айырылып, одан қалса Айнаш анасынан жетім қалған Серік ақынның өз анасы Оңалдың өмір жолдары баяндалады. Поэма шағын болса да оқырманын жалықтырмайды. Қайта алға сүйреп жетелеп отырады. Кейін Мықтыбектей жігітке тұрмысқа шығып, балалы-шағалы болғанын айта келіп, «Алла біреу әлемде, Алла жалғыз деп сана, Алладан соң әркімде Ана жалғыз тек қана!» – деп ой түйеді. Ақын өзінің туған жерін есінен бір сәт шығармайды. Оны  барша қазаққа қасиетті «Түркістан», «Оңтүстік», «Атарбаның мұңы», «Менің әкем Ахметті көрген жоқ»,  «Тағдыр. Тұлпар. Тізгін», «Арғымақ» сияқты сюжетке құрылған жырларынан оқып білуге болады. 
Серік Сейітманның жинағына енген «Жамау», «Тал бесік», «Әкенің ақ тілегі», «Анама хат» жырларымен қоса жинаққа Тәуелсіздігімізге арналған екі өлеңіне де орын берілген. «Тәуелсіздік», «Мәңгілік ел» деп аталады. Бұл жырларында да ақын бүгінгі ұрпақтың бойына жігерлілік пен намысшылдықты арқау ете отырып, әрбір қазақты патриот болуға  шақырады. Ақынның бозбалалық шағында өмірге келген «Көрші бөлме» өлеңі мен «Қырсық қызға қолтаңба» деген балладасы жастар арасына кең тараған шығармаларының бірегейі. Бұлар да сюжетке  құрылған тамаша туындылар. Өзіндік айтар ойы бар, қызықты дүниелер.
Бір айта кететін жайт, жинақтағы «Серіктің батасы» (бірінші бата, екінші бата да ізгіліктен туған дүниелер. Сонымен бірге, әр беттегі «Шумақталмаған ойлары» қысқа да нақты тұжырымды ойға құрылғаны оқырманын тәнті етеді. Бұл дүниелерінен қазіргі жастар үлкен тәлім мен тәрбие алады деген ойдамын. Серіктің тағы бір ерекшелігі соңғы жылдары ақын өлеңдеріне қазақ композиторлары бірнеше ән де жазып тастады. Оның біразы Қазақ Радиосы мен қазақ сахналарынан орындалып та жүр. 
Ақын Серік Сейітман ініме талабың тарылмасын, ақындығың арымасын, шабысың алымды болсын, табысың толымды болсын, еліңе елеулі, халқыңа қалаулы болғай деген шынайы тілегіммен аяқтаймын. 

 

477 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз