• Ұлттану
  • 28 Сәуір, 2012

МАЙДАНГЕР МЕРЕЙІ

Сарбас АҚТАЕВ, жазушы

Қазақ баспасөзінің қара шаңырағы деп «Егемен Қазақ­станды» ел тегін атамаған сынды. Бұл басылымның ал дегенде-ақ адамды басып тұратын мысы, тайсалдыратын сұсы бар. Бұның босағасын аттаған қаламгердің, мейлі басшы боп келсін, мейлі тілші боп келсін – алғаш тебірене толғанбағаны, жүрексіне ойланбағаны кемде-кем шығар. Жетпіс үшінші жылдың қарашасында үш басшысының бірі болып келгенімде қырықтың қырқасына әлі шықпағанмен астаналық облыстың газетін табаны күректей тоғыз жыл басқарысып, біраз тәжірибе жинақтаған менің өзім де қатты толқығанмын. Атағынан ат үркетін атышулы ұжым негізінен орта жастағы қаламгерлерден тұрады екен. Бөлім меңгерушілерінің алды алпысты алқындырып жүрсе, арты елуге қол артып қалған кілең бір тісқаққандар. Арасында құрметті атақтар мен мемлекеттік марапаттардың иелері де аз емес. Өзім құралыптастардан бөлім басқарып жүрген тек Уаһап пен Мамадияр ғана, қалған тұрғыластарым түгел дерлік қатардағы әдеби қызметкерлер. Негізгі міндеттерін еңбекшілер хаттарын қорытып, қатесіз газет шығару деп шегелеп қойған соң көбі көсіліп өз дүниесін жаза да алмайды. Меншікті тілшілердің де ахуалы осының аржақ-бержағы – еңбек адамдарының пікірін ұйымдастырады. Солар үшін мақала жазады. Осылай аға газеттің күнделікті қара жұмысының шоқтығынан ұстап, шоқырағына әбден үйреніп алған олардың ешқайда табан аударғысы келмейді. Әйткенмен, оларда не жазық бар дейсің, қара шаңырақтың астына бір келген соң қызмет бабымен өсіп кетуі керек. Ондай мүмкіндік болмаған соң мәртебелі мекемесінің буына пісіп, әлдеқайдан үміт күтіп отыра бермегенде қайтпек. Сондықтан бөлім басқарып жиырма жылдан астам отырып қалған ағаларымыз баршылық. Бір орнында тапжылмай ұзақ отырған адамның мезі болатыны, мінезі де кіді келетіні белгілі ғой. Кейбір қарияларымыз таптаурын жолдан таймай, жаңаша жазуға бой ұрған жастарға кіржие қарайтыны да бай­қалады. Олардың жазғаны қолына түссе қып-қызыл ала ғып шимайлап, өз сорабына салатындары да бар екен. Ал, хат бөлімін жиырма жылға жуық басқарып келген ағамыз Әбдібек Нұрмағамбетовтің ондай пасық қимылы, сасық мінезі жоқ еді. «Әр хатта адам тағдыры бар» деп, еңбек­шілердің ой-пікіріне, арыз-шағымына, дабылына айрықша мән берілетін кез еді ғой ол. Соған сәйкес хат бөлімі редакциядағы ең ірі буынның бірі саналатын. Басқа бөлімдерде бір меңгеруші мен бір әдеби қызметкер болса, бұнда алты бірдей адам жұмыс істеді. Сыдық деген кексе қаламгер бөлім меңгерушісінің орынбасары сынды аға тілші болса, Әнуар мен Назипа әдеби қызметкер де, Назгүл мен Гүлсара хат тіркеуші. Олар бөлімдерге жіберілген хат­тардың қозғалысын бақылап, жиі-жиі тексеріп, редакторатқа есеп түсіріп отырады. Зәуде бір шағымның тағдыры шешілмей қалса, бәз-бір хатқа жауап жазу кешігіп жатса, кейде мәселе Орталық партия комитетінің идеология бөлі­міне де жетіп қалатыны бар. Сондықтан редакция жігіттері хат бөлімімен қоян-қолтық жұ­мыс істеп, сапырылысып жүреді. Оның үстіне корбюродан кейінгі қыз-келіншектері көп бөлім де осы. Әбекеңнің ай жүзді қыздары бар, Хатпен көміп жігіттерді ырза қылар. Қылжақ айтып оларға көп келгенге Көзбен атар ағаның ызғары бар, – деп «Қызыл қалам» атты қабырға газетімізде басылған әзіл-оспақтың да астарында шындық жататын. Газет сөзінің бастау көзіндей еңбекшілер хаттарын реттеп отыратын аса күрделі бөлімді жиырма жылдай жемісті басқарып келе жатқан Әбдібек ағаның сұсынан қарауындағылар ғана емес, редакцияның күллі әдеби құрамы ықынатын, әрі қадір тұтатын, сыйлайтын. Хат тексеріп ол облыстарға да іссапармен жиі шығып, барған мәселесін ұдайы ойдағыдай шешіп, жергілікті жұрттың діттеген шаруасын тындырып келіп жүрді. Әр сапарынан ол жап-жақсы очерк-суреттемелер мен проблемалық мақалалар да жазды. Осы арқылы өңірлерде газеттің абыройын көтеріп қана қоймай, өзі де елеулі беделге ие болды. «СҚ»-ның сесінен тайлығатын, әрі сөзіне құлақ асатын аудандар мен облыстардың әкім-қаралары оны тік тұрып күтіп, құшақ жая қарсы алатын. Әсіресе, оның беделі сауда орындарына аса күшті болатын. Ол бір зәру емес зат жоқ, қат емес дүние жоқ, бірі жетсе, бірі жетпей жататын қызық кезең еді ғой. Ұжым болған соң біреу үй алады, біреудің баласы үйленеді, біреудің туған күні болады дегендей, ойын-той, сауық-сайран жасалмай тұра ма. Қазекең ондай қызыққа сый-сияпат апармай, қашан құр қол барушы еді. Ортақ мерей үшін игі шараға бірігіп жіберіп алып барар кілем, хрусталь ыдыс-аяқ, шай сервизі, түрлі-түсті теледидар дегендерді жарық күнде шырақ алып іздесең де таба алмайсың. Сондайда амалсыздан Әбекеңе қолқа саламыз. – Жақсы, көптің меселі қайтпасын. Қай­сымызға да ұжымның жүзі жарқын бол­ғаны керек қой. Көлік берсеңдер болды, – дейді Әбекең бұлданып жатпай, жасының үлкендігін де сатпай. Сөйтіп, сол күні-ақ орталық сауда базасынан ала ма, әлде көрші аудандардың қоймасынан таба ма, әйтеуір ойлаған бұйымымызды алып келеді де, той-томалаққа ұялмайтындай тарту апаруымызға жағдай жасайды. Бізбен сол тұста бірге істеген азаматтардың біразының үйінде Әбекеңнің солай ойдан орып, қырдан қырқып дегендей, қиуадан қиыстырып, ретін тауып әкеп берген бір заты болуға тиіс. Бірақ, соның бірін де ол ешқашан ешкімге сілет қылған кісі емес. Үлкен басын кішірейтіп, ұсақ-ұлаң әңгімеге араласу да оның әдетінде атымен жоқ-ты. Мұны оның бекзаттығы де мейлі, тектілігі де мейлі – қайсына телісең де, қайсына теңесең де қателеспейсің. Ат жақты, қырғи қабақты, ашаң жүзді, қайратты қара шашында қылау жоқтың қасы, маңдайы жазық, ойлы да өткір көзі жастықтың жалынымен жігіттік құрған шағында талай­лардың құлқынын құртқанын айтпаса да айқын­дағандай. Әсіре қарағандай тіп-тік тұлғасына, артық-ауыс еті жоқ сом сымбатына сай қашанда тік жүріп, тік тұрады. Лауазымы жоғарыларға жалтақтап, жалпаңдайтын мінезден мақұрым, иіліп-бүгілу дегенді білмейтін біртоға азамат. Жастарды жассынбай, жасамыстарды қартсынбай, бәрімен де терезесі тең адамдай алғаусыз араласып, ашық-жарқын әңгімелесіп жүре береді. Арамызда атандай жиырма жас жатқанына қарамастан ол мені баласынбай заңды басшы танып, ұдайы ақылдасып отырды. Әсіресе жергілікті жерден түскен жанайқайындай арыз-шағымдарды тексеруге басқа бөлімдердің де жігіттерін тартып, оларды іс-сапарға аттандыру жайын шешіп алып отырды. Арызды туғызатын індет – әділетсіздік екенін, оны жедел зерттеп, шағымданған жанға тезірек қол ұшын беру қажеттігін қашанда қадап айтатын. Бәлкім, оның бұл сергектігі өмірдің ащы-тұщысын, ыстық-суығын, жоқ-жітігін қаршадайынан бастан кешіріп, кемтарларға қол ұшын беруді борыш санап, жастай жадына түйіп өскенінен де болар. Ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсариннің алғаш ашқан қолөнер училищесін тәмәмдап, он саусағынан өнер тамған ісмер етікші болып шыққан әкесі Нұрмағанбет те бай-шораның саптамасынан кедей-кепшіктің бастамасын бұрын алатын. Жарлы-жақыбайға қамқор кісі болатын. Көбіне және кебіс-мәсіні тегін тігіп беретін. Көмек күткенге жедел жәрдем беру бәлкім осы әкеден дарыған да мінез болуы мүмкін. Алайда әкесі өмірден тым ерте озып, бұл одан бір жасқа жетер-жетпесте көз жазды. Сонда да жетімдік зарын тартып, запысын көп шеккен жоқ. Қыпшақ Сейітқұлдың дәстүрін жалғастырып, шөлейт қырды суландырып, гүлденген жазираға айналдыруды мақсат тұтқан ауыл шаруашылық маманы, сол өңірге әйгілі оқыған азамат, нағашы ағасы Айса Нұрманов бауырына салып, соның тәрбиесінде оң-солын таныды. Ахмет пен Міржақып, Әбдіғапар мен Байқадам, Амангелді мен Кейкі сияқты санаткер саңлақтар дүниеге келген Торғай топырағында туған бұл да сол ұлы ағаларын мақтан тұтып қана қоймай, солардай халқына қадірлі азамат болуды арман тұтты. Алғашқы сауатын ауыл молдасынан ашқан Әбдібек артынан Торғайдағы Алтынсарин атындағы мектепке түсіп, толық орталау білім алады. Жақсы лебізге жанпида етер сөз құты қонған, өлең-жырға ұйыған аймақта туып өскен ол мектеп қабырғасында жүріп-ақ қалам тербей бастайды. Жазғандары аудандық «Ауыл» газетінде жиі жарияланып тұрды да, жетінші сыныпты бітірген соң ол бірден редакцияға әдеби қызметкер болып қабылданды. Аудандық басылымнан басталған журналистік қиын соқпақ көп ұзамай оны Қостанайдың облыстық газетіне бөлім меңгерушісі қып алып келді. Алғашқы жиһангерлік соғыс басталған қиын-қыстау жылы дүние есігін ашқан Әбекең сәби жүрегінен ауыртпалық пен сұрапылдың неше атасын өткізіп өсті. Ұлт-азаттық көтерілісінің дүрбелеңі, баса көктеп орнаған кеңес өкіметінің ырду-дырдуы, ауыл үстінен ат ойнатқан шолақ белсенділердің асыра сілтеуі, аша тұяқ түгел тартып алынып, жұрттың жаппай аштыққа ұшырауы, қисапсыз да қисынсыз қуғын-сүргіндер болашақ қаламгердің жанына жастай батып, жадына таңбадай басылған мәңгі ұмытылмас оқиғалар еді. Сол қуғын-сүргіннің қамшысы ата-анадан ес білмей жатып айырылып жұрдай жетім қалған бұған да тигені бар. «Түбің бай тұқымынан халық жауының жиенісің» деп үндеместер біраз уақыт әрі-бері сүйрелеп, зықысын әбден шығарды. Сол таусылмас тергеуден бұны отыз тоғызыншы жылы әскер қатарына шақырылуы ғана құтқарып қалды. Бұл ақ финдермен соғыс аяқ астынан бұрқ ете қалған тұс еді. Редакцияның жауапты хатшысы болып жүрген жиырма төрт жастағы жігіт қаламын қаруға айырбастап, терістікте тұтқиылдан тұтанған сол майданға күмп берді. Алғаш қатардағы көзмерген боп айқасқа кірген ол кейіннен минаметшілер батальонында расчет командирі болып, жаудың талай бекетін талқандап, талай солдатын жер жастандырды. Жылдан астам созылған фин соғысы келісіммен аяқталғаннан кейін де шекара қауіпсіздігі деген желеумен кеңес әскерлерін бірден босата қойған жоқ. Екі жылдай шекара күзетіп, елге енді ораламыз деп жүргенде ойламаған жерден Ұлы Отан соғысының оты лап ете қалды. Терістіктегі әскерлер түгел Ленинградты қорғауға жұмылдырылды. Тоғыз жүз күндей жау қоршауында қалған төңкеріс бесігінің қиын-қыстау кезеңін ол ежелгі астана тұрғындарымен бірге өткізді. Дұшпан құрсауы бұзылып, ұлы қала азат болған соң олардың батальоны Карелия майданынан бір-ақ шықты. Жазатын қаламға, ұшатын қанатқа қашанда мүмкіндік табылады ғой. Тар окопта отырып, пілтешамның жарығымен жазып, Әбекең май­дан соқпақтарымен талай айды бірге өткізген қарулас достарын жырға қосты, ересен ерліктерін мадақтап, майдан газеттеріне жіберді. Оның басты кейіпкері Карелиядағы ең ірі өзендердің бірі – Сиварь өзенінен түнде өтіп, арғы бетте қамсыз жатқан жау шебін бұзып, талай дұшпанның жанын жаһаннамға жіберіп, төртеуін тірідей ұстап әкелгені үшін Кеңес Одағының батыры атағына ие болған Серікқазы Бекбосынов болды. Шымкенттік шымыр денелі мерген жігіт жүзден астам жау солдатын мұрттай ұшырған Балтабай Өсербаев жайында қалай жазбасын. Оның қырғидай қырағы жанары қалт жібермей фашистердің ағаш басына шығып алып, төбеден оқ жаудыратын «көкектерінің» көкесін көзіне көрсетіп, талайын бір сілтегеннен-ақ топ еткізіп, сұлатып түсірді. Пулеметші Торғайлық Әділ Бақтықұловтың, автоматшы Қабыш Байділдиннің де дастан етерлік ерліктері Әбекеңнің назарынан да, қаламынан да қағыс қалған жоқ. Қырық төртінші жылдың сәуір айында алғы шепте жүрген жерінен ол кенеттен «Отан үшін айқасқа!» атты газетке шақырылды. Оның да өзіндік себебі бар еді. Майдан газеттеріне үзбей жазып жүретін тілші басылым басшыларының да назарында болады екен. Бірде бұлардың ротасына майдандық газеттің қызметкері капитан Рақым Айтжанов деген әскери журналист келді. Таныса келе мұның жазғандарын ұдайы оқып жүретінін айтып, бұрын облыстық газетте жауапты хатшы болғанын білген соң журналистік жұмысқа басы бүтін ауыс, қаруыңды қаламмен алмастыр деп жата-жабысады. Қарулас достарын қимағанымен жаны қалаған мамандығын одан әрі шыңдауға жол ашылып тұрған соң капитанның ұсынысына келісімін берді. Сөй­тіп ол соғыстың соңғы бір жылында майдан газетінде қызмет атқарды. Газетте істейді деген аты болмаса оқ пен оттың ортасында жүріп оны шығару да, оған материал табу да бір майдан емес пе. Қалтасында қағаз-қаламы бар журналист деген аты болмаса майдан газетінің қызметкері мойнына автомат асынған ол да жауынгер және ұдайы алғы шепке барып, алапат айқасты көзімен көруі, ересен ерліке куә болуы керек. Сонда ғана майдангерлерді ерлікке үндейтін, жанқиярлыққа баулитын материал шығады. Әбекеңнің тіпті барлаушылармен тіл алуға барған сәттері де болды. Сол сапарлардан жинаған материалдарын сұрыптап, ұрыстың ала-шоласында, оқ сәл толастаған тұста газет тапсырмасын орындауға кірісіп, планшетін тізесіне қойып, мақала жазатын. Жеңістің ұлы күнін ол осылай майдан газетінің отымен кіріп, күлімен шығып жүріп қарсы алды. Жауынгерлік те, журналистік те ерлік еңбегі лайықты атап өтіліп, оншақты медальға қоса омырауына «Ұлы Отан соғысы» мен «Қызыл Жұлдыз» ордендерін тақты. Ұлы Жеңісті дүркіретіп тойлаған жауын­герлердің жүрегінде енді елге ораламыз деген үміт оянды. Әйткенмен Әбекеңдердің газет ұжымы тым-тырыс. Міндеттеріңді атқардыңдар, бұдан былай боссыңдар, елдеріңе қайта берулеріне болады деген еш сыбыс жоқ. Өстіп отырғанда тағы да жолға шығыңдар деген бұйрық түсті. Редакция орналасқан пойыз жедел жолға қамданды. Соғыс біткен жоқ па еді, енді қайда апармақ? Жоқ, соғыс аяқталмапты, енді темірді қызу кезінде соғып, жапон милитаристерін талқандау керек екен. Сөйтіп, сан тарау темір жолдың бір қалтарысында тұрған редакция пойызы Қиыр Шығысқа бағыт ұстап сапарға шықты. Бір айға жуық жол жүріп пойыз Приморье өлкесінің Уссурциск қаласына кеп тоқтады. Осы қалада олар бірінші Қиыр Шығыс майданының тілі мен үні – «Сталин жауынгері» атты газет шығарып, самурайлармен соғыстың барысын жазды. Әлбетте, алғы шепте оқ атып, дұшпанмен бетпе-бет кеп қоян-қолтық алыспағанымен, майдан даласында жиі болып, жеңіспен жігерленген кеңес жауынгерлерінің біреуі он солдатты ұйпап кететін әдісқой самурайлардың үрейін ұшырып, қалай оқсатқанын көзбен көріп, боямасыз ақиқатын жазып отырды олар. Әбекеңнің сондағы жазған суреттеме-очерктерінің өзі бөлек бір тарих сынды. Олардың арасынан майталман минер үш мәрте Даңқ орденінің иегері Сақып Қызылов, пулеметті ұршықша үйіретін Қайролла Әбікеев, көздегені мүлт кетпеген мерген Бекен Сыбантаев, батыл барлаушы Смағұл Сембаев туралы тамаша суреттемелерді табасың, Әбекең бертін майдан газетіне өлеңдері жиі жарияланып, көзге түскен сержант Қамаш Нығымановты көп іздеуші еді. Бақса, ол жетпісінші жылдары республикалық айтыстарға жиі қатысып, жүлде алып жүрген айтыс ақыны керекулік Қамариддин екен. Жапондармен соғыс ұзаққа созылмағанмен, жеңіс қисапсыз көп шығынға түсті. Терістік-Батыстағы соғыста жеңіп, күнгей-шығыстағы соғыста, өз атамекеніне жақын жерде опат болған боздақтарды еске алғанда, Әбекеңнің өзегі өртенуші еді. Әйтсе де жеңіс туын желбіретіп елге қайтамыз, бейбіт өмірге ораламыз деген жүрек жарды қуаныш бір сәт соның бәрін ұмыттырғандай болды. Ақынжанды Әбдібек те сондағы көңіл-күйін өлеңмен әрлеп, майдан газетінен, 1945 жылдың 30 майындағы санына: Бітті соғыс Мәз боп тегіс, Елге қайту басталды. Батыр жігіт Жауын жығып, Бес қаруын тастады. Басылып соғыс дауылы, Майдандағы ерлерін Күтіп отыр ауылы – деп жазды. Әйткенмен, сол күтіп отырған ауылына жеткенше Әбдібек Нұрмағанбетовке тағы да бір жыл күтуге тура келді. Соғыстың соңғы жылдары офицер атағы берілген Әбекеңді әскердің саяси жұмысына алып қалды. Әуелі Далалық әскери округта, сосын Турквода саяси қызметкер етіп ұстап, қайта-қайта өтініш беріп, қоймаған соң қырық алтыншы жылдың күзінде ғана босатты. Келе сала ол қадірлі қара шаңырақ – «СҚ»-ға әдеби қызметкер болып орналасып, көп ұзамай бөлім меңгерушілігіне жоғарылатылды. Екі жыл Алматы жоғары партия мектебінде оқып, Қазақ университетінің журналистика факультетін де сырттай бітіріп алды. Аз уақыт Қазақ мемлекеттік баспасында бөлім меңгерушісі болып, сүйікті газетіне қайта оралған ол елу үшінші жылдан бастап, қашан құрметті еңбек демалысына шыққанша «СҚ»-дан табан аударған жоқ. Қазақ журналистикасына сіңірген жемісті қызметі үшін ол жетпіс екінші жылы Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері атағына ие болды. Ойлы очерктері мен мәнді мақалалары арқылы оқырман жүрегіне жол тапқан танымал қаламгерлердің қаламынан талай кітап туды. «Абзал жандар», «Дала жұлдыздары», «Албарбөгет», «Жорық жолында» сияқты жинақтарда келбеті сомдалған еңбек және соғыс ардагерлерінің абзал бейнесі сан ұрпаққа өнеге болары сөзсіз. Сол жинақтардың жиынтық есебі сынды тоқсан сегізінші жылы жарыққа шыққан «Есімдері ел есінде» атты кітабы автор шығармашылығының шырайын танытатын аса шұрайлы еңбек. Ондағы алаш арысы, атақты ағартушы, ұстаздардың ұстазы, әрі ақын, әрі ғалым Ахмет Байтұрсынов туралы «Қырдан ұшқан қыран» очеркі кітаптың күллі жүгін көтеріп, шоқтығын биіктетіп тұрған тәрізді. Кеше Кеңес заманында қызметкерді еңбек демалысына шығару рәсімі де қызық еді ғой. Құрметті еңбек демалысына кетеді деп дабыралатып болар-болмас салтанатты жиын жасап, ертеңгілік жегіп, күні бойын тепендетіп, кешкісін қамытын сыпырып алып, сауырдан бір тартып өріске жіберетін аттай, қайда барсаң онда бар деп қоя беретін-ді. Әлі де жұмыс істейтін жағдайы бар ма, болмашы зейнетақымен күн көре ала ма, жоқ па – онда ешкімнің шаруасы болмайтын. Жасы жетсе болды – зейнетке шығуы заң дейтін. Сол дағдының біздің бүгінгі қоғамда да қаз-қалпында сақталып қалғаны өкінішті-ақ. Жасы жеткен соң ешкімге жалтақтамай, ешкімге айтқызбай-ақ заңды демалысына кеткен Әбекең зейнетте жүріп аттай он жыл төте жазумен шетел қазақтары үшін шығарылатын «Қазақ елі» газетінде қызмет етті және жемісті жұмыстар жасады. Адамгершілік ар-ождан, туған жер тағдыры, алаш арыстары, Отан үшін от кешкендер жайында ой саларлық дүниелерді дәл осы кезде жазды. Сөйтіп, қаламгердің өзі қартайғанмен, сөзі қартаймайтынын, бой күші кемігенмен ой әлуеті ортаймайтынын іс жүзінде дәлелдеді. Байлардың бәрін сараң, шенділердің бәрін сатқын, болыстардың бәрін жемқор, билердің бәрін парақор, діндарлардың бәрін дүмше деп атын ауызға алғызбай қойған кезде іштен тынып жүрген қаламгер олардың арасында да жаны жомарт, жүрегі мейірбан, әділ де, абзал адамдар көп болғанын айтып, бертін өз өңірінің өткендегі асыл азаматтары жайында мағлұматы мол мәйекті мақалалар жазып, әр газетте жариялатып жүрді. Не керек, соңғы мүшелінен асып, қашан көз жұмғанша қолынан қаламы түскен жоқ. От-жалынды жиырмасыншы ғасырдың бірінші жиһангерлік соғыспен астасқан алғашқы аштық жылы дабылды Торғай даласында дүниеге келіп, дүрбелең мен қуғын-сүргінге толы қилы заманды бастан кешіріп, екі бірдей ақсүйек аштықтан аман шығып, үш бірдей майданның отына шарпылып, оғына омырауын төсеп, құрыштай шыңдалып шыққан азамат сексеннен асқанда да сыр бермей, шыңға шыққан шынардай тіп-тік қалпында кетті. Тағдыр соққысын қанша жесе де иілмей, бүгілмей өтті. Қазақтың «асылды соқсаң шыңдалады, жасықты соқсаң мыж болады» деген мақалы дәл осындайларға айтылса керек. Майдангер мерейі де осы ғой.

486 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз