• Тарих толқынында
  • 18 Мамыр, 2015

«Прометей» қозғалысы және Мұстафа Шоқай

 Баймолда Досан,
саясаттанушы, философия 
ғылымдарының докторы

1917 жылғы большевиктер төңкерісі алғашында Ресей империясы құрамында болып келген «кіші халықтардың» тәу­ел­сіз мемлекеттерін құруына түрт­кі бол­­ды. 1918 жылы мамырда өз тәуел­сіз­­дігін Солтүстік Кавказ Республикасы жа­риялады. Бұдан кейін Грузия, Армения және Түркістан  тәуелсіздіктерін жа­рия­лаған болатын. Алайда, бұлардың тәуелсіздіктерінің ғұмыры ұзақ болмады. 1921 жылы Кеңес Одағының құрамына қайтадан күшпен кіргізілді. Тәуелсіздікті ту етіп, елі үшін күрескен ұлт жетекшілері большевиктер тарапынан қудалауға ұшы­рағандықтан олардың көбі Еуропаға саяси эмиграцияға кетуге мәжбүр болатын. Тарихта өз тәуелсіздігі жолында Ресей империясымен талай рет соғысқа барған  Польша шығыстан келуші осы саяси эмигранттардың ең әуелгі бас сауғалар жері, сөздерін тыңдар елі болды. «Прометей» қозғалысын құру идеясы осылай туған. Гректің көне «Прометей» мифінің атын алған бұл қозғалыстың негізгі ұраны «Сіздің және Біздің азаттығымыз үшін» деген ұран еді.1


1928 жылы Варшавада «Ресейден жәбір-жапа көрген халықтардың лигасы» (Прометей қоғамы) құрылып, оның құрамына Әзірбайжан, Грузия, Түркістан, Солтүстік Кавказ, Қырым, Дон, Коми, Кубань, Украина, Орал халықтарының өкілдері енеді. Большевизмге қарсы бұндай қозғалысты құруды сол кездегі Польша үкіметінің басшысы, маршал Юзеф Пилсудскидің өзі қолдайды. «Прометей» жетекшілерінің жиынын, семинарын, лекциясын, пі­кір-таластарын өткізетін «Прометей» клубтары Еуропаның әр қалаларында құрыла бастайды. Қозғалыстың басты мақсаты: біріншіден, өз тағдырын өзі шешу жолында халықтардың саяси санасын ояту, екіншіден, Кеңес үкіметі тұ­сындағы орыс емес халықтардың ауыр жағдайын Еуропа жұртшылығына, әлем жұртшылығына ашып көрсету, үшін­­­шіден, орыс емес ұлттардың тіл өзге­­шелігіне, салт-дәстүрі, мәдениетіне Кеңес үкіметінің пысқырып қарамай отырғанын жария ету болды. «Прометей» қозғалысы ұлт тәуелсіздігі және большевизмге қарсы күресте халық­тардың бірлігін күшейтуді дәріптеп насихаттаумен ерекшеленеді. 
«Прометей» қозғалысы өз қатарында көптеген тарихи тұлғалардың басын қосты. Сондай-ақ, халықтардың тарихында өзінің өшпес ізін қалдырды. 20 ғасырдың соңы – 21 ғасырдың басында «Прометей» қозғалысы атты бұл феномен алғаш рет жан-жақты, кең түрде зерттеле бастады. Бұған үлкен үлес қосқан поляк тарихшылары болды.2 «Прометей» қозғалысы және оның іс әрекеттері және прометей жетекшілеріне қатысты кейбір мұрағаттық материалдар Мәс­кеуде және басқадай қалаларда бар болғанымен, осы қозғалыс туралы сараптамалық баяндамалар,  шолулар,  рефераттар, мақалалар мен хаттардың қолжазбалары және басқадай дерек мәліметтердің барлығы әуелі Польшаны басып алған Нацистік Германияның қолына түсті, кейін екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған соң, бұл дерек материалдар Кеңес Одағының қолына өтті.
Горбачевтің «перестройкасы» кезінде «Прометей» қозғалысына қатысты құжат­тардың бәрі құпиясызданды. Көптеген елдер­дің зерттеушілері бұл құжаттармен жақын танысуға мүмкіндік алды. Әсіресе, біз үшін шетелде болған мұсылман эмиграциясына қатысты құжаттар, соның бір өкілі саналатын Мұстафа Шоқайға қатысты құжат деректер қызықты әрі құнды болмақ. Атап айтар болсақ, 1999 жылы Мәскеуде жарық көрген «Из истории российской эмиграции» атты зерттеу еңбектегі Ахмед Заки Валиди мен Мұстафа Шоқай арасында 1924-1932 жылдары жазысқан хаттары, 2001 жылы «Вопросы истории» журналының №2 санында жарық көрген Мұстафа Шоқайдың «Революция в Туркестане. Февральская эпоха» мақаласы, 2001 жылы аталмыш журналдың №5 санында жарық көрген «Отрывки из воспоминаний о 1917 г» и «Национальное движение в Средней Азии» мақалаларын атауға болады. Осы мақалаларында М. Шоқай «Прометей» қозғалысының белсенді әрі белді мүшесінің бірі ретінде болшевиктер басқаруындағы кеңес үкіметінің «кіші ұлттарға» қатысты саясатын өткір сынға алады. 1917-1918 жылдары Қоқанд автономиясы деген атпен белгілі болған Түркістан Республикасын басқарған кезінде  М. Шоқай  Кремль тарапынан жасалған «ұлттық саясатқа» қарсы болғаны үшін 1921 жылы Парижге саяси эмиграцияға кетуге мәжбүр болған еді. Алайда, Кремль М.Шоқайды қолдаушы топтардың Түркістан Республикасында әлі бар екенін жақсы біліп отырды. Осы жағдайды қатаң ескерген  Кремль басшылары 1924 жылы Түркістан республикасын таратып, бірнеше елді мекендерге бөліп тастайды. Кремльдің жасаған бұл солақай саясаты  сондағы ұлттар арасында жерге байланысты  дау-дамайдың, эт­ни­калық тұрғыдағы шиеленістердің тууына себепші болған еді. Мысалы, 1924 жылы Лубянкадағы Кеңестік мемле­кеттік қауіпсіздік комитетінің Сталинге жолдаған жедел хатында: Қазақ интеллигенциясы өкілдерінің мұсылмандар басым тұратын жерлерде жеке мемлекет құруды насихаттап жүргенін, олардың «тәуелсіз Түркістан» мемлекетін көксей­тіндігін хабарлайды.3
 Ел ішіндегі және шетелде эмиграцияда жүрген ұлты орыс емес  М. Шоқай бастаған күрескерлердің бұл іс-әрекеті Кремльдегі басшылардың қорқынышын туғызады. Бұл жағдай 1930 жылдардың ортасында Ста­лин тарапынан социализм жауларына қарсы күресті күшейту туралы арнайы қау­­лы қабылдауға апарады. Бұның ақыры 1937-1938 жылдарғы қатаң репрессияға жалғасады.     
«Прометей» қозғалысына қатысты ал­ғашқы конференция 2008 жылы сәуір­де Париж қаласында өтеді. Бұл конфе­­ренцияға Италия, Польша, Ресей, Қазақ­станнан және Франциядан зерттеуші ғалымдар қатысады. Конференцияға қа­ты­сушылар «Прометей» қозғалысына қатыс­ты феноменді толық түрде зерт­теудің өте қиын мәселе екендігіне тоқталады. Оның себебін Кремль тарапынан Кеңес одағының құрамындағы орыс емес ұлттар мен халықтарға  жасаған  ішкі саяасатына тікелей байланысты болуымен түсіндіреді. Мысалы, М.Шоқай 1934 жылы «Прометей» қозғалысы тарапынан қаржыландырылып  шығарылатын  «Яш Туркестан» журналының желтоқсан айындағы санында: «Кеңес үкіметі бізге «панисламизм», «пантюркизм» идеяларын қоздырды деген айып тағады. Ал, шын мәнінде біз 1917 жылы орыстармен бірдей тең құқық берілуін ғана талап еттік» деп жазады. 
М. Шоқай Парижде орналасқан «Фран­ция-Шығыс» атты комитеттің белді мү­ше­сінің бірі ретінде эмиграциядағы жылдары Кавказ халықтарының эмигра­ция­дағы жетекшілерімен, өкілдері­мен тығыз қа­рым-қатынаста болды. М. Шо­қайдың эми­гра­­циядағы әрбір іс қа­дамы Кеңестік құпия полицияның қатаң бақылауында болғаны белгілі жайт. Осы ұйымның 1923 жылы сәуір айында Сталинге жолдаған хабар­лама­сында М.Шоқайдың Па­риж­дегі эмиграция комитетінің шы­ғыс бөлімін басқаратынын, сондай-ақ, оның 1923 жылдың басында татар эми­­гранттарының Берлин қаласында өткізген мұсылман-эмигранттарының құ­рыл­тайына барғанын хабарлайды. Бер­линде өткен сол жолғы құрылтайда әзірбайжан, түркістан халықтары, қы­рым татарлары және башқұрттардың басын біріктіретін «Тұран» клубы құры­лады. Мұсылман кіші халықтардың эми­грациядағы бұл тірлігі, әрине, Кремль­­ге қорқыныш үрейін әкелген еді. 
Ресейдегі төңкеріс жылдары және аза­маттық соғыс жылдары Башқұрт Рес­пуб­­ликасының жетекшілерінің бірі бол­ған Ахмед Заки Валидов 1924 жылы елін тастап, Еуропаға саяси эмиграцияға кетеді. Ол өзінің естелігінде, 1924 жылы маусым айында Берлин қаласында Польша үкіметінің өкілі Станислав Стемповскимен кездескенін, ол Кеңес одағынан шыққан ұлты орыс емес халықтардың қозғалысын құру идеясын көтергенін және арнайы журнал шығаруды ұсыныс еткенін жазады. А. Валидовтың жазуы бойынша, ол Польша үкіметінің бұл ұсы­нысын  Берлиндегі кавказ және украин эми­грациясының өкілдерімен кездескен кезде талқылап, «Прометей» деген атпен Францияда журнал шығару мүмкіндігін  қарастырыпты. Алайда қайсыбір  тарих­шылар А. Валидовтың Берлинде құрыл­ған «Тұран» клубының жұмысына үнемі бөгет, кедергілер жасаумен айналысып ақыры бұл клубтың жұмысын біржолата тоқтатуға апарғанын, прометей қоғамында түрлі бөлінушіліктер туғызуға себепкер болғанын алға тартады. Бұл арада М.Шоқай мен А.Валидов арасындағы идеялық келіспеушілікті соған байланысты екеуінің арасында туындаған өткір айтысты айтуға болады.
1926 жылы Париж қаласында бұрынғы Ресей империясының құра­мында болған халықтардың эми­грациядағы өкілдері «Прометей» атты клуб құрады. Бұл ұйым халықаралық құқықтағы ұйым ретінде өз жұмысын бастайды. «Прометей» деген аттың авторы полковник Т.Шетцель 1924-1926 жылдары Стамбұлдағы Польшаның әскери атташесы болып қызмет істеген кезінде эмиграциядағы кавказ халық­тарының өкілдерімен тығыз байланыста жұмыс істейді. 1926 жылдан бастап француз тілінде «Promethee» (Прометей) журналы шыға бастайды. «Прометей» мұсылмандарының ара­сындағы жетекшілік үшінгі күрес аса шиеленісті жағдайға дейін барады. 1927 жылы Ахмед Заки Валидовтың Мұстафа Шоқайға қарсы жүргізген саяси ойынының салдарынан Шоқай Түркістан ұлттық ұйымының орталық комитеті құрамынан еріксіз шығуға мәжбүр болады.4    
1928 жылы Исхакидің бастауымен «Еділ-Орал халықтарының тәуелсіздігі жөніндегі комитет» құрылып, татар ті­лінде «Милли юл» (Ұлттық жол) жур­на­лын шығара бастайды. А. Валидов бұл ұйыммен және журналмен бірлесіп жұмыс істеуден бас тартады және өзі жеке алдына Башқұрт ұйымын құруға кіріседі. Бұның осындай келеңсіз қы­лық­тарынан болып ол 1929 жылы Түр­кістан ұлттық бірлестігі ұйымының ор­талық комитетінен шеттетіледі. М. Шо­­қай қайтадан осы ұйымның орта­лық комитетіне қабылданып, ұйымға же­текшілік ете бастайды. А. Валидов «Прометей» қоғамының іс қызметінен де алас­татылады. 
1930 жылы наурыздың 14 күні М.Шоқай  «Прометей» журналы редакциясына арнап жазған хатында  «Қазан төңкерісі кезіндегі ұлттық қозғалыс туралы» орыс тілінде бір мақала дайын­дағанын, бұл мақалада Кеңестер тарапынан  «ұлттық қозғалыс құру жолын­дағы істелген жұмыс және болашақ туралы айтқан ойларды» әдейі шатас­тырғанын сынап жазғанын баяндайды. Сондай-ақ, ол бұл мақаласының тезірек жарияланатындығына сенімді екенін білдіреді. «Прометей» журналында жарық көрген мақалалардың көбі зерттеуші-тарихшылар үшін аса ма­ңыз­ды тарихи дереккөздер болғанын айту жөн. Прометейшілердің жариялаған ма­қа­лалары қаншалықты сенімді дерек­көзі бола алғанына Польша жағы да үнемі назар аударып отырған. Мысалы, М.Шоқай 1931 жылы 16 наурыздағы бір хатында: Кеңестік Түркістан жөнінде оның Еуропа баспасөзінде жарық көрген мақалаларына қатысты Кеңес одағында бұған қатаң тойтарыс беру науқанының жүріп жатқанын, бұл көп жағдайда өзінің қарсыластары тарапынан болып жатқанын, бұған өзі де көп көңіл бөліп отырғанын жазады.5 
М.Шоқай 1932 жылы 23 желтоқсан күні кейін 1933 жылдың 19 ақпанында «Прометей» журналының редакциясында өткен бас қосуларда жасаған «Октябрьский период революции в Туркестане» (Түркістан-қазан төңкерісі кезеңінде) атты баяндамасында 1918 жылы ақпан айында Қоқанд автономиясының жеңіліс табу себептерін сарапқа салады. Оның пікірінше, Түркістан бірлігінің қажеттілігі тұрғысынан жалпыұлттық күрес жүргізу мәселесінде түркістандықтар нақты әрі қатаң іс шараларға бара алмады. Бұл олардың ерік, жігері мен сана сезімінің әлі оянбағанына байланысты деген түйінге келеді.6 
1932 жылы қараша айында Франция мен Кеңес одағы арасында бір-біріне қарсы соғыс ашпау туралы келісімге қол қойғаны «Прометей» қозғалысының жұ­мысына недәуір салқындық әкеледі. 1935 жылы 12 мамыр күні «Прометей» қозғалысын құру жөніндегі идеяны қолдаушылардың бірі маршал Юзеф Пил­судски қайтыс болады. Мұстафа Шоқай «Яш Туркестан» журналының 1935 жылғы 67 нөмірінде: Польша мем­лекетін күшейту жолындағы кү­рес­терде  батыл қадамдарға, ірі істерге бара білген осы бір саяси жетекшіні өзінің аса құрметтейтіндігін жазады. Бұдан кейінгі жылдары Польша үкіметі тарапынан «Прометей» қозғалысына арнап бөлінетін қар­жының  қысқаруы бұл ұйымның жұ­мы­сына кері әсерін тигізгені мәлім. Алайда, соған қарамастан «Прометей» жетекшілерінің тағы бір маңызды жиыны 1936 жылы 17-26 сәуір аралығында Парижде өтеді. Бұл негізінде «Прометей» мұсылмандарының құрылтайы болатын. 26 сәуір күні ұйымдастыру мәселелері сөйлесіліп, «Ресейден жәбір көрген Түркі елдерінің одағы» атты жаңа ұйым құрылады. Ұйымның бас хатшысы болып қырым татары Сейдахмет, ал, хатшысы болып түркістандық М.Шоқай сайланады. Ұйымның басты мақсаты өз елдерінің Ресейден бөлініп, тәуелсіз ел болу жолындағы күресінде өз ара қолдау көрсету болған еді.
Алайда прометей қозғалысының мұ­сыл­ман жетекшілері арасында туын­даған түрлі келіспеушіліктер мен пікір та­ластарға байланысты 1937 жылы мау­сым айында Варшавада төтенше құ­рыл­тай өткізу жосарланғанымен бұл жиын белгісіз себептерден болып өтпей қа­лады. 1938 жылдан Нацистік Германия тарапынан Еуропаға төнген соғыс жағдайы «Прометей» қозғалысының жұ­мысын уақытша тоқтата тұруға мәж­бүр етеді. Нацистік Германия «Прометей» қозғалысының мұсылман же­тек­шілеріне сенімсіздікпен қарағаны мәлім. 1941 жылы Германияның сырт­қы істер министрлігі дайындаған анықтамада: эмграциядағы Исхаков, Расул-заде, Шоқай қатарлы мұсылман жетекшілеріне қатысты олардың «Прометей» атты «ісі күңгірт ұйыммен» байланыста болғандарын, бұл ұйымның Германия үшін «шын мәнінде жау, ал бірақ одақтас» делінетін Сталинге қарсы жұмыс істегені туралы айтылады.7 М. Шоқай бастаған «Прометей» қозғалысы жетекшілері тарапынан таралған басылымдар ондағы жарияланған мақалалар батыс жұртшылығына болшевиктік төң­керістің шынайы сыр-сипатын сондай-ақ азамат соғысының себептерін жалпысы кеңес еліндегі нақты жағдайды ашып берді.  Олардың сол жан айқайы тек 74 жылдан кейін ғана шындыққа айналған еді. 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. S.Mikulicz, Prometeizm w polytice II Rzeczypospolitej, Ksiazka I Wiedza 1971.
2. A.Peplonski, Wywiad Polski na ZSSR 1921-1939, Warszawa 1996; Zbior dokumentow pplk. Edmunda Chara­sz­kiewicza, Krakow 2000; I.P. Maj, Dzia­lalnosc Insytutu Wschodniego w Warszawie 1926-1939 Warszawa 2007; и др.
3. Ruch Prometeiski: «Совершенно се­крет­но» Лубянка – Сталину о положении в стране (1922-1934) Т.1: 122-1923 г. Ч.2 Москва 2001, с.946,974.
4. Из истории российской эмиграции: письма А-З.Валидова и М.Чокаева. с 11.
5. РГВА, Ф:461-к, Оп,2, Д.136, Л.118,120
6. М.Чокаев, Революция в Туркестане, с. 5
7. И.А. Гилязов, Легион «Идель-Урал» Москва 2009, с.208,209.

 

689 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз