• Тарих толқынында
  • 18 Мамыр, 2015

Бауыржан Момышұлы: «Мен адамдарды емес, олардың бейбастық қылықтарын жек көремін»

«Бұл тақырыпты қолға алу мен үшін өте қиын болды» – деп бастады өз әңгімесін батырдың ұлы Бақытжан Момышұлы. «Әкемнің әскери өмірін мен жаза алмадым. Өйткені, мен бұл саланың маманы емеспін, ал, жұртқа мәлім жәйттерді қайталап жазғым келмеді. Мен өз арнамды іздедім. Содан, кенеттен, мүмкін кенеттен де емес шығар, мен әкемнің сарқылмайтын қазына екендігіне көз жеткіздім. Оның әрбір сөзі астарлы, қала берді бірнеше мағыналық деңгейге ие болып келетін. Бір күні ол: «Соғысқа қатысқанның бәрі жауынгер емес» – деді. Өз ойын: «Әскери форма кигеннің бәрі солдат емес» деп аяқтады. Мен мұны былайша түсіндім: жауынгер болу – бұл адамның жан-сезімі, қандай-да бір өзге дүниетаным, ерекше ұлтжандылық және қорғансыздарға деген айрықша аяушылық сезім. Соңғысы жайында кейбіреулер: «Бауыржан Момышұлы көп жағдайда тік мінезділік, төзбестік, тіпті, дөрекілік танытатын» – деп қарсы сөздер айтуы мүмкін. 


Иә, иә, иә! Әкем шын мәнісінде кейбір адамдарды үйден айқайлап, балағаттап қуып шығатын. Бір күні мен одан: «Әке, сен оларды неге соншалықты жек көресің» – деп сұрадым. Ол мұңайып оты­рып: «Мен жеке адамды емес, оның бейбастық қылықтарын жек көремін» – деді. Сөйтсем, әлгі адамдар әкеме лайықсыз, пендешілік өтініштерімен келеді екен ғой. Мысалы қыз зорлап түрмеге түскен туысқанын бостандыққа шығарып беру немесе лайықсыз бір шенеунікті орнынан алып тастауға көмектесу деген секілді.  Бір жолы әкем келінін ертіп опера театрына салтанатты жиынға барды. Бір сәтте театрдың фойесіне республиканың сол кездегі басшылары жинала қалады. Сонда Қазақстан Компартиясы орталық комитеті мәдениет бөлімінің меңгерушісі Михаил Есенәлиев әкемді Мәскеуден Қазақстанға екінші хатшы болып келген Месяц деген кісімен таныстырады. «Мынау біздің батырымыз – атақты Бауыржан Момышұлы» – дейді ол. Анау өз фамилиясын айтқан кезде әкем одан: «А почему не Луна?» – деп сұрапты. Екінші хатшы бұл сұрақты дұрыс қабылдағанға ұқсайды. Бірақ, шені жоғарыға құлдық ұрып үйренген айналасындағы нөкерлерінің көздері шарадай болып естері шығып кете жаздапты. Олар әкемнің бұл сөзін «бұзақылық» деп бағалаған. Кейін Зейнеп маған осы оқиғаны айтып берген кезде, мен әкемнің неге бұлай істегенін түсінуге тырыстым. Әкем өзінің қылығын былай деп түсіндірді: «Күнтізбектегі ай – бұл уақытша нәрсе, онда бары-жоғы отыз-ақ күн бар. Толық емес, кеміс. Ал, көктегі Ай – ол тұрақты. Сондықтан, ол Қазақстанға уақытша келген адам. Оның республика үшін жаны ауыра қоймас». 
Мұндай жағдайлар әкемнің өмірінде көп болды. Барлық адам салған жерден әкемнің шатақ мінезін көре қалатын. Бірақ, ешкім ешқашан әкемнен: «Бауке сіз неге бұлай жасадыңыз?» – деп сұраған емес. Әкем дү­ние салғаннан кейін Дінмұхамет Ах­мет­ұлы Қонаев маған мынадай оқиғаны айтып берді. 
Бір күні ол ЦК-ның дәлізінде Орта Азия әскери округының қолбасшысы  – генерал-полковник Лященко деген кісі­мен келе жатқан екен. Алдарынан әкем кездесе кетеді. Қолындағы таяғын көтеріп оларды тоқтатады. «Димаш! Мынамен... – депті, қолындағы таяғымен Лященконы нұсқап, – «кезінде Генштабтың әскери академиясында бірге оқығанбыз. Ол үшке оқыды. Ал, мен үздік оқыдым. Ол қазір генерал-полковник. Ал, мен полковникпін... Топас генерал!» – депті де жүре беріпті.  Мен Қонаевтан әкемнің бұл қылығын қалай қабылдағанын сұрадым. «Мен Баукені дұрыс түсінген тәріздімін. Ол, егер, Момышұлы емес «Момышуленко» болғанында, өзі де генерал болып жүретіндігін айтқысы келді. Сондай-ақ, мен оның жеке өзі жайында ғана емес, осындай әділетсіздіктердің Ислам дінін ұстанған барлық аз халықтарға да жасалып жатқандығын айтқанын түсіндім» – деді Қонаев. Бірақ, әкем өзінің сол тік мінезділігін тек керек жерінде ғана қолданатын. Басқа жағдайларда әдемі қал­жыңдай да білетін. Бір күні әкеме Нәбиден деген кісі келді. Қонақ Алматыда ешқандай танысының жоқтығын және Жазушылар Одағына мүше болғысы келетіндігін айтты. Өзіне бір «Ұсыныс хат» керек екендігін жеткізді. Әкем: «Мен жалпы, ешкімге ұсыныс жазбайтын адаммын» – деді. Бірақ, әлгі адам қояр да қоймай, ал, кеп жалынсын! Содан болмаған соң, әкем Жазушылар Одағының бірінші хатшысына мынадай тілхат жазады: «Мына ақымақты Жазушылар Одағына қабылдашы. Егер, қабылдайтын болсаң, ақымақтарға тағы бір ақымақ қосылатын болды». Содан не болды, десеңізші! Әлгі Набиден жаңағы қағазды шынымен Жазушылар Одағының сол кездегі төрағасы Әнуар Әлімжановқа алып барады! Әнуар аға оны оқып, күліп жібереді. Содан не керек, хатшылықтың келесі отырысында Нәбиден одаққа қабыл­данады... Ал, жалпы, әкем былайғы жұрттың өзіне деген шала түсінушілігін өмір бойы бастан кешті.  
Билік  басындағылар оны жайсыз адам деп қабылдайтын. Сондықтан да, атақ пен марапаттан тыс қалдыратын. Бірақ, түсінбеушілік былай тұрсын, оны көре алмайтын! 90-шы жылдардың басында Рақымжан Қошқарбаев, Қасым Қайсенов және өлгеннен соң әкем Кеңес Одағының Батыры атағына ұсы­ныл­ғанда біздің бір генерал: «Бұлар  қайдағы батырлар, олар батыр емес бұзақылар! – деген болатын. Осыдан кейін мен бір күні жолда Қасым аға Қайсеновты көріп қалдым. Көзінен аса ауыр ренішті байқадым. Ол: «Ой, бізге ешқандай Жұлдызының керегі жоқ, бірақ, атын неге қорлайды!» – деп қатты күйінді. Мейлі, жұрт не десе о десін, бірақ, әкемнің адалдығы мен риясыздығы керемет болатын. Мысалы, ол соғыстан әскери олжа ретінде тек өзінің жауынгерлері сыйлаған, немістің бір генералының парадтық шпагасын ғана алып келді. Әкемнің батальонында аспазшы болған тәшкендік Жан Файзиев ақсақал: «Бауке бізге: бүлінгеннен бүлдіргі алмаңдар! Жеңістен кейін барлығы да болады! – деп айтушы еді» – деп еске алатын.    
Иә, әкем кейде тік мінезділік танытатын, өктемдене сөйлейтін. Бұған көп адам ренжіп қалатын. Ал, меніңше, ол, осылайша жанын жегідей жеген қандай да бір ащы зарды, көкірегіндегі жұмсалмай қалған, буырқанып жатқан күш-қуатын осылайша сыртқа шығарып отырған. 
Есіме бір оқиға түсіп отыр. Бір жолы әкемді бір себеппен қатты ашуландырып алдым. Ол бірінші және соңғы рет өзінің дәу сүйекті қолдарымен маған серменіп қалды. Мен: «Атам бұл үшін сені ешқашан да кешірмес еді!» деп айқай салдым. Ол қолын түсіре қойды. Бұдан кейін маған ешқашан қол көтеріп көрген емес. Әкем, өзінің әкесін қатты сыйлайтын. Ол қарапайым шаруа бол­ған адам. Әкем көңілді кезінде маған: «Сен тек бостаусың, бірақ, бәрібір атаңа ұқсайсың!» – деп айтатын.  
Ол қандай әке болды? Қатал. Мысалы мектепте оқып жүрген кезімде сыныптас­тарымды әке-шешелері жазғы каникулда демалуға Қара теңізге, Мәскеу мен Ленинградты, сондай-ақ Кеңес Одағының басқа да қалаларын тамашалауға жіберетін. Ал, мені әкем көпшілік вагонға отырғызып ауылға, туыстарына жіберетін. Әкемнің маған ешқашанда көңілі толған емес. «Мен сені казарманың алдына шығарып тұрып ефрейтордың тұмсығыңнан ұрмағанына өкінемін» – дейтін. Мен шынында да онымен салыстырғанда жинақылау болмадым. Ол мені біресе, «илеп, қалаған нәрсені жасай беретін пластилин», біресе, «бос белбеу» деп ұрысатын... Меніңше ол, менің әскери форма кимегеніме өкінетін. «Әскери форма адамды алдымен сырттай, кейін іштей  тәртіпті етеді» – деп санайтын. 
Алайда, ол тек сырттай ғана қатал болатын. Ал, түптеп келгенде сондай мейір­бан әке еді. Мені отбасын қа­дір­леуге, әйеліме  қамқор болуға үй­рет­ті. Ал, ауылға, болашағымды ойлап жібе­ретін. Егер, олай жасамағанда қазақ­тардың мәңгүрт болып өскен бүкіл бір ұрпағының кебін киуім мүмкін еді – ана тілімді де, ұлттық салт-дәстүрлерді де білмей өсер едім. Ал, мен Аллаға шүкір, өзімді өз халқымның арасында жат сезінбеймін. Маған әкемнан қалған негізгі мұра – ол қалам. Халық: «Аш адамның қолына балық емес, қармақ бер» – деп бекерге айтпаған ғой. Ол жазушылықтың қыр-сырын жалықтырмай үйретті. Әдеби білгірлікті қысқа да айқын, ешқандай мағыналық өзгешіліктері жоқ солдаттық тілмен түсіндірді. «Егер, әңгіме құрар болсаң» – дейтін әкем, – бұл, қарсыластардың шағын тобымен қақтығыс. Ал, егер, повесть жазатын болсаң, бұл енді нағыз шайқас. Алдыңғы қатарға барлаушылар шығады, одан кейін атыс көздері орналасады, ал, тылға жақын, ауыр артиллерия қойылады. Роман да әскери өнердің заңы бойынша құрылады, оны енді ұрыспен салыстыруға болады. Ұрысты тылсыз жеңу мүмкін емес. Ол майданды азық-түлікпен, оқ-дәрімен және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етеді. Ал, сен, өз «тылыңа» тым немқұрайлы қарайсың». Соңғысы бойынша, лайықты ілтипатымның жоқтығын байқап, келіні, менің әйелім Зейнепті айтқаны ғой.
– Бірақ ол өзі де әйелдерге аса мейі­рімді болмады ғой.
– Өйткені, ол жарастықты, сұлулық­ты із­деді!
Бұл үшін оны кінәлауға болмайды! Мен өз үндестігімді бірден таптым. Бірақ, айтады ғой, «Қолда бар ал­тын­ның қадірі жоқ» деп. Ал, әкемнің маған айтқан қатты сөздеріне келер болсақ, мен мұндай сәттерде әр-түрлі сезімде болатынмын. Айтқандарымен келіспейтінмін, ренжитінмін және ...аяйтынмын. Сөзі мен ісінің бір-біріне сырттай қарама-қайшы келіп жатқандығына қарамастан, ол асқан адал және ер жүрек адам еді. Ешкімнің алдында именіп көрген емес. Әскерден қол үзіп қалуының да басты себебі осы болса керек. Әскерді ол жанындай жақсы көрді. Калининде әскери тыл академиясында дәріс беріп жүрген кезінде тыңдаушыларының алдында елдің жоғары қолбасшылығының атына талай рет ауыр сындар айтқан. Мысалы, Маршал Гречко жайында тыңдаушыларға: «Бұл «душечка» Гречко, әскерге кездейсоқ келген адам, нағыз «паркентный шаркун», -– деп айтқан. 
1956 жылы әкем әскерден тура бір күштеп шығарылғандай болды. 
Соның аз-ақ алдында, бір шені жоғары адам әкеммен жеке кездесіп, оны жақсы қызметке қоятындығына нық түрде уәде беріп, басқа ешқандай ұсыныстарды қа­был­­дамауын сұраған. Осыдан басталған ғой... Әкем жұмыс жөніндегі басқа ұсы­ныстардың барлығынан бас тартады. Кадр бөліміндегілер оның бұл қылығын қы­ңырлық деп бағалайды. Осыдан кейін, медкомиссия мүшелеріне нұсқау берілген болса керек... Қысқасы, әкем комиссиядан өте алмады. Әйтпесе, оның өмірі әскермен біте қайнасып кетіп еді ғой! Жауын­герлік жолын қатардағы қызыләскер болып бастады, Қиыр Шығыста Блюхердің қарамағында қызмет етті, кейін әскери учи­лищені тәмамдады, артиллериялық офи­­цер атанды. 40-шы жылы Қазақстанға орал­ды, Қазақ әскери комиссариатында аға нұсқаушы болып жұмыс істеді. Генерал Пан­филов 316-шы атқыштар дивизиясын құрған кезде, Бауыржанға батальон басқару ұсынылды. Одан арғы әскери өмірі белгілі ғой: бес рет жау қоршауын бұзып шықты, талай қалалар мен селоларды азат етті... Тек бір жәйт әлі күнге дейін бүркемеленіп айтылмай келеді: 8-ші (Мәскеу түбіндегі шайқастардан кейін 316-шы атқыштар дивизиясы Панфилов атындағы 8-ші гвардиялық дивизия болып қайта аталынды) және 9-шы гвардиялық дивизия (әкем соғыстың соңғы жылында осы дивизияны басқарған) вермахттың қарапайым солдаттарымен емес, СС әскерінің «Тотенкопф» – яғни, орыстар «Мёртвая голова» деп айтып жүрген таңдаулы дивизиясымен соғыс жүргізген. 
Кезінде Мәскеудің атақты «МХАТ» театры Алматыға Александар Бектің «Волоколамск тас жолы» атты повесін сахналауға келгенде Панфиловтың ролін сомдаған атақты Георгий БУРКОВ: «Мен барлық уақыт айтып келем, бұдан кейін де айта берем! Мәскеуді қазақтар қорғап қалған!» – деп айтқан еді.   
Әкем әскерден босап қалғанына қат­ты күйінді. Ал, кейін, жігерін жанып, жұртшылыққа запастағы полковник екен­дігін, бірақ запастағы азамат еместігін айтып, қолына қалам алды... 
Әңгімелескен 
Ғалия Шымырбаева 
«Казахстанская правда» газеті. 

 

524 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз