• Тарих толқынында
  • 12 Қазан, 2011

Тарихи кезеңдердің таразысы

Қазақ баспасөзі тарихында ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдарынан бастап жарық көрген газет-журналдардың орны ерекше. Бұл басылымдар кезінде небір тар жол, тайғақ кешуден өтіп, заманына сай идеологияға қызмет еткенімен, алдарына қойған негізгі мақсаты қазақ халқына қызмет ету, келешегінің кемелденуіне үлес қосу болатын. Сол басылымдардың бірі - бүгінде алғашқы нөмірі шыққанына 90 жыл толып отырған «Ақиқат» журналы. Осы басылымды ұйымдастыруда, қалыптастыруда ұлтымыздың туын ұстаған арыстарымыз өзіндік қолтаңба қалдырды. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін арыстарымыздың көзіндей болған «Ақиқат» журналы жаңа атауына сай тарихи кезеңдердің таразысына айналып, ұлттық ой-сананың парасат биігінен көрінуіне, қоғамда болып жатқан ұлы өзгерістерді саралауға, оны ғылыми-теориялық тұрғыдан пайымдауға, бір сөзбен айтқанда, Тәуелсіз мемлекеттің еңсесінің биік, іргесі мықты болуына зор үлес қосып келеді. Оқырман қауымның ыстық ықыласына бөленіп келе жатқан «Ақиқат» журналының еңбек ұжымын мерейтоймен құттықтай отырып, алдағы уақытта да аталған басылымның мәртебесін биіктете түсуіне тілектеспіз. Самат ИБРАИМ, «Ана тілі» газетінің бас редакторы ІШКІ, СЫРТҚЫ САЯСАТТЫҢ БАҒДАРШЫСЫ Қазақ баспасөзінде өзіндік орны мен тарихы бар басылымдар жеткілікті. Олардың ішінде «Ақиқаттың» алатын орны бөлек. Бұл о бастан саяси журнал. Кеңес үкіметінің алғашқы жылдары жарық көрген басылымға белгілі қоғам қайраткерлері басшылық етті. Коммунистік партияның саясаты мен экономикадағы жетістіктерін, ғылым, білім берудегі табыстарын бұрынғы аты «Қазақстан коммунисі» журналы терең әрі жүйелі насихаттап отырды. Партиялық тәртіп пен этика қатаң сақталған сол заманның насихат құралы партия қаулы, қарарларын, шешімдер мен талаптарын бұқараға түсінікті түрде жеткізіп отырды. Тәуелсіздіктен кейін журнал қазіргі заман талабына сай Қазақстанның ішкі, сыртқы саясатына қатысты мазмұны терең, ойы анық дүниелерді жүйелі түрде жариялап, атақты ғалымдар мен саясаткерлерді сөйлетті. Астана самиті жөнінде жазылған мақалаларда Қазақстанның қарышты дамуы мен әлемді таңқалдырған жетістігі ерекше көрсетілді. Сондықтан журнал мерейтойында осында қызмет ететін әріптестерімізді шын жүректен құттықтап, оларға табыс тілеймін. Сейітқазы МАТАЙ, Қазақстан Журналистер Одағының төрағасы Тағылымы зор Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің жиырма жылдығы тұсында еліміздің ұлттық рухани құндылықтары да тарихи мәнге ие арнаулы даталармен сәйкес келіп отыр. Әсіресе мұның ұлттың бағдаршамы, рухани айнасына айналған қазақ журналистикасымен үйлесе үндесуі аса маңызды болса керек. Солардың бірі – мемле¬ке¬ті¬міздің мәдениеті мен рухани өміріндегі үлкен орны бар «Ақиқат» журналының 90 жылдығы. Ұлт тұлғалары сара жолын салып берген «Ақиқат» журналының «Мәдени мұра», «Орны бөлек ағалар», «Жас ғалым мінбері», «Білгенге – маржан», «Ақиқат - 90»: редакторлар тағылымы» т.б. айдарларының бүгінде оқырманға берері көп. Жасампаз ғалымдардың материалдары жас мамандарға арнайы бағыт-бағдар, сілтеме ретінде ізашар болып келе жатқаны қуантады. Бұл журналдың дәл қазіргі еліміз ұстанып отырған индустриялды-инновациялық бағытында өзіндік орнын айғақтаса керек. Сондай-ақ, басылымның әрбір айдарындағы талдамалық мақалалар, ғылыми сараптамалар құнды деректерден тұрады. Ондағы көптеген қаламгерлердің түрлі жанрдағы жазбалары оқырманның тәлім-тәрбиелік талғамын арттыра түсетіні анық. Бұл «Ақиқат» журналының Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 20 жылдығы тұсында елдігіміздің дамуына қосқан зор үлесі бар екенін көрсетеді. Ғылыми-танымдық журналистиканы дамытуда «Ақиқат» журналы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен тығыз байланыста жұмыс істеп келеді. Ондағы жарық көрген әрбір жарияланымның журналистика факультеті студенттері үшін тағылымдық мәні зор деп білемін. Құрметті «Ақиқат» журналының ұжымын және оның оқырмандарын республикалық басылымның 90 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Елдіктің еңселі жолында мемлекетшіл тұлғаларды тәрбиелей берулеріне тілектеспін. Журналдың жұлдызы биік болсын. Қаламдарыңыз талмасын, жазар жақсылық көп болсын! Ғалымқайыр МҰТАНОВ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ректоры

644 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз