• Заманхат
  • 28 Сәуір, 2012

Тұлғасы биік Әділбай

Нұрсадық Сарғожаев, журналист

Әділ. Парасатты. Қарапайым. Кісілігі мен кішілігі сенсең тонның сырты мен астарындай қабысып жатқан абзал замандас­тарымыз арамызда қаншама... Кейде соны байқамаймыз. Көзге ілмейміз. Пендешілігіміз таразының табағында тең тұрмайды. Беті аулақ болсын, көпе-көрнеу қиянатқа баратындығымыз да бар. Жақсылық пен жамандықтың арасы қарға сүйем екендігін даналарымыз әлімсақтан дөп басқан. Ұрпағыңа абай бол деген. Адамгершілік ардан ауытқу аюандықпен тең екендігін талай мәрте құлағымызға сіңіргендігі бар. Отырардан шыққан ұлы ойшыл әл-Фараби бабамызша айтсақ, табиғи адамгершілік пен асыл қасиеттер адам бойында белгілі бір географиялық ортаның ықпалымен қалыптасады. Қазақи ұғымға салсақ, «Қасқа айғырдың құлыны қасқа болмаса да, төбел туадыға» саяды. Тегіне тартады. «Адамның жақсы болмағы нағашыдан, үйдің жақсы болмағы ағашынан» дейтін асыл сөз маржанын да жоққа шығара алмайсың. ... Адамзат ұрпағын орны толмас қасірет тұманына тұмшалаған екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған. 1946 жылдың қақаған қаңтарының бесінші жұлдызы. Ақыл-парасатымен артында өшпес із қалдырған Жарылғап бабамыздың есімімен аталып кеткен – Тастанбектің қарасуы атанған шағын өзеннің бойындағы шопан қауымының құт қонысы. Жаз жайлау Асы, Үшбұлақ, Ожар қоныстары – «Асы» жайлауы. Материалдық игілікті өндіруші жүздеген шаруаның белі қайыспас топай торылары – Айнабек пен Түйметайдың қараша қазақ жаппасында дүниеге «іңгәләп» тұяқ келді. Маңдайы кере қарыс, балпанақтай ұл. Қара шаңырақ иесі. Ат ұстар. Ұрпақ жалғастырушы. Соғыс атты ажал алпауытының жарасы жазыла қоймағанымен, елдің еңсесі көтерілген. Көңілдері көтеріңкі. Бейбіт еңбектің қызығы атты қызуына бел шешіп, білек сыбана кіріскен, алаңсыз уақыт. Қазақилықтың қаймағы бұзыла қоймаған шопан қауымы «Құтты болсын», «Сүйінші», «Тұманың бауы берік болсын» деп, Айнабек шопанның тар жаппасына түгел жиналды. Қа­раша үй – көңілдері көтеріңкі, жүздері жай­саң шопан қауымына тарлық еткен жоқ. Барлығы мәре-сәре. Еңбекшіқазақ ауданының «Асы» жай­лауындағы «Еңбек» колхозына қарасты «Үш­бұлақ» қонысына малшылар шілденің басында көшіп барады. Анасы Түйметай Ахметова сонда босанған екен. Әне-міне дегенше 3-4 күн өтіп, шілде терге арналған қалжа сойылмай қалыпты. Әжеміз әкені бақан ағашпен қуып, сол күні үлкен қара құнан қойды сойдырған деп ана еске алып отыратын. «Түрген» қой совхозының жерін қазан төңкерісіне дейін де, кейін де Жаныс руы қоныстанған. Қырбал­табай ауылының күн батысында Ең­бек ауылынан Іле өзеніне құятын өзенді тұр­ғындар қазірге дейін Талқамбайдың әке­сінің аты «Тастанбектің қара суы» деп атап кет­кен. Қа­зір «Өрнек» ауылында өзеннен басқа Тас­танбек көшесі де бар. Ал «Үшбұлақ» Тал­қамбайдың мал жайған жайлауы бүгінге дейін «Талқамбайдың қонысы» деп аталады. Анасы Түйметайдың әкесі Ахмет, оның әкесі Әбілда. Рулары – Шағатай. Қарға тамырлы қазақ емес пе. Қысы-жазы көрші отырып, қақ-соқпен ісі жоқ Айнабек ақсақалды жезделеп жүгіріп жүретін жігіт ағасы: Әкенің жақсылығы жездедей деген. Жие­німнің атын өзім қоям. Түбіміз бір. Жа­рыл­ғап бабамыздың ұрпағымыз, – деп сөз бас­тады. Қашан да буынсыз жерге пышақ ұрмайтын, сөз қадірін түсінетін екінші ерлер «Болсын, болсын», «Жөн, жөн» десті. Ырымшыл елдің ұрпағымыз. Атұстар, жиеніміз есімі «Әділбай» болсын. Әкел баланы, – деп құндақтаулы жас нәрестенің құла­ғына «Сенің атың Әділбай, Әділбай, Әділбай» – деп үш рет сыбырлап, - өмірдегі ұстанымың «Әділ», болашағың жарқын «Байқуатты» бол, – деп ақ батасын берді. Әділбай барша ауыл қара домалақтары секілді киіз үй, қыс-қыстау, жаз-жайлау, күз-күздеу, көктем-көктеуде, табиғат қойнауында кең тыныста ер жетті. Мектепке барды. Орта білім алды. Арман қуды. Жақсы мен жаманды таразылады. Оң мен солын таныды. Білім қуды. Қой бақты. Темекі өсірушілер бригадасына есепші болды. Алматының мемлекеттік уни­верситетінің тарих факультетін оқып, бі­тірді. Іздеген мұратқа жетер деген рас-ау. Көп өтпей, Еңбекшіқазақ аудандық «Еңбек жалыны» – «Пламя труда» газетіне қызметке шақырылды. Алғаш корректор, кейіннен әдеби қызметкер, жауапты хатшы баспалдақтарымен байыппен алға жылжыды. Отан алдындағы азаматтық борышы – әскери қызметін Семей қаласында өтеп қайтысымен, еңбекшілер депутаттары аудандық кеңесі атқару комитеті ұйымдастыру бөліміне нұсқаушы қызметіне кірісті. Үлкен өмірге араласты. ХХ-ғасырдың 60-шы жылдарының аяғы. 70-ші жылдарының басында бүкіл қазақ жастарының аспандата шырқай салатын «Айшажан» әнінің кейіпкері – Айша Сүлейменова атты қара торының қас сұлуымен қол ұстасып, отбасын құрды. Еңбек, бақыт баспалдақтары басталды. «Кімде-кім табиғатынан басқаруға бейім болса, басқару соның үлесіне тиеді. Демек, қайырлы қаланың әкіміне басқалар жол көрсетпейді. Өйткені, ол – кемелденудің ең жоғары деңгейіне жеткен ақыл-парасат иесі. Яки, табиғи жолмен ойлау қабілетінің ең жоғарғы дәрежесіне жеткен кісі», – деген екен ұлы ойшыл, қандасымыз әл-Фараби. Адамның өмірі еңбекпен өлшенеді. Адамгершілігі, парасаттылығы таразыланады. Тау қопарып, тас жару міндет емес дейтін тұрғыдан алсақ, еңбегінің өлшеуі мен өтеуі – адалдықта, парасатта, қарапайымдылықта. Бұл тұрғыдан, табиғи жаратылысынан Әділ­бай Талқамбаевтың асқан асуы, шыққан шыңы өз ортасына белгілі Биік. Сындарлы. Тағдырдың жазуы ма, әлде болмыстың сәйкестігі ме, оңы мен солын ажырата қой­маған албырт жастан, кешегі Әділбай, бү­гін 60-тан асқан Әдекеңмен бірге дүние дария­сының арнасында қатар жүзіп келеміз. Табиғатынан ұстамды. Екінің бірі білетін «Әй, жігіттер, байқандар!», «Әй, артық кетпейік!» дегенді байсалдықпен, бауырмашылдықпен айтқаннан жалыққан емес. Табиғи болмысы – әділдік. Парасаттылық. Қарапайымдылық. Кісі жатырқамайтындығы, бастамшылдығы жоқ жан. Қазақта: «Достың көңілінде болғанша, көзінде бол» деген аталы сөз бар. Әділбайдың бүкіл болмысы, халық алдындағы теңізге түскен түйір тамшыдай еңбегі көз алдымызда. Қарап, таразылап отырсақ, 40 жылдан астам еңбек жолы негізінен сайланбалы, өкілетті, мемлекеттік органдарда өткен екен. Артта қалған өткен ғасырдың 70-жылдарынан бастап, Еңбекшіқазақ аудандық кеңесі атқару комитетінің ірі, күрделі саласы аудандық мәдениет бөлімін 10 жылдай басқарса, 8 жыл бойы аудандық кеңесі атқару комитеті төрағасының орынбасары болды. Ол кезде бұл қызметті атқару үшін міндетті түрде халық қалаулысы депутат болу қажет еді. Атқарған ісің, басқан қадамың, сөйлеген сөзің, бүкіл болмысың, жүріс-тұрысың халықтың көз алдында. Мүлт кетсең, қия бассаң, қара бастың – қамына көшсең – халық кешірмейді. Табаны күректей 35 жылға жуық сайланбалы органда басшы қызмет атқару әрі абырой, әрі халық сенімі. Жазмыштан озмыш жоқ демекші, ел тәуелсіздігін алып, өз қолымыз аузымызға еркін жеткен тұста қоғам өміріне – сайланбалы өкілетті орган мәслихат келді. Мәслихаттың хатшысы болу үшін – депутаттық мандат қажет. Бұл да сайланбалы органның жаңа бір формасы. Бүгінде Әділбай Талқамбаев 90-шы жылдардың бел ортасынан бастап, арада 2-3 жылдан аудан әкімінің орынбасары қызметін айтпағанда, Еңбекшіқазақ ауданында мәслихаттың беделді, білгір хатшысы болып келеді. Халық қалауы, тағдыр тартуы деген осы. Басшылар жауапты жұмыстарды өз орынбасарларына тапсырса, өте жауапты шараларға қатысуды Әділбай Айнабекұлымен келісіп, Талқанбаев баратын болып шешілетін. Сондай үлкен мерейтой ауданымыздың Малыбай ауылында өткенде тойдың құрметті қонағы және аудан басшылығының өкілі ретінде Ә.Талқамбаевқа ауыл басшылары шапан сыйлап жатты. Сыйды құрметпен, ризашылықпен қабылдай отырып, Әдекең сахна төрінен төмен түсіп, шапанды бірінші қатарда отырған Еңбек Ері Үзер Үсеновтың иығына жапты: «Үзер ағамыз отырғанда мұндай сый алу маған орынсыз болар», – деді. Шараға қатысып отырған белгілі кинорежиссер Талғат Теменов ризашылығын жасыра алмай: «Ізеттілік, үлкенді сыйлау осы екен ғой, мұндай әдепті, мәдениеттілікті бірінші рет көріп тұрмын», – деп таңырқап еді. Ауданымыздан шыққан белгілі саясаткерлер, ғалымдар, өнер адамдары басшылардың аты-жөнін ресми түрде «имя, отчествосымен» айтып жатпай-ақ қара­пайым қазақи әдеппен атын айта салуы жақын тартып, «өзіміз ғой» деп есептеумен қатар, сыйлағаны деп түсінемін. Ауылдағы ардагер ақсақалдарымыз билік басындағы лауазым иелеріне келсе, Ә.Талқамбаевқа кірмей кетпейді. Депутаттар бюджет қаржысын ұтымды пайдалану жөнінде көптеген ұсы­ныстар мен сын-ескертпелер айтады. Олардың бәрі де сессияға қатысқан әкім орынбасарлары, бөлім, басқарма басшыларының назарынан тыс қалған жоқ, әрине. Өкілді орган мүшелері ретінде депутаттар белсенділігін жылдан жылға арттыруда. Оның айғағы жос­парлы, жоспардан тыс сұрақтардың дені депутаттар ұсынысымен енгізіліп отыр. Жер қатынастарын реттеу, мәдениет мекемелерін, халық шаруашылығын дамыту туралы сұрақ­тар депутаттар ұсынысымен жоспарға кіреді. Депутаттар қатарында құр даурықпа, шолақ белсенділер емес, өмір көрген, сылдыр сөзді сыннан гөрі, нақтылы ұсыныстар бере алатын іскер адамдар көп. Олардың қатарында «Ауданымыздың құрметті азаматтары» Руслан Қалиев, Қаирия Бұланбаева, Сейтхан Қыр­қынбаев, Бақтығали Мұқанов, Галина Лулудова, Адалятхан Газиева сияқты депутаттар­ды айтамын. Сессияға өте қажетті материалдар дайын­дап, инновациялық құрылыс индус­триясын дамыту, аудан бюджетіне қомақты үлес қосумен қатар, оның өсіп-өркендеуіне, жасөспірімдер тәрбиесіне, имандылыққа, мек­теп жөндеуге қатысу, әрі көпір, мешіт салу істе­ріне тікелей қатысуда. Ал, енді депутаттар арасында қызмет баспалдағына бірер саты болса да жоғарылап, ұйымдастыру, басқару ісіне көтерілген азаматтар да бар. Олардың қатарында Есік гуманитарлық-экономикалық колледжінің директоры Гүлнар Сағатова, Сай­масай округінің әкімі Рубен Саядянц, Қа­зақстан округінің әкімі Ұлбосын Тасырова бар. Осыдан біраз жыл бұрын, бір оқиғаның куәсі болдық. Бұрынғы Октябрь көшесіне Кеңес Одағының батыры Қашаған Жаман­ғараевтың аты беріліп, дәл сол күні батырдың 90-жылдық мерейтойы аталып өтті. Осы күні аудан әкімдігінің алдына қойылған Алтын адамның ескерткіші ашылды. Дәл осы күні Тәуелсіздік мерекесі аталып өтіп, мемлекеттік гимн орындалып, баяндама оқылып, үлкен концертті қойылыммен аталып өтті. Бұл оқиғалардың бір-біріне қандай қатысы бар деп сұрасаңыздар, осы төрт шараны дайындап, жүргізіп отыру, кіріспе сөзбен ашып, баяндама жасау батыр аға тойларына келген екі мәртебе Кеңес Одағының батыры Талғат Бигелдинов, Кеңес Одағының батыры, Қазақстанның Халық Қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетов бастаған құрметті қонақтарды күтіп, сый-сияпат көрсету – бәрі де Әділбай Талқамбаевқа жүктелген еді. Ол осы жауапты істерді мүдірмей атқарып шықты. Мұндай шаралар ауданда күнделікті өтіп тұрады. Қариялар – ақылдың дариясы, дана­лық­­тың өмір тәжірибесінің тұнып тұрған көзі. Күнделікті жұмысымызда өмірдің әрқилы жағдайларында қарттар кеңесіне жүгінеміз. Сондықтан да, ешқандай анықтамасыз-ақ ақ­сақалдар телефоны мен мекен-жайын есте ұстайды. Солтанбай Жарықбасов, Бекен Байжолданов, Нұрдәулет Алтынбеков, Заманбек Садыров, Сапархан Дәулетяров, тағы басқа ардагерлер «Қарттарым, аман-сау жүрші» деп қадірлейтін ағаларымыз ғой, – деп Әдекең орынды мақтанады. Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары. Нарық. Жаңа қоғамдық қатынастардың қыр-сырын толық меңгере қоймаған аласапыран уақыт. Әдекеңмен күнделікті жұмыс жайлы бір шаруамен кеңесіп отырған болатынбыз. Бөлмеге орта бойлы, көмірдей шоқ сақалы мен қою қара мұрты келбетіне көрік беріп тұрған ақсақал батыл кірді. Қарағым. Талқамбаевқа бар деген соң келдім. «Тозған елді торғай билей­ді» деуші еді бұрынғылар. Ауылдағы «басшы­сыма­ғымыздан» қайыр болмады. Үлкен ұлым екі ай болды сырқат, облыстық ауруханада. Мал­шы. Шеттей балалы-шағалы. Табан ет, маң­дай тері еңбекақысын ала алмай жүр. Қол ұшын беріңіз. Менен қайтпаса, Алладан қайтар, қарағым, – деді таусыла. Әдекең қашан да әдетінше алдына келушінің көңілін қалдырмай, бетін қайтармай, сөзін үнсіз тыңдап, телефон тұтқасына қол созды. Хал-ахуалдарыңыз жақсы ма? Менде сіз­дердің ауылдарыңыздың бір ақсақалы отыр, отбасыларының жағдайына қарап, ең­­бек­­ақысын алуға көмектессеңіз. Бір-бірімізге қиналғанда қол ұшын бермесек, аза­мат­тығымыз қайда? Қорытындысын ертен хабарларсыз, – деп, ауылдың басшы қарасының біріне ақсақалдың жағдайын байып­пен түсіндірді. Зілдену, міндетсу, астам­шылдық жоқ. Күнделікті жұмыс бары­сын­дағы бір қалыпты, табиғи болмысы осы. Адамдар ара­сындағы қарапайым, кісілік, кішілік қа­рым-қатынас. Бұл оның өмірлік ұстанымы. Өз ортасындағы басқалардан артық­шылығы, биіктігі, білгірлігі. Бәз біреулер бұған келі­сім де бермейтін шығар. Әйтсе де, ұлы адам­дардың өзі де «Әттеген-айға» бой алдырып, тұяғы бүтін тұлпар жоқ, қанаты бүтін сұң­қар жоқ деген бітімгершілік ұғымды артта қалдырғандығын бір сәт еске алғанымыз жөн-ау. Асылы адамның жан сарайына жол тап­қанға не жетсін? Халқымыздың өткен тарихынан асар, жетім мен жесірді жылатпау секілді ұлы қасиеттері басшының бойында табылып жатса, еліміздің елдігі, жеріміздің бүтіндігі. «Жасампаздық бастамаларға негізделген мемлекеттің адал, қайырымды қызметкерлері ғана қайырымды да, қайырлы да», – деген екен әл-Фараби саяси-философиялық тұғырна­маларының бірінде. Қандай қарапайым, бірақ тұғыры тұлғалы, өшпес ұғым. Әділбайдың бір қасиеті қашан да адамның көңілі бір атым насыбайдан қалады-ау дегенді санасына терең сіңіргендігінде. Ондаған жылдар бойына ол аудандық ономастикалық комиссия мен қоғамдық негіз­дегі аудандық қазақ тілі қоғамының төра­ғасы тізгінін тең ұстап келеді. Атқарған, атқарылар іс аз емес. Мәселен, тәуел­сіздік таңымен таласа ортамызға ұмыт болған тарихи тұлғаларымыздың есімі оралды. Өшкеніміз жанды. Ақиқатына жүгінсек, аудан, ауыл өңірінде атқарылып жатқан игі істердің барша жүгін Әдекең - Әділбай Талқамбаев атқарып жүр десек артық болмас. «Келісіп пішкен тон келте болмас» демекші, ол қашан да халықтың ұсынысы, әріптестерінің орамды ойларына үнемі құлақ асып отырады. Қуанарлығы сол, жылт еткен жылы ұсыныс, қуанышты жағдай болса, оны бірден жүзеге асыруға жанын салады. Кейде орамы келгенде, орындап жерінде еңкейгенге иіліп, шалқайғанға шарт кететіндігі де бар. Бұлай болу заңды да. Тарихымыздағы көшпенділер мәдениеті деген ұлы құндылықтардың құнын түсірмей, аяқасты етпейтіндігі болар бұл, білімділігі, парасаттылығы біле білсек. Аудан әкімімен келісе, жұрт тілегіне орай, ауданымызда тәуелсіздігіміз бен елдігіміздің символына айналған Алтын адам ескерткіші Есік қаласында бой көтерді. Қазағымыздың абыройы мен ақыл-ойдың дарабоздары Мұх­тар Әуезов, Жамбыл Жабаев ескерткіштері Әдекеңнің ұсынысымен өз қаржысына орнатылып, бабалар есімдері ауылға, көшелерге берілді. Жергілікті халықтың сұранысымен Новоалексеевка ауылы Бәйтерек, Александров­ка ауылы Саймасай ауылы деген шешім де дүниеге келді. Ал, мемлекеттік тілдің мәр­тебесін көтеріп, қолданыс аясын кеңейту саласында атқарған істері қомақты. Әділбай Айнабекұлының өз ортасында артықшылығы ауданымыздың төлтума, ар­дақты ұлдарының есімдерін өскелең ұр­пақ­қа үлгі етіп қалдыруға белсене араласып, өз үлесін қосуы. Соңғы жылдары Кеңес Ода­ғының батырларына ескерткіш бюсттер орнатылып, есімдерін мәңгі есте қалдыру шаралары көптеп орын алуына өзіндік еңбегін ауылдастары көріп, риза болды. Туған ауылы Өрнекте 1918-1920 жылдардағы қарсыласу кезеңдерінде солақай саясаттың құрбаны бол­ған ауыл азаматтарына өз қаржысымен ес­керткіш орнатып, ас берді. Ал, жақында өзі бас болып, Есік қаласының ортасына қазақ хал­қының аяулы алғашқы хандары Керей-Жәнібек бабаларымызға мемориал-барельеф ашып, қала тұрғындарын тағы бір қуантты. Сондықтан болар, халық ақыны Тұманбай Молдағалиев, ақын Шырақпай Жылқайдаров, Надежда Герасименко, ұйғыр ұлтының азаматы Асқар Жанбакиев Әдекеңе арнап өлең жолдарын жазып, өз кітаптарына енгізді. «Бітер істің басына жақсы келер қасына» деп атам қазақ бекер айтпаған. Аудан өңіріндегі жаңа мешіттердің ашылуы, ораза, құрбан айт мерекелері, ауыз ашар атаулы торқалы мерейтойлар, топырақты өлім-жітім шараларының басы-қасында қашан да аудандық мәслихат хатшысы Әділбай Айнабекұлының болуы заңды құбылысқа айналған. Себебі, ол үлкенге іні, кішіге аға бола білетін қарапайым жан. Халық қалаулысы ретінде, ол қашан да ел-жұртымен бірге. Қуаныштарын бөлісіп, қайғыларына /беті аулақ болсын/ ортақтаса біледі. Ауданымыздың саяси өмірі де Әдекеңнен тыс қалмаған. Тоғыз мыңға жуық мүшесі бар республикалық «Нұр Отан» саяси партиясы аудандық филиалының алғашқы төрағасы, қазір орынбасары. Президент сайлауы – ел есіндегі ерекше қалған жылдар болары һақ. Әділбай Айнабекұлы аудандағы Нұрсұлтан Назар­баевтың қоғамдық штабын басқарып, көшбас­таушымыз, ел сенімін ақтаған Президентіміздің таза жеңісін сайлаушылармен бірге тойлап, қуанды. Ауданда еңбегі еленіп те жүр. Қазақстан Халықтарының Ассамблеясының, «Рухани Бірлік Конгресі» халықаралық қоғамдық қоры, Түрік әлемі мәдениеті Қоры төралқасы мүше­лерінің алғыс хаттары, Президентіміз қол қойған «Қа­зақстан Республикасы Тәуелсіздігіне – 10 жыл», «Қазақ­стан Респуб­ликасы Конституциясына – 10 жыл», «Қазақстан Рес­­пуб­ликасы Парламентіне – 10 жыл», «Қазақстан Респуб­ликасының орталығы Астанаға – 10 жыл», «Қазақстан Респуб­ликасының Тәуелсіздігіне – 20 жыл» мерекелік медальдары мен «Ауданымыздың құрметті азаматы», «Еңбекшіқазақ ауда­нының жыл адамы», «Жомарт жүрек» төс белгісі, Алматы облысы әкімінің Құрмет грамоталары және басқа көптеген сый-сияпаттарға ие болған. Әке мен ана – алып бәйтерек, өмір-өзен. Бала – бәйтеректің салалы жапырағы, өзен жағасындағы бал құрағы. Әдекең 60-тан асып, Алланың берген алты ондығын майдалап, Құдай қосқан қосағы Айша Рақышқызы екеуі Дидар, Айдар, Қайдар есімді үш ұл өсіріп, келін түсіріп, немере сүйіп, немерелеріне жоғары білім беріп, арқа-жарқа өмір сүріп отырған еліміздің қарапайым отбасыларының бірі. Айтпақшы, ырымшыл ұлттың ұрпағы емеспіз бе. Әдекең немерелерінің есімдерінің бірін Байәділ, екіншісін Нұрәділ, үшіншісін Айнаш деп атағаны бар. Несі бар, ат тұяғын тай басады да. Баяғы ақ түйенің қарны жарылып, нағашы жұрты шопан ағасының нұр, ақ тілеуі орындалғандай. Әділбай Айнабекұлы қара қылды қақа жарған. Әділ, парасатты, қарапайым басшы. Жаны, пейілі мен мейірімі жақсылыққа, жанашырлыққа бай, кісілігін кішілігі толықтырған абзал ел ағасы бүгінде. Сонау Х-ғасырда Жетісу өңірін жайлаған ғұлама бабамыз Жүсіп Баласағұн «Біліксіздің тілін тиған жөн болар, білімдінің сөзін жиған жөн болар. Білімдінің нұрлы сөзі сарқылмас, бастауы – кең бұлақ көзі тартылмас», – деген екен. Олай болса, жақсы сөз жарым ырыс дей отыра, пайғамбар жасын еңсерген, асқарлы шыңына шыққан жаратылысынан ақ жарқын дос Әділбай Айнабекұлына біліксіздікті тый, білімдіні жый, жақсының жанында бол, адамгершілік бастауының кәусар бұлағы бойында бақытты ғұмырың сарқылмасын дегіміз келеді.

711 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз