• Тарих толқынында
  • 18 Мамыр, 2015

ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ

Уәлихан ҚАЛИЖАНОВ,
М. Әуезов атындағы Әдебиет
және өнер институтының директоры, ҚР ҰҒА-ның мүше-корреспонденті

I
Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев «Тарих толқынында» (1999) атты бел­гілі еңбегінде қазақ елінің тарихы ту­ралы толғана келіп: «...Мен қазақ бол­ғандықтан, қазақ мемлекеттігінің ғұмыр шежіресін ізге көтерген кезден бастағанның өзінде, қазақтың бес ғасырлық төл тарихын білуге тиіспін. Бұған қоса бүкіл түркі халықтарының тарихи бесігі – түркі қағанатын естен шығаруға болмайды, ал, бұл дегеніміз, асау аттай 1500 жыл бұрынғы тарихи кезең...» деп жазды. Елбасының ұлттық тарихымызға деген зор құрмет таныта отырып, туған халқына арнаған ұлағатты сөздері мен сындарлы стратегиялық көзқарасы көп мәселелердің басын аш­қандай болды. Ең алдымен Елбасы ұлттық тарихи танымның негізгі ба­ғыттарын айқындай отырып, елдік та­ри­хымыздың мемлекеттік маңызына ай­рықша назар аударады. Бұл дегеніміз, ең алдымен, Қазақстанның әр азаматын төл тарихын білуге міндеттейді. 


Н.Ә.Назарбаев мырзаның 2003 жылы Қазақстан халқына Жолдауында жария­лаған әлемде теңдесі жоқ «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы да, тари­хи зерттеулерге арналған «Тарих тол­қы­­нындағы халық» атты мем­лекеттік бағ­дар­ламасын жасауды ұсыну барысында осыдан он екі жыл бұрын айтқан ойын қайта тұжырымдап, «Қазақстанда тарих ғы­лымының алдыңғы қатарлы әдістеме мен әдіснама арқасында сапа­лық секіріс­ті жүзеге асыруына жағдай жасау, қазақ ұлттық тарихының көкжиегін кеңейту, ұлт­тың жаңа тарихи дүниетанымын қалыптастыру», – деп атап көрсетуі де республикамыздағы бүгінгі мәдени-тарихи ахуалды оңалтуға бағытында нақты шаралардың қолға алынатындығын айқын аңғартады. Сон­дай-ақ, «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауында: «...Саясаттың ұзақ мерзімді тұжырымдамасын әзірлеу қажет. Онда қа­зақ­стандықтардың бәсекеге ­қабілетті мәдени ментальдігін қалып­тастыруға, заманауи мәдениет клас­терлерін дамы­туға бағытталған шаралар белгілеу керек», – деп арнайы тапсырма беруі – Қазақстанның рухани құндылықтарының тағы бір әлемдік биік межеге көтерілуінің алғышарты болып табылады. Сондықтан, еліміздің жаңа тарихын қайта жазуда Қазақстан ғылымының барлық салалары, әсіресе, қоғамдық ғылымдардың қо­мақты үлес қосатыны сөзсіз. Расында да, біздің ұлттық тари­хымыздың тамыры тым тереңде жатыр. Түркі халықтарының өткендегі тарихына көз салсақ, олардың жазба ескерткіштері мен тарихи жырларына, аңыз-әңгімелеріне ден қойсақ, жеке-дара ел болу, мемлекет құру идеялары біздің дәуірімізге дейінгі сақтар заманына барып тіреледі. Сақ заманындағы ерлік істер мен жеке тұлғаға қатысты елеулі оқиғалар халық қиялымен дамып, түрленіп күні бү­гінге дейін келіп жетті. Бұл орайда академик Әлкей Марғұлан: «Қазақ халқына көп ғасырдан бері мұра болып келе жатқан ғажайып аңыздарды, мазмұны ертегіге айналған терең мифтерді, жан күйін көкке сермейтін асқақ ерлік жырларын, фәлсафалық қария сөздерін тереңнен алып қарасақ, онда бүкіл дүние мәдениетіне қосылатын бір үлкен сәулетті сыр бар екені көрінеді. Бұл жойқын шығармалардың ту баста келіп шығуының өзі бір – жарқын дүние. Оны ең алғаш келістіре шы­ғарған елдер ерлік дәуірін басынан ке­шірген, қазақтың байтақ сахарасын қоныстаған сақтар, ғұндар, үй­сіндер, қаңлылар, олардың соңын ала қарыштаған ұрпақтары – оғыздар, қыпшақтар, қарлұқтар (қа­зылықтар), наймандар, керейлер, пешенелер, хазарлар»,1 – деп пайымдаған екен. Сондай-ақ, әдебиеттанушы-ғалым Әуелбек Қо­­ңыратбаев та қазақ фоль­клорының гене­­зисі мен әдебиет тарихын сақ массагет дәуі­рінен бастау керектігін алға тартып, өзі осы тұрғыдан аянбай еңбек етті.2 
Біздің заманымызға дейінгі Х-V ға­сыр­ларда қазіргі Қытай жеріндегі Сары өзеннен (Хуанхэ) бастап, Еділ мен Ду­найға дейінгі ұлан-ғайыр жерде түркі халықтарының арғы бабалары болып саналатын тайпалар өмір сүрді. Түріктердің арғы тегі жө­нінде, олардың мәдениеті мен әдебиеті, аңыз-әфсаналары мен әңгімелері жайында жазылған үш дерек көзі белгілі. Бірнеше мыңжылдық тарихы хатқа түскен қытай жылнамалары мен ежелгі парсылардың тарихи-мәдени жазба мұраларынан және «тарихтың атасы» саналған Геродоттан бастау алатын грек-рим авторларының шығар­маларынан ежелгі түріктер туралы құнды деректерді табуға болады. Біздің жыл санауымызға дейін ахеменидтер әуле­тінен шыққан Дарий патшаның Бехус­тин жартасына сына жазумен жаздырған мәті­нінде қос өзеннен (Әмудария мен Сыр­дария) жоғары, Іле мен Еділ арасында өмір сүретін халық «сақ» деп аталса, грек тарихшыларының жазбаларында «скиф», «массагет» деген атаумен жазылған. Ал, қытай жылнамаларында осы байтақ далада көшіп-қонып жүрген тайпалар «Ту-кю» деп аталады. Әйгілі қытайтанушы П.Пельо «ту-кю» сөзін «түріктер» деп нақ­ты әрі сәтті аударған. Тарихи деректерге жүгінсек біздің жыл санауымызға дейінгі VІІ ғасырдың өзінде-ақ түріктердің билік жүргізген өлкесі Тұран деп аталған. Көне зоростризм дінінің қасиетті кітабы «Авес­та» да осыны айтады.
Археологиялық қазбалардан та­был­­ған сақ дәуіріндегі мұраларға қа­рап, олар­дың шоғырланып тіршілік еткен жерлері Іле, Шу, Талас, Сырдария өзендерінің бойында, Арал, Каспий, Қара теңіз жағалауларында және Жоңғар Алатауының бөктерлері мен Кеген, Нарынқол таулы аймақтарында деп топшылауға болады. Жетісу өңірін мекендеген сақтарды грек тарихшылары массагеттер деп атады. Бұл жөнінде Геродот: «Массагеттер киім киісі мен тұрмыс салты жөнінен скифтерге ұқсас. Олар салт атқа мініп те, жаяу жүріп те шайқасады. Садақпен және найзамен шайқасатын соғыстың екі әдісін де біледі. Әдетте айбалтамен қаруланады. Олардың барлық заттары алтын мен мыстан жасалған. Бас киімдері, белдіктері және орамалдары алтынмен безендірілген. Олар ат өмілдіріктерін де мыстан жасайды. Керісінше жүгенді, ауыздықты, құйысқанды алтынмен әшекейлеген. Темір мен күмісті мүлде қолданбады. Өйткені, олардың елінде алтын мен мыс көп. Ал, әлгі металдар мүлде жоқ десе де болады»,3 – деп мәлімет береді. Мәселен, грек тарихшысы әрі географы Страбон (б.з.д. 67ж.-б.з. 23ж.): «Бұрын Қара теңіздің, Дунайдың, Адрияттың жағасында тұратын ха­лықтар – гипербоейлер, сарматтар, ари­маспалар, ал Каспий теңізінің арғы жағында тұратындар – сақтар мен массагеттер деп аталған», «Массагеттер тек күнді ғана құдай деп санады, оған құрбандыққа жылқы шалды. Оларда күміс жоқ, темір аз, бірақ, қола мен алтын өте көп. Жазықта тұрса да олар егіншілікпен айналыспады, қайта көшпенді скифтер сияқты мал бағып, балық аулап тіршілік етті. Бұл халықтардың тұрмыс-салты, зираттары ортақ. Мінез-құлқы бір­дей, олардың бәрі де дөрекі, жабайы, жаугер, бірақ турашыл – уәдесінен айнымайды және ат құлағында ойнаған қайсар халықтар еді»,4 – деп жазады.
Сақтар дәуірінде ер адамдардың бар­лы­ғына өзінің тайпасын, отбасын, же­рін, малын қорғау міндетті еді. Сон­дық­тан да, олар соғыс өнеріне өте шебер болған. Жау­гер халық туралы жазылған қы­тай деректерінде «олар әрбір істе әйел­дері­мен ақылдасып отырғанымен де, соғыс істерін өздері шешеді»,5 – деп көрсе­тілген. Десек те, ел басына күн туған шақ­тарда әйелдер де ерлермен қатар үзеңгі қағыстырып, соғыс ісіне белсене араласады. Мәселен, С.И.Руденко сақтар мен ми­дияндықтар арасындағы ұзаққа созылған қантөгісті айта келіп, әйелдердің де соғысқа қатысқаны жайын­дағы Ктесийдің мына дерегіне сүйенеді: «Сақтардың билеушісі Зарина еді. Ол сақ әйелдерінің ішіндегі батыл және күш-қуаты тасыған ер жүректісі болатын. Негізі сақ әйелдері соғыс қаупі төнгенде өздерінің ерлеріне көмектесіп, бірге соғысады»6. Сондай-ақ, сақтардың патшасы Аморг парсы би­леу­шісі Куруш­тың (Кир) тұтқынына түскенде Аморг­тың әйелі Спарета отыз түмен ер кісі мен жиырма түмен әйел­ден құралған әскерді бастап, Куруш әскерлерінің тас-талқанын шығарады7. Сонау замандарда қол бастап, жауына қарсы атой салып, ту көтерген әйел затының басы болған Томирис, Зарина, Спаретра секілді батыр аналарымызды түп-тамыры сақтардан өрбіп-өскен қазақ халқының тарихынан да кездестіруге болады. Жоңғар шап­қыншылығы кезінде үш жүздің бас қолбасшысы Қабанбай батырдың қызы Гау­һар мен Ресей отаршылдығына қарсы шыққан Кене ханның қарындасы Бопай сияқты апаларымыздың рухы тереңде жатқанын көреміз.
Деректерге қарағанда, біздің дәуірі­мізге дейінгі бірінші мыңжылдықта өмір сүрген сақтар мен ғұндардың мәдениеті жоғары деңгейге жетіп, темір қорытып, қару-жарақ, сауыт-сайман жасау ісінде таңқаларлық дүниелер келтірді. Олардың төл жазуы, әдеби тілі болды. Десек те, сақ, ғұн тайпаларының ең асыл қазыналары болып саналатын рухани байлығы – ауыз әдебиеті толық күйінде емес, қысқа-қысқа үзін­­ділері ғана сақталған. Олардың өзі аңызға айналған тарихи тұлғалар шең­берінде өрбиді. Сақтар мәдениетті басқа жұрттардан үйреніп қана қоймай, өз­дері де өзгелерге айтарлықтай өнеге көрсетеді. Сақ заманының мәдениеті, тарихы, аңыз-әфсаналары, наным-се­нім­­дері, әскери құрылымы жөнінде жа­зылған С.И.Руденконың еңбегі көп жайды аңғар­тады.8 Сақ мәдениетінен нәр алған софист Леонтийдің қызы, император Екінші Фиодосийдің жұбайы, грек жазушысы Элия Евдокия естелігінде былай деп жазады: «Мен Скифиядан құстың тілін жоруды, дыбыстан нышан тануды білдім, бұған қоса жан-жануарлардың шұбырынды ізінен сыр тартуды үйрендім, болашақты болжайтын абыздардың ұлы сарынын, ағаш төсек пен құз-қияның тең­селгенін, әлдеқашан көз жұмған адам­дардың моланы күңіренткен үнін, киіз үй сықырлауығының сықырын, адам­дардың құйқылжыта шырқаған құдірет әндерін, тұла бойыңды кернеп тасқындаған сезімді көкірегіме қонақ­татып келдім»9. Көне түркі тайпа­ларының арғы аталары болып саналатын ғұндардың жырлары, ерлік дастандары, аңыз-әфсаналары әдебиетіміздің ежелгі мұралары болып саналады. Өкінішке орай, сақ дәуірінен кейін тарих сахнасына келген ғұндардың әдебиеті біздерге толықтай келіп жетпеді. Бүгінгі күнге жеткен қысқа-қысқа үзінділер аз да болса сол заманның рухани байлығынан сыр шертеді. 
Ғұндар туралы деректер қытай жылнамаларында көптеп жазылған. Қытай тарихшыларының көшбасшысы Сыма Цяннан бастап Бань-Гу, Фай Е атты авторлар Орта Азияда мекен еткен ғұндар, үйсіндер, қаңлылар және басқа да түркі тайпалары жөнінде деректер келтіреді. Осы аталған қытай жылнамашыларының ең­бек­терін орыс тіліне аударған Н.Я.Би­чу­риннің еңбегі орасан10. Қытай мен ежелгі түркі тай­паларының ара қаты­насынан мол мәлімет беретін бұл аудармадан аздап болса да көне ғұндардың ауыз әдебиеті үлгілерін кездестіруге болады. Ғұндар жөнінде біраз еңбек жазып, олардың тарихнамасына зор үлес қосқан Н.А.Аристов, В.В.Бартольд, Л.Гумилев, К.Акишев, С.Аманжолов, А.Аман­­жолов, Ә.Марғұлан, Н.Келімбетов, С.Өте­нияз сынды ғалымдардың атын, сондай-ақ, түрік оқымыстылары Арат Рах­ме­тидің, Көпірілізаде Фуадтың, Атсыз Ниһалдың, Банаралының және басқа да ғалымдардың еңбектерін атап өтер едік. Ғұн тайпалары Хуанхэ өзенінің орта тұсынан бастап, төменгі ағысына дейін, Орта және Орталық Азияның көп бөлігін қамтып, Шығыс Түркістаннан Оңтүстік Манчжурияға дейінгі аймақтарды алып жатты. Кейіннен Жетісу өңірі мен өр Алтайдан өтіп, Ертіс өзеніне дейін көшіп-қонып жүрген. Ал, біздің заманымызға дейінгі І мыңжылдықтың аяғында, біз­дің заманымыздың басында ғұндар ба­тыс­қа қарай жылжыды. Көне Қытай жылна­маларының деректеріне сенсек, ғұндардың бір бөлігі егін егіп, кен қазып белгілі бір қоныста мекендесе, ал, қалған бір бөлігі мал шаруашылығымен айналысып, жайы­лымға жер іздеп, жер жағдайына байланысты көшіп жүрді. Бұл жөнінде академик Ә.Марғұланның: «Біздің заманымыздан сегіз ғасыр бұрын ғұндар бұрынғы оты­рықшылық тұрмыстан шығып, енді төрт түлік мал өсіретін көшпелі тұрмысқа ауысады. Ғұнның көшпелі тайпалары Канғой, Алтай, Тар­бағатай, Орталық Қазақстан, Тянь-Шань тауларында қоныс етіп, осы арада өсіп-өнеді. Көп мал бағып, кө­шіп жүру жердің географиясын тау-тасын, суы мол жерін, ауа райын айыруға мүмкіндік береді. Сол ауа райына қарай, көшу әрқашан оңтүстік пен солтүстіктің арасында созылып жат­қан байтақ өлкелердің арасында өтеді. Қыс күні болса Ортос, Кансу, Лобнор, Тарим өзенінің бойы Тянь-Шань таулары, Жетісу өлкесін қоныстап шықса, жазға қарай теріскейдегі салқын тауларға, Мұз теңізіне дейін барады»,11 – деп жазғаны бар.
Сақтар сияқты ғұндар да жауынгер халық болған. Сақ патшалығы парсылар­мен алысып өтсе, ғұндардың өмірі қытай­лармен теке-тіресте өтті. Қытайлар олар үшін бітіспес дұшпанға айналды. Ғұн­дарды жойып жіберуге тырысқан қы­тайлар олар жайында мәлімет жинап, зерт­теумен де айналысты. Ғұндар арасына жіберген тыңшылары: «Дәстүрлері бойынша малдың етін жеген, сүтін ішіп, мал терісінен киім жасап киген, малдары шөп жеп, су ішкен, жылдың әр мезгіліне қарай су, шөп іздеп олар бір орыннан, екінші орынға көшіп отырған. Оларда ішкі және сыртқы қорғандар жоқ. Қалалары болмаған және жер өңдеумен айналыспаған. Әрбір еркек жауынгер. Соғыста құстар тобы сияқты жауына бәрі құлшына жабылады, ал, жеңілген кезінде бытырап кетеді, сонан соң қайта жиналады»12, – деп жазады. Қытай жылнамаларында көрші жатқан сақ, ғұн, үйсін, қаңлы сияқты тайпалар туралы көп деректер келтірілген. Қытай каллиграфистері аталған тайпалардың ерлік жырларын, ертегілерін, ел аузындағы аңыздар мен даналық сөздерін жазып қалдырды. Осын­дай жазып алынған аңыздардың көбісі мифологиялық кейіпкерлерге бай болып келеді. Ондағы басты тұлғалар шым-шытырық сәттерді бастан кешіріп, таңғажайып оқиғаларға кезігіп отырады. Ғұн дәуірінен жеткен осындай мифтік аңыздардың бірі «Ер Төстік» ертегісі. Зерттеушілер қытай шенеунігі Сыма Чинь «Ер Төстік» ертегісінің ғұн тарихына байланысты тұстарын талдап, қағазға түсіргенін айтады13. Сондай-ақ, ғалым кө­не­ден жеткен әдеби мұраларға «Еділ-Жайық», «Дың-сұлу» аңыз-әңгімелерін жатқызады. Тіпті, түркі халықтарына танымал «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырының ғұн дәуірінен бері сақталғанын тілге тиек етеді14.
Қытай мен ғұндар, үйсіндер арасында болған соғыс сол дәуірлерде түрлі аңыз-әфсаналардың, ерлік жырларының шығуына себеп болды. Соғыстарда ба­тыр­­лығымен танылған азаматтарын жыр­­ға қосып, мәртебелерін асқақтатты. Ха­­лық сүйіспеншілігіне бөленген ерлерге мифтік жаратылыс, шым-шытырық қиын сәттерден жол табатын ақылдылық, жауын жеңіп шығатын күш-қуат телінді. Қытай жылнамаларындағы Сүй кітабында (84-бума, 49-баян) Көне түркілердің шығу тарихын былайша суреттейді: «Оның (Түріктің) әуелдегі мемлекеті Сихәйдің (Батыс теңіздің) жоғары жағында болған. /Кейін оны/ көршілес мемлекеті талқандайды. Адамдарын кәрі-жасына, еркек-әйеліне қарамай, бәрін өлтіреді. Бірақ, бір баланы өлтіруге қимай, оның аяқ-қолын кесіп, үлкен саз жерге тас­тайды. Бір қаншық қасқыр әр жолы оның жатқан жеріне ет тістеп әкеп беріп жүреді. Бала осы етті жеп, өлмей аман қалады. Кейін ержеткен шақта осы қасқырмен екеуінен ұрпақ тарайды. Жаулары баланың тірі екенін біліп, оны өлтіруге тағы адам жібереді. /Ол келгенде/ қасқыр баланың қасында еді. Жіберген адам баланы өлтіріп, енді қасқырды өлтіремін дегенде, қасқыр құдайдың құдіретімен қашып құтылып, теңіздің шығысына барып, тауға шығып, сонда тоқтайды. Ол тау Гаушаңның батыс терістігінде еді. Қасқыр сондағы бір үңгірге кіріп, онда маңайы 200 лидей шөбі жайқалған жазық жерге кезігеді. Осыдан кейін қасқыр он ұл туады. Осы он ұлдың біреуінің аты  – Ашина. Ол өте ақылды болғандықтан оны ел ағасы етеді. /Ол/ өзінің тегін ұмытпайтынын елге жария ету үшін қақпасына қасқыр басты туын іліп қойды»15.
Қазақ халқының сан ғасырлар бойы жүріп өткен тарихи өткелдері, мекен-қонысы, көрші елдермен қарым-қатынасы, тәуелсіздік жолындағы жеңісі мен жеңілісі, бодандыққа түсуі туралы дереккөздері саяхатшылардың, елшілердің, жылнамашылар мен тарихшылардың жазбаларымен ғана шектелмейді. Мәселен, қыпшақ тарихы және олардың көрші  елдермен этносаяси байланыстары туралы араб-парсы жазба деректерінің маңызы зор. Оларда келтірілген мәліметтер мазмұны жағынан өте  құнды. Ол елдерге  ІХ-ХІІІ ғасырлар ке­зеңінде жазылған араб саяхатшысы Тамим ибн Бахр ал-Мутавваидың «Жазбалары», Ибн Хордадбектің «Китаб ал-масалик уә-л-мамалик» («Жолдар мен мемлекеттер кітабы») атты еңбектері жатады. Сондай-ақ ХІІ-ХVІІІ ғасырлардағы тарихи шығармалар:  Ибн ал-Асирдің көп томдық  «Ал-Камил фиттарих» («Тарихтың то­лық суреттемесі), Ала ад-дин Атамәлік Жу­вейнидің (ХІІІ ғ.) «Тарих-и Джахангушай» («Әлем жаулаушысының тарихы»), Фазлаллах Рашид-ад-диннің (ХІV ғасырдың басы) «Джами-ат-тауарих» («Жылнамалар жинағы») қыпшақтар мәселесінде ма­ңыз­дылығы зор. Солардың ішінде Қо­жамқұли бек Балхидың «Тарих-и Қыпшақи» еңбегі осы күнге дейін қазақ тіліне аударылмағандықтан, ғылыми айналымға енбеді.       
Тарих-и Қыпшақи (Қыпшақ тарихы) – XІV - XVІІІ ғасырларда қазақ даласында болған оқиғаларды баяндайтын тарихи шығарма. Оның ішінде XIV ғасырдың соңында – XV ғасырдың басында Дешті Қыпшақ даласында, Қазақ хандығының құрылу, қалыптасу кезеңі тұсында болған саяси оқиғалар баяндалған. Бұл материалдар XVI ғасыр және XVIIІ ғасырдың алғашқы жартысындағы Қазақстан және Орта Азия тарихын зерделеуде маңызы зор болмақ. Оның авторы – Қыпшақ хан, әдетте оны Қожамқұли-бек Балхи деп атаған. Еңбек парсы тілінде жазылған, кіріспе мен 7 тараудан және қорытындыдан тұрады. Онда бұған дейінгі деректерде қамтылмаған Қазақ хан­дығының ертедегі тарихы баяндалады. Қазақ тарихына байланысты материал шайбанидтер мен аштарханидтер туралы жазылған тарауда қамтылған. Қыпшақ ханның еңбегінде тың деректер көп кездеседі. «Тарих-и Қыпшақидағы» Дешті Қыпшақтың тарихы Әбілқайыр ханның билігін баяндау тұсынан бас­талады. Сондай-ақ, Мұхаммед Шайбани хан мен Махмұд-бахадүр өмірінен мәліметтер берілген. Барақ хан мен Абдаллах хан тұсындағы қазақтардың шайбанидтермен қарым-қатынасы жай­­­лы қысқа деректер баяндалған. Қа­­­зақ­тардың Захир ад-Дин Мұхаммед Бабырдың ұрпақтарына қарсы соғысқа қатыс­қаны туралы егжей-тегжей айтылады. Соған қарағанда, шығарма авторы беймәлім дереккөздерді пайда­ланған. Сол кездегі билеушілер Әбіл­қайыр хан, Мұхаммед Шайбани хан, Керей мен Жәнібек хандар, Абдолла хан замандары туралы тың тарихи деректер ғылыми айналымға қо­сылары сөзсіз. Шетелдік мұрағаттар мен қорларда сақталған деректер қазақ тарихындағы ақтаңдақтарды жою­ға, ұлттық тарихымызға деген ке­­лең­сіз көзқарастарды дұрыстауға се­бепші болмақ. Бұл деректер қазақ тарихының тамыры тереңде екенін, қазақ мемлекеттігінің іргетасы берік қаланғанын дәлелдейді. Еңбектің өн бойындағы оқиғалардың тарихилығы, кейіп­керлердің өмірде болғандығы, сондай-ақ, нақты жыл мерзімдерінің көрсетілуі, соғыс қимыл­дары өткен яки түркі халықтары ме­кендеген қалалар мен елді мекен, жер-су атауларының шынайылығы да қол­жазба кітаптың мәдени мұра ретінде айрықша маңызын аңғартады. Көптеген белгілі дінбасы, оқымысты және қоғам қайраткерлерінің өмірінен бағалы деректер табуға болады. Аталған қолжазба кі­таптың қазақ тіліне аудармасы тарихшы-этнограф ғалымдардың осы саладағы жаңа зерттеулері мен ізденістеріне тың жол ашарына сенімдімін. Бұған қоса, Әбілғазы Баһадүр ханның «Шаджара-и ат-түрки», Қадырғали Жалаиридің «Жамиғат тауарих», Бабырдың «Бабыр-нама», М.Х.Ду­латидің «Тарихи-Рашиди», Шәй­бани ханның «Шәйбани-нама» сынды тарихи-мемуарлық шығармалары да қазақ тарихынан мол деректер бере алады. Осындай еңбектерді қайта қарап, зерделі ғылыми ой елегінен өткізу де жақсы нәтижелерге жеткізері хақ. 
ҚР Президентінің  2014 жылдың   қараша айында  Қазақстан   халқына арна­­ған дәстүрлі Жолдауындағы: «Өт­кен тарихымызға тағзым да, бүгінгі бақытымызға мақта­ныш та, гүлденген келешекке сенім де «Мәңгілік Ел» деген құдіретті ұғымға сыйып тұр. Отанды сүю – бабалардан мирас болған ұлы мұраны қадірлеу, оны көздің қарашығындай сақтау, өз үлесіңді қосып, дамыту және кейінгі ұрпаққа аманат етіп, табыстау деген сөз. Барша қазақстандықтардың жұмысының түпкі мәні – осы!
2015 жыл – ұлттық тарихымызды ұлықтау және бүгінгі биіктерімізді бағалау тұрғысынан мерейлі белес­тер жылы. Қазақ хандығының 550 жылдығын, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Конституциямыздың 20 жылдығын, Ұлы Жеңістің 70 жылдығын атап өтеміз. Осынау тарихи белестер Жаңа Қазақстандық Патриотизмді ұрпақ жадына сіңіруде айрықша рөлге ие. Біз 2015 жылды Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы деп жарияладық. Елдің тұтастығы мен бірлігі, татулығы мен тыныштығы ең басты назарда», – деген даналыққа толы тұжырымды ойлары да ұлттық тарихты тануға тың серпін берері сөзсіз. 
Сөз өнері өмір шындығының көркем бейнесі десек, әдебиет тарихы да халық тарихымен тығыз байланысты. Еліміздің рухани өмірінің жарқын көрінісі, елеулі бір саласы ретінде көркем сөз өнері ел тарихымен бірге қалыптасып дамыды. Адам санасы, ой-өрісі мыңдаған жылдар бойы жетілетін тарихи құбылыс екендігін ескерсек, әдебиет адамзат тарихындағы көркем ой жетістіктерінің бірі екендігі даусыз ақиқат. 
(Жалғасы бар)

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:

1. Марғұлан Ә. Ежелгі жыр-аңыздар: Ғылыми-зерттеу мақалалар. – Алматы: Жазушы, 1985.5-б.
2. Қоңыратбаев Ә. Қазақ эпосы және түркология. Алматы: Ғылым, 1987.
3. Геродот. Тарих, І том. – Москва. 1888. 113-114-беттер.
4. Аманжолов К., Рахметов Қ., Түркі халықтарының тарихы, І том. – Алматы, 1996. 12-бет.
5. Бичурин Н.Я. Собрание сведение о народах, обитавших в Средней Азии в древние времена. – М.-Л.1950. 40-бет.
6. Руденко С. И. Культура населения Горного Алтая в скифское время. – М.-Л. 1953. 254-бет.
7. Бұл да сонда.
8. Руденко С. И. Культура населения Горного Алтая в скифское время. – М.-Л. 1953. 
9. Evdociae Avguae, Procli, Clavdianicarminumgraecorumreliguiae. Accedunt  Ble­myomachiae Fragmenta. Rec. A. Lumwich., lips., 1897 II сөз. 65-71 беттер. // Сейдімбек А. Қазақтың күй өнері, Астана 2002. 30-бет.
10. Бичурин Н.Я. Собрание сведение о народах, обитавших в Средней Азии в древние времена. – Москва, 1950-1953.
11. Марғұлан Ә. Ежелгі жыр-аңыздар: Ғылыми-зерттеу мақалалар. – Алматы, 1985.11-б.
12. Аманжолов К., Рахметов Қ., Түркі халықтарының тарихы, І том. – Алматы, 1996. 27-28-бет.
13. Марғұлан Ә. Ежелгі жыр-аңыз­дар: Ғылыми-зерттеу мақалалар. – Ал­маты, 1985.63-б.
14. Бұл да сонда.
15. Түріктер /Құраст., Қ. Салғараұлы/. Алматы, 1999. 30-бет.

 

594 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз