• Заманхат
  • 17 Маусым, 2015

Асқар Татанайұлы шығармашылығына аз-кем кідіріс

Екі ұлы империяның арасындағы шекара сызығының сызылуы қазақ халқын екіге бөліп қана қойған жоқ. Сонымен бірге, оның мәдениеті мен әдебиетін де екіге бөлді. Сол себепті де, екі ел арасындағы әдеби байланыстың аздығынан XX ғасырда қытай елінде ғұмыр кешкен суреткер – Асқар Татанайұлын ата жұрттағы оқырманның бірі білсе, бірі білмейді. Абай – жалпы қазақтың жаңа реалистік жазба әдебиетінің негізін салса, Ақыт, Жүсіпбекқожа, Асқарлар қытайдағы қазақ жазба әдебиетінің қалыптасуына өз үлестерін қосқан.  

          
Асқар шығармашылығының ауқымы өте кең. Өйткені, ол өмір сүрген кезең – тұтастай ХХ ғасырдың бас-аяғы. Асқар өзі өскен ортадағы күрделі қоғамдық жағдайды еңбектеріне арқау ете білді. Асқардың ақындық өнеріне келсек, ол ақын ретінде өзгеше бөлек ой, пікірді айта білетін,  тақырыпты аса бір көркем шеберлікпен бейнелей алатын суреткер. Ақынның «Оқы, балам, жақсы оқы» атты өлеңіне қарайық:
Маған білім керек-ақ, 
Уақыт мұрсат бермейді.
Үйренуге махаббат,
Жүрегімді кернейді.
Қазақ әдебиетінде, мысалы, Абайдың төрт мезгіл туралы өлеңдері қалай тамаша бейнеленсе, Асқардың да жыл мезгілдері туралы жазған өлеңдері өз алдына бір төбе. Айталық, «Қыс», «Көктем», «Алтай жазы», «Жазғытұрым», «Жаз», «Төрт мезгіл» сынды өлеңдерінің көркемдік құрылысы ерекше: 
Түн үскірік–
Тұр ышқынып,
Сары аязды келді қыс.
Боран борап, 
Қармен орап,
Жапты жерді теп-тегіс.
Аспан түнек,
Жатыр түнеп,
Соғып қыстың ызғары.
Келсе де қыс,
Бізде ұлы күш,
Қажымайтын қайрат мол.
Соқса дауыл,
Алмай дамыл,
Болашаққа тарттық жол, – деп келе­тін «Қыс» туралы өлеңнің алғашқы шумақ­тарында ақын қыстың табиғат көріні­сін бейнелесе, сол арқылы өздеріндегі ерік-жігерді де жалғай түседі [1]. 
Асқар поэзиясының ең бас­ты ерек­ше­ліктерінің бірі – шығар­ма­ларында жасан­дылық пен көз бояу­шылықтың болмауы. Ақын өлеңдерін оқыған сайын Алтайдың асқар шың­дарынан сыл­дырап аққан мөлдір бұ­лақ­қа бас қойғандай мейірің қанбай, оқыған сайын оқи бергің келеді. Ендеше, ақынның жалған жалалы болып жүргендегі жазған «Серт» деген өле­ңіне қарайық:
Сертім сол сескенбеймін, 
            қажы­маймын,
Қайрат қып ауыр күрес жүрген 
            сайын.
Бермеймін, шынықпасам, 
            шырайымды,
Не керек қасірет-қапа, қайғы-уайым.
Өмірден тартып жатқан бұл                 тақсырет,
Жеткенде жанымды өртеп 
            жалындаймын.
Ер басына күн туған қиын заманда өзіне берілген серт түрінде жазылған өлең қиналған сайын жігерін жани түседі.
«Сегіз аяқ» – ұлы ақынның жазу­шылық еңбегінің орта тұсында туған үлкен бір белдей әрі мол, әрі барлық жағынан көркем келісті шыққан, зор шығарманың бірі», – дейді М. Әуезов [2]. Ақын Абайдың сегіз аяқ ұйқасына елік­теп бес буынды тармақтарды негізге алып өлең жазады:
Шілде мен тамыз,
Ұжмақ қой нағыз,
Жайқалып орман жапырағы.
Егіні, малы... –
Жарасып бәрі, 
Алаңсыз шаруа отырады.
Сағымдап күннің шуағы,
Жетілген жаздың құрағы.
Сегіз аяқ үлгісінің тамаша игерілгені соншалық, ой бейнелеуі, ырғақ пен буын сәйкестігінен мін таба алмайсыз. 
Эпикалық жанр – Асқар шығарма­шылығында көлемді бір сала. «Арқа­лық батыр», «Ел қорғаны – Абылай», «Ғылымсыз – ғұмыр тұл» жыр-дастандары ақын қолынан шық­қан көркем туындылар. Кез-келген уа­­қиғалы шығарманың тартымды бо­луы­­на автордың берген бағасы мен көркемдік шеберлігі тікелей әсер етеді. «Ел қорғаны – Абылай» дастаны ақынның шоқтығы биік шығармаларының бірі. Дас­тан былай басталады:
Өмірге ғасырлардан ғасыр жалғап,
Зуылдап өтіп жатқан жылдарға арнап.
Сөз қозғап, ой толғасаң әр дәуірдің
Тағдырын тебіренесің бірден толғап.
Ақын  –  ұлтымыздың тарихын, мәдениетін, ұлттық философиясын бар ынта-ықыласымен зерттеген тұлға. Сол себепті де ол заманының саңлағы атан­ған Абылай ғұмыр кешкен ке­зеңді, ерлігі мен ұлт мүддесін қорғау жолындағы еңбегін жақсы біледі. Ас­қар – қазақ фольклоры мен драматургиясы арасындағы күрделі байланысты бір арнаға тоғыстыра білген драматург. «Арқалық батыр», «Талап», «Қалың мал», «Құлдықтан құтылғандар» пьесаларын жазып, өлкеде қазақ драматургиясының негізін қалады.
Бұрын ұлттық топырақта өнікті дәстүр болмағандықтан алғашқы дра­ма­тургтеріміз жанр табиғатын, форма қисындарын еуропалық әдебиеттер үл­гі­сінде үйреніп, соларды нұсқа тұтты. Бұл жайтқа, театр жөнінде 1926 жылы жазған белгілі мақаласында, Мұхтар Әуезов назар аударған, ал, тақырып таңдау, сюжет сұрыптау, образдар жа­сауға келгенде, әсіресе, драматургия­да дағдылы дәстүр болғандығын көреміз. Мұндай бауырласудың бір себебі, қазақ тұрмысында театрға жақын элемент­тердің, әдебиетте драма­тургияға туыс түрлердің молды­ғында еді [3].
Академик Р. Нұрғалиев Жұмат Шанин­ның шығармашылығына тоқталғанда, «Ар­­қалық батыр» трагедиясына әдеттегі драмалық шығармаларды талдау – образды бағалау, идеясын көрсету, конфликтіні ажырату, сюжет ерекшеліктерін айқын­дау тұрғысынан ғана келуге болмайды. Өйткені, бұл туынды – ұлттық әдебиетіміздегі ең алғашқы күрделі пье­салар үлгісінің бірі. Сондықтан, не­гізгі компоненттерге анализ бе­ре отырып, диалогтың жасалуы, ав­тор­лық ремаркалардың түрлері, көрі­ніс­тер, перделер арасындағы байланыс, тіл бояулары – осы сияқты мәсе­лелер төңірегінде де байлам жасау қажет­тілігі туады, – дейді. Дәл сол сияқ­ты кейіпкеріміздің «Арқалық батыр» пьесасына да талдау жасау үлкен ең­бекті қажет етеді деп ойлаймын. 
Пікірлерді жинақтай келе, бір мақа­ланың көлемімен Асқар туын­ды­ларының сыр-сипатын толық ашып беру мүмкін емес екенін білдік. Шағын мақала Тата­найұлы шығармаларын түсіну үшін емес, оқырманның ақын еңбектеріне деген ынта-ықыласын тудырса біздің мақса­тымыздың орындалғаны деп білеміз.

Мырзабек   Радоллаұлы

Пайдаланылған әдебиеттер:
1. А. Татанайұлы. Ел қорғаны – Абылай. Алматы, 2008. 23- бет.
2. М. Әуезов. Абай Құнанбаев. Алматы, 1967, 136 бет.
3. Р. Нұрғалиев. Жұмат Шанин, Ар­қалық батыр. Алматы, 1988 ж., 26 бет.

474 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз