• Ел мұраты
  • 17 Маусым, 2015

АБАЙҒА АБАЙ БОЛАЙЫҚ

Бауыржан БЕРІК,
сыншы

Сізге өтірік, маған шын. «Он ғасыр жырлайды» кітабында біраз ақындар аздап «түзетуге» ұшыраған екен. Түсінікті болу үшін алдыменен кітаптың редколлегия алқасын таныстыра кетелік: Рақманқұл Бердібаев, Мұхтар Мағауин, Бекболат Ті­леухан, Амангелді Айталы, Серік Қирабаев, Асқар Егеубаев, Сәрсенбі Дәуітұлы, Айгүл Смақова. Редакторы: М.Игілік. Бас­қа-басқа, осы «Он ғасыр жырлайды» анто­логия­сында Абайдың өзі «белгілі себептермен» төмендегіше «тәртіпке» келтіріліпті (бір-екеуін ғана келтірейік):


Әуелі аят, хадис - сөздің басы,
Қосарлы бәйітмысал келді арасы.
Қисынымен қызықты болмаса сөз
Неге айтсын Пайғамбар мен оны Аллаһы.
Абай осылай жазды дегенге сенесіз бе, сенбейсіз бе? «Неге айтсын Пайғамбар мен оны Алласы?!» деген жолды «өзгертіп» тастаған кітап құрастырушылардың бұл тірлігі – «Абайдың «айналасы теп-тегіс жұмыр келген» өлең жолына жасаған үлкен қиянаты емес пе?!» деген ой тудырады. Әйтпесе, «Абай шынымен де «оны Аллаһы» деп жазған, десе де жоғарыдағы асты сызылған жолдарды да соған сай етіп ұйқастыра алмай қалған екен ғой!» дегенге қалай сенбексіз?!. Әлде, оны ұйқас дегенді білмейтін жан көресіз бе? Абай өлең ұйқастыруды ұмытып кетіпті дерсіз бәлкім, онда хәкімге тағы да «сәл-пәл көмектесіп жіберіп», 1-2-ші жолдардағы асты сызылған сөздерді де өзгертейік те, төртінші жолдағы асты сызылған «сөзіне» сай қылып?! Бірақ, бұлай қолдан жасау не керек? Әлде, Абайға шайнап берген ас ас бола ма?.. Бірақ, көнсең де осы, көнбесең де осы. Енді, осылай жазасың, енді осылай оқисың. «Айтты – бітті, талқыланбайды!» деген осы. Сонымен, мұндай өзгерісті осы кітаптың 269-бетіндегі өлеңнен де кездес­тіресіз:
Ақылға сыймас ол Аллаһ, (а)
Тағрипқа тілім қысқа аһ! (а)
Барлығына шүбәсіз, (ә)
Неге мәужүт Ол куа (б).
Ал, Абайдың бұрынғы жинақтарында бұл шумақ: 
Ақылға сыймас ол Алла, (а)
Тағрипқа тілім қысқа, а! (а)
Барлығына шүбәсіз, (ә)
Неге мәужүт Ол куә (а) – делінген.
Қайсы шумақ көңілге қонымды? Бірінші нұсқадағы шумақ: а, а, ә, б түрінде. Бұл жерде алдыңғы екі жол ғана ұйқасқан, төртінші жол – көріп отырсыз (алдыңғы екі жолға «һ» әрпі жабыстырылғаны себепті) басқа сипатқа ие болып кеткен. Екінші нұсқадағы шумақ: а, а, ә, а түрінде. Бұл – бұрын бәрі­міздің осы уақытқа дейін оқып келген нұс­қамыз. Абайдың сөзін Аллаһ деп неліктен өзгерткендіктерін 13-бетте: «1928 жылы алфабиттің ауыстырылуына байланысты араб әрпімен жазылып келген кейбір атау, терминдер өзгеріске ұшырады. Әсіресе, шағатай, парсы, араб және түрік тілдеріндегі сөздер. Аллаһ сөзінде «һ» әрпі қолданылып келгені белгілі, мысалы оны Абай еңбектерін көшірген Мүрсейіттің қолжазбасынан көреміз», – деп түсіндірген екен кітаптағы ғалымдарымыз.
Бүгінгінің биігінен қарасақ, сөз бостан­дығы бар, кім Алла деп жазса өз еркі, Аллаһ деп жазбағаны үшін оны сөге алмайсыз. Немесе, «Тек Аллаһ деп жазу керек деген» бұйрық бар ма әлде? Неге, осы өзімізден өзіміз шала бүлінеміз де жатамыз? «Түпнұсқада (араб тілінде) солай жазылады, ендеше Аллаһ деп қана айту керекпіз һәм жазу керекпіз!» деуге бола ма екен? Болса онда неге араб тілінен кірген басқа да кірме сөздерді де түгелдей түпнұсқадағыдай жазбаймыз, айтпаймыз деген ой да тууы мүмкін ғой? Керісінше, ондай сөздер өз тілімізге икемделіп, төл сөзіміз сияқты болып кеткен. Сол себепті кез келген кірме сөз қазақ тілінің табиғатына сай өзгеріп отыруы, икемделіп отыруы, сол арқылы тілдік қор­жынымызды толтырып отыруы – заңды құбылыс болып есептеледі.
«Аллаһ сөзінде «һ» әрпі қолданылып келгені белгілі, мысалы оны Абай еңбектерін көшірген Мүрсейіттің қолжаз­басынан көреміз», – деген сөз дәлелдеуді қа­жет ететін сөз. Неге, Мүрсейіттің қол­жазбасын көрмеске? Расында солай болса, бұл – Абай өлеңдеріне әлі де терең үңілуді қажет етеді. Абай «Аллаһ» деп жазған дейді. Мүмкін... Біз қателесіп келген шығармыз?!. Енді, солай  бүгінгінің биігінен қарап «түзе­тіп» жатырмыз. Бұл «дұрыс» та шығар.
Және бұдан басқа Бұқар жырау да:
Ханның сөзі түзік деп,
Орынсыз сөзді жолдама.
Бұрынғы өткен бәрі өлді,
Қарсы болма Аллаһқа, – деп «жөнделіпті». Ал, сіз «жолдама» мен (дұрысы: Аллаға) «Аллаһқа» деген жерден қандай үндестік көріп тұрсыз?!
Міржақып, Мұқағали өлеңдерінде де осындай «өзгерістерді» көзіміз шалды. Оны қалай түсінеміз? Немесе, қалай түсіндіреміз?
    
«ОН ҒАСЫР ЖЫРЛАЙДЫ» 
АНТОЛОГИЯСЫНА АҚЫН ҚОЖА АХМЕТ ЯССАУИ НЕ ҮШІН КІРГІЗІЛМЕДІ?

«Он ғасыр жырлайды» антологиясына ақын Қожа Ахмет Яссауи не үшін кіргізілмеді? Даудың басы – «Он ғасыр жырлайдыдан» басталды ғой. Ол туралы алдымен «Абай» порталында жазылды да. Екінші ретте «Үш қоңыр» газеті жазды. Осыдан кейін барып «7-арна» да бұл мәселені кеңінен қозғаған болатын. Телеарнадан берген сұхбатында бел­гілі әдебиеттанушы ғалым, профессор Айгүл Смақова мұның артында жасырын топ тұр деп өз болжамын айтты. Ол қандай топ екен? Ал, біз мақаланы жазарда көргенімізді жаздық. Оқығанымызды айттық. Ешқандай да топта бес бересіміз, алты аласымыз жоқ!
Республикалық «Үш қоңыр» газетінде Сәрсенбі Дәуітұлы: «Бұл әріпті өз қа­лауы­мызбен қосқан жоқпыз, тарихшы Әбдірахман Ескендірұлы түзеткен», – деп отыр (abai.kz/content/bauyrzhan-berikyly-abai­ga-abai-bolaiyk). Сонда, Сәрсенбі аға­мыз­ға таңғаламын. «Қалайша бір тарих­шы­ның ғана сөзіне сүйене салады? Неге араб­танушылармен, абайтанушылармен ақыл­даспайды?!» – деп. Себебі, бұл турасында «Үш қоңырда»: «Арабтанушылар бұны барып тұрған сауатсыздық дейді», – деп һәм: «Абайтанушылар Мүрсейіттің 1915 жылғы қолжазбасы жоқ дейді», – деп тайға таңба басқандай анық етіп жазып отыр. Ал, сонда, Мүрсейіттің 1915 жылғы қолжазбасы жоқ болса, дерексіз сөйлемейтін профессор Смақова тележәшіктен қандай қолжазбаны көрсетті екен? Түсініп көр.
«А-ны» айттың ба, «Б-ны» да айт» деген сөз бар. «Он ғасыр жырлайды» кітабында негізінен діни өлеңдер топ­тастырылған. Имандылық жайлы жыр­лаған ақындардың өлеңдері кірген. Бірақ, осы «Он ғасыр жырлайды» кітабына Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың имани жырлары енгізілмей қалыпты. Себебі не екен? Не үшін? Қожа болғаны үшін бе? Сопы болғаны үшін бе? (Бұдан басқа сұрақты көрмей тұрмыз). Бір ағамыз: «Ол – таза қазақ емес қой! Қожа емес пе?! Қожа болса қалайша ол бұл кітаптан орын алу керек?!» – дейді. Қалай-қалай көсіледі, ә?! Қожахмет баба­мыздың жазығы – қожа болғандығы болса, қаймағымыз – Қалтай Мұхаметжанов ағамыз да қожа! Мұхтар Әуезов те қожа ғой! «Он ғасыр жырлайды» поэзиялық емес, прозалық антология болғанда бұлардың да шығармалары кірмейтін бе еді сонда?.. Ал, сопы болғандығы үшін кірмеген болса, себебін жіліктеп тұрып түсіндіріп бере ала ма екен ғалымдарымыз? Қалай жауап береді екен?..
а) Ғалымдар тарапынан жауап «Сопы болғаны үшін» делінетін болса, онда Қожа Ахметтің кесенесіне бармауға, көрмеуге тура келе ме, өлеңдерін оқуға тыйым салына ма енді?
ә) Ғалымдар тарапынан жауап «Қожа болғаны үшін» делінсе ше? Мұхаңдар мен Қалағаңдарды қайтеміз? Оқулықтардан, осы секілді антологиялардан жоямыз ба, келешекте оларды да кіргізбейміз бе?..
А.Смақова, Ә.Ескендірұлы, С.Дәуітұлы сияқты көзі қарақты аға-апаларымыз тарихшы ретінде де, ғалым ретінде де, кітаптың құрастырушылары ретінде де бұл антологияларына Қожа Ахмет Яссауидің не үшін кіргізілмегенін түсіндіріп беруге шамалары жетеді, әрине!
Қожа болғаны үшін кірмеді десе де, сопы болғаны үшін кірмеді десе де, мүмкін олай емес шығар, бірақ, қалай десе де өз еріктері, тек әйтеуір бір жауап берсе екен оқырманға.

608 рет

көрсетілді

4

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз