• Ел мұраты
  • 17 Маусым, 2015

Төлеген Тоқбергеновтiң сыншылық пайымы

Өтеш ҚЫРҒЫЗБАЙ,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, 
Қазақстанның құрметті журналисі   

Төлеген ағаның қарлығып шығатын даусын естiмегелi де көп уақыт болыпты. Қар­лығыңқы дауыс тек сол кiсiнiң табиғатына жарасатын сияқты болып көрiнетiн. Кең тыныспен шығатын сол дауыс бойдағы бұйығылықтың көбесiн сөгiп, сергiтiп те жi­беретiн.
Ол кезде Төкеңнiң пәтерi Алматының Орталық колхоз базарының маңындағы трамвай жүретiн көшенiң бойында, биiк үйлердiң бiрiнде едi. Есiктi күлiмсiреп келiп Бәтима жеңгеміз ашатын. Шаңырақтың тұтқасы — әйел-ана Бәтиманың жүрек жылуы мен жан шуағынан болар, қаланың төрт бөлмелi тас үйi ауылдың меймандос қазағының кең үйiндей көрiнетiн. Тап-тұйнақтай жинақы, әр бұйым өз орнында, ұқыпты қолдың табы бiрден байқалады. Қабырғадағы қолдан тоқылған қалы кiлем, едендегi өрнегiнiң бояуы қанық текемет те ауылды еске түсiретiн. Төкеңнiң кабинетiндегi қабырғалар кiтапқа сықиып толып тұратын. Жасы тоқсаннан асқан Зейнеп әжейге сәлем берiп, Бәтима жеңгеміздің мол дастарқанынан дәм татып, бiлетін жаңалығымызды айтып, көңiлдi демдеп қайтатынбыз.


Бiр шаңырақ астында екi бiрдей қа­рымды қаламгердiң, ерлi-зайыпты талант иелерiнiң бiрге жұптасып өмiр сүруi де сирек құбылыс. Шығармашылық еңбекке тұрмыс тауқыметiн ұштастыра бiлу азаматтық арға, бай сабырға байла­нысты екенi белгiлi. Төкеңнiң қарт анасын нәрестедей мәпелеп, шаңырақтың берекесiн келтiрiп отыру – сезiмтал ақын жүректi аналардың ғана қолынан келетiн болар, бәлкiм. Ұлттық әдебиетiмiздiң айдынында қос аққудай қатар жүзген ерлi-зайыпты қаламгерлер халқымыз үшiн рухани мол жазба мұрасын қалдырып кеттi. 
Төкең әуелде жазушы болуға талаптанған екен. 
 «Мектеп өмiрiнен әңгiме жазып, «Қазақ әдебиетiне» жiбердiм. Өкiн, өкiнбе, ендi айтатын несi бар. Прозадан бетiмдi қайтарған Тәкен едi. Жиырмадағы жiгiтке қырыққа толмаған кiсi «олай жаз, бұлай жаз» деп жатса, не үмiт, не қайыр. Әйтеуiр, прозаға бармау себебiмдi осы күнге дейiн Тәкеннiң бiр сөзiнен көремiн» – деп еске алушы едi Төкең. Тәкен Әлiмқұлов жерлес қаламгер iнiсiнiң талабын қуаттайтындығын, әңгiмедегi оқиғаның оп-оңай шешiлiп қалатынын, образ жетiспейтiн тұстарының бар екенiн, әдебиетте әрбiр сөздiң астарында ой жатуы керектiгiн, сондықтан, әңгiменi қайта жазып жiберуiн өтiнген екен. 
Төлеген Тоқбергенов өзiнiң зерде-пайымын, қабiлет-қарымын, ұлттық әдебиетiмiздiң сын жанрына арнайды. Екiнiң бiрiнiң жүрегi дауалап бара бермейтiн, қыртысы қалың, шоқтығы биiк, тыңнан тартып сүре салуға тура келетiн тоңтерiстеу жатқан күрмеуi қиын сала жүрек соғысына жақындау келді. Кез-келген көркем туынды туралы сөз айту үшiн орынды уәж, төрттағандаған тиянағың болу керек. Оның бәрi көзмайын тауысып оқудан, көп нәрсенi көңiлге тоқудан келедi. Ұлттық әдебиетiмiздiң, одақтас республикалар мен дүниежүзi әдебиетiнiң көрнектi өкiлдерiнiң кеңiнен танылған шығармаларын, көркемөнер туындыларын оқып, зерттеп, өзi қозғаған тақырыпты солардың деңгейiмен салыстыра отырып, ерекшелiгiн, олқы тұстарын талдап, сан тарау сарапқа салып, тұжырым жасау, баға беру оңай шаруа емес. Әдебиет әлемiнiң жалпы бағыт-бағдары, тақырып аясы, жанр ерекшелiгi, жазылу шеберлiгi – бәрi түптеп келгенде шолу, барлау, ой тұжырымын жасау, «түгел сөздiң түбi бiр, түп атасы Майқы би» дегендей, өнегелi сөз өнерi туралы толғауы тоқсан, сан-салалы үрдiспен дамып келе жатқан өскелең әдебиет туралы ой маржанын теруге саяды. 
Қай салаға болмасын өзгеше екпiн, жаңалық енгiзбеген соң жұртшылықты елiктiру мүмкiн емес. Төлеген Тоқбергенов қанмен дарыған туабiттi мiнездi әдебиеттегi сыншы мiнезiмен шебер ұштастыра бiлдi. «Сыншы алдымен парасатты болу керек. Салмақ-сабырдың өзi түптеп келгенде, айтпақ ойды саралап беруге саяды. Өз ойы өзiне қамшы болып тиетiн сыншыдан әдебиетке келер зәредей пайда жоқ. Оның үстiне сыншы атаулыға ренiштiң басы әлгiндей ой қайшылығынан  туады. Бiздiңше, сыншыларымыздың басты қатесi сынды әйтеуiр, пiкiр айту деп ұғады. Және пiкiр айтқанда жүнсiз құр тулақты сабалайды, не Алатауға теңеп асқақтатып жiбередi.  Әуелi, сынның өзiн өнер деп ұқпайынша, өнерге айналдырмайынша, сынды ешкiм де мойындамайды», – деп жазады сыншы Төлеген Тоқбергенов. Сыншы көркем әдебиеттiң басты мұраттары деп адам арқылы қоғамның, заманның тынысын беру, адамдардың өзара қарым-қатынасын, мiнез-құлқын, ақыл-парасатын суреттеу, осы арқылы көркемдiк компоненттермен бейнелеу деп түсiнедi. 
Төлеген Тоқбергенов сын жанрын көркем сөзбен әрлеуде, образбен бейнелеп айтуда жаңалық алып келдi. Көп оқып, көңiлге мол тоқығандықтан да болар, сыншы ойын құнарлы сөз мәйегiмен ұрымтал бейнелеп, ұтымды жеткiзедi. Әдебиет сыны туралы сөз қозғай отырып, сол сынның өзiн жоғары көркемдiк деңгейге жеткiзедi. Шұрайлы тiлмен ақпалы-төкпелi ойын құндақтап, жатық, айшықты етiп өре бiледi. Ұлттық әдебиетiмiздiң бастау алып дамуын, кемелдену кезеңiн, болашақ бағытын зерттеп,  тұщымды ой қозғаған, тамырын ұстап, жүрек қа­ғысын дөп басқан балгердей бағамдаған қа­зақтың көрнектi сыншыларының қатарына қосылған қаламгердiң бiрегейi осы Төлеген Тоқбергенов. 
«Қазақ совет әдебиетi» деп айдар тағыл­ған кезеңнiң алғашқы ақын-жазу­шыларынан бастап, 30-жылдардағы Асқардан Саттарға дейiн, 40-жылдардағы Баубектен Тайырға дейiн, 50-жылдардағы Хамиттен Қалтайға дейiн, 60-жылдардағы Хамза, Зейiн, Iлияс, Тәкендер, Әнуар, Олжас, Оспанхан, 70-жыл­дардағы Оралхан, Сағат, Дулат, Төлегенге дейiн, одан кейiнгi жаңа лек, толқын iлгергiнi өкшелей қуып, кезең-кезеңiмен көркемөнерiн мәңгi жас қалпында, үздiксiз жасарып, жаңғыртудағы алтын арқауды уақыт тынысымен, заман ағысымен жалғаған көш дүрмектiң аяқ алысына зерделi көзбен қарап, ой топшылайды. 
Бүгiнгi әдебиеттiң басты-басты белгi­лерi, бағдары, жанр сипаты қан­дай? Қазiргi талпыныстан қандай болашақ сезiледi? Уақыт тынысының сезiлуi қандай? Бұл сыншы Төлеген Тоқбергеновтiң құдіреттi әдебиет соқпағында ұстанған бағыты, сара жолы, шабыт-арқауы едi. «Егер жазушы болсам, үш адамға ұқсағым келедi, – деп жазды сыншы, – «Қаһарлы күндердi», «Боранды», «Шырағың сөнбесiндi», «Сәуленi», «Антты» жазған Ахтанов... суреткердiң iшкi қуатының, талант қы­рының молдығына таң қалғам. 
Бәрiбiр Ахтанов бола алмаймын, егер, болсам осы жағын ойлар ем. 
Ендi бiрде Тәкенше жазсам деймiн.  Оның шығармаларында мың құбылған мiнез, сан түрлi реңк-бояуды сiңiрiп тұрған iшкi сөйлемдер мол болып келетiн. Тәкендей-ақ жазушы болсам деймiн, не керек, қолдан келмейдi. 
Тағдыр танымды да, талғамды да қабат берген Әбдiжәмiлдiң артықшылығы – шұқшия жазып, мықшия өңдейтiн еңбекқорлығы. Мен Әбдiжәмiл болсам дей алмаймын. Өйткенi, еңбекқорлық жөнiнен мен емес, қазақ жазушыларының көбi Әбдiжәмiл бола алмайды».
Төлегендей сұңғыла сыншы өмiрлiк темiрқазығын әдебиеттен тапса, шұрайлы бай сөздiк қорының арқауын өзi өскен Созақ – Терiскейдiң төскейiнен жинағандай да болады. Тек жергiлiктi ұлт өкiлдерi ғана тұратын, ықылым замандардан берi ұлттық салт-дәстүр, төл тiлдiң мәйегi шайқалмаған өлке көзi ашық, көкiрегi ояу талант иесiне сарқылмайтын шалқар шабыт бердi. Созақтың тiлi деген ұғым жоқ, ойда, қырда қазақтың жалпақ тiлiнiң кең айдын арнасының бiр өзегi десек те, шалғай ауыл кейiнгi әлем-жәлем жаһанданудың қойыртпақ жаңалықтарынан ада, бастапқы тума болмысын саф алтындай сақтап қалғандай болып та көрiнедi. Әулие-әмбиелердiң құтты мекенiне айналған әзiретi Қаратауға келген сапарында Мұхтар Әуезовтей ғұлама жазушының: «Қолды бiр босатып алып, алаңсыз зерттейтiн өлке екен» деп қызығушылық танытуы да тегiннен-тегiн емес. Көне «Құмкентте» Үрмiз қария қыран бүркiт сыйлап, қасында ертiп жүрген Тәкен Әлiмқұловтың анасының қолын алып, тiлдесуi, Созақта Сүгiр күйшiге сәлем бере барып, шертпе күйлерiн тыңдауы, бұл өлкенiң өткен тарихы мен кейiнгi келбетi туралы нешеме әңгiмелердi естуi болашақта қалам тербеп, көлемдi шығармасына желi тартып, бөлекше сезiмге жетелеу де тегiннен-тегiн емес едi. 
Дiн Ислам әлемiнiң жарық жұлдыздары Ысқақ бап, Бабай Түктi Шашты Әзиз, Ахмет Иассауидiң жаназасын шығарған Қарабура әулие, Саңғыл ата бабаларымыздың Қаратаудың терiскей бетiн құтты мекен етуi де тегiннен-тегiн болмаса керек. Тектi топырақ қария, дария Созақ бетiнде ұлттық әдебиетiмiздiң сирек дарын иесi Тәкен мен Сәуiрбектi, Асқар мен Төлеген, Бәтималарды өмiрге алып келiп, қалың дүрмектiң алдына шығарды. 
Төлеген сыншының басты ерекшелiгi – ары-берi тартқылауға көнiңкiремейтiн кiрпияздау сын жанрына ұлтымыздың шұрайлы тiлi мен көркемдiк рең, бейнелеу, әрлеу көкжиегiн қосты. Ақпалы-төкпелi сезiммен, образбен ойын айшықты түрлендiрiп, өрнектеуге талпыныс жасады. 
«Жазушы-суреткер үшiн ең үлкен арман – көркем тiл болса ғой шiркiн! Сонда сөздiк қоры тапшы, тiлi жұтаң кiсi қаламгермiн деуден қысылар едi-ау... Ал, егер де жазбай қоймас дерексiз дертке шалдығып, қоярда-қоймас болса, онда ең құрығанда, жазғанын сынағандардың соңына шырақ алып түспесе, шiркiн деймiн. Жаманымды айтты-ау, ендi жаманатқа ұшыратармын демесе ғой, шiркiн, бiлiмдi адамның бiлiп тұрған соң мiнезiмдi айтқаны шығар десе ғой, шiркiн! Бiрақ, бұл тiлеу сiрә да орындала қоймас» – деп жазды сыншы.
Сөз мәйегi, тiл құнары ауылда екенiн қаламгер қалтқысыз дөп басып таныды. Сыншының әр жылдары баспа жүзiн көрген кiтаптарынан тың теңеу, айшықты ойға құрылған көңiл шырайын келтiретiн сирек қолданыстағы - қиямпұрыс, ноқай, дүбәра, мүттәйiм, нәкәс, әккiс, пәруайы пәлек, күстана, мәтiби, тәшiн қалдыру, ынсап, рәуiш, өзге де сөздердi жиi ұшыратып қаламыз. Тап осы тақылеттес сөздердi Созақтағы көнекөз қариялардың аузынан естiп қалып, Төкеңнiң зеректiгiне, ұқыптылығына ерiксiз таңырқайтынбыз. Сөз қорының байлығы шығармашылық дарынына қуат бердi, айтар ойын көркемсөзбен өрнектеп, құндақтап еркiн жеткiздi. Көп оқып, iзденiп, бiлiмнiң iнжу-маржанын, ұлтымыздың бай сөздiк қорын еркiн меңгеруiнiң арқасында көздеген мақсатына шаршамай, шалдықпай еркiн жеттi. Әдебиеттiң асқақ мұраттарын ашқан кең тынысты, ойлы, әдеби процестiң даму барысын қадағалау арқылы болашақтағы бағыт-бағдарын айқындаған әдебиетке жанашыр нағыз сыншының мiнез-болмысын, ой-мұратын, пiкiр тазалығын, әдiлет жолын ұстанған, өнердi өнеге тұтатындарға өсиет, ғибрат болар, өнер сүйген, оның мақсат-мұратын тереңнен бойлап, ұғынар ұлылығын арман еттi. Өзiнiң қал-қадерiнше ұлттық әдебиетiмiздiң көкжиегi туралы толғауы тоқсан ой топшылап, сын әлемiнде кесек-кесек еңбектер қалдырып кеткен қаламгер өзiнiң басты мақсатына жетпей кеткенiн байқатады. 
Төлеген Тоқбергенов ұлттық әдебиетi­мiздегi биiк көркемдiк деңгейге қол жеткiзу үшiн күрестi. Ұлттық әдебиеттiң әлемдiк жоғары сатыда жарқырап көрiнуiн арман­дады. Көркемдiк кемелiне келген шығарманы өзгелерге үлгi тұтты, шын­шыл, нағыз талантты суреткер ретiнде бағалады. Сыншы жастайынан оқып, тiрнектеп жиған бiлiмiн кәдеге асыра бiлдi. Баспа жүзiн көрген көркем әдебиет туындыларын сыншы безбенiнен өткiзiп, талдап, көркемдiк деңгейiн саралап, тұщымды тұжырым жасайтын дәрежеге жеттi. Әдебиетке қиянат жүрмейдi «Жүйелi сөз жүйесiн, жүйесiз сөз иесiн табады», жасық дүниенi қанша аспандатып, мақтағанмен, бөз матадай өңiн бермей қоймайды. Асылды қанша даттағанмен, шаң астында жатқан саф алтындай жарқырайды да тұрады.     Төле­ген Тоқбергеновтiң көзi тiрiсiнде газет-журналдарда жарияланған мақалаларын, баспа жүзiн көрген кiтаптарын оқып, күн­делiктi өмiрде ауызекi әңгiмесiн тыңдап жүрiп байқағанымыз, ол жан-жақты, сан қырлы, өте сезiмтал, аңғарымпаз сыншы. Тек қаламгер ретiнде ғана емес, адамдық асыл қасиеттерiмен – ұстамдылығымен, тiлдескен жанның сөзiнен, мiнезiнен, тiптi, түр-келбетiнен де көп жайтты бағамдайтын аңғарымпаздығымен де ерекшеленетiн. «Ұлық болсаң кiшiк бол» дегендi арқа сүйеп, жолығысқан адамын алға салып, құрметтеп, жақсылық қасиеттерiн айтып, қолпаштап, марапаттап отыратын. 
Белгiлi бiр жазушының көркем туындысы туралы қалам тербегенде шығар­маның көркемдiк деңгейi оқиға желiсiнiң таратылып-өрбуi, кейiпкерлердiң мiнез-құлқы, өзге де ерекшелiктерi туралы әңгiме өрбiте отырып, оның бәрi түптеп келгенде сол қаламгердiң жаратылысымен, мiнезiмен, жүрек соғысымен тiкелей астасып, өзектесiп жататынын сыншы қапысыз байқайды. Жазушы жаратылысына сәйкес ол сомдаған кейiпкерлер де бiр тоға,  өзiнен жоғарылардың алдында илiкпейтiн, жүрек әмiрiмен ғана жүрiп-тұратын, салқынқанды жандар болып келетiнi де тектен-текке емес. Төлеген Тоқбергеновтiң сыншы ретiнде қалам тербеген кiтаптарынан өзiнiң де мiнезiн, болмыс-бiтiмiн еркiн аңғарғандай боламыз. Турасын айтып туғанына жақпайтын, әдiл сөйлеп, ар тазалығын сақтау әдебі сыншыға тән қасиеттердiң бастысы болуы шарт. Әдебиеттегi мар­қасқалар мен мықтылардың оқыр­­манға кеңiнен танылған жылы қабыл­даған туындыларын талдап, саралап отырып, басты кемшiлiктерiн айтудан жүрегi сескенбедi. «Сыншы – сынаушы мен сүйсiнушi ғана емес, әдебиет ұстазы. Оған төрелiк жасау үшiн үлкен, өте үлкен бiлiм керек» –  деп Тәкен Әлiмқұлов айтқандай, Төлеген сыншы сол «өте үлкен бiлiмдi» меңгерiп алған болатын. Танымал сыншы болып қалыптасқан, үнемi тынымсыз еңбек етiп, ұлттық әдебиетiмiздiң кем-кетiгiн түгендеуге ақ тер-көк тер болып еңбек еткен сыншы тындырған шаруасына ешқандай тоқмейiлсiмеген жан. «Әдеби сынға араласқанда тапқаның не, әдебиетiмiздiң болашағына бола жан салғаның қайсы?» деген сауалдарға жауап таппай, кiшiрейiп сала беретiнiмiз жалған емес. Тiптi, тындырып тастадық дегенде, ең болмаса қазiргi кезде екiнiң бiрi бетке салық қып жүрген – сын жоқ, сыншы да жоқ деген кiнәратты айтпас едiк қой. Алайда құр өкiнiп, салың суға кеткеннен асылы үмiт жақсы. Үмiтсiзден сақтасын деуден басқа шара тағы жоқ» – дейдi сыншы. 
Әдебиет әлемiндегi ағымдар, әр түрлi тақырыптарда жазылған көркем туындыларды саралау, көзқарастар мен пiкiрлер тоғысын ой зердесiне салу, өткендегi мен бүгiнгiнi саралай отырып, келешекке бағдар жасау, озық үлгiлердi алға тартып, көркем ой көкжиегiн кеңiтуге талпынған сыншы мұраты қашан да биiк тұрды. Көркем сөз құдiретi туралы толағай сөз қозғаған, әдебиет көкжиегiн бағдарлап, ой топшылаған Төлеген Тоқбергеновтiң соңына қалдырған жазба мұралары қай кезеңде болмасын өзiнiң құндылығын жоймақ емес. Қайта уақыт өткен сайын ойлары ұшқын шашып, дәл бүгiнгi күндi алдын-ала болжап жазғандай болады. Төкеңнiң бұдан ширек ғасыр бұрын жазған мына бiр ой-тұжырымы бүгiнгi күн үшiн айтылғандай болып көрiнедi: «Кейбiр жазушыларымыз адамды жалаңаштап көрсетсек, болды, өйткенi, өнердiң басты өлшемi – адамды көрсетумен шектеледi, ал, адамды суреттеу мiнез-құлқын, дене тұрпатын, оның да пенде екенiн дәлелдi, дәйектi бейнелеу, iшiп-жесем, кисем, мiнсем, сүйсем, сүйдiрсем деген құлқын дәлме-дәл танытсам, бiттi, деп ойлайды. Талантты аталып жүрген кейбiр жас-кәрi, мосқал жазушылардың өзi осындай кредо ұсынған. Оу, сонда адамның жалаңаш қалпынан оның әлгiндей қылық, құлқынан өзге ең басты өмiрлiк мұраты мiндет-парызы бар емес пе? Өздiгiнен бөлек қоғамдық тiлек-ниетi бар емес пе? Оу, сонда өнердiң басқы мұраты да сол адамды мiндет-парызы, қоғамдық тiлек-талабы тұрғысынан бедерлеп жеткiзу емес пе? Оу, өнер өнер болғалы өнегелiлiктi неге дәрiптемеске? Әлгi өзi «құдiреттi шындықпен» қолдан туғызған «жап-жалаңаш» кейiпкердiң күйбең тiрлiгiнiң, күйкi шикi-шикi ойының жетегiнде кетiп, адамға деген, адамның мақсат-арманына деген, адамгершiлiкке деген авторлық позициядан арылып қалғанда қандай өнегелi шығарма, қандайлық өнер туындысы, қандай ғана жинақы ой, жинақы  тип жасала қоймақ? Сонда әлгiде айтқанымыз психологияға ғана табыну, психологияны ғана мойындау боп, ал, басты компоненттердiң бiрi – мұратты ұмытқандық емес пе? 
Ойлап тұрсақ, адамгершiлiк мәселесiн нағыз көркемдiкпен бедерлеп бере алмай жүруiмiздiң кейбiр себептерiн осыдан шығарып айтуға болады екен-ау!» 
Айызын қандырып, жететiн жерiне жеткiзiп айтудың бұдан артық қандай жолы бар десеңiзшi?
Қазақтың көрнектi сыншысы Төлеген Тоқбергенов жемiстi еңбек еткен 70-90 жылдар бедерiнде әдебиет айдынында көрiнген жазушылардың қабiлетсiздерi мен дарынсыздары бүгiнгi күннiң деңгейiмен салыстырып қарағанда, көп те емес едi. Әйтеуiр, дүрмекке iлесiп, ағаш атқа жайдақ мiнiп шабатындар қандай кезеңде де болған. Бiрақ, көптiң талқысы, сыншылардың тетку сөзiнен кейiн олардың бiразы шама-шарқын байқап, өзiнiң әбестеу қадамына опынып, бағытынан айныған. Ол кездерi қанша дегенмен, қолына қалам ұстаған жан «қызыл көз» сыншылардың «қанды шеңгелiне», кәрiне ұшырап қаламын ба деп қаймығатын едi. Оның үстiне кiтап басып шығаратын саусақпен санарлық мемлекеттiк баспалар рецензенттiң, редактордың, көркемдік кеңестiң елегiнен өтiп барып, оқырмандар қолына тиетiн. «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетедi» дегендей, қазiргi кезеңде ақын-жазушысымақтар қаптап, көркемдiк деңгейi сын көтермейтiн кiтаптар жекеменшiк баспалардан тас­қындап шығып жатқанда, қалың шаңның iшiнде ат төбелiндей сыншылар көрiнбей, адасып қалғандай әсерде жүргенiмiз де шындық. Егiстiкке бiрен-саран қылтиып шыққан сұңғыланы тамырын жайғызбастан жұлып тастауға болар, ал, жаппай қаптаса, одан құтылу қиямет-қайымға айналады. 
Ұлттық әдебиетiмiздi шаң-тозаң қаптап, жақсысы қайсы, жасығы қайсы, ажыратып алу қиынға соғып тұрған қазiргi кезде Төлеген сыншы өмiр сүргенде қандай күй кешер едi деген сауал көкейге оралады. Масылынан асылын арашалап, жетiстiгiн жарқыратып көрсетуге талпынған сарабдал сыншы сөз өнерiнiң қайталанбас хас шеберлерiмен бiрге бақилық болып кете баруында бiз бiле бермейтiн сыр жатыр ма деп те ойлаймыз кейде. Уақыт мезгiлдiң әр сәтiн қапысыз бағып, қадағалап отыратын санаулы ғана саналылар болады. Оларды уақыт сарапшысы, қоғамдық ойдың қазысы десе де, жарасады. 
Төлеген Тоқбергенов көзi тiрiсiнде қазақ әдебиетiнiң күрделi саласы – сын жанрында 150-ден астам мақала және «Тоғыз тарау» (1974 жыл), «Үш тоғыс» (1977 жыл), «Қос қағыс» (1981 жыл), «Ай мүйiз» (1990 жыл), «Тәкен Әлiмқұлов» (1994 жыл) сын кiтаптарын шығарып, ұлттық қазынамызға мол жазба мұрасын қалдырып кеттi. Әдебиет тарихында көрнектi сыншыға айналған Төкең мансап, атақ үшiн емес, әдебиеттiң биiк мақсат-мұраты үшiн тер төктi. 
«Көзден тайған соң көңiлден таса» демекшi, Төлеген Тоқбергенов өмiрден өт­келi берi көрнектi сыншы есiмiнiң жыл­дан-жылға көмескiленiп, ұмытылып бара жатқаны қабырғамызға батады. Төкең туралы баспасөз беттерiнен көз көрген, дәмдес-тұздас болған замандастарының өкшесiн алып жүрген iнiлерiнiң еске алған лебiздерiн де кезiктiре бермеймiз. Елiне кең танылған қарымды қалам иесiнiң дүниеге келгенiне 80 жыл толғалы отырған шақта  Қазақстан Республикасының Үкiметi бас болып, Мәдениет және спорт министрлiгi мен Жазушылар Одағы қоштап, тума талант иесiнiң есiмiн ел есiнде мәңгiлiкке қалдыру мақсатында толық шығармалар жинағын жарыққа шығару, мектептер мен көшелерге есiмiн беру, кейiнгi жас ұрпақ арасында жазба мұраларын насихаттау мақсатында көптеген шараларды қолға алса деген елдiң арманы бар. Әсiресе, оңтүстiк өңiрiнде туып-өсiп, ұлттық әдебиетiмiздiң көрнектi өкiлiне айналған Төлеген Тоқбергеновтiң рухын көтеруге игiлiктi iстер кең көлемде жүргiзiлуi тиiс деп есептеймiз. 
Қаламгер дүниеден өткелi берi рес­публика көлемiнде тындырылған шаруа Төкеңнiң балалық шағы өткен Шолаққорған ауылынан шағын бiр көшеге есiмiн берумен шектелген екенбiз. Бақилық болған ата-бабаларымыздың бәрi бiз үшiн ардақты. Бiрақ, сол азаматтардың көзi тiрiсiнде аудан, облыс, республика деңгейiнде еткен еңбектерiнiң ара салмағын бағалауға келгенде жергiлiктi рушылдық пиғылдан аса алмай келе жатқанымыз шындық. Ауылдағы мектептерге тек бiздiң рудың немесе әулеттiң адамдарының есiмi берiлуге тиiс деп өзгеден қызғанып, ел арасында неше түрлi айла-шарғыға барып жүрген жандар да бар. Одан бөлек бiр адамның есiмiнiң аудандар мен қалаларда, облыстарда мектебi бар, көшесi бар қайта-қайта қайталанып, екiншiсiнiң мүлде ұмыт қалып кететiнi, сондықтан республикалық, облыстық ономастикалық комиссиялар таразының екi басын тең ұстап, жан-жақты зерттеп, саралап әдiл шешiмге келгенi жөн дер едiк.
Орыстың ұлы ойшылы М.Добролюбов кезiнде «Орыс әдебиетi қандай күйге ұшы­раса да, Белинский оның әманда мақта­нышы, даңқы, көркi болып қала бередi» – деп жазғанындай, ұлттық әдебиетiмiздiң кеңiстiгiндегi аз ғана сыншылар қатарында Төлеген Тоқбергеновтiң жұлдызы жарқырап тұра берерi анық. 

731 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз