• Тарих толқынында
  • 17 Маусым, 2015

ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ

Уәлихан ҚАЛИЖАНОВ,
М. Әуезов атындағы Әдебиет
және өнер институтының директоры, ҚР ҰҒА-ның мүше-корреспонденті

II
Қазақ халқының қалыптасуы­на негіз болған ертедегі темір дәуіріндегі (б.з.д. VІ-VІІ ғ.ғ.) сақ, ғұн, үйсін, қаңлы тайпалары, б.з. ертедегі орта ғасырлық мемлекет­тер тұсын­дағы қарлұқ, оғыз, қимақ тайпалары, дамыған орта ғасырлық мемлекеттер кезіндегі наймандар, керейіттер, жалайырлар, қыпшақтар тарихы мыңдаған жылдарға созылғандығын назарға алсақ, қазақ әдебиетінің тарихы да тереңнен тамыр тартып, одан арғы дәуірден - көне заманнан басталады. Сол себепті ұлттық әдебиет тарихының негізгі өзегінің бірі қазақ сөз өнерінің тарихи бастауларын дәстүр арнасында дәуірлеу сынды ғылыми мәселе өзекті сипатқа ие болып табылады.

Бұл проблемаларға байланысты тоталитарлық жүйенің өзге ұлттардың тарихының даму үрдісін кеңестік тарихпен ғана байла­ныстырған біржақты ұстанымдарына қазіргі тәуелсіздік талаптары тұрғысынан батыл тойтарыс бере отырып, қазақ әдебиетінің көне заманнан бүгінгі күнге дейін дамуының өзіндік ерекшеліктерін есепке алу басты орынға шықты. Негізінде әдебиет дамуының кезеңдерін халықтың жалпы тарихи даму үрдісін дәуірлеуден бөлек алып қарауға болмайды. Қазақ әдебиетінің жүздеген ғасырлар бойғы дамуының әр тарихи дәуірлерін ба­жай­лағанда әр кезеңді бір-бірінен даралап тұратын өзіне тән белгілері мен қасиеттерін, жанрлық, көркемдік ерекшеліктерін анықтап алу қажет. Міне, әдебиет тарихын дәуірлеудегі Сакулин пікіріне ден қойсақ, дәуірлеудің үш принципі бар. Олар: аналитикалық принцип (хронологияға сүйенеді), гетерогендік принцип (әдебиетке әсер етті деген саяси, қоғамдық, экономикалық факторларды басшылыққа алады), автономдық яки авто­гендік принцип (өнердің өз ерекшелігін негіз етеді). 
ХV-ХVІІІ ғасырларда ежелгі қазақ же­рінде Қазақ хандығының қалыптасу үде­рісі тәмамдала бастады, әр тараптағы ру, тайпалардың өзара жақындасуы, бірігуі жиіленіп, халық ретінде ұйысып, ортақ тіл, жазу үдей түсті. «Қазақ» атауы орнығып, тарихи құжаттарда да, көрші елдерде де осы аймақ тұрғындарын «қазақ» дейтін дәрежеге жетті»16 – деп жазды 1990 жылы. 
«Қазақ» этнонимінің мазмұны, сыры, шығу тарихы, аңыз-әңгімелері көп жыл бойы зерттеушілер назарында болғанымен, тиянақты тұжырымдар аз.
«Қазақ» сөзінің ертеде ескерілуі мұсыл­мандық жазба ескерткіштердің бірінде, атап айтқанда, шамасы Мысыр елінде 1245 жылы аты белгісіз автор құрастырған түрік-араб сөздігінің қолжазбасында Германияның Лейден қаласында 1894 жылы басылған еңбекте кездеседі.
Мұхамед Хайдар Дулатидің «Тарихи-Рашиди» аталатын еңбегінде және басқа құжаттарда «қазақ» атауы және термині әуелде Барақ ханның ұрпақтары – ағайынды Жәнібек пен Керей бастаған рулар мен топтар бөлінуіне байланысты туғандығы айтылды. ХVІ ғасырда қазақ халқы өзінің этникалық территориясында әбден орнығып, қазақ елі атанып, дамудың жаңа сатысына көтерілуге бет алады, жазба деректерде «Қазақстан» терминімен атала бастайды.
Қай кезеңде де болсын, жеке ұлт болып қалыптасу барысында елдік мұраттардың қатарласа жүретіндігін ескерсек, бүгінгі тәуелсіз еліміздің ұлттық әдебиетінде мем­ле­кеттік тұрғыда бағаланып, өміршеңдік сипатқа ие болып отырған тәуелсіздік идеясының түп-төркінін көне ғасырлардағы тасқа қашалып жазылған көркем шығар­малардан, «Оғыз-наме», «Қорқыт ата кі­табы», «Диуани лұғат ат-түрік», «Кодекс Куманикус» сынды туындылардан, сондай-ақ, хандық дәуір тұсындағы жыраулық поэзия мен оған іргелес дамыған ақындық өнердегі ел болу, мемлекет құру сынды іргелі бастамалардан іздеуге ұмтылыс жасауымыз заңды құбылыс. Бұл тұрғыда  Н.Келімбетовтің: «Ежелгі түркі дастандарының ту етіп көтерген негізгі идеясы – елдің тәуелсіздігі үшін жан аямай күреске шығу болды»17, – деген тұжырымы сол алмағайып кезеңдердің өзінде-ақ, тәуелсіздіктің қаншалықты маңыз­ды болғандығын байқатады. Сөзіміз дәлелді болу үшін қазақ әдебиетіндегі бірден бір тарихи жыр саналатын  Күлтегін жазбаларына үңіліп көрелік:
Тәңірі жарылқады, 
Өлімші халықты тірілттім,
Жалаңаш халықты,
Кедей халықты бай еттім.
Аз халықты көп қылдым18,  – дейді автор. 
Жырдағы үзіндіден халықтың тарихи-әлеуметтік жағдайы қылаң беріп, қыспақта қалған еліне азаттық сыйлап, дұшпанын бағындыра білген қаһарманның батыл да еркін қимылы аңғарылады. Келесі:
Тізеліні бүктірдік,
Бастыны еңкейттік...
Еліміз қайта ел болды,
Халқымыз қайта халық болды19, – сарынын­дағы шумақта ерлікті, тәуелсіздікті дәріптеп, өршіл рухта толғаған айбынды қолбасшының бейнесі суреттелген. Ал, «Оғыз намедегі»:
Ей, ұлдарым менің,
Мен басымнан көп нәрсе өткіздім,
Талай-талай шайқасты көрдім,
Садақ тартып көп оқ аттым
Дұшпандарымды жылаттым,
Достарымды күлдірдім.
Көк Тәңірі алдындағы парызымды                     өтедім,
Ел-жұртымды сендерге табыс етем20, – деген жолдардан Оғыз ханның елі үшін қаншама ерлік істер атқарғанын аңғару қиын емес. 
Қилы-қилы тарихи кезеңдер аясында қазақ сөз өнері де жалғасын тапты. Қазақтың бай фольклоры мен ежелгі ортақ жазба ескерткіштер негізінде қалыптасып дамыған ХV-ХVІІІ ғасырлар поэзиясы – қазақ халқы­ның ықылым замандар бойы жасаған сөз өнерінің, тума әдеби қазынасының үлкен бір саласы, құнды мұрасы. Бұл мұраның ең басты қасиеті – ХV ғасырдың ортасы мен ХVІІІ ғасырлар аясында қазақ хандығының құрылып, қазақ халқының қалыптасуы сияқты күрделі тарихи кезеңдерінің көптеген тұстары көркемдік дәрежеде бейнеленуінде. Осы дәуірде Қазтуған, Асан қайғы, Доспам­бет, Шәлгез, Жиембет, Марғасқа, Ақтамберді, Тәтіқара, Үмбетей, Бұқар сияқ­ты ақындардың мұрасы пайда болып, кейін олар ұлттық әдебиетіміздің алтын қорына қосылды.
ХV-ХVІІІ ғасырлардағы қазақ поэзиясы, негізінде, жыраулық поэзия. Алғашқыда, иыр, иырағу – жыр, жыршы сөзінен шыққан жырау аты әрі өз жанынан өлең, жыр шығарушы, әрі бұрыннан қалыптасқан туындыларды – эпостық дастандарды жатқа айтып, ұрпақ сана-есіне жеткізуші, орнықтырушы қызметін атқарған халық поэзиясының өкілі.
Жыраулық поэзия – ғасырлар бойы қалыптасып, дамыған ұлт әдебиетінің ғажап көркемдік құбылысы. Жыраулық поэзия көбіне қазақта кең дамыған ақындық өнердің түрі, оның шығу тегі, көшпелі, жартылай көшпелі өмір сүрген ру тайпалардың бай мұрасы. Сондықтан жыраулық поэзияда ауыз әдебиетіне тән ерекшеліктермен бірге жазба поэзияға тән өрнектер де қатар кемелденген. Жыраулық поэзияда, әсіресе бұрын ауыз әдебиетінде көп тараған толғау жанры, сөз үлгілері кеңінен қолданылған. Толғауда, негізінен, терең азаматтық әуен, замана келбеті, ірі қоғамдық, әлеуметтік, саяси, философиялық мәселелер мен тақырыптар ерекше орын алады.
Сөз өнерінің толғау түрі ежелгі жазба ескерткіштерінде аракідік бар болса да, оның жанр ретінде қалыптасуы ХV-ХVІІІ ғасырларға сәйкес келеді. Осы кезеңде ол ерекше өркендеп, биік сатыға көтерілді. Толғау әуел баста магиялық, тотемдік сипатта, табиғат құбылыстарын адамға түсіндіру, бағындыру қажеттігіне байланысты дүниеге келсе де, сөз өнері күрделене, жетіле түсуіне сәйкес қоғамдық, әлеуметтік, этикалық, эстетикалық маңыз алып, жанр ретінде қалыптасты. Жыраулық поэзияға ұласты. 
Жыраулық поэзияның алғашқы өкілдері эпостық жырларды шығарушылар, ауызша таратушылар, таратқанда жанынан өлең, жыр шумақтарын қосушылар, сәл өзгертушілер, сөйтіп бір эпостың бірнеше нұсқасын тудырушылар болғаны сөзсіз. Алайда, өкінішке орай, олардың аттары сақталмаған, әуелде сақталса да кейін ұмытылған. Сөз жоқ, сол аттары ұмытылған жыршылардың феноменалдық еске сақтау қабілеттері, таланттары, дарындары арқасында ғана біздің заманға қыруар туындылар жетті. Көркем сөз зергерлерінің бұл ерекше дарындылығы мен қабілеттілігі өзіміздің зиялылар тарапынан жоғары бағалануымен қатар, басқа жұрт оқымыстыларын да таң қалдырған. Қазақтың ескіліктегі халық мұрасын жиюшылардың бірі Г.Н.Потаниннің «бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай көрінеді» деуі де осыдан.
Қазақ әдебиеті қазіргі Қазақстан жерін жайлаған тайпалар туғызған бай рухани қазынаның заңды мұрагері еді. Ол өзіне дейін ғасырлар бойы жасалған мол мұрадан нәр алды, ежелгі дәстүрлерді дамыту, тың тақырыптар игеру, соны соқпақ, сораптар қалыптастыру нәтижесінде кемелденді. 
Мұсылманшылықтың күш алуына байланысты бұл кезеңде көне түрік жазуы ығыстырылған еді. Оның орнын араб жазуы басты. Шығыс тарихшыларының айтуынша, қазақтар өздерінің балаларын мектеп, медреселерде оқытатын болған. Халық арасынан сауатты, өз заманы үшін білімдар адамдар шығарды. Жазба әдебиет нұсқасы деп танылуға лайық шежіре жинақтары, тарихи үлгідегі шығармалар жазылды. Бұл кезеңде туған еңбектердің көпшілігі жоғалған. Хандық дәуірдің ақын-жыраулары қашанда шындықтың шеңберінен шықпауға тырыс­ты, асыл өнердің қатаң заңдылықтарына бағынды. Сонымен қатар олар аумалы-төкпелі заманның перзенті болғандықтан, қым-қуыт дәуірдің сан қилы шырмауындағы өмір келбетін бейнелеу үшін тек ақиқатқа ғана арқа сүйеді. Сондықтан жыраулар шығармашылығының өз дәуірінің әлеуметтік тіршілігінен оқшау болуы тіпті мүмкін емес-тін. Міне, бүгінгі күнге ауызша жеткен жыр-толғаулардан өткендегі қазақ тарихының ұлы сорабын айқын байқаймыз. 
Фольклор мен өзіне дейінгі ауыз әдебиеті үлгілерінен нәр алып, бастапқыда кең құлашты эпикалық бағытта қанат жайған жыраулық дәстүр негізінен реалистік сипат алғаны белгілі. Солардың ішінен, әсіресе, импровизаторлық өнері бар тұлғалар көбірек дараланды. Тіпті, жеке тұрып-ақ, бір ғасыр келбетінен хабар беретін жыраулар шығармашылығы ғасырлар керуенінде сап түзеп, төрт-бес ғасырлық ел тарихын еркін елестете алды. Әсіресе, XV-XVIІ ғасырлардағы тарихи оқиғалар, соның ішінде Алтын Орданың құлауы, Керей мен Жәнібек сұлтандардың Алтын Ордадан бөлек кетуі сияқты ірі оқиғалар, сол тұстағы жыраулық поэзияның күн тәртібінен түспейтін негізгі тақырыпқа айналды. Бұрын Алтын Орданың құрамында болып, қоян‑қолтық аралас өмір сүріп келген қазақ пен ноғайдың айрылысу сәттерін жырға қосқан жыраулар аянбастан жыр-толғауларын ағытып жатты.
«Жылау, жылау, жылау күй,
Жылаған зарлы мынау күй.
Қазақ пен ноғай айрылды,
Қазақ сартқа қайрылды.
Ноғайлының ну елі,
Күңіренді, қайғырды.  
...Зор күн туды, зор күндер,
Кетті күлкі мол күндер»21.
Қазақ сұлтандарының Алтын Ордадан бөлек кетуі болашақ өмірімізде баға жетпес оңды нәтижесін бергенімен, тұрып жатқан мекенінен үдере көшудің елді күйзеліске түсіргені осылайша көрініс берді. 
XV ғасырдың екінші жартысында Керей мен Жәнібек сұлтандар көптеген рулар мен тайпаларды ертіп, Шығыс Дешті Қыпшақ ханы Әбілхайырдан бөлінгеннен кейін, Моғолстанның батысына қоныстанған болатын. Бұл жайында Асан Қайғы:
Жәнібек атты жақсы хан,
Еділ менен Жайыққа,
Кәуірге қала салдырдың, 
...Көңілді жаман қалдырдың22, – деп тарихи деректен мәлімет береді. Міне, осыған дейінгі төрт ғасыр бойында алма-кезек жалғасқан қазақ хандар династиясының бастаушылары Керей мен Жәнібек хандар екендігіне осы сияқты жыр жолдары куәлік етеді. 
Қазақ хандығының шаңырақ көтеріп, әлем тарихы сахнасынан орын алуына Керей мен Жәнібек хандардың үлесі қаншалықты зор болса, сондай ерен құбы­лысты бәз қалпында бейнелеген ақын-жырау шығармашылығының маңызы да соншалықты қымбат. Аталған есімдердің іс-әрекеті ХV-ХVI ғасырлардағы қазақ же­рінде болған ірі тарихи оқиғалармен бай­ланысты болғандықтан, жыраулар олардың әр басқан қадамына баға беріп отырды. Осы орайда сұңғыла шешендігі мен қайтпас қайсарлығының арқасында ханның мысын басып, халық тілегін жеткізушілер де ақын-жыраулар еді. Солардың бірі – Асан Қайғы. Үдере көшкен халқының мұң-мұқтажын жоқтаған жырау қасқайып тұрып Әз-Жәнібекке мына бір жолдарды арнайды:
Қырында киік жайлаған,
Суында балық ойнаған,
Оймауыттай тоғай егіннің
Ойына келген асын жейтұғын,
Жемде кеңес қылмадың,
Жемнен де елді көшірдің.
Ойыл деген ойынды,
Отын тапсаң тойыңды,
Ойыл көздің жасы еді,
Ойылда кеңес қылмадың,
Ойылдан елді көшірдің.
...Еділ деген қиянға,
 Еңкейіп келдің тар жерге,
 Мұнда да кеңес қылмадың23.
Осылайша Асан Қайғы Жемнен, Ойылдан, Еділден көшкеніне наразылық білдіре отырып, сол кезеңнің бейнесін, яғни, келешек­тегі қазақ елінің тарихын түбегейлі өзгерткен оқиға, Қазақ хандығының құрылған кезін көз алдымызға әкеледі. Кезінде қазақ тарихының зерттелуіне мол үлес қосқан Т.Сұлтанов осы оқиға жайында былай дейді: «Тарихтың қалыптасуы да қызық: кейде қоғамды дүр сілкіндірген айқай-шулы оқиға көп ұзамай ұмытылады да, өткен шақтың қатардағы ғана фактісіне айналады, ал кейде керісінше, жай ғана оқиға, елеусіз ғана құбылыстың өзі әр түрлі жағдайдың өріс алуына қарай ел мен оның тұрғындары тағдырында адам нанғысыз айрықша орын алуы мүмкін. Бұған Қазақ хандығының құрылуы толық мысал бола алады»24. Олай болса қазақ халқының мемлекеттік дәрежеге көтерілуге үлес қос­қан тұлғалар – ұлы хандардың жыраулар поэ­зиясының негізгі де басты кейіпкеріне айналуын сол кезеңнің өзі талап етті. Сонымен қатар кез келген жыраудың жыр-толғауында ел қорғаған ерлердің ерен бейнесі сомдалып отырды. Ойдан шығарылған персонаждардың мүлдем болмауы да жыраулық әдебиет үшін қалыпты жағдай болатын. «Ойдан құрастырылған тақырып көбіне өз-өзімен тұйықталып қалады, ал егер әдебиет болған жайды ғана айтса, тек шынымен болған тарихи фактілерді атап,  шынымен өмірде болған адамдар жайлы әңгімелесе, ондай әдебиет адам өмірімен тұтастықта болады»25, деп, академик Д.Лихачев пайымдаса, белгілі ғалым Ш.Елеукенов: «Әдебиетіміздің негізгі көркем объектісі – адам, ел, жер тағдыры. Осыдан туындайтын маңызды тақырыптың бірі – ел тізгінін ұстайтын мықтылар хақында. Көп уақытқа дейін өзге елдердің патшалары жақсы аталғанда, біздің хандарымыз шеті­нен жаман аталып мансұқтала беретіні сан айтылды...»26 деп, өзіндік ой қорытады. Осыған орай жыраулық әдебиеттің жарыққа шығуы, әсіресе Хандық дәуірде елінің басын біріктіріп, халқы үшін қыруар іс тындырған ел билеушілердің тұлғалық тұғырын халқымен қайта қауыштырды. Мұның өзі еліміз үшін елеулі жетістіктің бірі болып табылды.
Хандық дәуір әдебиетінің бір ерекшелігі – оларда кездесетін фольклор үлгілері, соның ішіндегі аңыздардың, көбіне-көп тарихта болған жайттармен тығыз байланыста өрбитіндігі. Қазақтың тарихи тұлғаларына байланысты туындаған аңыздарға тоқталған академик С.А.Қасқабасов: «Бұл аңыздарда нақты бір тарихи оқиға суреттелмесе де, жалпы сол мезгіл шындығы тарихи бірнеше оқиғаны шоғырландыру арқылы көрсетіледі. Мәселен, Тоқтамыс жайындағы аңызда сол кезде анық болған Тоқтамыс пен Едіге арасындағы (бірде тату, бірде араз) қатынас Хабардин және Сәтемір (Ақсақ Темір) деген қаһармандардың араласуы арқылы баяндалады»27 деп атап көрсеткендей жыраулар шығармашылығында сомдалатын кейіпкерлер көбіне-көп ел тарихына өшпес орны бар тұлғалар болып келеді. Ежелгі жазба әдебиет нұсқаларында мысалы, Орхон ескерткіштерінде Күлтегін, Білге, Тоныкөк тәрізді беделді бек-батырлардың ерлігі, одан кейін оғыздар дәуірінде Қорқыт ата, Оғыз ханның баяны, Алтын Орда дәуірінде Шыңғыс хан мен оның ел басқарған ұрпақтарының жорықтары, одан кейінгі кезеңдердегі Тоқтамыс пен Едіге, Ақсақ Темірлердің бейнесі көрініс берсе, Қазақ хандығы дәуіріндегі ақын-жыраулардың өлең, жыр-толғауларында көбінесе Керей мен Жәнібек, Есім, Қасым, Тәуекел, Абылай хандардың бейнесі сомдалады. Мысалы, Сыпыра жыраудың толғауларында Шыңғыс хан, Әмір Темір есімдері назарға іліксе, Асан Қайғы толғауларының бас объектісі Әз-Жәнібек болып келеді. Сонымен қатар, Шалкиіз жырау Би Темір мен Шобан батырды, Доспамбет жырау Қосай, Досай, Мамайларды, Жиембет Тәуекел мен Есім хан, Жолымбет батырды, Марғасқа Тұрсын ханды, Үмбетей мен Бұқарлар Абылай хан мен Бөгембай, Қабанбай, Құттыбай, Қазыбек, Жәнібек батырларды жырға қосады.
ХVІІІ ғасырдың аяғында Қазақстан жерінің біршама бөлігі Ресей құрамына енеді, ал, ХІХ ғасырдың 60-жылдарында қазақ даласы тұтасымен жауланып, империяның құқығы кем, бас билігі жоқ езілген отарына айналады. Қазақ жұртының мың жарым жылдық ұзақ тарихының ең ауыр кезеңі басталады. Бірақ рухани өмір толастамайды. Орталық дәуірге, зар заманға орай ел мұңын мұңдаған, күреске шақырған, жарыққа жол іздеген жаңа әдебиет қалыптасады. 
М.Әуезов, С.Сейфуллин, С.Мұқанов еңбектерінен соң, арада отыз жылдай үн­сіздіктен кейін Б.Кенжебаев, Х.Сүйін­шәлиев, М.Мағауин, Қ.Сыдиықов, М.Жол­дасбеков т.б. әдебиетші ғалымдар жыраулық поэзия мен оның жоғарыда аттары аталған өкілдері жайында зерттеулер жазып, олардың азды-көпті мұраларын жинақтап, жариялай бастады. Осы авторлардың қатысуымен «Ертедегі әдебиет нұсқалары» (1967), «Алдаспан» (1970), «Үш ғасыр жырлайды» (1965), «ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ ақындарының шығармалары» (1962) т.б. хрестоматиялық жинақтар мен Х.Сүйіншәлиевтің «Қазақ әдебиетінің қалыптасу кезеңдері» (1967), М.Мағауиннің «Қобыз сарыны» (1968), Қ.Сыдиықұлының «Ақын, жыраулар» (1974) секілді ғылыми монографиялық кітаптар жарық көрді.
Осындай маңызды жұмыстармен М.Әуе­зов атындағы Әдебиет және өнер инс­титутының  әдебиет тарихы бөлімі де шұғылданып, 1976-1980 жылдар ара­лығында бірқатар ғылыми экспедициялар ұйымдастырылды. Республиканың әр аймақтары мен жақын шетелдердегі мұрағат, кітапхана қорларынан көптеген қолжазба материалдар жинақталды. 1982 жылы «Ғылым» баспасынан жарық көрген «ХV-ХVІІІ ғасырлардағы қазақ поэзиясы» атты жыр жинағы сондай тертөкті еңбектің нәтижесінде жүзеге асты. Ә.Дербісәлин, М.Жармұхамедұлы, Қ.Сыдиықұлы, Ж.Тілепов, С.Дәуітов, Ө.Күмісбаев, Б.Адамбаев, С.Негимов, Б.Абылқасымов т.с.с. институт ғалымдары жыраулар мен би-шешендер мұрасын зерттеу ісіне белсене араласып, айтарлықтай жемісті еңбек етті. Атап айтқанда, профессор Ә.Дербісәлиннің «Толғау жанры» туралы (1983), «ХV-ХVІІІ ғасырлардағы қазақ поэзиясы» (1976) секілді ғылыми зерттеу мақалалары осы бағыттағы іргелі зерттеулерге жол ашты. Сондай-ақ, Қ.Сыдиықовтың «Дала жыршылары» (1989), «Көркемдік өрнектер» (1992), Ж.Тілеповтің «Елім деп еңіреген ерлер жыры» (1994), «Қазақ поэзиясының тарихилығы» (1995) тәрізді іргелі еңбектері, фольклортанушылар Б.Абылқасымовтың «Жанр толгау в казахской устной поэзии» (1984), С.Қасқабасовтың «Қазақ хандығы тұсындағы әдебиет» (1999) сияқты зерттеулері ғылыми тұрғыдан тың деректемелерімен және әдістемелік жаңа­шыл­дығымен де құнды.
Қазақ әдебиеті тарихындағы ХV-ХVІІІ ғасырлар ұлттық әдебиетіміздің бастауы болып табылады. Демек, осыған дейінгі кезеңді жалпы түркі халықтарына ортақ әдебиет деп бағаласақ, Қазақ хандығы тұсындағы жағдай жеке ұлт болып қалыптасқан халық әдебиетінің, мәдениетінің басталуына негіз болды. Сонымен қатар, жыраулар поэзиясында жырланған мемлекет құру, оны сыртқы жаудан қорғау мен іргесін нығайту сынды бірқатар мәселелер бүгінгі күнде де өз жалғасын тауып, поэзияда тәуелсіздікті жырлаудың биік белестерге көтерілуіне және дамуына әсерін тигізіп отыр.  
Шынында да қазақ мемлекеттігінің тарихы біздің ұлттық әдебиетіміз мен фольклорымызда кеңінен көрініс тапқан. Елдің бірлігі мен бүтіндігі, бүгіні мен келешегі жыраулық поэзияда айқын көрініс тапты. Осы ретте ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың: «Мәңгілік Ел» идеясының бастауы тым тереңде жатыр. Осыдан 13 ғасыр бұрын Тоныкөк абыз «Tүркі жұртының мұраты – Мәңгілік Ел» деп өсиет қалдырған. Бұл біздің жалпыұлттық идеямыз мемлекеттігіміздің тамыры сияқты көне тарихтан бастау алатынын көрсетеді. Жалпыұлттық идеяны өміршең ететін – Елдің бірлігі. Ауызбіршілік қашқан, алауыздық тасқан жерде ешқашан да жалпыұлттық идеялар жүзеге асқан емес. Қазақстанның шыққан шыңы мен бағындырған биіктерінің ең басты себебі – бірлік, берекесі», – деген кемел ойлары орынды айтылғандығына көзіміз жете түседі.
ХV-ХVІІІ ғасырлардағы жыраулар поэзиясының бүгінгі қазақ әдебиетімен ұқсастықтары біршама тұстарда айқын аңғарылады. Мысалы, жыраулар поэзиясында тәуелсіздікті аңсап, оған жететін күнді күтумен болса, бүгінгі қазақ ақындары ата-бабамыз аңсаған тәуелсіздікті көзімен көріп, көк байрағы желбіреген сол бір ғажайып сәтті жыр өзегіне айналдырды. Елдің қамын, мемлекеттің нығайғанын қалаған жырау­лардың ой-арманын кейінгі ұрпақтары  ХХ ғасырда іске асырып, егемендіктің дәмін татып, қуанышын өлең жолдарына қосуда.
(Басы өткен санда. Жалғасы бар)

1471 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз