• Тарих толқынында
  • 20 Шілде, 2015

Қазақ бейнелеу өнерінің мәдени ерекшеліктері

Тұрсын Ғабитов,  
философия ғылымдарының докторы,
мәдениеттану  
профессоры

Ғизаттула Халидуллин
Халидуллин, 
техника ғылымының 
докторы, 
профессор

«Өнер – мәдениеттің айнасы» деп, бекер айтылмаған. Ол мәдениеттің жаны, оның өзіндік танымының түрі. Сұлулық заңы бойынша адамның дүниені игеру барысында әдеби мәтіндерге, мүсінге, сәулет туындыларына, суреттерге, әуенге, биге және тағы сол сияқтыларға негізделген өнер түрлері қалыптасады. Әсемдік, әдемілік, сұлулық сынды бірдеңгейлік ұғымдар мазмұнына негізделген өнер туындысы үшін адам мен қоғамның еркіндік туралы түсінігінің мәні зор. Өнерді көп ойшылдар өз ләззаты, өз рахаты өзінде, ешнәрсеге тәуелсіз, «мақ­сатсыз» мақсат көздегіштік деп анық­тайды. Бірақ, бұл сипаттамалардан өнерді беталды, тізгінсіз әрекет деп түсінуге болмайды. Бұл тұста таза өнер мен кәсіп-өнерді ажырата білген абзал. Мысалы, неміс философы И. Кант таза өнер мен кәсіп-өнерді ажыратып қарастырды да, біріншісін – еркіндік өнері, екіншісін – табыс үшін жасалатын өнер дейді. Кант бұл жерде еркін өнер деп адамның өзінің рухани болмысынан шыққан бейнелі шешімдермен байланысты өнерді айтып отыр (Кант И. Критика способности суждения // Кант И. Сочинения: в 6 т. – М.: Мысль, 1966. – Т. 5. – 337-341 бб.).  Ал, табыс үшін, сауда-саттық мақсатында жасалған өнер өзіне емес, өзгеге ұнау үшін, сатып алушы талғамына, сұранысына ыңғайластырып жасалынады. М. Әуезов «Мәдениет һәм ұлт» деген мақаласында, «сымбатты өнер болмаған елде мағыналы тіршілік жоқ. Қандай қауым, қандай тапты алсақ та қаны мен жанының суретін өнер айнасына түсірмей отыра алмайды. Өнерден қуат алмаса, тіршілік шырағы өшеді» (Әуезов М. Мәдениет һәм ұлт // Әуезов М. Таңдамалы. – Алматы: Қазақ энцик., 1997. – 332-334 бб).


 Адам баласы есін білгелі бері өнермен бірге өзін-өзі жетілдіріп, мәдени игіліктерін жасап келеді. Бізге белгісіз, бұлыңғыр ондаған мың жыл бұрын да өнердің бастапқы белгілері байқала бастаған. Атап айтсақ, тас дәуірінің алғашқы кезеңдерінің өзінде-ақ адамдар өнердің алғашқы нышандарын тудырып, ары қарай жетілдіріп, одан әрі дамытып отырған. Заттың әлем­дік-тарихи практикасының негізінде, адам­дардың ең­бек әрекеті үдерісінде адам­­зат рухының байлығы қалыптасты, адам­ның эстетикалық сезімдері, оның әуез­ді құлағы, форма сұлулығын көретін көзі, сұлулықпен шабыттану қабілеттері да­мыды. Өнер – мәдениеттің маңызды салаларының бірі. Сондықтан болар, «өнер мәдениеттің айнасы» деген қанатты сөздің қалыптасқандығы. Таңбалы тастағы «Аң стиліндегі» кескіндер мен тағы адам­дардың ырым-билерінен бастап, Рафаэль мен Микеланджелоның мәңгілік туындыларымен жалғасқан, халықтың шығармашылық рухынан туған талай сұлу дүниелерсіз, өнер әлемінсіз қандай мәдениеттің болсын рухын сезіне алмайсыз. Шынында да, өнер мәдениеттің алтын қазынасы, адамның ұлылығын білдіретін ғажап көріністердің бірі – оның әсемдікке, сұлулыққа ұмтылуы. Сұлулық, әсемдік адамды ерекше бір жан ләззатына бөлейтін сезім тудырар қасиет. Соның нәтижесінде, өнер көңіл-күйді, сезімді білдіреді, соларға тікелей байланысты. Өнер адамды иманды болуға, жан дүниесімен біртұтас нұрлануға бастайды. Оның басты мақсаты – қандай да бір жетілу, кемелдену үлгісін, мұратын беру, әрі сол адамды талпындыру, құштар ету. Ұлтымыздың біртуар азаматтарының бірі А. Байтұрсынұлы өзінің «Әдебиет танытқыш» атты еңбегінде «Өнер түрлі-түрлі болады. Тіршілік үшін жұмсалатын тірнек өнері, көркемшілік үшін көрнек өнері болады», – деп көрнек өнерін төмендегідей 5 түрге жіктегені белгілі: сәулет өнері (архитектура), сымбат өнері (скульптура), кескін өнері (живопись), әуез өнері (музыка), сөз өнері (әдебиет). Иә, бұл өнер түрлерінің қайсысының болмасын, адамның ішкі жан-дүниесін тәрбиелеудегі орны ерекше.  Өнер – ол бізді әсемдік әлеміне жетелейтін ғаламат күш.
Өнер адамзат өмір қамының ең ертедегі формаларының бірі болып табылады. Алай­да өмірдің дәстүрлі түсінігі қайта қарастыруды қажет етеді. Өйткені, өнер еңбектің, моральдың, діннің қызмет етуін қамтамасыз ететін әрекет түрлерінен жо­ғары тұрады. Сондықтан да, ең алдымен, өнердің нені білдіретінін ұғынып алу қажет. Философиялық әдебиетте «өнер» термині қазіргі түсінікте екі – кең және тар мағыналарда қолданылатыны айтылады (Философия  / құраст.: Ғабитов Т.Х. – Алматы: Раритет, 2006. – 352 б.). Кең мағынасында, өнер адам баласының жасампаздығын білдіреді де, тар мағынасында «өнер» деп көркем шығармашылық процесін және оның нәтижелерін (бейнелеу, поэзия, әуен, би және т.с.с.) айтуға болады. Осы соң­ғы, екінші, тар мағынасында біз ары қа­рай «өнер» сөзін пайдаланамыз. Сазгер табиғат картинасын естіп қабылдайды, ал, суретші сол картинаны дыбыспен емес, көз жанарымен қабылдайды, формалар сұлулығынан, желілер, жарық пен көлеңке ойынынан ләззәт алады. Тек бір зат – адамға жақын табиғат өмірін суретші де, музыкант та бірдей қабылдағанымен, ол өнердің әрқалай бөлек түрлерінде әр түрлі қырларынан бейнелейді. Бірақ, нәтижесінде тек сол шындық қана бейне­ленеді, қабылданады.
Өнердің дамуы үшін оның әрқайсысы өз ерекшеліктеріне қарай бөлінуімен қатар, әрқайсысы өз қайталанбастығымен дараланатын музалардың өзара әрекеті де маңызды ықпал етеді. Өнер түрлерінің бірігуге, қо­сылуға жақындығына қарамастан, олар осы өздерінің айрықша ерекшеліктерін сақтай отырып, адамзаттың көркемдік мәде­ниетіне, әлемдік эстетикалық игілікке жаңа, өзгеше үлестерін қосып отырады. Өнердің пайда болуын Г. Мидтің түсін­діруінше, адамдар өрмекшіден – тоқуды, тігуді, қарлығаштан – үй тұрғызуды, әнші құстардан – аққу мен бұлбұлдан – ән айтуды үйренді (Мид М. Ишарадан – рәмізге  // Әлемдік әлеу­меттану антологиясы. – Алматы: Қа­зақстан, 2006. – Т. 4. – 124-138 бб.).
Көркем шығармашылықтың ең ежел­гі және бүгінгі күні де дамып отыр­ған түрлерінің бірі – қолданбалы өнер (қолөнер). Ол сұлулық заңдарына сәйкес жасалған тұрмыс жабдықтарында іске асады. Бұл тек пайдалы заттар ғана емес, оның қолданылуын білдіретін көр­кемдік бейнесі бар әдемі заттар болып та есептеледі. Қолданбалы өнер өзі­нің табиғаты жағынан ұлтжанды, ол халықтың әдет-ғұрпынан, салт-дәстүрінен, наным-сенімдерінен туын­дап, оның өндірістік әрекетіне, тұр­мысына жақын болады. Қолданбалы өнер туындылары өзінің қайталанбас инди­видуалдылығымен ерекше көзге түседі. Бұл оны жаратушы – суретшінің, қолөнершінің бүкіл тұлғасы мен талантын сақтап қалатын уникалды туындылар. Жаңа заманда өнді­рістің дамуы заводтық тәсіл енуіне орай туындаған жаратушы индивидуалдылығы белгісін өшіре бастады. Бірақ, өнеркәсіпке суретшінің келуімен дизайн дамуы басталды. Кескіндеу өнердің ежелгі түрлерінің біріне жатады. Қазіргі түсінігінде ол жазудың бір түрі ретінде қарастырылады. Өзінің не істегенін жазуға талпыну, графикалық түрде көрсетуге ұмтылу адамға әуел бастан-ақ тән. Ал­ғашқы қауымдық адамның жартасқа салған суреттері осыны дәлелдейді. Кес­кіндеу өнерін өз ерекшелігінде ұғыну үшін, біз оның ең маңызды элементі түсті назарға алуымыз керек. Ол түсті жазу немесе жазу мен түстің синтезі болып табылады. Кескіндеудің толық анықтамасын  алу үшін түс пен жазуға сызық желілерін қосуымыз керек: кескіндеме-сызық – желілі түсті жазу. Осылайша жазу, түс және сызу жинақталып, кескіндеу өнері­нің мәнін құрайды. Түсті, суретті, коммуникацияны, бояуды пайдалана отырып, кескіндеме табиғаттың, адамның өмірі мен әлеуметтік үдерістері туралы кең көзқарасты білдіріп, шындықтың колоритті байлығын, кеңістілігі мен материалдығын бейнелейді. Ма­териалдар (түс пен сызық желісі) мен белгілі бір бояушы пигменттерді таңдаудан бастап, оларды қолдану техникасының және өзара байланыстырушыларының (май, желім, балауыз және т.б.) жиынтығы кес­­кіндеменің әр түрлілігін айқындайды: майлы кескіндеме, сылақтағы кескін және т.б. Көрерменге терең эмоциялық әсерін тигізетін кескіндеме жанрлары (тарихи, тұрмыстық, пейзаж, портрет, натюрморт) мен түрлері (монументальды-деко­ротивті, қондырғылы кескіндеме немесе картина, икона жазуы, панорама және диаграмма) адамдардың рухани мәдениеті, дүниетанымы қалыптасуына ық­пал етті. Жалпы, мәдениеттің бір бөлігі болатын көшпелілердің көне бейнелеу өнері тарихы да біздің дәуірімізге дейінгі бірінші мыңжылдықта басталып, сол дәуірдің V-VI ғасырларында өте жоғары деңгейге жетеді. Жалпы, Орта Азия, Қазақстан бейнелеу өнері сонау  неолит және қола дәуірінен басталады. Атап айтсақ, Жасыбай және Ұлытау тастарына ойып салған өшпес суреттер осыған дәлел бола алады. Көне дәуір көшпелілерінің графикалық бейнелеу үлгісінде әсіресе жан-жануарлар дүниесі мейлінше мүсінделген. Сақ-скиф бейнелеу өнерінің «Аң стилі» сияқты озық формалары да  сол кезде пайда болған. Табиғатпен тығыз байланыста өмір сүрген көшпелі халықтардың өнер туындыларын жасауға қолданған материалдары – алтын, қола, мыс, ағаш, тас және мал өнімдері – тері, киіз, жүн болған көрінеді. Көшпелілер мәдениеті мен өнері өзінің құндылығымен жарты әлемге мәшһүр болды. Сақ-скифтер қолынан туындаған өнердің ықпалы ежелгі шығысқа да, батысқа да үлкен әсер етті. Әсіресе «Аң бейнелі» әдіспен әсемделіп сомдалған нәзік те нақышты дүниелері басқа елдердің құрметпен қарауына мойын ұсындырды. Көшпенділердің «Аң бейнесі» стилінің шығу төркіні әріде жатыр, бұл өнер өзінің бастауын «Бұғы тастар» бедерлеме суретінен алады. «Бұғы тастар» қорымының Қазақстанда пайда болуы б.з.д. ІІ және І мыңжылдықтардың арасы, дәлірек айтқанда қола мен  темір дәуірлерінде. Қорымның тасқа қашалған аң бейнелері кейінгі дәуірдегі скифтік «Аң стилінің» дамуына үлкен серпіліс тудырғанын көрсетеді. Ертедегі көшпелілер заманында ежелгі тайпалардың мифологиялық сюжеттері мен аңыз әңгімелерінің негізінде жасалған көп пішінді композициялар пайда болған. Орта ғасырлардағы жартасқа сурет салу өнері бұрынғы қалыптасқан дәстүрде дамыды. Бұл заманда суреттерді көне петроглифтердің үстіне салу да жиі кездеседі. Көне заман суретшілерінің ашық аспан астында галереялар жасауы таң қаларлық жағдай. Қазақстанның тасқа салынған гравюралары, ата-бабаларымыздың бізге қалдырған ұлы мұрасы – көне заман жайында дерек беретін даусыз жәдігер. Ертедегі суретшілердің туындыларынан жабайы аңдардың бейнелерін – құлан, елік, арқар, марал, ертедегі бұқа-тур, барыс, қасқыр, жабайы жылқы бейне­лерін кездестіреміз. Жануарлар жанды қимыл үстінде көрсетілген. Ертедегі шеберлер қос өркешті түйенің тәкәппар келбетін, тұлпарлардың сымдай сымбатын, бұғы мен маралдың әсемдігін, барыстың серіппеше аты­луға әзір тұлғасын көрсете алған. Әсіресе, аңшылық көріністері, жан-жануарлардың арпалысы, батырлардың жыртқыштармен жекпе-жектері бейнеленген гравюралар өте қызықты. Жартастағы суреттерден ертедегі малшылардың темір қорытушылардың, көш­пелі керуеншілердің өмірінен деректер беретін сызбаларды да көруге болады. Түйелі керуендер мен салт аттылар топтары белгіленген петроглифтердің сюжеттері қазақтардың Желмая жайлы көне аңызымен үндеседі (Ұлытау, Бұланты, Білеуті, Абыралы және басқалары). Күш-қуат пен биліктің айнасындай көрінген, тайпаның дінін де, жері мен жайылымын да жебеуші рухындай болған бөрі тотемі – түркі-монғолдардың күшті тотемі. Бөрі залалды кезеңдердегі адамдардың қорғаушысы, қамқоршысы ретінде көрсеткен аңыз әңгімелер түркі тайпаларында сақтар, ғұндар, ежелгі үйсіндер замандарынан бері кең тараған. Қолындағы ұзын найзасының ұшына бөрінің басы бекітілген атты жауынгер бейнеленген петроглифтер көне түркі дәуірінің тарихи құжаты мәніне ие болады. Бұл дәстүрдің тууы ғұн дәуірінен бастау алады.
Еуразия көшпелілері дүниетаны­мында­ғы тарихи тұлғалар жөніндегі мифтер мен космогониялық әлем олар­­дың тәңірлік діни идеологиясында қалыптасқан. Тәңірлік негізі адам баласының үнемі туу, өлу үрдіс­терінің үздіксіз жүріп жататындығымен байланыстырылады. Ежелгі адамдар көкті құдіретті санап, тәңірге табынған. Ай, күн, жұлдыз олардың табыну нысандарына айнал­ған. Өнер туындыларына қатысты айтсақ, көшпелілер космогониялық таң­баны өздерін қоршаған заттардың бәріне бейнелеген. Күн дүниеде тіршілік үшін ең маңызды рөл атқарады. Күнге табыну көне түріктер мен қыпшақтарда жалғасын тауып, олар жасаған, ата-анаға, кемеңгер адамдарға арналған тас мүсіндерінде айқын суреттелген. Тас мүсіндерді қалыптасқан тәртібі бойынша шығып келе жатқан күнге қаратып қойған. Яғни, Күн бейнесі көшпелі өмір салтына негізделген халықтардың ғасырлар бойы қолданған рәміздік белгісіне айналған. Ежелгі көшпелілердің мифтік, космогониялық, тотемдік, анимистік, ша­ман­дық ұғымдардың болмысын олар­дың рухани өрісіндегі көріністерінен байқауға болады. Әлем, кеңістік, уақыт – ежелгі адамдардың ұғымында шексіз дүние. Оларды түсіну ерекшелігі дәстүрлі шығар­малардың пластикалық және пішіндік сипа­тынан көрініс табатыны да сол. Ежелгі адамдар қоршаған ортаның табиғи тылсым күштерінен өздерін тотем табу ар­қылы қорғауға тырысқан. Академик Ә. Марғұланның пікірінше, қасқыр сақ, түркі-монғол тайпаларының негізгі тотемі болып табылған. Ал, көне түркі тайпалары шығу тегін көкбөрімен байланыстырып, оның құрметіне «көкпар», яғни, «көкбөрі» сайыстарын өткізетін болған. Бұл дәстүр түркі-монғол тайпаларында күні бүгінге дейін сақталған. Мәселен, қазақ халқының өмірінен кең орын алған «көкпар тарту» деген ұлттық ойынын айтуымызға болады. Сол сияқты тотемдер қатарына аққу мен бұқа, бұғы да енеді. Бұқа ежелгі адамдар түсінігінде күш пен билікті білдіретін еді. Арбаның дөңгелегі күн шеңберін бейне­легендіктен, қолдан жасалған доңға­лақтар да киелі саналатын.
ХІ-ХІІІ ғасырлардағы сымбаттар орын­далуы жағынан көп жетілгенін аңғартады. Бұлардан кәрі, жас, еркек, әйелді айыруға болады. Тіпті, олардың бет-ажарын тірі күндегіге жа­қындата бейнелеуге  деген ұм­тылыс бай­қалады. Бұлардың қатарында ілуде бір ұшырасатын үш мүйізді тәжісі бар нағыз көркем тұлғалар қашаушы шеберлігіне тәнті етеді. Енді бір тұлғалар қару-жарақпен емес, дөңгелек ыдысты кеу­десіне қос қолдап ұстап тұрады. Шеберлер тас мүсіндерді тізерлеген күйінде, отырған күйінде, т.б. көріністе жасай беретін болған. Тас қашау өнерін көне скиф-ғұн заманына ерте орта ғасырларға жеткізгелі көшпелі тайпалардың бірі - қыпшақтар болды. Бұл туралы: «командар өлген адам үстіне төбешік үйеді де, оның басына шығысқа қаратып, кіндікке таман ұстатып, статуя қояды» деп жазады, сонымен қатар ғұн құрамында болған бұғралар, шүршіт жылнамалары со (сорқы) тайпасынан тарататын түрік-ашына руы, көне үйсін жұртының орнында отырған «Он оқ бодын – он тайпа елі» – дулат пен нушибилер (ойсыл билер), түркештер, халаштар, арғұ-түргештер, шігілдер (шегенлі), қырғыздар, оғыздар, бақанлы-балталы (Мохе, согэ) наймандар, қаңлылар, т.б. тас мүсіндеушілерді қашы, бәдізшілер деп атаған.
Түркілер тас қашаумен бірге, өлген адамның басына сәулетті де айбарлы күмбез тұрғызу дәстүрін де берік ұстанған халық. Мұндай келісті күмбез ескерткіштерге Айша бибі, Бабаша хатун, Қарахан мазарлары, Кеңгір, Сарысу өзендер алабындағы Жұбан-ана, Қайып-ата, Мәулімберді зираттары, Домбауыл, Ала­шахан, Аяққамыр кешендері жатады. Бұлар VIII-XIII ғасырларда тұрғы­зылған. Бұл құрылыстарды ызғардан, қардан, жаңбыр суынан ұзақ сақтау мақ­сатында оған күйдірілген кірпіш, тас, қиыр­шық-тас, құм, сазбалшық, т.б. материалдар қолданылған. 
Бейнелеу өнерінің «жаңа түрлері» клас­сикалық объекттерге және киіз үй, дала, жайлау, тұлпар, халық мерекесі және басқа этнографиялық сәттерге қызығушылық танытты. Жеке құбы­лыс арқылы тұрақты болмыс кате­горияларының тиімділігін көрсе­тетін сезімге толы бояу түсі мен пластиканың негізінде қазақ даласының өзіне ғана тән табиғи көрінісін бейнелеген Ш. Сариев және Ә. Садыханов секілді суретшілер 60 жылдардың соңы мен 70 жылдардың ортасында ресми сын жағынан байқалған көзқарастарға қарамастан, замана талабын рухани сезімдік деңгейде көрсетуде өз келбетін сақтап қалды. Бұл суретшілерді ұлттық өнерге жақындатып тұрған стильдік ерекше бейнелеуші құрал-тәсілдерге ек­пін­ділік жасай отырып, ұлттық болмыс мүм­кіндіктерін ашуға, оған тереңірек бой­лауға олардың құлшыныс білдіруін байқаймыз. Бұл құбылысты біз халықтық мұра, дәстүрлі өнер негізінде пайда болған ішкі интуиция серпілісі деп айтуымызға болады. Оны белгілі өнер зерттеушісі А. Каменский кезінде «ішкі естелік» деп атағанға жақын. Егер, мұндай шығарманың формальды сыртқы мүмкіндіктеріне тоқталсақ, ұлттық сипат композиция монументтілігінен, оның біртұтастылығынан, тепе-теңдігі мен жи­нақтылығынан, бояу түстеріндегі айшық­тылық пен декоративтілігінен көрінеді.  Ұлтты өлтірмейтін – оның өзіндік қасиеті, төлтума мәдениеті, салт-дәстүрі, өнері. Оны жоғары бағалай білген халықтың дәрежесі жоғары болмақ. Мәдениетіміздің, бір қырынан алғанда таныс, ал сонымен қатар үнемі болжалуы мүмкін емес жағдайы – күрделі араласулар мен өзара әсерлердің, бастан кешірген қиысулар мен түйісулердің, сонымен қатар көркемөнер мен мүсін өнері түрінде көрініс беретін ұлттық сезіміміздің нәтижесі. Мүмкін соның нәтижесі болар, 90-шы жылдардағы қазақ өнерінің жалпы ауқымын көру үшін, сонымен катар сол өнердің көркемсуреттік процестерге әсерін А. Қастеев пен А. Ис­маиловтардың шығармашылығындағы ал­ғаш­қы қадамдармен бірге келіп, ары қарай X. Наурызбаев, М. Кенбаев, С. Мәмбеев, К. Телжанов, Г. Исмайлова, С. Айтбаев, Т. Тоғысбаев және басқа да көп­теген суретшілердің өнерінде жалғаса оты­рып, қазақ сурет өнеріне енген рухани басымдықтар стильдік көріністердің аса бай қыр­ларының ішінде бола отырып-ақ сирек кездесетін тұрақтылыққа ие болды.
Сәндік живописьтің, ұлттық сипатын өрнектеп шешу қазақ қолөнерінің күре тамырымен ұштасып жатыр. Шынайы сурет салуға бейімделудің өзі тарихи дамудан тұрады. Көшпелі халқымыздың ежелден келе жатқан анималистік өрнектерін көркем шығарма орындауда сабақтастыруы тегін нәрсе емес. Сондықтан болар, суретші Ө. Рыстанұлының өзіне тән жеке дара қолтаңбасы бар екендігі бәрімізге аян. Сурет­шінің атын асқақтатқан ең құнды көркем туындылары «Бүркітші», «Қош», «Биші қыздар» деп аталады. Әрдайым суретшінің көркем туындылары байыптап қарауды қажет етеді. Өйткені, кез келген көркем туындыны көрермен жете қабылдауы мүмкін. Оның басты себебі, өрнектің құпия кілтін тауып көркем шығармада композиция құрып, басу үндестігімен әуен тудыруында жатыр. Мысалы «Екеу» атты көркем туынды да жұлдыздар тәрізді адамға әсерлі ой туғызады. Жарты ай мен жұлдыз тәрізді геометриялық дененің сұлбасында бейнеленген көрініс тас қараңғыдан жол тапқан үкідей болып үн қатады. Мұнда «Аң стилінің» жаңғырығы анық байқалады.  Ал, «Елес» атты көркем шығармада көркем түстей шым шытырық терең философиялық ойдан туындаған әр алуан адамның келбеттік тұлғасынан тұратын пішінде ортақ көзқарастың болмауы суретшінің ішкі жан сезімімен сипатталған. «Ырыл» атты көркем туындының басты идеясында адам арасындағы күншілдік, көре алмаушылық, іштарлық айқын көрінеді. Өмірге айдай иттігін жасайтын заңды қүбылыс екендігін көркем шығарма мазмұны арқылы бедерленген. Суретші Ө. Рыстанұлының кез келген көркем туындысы, шығармалары терең ойлылығымен көркем шеберлігімен көрерменге ұнайды. «Дүбір» атты картина көрінісінде желдей ескен ақ боз бие екі құлынын ертіп шауып барады. Зымырап өтіп бара жатқан өмір мен уақыт еске салса, артындағы асқар таулар биік белестердің барлығын аңғартады. Алдында тұрған балбал тас өткен ата-бабалардың мұрасындай көзге ыстық көрінеді. «Ұлым менің» атты көркем шығармада ақ боз аттың үстінде домбыра үнімен әндеткен баланың әуені шартарапқа жайылып, күн шапағатына бөленеді.
Соңғы онжылдықтарда Қазақстанда тамаша жетістіктерге жеткен бейнелі өне­рінің түрі – гобелен. Л. Қалымова және Б. Зәуірбекова гобелендерінде монументтілік пен камерлі шешім өзара жақын үндестігін табады. Б. Зәуірбекованың шығар­машы­лығынан ұлттық мінез, ұлттық салт-дәс­түрлер үрдісін танып, тарихымыздың тере­­ңінен халқымыздың көне мәдениетін көріп, ғасырлар жаңғырығын естуге болады. «Әуен», «Көктем», «Жер Ана», «Композиция» туындылары көңілге көктемгі Күн шуағын сыйласа, «Бақыт құсы» әйел жанының гармониясын, нәзіктігін жырлайды. Ал, «Қазақстан», «Астана» гобелендері болса, бүгінгі өркениетке ұмтылған егемен елі­міздің болмысын, көрінісін, шат-шадыман тұр­­мысын, өсіп-өркендеуін көрсетеді. «Муза», «Ғасырлар үні» т.б. бірқатар туын­ды­лары ғасырлар белесінен бүгінгі желі тарта орындалған түнгі аспандағы Құс жолы сияқты. Осы гобелендері арқылы ол қазақтың дамыған мәдениеті, тарихы болғанын айтып жеткізуге тырысады.
 Көксерек галереясы (Қанат Ибрагимов, Ербосын Мелдібеков, Жазира Жанабаева, Жанат Елубаева және т.б.) өзінің көркемдік тәжірибесінде көне ғасырлар қойнауына енген дала тұрғындарының тұрмыстық, пұтқа табыну жораларымен, ежелгі «Аң стилінен» туындаған бейнелерімен байланысты. Оларда ежел­гі көшпелілердің  динамикалық  өмірі біздің мәдениетіміздің түп-тамыры ре­тінде көрінеді. Галерея суретшілерінің құрбандық шалу, шамандық әрекет сияқты көне тотемдік тәжірибесі, біздің көзқа­расымызша, кез-келген өнердің біздің мәдениетіміздегі негізін табуға тіпті өндіруге бағытталған, оларда суретшіні тәуелділік тәжі­рибесіне бағындыратын бейсаналық импульсі табылады. Өнерді көрсетудегі статикалыққа «Көксерек» тірі динамиканы, ежелгі «Аң стилінен» туындаған өнерді қар­сы қояды, бірақ, оны сананың үзіліссіз саны деңгейінде қарастырады. Осында құрбандық жануардың денесі, ым, мимика, сөз, айқай - барлығы инспирация, алғашқы логикалық кеңістік тудыру үшін қажетті, бұл жерде көптеген қарама-қарсы көңіл-күй, қайғыдан бастап, шексіз қуаныш пен таңданысқа дейін бар. Өнер бұл жерде өмірдің адвокаты емес, перманентті адасудағы өмірдің өзі болып көрінеді. Бұндай кейіпте Көксеректердің жасаған шамандық рәсімінің элементтері, егерде нәтижесінде өмірлік драмаға толтырылатын өткір функциональды бағыттылықты ескермесек, біршама нақтылыққа ие. Көз алдымызға оның барлық қарама-қарсы­лығында шындық байқалады. Бұл қарама-қарсылықтардың шекті формаға дейінгі потенциалдануы жүреді. Осы магиялық әрекеттердің айтуынша, өнер де енеді бос және өлі форманың статусына ие болғысы келмесе, бақылаушыны өткір де қатал күшімен баурап алуға мәжбүр. Ол өзінің туындау және жоғалудың шексіз ойынында кез-келген форма үшін ашық болуы тиіс.
«New Kasachische Kunst» акциясында бұл ойын құрбандық жануарының денесіне қатысты өзгереді. Қойды өлтіру мезеті туындайды. Суретші-шаман әлдебір сакральды формуланы келтірген соң, құрбандықтың өмірімен байланысы, шаман тарапынан көрсетілетін белгі бір манипуляция арқылы үзіледі. Нәтижесінде өлімнің қатыстылығын білдіретін әсер туындап, ыдысты толтыратын таза қан пайда болады. Кейін шаман бір бөлігі беті мен киіміне төгілетіндей етіп қанды ішеді. Осындай кейіпте жет­кілікті брутальды формада бұл тәсіл сол жақтағы сахнадағы бейнені көрсететін, сол өмірдің құқығын қалыптастырады. «Евразиялық утопия» аймағындағы «Азия Арт» галереясында «Суретші терісі» жәрмеңкесі ұйымдастырылған болатын. Онда әртүрлі түрдегі салалы тері, киім, гипотетикалық шаманның құралдары мен заттары көрсетілуі, сонымен қатар оның тәніне, тактильді тәжірибесіне байланысты суретшінің шексіз мутациялық бейнесі көрсетілген болатын. «Суретші терісі» – бұл әрбір мезгілді салалаушы. «Азия Арттың» әл салалы теріден жасалған бұйымдарына барлық дәстүрлі өнер қатысты.
Өнер жым-жырт мұражай құшағынан сытылып шығып бүгінгі өмірге қауышуда, қазіргі қазақстандық қала интерьерінен өзіне лайық орын алуға ұмтылуда. Бұл енді ғасырлар беделінде аты белгісіз күйінде кеткен шеберлер сомдаған низами ою өнері емес, суреткердің жеке етене сыры, дүниетанымы, оның этникалық мәдениетті қалыпқа келтіру ісіндегі жеке үлесі. Қазіргі шеберлердің бірі ағаш ою, темір қию немесе зергерлік бұйымдар жасау сияқты байырғы қолөнер түрлерін жандандырып жатса (Д. Шоқпарұлы), бірі дәстүрлі кілемшілер, ши тоқушылар, киіз басушылар іске жаратқан материал мен техниканы пайдаланып қайта­ланбас өнер туындыларын сомдап жатыр (Б. Зәуірбекова, С. Бөлтірікова). Бұл жердегі шеберлік, тек байырғы материал мен техниканы ғана емес, сондай-ақ дәстүрлі өнер­дің жекелеген элементтерін пайдаланудан да көрінеді. Алайда, аталмыш элемент­тер қайталанбас дара түйсік сүзгісінен өткізіледі. Бұрынғы қолданбалы мәнінен ажыратып алынған ою-өрнек элементтері қазіргі заманға сай сезім мен экспрессияға молыққан. Оңтүстік Қазақстандық шеберлер Жәңгір Үмбетов пен Амангүл Ихановалар әшекей жабдықтарын ғана дайындап қоймайды, сондай-ақ олар «құшкөн» деп аталатын жаңа қолданбалы өнер түрінің негізін қалады. Теріні өңдеуден бастап, бояп пішкенге дейінгі аралықтағы барлық технологиялық процесті көктей өткен авторлар қазіргі адамның бойында өшіп қалған, теріні сезіну, оның пластикасы мен қисапсыз бедерін көру, тосын символдық теңеулер табу қабілетін қайтадан оятады. Олар өздерінің композицияларын аса нәзік көркемдік түйсікке сүйене отырып жасайды. Нәтижесінде адамды ойлануға, көргеніне шомуға, іштей етене тілдесуге шақыратын бірегей өнер туындылары пайда болады. Бір көрген нәрсесінен мыңдаған мағына шығара алатын, жанымен тіл қатыса алатын бұндай қабілет – қазақтың бір басының  ғана сипаты. Бұл өнер – қазақтың, сілтідей тұнған тыныштықта ғана бар көркімен, қисапсыз сырымен танылатын күйді тыңдауына ұқсас құбылыс. Бұл асқақ, текті өнердің сырын әлем әлі тануға тиіс.
 ХХ ғасырдағы қазақ мәдениетінің бас­ты тәжірибесі жаңалыққа сергектігі мен ашықтығы деу орынды. Мұның айқын бір көрінісі – республикада Contemporary art, яғни, Қазіргі заман өнерінің тез арада әрі табиғи түрде пайда болуы. Алғашқы кезде бұл бағыттың жақтаушылары Қа­зақстан үшін ең маңызды және қажетті тек Сontemporary art деуге басқан. Бірақ, Қазақ­станның бүгінгі өнері тек осы бағыт­пен шектелмейтінін, ол әр алуан және әр түрлі стильдік бағыттардан және әр түрлі шығармашылық ерекшеліктерден тұра­тынын өзі көрсетіп отыр. Дәстүрлі ха­лық­тық шығармашылық өзінің түрін өзгерт­кенімен қазіргі кездегі жастардың көркемдік ізденістерінде ерекше сапаға еніп отыр. Дәстүрлі әдістер өзгерістерге ұшырады, жаңа сипаттағы бұйымдар пайда болды.
Қазіргі кезеңде Қазақстан көркемөнер туынгерлерінің әр буыны жалпы дүниежүзі өнері мен мәдениетіне өзінің баға жетпес жарқын үлестерін қосуда. Осы шеберлердің, оның ерекшеліктері мен үлгілерін көрер­менге таныту, насихаттау мақсатында «Ою» галереясы зор үлес қосуда. 1990 жылдар­дан бастап, көшпелілер мәдениетіне деген қызығушылықтың жаңа толқыны қайта келеді және тіптен күшейе түседі. Бір топ кескіндемешілердің интеллектуалды із­де­ністері ежелгі тарих элементтері мен арте­фактілерін және барлық тіршілік иеле­ріне тән онтологиялық өлшемді дәстүрлі мәдениетті зерттеу деңгейіне дейін көтерілді. Олар: А. Дүзелханов, Ж. Қайранбаев, М. Қаспақ, Д. Қасымов және т.б. суретшілер болатын. Оларды дәстүрлі мәдениеттің тамырларынан, қайнар көздерінен келетін тақырыптар мен бейнелер толқытатын, кейде кейбір жұмыстар өзінің сюжеті және түсінуі бойынша жалпылаудың, түсінудің және типтеудің философиялық деңгейіне жақындай түсті. Олардың шығармаларына іштегі тереңдік және ойдың кеңдігі, маз­мұндық және түрлік нақтылық сипатты болды. Д. Қасымов өнерді шынайы пән ре­тін­де қабылдап, фольклорлық мифология­лардан шығармашылық қуат алады. Автор туралы айтуға мәжбүр еткен алғашқы көркем полотно болып «Таң» каринасы танылды. Ерекше орын алған монументальды «Күлтегін» полотносында суретші ұлы бабаларымыздың біртұтас субстанциональды кейпін бере білген.
Қазақ суретшілерінің көбіне тән күн­делікті өмірді салттау – түр жасаушы қасиет және кәдуілгілік пен сакралдылықтың, уақытшылық пен мәңгіліктің арасындағы параллель жүргізуге тырысу ретінде көрініс береді. Өмірді жүйелі, әмбебапты түйсінуге деген сана астары деңгейіндегі қажеттік – ішкі мәдени код ретінде байқалады.
Ө. Жұбаниязовтың, Б. Ақанаевтың, Қ. Әжібековтың, И. Заузенг жұмыстары экс­прессивті, Н. Қилыбаевтың бейнелері деко­ративті көмкерілген және поэтикалық кейіпте, А. Қазғұловтың пейзаждары терең және тылсым, М. Нұрғожиннің жұмыс­та­рынан нәзік лиризм және жылылық сезіледі. Т. Ысқақов Ұлы Даланы жырлайды, Ш. Ноғайбаевтың графикалық па­рақ­тары юмор мен мысқылға толы. Е. Ос­­па­новтың графикасы тартымдылығы сақ­­тардың «Аң стилі» экспрессиясы мен ежелгі түркілердің тас мүсіндерінің статис­тикасының диалектикалық бірлігінде жатыр. Кең мағыналы «реализм» ұғымының шексіз кеңістігінде еркін қалықтап жүр­ген Қазақстан өнерінің әр түрлілігін айқын танытатын осы ерекшеліктер 3-ші мыңжыл­дықтың басындағы Қазақстанның бейнелеу өнерінің шарықтауы туралы сенімімізді  қуаттайды. Бүгінгі таңда Қазақстан өнері бірегей өркениетті ғарыш ретіндегі қазақ мәдениетінің сақталуы мен дамуындағы ұлы жасампаз рөлді атқарады және әлемдік мәдени кеңістікке ену жолын салады.

 

2288 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз