• Тарих толқынында
  • 20 Шілде, 2015

ӨТКЕНГЕ ӨКПЕ ЖҮРМЕЙДІ 1939 - 1956 жылдары Оңтүстік Қазақ­стан облысының құрамында болған Фрунзе ауданының жылнамасы

Нұрмахан ОРАЗБЕК,
журналист, қоғам 
қайраткері

ЖЕҢДІК ҚОЙ ЖАУДЫ...
5.11.1945 жыл. Аудан партия акти­ві­нің жиналысы. Қаралған мәселе – Обл­парт­комның ХІV пленумының қау­лы­сын орындаудың нақты шараларын бел­гілеу және аупарткомның IV пленумы қаулы­ларының орындалу барысы. Баяндамашы Қ.Құрманбеков. Обкомның пленумы өткен. Кемшіліктер, оның себептері көрсетілген. Кемшіліктердің басым көпшілігі ауданда да бар. Мына бір мәліметтерге үңіліп көріңіз.

Мақтадан, дәнді егістен жылма-жыл төмен өнім алуымыздың себебі, дейді баяндамашы, ең алдымен колхоз басшы­ларының мол өнім беретін қыртысты жер­лерді іріктеп алмай, көптен бері, үздіксіз егіліп келе жатқан жерлерге егуі. Егіс жерін белгілеуде колхоздағы қарт мамандар­мен, колхозшылармен, аудандағы агрономдар­мен кеңесіп отырмайды, өздері бел­гі­леп, ауылшаруашылық әртелінің уста­вын бұрмалап келді, егіннен мол өнім алу­дың негізі жер екенін ескермеді. Суды жер­ге бағындырудың орнына, жерді суға бағын­дырып келді (Колхоз басшылары неге солай етеді деген сұрақ жауабына баяндамашы аялдамапты. Мына жалғандағы көргендерім мен көңілден өт­кергендерімнен түйгенім мынау. Колхоз басшыларының да, басқаларының да солай ететінінің күнаһары – жоспар. Сол жоспарды орындамасақ та, амалдап орындаған болайық дейді. Бұрынғы жыртылған жерге бір дақылды еге берудің сыры – онда жер жырту, тұқым себу, отау, шабықтау жұмыстарын, тағы басқаларын бітіру, яғни жоспарды орын­дадық деп аз да болса құлақ тыншыту оңайырақ. Ал жоспарланған өнім, мемлекетке оны тапсыру жоспары орындалмай қалса, мұның аяғы, сайып келгенде, колхозшылардың еңбеккүніне төленетін ақыны төмендетсе, олардың сылтауы табылады. Су жетпеді, жаз құрғақ болды, астық күйіп кетті, мақта өнбей қалды, тағысын тағылар. Ал, жаңа жер игеруге күш керек, шығындалу керек, суаратын арық тарту керек – жұмыс толып жатыр – Н.О.). Бұл жағдайды біле тұра, «аупартком тек жер бөлімінің планын бекітіп, жалпылама басшылық  етіп келеді», деп негізгі кінәні өзі басқаратын органға аударады. Мұнысы жөн, өйткені жауап берушілер де, талап етушілер де кінәлі. Нәтиже қандай? Әңгіме өнім туралы емес, науқандық істің тамамдалу жайы. 1944 жылы егілген 1000 гектар мақтаның 310 гектары үш жылдан аса егілген жерге, 203 гектары 2 жылдан аса, 162 гектары жоңышқалыққа, 315 гектары тыңайған жерге, 10 гектары ғана тың жерге егіліпті.
Сол секілді 1944 жылы 7093 га дәнді егіс­тің 2425 гектары тың жерге, жоңышқалық жерге, 513-і мақталық жерге, 4140 гектары азған, ескі жерге егілген. Кейбір колхоз басшылары шаруашылықта қыртысы құнарлы жер бола тұра, үздіксіз егіліп келе жатқан, құнары кеміген жерлерге егіп, өнімді аз алады. Солардың бірі «Октябрь» колхозы, оның басшылары Юлдашов, Шерметов 10 жыл бойы егіліп келе жатқан жерден табан тайдырмаған. 1941, 1942, 1943 жылдары 90 гектардан мақта егіп, бірінші жылы 10,89, екінші жылы 10,8, үшінші жылы 7,6 центнерден, ал 1944 жылы 50 гектар ғана мақтаның әрбірінен 6 центнерден ғана өнім жинаған. Дәнді егістің гектарынан алғаны 6,4 центнерден бастап, 2,2 центнерге дейін. «Ақтөбе», «Ворошилов» колхоздарындағы жағдай да осындай. Бұлардың бәрі аудандағы жалпы жағдай. Енді салаларға назар аударайық.
1944 жылы 7093 га дәнді егістің 4280 гектары трактормен, 2863 гектары соқамен айдалуы керек еді. Трактормен 1235 гектары, соқамен 5358 гектары айдалған. 3500 гектары трактор сеялкасымен себілу орнына 1190 гектары ғана себіліп, 5903 гектары қолмен себілген. Әр гектарға 100 кг тұқым себілуі керек, орта есеппен 82 кг, яғни 18 кг кем себілген. Ол – ол ма, «Құмайлықас» басшылары мен қарт мамандар «жеріміз күшті, тұқымды көп сепсек, егіс күйіп кетіп, өнім бермейді» деген желеумен 60 кг-нан сепкен. Мұның үстіне тұқымды трактор сеялкасымен сеппей, қолмен, Ақсай соқасының астына сеуіп, тұқым біркелкі өнбеген. 365 гектар дәнді егісті 3 рет суарудың толық мүмкіндігі бола тұра, 345 гектар бір рет, біразы екі рет су ішкен, 20 гектары мүлдем су ішпеген, 115 гектары ғана бір рет арам шөптен тазартылған да, басқасына «қол тимеген».
Егістің екі түрінің жалпы жағдайы осындай. Ал өткен, алдыңғы жылдың қортындысын бөліп айтсақ, тағы да кеуде қағудың реті жоқ. Рас, контрактациялық жоспар, екі жыл қатарынан жерге қараудан кейін, мақтадан 103% орындалған. Сәл де болса көңілге демеу. Бірақ гектарынан түсім жоспары 86,6 процент қана. Судың тапшылығынан болар, мың гектар ғана егілді дедік қой. Сол мың гектардың сүдігер айдалмаған 890 гектарына шит себілген. Соның салдары – гектарынан 11,2 центнер орнына 9,1 центнер.
Мал шаруашылығының аудан абыройын арттырғанын бір емес, бірнеше рет айтқанбыз. Тағы да қайталасақ, мал санын ұлғайту өткен жылы жалпы 103 процент көбейсе, жылқы 103,8, ірі қара 102,5, қой-ешкі 103% орындалған. Бірақ... «Ақтөбе» колхозы, оның бұрынғы басшысы Исабеков, перме бастығы Қанділлаева 14 жылқының, 11 ірі қараның, 206 қой-ешкінің орынсыз шығынға ұшырауына жол берген. Сондықтан аупартком бюросы Исабековті орнынан босатуды ұсынған. «Ворошилов» колхозында (бұрынғы председателі Абдрахманов, перме бастығы Бейімбетов) 1944 жылы 32 жылқы, 2 түйе, 41 ірі қара, 236 қой-ешкі өлген. Бюро Абдрахманов пен Бейімбетов ісін қарауды заң орындарына ұсынған. Баяндамашы айтпақшы, «орнынан босату бір басқа, заң орнына тапсыру бір басқа».
Мал санын ұлғайту шарты – ұрғашы малдың түгел шағылыстырылып, қысыр қалмауы, түгел төлдеп, оның аман өсірілуі екенін әркім біледі. «Фрунзеде» 15, «Құмайлықаста» 19, ал «Қызыләскерде» 50 бие қысыр қалған. Осындайлардың салдарынан 1944 жылы 1095 орнына 1041 құлын, 412 орнына 211 бота, 1580 орнына 1430 бұзау алынып, төл алу жоспары орындалмаған. Демек, жетістіктің де жетіспейтін жағы болғаны ғой.
Сын неге айтылады? Кемшіліктерді қай­та­ламас үшін. Бұрынғы жылдар олқы­лықтарын, баяндамашыға сүйеніп, орнымен айттық қой деймін. Енді басталған жылдың жайын алғашқы қадамдарынан емес, былтырғы жылдың күзінен бастайық. Өйткені, күздік егіс, сүдігер жырту 1945 жылдың қамы. Нақты іс былай атқарылған. 3000 га күздік. 1000 га тоңдырма егілуге тиіс болса, егілгені 3645 га, яғни 95%; 20-24 см орнына 7-10 см тереңдікке жыртылған жерлер бар; 100 кг орнына 80-90 кг тұқым себілген; 400 гектар жерге тұқым мерзімінен тым кеш себілген. Өнімділіктің белді кепілі – пар, сүдігер жыртуға жеткілікті көңіл  бөлінбеген, 3000 гектар орнына 2493 га пар (93%), 3500 га орнына 3350 га сүдігер (96%) айдалған. Кейбір колхоздардың жұмысына тіпті қарын ашады. «Октябрь» 71 га (жоспар 130 га), «Қызыләскер) 117 га (250 га), «Абай» 80 га (150 га), « Үлгілі» 45 га (80 га), «Игілік» 60 га (100 га) сүдігер жыртып, жоспарды орындай алмаған.
Енді басталған жылдың өзіне кө­шейік. Өткен жылдың 1-2-ноябрінде аупарт­ком­ның ІV пленумы болғанын жазғанбыз. Сол пленумда мақталық жер бригадаларға, звеноларға, жеке колхозшыларға 25-январьға дейін бөліп берілсін, соқа-сайман жөндеу 15-январьға бітсін, күш көлік күтімі жақсартылып, көң төгу агротехникалық шара­ларға сай жүргізілсін делінген. Қау­лы­ның осы талаптарының орындалуы нашар. Жер әлі бөліп берілмеген. Мақталыққа 1-январьға дейін 43910 тонна көң төгілуге тиісті болса, төгілгені 14590 тонна, құрал-сайманның жөнделуі нашар, күш көліктен 623 аттың 529-ы, 292 өгіздің 239-ы, 225 түйенің 148-і күтімге алынған, тасып алынуға тиісті 3959 ц минералды тыңайтқыштың 1260 центнері ғана тасылған, мақталықтың 467, дәнді егістің 510 гектары ғана қыста суарылған.
Жалпы жағдай кім-кімнің де бейғам­дықты жиып қойып, іске шындап кірісуін талап етеді. Бірақ осыны түсінудің өзі кейбір басшыларға қиынның қиынындай. «Каганович» колхозының мақта жоспары тоқсан гектар, ал сондағы бастауыш партия ұйымының секретары Төлебаев міндеттемеде оны 50 гектар етіп бұрып жіберген. Мақталыққа төгілген көң 50-60 тоннадан артпаса да, Төлебаев аупартком бюросында оны 430 тонна деп соққан. Колхоз басшылары жазғы егіске құйылған тұқымның 22 центнерін талан-тараж етсе, Төлебаев бюрода дәнді егіс көлемін кемітіп, көк егіс егеміз деп сылтауратқан. 
«Куйбышев» колхозының председателі Тошанов күш көліктің күтімін жақсарту орнына, күтімсіздіктен 4 ат өлгенде, соны хабарлау орнына, терісін атқораға тығып қойған. «Құсшы» колхозы мақталыққа 1000 тонна көң төгуге тиісті болатын. Мұны 11-ноябрьде бастаған, 1-февральға дейін 350 тонна ғана төккен. 80 күн ішінде. Күніне 6 тонна. Қалған 645 тонна көңді төгу үшін әлгі қарқынмен 107 күн керек. Яғни колхоз председателі Досболов, партия ұйымының секретары Сырымбетова 7-майға дейін көң төгуге тиіс болады. «Қаражон» колхозы пар­тия ұйымының секретары Нүсіпбеков мақталық жерді звеноларға 1,5-2 гектардан бөліп, мол өнім алмақ звеноларға жеке колхозшыларға берілген жерден аз бөлген. Қолынан іс келер деп үміттеніп, аупартком сенім білдірген кейбір кадрлардың тірлігі осындай.
***
9.ІІІ. 1945 жыл. Аупарткомның V пленумы. Көктемгі егіс, мал өсіру мәселелері қаралған.
Былтыр аудан көктемгі дәнді егістің аяқталғаны туралы 28-февральда рапорт берген. Биыл дәнді егіске кірісу түгіл, әлі жердің тоңы жібімеген. Осындайда не істеу керек? Қ.Құрманбеков шаруашылық, партия ұйымдары алдына бірден мына міндеттерді қойыпты – а) керекті тұқымды толықтырып, жерді 20-22 см тереңдікке жыртып, 6-7 күн ішінде егіп болу; б) ауыл шаруашылық саймандарын, соқаларды, тракторларды жеткілікті дайындап, ремонттан сапалы шығару; в) тракторларды жер айдауға үздіксіз қатыстырып, дәнді егіс жерін айдау мен себу жоспарының орындалуын қамтамасыз ету; г) күш көліктің күтімін мейлінше жақсартып, әбзелдерін жеткілікті дайындау.
Олай етпесек, дейді баяндамашы, көктем егісін ойдағыдай өткізіп, егіннен мол өнім алып, мемлекетке астық тапсыру жоспарын орындай алмайтынымыз, колхозшылардың еңбеккүніне астық бөліп бере алмайтынымыз айқын. Өткен жылы көптеген колхоздарда тұқым жеткілікті болмады. Колхозшылар оны табу үшін астығын да, малын да аяған жоқ. Сөйтіп, дәнді егіс жоспарын кезінде орындауымызға мүмкіндік берді. Биыл бірсыпыра колхоздарда тұқым дайындау тағы да қанағаттанғысыз. Ақ егіске 3035, көк егіске 160 центнер тұқым керек. 1-мартқа дейін 3026 центнер құйылып 94% орындалды. Оның 2110 центнері тазартылып, 1310 центнері кондицияға жеткізілді.
Бұл, әрине, аудандағы жалпы жағдай. Ал, колхоздарда ше? «Куйбышев», «Шор­нақтөбе», «Құмайлысқас» басшылары керек­ті тұқымды толықтыруға мән бермеген, құйылған тұқымды орынсыз жаратқан. 
Тығырыққа тұтылмай, қайта одан құ­тылудың жолы баяндамашы ұсынғандай. Біріншісі күздік тұқымын 2-3 күн ішінде жаздық тұқымға айырбастап алу, екіншісі – қолдағы тұқымды егу сапасына жеткізіп, түгел әрі жақсы сақтау, үшіншісі, әр гектарға 100 кг тұқым себілуі үшін, оны екі рет өлшеу – әуелі қоймадан босатылғанда, содан соң егіс басына жеткізілгенде. Екеуіне де күзет бастығы қатысуға тиісті.
Тұқым жайын тәптіштеп алдық, енді күш көлік аулына аяңдайық. «Трактор, трактор» деп қанша тырылдасақ та оның дәурені әлі туа қоймағандықтан. Аудан бойынша 562 ат күтімге алынған екен. Тексере келгенде соның 66-ы семіз, 315-і орташа, 114-і ортадан төмен, 67-сі өте нашар, соңғысының ішінде 41-қотыр, 17-і жауыр, көтерем болып шыққан. Күтімге қойылды деген 510 өгіздің 31-і ғана семіз, 191-і орташа, 58-і өте нашар, 35-і қотыр екені анықталған. 214 түйенің 10-ы семіз, орташасы 121, ортадан төмені 43, өте нашары 80 екен. Осынау мал күйінің арнайы тексерілуі еріккеннен емес. Күні ертең жер жыртуда да, тұқым себуде де нақ солар негізгі күшке айналатындықтан. Байқап отырсыз, соған жарамайтыны жетерлік. Бұл аудан бойынша алғандағы көрсеткіш. Ал жекелеген, шаруашылықтарды алсақ, ренжітетін жағдай жетерлік. «Ақсарыда» (Қуандықов) 50 аттың 28-і ортадан төмен, 18-і өте нашар (жауыр, қотыр). «Абайда» 20 аттың 11-і жауыр, қотыр, 6 өгіз өте нашар. «Құмайлықаста» 5, «Қызыләскерде» 7, «Куйбышевте» 18 ат, «Жамбылда» 15 түйе жауыр, қотыр.
Сол күш көлік мақта жерін айдауға да керек. «Осы жылдың ішінде мақташылардың мәслихаты екі рет өткізілді, кемшіліктер көрсетілді, түзеу шаралары белгіленді» деп бет бұрыпты баяндамашы мәселеге. Ауданда бұл салада мол өнім алмақ 37 звено құрылып, бір гектардан мықтап көрінуге 32 адам бел байлапты. Дұрыс-ақ. Бірақ біздегі бір дерт – өсе түсемін деп бөсе түсетіндер қай істе де табыла кетеді. Бұл – социалистік жарыстың салқыны. Озып шықсаң – марапат, қалып қойсаң... Сол дерттің шалдығы шығар, «Қызыләскерден» бір гектаршы Диметов 100 центнер, «Фрунзеден» Нұрметов Әбдіқайым, Алтынбекова Болған 80 центнер жинаймыз уәде берген соң, «Ақтөбеден» 68 жастағы қарт Оспанов Төлепберген сөз алып, «Қарттардың ант беріп, онысын іс жүзінде орындамауы өліммен тең» деуі мәслихатқа қатысушылардың бәрін тебрентіпті. Дегенмен, қарияның өзі де 1 гектардан 60 центнер мақта бермекші болыпты. «Фрунзе», «Андреев», «Крупская», «Қызыләскер» гектар басы 20 центнерден мақта алмаққа серт берген. Бәлкім, биыл күзде Қазақ республикасының 25 жылдығы атап өтілетіндігінің дүрмегі шығар.
Колхоздар мақта жерін тегістеуге кірісіпті, бір ай бұрын өткен актив жи­налы­сындағы сынның ықпалы шығар, жер звеноларға, бригадаларға, жеке кол­хозшыларға бөліп беріліпті. Бірақ... 7-мартқа дейін 44 мың тонна көңнің мақта­лыққа 22723 тоннасы ғана төгіліп, жоспар 54% ғана орындалған. Бүкіл мақталыққа бір рет су тоңдыру ұйғарылғанымен, 565 гектарына ғана тоңдырылған. 3050 ц тыңайтқыштың 1260 центнері ғана тасып алынған, 102 түптеушінің 30-ы, 98 мақта сеялкасының 60-ы ғана жөнделген.
Аудан Сталин жолдасқа хатында әрбір гектардан 15 центнерден мақта аламыз деп ант берген. Сол уәдені орындау үшін не істеу керек деген сауал қойып, баяндамашы оған өзі мынадай жауап қайтарады: а) мақташы колхозшылардың әрбір гектарға 40 тоннадан көң төгейік дегенін мақұлдап, соны істеуіміз керек; б) мақталықты қысқы сумен бір рет, ерте көктемде, шит себу алдында тағы бір рет суаруымыз керек; в) тиісті жерлерді тегістеп, ұсақ телімдерді кеңейту ісін 25-мартқа дейін толық аяқтауымыз керек; г) өткен жылы кейбір колхоздар мақталықта көп арық жасап, мақта көлемін азайтты, өнімді кемітті. Сондықтан арықтарды осы бастан белгілеп, көп арық жасалуына жол берілмесін; д) мақталықтың тракторлармен 22-24 сантиметр, күш көлікпен 18-20 сантиметр тереңдікте айдалуын қамтамасыз етіп, мақтаның кемінде 80 проценті трактор сеялкасымен себілетін болсын, түтіктер осы бастан жасалсын, ескілері жөнделсін.
Аупарткомның IV пленумында кол­хоз­­­аралық бұлақ көздерін орнату, су тоқтататын тоғандарды жөндеу қажеттігі атап көрсетілген, алайда бірсыпыра колхоздар, су бөлімі мен жер бөлімі одан тиісті қортынды шығармаған. Майдамтал өзенінен сол аттас колхоздың жеріне дейінгі арықтың алқы­мын жарты метр кеңейту керек болса, оған Сауран, Қаражон ауылкеңестерінің колхоздары әлі кіріспеген де. Сол сияқты «Ақтөбе», «М.Горький» өзен тоғанын, «Шорнақтөбе», «Фрунзе» Батырбай тоға­нын, «Қызыләскер», «Куйбышев» тағы бір тоғанды жөндеуге міндеттелген екен, оған әлі кірісе қоймапты. Сондықтан да баяндамашы бұл пленум өткен пленум талап­тарының 15-мартқа дейін орындалуын талап етуге тиіс деген ұсыныс енгізді.
Аудан колхоздары 1945 жылы дәнді егістің де, мақта егісінің де көпшілігін тың жерлерге және жоңышқалықтарға орна­ластырмақ, демек техниканы барынша пайдалануға тура келеді. Техниканың иесі – МТС. Баянда­машының қолындағы ақпарат бойынша жөнделуге жататын 51 трактордың елуі, 38 соқа, сеялкалар түгелімен жөнделіпті. Бесбаев, Сапарбаев, Әлметов, Оспанов бригадалары тракторларын, тіркелетін саймандарын ертерек жөндеп бітіріп, колхоздарға жеткізген. Бірақ... «Майдамталға» белгі­лен­ген трактор әлі жөнделіп бітпеген, «Құмайлықасқа» арналған трактор сапасыз жөнделгендіктен, подшипнигі еріп кеткен, 50 трактордың 8-інің магнетосы жоқ, тіркелетін саймандардың жөнделуі де қуанта қоймайды, соқалардың 40 процентіне ескі тіс бекітілген, бесеуінде тіс мүлдем жоқ, екі дән сеялкасының трубасы жоқ. Дән сеялкасын «Крупская», «Ворошилов», «Үлгілі» әлі күнге алып кетпеген. 
Техникаға күмәнімізді айттық қой. 1944 жылы МТС бірқатар колхоздармен жасалған шарттарын орындай алмаған. «Ворошилов», «1-май», «Құмайлықас», «Қаражон», «Майдамтал», «Октябрь» колхоздарымен жасалан шарт 40-50% ғана орындалған...
Бір тәуірі, аудан мал шаруашылығын аяғына тұрғызған сықылды. Төрт түлік түгел асыра орындалып, жылқы 5332-ге, ірі қара 6645-ке, түйе 1300-ге, қой-ешкі 39120-ға жеткен. СССР Халкомсоветі 1944 жылғы 24-июньдегі қаулысымен озаттарға қосымша ақы төленуін бекіткен. Сол нұсқаудың негізінде малшыларға 44 құлын, 55 бұзау, 555 қозы-лақ беріліпті. Ал малсыз колхозшыларға, қызыләскер семьяларына, Отан соғысының мүгедектеріне 1459 қой-ешкі берілген. Береке берсін дегеннен басқа не айтпақпыз.
Бірақ... «Ақсары» колхозы Бүкілсоюздық ауыл шаруашылық көрмесіне қатысқан, облатком мен облпарткомның ауыспалы Қызыл туын, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің мақтау грамотасын алған. Ал, 1944 жылы колхоз председателі Қуандықов, перме бастықтары Итаяқов, Пошанов өтірік ақпар беруге әдеттенген. Жоспар түйеден басқасынан орындалмаған, 36 ірі қара, 170 қой-ешкі, 30 жылқы, 5 түйе өлген, 2 жылқы, 5 қой ұрланған, 1945 жылдың алғашқы екі айы ішінде 3 жылқы, 4 қара мал, 1 түйе, 40 уақ мал өлген. «Қызыләскерде» 1944 жылы 9 бие, 3 сиыр қысыр қалған, 9 бие іш тастаған, 6 құлын, 21 бұзау, 25 қозы-лақ өлген. Мал қыстату да мәз болған жоқ. Өйткені малшылар азық-түлікпен, үймен, жылы киіммен жеткілікті қамтамасыз етілмеген. Мал шаруашылығы жөніндегі орынбасар Исмаилов перме жылқысын 7–8 жыл баққан Бабаханды одан босатып, бақша егуге салған. Бастық Үдербаев, партия ұйымының секретары Юлдашов сыннан өтпеген, жат элемент Шаловты перме бастығы етіп тағайындаған, ол ақырында табанын жалтыратқан. «Жамбылда» уақ мал көп өлім-жітімге ұшыратылады, председатель Бейсембаев оған немқұрайды қарайды. 1944 жылдың ішінде 177 қой-ешкі, соның ішінде 54 қозы-лақ, 12 ірі қара, 6 жылқы өлген. 1943 жылдан бері 216 ешкі қотыр болған. Қыста 15 қой іш тастаған, 20 лақты бит басқан.
Көптеген колхоздарда төл алуға дайын­дық өте нашар. Әсіресе «Ворошилов», «Будённый», «Қаражон», «Ок­тябрь» колхоздарында. 
Туған малды, әсіресе сауын сиырларды бір жерге жиып, сүтінің майын мемлекетке өткізіп, сүтін өте мұқтаж колхозшыларға, қызыләскер семьяларына, Отан соғысының мүгедектеріне беру орнына, колхоздың активтеріне тарату орын алып келеді. «Қызыләскердің» председателі Үдербаев мырзалыққа салынып, Ұзынтаев (бұрынғы председатель), Әзбековтерге бір сиырдан сауып ішуге берген. «М.Горький» сегіз сиырды таратып берген. 
Қ.Құрманбековтің баяндама соңына қарай «қойдың 40 процентін қазақы қой тұқымына айналдыруымыз керек. Ол үшін қазақы қойлар іріктеліп, қазақы қошқарлармен шағылыстырылсын. Бұл жөнінде нақты шаралар қолдану Ғұламов, Нәлиев, Бишеев жолдастарға тапсырылсын» деген сөздері жылнамышыңызға ұнады. Мың-мыңдаған жылдар бойы қой баққан қазаққа шетелдік қой бақтырамыз деп жүрген шенеуніктерге бұл ойдың ұнай қоймасына кәміл сенемін де, «Заман-ай, заман-ай» дей бергім келеді...
***
10.V. 1945 ж. Аудандық советтің ХIV сессиясы. Қаралған мәселе – «Көктемгі егіс қортындысында совет ұйымдастыру-көпшілік жұмысының жайы және ондағы міндеттер туралы. Баяндамашы – А.Оразбаев. Ұлы Жеңіс кеше ғана атап өтілді. Демек, жұрттың, оның ішінде депутаттардың да көңіл күйі жақсы. Ел ересен қуанышты.
Баяндама да сол күймен басталыпты. «Аудан бойынша 2504 гектар дәнді егісті, 1800 гектар мақта егісін 10 жұмыс күні ішінде агротехникалық шараларға сай егіп болдық. «Андреев» (Әбдірахманов), «Будённый» (Жайықбаев), «Ынталы» (Әйт­пембетов) 6-7 жұмыс күні ішінде егін екті» – депті баяндамашы. Дегенмен Жеңіс күнінде де «мақтанышқа» соның көлеңкесіндей «бірақ» ере жүреді екен. Бірақ... Бірсыпыра колхоздар егісті ұзаққа созып жіберіпті, агротехникалық шараларды қолдана білмепті. «Қызыләскер» (Үдербаев) 15 күн, «Құмайлықас» (Ережепов) 17 күн, «Абай» 15 күн сепкен. Тұқымды нормадан 10-12 кг кем сеуіпті. «Қызыләскер» 150 гектар егіс жерінің 91  гектарын қайтадан айдауға мәжбүр болған.
Осындайлардың салдарынан аудан бойынша 105 га қайта айдалған, 6 кг тұқым нормадан кем себілген. Ендеше келесі жұмыстарда міндет көбейіңкірейді. Әсіресе суару, баптау жұмыстарында. Суаруға 15-майда кірісіп, кемінде үш рет, тұқымдық телімдерді 4 рет суару керек. Арам шөпті отау жұмысына 20-майда кірісіп, кемінде 2 рет, тұқымдықты 3 рет жақсылап тазалау керек. Бұл жұмысқа жегілетін кімдер? Әрине әйелдер, қарттар, балалар. Тұқымдық телім­дерді ерекше күтімге алу, оған бөлінген адамдарды ауыстырмай пайдалану, бірінші су алдында жергілікті тыңайтқышты жерге сіңіру қажет. Зиянды жәндіктер мен егіске малдың түсуінен қорғау шараларын әлден қолдана бастау керек. Суды толық, дұрыс пайдалану мақсатында арықтарды жөндеу, шауып бітіру керек. Сушыларды осы бастан белгілеп, кейін басқа жұмысқа ауыстыруға жол бермеу, графиктің орындалуын қадағалау, үкімет пен партия Орталық Комитетінің қаулысына сәйкес оларға күнделікті ет, май, астық, сыйлық беру керек... 
Байқаған шығарсыз, ұшан-теңіз жұмыс, бәрі «керек».
Мақтаңыздың жайы да «керек» деп тұр екен. Алдымен гектарынан 15 центнер өнім аламыз деген сертті орындау қамы қапысыз ойластырылуға тиіс. Ендеше аянбай істеу керек. Мен емес, баяндамашының өзі айтады: 928 гектар мақталық бір рет, 97 гектар екі рет қысқы су ішті, 44 мың тонна орнына 36 мың тонна көң төгілді, жоғары өнім алмақ 77 звено, 31 бір гектаршы ұйымдастырылды. Мақта жерін суарып, екі рет айдау іске асырылып, 10 күн ішінде шит себіліп болды. «Куйбышев», «Игілік», «Каганович», «Үлгілі», «Ленин», «Фрунзе» жұмысты жедел атқарды. Бірақ... «Октябрь», «Құмайлықас», «Майдамтал», «Қызыләскер», «Ворошилов» 12-13 күнде әрең аяқтады. Аупартком мен ауатком 1-майға дейін шиттің түгел көктеп шығуын қамтамасыз етуді талап етсе де, бірсыпыра колхоздар оны орындамаған.
...Қырсық бір айналдырса, шыр айналдырады. Өткен қыстағы қара суықтың салдарынан 3094 гектар күздік шықпай қалған (алдыңғы қыста да солай болып еді), көктегені 571 гектар ғана. Соны суару 1-майда басталған. Су татқаны 327 гектар, яғни 57%-і ғана. Яғни астық тапсыру жоспарының орындалмай қалу қаупы тым зор. Дәнді егістің гектарынан 10 центнер астық аламыз деген аудан міндеттемесін орындауға маңайлаудың өзі мүмкін емес­тей. Бір ғана амал – көк егісті молырақ егу. Соған сәйкес 798 гектар тары, 527 га жүгері, 95 га күнжіт, 130 га күнбағыс, т.б. – барлығы 1850 гектар межеленген екен, 8-майға дейін егілгені 72 гектар тары ғана. Міндетті орындау үшін ең әуелі керегі – техниканың кәдуілгідей жұмыс істеуі. Оның биылғы жұмысы жылдағыдан бірсыдырғы тәуір сықылды. Ақ егіс кезінде 570 гектар жер айдауға тиісті болса, оны 645 гектар етіп, асыра орындапты, 2000 гектар мақта жерінің 1280 гектарын жыртыпты, шит себу жоспарын 89,4% орындапты. Әрине, жарытпаған тірлігі де жоқ емес. 800 гектарға тұқым себуді 49,9% ғана орындаған.
Адал еңбегімен көзге түскен азаматтарды атамай кету обал. «Куйбышевте» Асылбековтің трактор бригадасы 200 га орнына 329 га, «Андреевте» Бесбаев бригадасы 396 га орнына 638 га, «Үлгіліде» Меңлібаев бригадасы 278 га орнына 327 га, «Фрунзеде» Нұржанов бригадасы 520 га орнына 630 га жер жыртқан. Жеке тракторшыларды да атай кету орынды. Айметов, Дағмырзаев сықылды азаматтар 80 гектар орнына 226 гектардан жер жыртқан.
Мал шаруашылығында аудан жыл сайын тәп-тәуіп табыстарға жетіп келгенін айтқанбыз. Одақтық,   республикалық ауыс­палы  Қызыл тулар соның айғағы. Сондықтан, ағымдағы жағдайға ғана тоқталайық. Ауданда биыл 1381 бие төлдеуге тиіс деп жос­парланыпты. Сессияға дейін 544-і төлдеп, 559 құлын, 1667 сиырдың 1094-і туып, 1013 бұзау, 222 інгеннің 179-ы туып, 169 бота, 16913 қой-ешкіден 12330-ы төлдеп, 14623 қозы-лақ алыныпты. 
Бұл жолы да еңбегімен ауызға ілінген­дерді атай кетейік. Рас, баяндамашы тек аудандық, ауылдық совет депутаттарын ғана атапты. Сөйтсе де қомсынбаңыз. «Ленин» колхозында аудандық совет депу­таты Құрманбекова Жібек басқаратын мал пермесі 18 биеден 18 құлын, 39 сиырдан нақ сонша бұзау, 670 қойдан 760 қозы (тоқсаны егіз тапқан), 108 ешкіден 117 лақ алып, аман өсіріп келеді. Аша ауылдық советінің депутаты, бұрын сол советті өзі басқарған Жұманова Жібек перме басқаруға тағайындалған екен. Онда 33 інгеннен соншалық бота, 50 сиырдан сонша бұзау, 120 ешкіден (90-ы егіз тапқан) 210 лақ алынған, әрі түгел аман.
Заманды ой елегінен өткізе отырып бір таң қалатын нәрсе – білім беру мәселесі ауаткомның да, аупарткомның да назарынан ешуақытта тыс қалмаған. Сессияда баяндамашы сол мәселені естен шығармай, кеңірек тоқталыпты. 1945 жылы бастауыш мектептерді 1491, орталау мектептерді 108, орта мектепті алғаш рет 8 оқушы бітіруге тиіс. 
Орта, орталау мектептердің 7, 10 клас­тарын барлық негізгі пәндерден отлично бағамен бітіргендерді «Алтын, күміс медальдармен наградтау» туралы Қазақ ССР Халкомсоветінің тарихи қаулысы шығуына байланысты оқушылардың ынта-жігері бұрынғыдан да артуда. Оқу жылының 1-2 тоқсанына қарағанда 3-тоқсанның қор­тындысы мен 4-тоқсанның барысында отличниктер саны өсіп, 219-ға жетті, сабақ үлгерімі 88,9% болды. Тәжірибе алмасу едәуір жақсарды, нәтижесінде сабақты нашар игерушілер саны азайып келеді» деп мәлімдеген баяндамашы. Әрине, кем­шіліктерді бүкпеген. Оқу жылының басында 1607 оқушы мектепке тартылса, 3-тоқсанның қортындысында 102 оқу­шы мектептен себепсіз кеткен. Сабаққа қатыс­пау әлі тоқ­талмапты. Сынақты өткізу дәре­жесі де қанағат­тандырмайды.
Қысқарта баяндағанда, мектептегі оқу жайы осындай. Оқудың ересектерге арналған саяси оқу, білім көтеру, ақырында сауаттандыру деген түрлері де бар ғой. Солардың соңғысына ғана тоқталайын. 1940 жылы республикамыздың 20 жыл­дығы қарсаңында жұртты жаппай сауаттандыру ұраны көтерілгені белгілі. Ол туралы жазғанбыз да. Бірақ жоба орындалмай қалғаны, келесі жылы соғыс басталып кеткені белгілі. Аталмыш мәселе соғыс аяқталуға айналғанда тағы көтерілген. Сол оқу жылының басында аудан бойынша 458 сауатсыз, 367 шала сауатты адамның тізімі толық алынып, оларға 36 жерден сауатсыздықты жою мектебі ашылып, баяндама бойынша «оқу қызу қарқынмен жүргізілуде». Мақсат – «1-июльге дейін 100% сауатты болу міндетін іске асыру».
Еңбекшілер депутаттарының советі – өкімет. Ата-бабаларымыздың, әке-ағаларымыздың кезінде, кейінірек болса да, «Барлық өкімет советтерге берілсін!» деген ұранды қолдап шыққаны – ақиқат. Сондықтан совет (кеңес) қарайтын мәселе ұшан-теңіз. Сондықтан сессияда, онда жасалған баяндамада да, жарыссөзде де, қабылданған қаулыда да солардың бәрі қамтылғаны – шындық. Бірақ мен сан алуан мәселелердің біреуіне ғана – «Қызыләскер семьялары мен Отан соғысы мүгедектеріне қамқорлық» мәселесіне ғана аз-кем тоқталуды жөн көріп отырмын. Әрі заман рухын асыра мадақтауға немесе сүмірейте көрсетуге тізгін ұстатпау үшін, негізінен баяндама мәтінінен аумағым келеді. Ол мынау: «Көсеміміз Сталин жолдас қызыләскерлер семьяларына берілген жәрдем, ұйымдастырылған көмек соғысқа берілген жәрдемнің тең жартысы деді. БК(б)П Орталық Комитеті 22.1.43 жылы қаулы қабылдап, барлық жерде қызыләскер семьяларының тұрмыс халын мемлекет есебінен оңдайтын жәрдем беру бөлімдері ұйымдастырылды. Содан бастап мемлекет есебінен 1945 жылғы 1-майға дейін үш миллион сомға жуық қаржы берілді. Үстіміздегі майдандық айлықта халықтық қамқорлық үздіксіз жүргізілуде. Бірақ кейбір колхоз, ауылсовет, мекеме басшылары халықтық қозғалысқа жетекшілік жасамай келеді. Атап айтсақ, «Фрунзе» (Көшербаев), «Қы­зыләскер» (Үдербаев), промкомбинат (Қа­сымов), «Игілік» (Қалдыбаев) мемлекеттен берілген қаржыға бидай алудың орнына тары алып, жерге сеуіп жіберген. Кей колхоздар мұқтаж қызыләскер семьяларына мем­лекет тарапынан берілген жәрдемді күні бүгінге дейін ала алмай келеді. Отан соғысы мүгедектеріне 1940 жылғы 16-июньдегі Указға сәйкес биылғы 1-январьдан бастап санаған 4 ай ішінде 64697  сом пенсия берілген, халықтық қамқорлық үздіксіз жасалып келеді. Жағдайына қарай жұмысқа орналастырып, материалдық жағынан кө­мек көрсетілуде.
Бұл саладағы міндет мынадай болуға тиісті:
1. Қауын, огород, дәнді егіс егіліп және басқа көмек ұйымдастырып беріліп, халықтық қамқорлық күшейтіле беруі керек.
2. Жұмысқа жарайтын семьялар мен мүгедектер колхоздарға, мекеме, өндіріс орындарына қызметке орналастырылып, тұрмыс халы оңдалуы керек.
3. Промкомбинат (Қасымов), промәртел (Әуезов)  әр ай сайын майданшылардың семьялары  мен Отан соғысының мүгедекте­ріне арнап, аяқ киім дайындап беру жұмы­сын ұйымдастыруы керек.
4. Фашист сұмырайларын жоқ қылған ержүрек жауынгерлеріміз өз еліне, семьяларына шаттықпен қосылатын күндер жақын қалды. Сондықтан ХІV сессия колхоз, ауылсовет председательдерінен, депутаттардан жауынгерлеріміздің семьяларына, әке-шешелеріне көмек көрсетіп, малы жоқтарына мал беріп, үйлерін жөндетіп, үсті-басын бүтіндеуді жақын күндердің ішінде аяқтауды талап етуі керек».
***
22.5.1945 жыл. Ауатком мен аупартком бюросының біріккен мәжілісі. Киров каналына Қандөз, Балтакөл ауыл кеңестерінің барлық колхоздары көшірілгеннен кейін Қызылқұмды жайылым ретінде игеру күн тәртібіне қойылғанын бұрындары айт­қан­быз. Міне сол жұмысты ойда­ғыдай ұйым­дастырған, малды жақсы жайы­лым­дарға орналастырып, күтімін жақ­сартқан, малды, оның төлін аман сақтап, шығынсыз өсіруде көрнекті табыстарға жеткен еңбек­керлер республикалық наградаларға ұсы­нылып, мінездемелері бекітілген, ұсынысты бекіту облпартком мен облаткомнан сұрал­ған.
Олар – аудандық жер бөлімінің бас зоотехнигі Ақымбеков, Қызылқұм жайы­лымындағы зоотехник Б.Сыздықов, «Ынталы», «Майдамтал», «1-май», «Ленин», «Будённый» колхоздарының перме бастықтары Орал Өтекова, Молдабергенов, Басығараев, Сауранбаев, Баймұратов, «Игілік», «Андреев», «Құмайлықас», «Фрунзе», «Қызыл­әскер» колхоздарының шопандары Айбеков, Юлдашев, Дүйсенбаев, Әлтаев, Тұр­сы­метов.
***
10-11.VI. 1945 ж. Аупарткомның VI пленумы. Соғыстың жеңіспен аяқталу сағатынан бастап, тіпті одан бұрынырақта еліміз сол бұзылған қала, темір жол, транспорт, өнеркәсіп орындарын қалпына келтіру, ауыл шаруашылығы саласындағы кемшіліктерді түзету шараларына кірісті, деп бастаған баяндамашы, ауданымыздың еңбекшілері ауыл шаруашылық жұмыстарындағы және МТС жұмысындағы кемшіліктерді жою, Қазақ республикасының ХХV жылдық мере­кесі құрметіне социалистік жарыс туын жоғары көтеріп, ауыл шаруашылық өнім­дерін арттыруда бірталай жұмыстар істеуде деп жалғастырыпты да, бірден нақты істерге көшкен. Аудан бекітілген жоспар бойынша 2805 гектар дәнді егіс егу керек екен, июньнің бесіне дейін 3483 гектар егіп, жоспарды 123% орындаған. Оның 2521 гектары жаздық бидай, 260 гектары арпа, 700 гектары тары, жүгері. Ауа райының өткен жылдағыдан да қолайсыз болып, қыстың ұзаққа созылуына қарамастан, егіс 8-10 жұмыс күнінде аяқталған. Назар аударатын бір нәрсе – бидайдың гектарына 94,6, арпаның гектарына 98,8 кг тұқым себілген. Яғни тұңғыш рет агротехника нормасына жақындаған. Бірақ 2463 гектарға тұқым қолмен себілгенін ескерсек, техниканың пайдаланылуы әлі де мардымсыз.
Мақта егісінің көлемі былтырғыдан 800 гектар асырылып, 1800 гектарға жеткен әрі Қазақстанның 25 жылдығы құрметіне гектардан 15 центнер өнім аламыз деген уәде берілген. «Сонда жұмысты неден бастау керек?» деген сұрақ қойыпты баяндамашы. Жауап: «Стахановшы колхозшылар – Ленин орденді мақта шебері Жұмантаев Сағындық, комсомол мүшесі, звено жетекшісі Рахия Күзембаева, «Ақтөбе» колхозынан қарт маман Оспанов Төлепберген мақта өнімін арттыру үшін жерді сұрыптап, таңдап алудан бастау керек деген ұйғарымға келді». Сондықтан ауданда 1945 жылы егілген мақтаның 315 гектары ескі жоңышқалыққа, 949 гектары тың жерге, 91 гектары екі жыл, 105 гектары үш жыл, 37 гектары үш жылдан көп егілген жерлерге орналастырылған. Мақта жеріне 35345 тонна көң, күл, шит себу алдында 1175 гектарға минералдық тыңайтқыш төгілген. Жер айдау алдында 1545 гектар бір рет, 1763 гектар 2 рет, 300 гектар 3 рет суарылған.
Егістің жайы осылай. Мал шаруашы­лығында оның санын көбейту жоспары асыра орындалғанын айтқанбыз. Нәтижесінде аудан Қазақ ССР Халық Комиссарлары кеңесінің ауыспалы Қызыл туына ие болған. Қызылқұмды қысқы жайылым ретінде игерудің арқасы. Баяндамашы бұл марапат төңірегіне тоқталмай, бірден кемшілік жағына көшіпті.
Мына бәр көрсеткіштерге де көңіл аударған жөн. Дәнді егістің 542 гектары трактормен айдалған, 397 гектары трактор сеялкасымен себілген, 2241 гектары күш көлікпен айдалып, 2400 гектары қолмен себілген. Бұл механикаландыру жұмысы әлі де оңалмағанын ғана айғақтайды. 
Мақта егісінің алдында ауатком мен аупартком әрбір колхозда олардың мүшелерінің жалпы жиналыстарын өткізіп, әрбір бригада, звеноларға, жеке колхозшыларға жер бекітіліп, мақталықты айдаудан бұрын суғару, жаңа арықтар алу, өткермелер жасау, жер тегістеу, әрбір алқапты кеңейту, т.б. агротехникалық шараларға сай мақтаның өнімін арттыратын, әр колхоздың жер жағдайының ерекшеліктерін ескеретін нақты қаулылар алған. Алайда бірқатар колхоздардың басшылары сол шараларды дер кезінде жүзеге асырмады, сөйтіп мақта жерін кешігіп айдауға, егу сапасын нашарлатуға, сайып келгенде оның өнімін кмітуге жол ашты. 
Аудан бойынша 1800 гектар мақталық жердің 385 гектары қайта айдалды. Трактормен айдалғаны 115 гектар ғана. Тіпті 75 га мақта кем себілген болып шықты. «Құмайлықас» 14 га, «Ворошилов» 11 га, «Майдамтал» 7 га, «Ақтөбе» 3,5 га кем еккен. Осы секілді кемшіліктер ұшан теңіз. Барлығында барлық түрінен. Ал ауданның бас агрономы Қоқанбаев, МТС агрономы Жұмашев басшылық жасау түгілі, өз міндеттерін атқара алмай жүр, депті баяндамашы.
Ауданда мал өсіру жоспары орындалса да, күтімнің нашарлығынан орынсыз шығын көп. «Игілік» колхозында бес ай ішінде (1-июньге дейін) 160 қой-ешкі шығынға ұшыраған. Қалдыбаев, Бекқожаев жолдастардың жұмысы сондай, дейді баяндамашы. Елдің алдында деп жүрген «Ақсары» (Қуандықов, Тұрсыметов, Итая­қов) өтірік ақпар берген, ұрлық және шығып отыр. 1940 жылдан бері тексеріліп келе жатса да, шындық анықталмаған екен, соңғы комиссия 150-дей мал кем екенін, колхоз басшылары олардың бірталайын бас пайдасына жаратқанын анықтады.
Мал өнімдерін дайындау жерге қара­тады. Май жоспары 572 центнер, 10-июньге дейін өткілгені 181 центнер. 572 центнер брынзаның дайындалғаны 210 ғана, 2144 центнер жүннің өткізілгені 554 центнер.
Тек баяндамашыға сүйеніп келтірген деректер осындай. Оларды жарыссөзге қатыс­қандар нақтылай түсіпті. Қабылданған қаулы кемшіліктерден арылу қамын көздеген.
Темняков судың дұрыс пайдаланылмайтынын тілге тиек етеді, тіпті мақта өнімі жөніндегі міндеттеменің орындалатынына күмәнданады.
Ал мансабы жағынан үлкенірек басшылар не дейді? Нәлиев судың дұрыс пайдаланылмауын Темняков басшылығының на­шар­лығынан көреді, «Қаражонда» 8, «Құс­шыда» 5, «Ақсарыда» 14 бие құлын тастағанын, малсыз колхозшылардың саны былтырғыдан көбейгенін ортаға салады, Омаров 10 трактордың подшипник жетпегендіктен тұрғанын, обком оны, маг­нетоны Манкент жөндеу зауыты бере­тінін айтқандығын, ол келсе жүретінін, ком­­байндардың жақсы жөнделгенін, биыл міндетін орындайтынын, Әлпейісов жол­дас прокурор ретінде Нұрсейітовтің, Ғұла­мовтың өтірік ақпар беретінін, су ұрланатынын, «Құмайлықас» мұрабы суды далаға ағызғаны үшін сотқа берілгенін, бірақ халық судьясы Оразметованың су ұрлаушыларға тиісті жаза бермей отырғанын тілге тиек етіпті.
Ауатком председателі А.Оразбаева қаттырақ, атап-атап айтыпты біраз басшыларды. «Майдамтал», «1-май» предсе­дательдері Байжанов, Ақылбеков өткен жылғы аз табысқа масайрап отыр, Қуандықов, Ергешевтердің ораққа дайын­дығы нашар, Темняков өз пайдасына көшкен, «Үлгілі» өткен жылы бір жөнге келген еді, кәзір қайтадан нашарлай бастады, колхозшылар көшіп кете бастады».
***
14.VII.1945 ж. Біріккен мәжіліс «Армиядан қайтқандарды қарсы алу туралы» қаулы қабылдаған. Соғыстан аман-су, жеңіспен оралған ұрпақтың өздері болмаса да, балалары, қыздары, немерелері, жиендері біле жүрсін деген ниетпен қаулыны толық келтіруді жөн көрдім.
«1. Қарамағындағы барлық қызыләскер семьяларының жағдайын тексеріп, мұқ­таждарына астық, тағы басқа көмектер ұйымдастырып, тұрмыс халын оңдау, аяқ, сырт киімдерін, отырықты үйлерін ре­монтқа беру жұмыстарын 18 июльге дейін аяқтау барлық ауылсовет, колхоз председателдеріне, мекеме, өндіріс орын­дарының бастықтарына тапсырылсын.
2. Көпшілік арасында үгіт-түсінік жұмысын кеңінен жүргізе отырып, армиядан қайтқандарға мекеме, колхоз ортасынан және жеке кісілерден сыйлық ұйымдастыру ауылсовет, колхоз председателдері мен өндіріс, мекеме бастықтарына, бастауыш партия ұйымдарының секретарларына тапсырылсын.
3. Армиядан қайтқандарды қабылдау үшін дайындық жұмыстарын жүргізуге және оның жұмысына басшылық етуге комиссия құрылсын. Комиссия председателдігіне ауатком председателінің орынбасары Нәлиев, мүшелігіне аупартком секретары Салқожаев, НКВД начальнигі Бадыров, аудандық мемлекеттік қамсыздандыру бөлімінің меңгерушісі Тажитдинов, аудандық прокурор Әлпейісов, аудандық военком Жазыбаев, аупарткомның соғыс бөлімінің бастығы Сыздықов жолдастар бекітілсін.
Армиядан қайтқандарды қабылдайтын үй дайындап, жүргізілетін дайындық жұмыстарын 17-июльге дейін аяқтау комиссия составына тапсырылсын.
4. Қайтқандарды тамақтандыру үшін 31-разъезд жанынан уақытша столовой ашу, оны етпен, үймен, тағы басқа керекті зат­тармен қамтамасыз ету аудандық тұтыну одағының бастығы Боранов пен жер бөлімінің бастығы Ғұламов жолдастарға тапсырылсын.
5. Армиядан қайтқандарды түрлі дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету үшін қа­былдау пунктінің жанынан дәрігерлік пункт ашу, моншаның үздіксіз жұмыс істеп, дәрігерлік көмек көрсетуін қамтамасыз ету Қалабаев жолдасқа тапсырылсын.
6. Армиядан қайтқандарды үйіне жеткізу үшін қабылдау пункттерінің жанында 2 ат, 2 көліктік екі арба ұйымдастыру Ғұламов жолдасқа тапсырылсын.
7. Қабылдау пунктінің жанынан келген­дерді есептен өткізу, түрлі документ тәртібін түсіндіру жұмысын ұйымдастыру Бадыров жолдасқа тапсырылсын.
8. Қызыләскер семьяларына пенсия мен пособие және көмектерді тез күн ішінде беру жұмыстарын аяқтау атком жанындағы қызыләскер семьяларының тұрмыс халын оңдау жөніндегі комиссия председателінің орынбасары Тажитдинов, аудандық собес бастығы Көкішов жолдастарға тапсырылсын.
9. Армиядан қайтқандарды мамандығына қарай қызметке орналастыру барлық ауылсовет, колхоз председателдеріне, мекеме, өндіріс бастықтарына, ауатком мен аупарткомның кадр бөлімдеріне тапсырылсын.
10. Армиядан қайтқандардың арасында газет, журналдар оқып беру, халықаралық жағдай туралы әңгімелеу, қабылдау пунктін безендіру, сөткелік дежурство жұмыс­тарын ұйымдастыру аупарткомның үгіт-пропаганда бөлімінің бастығы Аседов жолдасқа тапсырылсын.
11. Әрбір ауылсовет жанында армия­дан қайтқандарды қабылдау пунктін ұйымдастыру, оны ауқат, қымыз, шай сияқты нәр­селермен қамтамасыз ету, оны безендіру, ауылсовет жанындағы қызылбұрыштарды оңдап, газет-журналдармен қамтамасыз етіп, оларда сауатты активтерден дежурлар ұйымдастыру және армиядан қайтқандарды өз үйлеріне көлікпен апарып тастау жұмыс­тарын қамтамасыз ету ауылсовет пред­седателдеріне тапсырылсын.
12. Осы қаулы барлық бастауыш партия ұйымдарының, комсомол ұйымдарының және колхозшылардың жалпы жиналыс­тарында талқыланып, бұқараға жете түсіндірілсін.
13. Қаулының орындалуын қамтамасыз ету ауатком председателінің орынбасары Нәлиев, аупартком секретары Салқожаев жолдастарға міндеттелсін.
Қ.Құрманбеков, А.Оразбаева».

АВТОРДАН: Алда 11 жылға жуық ғұмыры бар аудан жылнамасын осымен аяқтамақпын. Өйткені, жылнама үзінділерін жариялауды журналға ұсын­ғандағы мақсат – халықтың соғыс жылдарындағы ауыр тұрмысын, соған қарамай оның шын мәніндегі жанқиярлық еңбегін шамамыз жеткенше толығырақ көрсету болатын. Діттегеніміз жүзеге асқан секілді. Оған көңіл қойып, көз жүгірткен оқырманға риясыз алғысымды айтамын.
(Соңы. Басы өткен сандарда)

 

385 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз