• Ел мұраты
  • 20 Шілде, 2015

ЕЛБАСЫҒА ДЕГЕН ЕЛ СЕНІМІ

Сағымбай Қозыбаев, тарих ғылымдарының докторы, профессор
Алмагүл Құрманбаева, филология ғылымдарының кандидаты, 
доцент

Жарқын болашағына берік сенімді, хал­қының мығым қолдауына ие болған ел ғана алдына әрдайым үлкен міндеттер қоя алады. Біздің еліміздің көшін Нұрсұлтан На­зарбаев ширек ғасырға жуық алға бастап келеді. Соның нақты көрінісін кезектен тыс президенттік сайлаудың нәтижелерінен анық көрдік. Елімізде  ерекше  жаңа серпін бар.  Президент сайлауы ел-жұрттың бұрын-соң­ды болмаған қуатты қолдауы арқылы өтті. Алматыда Республикалық қоғамдық штаб жетекшісі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің сайлауалды үгіт-насихат сөздеріне тікелей куә болдық. Ол АҚШ-тың бірнеше президенті жабылып атқарған жұмыстарды біздің Ел­ба­сымыздың жалғыз өзі-ақ атқарғанын тамаша мысалдармен келтіріп айтты. Сай­лау­дың қорытындысы – Елбасының сөз­­сіз беделінің, қазақстандық халықтың оның елімізді әлеуметтік-экономикалық жа­ғы­нан дамытуға және халықаралық аре­на­дағы беделін нығайтуға бағытталған сая­­сатын кеңінен қолдайтындығының дә­лелі. 


ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стра­тегиялық зерттеулер  институтының  кезектен тыс өткізілген сайлауды Гиннестер кітабына енгізуімізге болады деуін – сайлауға берілген әділ баға деп білеміз.  Кезектен тыс өткізілген сайлауда Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қайта сайлануы – Қазақстанның ортақ аспаны астында өмір сүріп жатқан барша халықтың тарихи әрі орынды  жеңісі деп бағалауға болады. Сайлаушылардың саяси көзқарасы айқын, тұғыры нық, өздерінің азаматтық парызын, биік жауапкершіліктерін жақсы тү­сінеді. Екіншіден, «тұрақтылық, татулық, қо­ғамдық келісім» деген сөздерді Елбасы Тәуелсіздігіміздің бірінші күнінен бері танбай айтып келе жатқанын білеміз. Осы бір қара­пайым сөздердің мәні мен маңызын, ақиқаты мен шындығын  қазақстандықтар  әрдайым дұрыс түсініп, тереңнен пайымдаған. Оған себеп – шет елдердегі және  көрші мемлекеттерде болып жатқан алуан оқиғалар  екені даусыз. 
Украинадағы қантөгіс қазақстан­дық­тарға, әсіресе, қазақ ағайынға  барынша үлкен  сабақ болғандай. Украина мен Ресейдің түп-тарихы бір арнадан бастау алады. Алайда ұлт араздығы екі елдің арасын бордай тоздырды. Бұл жағдай – біздің азаматтарды татулық пен тұрақтылықтың қадірін жете түсіруге итермеледі, өрекпіген талайды сабасына түсірді, ойланбай жүр­­гендерге  ой тастады. Тәуелсіздік те, елдің тағдыры, жердің тұтастығы да – ұс­та­раның жүзіндей нәзік мәселе. Бұған ха­лық­тың  көзі әбден жетті. Өткен сайлау қа­зақстандықтардың, оның ішінде қазақ ұлтының біртұтас ұлт болғандығын то­лық көрсете білді. Өйткені, осы сайлауда қазақстандықтар бұрын-соңды бол­­маған саяси белсенділік танытып, сайлау учас­келеріне барып, Елбасы Н. На­зар­баевқа өз таңдауларын жасады.
Халық өзінің Елбасын дұрыс таңдауымен ұлтының тағдырын айқындайды, отбасының амандығын, ұрпағының бай-қуатты келешек өміріне сеніммен қарайды. Тәуелсіздік қолымызға тигелі  бері Елбасы «Тәуелсіздікті сәт сайын, сағат сайын қорғауымыз керек» деген сөзді шегелеп айтып келеді. Елбасының дана да көреген басшылығы, сарабдал саясаты біздің  мемлекетіміздің тұрақтылығы,  серпінді  экономикалық даму үрдісі  дұрыс бағытта келе жатқандығымызды көрсетеді. Осыған дейін жеткен жетістіктеріміздің, ал­ған асуларымыздың барлығы Елбасының көреген саясатының арқасы. Алдымызда  ат­­қарылар істер мен алар асуларымыз одан да зор. Осы  жолда біз тек Елбасымен бір­ге  жеңіске жететіндігімізге кәміл сене­мін. Татулығымызды әлемге тағы бір рет паш етіп, мемлекетіміздің Президентін ұйымшыл­дықпен сайлап алдық. Халық бірауыз­дан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа дауыс бер­ді. Халық тұрақтылықты, бейбітшілікті, орнықты дамуды қамтамасыз етіп келе жат­қан Нұрсұлтан Назарбаевты қолдады. Біздің халқымыз «Басшы – біреу, қалғаны – тіреу» деген ұғымды ұстанып келеді. Сайлау барысында халқымызға ел бірлігінен өзге ештеңе керегі жоқ екені түсінікті болды. Қазақстан Нұрсұлтан Назарбаевтың көшбасшылығымен Тәуел­сіздіктің 24 жылында бір ғасырға татырлық табыстарға қол жеткізді. Сали­қалы саяси және экономикалық бағыт Қазақстанға әлеуметтік-экономикалық өзгеріс­тердің көш­бас­шысы болуға жол ашты. Татулық пен келісімнің, толерант­тылық пен бірліктің қа­зақ­стандық моделін бүкіл дүниежүзі ең үздіктердің бірі ретінде таниды. Мемлекет басшысы қоғамды өз төңірегіне топтастырып, барлық ресурстарды жұмылдыра отырып, елді алға қойылған мақсатқа – дамыған экономика мен қазақстандықтардың игі­лігіне дәйекті түрде бастап келеді.
Үстіміздегі жылдың 29 сәуірінде Қа­зақстан Президентін ұлықтау рәсімінде Мемлекет басшысы аса маңызды мәсе­лелер көтерді. Елбасының сайлауалды бағ­дарламасында көрсетілген бес инс­ти­туционалдық реформаны жүйелі түрде жүзеге асыруға қатысты ауқымды мін­деттер күн тәртібіне шығарылды. Енді, біз соларды орындауға барлық күш-жігерімізді жұмсауымыз қажет. Президент қазіргі жаһандық сын-қатерлерге қарсы күресуге, соны еңсеруге, 30 дамыған мемлекет қатарына кіруімізге жол ашатын Ұлт жоспарын түзу қажеттігін алға тартып отыр. Бұл бағытта нақты жұмыстар қазірден басталып та кетті. Алдағы 10-15 жылға арналған осы жоспарды орындау үшін тек Үкімет, мемлекеттік органдар ғана емес, бүкіл ха­лық атсалысу керек. Қазіргі таңда комиссия құрылды. Енді, Ұлт жоспары бекітілсе, Қа­зақстанның тынысы ашыла түседі. Өзі­міздің алдымызға қойған орасан өршіл міндет – алдыңғы қатарлы 30 мемлекеттің қата­рынан көрінсек деген мақсатқа ел-жұрт болып жұмылғанда ғана қол жеткізе аламыз.  Қа­зақстан халқы барлық әлемге бірліктің, топтасқандықтың және өз Көшбасшысына шынайы берілгендіктің үлгісін паш етті. Бұған таңдануға болмайды. Себебі, Мемлекет басшысы жүргізіп отырған саясаттың нәтижелері қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға ба­ғытталған.  Әлеуметтік  саланың дамуы әркез ел Президентінің ерекше бақылауында болып келеді. Жаңа балабақшалар, мектептер, ауруханалар жүйелі түрде ашылуда. Қолжетімді баспана құрылысы жөніндегі бағдарлама іске асырылуда. Елде барлық экономикалық көрсеткіштер тұрақты өсуде. Бұл өз кезегінде қазақстандықтардың өмір дәрежесіне оң ық­палын тигізуде. Елде индустриялық-инно­вациялық дамудың қуатты бағдарламасы іске қосылып, оның шеңберінде жүздеген жаңа кәсіпорын ашылды және жүздеген мың жұмыс орындары құрылды.  
Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан Респуб­ликасы Президенті лауазымына кірісу рә­сімінде сөйлеген сөзінде көрсетілген бес ауқымды ішкі міндет бәрімізге ортақ жоғары жауапкершілік жүктейді. Оны іске асыруға лайықты үлес қосуға белсене атсалысу әрқайсымыздың азаматтық парызымыз болуға тиістігі анық. «Қазақстан -2050» Стратегиясын, «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» Жолдауын халық жақсы біледі. Осы бағдарламалардың аясында нақты-нақты алып жобалар да жүзеге асырылуда. Елдің экономикасын көтеру, әлеуетін, рухани құндылықтарын  күшейту, тұрмыс жағдайын көтеру бағытындағы ұзақ мерзімді жоспарлары қандай тамаша! Осы арқылы ол ха­­лықтың сапасын, санасын көтеруді мақ­­сат етіп отыр. Осы сөздерден кейін біз «Қазақстан-2050» Стратегиясы мен «Нұрлы Жол» бағдарламасының мақсат-мүддесін тереңірек ұғына бастадық. Сайып келгенде, соның бәрі Мәңгілік Ел идеясын жүзеге асырудың қадамдары. Қазақстан осы өтпелі кезеңде қазақ мемлекетін толық құра алды, бүкіл мемлекеттік институттарын толық орнықтырды. Қазақстан  халқы  толыққанды біртұтас ұлт ретінде қалыптасты. Сондықтан да, енді алдағы реформаларға көп нәрсе байланысты.  Қазақстандықтардың әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін Ел­­­басы ұлықтау рәсімінде сөйлеген сө­­­зін­­де айтқанындай, бірінші кезекте ор­та таптың жағдайын жасау қажет.
Мем­­­лекет басшысы Қазақстанның дамы­ған 30 елдің қатарына енуі үшін «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы мен «Қазақстан-2050» Стратегиясына, «Нұрлы Жол» бағ­дарламасы мен «Бес халықтық рефор­маға» басымдық берілетінін атап өтті. Елбасы бұл жолда мамыражай тірлік болмайтынын, ырғалып жырғалудың жөні жоқтығын,  алдағы дамуымызға әлі бес жаңа сыртқы сын-қатерлер қауіп төндіріп отырғанын да жасырмады. Болашақтағы ел алдында тұрған бес ауқымды ішкі міндеттердің тінін тарқата баяндап берді.  Соқырға таяқ ұстатқандай анық та айқын бағыт-бағдар белгіленді. «Біріншіден, бізге тұрақтылығымыздың тірегі ретіндегі орта таптың үлесін ұлғайтып, бизнесті дамыту және елге орта табысы бар тұрғындарының саны басым мемлекет болуға көмектесу керек», – деп атап көрсетті Президент. Бұл қазірдің өзінде біршама  қалыптасып қалды.  Қазір еліміз ТМД, Орталық Азия шеңберінде ғана емес, сонымен бірге, әлемдік өркениеттің бел ортасынан лайықты орнын ойып алған қуатты мемлекетке айналды. Бұған, әрине, Елбасының көшбасшылық, саясаткерлік, реформаторлық қасиеттері алдымен себепкер болса, ең бастысы – еліміздегі тұрақтылық пен бірліктің оң әсер еткені және даусыз. Жастарымыз еліміздің, тіпті, әлемнің ең озық оқу орындарында жоғары білім алып, отандық экономиканы өркендетуге лайық­ты үлесін қоса бастады. Мұның бәріне еліміздің басты байлығы – тұрақтылықтың арқасында қол жеткізіп келеміз. Ал, тұрақ­тылығы шай­қалған, ауызбірлігіне сына қағылған ел­дердің әлеуметтік-экономикалық ахуа­лының күрт нашарлағанын көру үшін алысқа шап­қылаудың қажеті шамалы.
Нұрсұлтан Назарбаев: «Біз қысқа мер­­зімде өте көп жұмыс атқардық. Бү­гінде Қазақстан – Орталық Азиядағы эко­но­микалық көшбасшы. Бірақ, тоқтауға бол­майды. Реформалар ұлттық экономиканы білімге негізделген озық экономикаға айналдырады», деді. Бүгінде елімізде барлық мүмкіндік бар.  Біліктілік пен кәсіптік деңгейі өскен сайын әрбір қазақстандықтың өз елінің игілігі үшін жұмыс істеуіне толықтай мүмкіндігі бар. Отбасының бірлігі – Отанның бірлігі. Отан – отбасынан басталады десек, небір  асылдарымыздың бастау көзі де осы отбасынан басталады. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы:  «Отбасы  –  Қазақстан қоғамының діңгегі, экономикадағы, мәдениеттегі, әлеу­­меттік саясаттағы барлық жаңа же­тіс­тіктерінің негізі. Табандылық, ең­бек­­сүйгіштік, туған жерді қастерлеу, үл­­кенге құрмет және қонақжайлылық сияқты халқымыздың ең жақсы рухани-адам­гер­шілік құндылықтары берік от­басылық дәс­түрлер арқылы ұрпақтан-ұр­паққа жал­ғасып келеді» деген еді. Қазақстан Қар­­­жыгерлер қауымдастығының төра­ғасы Серік Аханов Нұрсұлтан Назарбаевты отан­дық қаржы-экономикалық жүйесінің бас­ты архитекторы деп атады. Сондай-ақ, Елбасының сарабдал саясатының арқасында Қазақстанның қаржы-экономикалық жүйесі бүгінде әлемдегі ең мықтыларының бірі болып табылатынын, осы себепті жаһандық дағ­дарыстың аса ауыр салдарларына төтеп бере алып отырғандығын атап көрсетті. Қазақстан халқының таңдауы өте орынды әрі түсінікті. Елбасының саяси бағыты барлық азаматтардың жанына, жүрегіне өте  жақын. Әлеуметтік-экономикалық реформалардың көрнекті көріністері қазақстандықтардың өмірін сапалық тұрғыдан көп жақсартты. Мемлекет басшысының этносаралық бірлік мәселелеріндегі сарабдал саясаты елдің көп­ұлтты қоғамында татулық пен келісімді қамтамасыз етуде. Н.Назарбаев ауқымды инфрақұрылымдық құрылыстың, әлеу­меттік жаңғыртудың, бизнесті қолдаудың жоспары болып табылатын «Нұрлы Жол» бағдарламасын іске қосты. Бұл шаралар жаңа – жұмыс орындарын ашу, әлеуметтік жағдайларды жақсарту және барлық салаларда жоғары технологияларға көшу деген сөз. Қазақстанда табысты жүргізіліп отырған саяси бағыт ұзақ мерзімді келешекке арналған, ал, оны іске асыру тек Іс басындағы Президенттің ғана қолынан келеді.
Ел Президентінің жанынан құрылған Ұлттық комиссия бұрын айтылған 5 ре­фор­­маны кезең-кезеңмен жүзеге асыруды бас­­қарып, мемлекеттік органдардың, бизнес сектор мен азаматтық қоғамның іс-әре­кеттерін үйлестіретін болады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзі өткізген кеңесте осы комиссияның құрылғанын жариялады. Ұлттық комиссияның жанынан беделді шетелдік және қазақстандық сарапшылардан тұратын консультативтік кеңес құрылатынын да Президент ұлықтау күнгі сөйлеген сөзінде атап өтті. Консультативтік кеңес халықаралық тәжірибенің озық үлгілерін пайдалануға ықпал ететін болады. Комиссия құру туралы Жарлықта оның негізгі бағыттары мен оларды қадағалауға жауапты адамдар да белгіленді. Осының өзі комиссия жұмысының нақты бағыттарын бірден айқындап берді. Әрине, халық бұл комиссияның жұмысына қолдау білдіруі керек деп ойлаймыз. Елба­сының қолға алған істері тек халықтың тікелей қолдауымен баянды болып келеді. Сон­дықтан сайлау науқаны бізді бұрынғыдан да гөрі тығыз топтастырды, ертеңгі күнге деген сенімімізді одан әрі нығайтты. Еліміздің өскен, өркендеген, өскін жайған күндеріне бәріміз бірге куә болайық!
Ел бірлігі нығайған, ұлт бірлігі берік, мем­лекетіміздің іргесі нық... Біз Елбасыға сенеміз!

 

398 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз