• Ел мұраты
  • 20 Шілде, 2015

ҚҰРЫШ ҚАЛАЙ ШЫНЫҚТЫ?! (Н. Ә. Назарбаев. «Өмір өткелдері» сұхбат кітабы Астана. «Фолиант» баспасы, 2015 жыл)

Уәлихан ҚАЛИЖАНОВ, 
М.  Әуезов атындағы Әдебиет
және өнер институтының 
директоры, филология ғылымдарының докторы, 
Ұлттық ғылым академиясының мүше-корреспонденті

Жас өседі, жетіледі, кемелденеді. Сөйтіп, кейбір Алланың нұры түскен адамдар ұл­тының ұраны болып, ірі саяси тұлғаға айналады. Жас ұрпақ сондай ұлы тұлғалардың, заманның ағысын өзгерткен адамдар туралы көбірек білгісі, түсінгісі келеді. 
Жақында Қазақстан Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өмірдің мәні туралы толғанып, жүрекжарды сөзін айтты. Енді, міне, іле-шала Нұрсұлтан Назарбаевтың «Өмір өткелдері» сұхбат кітабы қолыма тиді. Сұхбатты жүргізуші – журналистика майталманы, ғалым, «Егемен Қазақстан» газетінің президенті Сауытбек Абдрахманов. 


Ең алдымен «Кітап не үшін қажет? Бұл мемуарлық кітап несімен ерекшеленеді? Оның архитектоникалық құрылымы қан­дай?» деген сауалдарға үңілгенім рас. Өйткені, кезінде өзімнің «Президент. Көз­бен көргендер мен көңілге түйгендер» атты кітабым жарияланып, ол үш мәрте қайта басылып еді. Кітаптың жекелеген тарауларын «Егемен Қазақстан» газетінен оқығанмын. Енді, тұтастай кітап қолыма түскенде Елбасы мен журналистің жаңа пішін тауып, кітаптың құрылымдық, тарихи, деректілік жағынан ешкімнің қолына түсе бермейтін ұтымды жолын тапқанына қызыға қарадым. Өйткені, өмірде көрген, өзі бас болып жүзеге асырған, өмірбаянының жұрт біле бермейтін тұстары туралы, үл­кен саясаттың жұрт көзінен таса қалатын жағдаяттары туралы Н. Ә. Назарбаев сыр шертеді. Ал, сол әңгімелер дәйектеме арқылы нақтыланып, тарихи сипат алып отырады. Бұл кітап авторына да, сұхбат алушыға да кең тыныс береді. Бұл мемуарлық кітап қана емес, ол Елбасының халқымен сыйласуы мен сырласуының, «Әділеттің ақ жолы» сияқты ойтолғау кітабының заңды, байытылған, жаңартылған, кеңейтілген, толықтырылған нұсқасы сияқты әсер береді. Кітапқа кіріспе сөзінде Н.Ә.Назарбаев: «...1991 жылы, Тәуелсіздік жарияланғанға дейін Мәскеудің «Молодая гвардия» баспасынан жарық көрген «Әділеттің ақ жолы» деген кітабымда өмір­баянымның өткелдері жайында бірша­ма әңгімелеген едім. Одан бері де ширек ғасырдай уақыт өтті. Өмір өз­герді. Сана өзгерді. Кейінірек шыққан «Ғасырлар тоғысында», «Қазақстан жолы» кітаптарымда негізінен экономикалық, саясаттану мәселелері қозғалды. Оларда өзім туралы әңгімелеп жатуды артық көрдім. Сауытбек ұсынған сұхбат жанры өз бетінше қозғаудың кілтін таба бермейтін жайларды айтуға жақсы мүмкіндік жасайды екен. Ал, дұрысында, айтатын жай жеткілікті», − деп жазады.
Бұл Елбасының, Мемлекет  басшы­сының жан сыры, жан толғанысы. Ақын Қасым Аманжолов жырлағандай, «Өзге емес, өзі айтатын» бұрмасыз, бүркеусіз өмірбаяны. Кітаптың құры­лымдық ерекшелігі Елбасын мазалайтын, алаң­дататын, қуантатын мә­се­лелерге назар аударуға, ұғынуға, сараптауға мүм­кіндік береді. Ашық сая­саттағы адамның қызметі, өмірі әркез жұртты қы­зықтырады. Сондықтан да, Елбасымен, журналиспен бірге Н.Ә.Назарбаев өмірінің өзекті, өрнекті шақтарына саяхатқа шақырамын.
* * *
Ұшқан ұя ұлағаты. Бұл – Президенттің балалық, жасөспірім, саясаттың алғашқы жылдарындағы ізденістері мен іркілістері туралы өмірбаян беттері. Бұл туралы белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Мұхтар Құл-Мұхаммед екеуміздің «Халықтан жасыратын ештеңе жоқ» деген сұхбатымыз, жазушы-журналист Бейбіт Сапаралының «Президенттің балалық шағы» атты кіта­бында біршама жайттар қамтылған еді. Содан бері он сегіз жыл өте шықты. Бірақ, Президент жадынан ештеңе қалыс қалмайды. Нұрсұлтан  Әбішұлының қай жылы, қай кезде, кіммен және қандай мәселелер жөнінде әңгіме болғанын сол күйінде бүгінгідей жеткізетін таңғаларлық есте сақтау таланты бар. Ол «Ұшқан ұя ұлағаты» бөлімінде беймәлім қандай жайларды айтты? Міне, бұл сұрақтар мені де қызықтырып әкетті. 
...Ұлыбританияның танымал саясаткер-қаламгері Джонатан Айткен «Шамалған» атауы қазақтың «шам», яғни, «жарық» деген сөзінен шыққан деп жазған. Міне, осыған Н. Ә. Назарбаев төмендегіше түсініктеме жасайды. «Айткен оны қайдан білсін? Сөйлескен адамдарының біреуі солай деген. Естігені бойынша жаза салған. ...Бізде топонимика әлі де онша дамымай келеді. ...Жеріңе қойылған ат еліңнің ұрпақтарға қалдырған хаты...»
Иә, осы жерде сәл-кем шегініс жасап ал­ғым келеді. «Жастар» газетінің бас редакторы болып жүрген кезімде Н. Ә. Назарбаев Наурызбай батырдың Жоңғардың Шамал­ғанын да, Қаскелеңін де жекпе-жек ұрыста шаншып өлтіргенін айтып, бұл туралы «газет неге үндемей отыр?» деген-ді. Кейін газетте бірнеше материал жарияланып, Қаскелең ауданы Қарасай батыр ауданы болып өзгертілген еді. Н. Назарбаевтың өз халқының тарихын көптеген тарихшылардан көп білетініне талай көз жеткізгенмін. «Мен Қазақстан мем­лекетінің басшысы ретінде өз халқымның кемінде бес мың­жылдық тарихын білуге тиіспін» деген сөзі өмір шындығымен үнде­сіп жатыр. «Тарих толқынында» кітабы мен Ұлытаудағы сұхбаты осы деректерді ай­шық­­тай, айқындай түседі.
Нұрсұлтан Әбішұлының «Шұбарат» атты өлеңі шығуының тарихы да тартымды оқылады. Бұған кейін Шәміл Әбілтай ән жазып, оны Досымжан Таңатаров орындап жүр. Кейде, әзіл сөз шындыққа айналып кетеді. Нұрекең бір журналиске бала күнінде Үшқоңырдың биігінен алысқа қарайтынын, «Мүмкін, Теміртауды көрген болармын» деп әзілдейді. «Сол кезде астананы Алатаудан Сарыарқаға көшіруді ойлаған шығар» деп асыра мақтап жазса керек журналист әріптес. «Әр нәрсенің қисыны болуы керек», деп Нұрағаң жөнсіз мадақтау қажет еместігін айтады. Бұл, әрине, кісілік келбет қой.
Сұхбат барысында Нұрсұлтан Әбішұлы әкесі Әбіш пен анасы Әлжанның өнерге жақын екенін, өз бойындағы өнерге құмар­лық, әсіресе, анасынан жұққанын ерекше ықыласпен әңгімелейді. Тортай Сәдуақасов кезінде «Назарбай би және туған өлке тарихы» атты кітап шығарып, сонда Назар­бай бидің де ақындықтан құралақан болма­ғанының дәлелі ретінде Алпысбай төреге айтқан базынасын жариялайды. Әңгіме барысынан Н.Ә.Назарбаевтың ата-анасын қалай сыйлайтынын, жақсы көретінін се­зінесің. «Ауылдағы той атаулы менің анам бармай басталмайтын, бәрі «Әлжан келсін» деп күтетін. Әкем Әбіштің де суырып салма­лығы барын тұстастары айтып отыратын». 
Ал, Әлжан ананың тегіне келсек, ол кісі – ұлы Төле бидің, Ноғайбай, Кебекбай деген би-шешендердің тікелей ұрпағы. Мұны Нұрсұлтан Әбішұлы ертеректе берген сұх­батында айтқан-ды. Әрине, оқырманды Н. Ә. Назарбаевтың Жамбыл бабаны көрген сәттегі көңіл-күйі бей-жай қалдырмайтынына сенімдімін. 4-5 жас­тағы бала Нұрсұлтан зеректігімен, есте сақтау қабілетімен ерекшеленеді. Сон­дықтан да, Алғадайдың қайтыс болғанына көңіл айта келген Жұмабай Шаяхметовті, Сәбит Мұқановты көргенін еске алады. Және бір қызық дерек келтіреді. Ол − Сәбит Мұқановтың «Колхозды ауыл осын­дай» деген өлеңінің соңғы шумағы Әбіш Назарбаевтың үйінде жазылуы. Зерек Нұр­сұлтан жадында бұл тақпақ болып қа­лып қойыпты.
Түнгі дауыл тым алысқа кетеді,
Жаңғырықтырып, тауды дірілдетеді. 
Жайлауында жаздай думан қайнаған, 
Қандай ғажап малшылардың мекені!
Нұрсұлтан Әбішұлы өз бабасы Назар­байдың би болғанын бала кезінен білген. Бірақ аумалы-төкпелі замандар келіп, біреулер «пролетарлық» тегінен қашып, ақсүйектер ұрпағымыз деп жатқанда, сол баяғы колхозшы-шаруа әулетінен шыққанында қала бергені несі? Сөйтсек, қазақта ақсүйектер әулеті атадан балаға мирас болып қалмайды екен. Сондықтан да Нұр­сұлтан Назарбаев үшін мәселенің басы ашық. 
«...Әркім өз бақытын өзі жасауы керек. Әркім өз несібесін өзі теруі керек. Кім­нің нешінші ұрпағы болғанымда да мына жайдың басы ашық. Менің әкем Әбіш – қарапайым өмір сүрген, ғұмыр бойы жұмыс істеген адам... Отбасын өзінің ақ-адал еңбегімен асыраған». Міне, бұл Н.Ә.Назарбаев үшін үлгі, өмір сүру кодексі.
Есею жылдары атақты Магниткада бас­талды. Елбасы өмірінің бұл құрыштай мінез қалыптастырған жылдары есею ғана емес, азаматтық көзқарасын қалыптастырды. Біз Н.Ә.Назарбаев өмірінің осы тұсын тереңірек білетін де сияқтымыз. Бірақ, кітап оқып отырғанда бұрын көп біле бермейтін деректерге толы екеніне көз жеткізесіз. Шынында, «ғасырлық құрылыс» атанған Магнитка түтіні бұрқырап жатқан шойынды көргендей болатынбыз. Сол кезде жас Нұрсұлтан Назарбаев не көрді дейсіздер ғой. «Теміртауға барып түскенде мен кеңестік идеологияның жоқты бардай, барды нардай етіп көрсететін сипатымен алғаш рет бетпе-бет келдім десе де болады. Баспасөз бетінде дүрілдетіп, дүңкілдетіп жатқан алып зауыттың орнында құрылыстың жұрнағы ғана бар екен...»
Міне, бетбұрыс кезең. Тар кезең. Жап-жас, сұп-сұлу, күміс медальді   мектеп бітіру­ші үшін армандар шытынаған сәт туды. Кері бұрылып, «Алматы қайдасың?» деп тартып отыруға болады. Кез келген оқу орнының есігі айқара ашық екені күмән тудырмас. Бірақ, сындарлы сағатта Н.Ә.Назарбаев аттың басын кері бұрмады. Атасы жаудан қайтпаған, Қарасай, Наурызбай, Сұраншы мен Саурық батырлардың рухы оны қиындыққа қасқая тұруға шақырғандай. Ол металлург мамандығын алатын жастар легіне қосылып, Украинаға – Днепродзержинск қаласына аттанды. Ал, мұнда нағыз өндіріс екен. «Балқыған шойын арықтағы суша ағады... Міне, осындай тозақта бүкіл өміріңді өткізуге тура келетінін ойлаудың өзі де бізді сораптап шығарып жібере алмады». Кейбіреулер қиындыққа шыдамай кері қайтуға бел байлапты. Бірақ, Н. Назарбаевты намыс жібермеді. Өзге халық үйренген мамандықты қазақ неге үйренбейді? Топшыл, көпшіл жігіт спортпен, балуандықпен айналысып, алғашқы жеңіске жеткенде қарсыласы «Жарайсың, Қазақстан!» депті. Қазақстан намысы қазақтың намысы екенін жас Нұрсұлтан осылай түйсініп еді. Осы ұлттық намыс оны талай сыннан сү­ріндірмей өткізді, талай өмір тай таласында жеңімпаз етті. Есіме мына сәт оралып отыр.
Бірде Н. Ә. Назарбаев Теміртауға барды. Нұрекең айтқан «тозақ» сияқты от шашқан, арықтан суша аққан шойынды, 80-90 градус ыстықтағы цехты көргенде қара терге түскеніміз есімде. Сонда, Нұрсұлтан Әбіш­ұлы: «Міне, осындай от-тажалға шыдау үшін тұз қосылған су ішетінбіз», деген-ді.
Шойын балқытушы ғана емес, Н. Ә. На­­зарбаев еркін күрестен спорт шебері де атанды. Лев Рудольфович Ежевский жаттықтырған еді. Кейін, 1996 жылы Л. Р. Ежевскийді Нұрағаң Қазақстанға ша­қырып, елін, Шымбұлақты көрсетеді және «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы» деген атақ берілуіне себепкер болады. Н. Ә. Назарбаев әркез сөзге ұста. Көп ойланбай сөзбен орып түсіреді. Мұндайда атам қазақ «Сөз тапқанға қолқа жоқ» деп жатады.
− Лев Ежевский Қазақстанда ешкімді жаттықтырған жоқ қой?
− Неге? Президентті жаттықтырғаны, мемлекеттің басшысын шынықтырып бер­гені елге еткен еңбегі емес пе?..
Жақсылық ешқашан ұмытылмайды. Ұмы­­татын да кез болар. Бірақ, Н. Ә. Назарбаев еш­қашан жақсылықты ұмытпайды. «Сол мектептің тағылымы әлі күнге маған күш қосып келеді». Н. Ә. Назарбаев ұстаз­дары­мен, кластастарымен, теміртаулық достарымен байланыс жасап, кездесіп тұра­тыны сол ұлттық қасиетінде жатыр. «Ұлық болсаң, кішік бол» деген осы!
Құрыш құйып бірге өмір мектебінен өткен достары М.Нәрікбаев, Т.Сүлейменов, С.Ибрагимов сияқты азаматтар Қазақстанда ірі саяси-қоғамдық жұмыс атқарды. Оларды достастырған қазақы мінез, ұлттық намыс, кеңпейілді ата салты. Осыған дәлел болатын деректер дәйектемелердегі қысқа мысалдармен қамшы өрім болып, кітаптағы оқиғаға, әңгіме желісіне қатыстырылып отырады. Металлург мамандығын алған Дне­продзержинскідегі жылдар үшін Н. Ә. Назарбаев «Жастық жылдарымда жолық­қан жандардың бәріне қарыздармын» деп есеп­тейді. 
Таным мен түйсік, талап пен бақ қатар жүреді. Н.Ә.Назарбаев өмірінің Темір­таудағы жылдары толысу мен тағылым кезеңі болды. Кітаптың «Теміртау – алты бесік» атты үшінші бөлімі де оқырман үшін біршама таныс. Көптеген мақалалар, сұхбаттар, мәліметтер жарияланған. Бірақ, кейбір мәлім-беймәлім сәттерді Елбасының өз аузынан есту басқа әсер береді. Өйткені, Н.Ә.Назарбаев 1960 жылғы 3 шілдедегі Қарағанды металлургия комбинатының салтанатты ашылуына қатысты. Бірінші рет Қазақстанда шойын құйылыпты. «Бұл – тарихи оқиға». Иә, сол тарихи оқиғаның сыртында қандай мәселелер бар. Мұны бүкпесіз айту үшін жүрек керек. Бір жыл ішінде Нұрсұлтан Әбішұлы кіші көмекшіден аға көмекшіге, одан газшының көмекшісінен аға газшыға ауыстырылды. Тағы бір жыл өткенде аға горновойшы болады. Мұнда да зауыттың ауыр жұмысы мен талабына шыдамаған жас мамандар болған. Кейбір жігіттерді зембілмен цехтан көтеріп әкетіп жатады екен. «Бұлар мал бағу үшін ғана жаратылған ғой!». Бұл сөздер Нұрсұлтан Назарбаев жүрегіне тікенше қадалды. Өз сөзі: «...Мен өзіме ант етіп едім: осы жерде өлермін, өртеніп те кетермін. Бірақ, мен туралы әлгіндей сөз айтылмайды!». 
Теміртау мінезді ғана шыңдаған жоқ, көзқарасты да қалыптастырды. Нұрсұлтан Назарбаев партия қатарына өтті. Бірақ кі­тапта кейбір дәйексіз деректерге жауап бере кетеді. «...КПСС мүшелігіне кандидатқа қа­былдандым. Кейбір кітаптарда менің бұл қадамымды мансап сатысы үшін жасалды деп те түсіндіреді». Президент осы мәселенің мәнін түсіндіреді. Бұл – шындық. Өйткені, партия қатарына ең алдымен алдыңғы қатарлы жұмысшылар тартылатын. Екіншіден, партия мүшелігіне сенім артылатын, жауапты жұмыстар, лауазымды жұмыстар тапсырылатын. Үшіншіден, олар қоғамның қозғаушы күші деп есептелетін. Сондықтан да, Н. Ә. Назарбаев коммунистік қоғам тәрбиелеген заманның ұрпағы. Бірақ ол жүйенің құндылықтарынан да жоғары ұлттық мүдде барын ерте се­зінген ренесанстық тұлға екені де рас. Білім мен ғылымға, қоғам дамуының заң­ды­лық­тарына сүйене отырып, кейін ол егемен елдің нарықтық экономикасын құрды. Бұл басқа тарауларда кеңінен таратылып айты­латындықтан, сол дәуірге сараптама жасау барысында бұл кезеңге қайта оралатын боламыз.
«Махаббат, қызық мол жылдар» да осы Теміртаумен тығыз байланысты. Бүгінгі Қазақстанның бірінші ханымы Сара Ал­пыс­қызымен Нұрсұлтан Назарбаевтың кездесуі, келісуі, шаңырақ көтеруі жеке бір деректі, болмаса көркем әңгіменің желісі боларлық жайт. Көру мен танысудың арасы қаншалықты ыстық, қаншалықты қызық? Бүгінгі күннің биігінен сол жыл­дарға оралсақ, не көрер едік? Әрине, Н. Ә. Назар­баев болашақ жары Сара Алпыс­қызын би кешінде көріп танысады. Ал, Сара Ал­пысқызы би алаңына кімді іздеп келді? Әл­бетте, Нұрсұлтан Әбішұлын ол хорға қатысқан кезінде көрген. Нұрағаңның тамаша қасиеті осы сұрақтар кезінде де айқын көрінеді. «...Сараны түсіну де қиын емес. Болашақ күйеуімді алдымен өзім барып көріп едім деуге ыңғайсызданған да шығар, кім біледі? Әйелдерді ұғу да оңай емес қой өзі».
Хош делік. Жас Нұрсұлтан партиялық «темір» тәртіптің ызғарын сезді. Теміртау қалалық комсомол комитетінің бірінші хатшысы қызметінен бас тартқаны үшін есеп карточкасына жазылған сөгіс алды. Нұрсұлтан Әбішұлы үшін партиялық жаза қоғамдық-саяси жұмыстың есігін тарс жапқандай еді. Сол кездегі Теміртаудың бірін­ші хатшысы Л. Катковтың жұмыс стилі оған түрпідей тиіп еді. Кейін өзі пре­зиденттікке дейінгі қызметінде адам тағдырын шешуде Катковтың стилін қайта­ламауға тырысатын. Адамды келісі­мінсіз, зорлап жұмысқа қоюға болмайды. Бірақ Н.Ә.Назарбаев кейін қалалық партия комитетінде өндіріс бөлімін де басқарады. Николай Григорьевич Давыдов Л.Катковты ауыстырып, Теміртау қалалық комитетінің бірінші хатшысы болған кез еді. Бұл мүлдем бөлек жұмыс стилі-тін.
Н.Ә.Назарбаев үшін Комсомол бола­шақ қызметтерінің баспалдағы болды. Ком­сомолдағы жарқын күндердің бірнеше парасын, Ю.Гагаринмен суретке түсу тарихын, Дүниежүзі жастар фестиваліндегі шетелдік журналистің сұрағына тосқауыл жауап бергенін «Егеменде» «Бірінші» деген мақалада егжей-тегжейлі жазып едім. Сондықтан да, бұл сәттерді айналып өтіп, оқырманды партиялық жұмыстағы жағ­даяттар туралы естелік беттеріне шақырғым келеді. Сонымен, Н.Ә.Назарбаев Теміртау қалалық партия комитетінің екінші хатшысы болып сайланады. Мұндай өсу бұрын-соңды болмаған шығар. Сол кездің тілімен айтсақ, жоғары номенклатуралық қызмет. Бәрі өзіңе байланысты. Бұл жол сені не өсіреді, не өшіреді. Партияға бір жағы принципшіл тұлғалар, екінші жағынан мәселені жоғарыға жеткізбей «жабулы қазан жабулы» принципін ұстанатын адамдар қажет-тін. Ал, Карметкомбинаттың партком секретары болу одан да жоғары. Партком секретары КПСС Орталық Комитетінің номенклатурасы. Ал, шешілмеген мәселе көп. Не істеу керек? Н.Ә.Назарбаев «Правда» газетінің тілшісі Полтаранинге қордаланған мәселенің бәрін тәптіштеп түсіндіреді. Мақала жарияланысымен Теміртауға КПСС Орталық Комитетінің хатшысы В.И.Долгих келіп кетеді. Артынша комиссия келіп үлкен шешім қабылданды. Кейін В. И. Долгих: «...Қазақстан магниткасы Одақтағы озық кәсіпорынға айналып қана қойған жоқ, металлургия саласындағы үлгілі комбинат қатарына қосылды.
Сөз жоқ, Нұрсұлтан Әбішұлының сол кездегі еңбегі ересен. Ол Қазақстан магниткасын аяғынан тік тұрғызды!» − деп еске алады.
Несін жасырамыз, егер де, Назарбаев сияқты батыл партком хатшысы болмай, жалтақ, жағымпаз біреу кезіккенде, қа­зақ­­тың маңдайындағы жалғыз комбинат әлдеқашан жабылып қалар ма еді? 2011 жылы Владимир Иванович Долгих айтқан бұл пікір Н.Назарбаевтың Кар­мет­комбинаттағы партком қызметінің қандай жауапты әрі қауіпті болғанын айғақтайды. Бұл жол, бұл тағдыр Нұрсұлтан Назарбаевты Алматыға, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы қызметіне алып келді. 1980 жыл еді. Кремльде КПСС Орталық Комитетінің хатшысы М.А.Суслов «Міне, Сізді өсіріп шығардық!» дейді. Бұл қаншалықты шындық? Журналист С.Абдрахманов та бұл сұрақтан аттап өте алмайды. «Әділеттің ақ жолы» атты кітапта «Сіз мені басқа адамдар өсіріп шығарды» дегендей ой айтыпсыз? Мұны қалай түсіндірер едіңіз?» дейді. Бұған жауап бәрімізді қызықтырады деп білемін. Н. Ә. Назарбаев Теміртауда комбинат директоры болған Л.Тищенко, қалалық партия ұйымының басшысы В.И.Давыдов, Қарағанды облысының сол кездегі атқару комитетінің төрағасы С.Досмағамбетовтің атын атайды. Және «...Мұндай жоғары лауазымды қызметке жастай көтерілуіме республика басшысы Д.А.Қонаевтың маған деген ықыласты қабағының да белгілі бір дәрежеде әсері бар деп ойлаймын», − деп ағынан жарылады. Яғни, Н.Ә.Назарбаевты өсірген КПСС Орталық Комитетінің басшылары емес, халық, республикалық өндіріс және саяси элита.
Константин Устинович Черненконың жағдайы да адам күлерлік сәттерге толы. «Черненко күтпеген жерден орнынан көтерілді де, маған қарай жүрді. Бірақ, кенеттен теңселіп құлап бара жатқандай болды. Жанындағы әлеуетті жігіт зорға дегенде сүйеп үлгерді.
...Мұндай кездесулерден кейін еріксіз ойға қаласың. Аса ірі мемлекеттің басында осындай адам да отырады екен-ау». «Әділеттің ақ жолында» жазылған бұл деректердің әңгімеге сыналап кіргізілуі Нұрағаңның пікіріне мысал ретінде алынып, қабысып отырады.
Республика жұртшылығын, қалам­герлерді Д. А. Қонаев пен Н. Ә. Назарбаев ара­сындағы қызметтік, адами қарым-қаты­настар әрі қызықтырып, әрі алаңда­татынын жұртшылық пікірінен аңдайтын едік. Қазақтың екі марғасқа ұлдарының арасын­дағы қарым-қатынас қалай өрбіді? Олар қалай бірге жұмыс істеді? Түсінісе алды ма? Екеуінің арасына сызат неге түсті? деген сауалдар, қаңқу-саңқу сөздер әлі де ара-тұра естіліп қалады. Н. Назарбаевтың «Өмір өткелдерінде» бұл сұраққа жауап бар ма екен? деп шұқшия оқығанымды да жасыра алмаспын. Жоқ, Нұрсұлтан Әбішұлы бұл сұрақтардан да айналып өтпепті. 
«...Жалпы, бұл тақырып – Қонаевпен қарым-қатынас күрделі тақырып. Бір жағынан, біз жасы үлкенді сыйлаған, олар­дың алдынан қия өтпеуге тырысатын халықтың баласымыз, оның үстіне Дін­мұхамед Ахметұлы – бүкіл елге сыйлы тұлға. Димекеңнің халық үшін еткен еңбегі жөнінде Қонаевтың туғанына жүз жыл толуына арналған іс-шаралар кезінде айтқанымды өзің білесің».
Иә, Д. А. Қонаевтың 100 жылдығына арналған салтанатты жиында «Қазақ елінің тағылымды тарихында заман жүгін арқалаған талай толағай тұлғалар болды. Аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев – сондай біртуар болмыс иесі» − деген сөздері жадымызда жаңғырып тұр. Әңгіме барысында Н.Ә.Назарбаев ағынан жарылып, Д.А.Қонаев туралы былай дейді: «Дінмұхамед Ахметұлы... орталықтандырылған жүйенің қыспағында тұрып та ел үшін көптеген іргелі шаруалар атқара алды. Мұны ол кісінің Брежневпен көңілі жақындығымен ғана түсіндіре салатындар мәселенің бетінен қалқитындар».
Сонда мұның сыры неде? Н.Назар­баевтың ойы төмендегідей: «Мәскеуде жыл сайын бірінен кейін бірі ауысқан басшылардың тұсында жаңа уақыт талабына бейімделе алмай қиналған кездерінен және социалистік даму жолын таңдаған жүйенің өзге қоғамдық жүйемен бәсекеде жеңіліске ұшырай бастағанын дер кезінде тани алмағаны деген дұрыстыққа келетін шығар». Бұл ойын келесі бір пікірінде нақтылай түседі «...Ол кісінің қалыптасқан жағдайды жөндеуге ұмтылыстың бәрін өз беделіне нұқсан келтіру әрекеті деп қабылдағаны менің жанымды қатты жабырқататын». Н. Ә. Назарбаевтың жанын қатты «жа­бырқатқан» мәселелер Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төр­ағасы Н. Ә. Назар­баев­тың Қазақстан Компар­тиясының XVI съезінде жасаған баяндамасында тұр. Сол баяндаманың үзіндісі кітапқа енгізілген. 
Ілгері-кейінді оқиғалар ішінде қазақ халқы үшін 1986 жылдың Желтоқсаны ерекше орын алады. Бұл қанды қырғын қазақ тарихында алтын әріптермен жа­зылған. Алтын деп отырғаным, біздің алтындай қыздарымыз бен ұлдарымыз КПСС Орталық Комитетінің шешіміне тұңғыш рет қарсы шықты. Ұлттық сана-сезім өсті. Ұлттық намыс оянды. Жергілікті биліктің, халықтың пікірімен санаспай жоғарыдан кадрларды тоғыту саясаты енді жүрмейтіндей еді. Кеңес Одағы билеген 70 жыл ішінде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірін­ші хатшылығына үш-ақ адам сайланған екен. Бұл қалыпты жағдай сияқты көрінетін. Бірақ, Горбачевтің қайта құру саясаты кешегі тұншығып жатқан ұлттық намысты оятты. Қонаев тақтан кетіп, Қазақстанға бірінші басшы болып аты-жөні белгісіз Г.В.Колбиннің келуі және оның қанды қырғынға ұласуы халықтың кәріне ұшырады. Қазақ Жастары Орталық алаңда қан жоса болып, «Менің Қазақстаным» әнін айтып шеруде жүрді. Кімнің кім екені айқындалған күндер еді бұл. Осы Желтоқсан көтерілісінің азасы мен наласы айқындалып болды ма? Бұл ұлттық патриоттарды ғана емес, бүкіл қазақ халқын әлі күнге толғандырады, әлі күнге ойландырады. Міне, осы мәселелер Н.Назарбаевтың «Өмір өткелдерінде» қаншалықты көрініс тапқан. Шырылдап шындық жетті ме екен?! Сондықтан да, Н.Назарбаев кітабының «Сын сағаты соққанда» тарауын ерекше мән беріп, шұқшия қарап, сөйлемдердің астын сүзгілеп оқығанымды жасыра алмаймын. 
...Соңғы ширек ғасыр – Қазақстан ғасыры болды десем жаңылыспаспын, сірә! Бәрінен де Тәуелсіздік қымбат! Бірақ, «Егемендіктің елең-алаңы» да баршылық. Н. Ә. Назарбаев кітабының алтыншы тарауы осылай деп аталады. Саяси әдебиетте, қоғамдық ортада егемен ел атанған Қазақстан саясатын қалай құру керек? деген Н. Ә. Назарбаев саясатына ерекше мән беріліп жүр. «Алдымен – экономика, сонан кейін саясат» деген тұжырым орныққалы да біршама болды. Әуелде түсінбеушілік те орын алды. Елбасы ұсынған Кеден Одағы, Еуразиялық одақ дегенді бұра тартып, Н. Назарбаев бұрынғы СССР-ды аңсайды дегенді айтушылар да, жазушылар да табылды. Бұл өліара шақ еді. Егемендікті алу бар да оны ұстап тұру бар. Тұралаған экономика, құлдыраған ауылы бар елдің еңсесін қалай көтеру керек? «Балық берме, балық аулайтын қармақ бер» деген нақыл сөздің айтылғаны да осы тұс.
Ал, осы кездегі Қазақстан экономикасы қандай жағдайда еді? Қазақстан өнімінің 97 пайызы орталыққа ыңғайластырылған екен. Сондықтан да, билікті бөлу саясаты қолға алынды. Жоғарғы Кеңесті кәсіби Парламентке ауыстыру қажет болды. Сөз арасында айта кетейік, 13 шақырылған Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты едім. 1995 жыл. Күні бойы айтыс-тартыс. Министрлер сағаттап депутат кабинетінің алдында отыратын. Бір жылға жетер-жетпес уақытта, ұмытпасам, бір ғана заң қабылданды. Бар мәселені Н.Ә.Назарбаев Жоғарғы Кеңеске келіп өзі шешіп отырды. Ал, бұл жедел басқару жүйесіне кедергі болды, реформаларға кедергі келтірді. 
Жоғарғы Кеңес таратылғаннан кейін Президент қол қойған заңдық күші бар 190-нан астам заң қабылданды. Бұл Қазақ­станды экономикалық тығырықтан алып шықты. Сол кезде О.Сүлейменовтің «Танк пен Танька» деген юморы айтылғаны есім­де. Бірақ, уақыт бәрін орнына қойды. Ол шешім – дұрыс шешім! Мен – куәгермін! Сол күндердегі халық сабырлылығын Н. Ә. Назарбаев ашық жазады, рахмет айтады.
«...халқымыз, айналайын халқым сол бір қиын күндерде де даналығынан таймады, сабырлылығынан айнымады. Зарығып көрген тәуелсіздігінің алғашқы белесінде, тіпті, ашқұрсақ жүруге де бейілді болды. Қазақстандықтар маған сенді. Сайлауға дейін де өйтемін де бүйтемін, үлде мен бүлдеге ораймын демегенімді, қайта қиын­дыққа қарсы қайрап салғанымды бағалады. Алда қиын күндер тұрғанын айтқанымды ескерді. Ақыры бұл елеулі проблеманы да елді ереуілдетуге жеткізбей еңсеріп шықтық». Міне, Президенттің жан сыры. Сол ке­зеңдегі Қазақстандағы жағдай алақанға салынғандай ашық көрсетілген. Біреулерді «ма­залайтын», біреулердің «ұй­қысын» ала­­тын жағдаяттар осы. Пре­зиденттің хал­қы­­нан жасырар сыры жоқ. 1991 жылы 16 желтоқсанда ел Тәуелсіздігі жарияланып, инаугурация өткізілді. Сол ұлы оқиғаның ішінде болғанымыз үшін біз де ба­қыттымыз. Сахна жабыларда Тәуелсіздік Туы орнатылған тұғыр қозғалып, Ту жантая бастағанда Н.Ә.Назарбаев оны жедел барып ұстап, орнына нығарлап бекітіп қойды. Біз соны көрдік. «Тәуелсіздік Туы берік қолда екен» деп біз де Салтанат сарайынан кеудеміз көтеріліп шықты. Іштей «Ұзағынан сүйіндірсін» деп тіледік.
Халқы Президентіне, Президент хал­қына сенген осы тұста жұрт көзінен таса жұмыстар жүріп жатты. Қазақстан теңгесін шығару қолға алынды. Ұлттық валюта «теңге» болады деген сөзге қарсы болып, «сом» қала берсін деген дауыстар шығып жатты. Тіпті, қазақта «теңге» деген сөз жоқ деп даурыққандар да болды. 
...Президенттің Шығыс Қазақстан облысына сапары басталған. Үлбі комбинатында шығарылып жатқан тиындарды көрдік. Онан соң баспасөз мәслихаты өтті. Өңі қазақ, тілі орыс журналист осы жерде Н.Ә.Назарбаевқа:
− Нұрсұлтан Әбішұлы, қазақта теңге деген сөз жоқ. Соны білуіңіз керек қой. Рубль деп төл валютамызды атаудан неге қашасыз? – деп сұрақ қойды. 
Нұрсұлтан Әбішұлы әсте эмоцияға бе­ріле бермейді. Сабырлы, салмақты сөйлеп, әсем юмормен күрмеулі сөздің түйткілін шешіп жібереді.
Журналист сөзі жақпады, шымбайына батты, намысына тиді.
− Сіздің қазақ фольклорынан хабарыңыз бар ма еді, өзі? «Айман-Шолпанды» оқып па едіңіз? Егер, оқысаңыз, сонда мынандай жолдар бар емес пе? «Базарда теңге болсаң, пұл боларсың, Көтекемнің айтқаны рас болса, қолыма су құятын күң боларсың». Қазақта теңге сөзі болмаса, баяғы фольклорлық мұ­рамызда қайдан жүр?
Тыныштық. Біз ду қол шапалақтадық. Камерасын сүйреткен журналист топтан жарылып шыға берді. Ал, ұшаққа мінгенде Н.Ә.Назарбаев төмендегіні айтты.
− Ұлы Жібек жолы бойымен мыңдаған керуен Шығыстан Батысқа, Батыстан Шығысқа қарай ағылып жатты. Сауда қазақ даласында бір сәт тоқтаған емес. Сөздер сіңіп, бірін-бірі байытып жатты. Ал, теңге – кірме сөз. Бірақ, қазақ оны қабылдап, төл сөзге айналдырған. Теңге – таңга – тіллә – талер – доллар.
Бұл сөз менің әлі есімде. Сондықтан да, дәйектеме ретінде осы бір сәтті оқырман біле жүрсін деген ниетпен жазып отырмын. 1993 жылдың 15 қарашасынан бастап бүкіл Қазақстан аумағында теңге енгізіліп, Ұлттық валютамыз әлемдегі ақша айналымына қосылды.
Егемендіктің елең-алаң шағының үл­кен саяси белестері бар. Ол Қазақстан Қа­рулы Күштерін құру, жаңа тұрпаттағы Сыртқы істер министрлігін жасақтау, егемен елдің Конституциясын жасау және қабылдау, әлемге тарыдай шашырап кеткен қандастарымызды туған жерге шақыру сияқты ұланғайыр жұмыстар атқарылды. Бұл оңайлықпен келген жоқ, оңайлықпен жүзеге асырылған жоқ. Оны оқырман осы тараулардан біле алады.
Кеңес Одағы  тұсында Қазақстан ядро­лық сынақтар алаңына айналып еді. Бірінші атом бомбасы да Семей полигонында жарылды. Одан кейін де қаншама жарылыстар болды. Қазақ адам төзгісіз экологиялық апатқа тап болды. Бірақ, туған жерін, кіндік қаны тамған жерді қазақ тастай ала ма? Полигон зардаптарын көре жүріп, халық сол өңірде өмір сүрді. Жер, ауа ғана емес, адамдар мен малдар да сол сынақ нысанына айналғандай. Гендік өзгеріске ұшыраған мал мен жан ше? Не істеу керек? Осы кезеңде ақын О.Сүлейменов құрған «Семей-Невада» қозғалысы жұмысын бастады. Бірақ, бұл мәселелер алаулатып-жалаулатқан шерулермен шешілмейтін. Бұған тек қана саяси шешім қажет еді. Сол шешімді ел Президенті 1991 жылдың 29 тамызында жариялады. Өз Жарлығымен Н.Ә.Назарбаев Семей полигонын жапты. Бұл кезде Одақ әлі «тірі» еді. Орталық омақаса құлады. Мұндай шешімге келу үшін жүрек қана емес, білек те, тілек те қажет-тін. Сондықтан да, Н.Ә.Назарбаевтың Семей полигонын жабуы әлемде теңдесі жоқ оқиға болды. 
Кітапта   Семей полигоны неге таңдал­ғаны жөнінде құнды ақпарат бар. Осы күнге дейін мұның саяси астарын бағамдағанмен, геофизикалық-географиялық  астарын біл­ген емеспін. Және ондай ақпаратты бұ­рын-соңды оқып көрмеппін. Білсе, миллионның бірі білген шығар. Осы себептен «Өмір өткелдеріндегі» деректі оқырман назарына ұсынамын.
«...ең бастысы – болашақ полигон ор­нының алып құрлықтың ортасында болуы. Нақты айтқанда, полигон тұрған жер Тынық мұхит жағынан да, Солтүстік мұз­ды мұхит жағынан да, Еуропа беттегі НАТО әскери кешендері жағынан да ең қашық жерде, континентаралық ядролық зымырандар жете алмайтын жерде болуға тиіс еді. Әлемдік мұхиттарда атом сүңгуір қайықтарының жағалауға жақындап келе алатыны, кемеден ядролық зымырандарды ата алатыны белгілі. Семей жері полигон үшін солай таңдалған. Мұның өзі баяғы Наполеонның «Елдің саясаты үшін оның тарихынан да гөрі географиясы көбірек маңызды» деген сөзінің дұрыстығын көр­сетеді. Мәскеудегілер осындай ойдың өзін халықтан жасыратын. Ондағылар бұл жер Кеңес Одағының ең адам аз қоныстанған жері еді, оның үстіне негізгі коммуникация желілерінен оншалықты қашық емес еді деген сияқты сөздерді алдымен көлденең тартатын. Сөйтіп, облыс орталығынан небәрі жүз елу шақырым жерді таңдап алыпты. 
...Ядролық жарылыс жасалатыны жө­нінде сондағы халыққа ескерту 1953 жылдан ғана басталған. Соған дейін, яғни, тұтастай төрт жыл бойы адамдарға алдын ала хабарлау да, оларды жарылыс орнынан алыс жерге уақытша алып кету де ойластырылмаған. Әсіресе, алғашқы жарылыстың зардабы ерекше болған. Радиоактивті заттектер сол маңайдағы барлық елді мекендерді жауып қалған. Не болып, не қойып жатқанынан атымен хабары жоқ ауылдардағы тұрғындар радиациялық сәуленің өте үлкен дозасын алған. Сұмдық емес пе?».
Иә, сұмдық... Сол сұмдықтың үнін жапқан Н.Ә.Назарбаевты қалай ұлт­жанды, басын бәйгеге тіге алатын тұлға демеске?! Енді, Абай, Әуезов, Шәкәрім, Козы Көрпеш-Баян сұлу, Еңлік-Кебек елінің тыныштығын бейбітшілік, келісім бесігі тербетіп тұр. Бірақ, бұл оңайлықпен келген жоқ. Сынақ жабылғанмен мол ядролық қаруды не істеу керек? Мі­не, осы тұста Н.Ә.Назарбаевтың нағыз кемел саясаткерлігі көрінді. Ол Қа­зақстанның ядролық қарудан бас тарту үшін, ядролық қаруы бар елдердің Қазақстан қауіпсіздігіне кепілдік берілуін талап етті. Міне, осындай ядролық державадан бас тарту мәселелерінің қалың жұртқа мәлім-беймәлім тұстарын білгісі келетін оқырманды осы тарауларды талдап оқуға шақырамын.
...«Өмір өткелдерінде» Президент пен Жоғарғы Кеңес арасындағы «кикілжің», «текетірес» деген теңеулерге толы мақа­лаларға, пікірлерге де жауап алуға болады. Жоғарыда Жоғарғы Кеңестің XIII ша­қырылымы туралы, ондағы жұмыс барысы туралы оқырманды хабардар еткенмін. Дегенмен, күні бүгінге дейін оппозициялық басылымдарда сол кезеңнің саясат «серкесі» Серікболсын Әбділдиннің мақалаларында, сұхбаттарында басы ашылмаған мәселелер туралы көптеген пікірлер айтылып жатады. Осы кітапта Н.Ә.Назарбаев саяси біліктілік, қазақы азаматтық ұстаным танытып, аға жағасына жармаспай, сол «текетірес» туралы байыпты ой қозғайды. Мәселе жаңа Конституциядағы Президенттің, Пар­ламенттің, Үкіметтің құзіретіне байланысты туындағаны белгілі. Бақсақ, келіс­пеушілік мында екен...
«...Қазақстанның бүкіл халқы атынан билік жүргізуге республика Жоғарғы Кеңесі мен Президентінің ғана құқы бар екенін жазу арқылы Парламент елдің сипатын парламенттік-президенттік республика түрінде белгілеген болатын. Бұл арада мәселе «Кім бастық?» дегенде емес. Мәселе, Жоғарғы Кеңестің Президентке және Үкіметке реформаларды, әсіресе, экономикалық сипаттағы реформаларды жүргізу ісінде кедергі келтіретін орынсыз кең биліктілігі жөнінде. Мұны кейінге қалдырмай шешу керектігіне көп ұзамай-ақ көзім жетті. Ол кездегі ай сайын құбылып тұрған экономикалық күрделі жағдай кей заңдарды шұғыл қабылдауды қажет ететін...»
Расы осы. Мен сол кездегі Жоғарғы Ке­ңес  депутаты  ретінде Президент сөзін растаймын. Сондықтан да, көзіқарақты оқыр­манды сол күндердің қарым-қатынасын, саяси күштердің ара салмағын білу үшін Н.Ә.Назарбаев кітабының осы тұстарына кеңірек назар аударуға кеңес берер едім.Бәрін білгің келеді. Бәрінен хабардар болғың келеді. Тәуелсіз елдің бекемдігі оның шека­расының мықтылығына байланысты екен­дігі даусыз. Мұны Н.Ә.Назарбаев қадап айтады.
«...тәуелсіз елдің басты белгісі – заң­ды түрде белгіленген өз территориясы болуы. Бәрі де осыдан басталады. Демо­кратиялық қағидаттар халықаралық қарым-қатынастарда орныға қоймаған өткен замандарда бір елдің бір елге басып кіруі, сол жерді өз иелігіне айналдыра салуы қалыпты жайға айналып кеткен. Есте жоқ ескі кезеңдерді қозғамай-ақ қояйық, бергі уақыттың өзінде шекаралас елдердің арасында жер үшін қаншама қанды қырқыс болғанын білеміз. Сондықтан да, мен 1992 жылдың өзінде-ақ, Қазақстан Біріккен Ұлт­тар Ұйымына мүше болғаннан кейінгі Бас Ассамблеяның алғашқы сессиясында қалыптасқан шекараларды қайта қарауға шақырудың қандайлық зардаптары болуы мүмкін екенін айтқан едім».
Иә, шекара мәселесі оңтайлы шешілді. Бірақ бұл оңайлықпен келген жоқ. Атақ­ты жазушы Солженицынның, Ресей Дума­сының депутаты Жириновскийдің сөздері әлі ұмытыла қойған жоқ. Осы ретте бүгінгі Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзі кітапқа өте икемді кіргізілгенін ескерте кеткім келеді.
«...Ұзындығы 13 мың шақырымнан артық мемлекеттік шекараны делимитациялау мен демаркациялау – Елбасымыздың стратегиялық тұрғыдан ойлау қасиетінің тағы бір дәлелі. Шекараның халықаралық- құқықтық тұрғыдан ресімделуі және Қы­тай­мен, Ресеймен, Өзбекстанмен және бас­­қа да көршілес елдермен шарттарға қол қойылуы әлемдегі қазіргі жағдайды ес­­кере келгенде жер көлемі бойынша дү­ние­жүзіндегі тоғызыншы орында тұрған біздің мемлекетіміздің аумақтық тұтастығы мен қауіпсіздігі тұрғысынан ерекше маңызға ие. Тәуелсіздік алғаннан кейін-ақ Президент дипломатиялық қызметтің алдына стратегиялық тұрғыдан маңызды мін­дет­ті – шектес мемлекеттердің бәрімен ше­­ка­ралық шептерді анықтап, құжаттау міндетін қойды. Нұрсұлтан Әбішұлы бұл міндетті қойып қана қойған жоқ, бұл жұ­мысты өзі басқарды, әрбір детальға мән беріп, жоғары деңгейдегі келіссөздер ке­зінде табандылық танытты, әр мәселе бойынша біздің көз­қарасымызды сенімді түр­де негіздеп отырды. Шекараны делими­тациялау ісінің аяқталуының Қазақстан үшін маңызына сөз жетпейді.
...Сыртқы саясат – толықтай Мемлекет басшысының құзыретіндегі іс. Пре­зиденттің бұл салаға жасаған қам­қор­­лы­ғының арқасында тәуелсіздіктің таң­­сәрі шағында-ақ Қазақстанның дауысы барлық көпжақты форумдарда естіле бастады. Кеңестік кезеңде Қазақстанда дипломатия іс жүзінде болмаған да еді. Республикалық СІМ тек консулдық және хаттамалық шаруаларды ғана атқаратын. Тәуелсіз мемлекеттің Сыртқы істер минис­трлігі Қазақстанның Сыртқы саясат тұжы­рымдамасының не­гіз­гі қырларын талдап-жасау барысында ең алдымен Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның егемен мемлекет ретінде қа­лып­тасуы мен дамуының стратегиясы» атты іргелі еңбегінде Президент ел­дің сыртқы саясатының бағыттарын да айқындап берген болатын». 
 «Дәуір тудырған Елбасы», 
«Егемен Қазақстан», 2014, 4 шілде».
Бұл сөздерге 100 пайыз қосыламын. Өйткені, Қазақстан мен Өзбекстан, Қа­зақстан – Қырғызстан, Қазақстан – Қытай шекараларының географиялық нүктесін анықтау жөніндегі заң жобаларын Парламент Мәжілісінде жүргізген депутат едім. Президент «қазақтың бір шаршы метр жері шетке кетпесін» деген талап қойды. Және соған өзі бар күшін салып қорғады. Үлкен саясатта келісімдер болып тұрады. Бірақ, ол ел мүддесіне қайшы болмауы тиіс. Өзбекстанмен жер алмасуы болды, бірақ одан қазақ мемлекеті еш ұтылған жоқ. Өйткені, айырбасқа қазақтар жиі қоныстанған шекаралас елді мекендер тең көлемде алмастырылды. Сол күндерде Парламентте қас қарайғанша жатып жұмыс істеген марқұм Мұрат Атановты, Жер комитетінің сол кездегі төрағасы Бақыт Оспановты ерекше ілтипатпен еске аламын. 
Тіпті, мына дерек те оқырманды бей-жай қалдырмас. Ұмытпасам, 1996 жыл еді. Мәскеуде, Кремльде Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев пен Ресей Федерациясының Президенті Б.Н.Ельцин арасында келіссөз жүрді. Таңертеңнен басталған келіссөз қас қарая бітті. Небір алып-қашпа сөздерді естідік. «Қазақстан мен Ресей мемлекеттері арасындағы  қалыптасқан мәселеде екі ел Президенттері бір шешімге келе алмапты» деген сөз тарады. «Комсомольская правда» газетінің тілшісімен жастар баспасөзінде қызмет істеген жылдары таныс едім. Соның аузынан естідім. Біз күні бойы Кремльде саудырап жүрдік те қойдық. Бір кезде қос Президент журналистерге шықты. Мен «Егемен Қазақстанның» бас редакторы едім. Бірінші болып сұрақ қойып үлгердім.
− Сіздер күрмеуі қиын жіптің түйінін шеше алдыңыздар ма?
Борис Николаевичке бұл сұрақ ұнаған болуы керек. 
− Қазақстанның Нұрсұлтан Назарбаевтай табанды Президенті болса, мәселе шешілмей қалушы ма еді? Шештік. Енді біз «нольдік» жағдайда жұмыс істейміз.
Ду қол шапалақталды. Бұл Қазақстанның Ресейге, Ресейдің Қазақстанға берешегі жоқ, шекарасы да осы қалыпта қалады деген сөз еді.
− Борис Николаевич бәрін айтты ғой, − деп Н.Ә.Назарбаев Қазақстаннан барған журналистермен қол алысып амандасты. Бұл Президенттің де, біздің де бақытты шағымыз еді...
Сыртқы саясат – ел Президентінің ең бас­ты жұмыс бағыты. Мемлекеттің ішкі және сыртқы саясаты үйлесім тауып жатқанда ғана кез келген мемлекеттің әлемдік саясаттағы орны айқындалатыны белгілі. 
Н.Ә.Назарбаев болашақты болжайтын, өткенді ойлайтын ірі саяси тұлғаға айналды. Оның сөзіне Батыс пен Шығыс, Еуропа құлақ түреді. Терезесі тең, керегесі кең Қазақ елі тыңнан түрен жол салды. Қазақтың есіктегі басы төрге шықты. Бұл қалай мүмкін болды?!  Мұны бағамдау үшін Н.Ә.Назарбаевтың «Өмір өткелдері» кітабының «Сыртқы саясат соқпақтары» бөліміне соқпай кете алмайсыз. Өйткені, бұл Қазақстанның сыртқы саясатының шарықтау шегі ғана емес, бағамдар тұсы да. ЕҚЫҰ-ға жетекшілік ету ілуде бір мемлекеттің басына ғана қонады. 55 жылда бір айналып келетін жетекшілікке әлемнің қай мемлекетінің қолы жете береді?! Ал, Астана саммиті Қазақстан Сырт­қы саясатының үлкен жеңісі ғана емес, толайым табысы да болды. 
1999 жылы Н.Ә.Назарбаев БҰҰ мін­берінен АӨСШК шақыру туралы бас­тама көтерді. Ол Азия құрлығындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталды. «...АӨСШК-ні құруға бастамашылық ету арқылы біз осы заманғы сынақтарға қарсы тұрудың жаһандық жүйесінің ажырағысыз бөлігін жасауға шешуші үлес қостық» − деген сөздердің астарында қаншама мағына бар. Бейбітшілік, келісім деген ұғымдарды жаһандық жанжалдарды көргенде түйсіне түсесің. Азия – үлкен құрлық. Жер шары халқының жартысы осында тұрып жатыр. Қазір Н.Ә.Назарбаев ұсынысымен құрылған бұл беделді халықаралық ұйым 21 елдің басын біріктірді. Проблемалары да аз емес. «Жалғыз Ауғанстан проблемасының өзі жетеді», деген Н.Ә.Назарбаев сөзінің астарында жаһандық көкейкесті мәселелер тұр.
Еуразиялық экономикалық одақ идеясы бұл күнде іс жүзіне асты. Мұны бұра тартып жүрген топтар да аз болған жоқ. Ал, шындығында бұл Одақ Қазақстан нарығына сыртқа шығу мүмкіндігін берді. Қазақстанның ішкі нарығы байыды. Өнім сапасы артты. Бәсекелі орта қалыптаса бастады. Осы идеяның Ұлыбританияда басталып, Мәскеуде өрнектеліп жүзеге асу жолындағы іркілістері мен үдерістері туралы Президент өзі әңгімелейді. Сол қалтарысы көп саясат жолындағы атқа­рылған істер Елбасының имиджін ғана емес, Қазақстанның әлемдік имиджін қалыптастырды. Бұл да оқырманды бей-жай қалдырмасы анық. Мұны Президент сөзімен түйіндейік: «...мемлекетіміздің алдынан 170 миллион адамдық байтақ нарық ашып беретіндігінің өзі оның болашағы жарқын екенін көрсетеді».
Лайым солай болсын!
Қазақстан жолы қандай жол? Президент сөзімен айтсақ, «Тар жол, тайғақ кешу». Неге? Осы сауалдар қызықтырып отырады. Сондықтан да, бұл жол «Нұрлы жолға» қалай апарады? Қандай мәселелерді зердеге тоқу керек деген оймен бұл тарауды да зер сала оқып, мынандай ойға келдік. Мұнда Н.Ә.Назарбаев Қазақстанның тәуелсіздік жыл­дарындағы бес өзекті жолын сипаттайды.
«Біріншіден, кітапты оқи отырып, жас­тар мемлекеттік стратегия ұстанымдары қалыптасуының, сондай-ақ, өз бетінше және экономикалық тұрғыдан белсенді әре­кет етуге қабілетті азаматтың тұлғалану барысын қадағалай алады. Екіншіден, онда шешім қабылдаудың президенттік сатылас биліктің бюрократияның күні өткен және басы артық буындарынан арылатындай тиімді жүйесінің эволюциясы мен осы жолдағы ұдайы ізденіс туралы әңгімеленеді. Үшіншіден, егемен Қазақстанның жүріп өткен жолы бір кезде аса ірі әлемдік дер­жаваның шет аймағы саналған елдің дағ­дарыстан шығуының жарқын мысалы. Төртіншіден, ол кітап елдің экономикалық өсу үрдісін қолмен қойғандай айқын көр­сетеді. Бесіншіден, кітапта адамдардың жеке қарым-қатынастарының кейбір хикая­ла­ры да өз көрінісін тапқан». Міне, осы сауалдарға Н.Ә.Назарбаев ерекше ыждағаттылықпен жауап береді. Бүкіл Қазақстанның мемлекет ретінде қа­лыптасуының биіктері мен белестері, еңіс­­тері мен етектері туралы бүкпесіз әң­гі­­­меленеді. Бұл сыйласу мен сырласудан тұ­ратын өмір өткелдері емес, өмір са­бақтары.
Шикізатқа тәуелділіктен құтылу, жеке­шелендіру саясаты тұсындағы қарама-қай­шылықты жою, нарық реформасының тайталасы, зейнетақы реформасының орны­ғуы, Ұлттық қор құру идеясы және оны жүзеге асыру жолдары туралы жүрекжарды сөздер ешкімді бей-жай қалдырмайды. Осы жолдарды саралай, сараптай келе, Н. Ә. Назарбаев мынандай түйінді ойға келеді:
«Осының бәрі – өмір. Онда жақсы да болады, жаман да болады. Бірақ, өмірде жамандықтан жақсылық көп. Анағұрлым көп. Өмірде жаман адамдардан жақсы адамдар көп. Анағұрлым көп. Соның ар­қасында өсіп-өніп, өркендеп отырмыз. Маған жамандық ойлаған адамдардың өзіне кекшілдікпен қараған кезім жоқ. Олардың көбін мына өтпелі кезеңдегі өткінші жағдайлар адастырды деп ойлаймын.
Бәріне салауат. Ең бастысы – ел аман, жұрт тыныш. Еліміз әлемдік көштің кеуде тұсына ілігіп келеді. Көшіміз көлікті бола берсін деп тілейік».
«Өмір өткелдері» – өнегелі өмір жолы. Кітаптың қорытынды бөлімі. «Астана – елдік ерлігі» деп аталуы бірден көңілге қонымды екенін айтуға тиіспіз. Мен осы идеяның алғашқы күндерінен бастап Астанаға айналған сәтінің куәсімін және қатысушысымын. 
...XIII шақырылған Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің кезекті мәжілісі еді. Бұл 6 шілде болатын. Президенттің туған күні. Спикер – Ә.Кекілбаев. Мәжіліске Н.Ә.Назарбаев келген. Ол Астананы Алатаудан Сарыарқаға көшіру жөнінде Жоғарғы Кеңестен келісім сұрады. Талас басталды да кетті. «Сұрықсыз», «жері сортаң», «масасы қаптаған» ен далада қала салуды бюджет көтермейді. Талай сөздер айтылды. Қатты кеткендері бар, жұмсақтап, «бәрібір жүзеге аспайтын жоба», қолдайық» дегендер де табылды. Бір депутат: «Бүгін Президенттің туған күні ғой. Сыйлық болсын, қолдайық, бәрібір Астана ширек ғасырсыз көшпейді», − деді. Оның алдында Президент: «Астананы салуға бюджеттен бір тиын да шықпайды», деп мәлімдеген еді. Осылай дауысқа салып, Жоғарғы Кеңес Президент Н.Ә.Назарбаев ұсынысын қолдаған болатын.
...Ақмола еркін аймағы қоры құрылды. Оған 20 миллион доллардай ақша жиналды. Инвестиция  тартылып, астана құрылысы басталып кеткенін білеміз. Астана салу, оны орныққан Алматыдан көшіру неге қажет болды? Н.Ә.Назарбаев кітабынан:
«...Астана – елдің болашаққа салған көпірі. Жаңа қоғамның символы. Біз іс жүзінде жаңа мемлекет орнатуды астанамызды жаңадан салудан бастадық десек те артықтығы жоқ. 
Жаңа қоғамды жаңа идея ғана құра алады».
Иә, идея жүзеге асты. Қазақстан Президенті ресми сапармен көк континент – Австралияға барды. Сол топтың ішінде болдым. Бұл континент өз тарихында 4-5 рет астанасын ауыстырған екен. Мельбурн, Сидней. Канберра қаласына келгенде бәріміз таңқалдық. Гүлге оранған шағын қала екен. Президенттен сұхбат алып тұрғанмын.
− Біздің жаңа астанамыз да осындай гүлге оранған көкжелек қала болады, − деді де Президент сұхбатын үзіп, Үкімет басшысына хабарласты.
− Астананы Ақмолаға көшіруді бас­таңдар!
Ұлы көш басталды. 
Ақмола атауы да көп талқылауға ұшы­рады. «Мола» деген сөзден бәрі қашты. Газеттер жамырай жазып жатты. «Ақмол», «Бозақ» болсын дегендер де табылды. Бұл пікірталасқа да Н.Ә.Назарбаев өзі соңғы нүктесін қойды. Мен Республикалық оно­мас­тика комиссиясының мүшесі едім. Бразилияның астанасы – Браззавиль. Қа­­зақстан Астанасы Астана болсын. «Құ­лаққа жағымды, шетелдік аза­мат­тардың айтуына да жеңіл», деген Н. Ә. На­зар­баевтың сәлемін алдық та, бір кісі­дей дауыс бердік.
Қазақстан елордасы – Астана бү­гін­де Президент ойластырған әсем де көкжелек, гүлзар, сәулетіне дәулеті сай қала болды. Осы Астана төрінен Елбасы, Қазақстанның тұңғыш Президенті Қазақ елінің мәртебесін көтеріп, Қазақстан хал­қының абыройын асқақтатып, қызмет етеді. Тәуелсіздік туы Астана төрінде желбіреп тұр. Астананы Алматыдан көшірудің сая­си-стра­тегиялық мәні бар екенін бә­ріміз Н. Ә. На­зарбаевтың:
«Ашығын айтайын, бұл шешімнің біз­дің ұлттық қауіпсіздігімізге тікелей қа­ты­сы бар. Мыңдаған жылдар бойы ата-бабаларымыз мекен еткен қасиетті қазақ жерінің бір бөлігін – аяулы Сарыарқаны саяси саудаға салып, дарқан даламызды дау-дамайға айналдырғысы келетіндер бар кезде, солтүстіктегі шұрайлы өңірге суық көзінің сұғын қадайтындар бар кезде біз мына жылы жерде, әсем қала – Алматыда тыныш отыра алмас едік. 
Біз Алатаудың бауырына сыймай кеткен жоқпыз, қайта жер жәннаты Жетісуды қимай-қимай кеттік. Тарихтың қатал талабы осындай», − деген сөздерінен кейін ғана ұққандаймыз. Ал, баяғыда Жоғарғы Ке­ңесте байбалам салған көп қайраткер қазір Астанада тұрады, қызмет істейді. Олардың көзқарасын өзгерткен де Президенттің ерік-жігері, болашақты болжайтын қасиеті.
«Қаланы мемлекет салады, ол идеяны құрылысшылар орындайды, архитекторлар, зауыттар, тағы бас­қалар жұмылады бұл іске. Бірақ, оны іске асыру үшін бір адам – елдің басшысы бар жауапкершілікті өз мойнына артып, табандылық пен жі­гер көрсетуі керек. Астана ауыстыруға тоқ­тағанда қандайлық тәуекелге бел байла­ғанымды айқын түсіндім. Осы шешімім арқылы мен өмір бойы жи­наған абырой-беделімнің бәрін де бәйгеге тігетінімді анық ұқтым. Бұл идеямның жүзеге асырылуы көңіл­дегідей шықпаған жағдайда бүкіл өмірімнің бәсі басқаша бағаланары талассыз еді. Ел тағдырына эксперимент жасауға болмайды. Бәрін де жеті рет емес, жетпіс жеті рет өлшеп барып, бір-ақ кесуге тура келеді. Мен сол қадамға тәуекел еттім».
Міне, кітаптың соңғы парақтары оқыл­­ды. «Өмір өткелдері» өзімнің де ширек ға­сырлық ғұмырыма саяхат жасат­қан тә­різді. Мен Президенттің ашық әңгі­ме­сі­нің біразын ғана ақ қағазға сый­дыр­ғандаймын. Мұнда қаншама деректер бар десеңші! Кітап шынайылығымен баурап алады. Өйткені, Президент жазған алып өзгерістерді өзіміз көрдік, куәсі болдық. Түр­кі әлемінің ақ­сақалы атанып, әлемдік саяси лидерлер тобының алдында тұрған Н. Ә. Назарбаевтың «Өмір өткелдерінде» ізгілік ізі жатыр. Құрыштың қалай шы­нық­­қанын жүрекке тоқыдық.

588 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз