• Ұлттану
  • 21 Мамыр, 2012

ҚАЗАҚ ШЕЖІРЕЛЕРІНІҢ ТАРИХИ ТАНЫМЫ

Тарих - адамның жады, рухы, тілі. Ұлттың рухын көте­ремін десеңіз, жас ұрпақтарды, ондағы жүз бен рулардың шынайы да ғылыми тарихын білуге, сондай-ақ, оларды құрметтеуге үйретуіміз керек. Біз кімбіз, бұрын кім болдық, ежелгі дәуірдегі қазақ кім болды, болашақтағы орнымыз қандай болмақ? Болашақ дегеніміз – біздің балаларымыз, немере­леріміз, шөбе­релеріміз. Оларға біз қандай мемлекет қал­дырамыз? Өзіміз өмір сүріп жатқан қоғамды аздырып, тоздырып қалдырып кетеміз бе, әлде, ұрпағымызға қазақтың ешбір халықтан кем емес өркениеті болғанын айшықтап жазылған тарихы мен ата-бабаларымыз қан төгіп қорғаған, жері мен қазына-байлығын мұра етеміз бе? Міне, мәселе – осында. Қазақ тарихын баяндауда шежірелік дерекке молырақ назар аударып, оның мәліметтерін талдап зерттеу – тарихи ізденіс үшін көкейкесті, ғылыми таным үшін маңызды, әрі ұлттық тарихнама тиімділігін арттыратын өзекті сала. Шежіре тақырыбы зерттеушілер үшін жабық болуы, «деректемелік ізденістері шеңберінен тыс қалып» келуі, шежіреге сенімсіздікпен қарау әдетінен, таптық теория ұстанымдары салдарынан болған [1, 62 б.]. Шежірелер аз зерттелген дерек түрі және тарих, деректану ғылымдарының дамуына оң ықпал ететін мәселе. Деректерді терең зерттеген ғалым М. Әбусейітова, Қазақстан деректемелерін сыртқы және ішкі деректер деп үлкен екі топқа бөліп қарастырады. Онда «Қазақстан тарихын көрсетуде осы аймақты мекендеген халықтық төлтума деректемелері құнды болып келеді» [2, 26 б.], – деп көрсетілген. Қазақтың өткен тарихы, тарихи шындығы этнографиялық мектеп қалыптастырған сипаттамалық еңбектер негізінде қарастырылуы, ғылыми дәстүрге айналғандығының айғағы болады. Алайда, кейбір ХІХ-ХХ ғасырдағы халықтың тұрмысы, шаруашылық-мәдени өмірі туралы жазылған саяхатшылардың этнографиялық сипаттамалық деректері ерте ғасырлардағы тарихи жағдайларды суреттеп жазуға әрі ақиқатты айтуға негіз бола алмайды. Өйткені, жазба деректердің басым бөлігі сырткөз болып келеді. Сырттан жазылған дерек көздерінде қазақтың ішкі өмірі, рухани құндылықтары туралы тиянақты айтатын мәліметтер жоқ. Ал, қазақта өзінің үлкен тарихи көзқарасы, тарихи дәстүр, тарихи әдебиеті, тарихи ой жүйесі бар. Оны сақтаған дерек қабаттарын көтеру және оны тек жариялау ғана емес, сол ішкі дерек топтамалары жеткізіп отырған тарихи фактілерді интерпретациялау мәселесі өзекті болып тұр. ХVІІІ-ХІХ ғғ. өлкетану, түркі халықтарының тарихы, этнографиясы мен лингвистикасына байланысты деректерді жинақтау ісі қарқынды болды. Бұл дәуірде этнографиялық мағлұматтарды қолға түсіру мақсатымен даяр­ланған көптеген ғылыми экспедиция мүшелері өз ынталылығын танытты, ғылыми мәнді деген мәліметтерді тіркеп жазды. Нәтижесінде әр түрлі халықтардың әсіресе қазақтардың этнографиясына байланысты ғылыми мұра мол болды. А. Левшин [3] және тағы да басқа белгілі ғалымдар өз еңбектерінде шежіре мәліметтерін қазақтың этноқұрамын қарастыруға ғана қолданған. Халықтың тарихи жады сақтаған тарихи мәліметтер зерттеушілер үшін қызықты, құнды болуына орай олар қазақтың тарихи фольклор деректерін қажетсінді. Бұл туралы Ә.Марғұлан: «Тарихи шежірелерге патша үкіметі саяси мән беріп, жергілікті орындардан жинатып отырған», – деп көрсетті [4, 231-232 б.]. Сонымен қатар, Ш.Уәлиханов, Ә.Диваев [5] сияқты ғалымдардың шежіре топтамалары мұрағатта сақталған. Тарихи фольклор деректерін жинаған авторлар ортақ көзқараста болмағанымен, бұл мәліметтерді айналып өте алмады. «Қазақ шежіресі» атты мағынасы терең ғылыми мақала жазған Ш. Уәлихановтың еңбегі елеулі. Шоқан бұл деректерді өзі ғана жинап қоймай, сол кездегі қазақ ортасындағы көзі ашық, сауатты, қайраткер адамдарға да аманат етті. Кейін, бұл мұралар Г. Потаниннің кітаптарында жарияланды. Ә. Бөкейханның төрелер шежіресіне қатысты жинақтаған генеалогиялық мәліметтері бүгінгі күні де өзектілігі мен ғылыми мағынасын жоғалтқан жоқ. Қазақтың өткенін баяндайтын деректерді жинаған М. Тынышпаев өз еңбегінде қазақ руларының жүйесі, шығу тегі, ата-тек кестелері мен халық саны туралы мәліметтер келтірген. Оның ізденістеріне А. Харузин, Н. Аристов, В. Бартольдтің еңбектері қатты әсер еткен. Орыстың шығыстанушы ғалымдарымен жақын таныса отырып, М. Тынышпаев бұл еңбекте олардың зерттеу әдістерінен көп тәлім алған. Қазақстандағы шығыстанушы зерттеулер ХІХ ғасырдағы Ш. Уәлиханов еңбектерінен бастау алып, ХХ ғасырда жақсы дамыды. Ғылым үшін үлкен жетістіктің бірі С. Ибрагимов, К. Пищулина, В. Юдин тәрізді ғалымдардың үлкен еңбегімен байланысты [6]. Олар дайындаған қазақ хандығы дәуіріне қатысты дерек үзінділерінің жинағы орыс тіліне аударылып, құнды тарихи-деректік құжаттарды қамтыды. Шежірелік дәстүрді жалғастырушы ХІХ ғасырдағы қазақ тарихшылары терең мұсылмандық білімі бар, ислам қағидаларына жетік болған. Сондықтан шежірелік деректер негізінен мұсылмандық әдеп, исламдық мәдениет құндылықтары мен дала әдеті тұрғысынан жазылған. Мұның өзі шежірелік танымды ұғынуда бір жағынан теологиялық зерттеулерге сүйенуді қажет етеді. Мұхаметжан Тынышпаев «…Қырғыз (қазақ-ред.) халқының әрбір жеке руының шығу тегін, алдын ала зерттемей, сондай-ақ оның кіммен және қандай уақыттарда бас қосқанын анықтамай, қырғыз (қазақ - ред.) халқының тарихи тағдырының жалпы көрінісін көзге елес­тету мүмкін емес» – деп тұжырым түйген ғой. Қазақ халқының тарихы рулық-тайпалық құрылымдармен тығыз байланысты екендігін ешкім де жоққа шығара алмайды. Қаласақ та, қаламасақ та, бұл біздің ұлтымыздың тарихына тән сипат болып табылады. Тайпалық-рулық қауымдастық ерекшеліктері біздің заманымызға дейінгі мыңжылдықтардан бастау алып, кешегі ХХ ғасырдың 30-шы жылдарындағы кеңестік дәуірдің берік орнығу кезеңіне дейін, біздің ата-бабаларымыздың әлеуметтік, саяси-шаруа­шылықтық өмірімен тығыз, біте қайнасып, өрбіп, өрістеп келді. Бұл – дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома! Жалпы, «қытайлардың бес мың жылдық тарихы бар» деген сөзді естіп жүрміз. Тыңғылықты зерттеу жүргізе алсақ, қазақ руларының тарихы да сондай кезеңді қамтитыны даусыз. Пайдаланылған әдебиеттер: Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). А.,2002,-т3,-768б. Әбусейітова М. Түркі және парсы деректемелері // Қазақ тарихы.-1995.-№2-22-27бб. Левшин А. И. Описание киргиз-казачьих, или киргиз-кайсацких, орд и степей-А.,1996-656с. Марғұлан Ә.Шежіре. Қазақ шежіресі//Қазақ совет энциклопедиясы-1978.-т.12-595б. Диваев Ә. Шежіре //ҚР БҒМ ОҒК-№1289 бума. 1941г.-3с., История столицы и края ХШН-ХІХвв.-Астана, 2006-292с. Ибрагимов С., Пищулина К., Юдин В. Центральная Азия в ХІV-ХVІІІвв. глазами востоковеда-А.,-384с., The author of artіcle studіes іdeologіcal value of the hіstory-genealogіcal іnformatіon contaіned іn materіals of oral hіstorіcal tradіtіon of Kazakh people. Cәуле Төлбасиева, тарих ғылымының кандидаты, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті.

535 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз