• Ұлттану
  • 20 Тамыз, 2015

ҚАЗАҚҚА ДҰШПАН ҚАЗАҚ ПА?

Айгүл  Кемелбаева,
журналист

Абай айтпаған жегі сөз

Мынау елді ұстарлық
Кісі емеспін, кел, құтқар!
Қолдан келмес қорлыққа
Неге болдым мұнша іңкәр?
«Болыс болдым, мінеки».


Абай анық сөзді ұқпас миғұла елдің жайын айтып зарлайды. Ақын өз дәуірінің жұртын уайымдап өтті. Биыл Абайдың туғанына 165 жыл толады. Ол көзі ашылған қазағының сөзді әлі де түк ұқпай, адасып жүргенін дым білмей дүниеден озды. Абай айтты делініп, күллі алаш нәсіліне іріткі болып, буын-буынына тарап, қанына сіңіп бара жатқан бір жегі сөз баяғыдан төбемізде құзғынша айналсоқтайды. Құзғынның құлқыны – жемтік. Ол сөз ісік тәрізді асқынып, жылдан-жылға меңдуанадай қаулап, сайтанның сапалағының қауесетіндей үдей қаңғып, өсектің өртіндей өршіп барады. Мүйізі қарағайдай үлкен ел ағалары, ұлтжанды көкелеріміздің өзі беті шімірікпей әлгі арсыз сөзді қайталай беруден жалықпайтыны несі?
«Абайдың өзі солай деген» – құптай түсу пиғылы жиі кездеседі.
Ұлттық санамызға жегі құрттай ұялап үлгерген ол не сөз?
«Қазақтың жауы қазақ» дегенді Абайдың өзі айтып кеткен деседі, бұл әсіре надан жұрт, алты алаш десе еңірегенде етегі толатын өз ағаларымыз қаузап, соны әбден әуезе қылып алды. Аңдамай айтып, өз бауырларына қиянат жасап жүргендерін шіркін азаматтар сезер емес. Әу баста бір желауыз журналистің қыздырма тілінен шығып кетсе керек. Атаңыз қазақ: сөз тас жарады, тас жармаса бас жарады. Білмеген у ішеді. Сол кепке әбден ұрындық. Мұндай сұмдық сөзді дүниедегі бір де бір данышпан өлсе де айтпайды, себебі, бұл бір адамның ғана емес, бүкіл ұлттың тамырына балта шабатын жегі, қиянат сөз. «Самый лучший способ оболгать человека – вырвать из его речи кусочек. Рамка – те самые ножницы, которые из контекста все и вырезают». Ираклий Шанидзе, «Фотография – это ложь» (16.12.2009. «Время»).Американдық авангард фотограф, жалаңаш тәнді жиі түсіретін еркін мінез жанның аузынан шығып тұрған бұл салмақты сөзді оқи сала нағыз философқа лайық деп ұқтым. Абайға телініп жүрген әлгі долы сөз де түптеп келгенде бір үзік, үзінді, жұлым сөз. Соның үшін негізгі ойды шолақ кесіп, зұлым сөзге ауысып жүре бергені. Әйтпесе, қазаққа дұшпан қазақ па? Жоқ. Абай «Айтылған сөз атылған оқпен тең» дегенді білмеді деп кім айтпақ. Абайдың 26 қара сөзінде былай делінген:
«Біздің қазақтың қосқан аты алдында келсе, түсірген балуаны жықса, салған құсы алса, қосқан иті өзгеден озып барып ұстаса, есіп шығып бір қуанады. Білмеймін, содан артық қуанышы бар ма екен? Әй, жоқ та шығар! Осы қуаныш бәрі де қазақ қарындастың ортасында бір хайуанның өнерінің артылғанына я бір бөтен адамның жыққанына мақтанарлық не орны бар? Ол озған, алған, өзі емес, яки баласы емес. Мұның бәрі – қазақтың қазақтан басқа жауы жоқ, биттей нәрсені бір үлкен іс қылған кісідей қуанған болып, ана өзгелерді ызаландырсам екен демек. Біреуді ызаландырмақ – шариғатта харам, шаруаға залал, ақылға теріс. Әншейін біреуді ыза қылмақтың несін дәулет біліп қуанады екен?». Абай осы ойының ұшығын «Қыран бүркіт не алмайды, салса баптап» атты өлеңінде нақты берген:
Қуанар иелері сонда ыржақтап.
Не таптық мұныменен деген жан жоқ,
Түні бойы күпілдер құсын мақтап.
Басқа сая, жанға олжа дәнеме жоқ,
Қайран жұрт осынымен жүр далақтап. Абайдың өзі «Қазақтың жауы қазақ» деген жаңсақ сөздің бұрмаланып кетуі осыдан шығады. Шын мәнінде Абай түймедей нәрсені түйедей қылып зорайтып, дабыра ұлғайтып көрсетуді сынап отыр. Адамның мінез-құлқына тән ұсақ-түйекке құмарлықты, тым үстірт, таяз ойлауды жақтыртпай айтқан бір ауыз сөзін өзінен 100 жыл кейін туған тиіп-қашпа, шалағай біреулер арамза сөзге бұрып, өңін айналдырып жіберетінін, мұның ұлттық идеологияға қара күйедей жағыларын Абай атамыз қайдан білсін. Ол бұл контекстте әншейін бір ағайын күндес, көр-жөрді малданатын, алысқа ұзамайтын дақпыртшылдыққа әуестікті жақтыртпай сөйлейді. Бар болғаны осы. Ұлт, этнос туралы дәнеңе жоқ.
«Кім де кімнің әділеті жоқ болса, оның ұяты да жоқ» дейді Абай. Даналықтың тұма бұлағынан қанып ішкен Абайдай асыл туған ұлы өз ұлтының берекесін бұлай бұзбайды, «жақсы сөз жарым ырыс» деп дүние таниды. Абай бұлай деуі мүмкін емес. «Өтірік ырысты кеседі», мұны түркілер білген. Абайға жағылған жала неге үдеп барады? Абай айтпаған жегі сөзді неге бәріміз сүйіп қайталауға әуеспіз? Қит етсе, Абайдың өзі солай айтқан дей салады. Рас, біз «ағайын күндес» деген философиялық ұғымды түйсінген халықпыз. Алайда «ағайын өкпеге қиса да, өлімге қимайды» – мұны айтқан да қазақтың өзі. Түріктер: «түріктің досы – түрік» гүлденген сайын сүй дейді, ал, біз қалайша мынау сорақылықтың астарын түсінбей жүрміз? Неге біздер ат төбеліндей аз халық, өз бауырымызды жаттан әрмен көріп, қас дұшпан қылып қақсай береміз? Ол құқықты кім берді? Және қай заманда? Ғаламдану әлемді орап допша домалатып бара жатқан алмағайып сәтте. Дүниені мекендеген талай ұлт пен ұлыс қаңбақ шалға айналғандай бұлдыр күн кешкенде. Абай қазақтың ғана емес, иісі адамзат нәсілінің әлсіз тұсын дөп таниды:
Жақсылығың күнде ұмыт,
Бір жаңылсаң, болды кек.
«Қажымас дос, халықта жоқ.»
Расында, Ер дана (Ербол Тілешовтың теңеуі) бабамызға осынау адасқан жегі сөзді таңатындай қай тұстан жаңылды екен жарықтық?!
Өзің жалғыз, надан көп,
Ұқтырасың сен не деп
Әулекі, арсыз елге енді?
Тыныштық сүймей қышынып,
Өтірікке тұшынып,
Пәледен тұрмас шошынып,
Тұл бойын желік жеңген-ді.
«Келдік талай жерге енді...»
Сол баяғы қалыбымыздан арылмадық па? Әлі күнге «Өтірік пен өсекке / Бәйге атындай аңқылдар» қазақ болғанымыз ғой.
Абай тілге бипаз, ойға ұқыпты қалы­бы­нан танбаса да оған ауыр жала жабылды.
Бес-алты мисыз бәңгі күлсе мәз боп,
Қинамай қызыл тілді кел, тілді ал, қой!
(«Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін»)
Мәшһүр-Жүсіп: «Қазақ тілінен асыл, қазақ тілінен бай тіл жоқ... Егер, қазақ тілін білсе, дін де осында, әулиелік те осында». Соның үшін қазақта айтылмаған сөз қалмаған. Дәстүрлі діндердің қасиетті төрт кітабындағы адамзат ақыл-ойының сәулесі қазақтың көкі­регіне біткен. Ұлтымыздың жаны қуаты бұр­қыраған сөзінде, адамшылық қалыбы, иманы мен обал-сауабы да.
Данышпан Абай түгілі қазіргі қазақтың қаршадай қызы, жас ақын Назгүл Бердіқожа:
Қағынан безген құландай,
Жайрадың қанша жұтап кеп.
Қазақтың тілі құрандай,
Көктен бір түскен кітап боп.
Оралып келсең өткенді,
Өнеге сөзді талдайсың.
Тіліңмен байлап кеткенді,
Тісіңмен шеше алмайсың.
(«Алтын тамыр» журналы №1.2008.)
Қазақтың тілі құрандай-деу ғажайып терең таным!
Біздер самарқаумыз. Кейде кітап атау­­лыны шала-пұла, түсінбей оқимыз. Әйт­песе, Абайдай қазыналы қартына, Ер данасына мынау қиянат, бықсық сөз таңылмас еді.
Ынсапсызға не керек
Істің ақ пен қарасы?
Нан таппаймыз демейді,
Бүлінсе елдің арасы.
Иждиһатсыз, михнатсыз
Табылмас ғылым сарасы.
«Интернатта оқып жүр»
«Көңіліңде жоқ санасы» – бұл енді мына біз. Бір нәрсе аян. Абайшыл көрінуге бейіл бұ қазақтың көбі ұлы ақынын дұрыс аңғарып оқымайды. Былайша айтқанда ынсапсыз, ықылассыз оқиды, сөйте тұра білгішсиді, айтқансиды. Ұлтқа деген сатқындық туралы газеттерде жиі айтылып жүр. Халықтың маңдайындағы бағына кейде осы тектес немқұрайлықтан туған кесір сөз де қатер төндіреді, сірә.
Тәңірі сүйген сөзді әуелден қазақ түсінген, қастерлеген халық. Абай – бар қазақтың ақыл-есі, заман өрлерде біткен болмыс-бітімі, ұлттық мүддесі айқын жады. Абайды қазақтың маңдайына берген бір Алланың өзі. Абай туған дәуірдің сұсын Нысанбай жырау өлеңінде бедерлейді:
Ойда Қоқан, қырда орыс,
Хакім болды қаласы.
Кімнен таяқ жегендей
Біздің қазақ баласы,
Алдырып жүрген дұшпанға
Өзді-өзінің аласы.
Ол кезеңдегі тайпалық деңгейдегі ыды­раңқы, босбелбеу тірліктің сәні жоқ. Бұл аттай екі жүз жыл бұрынғы дәуір еді.
Шын мәнінде біздің бүгінгі қазақта шошына айтарлық трайбализм жоқ. Бар деп қанша дәлелдесек те, ол күн көрістің қамын күйттеген ұсақ-түйек топтасуға мүдделі пайдакүнемдіктің бір көрінісі. Мұның шын сырын кеше ғана дүниеден озғанда қазақтықтың алтын қазығын өзімен бірге ала кеткендей әсер еткен марқұм Ақселеу Сейдімбек протекционизм деп ашып берді.

Жебір сөз

Абай айтпаған жегі сөз қазір қазақтың санасын билеп, пейілін бұзып бітті. Жегі деген не? Тажалдыққа тақау синоним емес пе? Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты дейді. Адамдардың арасына жік түседі. Адамның аузындағы отыз екі тісіне жік, сызат түссе, түбі шіріп құриды. «Жегі» – белгілі сатирик жазушы Табыл Құлиястың романының аты.
Құлағын салмас,
Тіліңді алмас
Көп наданнан түңілдім.
Екі кеме құйрығын
Ұста, жетсін бұйрығың.
«Сегіз аяқ».
Абай айтқан: «Жұртым деуге арлымын,/Өзге жұрттан ұялып». Осындайдан ба екен? Сол екіұштылық, дүрәмалдық, бір нәрсені айқын білмей тұрып, кесіп айту Абайдың сөзін арсыз бұрмалаудан көрініп-ақ тұр. Қазақтың ұлттық мінезі ұсақталып кеткені рас. Оның бір себебі, қазақ өзін-өзі біресе жер-көкке сыйғызбай мақтайды, біресе өлтіре жамандайды. Шегінен шығу, ұшқарылықтың зиянын ұқпайтындай артық кетеді. Сондайда жиі келтіретін уәжі-атақты түс – Абылай ханның түсі.
...Ал, Абылайдың түсіне неге,
Бақа мен шаян, бүйі кірді екен?!
Дәулеткерей Кәпұлы «Елегізу» атты өлеңінде риторикалық сауал тастайды. Қазақтың бірталай ақындары Абылайдың түсін философияға айналдырып алған, өлең жазса жиі қайталайды. Осы түсті неге ұмытқымыз келмейді? Абылай хан ол түсін бір-ақ рет көрді ғой, белгілі бір тарихи кезеңде аян түс расқа шықты. Алайда, бір түстің аяны ай жаңалап туғандай, жыл он екі айдай айналып келе беруі тіпті де мүмкін емес. Абылайдың жегі түсін аксиомаға айналдырып алған тағы мына біздер, қаламмен күн көретіндер. Көбінесе, мақаланың, я немесе өлеңнің тұздығы ретінде сүйіп жазамыз. Әйтпесе, көк бөріні ана тұтып, түз тағысының өзін атымен атамай, «ит-құс», «ұлыма» деп табу арқылы сөйлейтін әдебі зор атаның баласы едік. Бұған қандай уәж айтасыз?
Абайдың даналығын, әулиелігін мойындаймыз. Абай бір төбе, біз бір бөлек болмауымыз керек. Ұлтын сүюді Абайдан үйренсек ұтылмаймыз. Қазақтың әр қиырында Асан қайғының сарынымен елім-жұртым деп егіле уайымдайтын көне көз қариялардың қатарын қазір дымбілместер басып барады. Қазақтың бұрынғы кісілері замана ауысуын ауыр қабылдауы заңдылық. «Құйрығы жоқ, жалы жоқ, құлан қайтіп күн көрер» – ұлы гуманизмге бағып, күңіренген дала философиясы – Асан қайғының мақамын дәстүр бертінге дейін сақтап келді. Бірақ, қазақтың бір қариясы айтқан «басы бар, құлағы жоқ заман туды» деуі шынында терең философиялық тамыр тартады емес пе? Ана тілін білмейтін қазақтың расымен басы бар, құлағы саңырау, көкірегі бітеу, өзін-өзі тануға құлқы да, пейілі де жоқ. Баба Абайдың аллашыл рухы риза болсын, өзіне жабылған сұрқия қаралаудан айықсын деп ақ қағазға қара сиямен осы ойларымды жаздым. Абай қалың елі қазағы ғана емес, «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» – аллашылдықтың нұрын уағыздаған ұлы ақын екенін біле тұра неге теріс ойлаймыз?!
Абайтанушы ғалымдар, сөздің түбін түсіретін ақын-жазушылар, философтар селт етпей қалмас, анық Абайын дүбәра, кеселді сөзден арашалап алар, сөйтіп қазақтың құт-берекесін, ырысын сақтауға иненің жасуындай үлес қосса, көптің тілеуі қабыл болар деген үміт көкіректе сөнбейді.

1059 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз