• Ел мұраты
  • 04 Қыркүйек, 2015

ӨР РУХТЫ ХАЛЫҚ ТРАГЕДИЯСЫНЫҢ ТАҒЫЛЫМЫ (Ақын, драматург Нұрлан Оразалиннің «Қырғын» трагедиясы бойынша)

Темірхан   ТЕБЕГЕНОВ,
филология  ғылымдарының  
докторы,  профессор, 
Абай  атындағы  ҚазҰПУ-дегі  
Қазақ әдебиеті кафедрасының  меңгерушісі

Қазіргі  қазақ драматургиясы – ұлт­тық және әлемдік рухани құн­­­­ды­­­лық­­тардың озық жетіс­тік­те­рін   жаңашылдықпен дамыта жал­ғас­тырған  әдеби үде­ріс­тегі   көрнекті    шығармашылық сала. Қазақстан  Рес­публикасының   Тәуел­­сіздігі  дәуіріндегі жаңа  әдебиеті­міздің    тың  туындылармен  толы­ғуын­да драматург  қаламгерлер   халқы­мыздың  тарихындағы  ақтаңдақ  беттерге   арналған  пьесаларын   жазды.

Әдеби  тек  түрлері (эпос, лирика, драма)  жанрлары  шығармаларында  бірнеше  ғасыр  бойы   отарлық-бодан­дық құрсауға еріксіз  бұғауланып қалған халқымызды,  жаңа  буын  ұрпақ­тарды енді ұлттық-отаншылдық, қаһар­ман­дық-жауынгерлік рух  сарынды  туындылар  арқылы  серпілту,  рухани сілкіндіру мұратындағы туындылар  жазу  кеңінен   өрістеуде. Бұл  орайда, әлем  өркениеті  кеңістігіне  қазақ  сөз  өнері  құдіретін  әйгілеген классик  суреткер  Мұхтар  Омарханұлы Әуезовтің  «Қилы  заман»   повесінің   ізімен   жазылған  көрнекті  қаламгеріміз, ақын-драматург, Қазақстан  Республикасы Мемлекеттік  сыйлығының  лауреаты  Нұрлан  Мырқасымұлы  Оразалиннің   екі  бөлімді  «Қырғын»  атты  трагедиясының  көркемдік-эстетикалық  тағылымын  айта  аламыз. «Қырғын» трагедиясының  сюжет­тік-композициялық желісіндегі    негізгі тартыс-қақтығыс – отарлық  билік  иелері  мен    қазақ  халқы,  ел  аға­лары-көсемдері    арасында  туындайды. Әдеби тек түрлері жанрларындағы   шығармаларды оқырмандардың да,  тыңдаушылардың  да, көрермендердің  де   ыстық  ықыласпен  қабылдауына    ие  болуы  шығармалардағы   өмір  шын­дығына    негізделген  тартыстың, одан  туындайтын  қақтығыстың, ушыға  келе  болатын  қантөгістің-қырғынның табиғи болмысына байланысты   өрби­тіні  ақиқат. Бұл  орайда,  «Қырғын»  трагедиясындағы    тартыстың  қақты­ғысқа, ақырында  қантөгіске-қырғынға      ұласуында    отарлық  билік  жүйесіне,  оның  басты  өкілдеріне  деген   қазақтың  ұлттық  көзқарасының,  азаматтық-отаншылдық  өр  рухының  күрескерлік-қайсарлық, өжеттік-мәрттік   қасиеттері  қарама-қарсы    қойыла  бейнеленуімен   ерекшеленеді. Трагедиядағы қақты­ғыстың, қантөгіс-қырғынның болуына  басты  себепкер қарама-қайшылықты екі  әлеуметтік   топ  өкілдері    сахналық  қойы­лым  заңдылығына орайластыра дара­ланған: біріншісі – халықтың  ұлт-азаттық    көтерілісінің  ұйытқысы,   ел  қамқоршылары,  ел  үшін   ештеңеден  тай­салмайтын,  жанкешті  күрескер  рухты  тұлғалар: Жәмеңке  шешен,  ел  абызы-ақсақалы,  Ұзақ  батыр – қарапайым  халық­тың  қайғысын-мұңын,  теңсіздігін  болдырмау  үшін  жан-тәнін  арнаған  батыр,  басшы-қайраткер. Бұлардың  маңайындағы  қолдаушылары, арттарынан  ергендер – Серікбай, Әубәкір, Жаңабай, Нүке, Ыбырай, Айтбай, т.б.;  екіншісі – қазақ  халқының   әлеуметтік-ұлттық  құқығын  таптаушылар,  алдап-сулап  өз  бастарын  сақтап, ақырында  ел  басшыларын  да олардың   артынан  ерген   көтерілісші  халықты  да  қанды  қырғынға   ұшыратушылар: Қарқаралы приставы, Подпороков (ел  қойған   есімі  «Ақжелке»), Тұңғатар қажы, жазалаушы отрядтың  командирі  Хлыновский (ел қойған  есімі «Сұйық  мұрт»,  тілмаш  Жебірбаев  Оспан,  прокурор,  түрме бастығы, т.б.   (Оразалин Н. «Қырғын»:  Мұхтар  Әуезовтің  «Қилы  заман»  повесінің   ізімен  жазылған, прологы  мен  эпилогы  бар,  екі  бөлімді  трагедия. – Алматы: Ан Арыс, 2006. -160б.; 6-б.).  Драматургия  туындыларын  қазақ  сөз  өнерінің    ұлттық  сипатты  поэтикасы  табиғатына орай  ағартушы  ғалым  Ахмет  Байтұрсынов  «Айтыс-тартыс»  деп  атап,   сахналық  қойылым  көріністері   бойынша   анықталатын сюжеттік-композициялық  сипатына ғылыми  тұжырым  жасаған  еді: «Айтыс-тартыста ақынның айтқан  әңгімесін   естімейміз, уақиғаның  өзін,   уақиғада  болған  адамдардың    өздерін   көреміз. Уақиға  көз  алдымызда  болып,  адамдардың  тіршілік  жүзінде  айтысып-тартысып өмір шеккенін көреміз.  Тіршілік  майданында  адамдардың ақы­лы  жеткенінше  амалдап, қайратына  қарай қару қылып, алысқаны,  арба­ғаны,  қуанғаны,  жылағаны,  ойнағаны,  күлгені, сүйінгені, күйінгені, жау­ласқаны, дауласқаны, бітіскені, жарас­қаны  өмір  жүзіндегідей көрініп, көз алдыңнан  өтеді» (Байтұрсынов А. Әдебиет танытқыш: зерттеу  мен  өлеңдер. – Алматы: Атамұра,2003. -208б.; 175-б.). Ағартушы  ғалым  осындай  поэтикалық  мағыналы сахналық  көріністер   арқылы  қамтылатын драматургия  туындысына  «...айтыс-тартыс   ат  сәйкесірек  болады  деуіміздің  мәні осы.  Мұнан  былай  қарай  я  айтыс-тартыс, я ұстасу  деген    атын  қолданамыз»  (Аталған   кітапта, 177-178-бб.).   деп   тұжырымдаған.  Ақын-драматург Н.М. Оразалиннің «Қырғын»   трагедиясындағы негізгі қақтығысу-ұс­тасу  сөз арқауында  айтылған   бір-біріне  қарама-қарсы   көзқарастағы  екі  әлеуметтік    топтың  арасындағы   қарым-қатынастар   оқиғалары  ақылы  өрбиді.
«Қырғын» трагедиясындағы айтыс-тартыс-ұстасу оқиғаларының алғашқы байланыс  кезеңінде Ресей  патшасының    қазақ жігіттерін майданның қара жұмы­сына  алу туралы жарлығының келген  сәті,  оны орындатуға бұйрық берген пристав Ақжелкенің сөзіне  («Үш  күн мәулет  беремін! Үш  күн  ішінде   әрбір  қазақ,  әрбір есі  дұрыс   болыс, би, старшын, елубасы  әңгіме  орайын  елге ұғынықты етіп  жеткізер болсын.  Сөз  осы! Қайталап  айтамын, қыңыр  сөйлеп,  қиыс  басқаныңды   аямаймыз...»)  халық  өкілдерінің  (Жәмеңке,  Ұзақ, Әубәкір, Жаңабай,  Ыбырай және  т.б.)   қарсылық   білдірген  сөздері – сахналық  қойылым  талабына сәйкес    өрілген  бейнелі   өрнектерімен   ерекшеленген. Әсіресе,    ашынған  халықтың ашулы, назалы, ызалы   көңіл-күйін  танытатын  дәстүрлі  қолданыстағы   тұрақты  сөздер  мен  сөз  тіркестері  халықтың  шынайы  өз  үні  сипатымен  естіледі.
Отарлық  билеу  жүйесінің  озбыр  бұйрығын естіген сәттегі халық  қамқор­лары Әубәкірдің («Төбеден жай  түскендей жаңа  естіп  отырмыз. Бір нәрсе  деуден  бұрын  қабырғамызбен  кеңесейік»), Жаңабайдың («Ұлықтың ұртын  қы­тықтасаң – қынынан  қылыш шығады, сабаңа түс»), Ыбырайдың («Жалғыз  шапқанның    құны – жалғыз   оқ», «Жә, бұл  Қарқараны  Қырғызға, Қырғызды – Қашқар  мен Құлжаға  жалғап, күндіз-күлкі, түнде-ұйқы  көрмей,  ат  жалында  жүретін  базар  мен  малдың, барымта  мен  даудың  күні  емес. Бұл ...кәсіп  емес! Бұрын-соңды көрмеген  құқайың!   Қырғын... Ел  басына  төнген  зауал – бұл!...), Ұзақтың  («Байы  өлген,  қатынша  сұңқылдауың  жетті. Айтқыш  болсаң,  ана ұлығыңа  барып  айт. Бармайды екенсің,  мына   ақыл  таба  алмай   қиналған  елге  істейтін  істі  айт, ұлардай  шуламай») – бәрінің  алғашқы  сахналық   көріністердегі  диалогтық   сипатты  сөздері  трагедиялық   шығарма  оқиғаларының   көрермендердің    көз  алдарында   танылуын  жүзеге   асыратын  әсерлілігімен   баурайды.  Ағартушы  ғалым  Ахмет Байтұрсынов  «Асылында  айтыс-тартыс – «ішкі»  ғалам мен  тысқы  ғаламның   түйіскенін  көрсететін  сөз  түрі» (Аталған  кітабы, 176-бет)  деп пьесалардағы   ұсатулардың  үш  кезеңін (1.Байланыс. 2. Шиеленіс. 3.Шешіліс)  саралап,  осы  кезеңде  осыған  негізделе  өрбіген    сахналық  көріністі «Ұстастыру  шығармалары   қайраткерлердің   түріне  қарай  үшке  бөлінеді: 1. Әлектеніс. 2. Азаптаныс. 3.Әуреленіс (Аталған   кітабы, 179-бет)  деп  жіктеп  бағалаған. 
Сөз арқауындағы «Қырғын» трагедия­сының  басты  кейіпкерлері  Жәмеңке   шешен абыз-ақсақал  мен  халық батыры Ұзақ,  олардың   төңірегіндегі  күрескер азаматтар – бұлар   нағыз  трагедия      құрылысындағы  байланыс, шиеленіс, шешіліс   бөліктерінде де романтикалық-реалистік сипаттар  тұтас­тығы  тұрпатымен бейнеленген. Траге­дияның идеялық-композициялық  көркемдік желісі, сахналық туынды авторының   «Қуат­ты  ойдан бас  құрап, еркеленіп  шығар сөз»  (хакім  Абай)  шеберлігін   айғақтайтын тағылымымен көрнекті. Осы  арада   трагедияның  аса  шиеленіс  оқиға­ларының,  сахналық  көріністер мен  кейіпкерлер диалогтары, монологтары  тұтасқан  эпизодтарының  көрермендерді   айрықша  әсерлену   әлеміне  енгізетінін   сезінеміз. Әсіресе,  Жәмеңке  шешен  мен  Ұзақ  батыр  бейнелерінің  көріністермен,  көркем  поэтикалық мағыналы  сөз  өрнектерімен  өрілуі  олардың сахналық    туынды кейіпкерлері  және  халық   тарихының көрнекті қайраткерлері  тұтастығындағы болмысын даралай  айқындайды. Осы   арада, ағартушы  ғалым  Ахмет  Байтұрсыновтың  сөз  арқауында  назарға  алынған  айтыс-тартыс-ұстасу ұстанымындағы трагедия кейіпкерінің даралай  мінезделетіндігі  туралы  ғылыми   тұжырымын   еске аламыз: «Ұстасушы  адам  хас  қайраткер   болса,  оқталғанынан  қайтпайтын, ұмтылғанынан тайынбайтын, көздегенінен  күдер  үзбейтін,  азға  айналмайтын,  зордан-зорға, артықтан-артыққа  ұмтылмайтын, жамандыққа  жасымайтын, мұқтаждыққа мұқал­майтын   я  қайнаған   қайраттың    адамы  болса,  ұстастыру    әлектеніс  болып  шығады. ...Асылында әлек болуына қайраткердің  өзі  жазалы,  жазығы – бойға  біткен  қайраты, жігері,  жетесі,  ынтасы. Қайраткер басын  сәждеге  тігіп   іс  қылуын  айып    көрмейді,   адамдық  деп  біледі. Басын  қорғап,  мақсатын  іздемей  қалу – оған  өлім.  Екі  өлімнің  қадірлісін  таңдап алмау  масқаралық  деп  біледі. Қалайда  әлектеніс    қайраткері    қатардан  қара   көрінім   ілгері,  артық  адам  болады. Қысқасынан  айтқанда, әлектеніс қайраткері  жанынан  арын, намысын  артық  көріп, намыс  үшін  өлетін,  кез  келген  жерде    жанын    арына  садаға  қылатын  адам  болады» (Байтұрсынов  А. Әдебиет танытқыш, 2003.179-бет.). 
Н. М. Оразалин «Қырғын»  трагедия­сының  аса  шиеленіс   оқиғалары   көрініс­теріндегі осы қайраткерлер-кейіпкер­лер  тұлғаларының бейнелі  өрілімді  көркем  сөз  кестелері  қазақ  халқының   көркемдік-эстетикалық   дүниетаным  тереңдіктерін  айқын аңғартады.  Ресей патшасының    майданның  қара  жұмысына  қазақ  жігіттерін алу бұйрығына көнбей, жатжұрттық  билеушілерге   қарсы  көтерілгелі  жатқан  халық көтерілісін   мақұлдап,   бұл  ұйғарымға  қарсы   шыққандарды  (Тұңғатар  қажы, Рахымбай  болыс) айыптаған Жәмеңке  шешен   абыз-ақсақалдың, Ұзақ батырдың   сөздері  сахналық  көріністер  мен   көрермендердің   қабылдау  ықыластарының  психологиялық  байланыстарының қуатты дәнекері   қызметін  атқарып   тұрғаны  анық. Мысалы,  Жәмеңке  шешен,  Ұзақ  батырдың  ағасы  Тұңғатар қажының  және  Рахымбай  болыстың халық  көтерілісін   мақұлдамағанына  қарсы  халық  ерлері    атынан  айтқан  сөздері    күрескер  рухты  ата-бабалар үнін  жеткізгендей  әсерге  бөлейді: «Жәмеңке. ...Таразы  басында  ел  тұр. Қарын  шашы  алынбай,  баяғыдан  алабөтен    амандықта  келген  Албан  баласының  ертеңгі  күні  тұр   жиналған  осы  топтың  қолында»; 
...Ұзақ. ...Аяғыңа  жем түсіп, ұлы бойыңа оқ тигені бүгін  ғана  ма?! Бұғалықтың мойнына түскені  әлде­қашан  емес  пе еді?!
Ақ  патша  айтқанында  тұрмады. Бір  бұзбады,  сертін  неше  бұзды. Көндік. Суыңды  алды – көндік,   жеріңді алды – көндік. Өрісіңді  тарылтты – көндік,  өзегіңе  өрт  салды – көндік. ...Шын  асау  болсаң,  тұяқ  серпетін  шағың  келді. Ел  болар  болсаң,    енді  сіресіп  ұстас!  Шыдаймын  деп  ұстас! Азаматыңды   өз  қолыңмен  көгендеп,   байлап  бермеймін  деп  ұстас! Аяғың  үзеңгіге    кетпесін  десең,  ерге  қон!» (Оразалин. Қырғын. ... 2006, 16-бет).
«...Жәмеңке. Ел,  «бедері   кеткен  торқадан   бек  тоқыған  бөз  игі»  деген, Тұңғатар. ... «Қаңқайған   қара бөркімді    шұрқ  болғанда  сен  көрдің  зейнетімнен  бейнетім   көп  болғанда   сен көрдің»  деп  сыннан   өткен  шағымызда  осы  елдің қанын  арқалайын  деп   жиналған  жоқпыз...» (Оразалин. Қырғын. ... 2006, 18-бет).
...Жәмеңке. «Кәрі  қойдың  жасы  үлкен, ісек  қойдың басы  үлкен»  мына  отырған  жасың  бар! Қарияға  қалған  сөз   сөйленді. Айтарын  айтты. Ер-азамат  не  дейді?» (Аталған  кітап, 19-бет).
Отарлық  билеу  жүйесінің   қызметін  атқарушы   болыс  Рахымбайды  айыптай  сөйлеген  халық  көсемдерінің   сөздері  де  мағыналы: ... Ұзақ. Күн  жауғанда   қойныңда, күн ашықта  мойныңда   болатын  ерке  тәйтіктің керегі  жоқ. Қазаққа  ұлық  дәрі  емес»
«...Жәмеңке. Жә! Жабының жол  бұзар жорғасындай тілің  бар неме  екенсің. Көмейіңді  танымай  отырған  шығармыз...»
«...Ұзақ. Ақсақ  кемпір  секілді,  сылтып  басқан  пысықша   алдасаң   ұлығыңды  алдарсың!..
...Осы  елдің  баласы   ертең  көгенделіп  кетер  күн  туса, айтпады  деме,  көз  жасы  сенің  мойныңда,   екі  дүниеде   қос  қолы   жағаңда!...»
Трагедия  сюжетінің   шиеленіс  сәтінде   халық   көтерілісіне  қарсы  болып, «Албан  түгіл  алты  алаш, исі  қазақты  көгендеп  отырған  ақ  патша...  Қырады  да  салады»  деп   өзіндік  уәжін  айтқан  Рахымбай  болыстың     бұл  ортадан  кетуін    талап  еткен  көтерілісшілерді   мақұлдап, Рахымбайды «Ол  бір  шіріген  жұмыртқа,  қор  етпеңдер  сөзді»  деген  Жәмеңке   боз  қасқаның   қанымен  анттасқан,   әруақтардан  бата  сұраған   халықтың  алдында    монолог-арнауын   толғайды:  «Уа,  жұртым! Елдігіңе  сын  туды. Адал  туған  ұл екенің  рас  болса,  белді  бекем  буып   бекінетін  кезің  келді! ...Еркек  туған   елмін   деп     дөң  басына  шығар  болсаң,   қалған  жасын  салмайды   екен  деме    бізді?!  Жер  тіреген  шал  да  болсақ   қатарыңнан  қалар  деме  бізді!  Қилы-қилы  заманда  қиын  күнге  кез  болдық,  кіндік  үшін,  ұрпақ  үшін  бет  қойдық  мынау  іске. Бір  әкенің  баласындай  бір  ниетке  тас-түйін  боп  байландық. Жұмылдық! (Қолын  көкке  жайып). Уа,  сапарымызды   оңғара  көр! Иә,  Құдай! Иә, Райымбек  ата, жар  бола  көр! Әумин!» (Оразалин.  Қырғын. ... 2006, 21-22-бб.).
Сахналық  көріністер  мен    кейіпкерлер    диалогтары, монологтары, авторлық  ремаркалары  тұтаса келе,  драматургия (айтыс-тартыс-ұстасу) туындыларының  көркемдік-эстетикалық болмысы  танылады. «Қырғын»  трагедиясындағы  басты  кейіпкерлер – халық  көтерілісі  көсемдерінің  (Жәмеңке, Ұзақ  батыр),  олардың  жанындағы   шешен  қайраткер  күрескерлердің (Ыбырай, Серікбай,т.б.)  деңгейін   айқындай  түседі. Мысалы: 
«Ыбырай. ...Шешінген  судан  тайынбас!  Ендігі  жол  жалғыз – атқа  қону, буынып-түйініп, ірге  аудару!  ...Қызыл  қарын   жас  баланың  қамы  үшін, азаматтардың  амандығы  үшін  деп  ерге  қонайық!»
...(Сөзін  жалғап). Далашықтың  жон  арқасын  жайлаған   жуан  Дәулетбақ,  сен  мізбақпай  көлгірсіп, сұстанғанда  алдыңда  қоғадай   жапырылатын  мына  елді  ұстап  көр  енді?!  (Оразалин.  Қырғын. ... 2006, 25-б.).
«...Серікбай  (толқып). Е-е, қалың  ұйқыдағы, қайран  ел, ертеңіңді   не күтіп  тұр  сенің? Табиғат  берген  мына  сұлу    жарастығың  мен   молшылығыңды  кім  көп  көрді  екен? Кімнің  ғана  сұғы  өтті  екен? ...Кімнің? (Ауыр  күрсінеді)»  (Аталған  кітап, 46-бет). 
«Ұзақ. Е-е, Жаңабай, ол  бір  тепсем  темір  үзбеймін  бе  деп, екі  иінді  жұлып  жеп,  құтырынған   тентек  заман  екен. Талай  ұлықты  талай  жерде  ит  қылыппыз.  Бірақ,  соның  бір де  бірі   берекелі  іс  болмапты, керегі  не? Жұлқыласып  сілкілескенің  ылғи  өз  бауырың, өз  Албаның, одан   қалса  іргедегі   ағайының – Бұғы-Қырғыз. Соған  мәз  болып, сандалып, адасып  өтіппіз. Киіз  туырлықты   қазақтың  бүгінгідей  ынтымақ,  тілегі  қосылып,   ел  болам  деп  ту  көтерген,  ұран  салған  бір күнін  көре  алмай  жүріп, сақалымыздың  ағына  жетіппіз» (Оразалин.  Қырғын. ...2006, 47-48-бб.).
Трагедиядағы   басты  кейіпкерлердің  диалогтарының, монологтары мен  сахналық  көріністердегі   адамдардың  іс-әрекеттерінің, дыбыстардың,  үнсіз  орындалатын   қимылдардың,  адамдардың  бет-әлпеттеріндегі  мимикалық  құбылыстардың  бейнеленуі – бәрі  тұтаса  келе   туындының  негізі  көркемдік  сипатын  айқындайтын  поэтикалық  ерекшеліктерді   ұғындырады. Трагедия сюжетінің  шиеленісті   оқиғаларының   шарықтау  биігі  – халық  көтерілісінің   көсемдері   Жәмеңке  шешен  ақсақалдың, Ұзақ  батырдың,  Серікбайдың    бір  жетіге  мәулет  сұраған патша  ұлықтарының  сөзіне  алданып, ақырында  түн  ішінде  қапыда  қоршаған   жазалаушылар тұтқынына   түсіп,  түрмеге    қамалғаны. Трагедиядағы кейіпкерлердің (Ұзақ  батырдың, бірінен  екінші, үшінші  әйелдің  және  әйелдер  хорының)  осы  сәттегі  көркем  кестелі  бейнелі  өрілімді  сөздері  арқылы  автор  трагедиядағы  монологтардың  пьеса  сюжетіндегі   көркемдік  қызметінің  ықпалын   айқындай   түскен:
«Ұзақ. ...Сойған  қойдай   бұзылып  жарылған  мына  қалың  елді   кімге аманаттаймыз  енді?! (Қылышын  қынабына сарт еткізеді). 
...Бірінші  әйел. Уа,  қаралы  түн! Қанды  түн! Қарғыс  атсын  ұлықты! Қарғыс! Қызыл  қарын  жас  баланың   көз  жасы  атсын! Көз  жасы! 
Екінші әйел. Сілтенбеген  семсер – жетім, айтылмаған  сөз – жетім...
Үшінші  әйел.  Әкесі  жоқ  ұл – жетім.
Азалы  халық. Әлденуақ  Ыбырай  көрінеді. Ыбырай. Үлгірмедік! Қапы  қалдық!  Бірінші  әйел. Шешені  жоқ, көсемі  жоқ  қалың ел – тұл  жетім... 
Әйелдер  хоры (Ыбырайды  қаумалап,  қоршап). Тұл  жетім!...Тұл, жетім!...
Ыбырай (күбірлеп). Кім? Кім  жетім?! 
Бірінші  әйел. Жұлдызы жоқ түн – жетім.
Екінші әйел. Шалғыны жоқ бел – жетім.
Үшінші әйел. Қоғасы жоқ көл – жетім.
Әйелдер  хоры. Көсемдерін  қаматқан, шешендерін талатқан ел – жетім!» (Ораза­лин.  Қырғын. ... 2006, 48-49-бб.).
Пьесаның идеялық-композициялық  құры­лымындағы  трагедиялық хал-ахуалды   үстемелей  түсетін бір  сюжеттік  желілі  бөлік  бар. Ол – бір  кездері өзі  сүйген  қырғыз  жігітімен   қашып  кеткен, бірақ,  қолға  түсіп  әкесі   Тұңғатар   қажының  ашулы   ұйғарымымен  жазаланған  («Арыс­тандай ақырған, әкем Саурықтың   әруағын   бүйтіп  қорлата  алмаспын. Жо-оқ?!... О  заманда  бұ  заман   ата  ғұрпын  аттаған  қыз  оңған  ба? Қыз  қылмысын  жасырған  ел  оңған  ба, жұртым?! 
...Уа, бармысың, Саурық  тұқымы?...Әруақ! тартыңдар, мына  жүзіқараны   үлкен  үйдің  шаңырағына!») Бәкей  қыздың  да өлер  алдындағы   зарлы  дауысын («Әке-е! Әкетай, жазығым – сүйгенім  бе еді?  Нахақ   кеттім!... Нахақ! Әке-е!...)  естиміз. Патшаның озбыр отаршыл  жарлығына   көнбей  көтеріліске   шыққалы  тұрған   халық   көсемдерінің  кеңесі  кезі не  арналған сахналық   көріністе  өткен  күннің қанды  оқиғасының бір  көрі­нісіндей бір  елестеп  өткен  сол Бәкей   қыздың трагедиялық  бейнесі Ұзақ  батырды түрмеде тергеп отырған Про­курордың сөзінен («Жер  тіреген  кәрінің де, уылжыған  жастың  да  мына  жарық  дүниемен  қош­тасқысы  келуші  ме  еді?!  Ажалдан  Ғайса  да  қашқан. Қан  шыққан  жерде   жан  тұрмас. Нахақ  төгілген  ел  қаны -  мыңдардың  ажалы») кейін  тағы  да  елес  береді. Бұл – халықтық дүниетаным негізінде сол  аяусыздықпен  жазаланған аяулы  Бәкей  қыз  қанының  кепиет-обалы салдарының ақыры осы  Қарқара   көтерілісіндегі  халық  қырғынына   ұласқанына   мегзеулі  ойға   жетелегендей  әсер  береді. 
Бәкей  қыздың  осы  елестеуіндегі   монологы  («Қылша  мойыным  талша  боп, қыл  бұрауға    ілінер...  Саусағымнан  әл  кетіп, ақ  білегім ақырғы  рет   бүгілер. Сүттей аппақ арымды,  құлындауыс  құлдыраған зарымды аманат қып   қалдырайын, Ару ай!... Сау  бол,  елім! Жәннат жерім! Сен де сау  бол,  арашаға   жарамаған  ағайын. Нахақ  кеткен ұл-қызымның – мен  болайын  ақыры!... Әке,  сау  бол....Сау-у,  бо-о-л-л!...) да    қыз  әкесі  Тұңғатар қажының ағасы  Ұзақ  батырдың да   сол   ұрпағының нахақ   жазаланғанына өмір  бойы күйзеліп-күйініп жүрген   ағалық-әкелік   сезім отын  қайта  лаулатады,  қатал  жазаланып  дарға  асылып   өлтірілген    ару  перзенттің  елес-рухына  елжіреп  (ұмтыла күбірлеп). Құлыным-м... Сәбиім... ...Ақырғы  сөз  ақтық,  ақтық  аманатың  үшін   шейіттікке  бас   тігейін.  Мен  жүзіқара. Жас  кеткенше,  бас  кетсін!... Бас!...), отаршыл Прокурорға айбынды-әмірлі шешімін   мәлімдейді:
«Ұзақ (дауыстап). Оттапсың!  Бір  жанымды сауғалап,  мыңдардың   жанын  саудаға  салар   мені  кім  деп  едің? Сөз  осымен  бітті!) Енді  апарар   жеріңе апар! Мен  жазаға да,  қазаға  да  бел  буған  жанмын!...» (Оразалин.  Қырғын. ... 2006, 55-56-бб.).
Трагедия  сюжетінің   аса  шиеленісті  шарықтау  шегіндегі   оқиға -  қолы  кісендеулі  халық  батыры  Жәмеңкемен    отаршыл  билік  жүйесінің  өкілі     Прокурор  екеуінің    арасындағы   диалогты   сахналық  көрініс. Қолы кісендеулі  Жәмеңке  батыр  отаршыл  жатжұрттық  билік  өкілі  Прокурордың   алдында осы  даланың  негізгі иесі  қазақ  халқының  азапқа,  қорлыққа    ұшыраса  да  өр  рухын жоғалтпаған  қайсар  мінезін  танытады:
(«Жәмеңке. ...Жер-суымызды  алып,  өзімізді шөлге қамап, тауға  қуды. Шығынын,  алымын  алып  тұрса  да, ісінде  тізгін,  сөзінде   тоқтам  жоқ. ...Ел  ұлықтың  лаңы  мен  былығынан,  өтірігі   мен  найсаптығынан  қажыды. Арқа  етіміз – арша,  борбай  етіміз – борша  болды. Наразымыз  десең,  абақтыға   қамайды. Жазалайды. 
...Прокурор (ашу  шақырып). Бересің! Бергіземіз! Ықтиярыңмен көнесің,  көндің... Көнбесең... Жоқ! Көнесің,  кәрі  ит! Көндіреміз! Жәмеңке. Ендеше,  менің  кәрі   мүшемді   кесіп  ал! Тіреп  тұрған   аспаныңды  таста!...  Күшік!...» (Оразалин.  Қырғын. ... 2006, 53-54-бб.).
Трагедия   сюжетінің шарықтау шегіндегі Жәмеңке шешеннің түрме тамағына у қосылып өлтірілгені, Ұзақ батырдың, Жаңабайдың,  Серікбайдың    жазалаушылар  оғынан  қаза  табатыны, прис­тав,  урядник    бастаған жазалаушылардың  түнделетіп білдірмей қашып кеткені – бәрі  де  тарихи  оқиға  шындығын,  қасіретті   қанды  қырғынның   суретін  көрермендердің   көз  алдына  реалистік  сипатымен   көрсетеді.  Түрме  торында   отырса  да   отарлық  билікке   қарсы  ақырғы  сәтіне   дейін  жағаласқан,  бас  имеген   халық  тұлғасының   болмысын танытқан Ұзақ  батырдың  монологы драматургтің   көркемдік-идеялық  шешімін  ұғындырады: 
«Ұзақ (торға жармасып). Сау  бол,  елім! Аяғым  үзеңгіде кетті-ау!... үзеңгіде-е... Әттең! (Торға  асылып  барып,  қайта бой  түзейді). Еркек  тоқты  құрбандық! Алыспасаң, атар таң,  шығар  күннің  сәулесі  жоқ  саған....  Жо-жоқ... Біз өлгенмен,  бізден  кейін де  ұл  туар. Туыңды  сол  ұстар. Түбінде  туың  жығылмасын  де, туың! (Жан  тапсырады)». 
Трагедия сюжетінің шешімін  айқын­дайтын халық  кегін қуушылардан   тірі  қалған  Ыбырайдың    шамырқана  айтыл­ған  арнау-монологы «Баяғы заманнан  сыңсыған жайлауың  мен  ырыс-дәулетіңді   обырдай  обып, тәтті-дәмдіңді   сіміріп жұтып, жонданып келген  мына  сұрқияның  ұясын енді  жермен-жексен  ет, жұртым!...Тым құрыса, ұлық  ордасының жанғанын, өртенгенін  көріп,  желігіңді  басып  аттан! (Қолымен  екі  басты  самұрықтың  суреті  салынған   қаданы  нұсқап). Өртеңдер!... Ең  әуелі,  шеңгелін  желкеңе  аямай    қадап келген  ана  екі  басты  ажалдың   сұрқия  құсын  өртеңдер!... Ұясын  өртеңдер!»  (Оразалин.  Қырғын. ... 2006, 71-72-бб.). 
Отаршыл   жатжұрттықтардың   қанды ордасы  болған,  бірақ, жазалаушы  иелері қашып  кеткен Қарқара  жәрмеңкесін    көтерілісші  халықтың  тас-талқан еткені, өртегені, Ресей  патшалығының  самұрық   құс бейнеленген туының құлатылып    табанға тапталғаны, ақырында  қыршын  кеткен боздақтарға, шейіт  болған   арыстарға қоштасу мүнәжат дұғасын  арнаған    елдің атақоныстан  ауа  көшіп  бара  жатқаны – бәрі  де тарихи шындық  аясында    кейіп­керлердің   сөздері  мен   ремаркалық баяндаулар негізінде көрермендердің  көз алдарында    шынайы  қалпымен  көрінеді. 
Трагедия соңындағы өлілерге  мүнәжат  етіп,  тірілерге  саулық  тілеген   Ана  монологы  мен авторлық  ремарка  арқылы  бірте-бірте ұлғая  лаулаған  Қарқара  жәрмеңкесінің    алау  отының   жалынымен  Қазақ  Елі  мен қасиетті  атамекеннің   айбынды  үніндей    бірте-бірте  күшейе түскендей  сезіліп  естілетін   қаһарлы  сарын   ақырында  жүзеге  асатын АЗАТТЫҚ, БОСТАНДЫҚ  ТУЫНЫҢ желбірейтініне сенім  ұяла­тады. 
Көрнекті  ақын-драматург Нұрлан Оразалиннің  осы  «Қырғын»  атты  трагедиясын  оқып  отырып,  сахналық  әрекеттер   жүйесінің    (өнер туын­дысын­дағы кейіпкерлердің қимыл-қозға­лыстарының, мимикалық  құбы­лыс­тарының,   ішкі  жан  ділі     әлеміндегі  пси­хологиялық хал-ахуалдарының,  қуа­­­нышты  тебіреніс­терінің,  қайғылы   күйзелістерінің, т.б.) – бәрінің де  кешенді  поэтикалық тұтастықпен өрілген­дігін  бай­қаймыз.  Осы арада,  драматур­гиядағы  пьесаларды көрермендер  мен  оқырмандардың   психологиялық қабыл­дауы үшін ең  негіз­гі мәселе  болып  саналатын актердің орын­даушылық ше­бер­­лігін қуаттандыратын пьеса­ның   сах­на­лық  сөзінің  маңыздылығы  ту­ралы терми­нологиялық анықтамалықты  атап айтамыз: «Сахна сөзі...пьесаның  идеялық  мазмұнын  ашуға  көмектеседі  әрі  театрда  көркем  образ   жасаудың  басты құралы  болып  табылады. Яғни,  актер  мәнерлі  сахна сөзі  арқылы  жазушы   шығармасында  бейнеленген  кейіпкердің  ішкі жандүниесін, идеялық ой-сезімін    көрермендерге жеткізеді. Актер тілдің  нақышты  бояуы  мен   күш-қуатын  терең  сезінген  жағдайда  ғана  өзі   орындайтын   сахналық кейіпкерінің  әлеуметтік  тегін, ұлттық-тұрмыстық мінез ерекшелігін, психологиялық сезім  күйін  аша  алады» (Мәдениеттану терминдерінің  түсін­дірме сөздігі/Құраст: Б. Нұрпейіс, М. Мұсаханова, А. Еркебай. – Алматы: «КИЕ» лингвоелтану инновациялық орталығы, 2009.-200б; 150-б.). 
«Қырғын» трагедиясындағы сахна сөзі мен сахналық әрекеттің үйлесімді пси­хо­ло­гиялық-поэтикалық тұтастығы  қа­лам­­­гердің ақындық шабыты аясында жазылғандығы анық  байқалады. Кейіп­керлердің  диалогтары  да, монологтары  да    жеке  сөздер  мен  сөз  тіркестерінің,  сөйлемдік  құрылымдардың,   дыбыстар  үндестіктерінің  әуезді, әуенді үйлесімді    сарындылығымен  ерекшеленеді. Қарама-қайшылықты  ұстасу-тартысу жағдайындағы   халық  өкілдері  мен билік  иелерінің  де    сахналық  сөздерін  авторлық  ақөлеңдік    мәнерлі  дыбыстардың    ішкі  ұйқасты өрілімдерімен  сөйлетеді. Бұл – ақын-драматург  қаламгердің   трагедиялық  шығармалардың ежелгі заманғы     клас­си­калық  дәстүрін (Еврипид, Софокл, Эсхил, Шекспир, Жүсіпбек  Аймауытов, Мұхтар Әуезов,т.б.)   өзіндік  өрнегімен    жаңғырта  дамытуының  көрінісі. Сонымен  бірге,   трагедиядағы   кейіпкерлер  диалогтарының, монологтарының    поэти­калық  кейіптеулермен  кестеленген  өлең  тармақтарының   афоризм    үлгісіндегі мәнермен жазылғандығы  байқалады. Олармен қоса, халық  даналығының қорытпалары  мақал-мәтелдер   үлгілерінің   де   авторлық  шешімге    сәйкес түрлене    қолданылуы  кездеседі. Мысалы: «Алыста – аспанға   сұқтана  қадалған  Алатаудың  зеңгір  шыңдары», «Қулығына  құрық  бойламайды», «Ұлыққа қара  бұлт түйілт!», «Сұйық  мұртты  бақыртып  бауыздағаннан  басқа  не  қалды?», «Өре  тұрмасақ,  өзегіңді  өрт  қапқалы  тұр», «Жалғыз  шапқанның  құны  - жалғыз  оқ», «Ағайынның  арасына   сөз түспек  түгіл, өрт   түссін  маған  десең», «Бір  кіндіктен  тарап,  бір  емшекті  тел  емгенің  рас  болса, осы  сөзге  бақ», «Етектен  кесіп  жең  болмас, ежелгі  дұшпан  ел  болмас», «Әскерге  ұл  бергенше,  жан  бергеніміз  артық»  деп гүмпілдесіп  отыр», «Әй,  суға  шайынған  сәмбінің  талы...», «Былай тартсаң  арба  сынады,  былай  тартсаң  өгіз  өледі», «Бұлар  Россия емес,  ақ  патшаның   қандауыз  сілімтіктері», «Бұл  ел  басқаға  қайдам, сөз  бен  сертке  берік  қой», «Ағайынның  азары  болса  да,  безері жоқ», «Адамның  басы – Алланың  добы», «Тұщы  етінен  ащы  таяқ  өтсе,  кез  келген  ұлт  ашынады», «Дәрігердің  борышы – адам сезімін  болдырмау», «Айнала – тұтанғалы  тұрған өрт», «Елші – басшы  емес», «Хан  әділінен  тайса, қарашасы  бұзылады», «Ел  сөзі – Есілдің  суы  сияқты – бөгет  қойып,  бұрғанмен   кері  ақпас», «Бұрын  туған,  бұрын  өлмек – парыз», «Қара  ешкіге  жан  қайғы,  қасапшыға  мал  қайғы», «Серігім – түн, бауырым – жүйрік  ат,  досым  сойыл  болған   барымташы   емеспін  бе?», «Үрей – ұлық  атаулының   жансыз  жері», «Ақылды  айла   жеңер     қара  түнек  заман  болары  да,  зерделі,  шуақ  нұрын  төгер  сәулелі  күннің  келері  де  белгілі», «Тау  жайлаған  қалың  ел    аузына  қараған   дана қария  Жәмеңкеге сөз  сала  келдім., «Ел  бірлігін  толғаған,  сөзден  кесте  тоқыған,  зер  құраған   Жәмеңке...», «Іштен  шыққан  жау  жаман», «Жастығыңды  ала  жатуға    бел  буған екенсің  ғой  ақыры,  жұртым!», «Аспантаудың  ақбас  шыңдары   мұңая  қоштасып   тұрған  тәрізді», «Бабамның   бабаларының   кіндігі  кесілген  киелі  төрді   қайта көре алар  ма  екенбіз?!»,  «Ананың  міндеті – өлілерге    мүнәжат  етіп, тірілерге  саулық  тілеу», т.б.  Трагедиялық пьесаның прологы  мен  эпило­гындағы, он  үш  сахналық  көріні­сіндегі драматург-қаламгер  қолдан­ған    поэти­калық  бейнелі    өрнектер     ақын­дық  шабыт  қуатының   ықпалымен  роман­тикалық сарын басымдығымен    жазылғандығы   байқалады. Шығарманың  тұтас  құрылымдық    жүйесінен    лири­калық-психологиялық сыршылдық әуен­дер  өрілімінің   әсеріне  бөленеміз.
Қорыта  айтқанда, тарихымыздағы  бос­тандық,  тәуелсіздік  аңсаған   халық  қайраткерлерінің,    олардың  соңынан  ерген   қалың  бұқараның    қанды қырғынға   ұшыраған  оқиғаны негіз  еткен  «Қырғын»  трагедиясы Тәуелсіз  Қазақ  Елі   жаңа  буын ұрпақтарына  ұлт-азаттық дербес  мемле­кеттілік   құдіретін  ұғындыра   түсетін   тағы­лыммен  айрықша  бағалы. 

 

599 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз