• Заманхат
  • 21 Мамыр, 2012

Ілияс Жансүгіров «Жалғыздығы»

Ерлан ҚАСЕНОВ, филология ғылымдарының кандидаты

Адам баласының когнитивтік санасында «жалғыздық» концептісі* ерекше орын алғаны белгілі. Себебі, өлімнің алғышарты да кейінгі салдары да адам баласының қайғыру әрекетіне ұласып, белгілі уақыт өлшеміне сәйкес жекеленуге, яғни, жалғыздыққа әкеліп тірейді. Бұл – жаратылыстың бұлжымас заңдылығы. «Жалғыздық» – ислам дінінің тірегі Таухид ілімінің негізгі ұғымдарының бірі. Жалғыздық – тұтас жаратылысты, мән мен барлықты Жаратушы Алла Тағала, соның ғана қасиет белгісі. «Жалғыздық Құдайға ғана жарасады» деу, Қазақ танымының тірегі Канондық Ислам екенін көрсетеді. Бұл, Қазақ халқының әулие, хакім, данышпан және ғұламаларға құрметпен қарағанын, бірақ өлшеусізбен өлшенгендерді қабылдамағанын байқатады. Жалғыздық – философияда да негізгі ұғым – категория, сөз өнерінде, сол сияқты бейнелеу өнерінде басты көркемдік эстетикалық мотив» [1, 120-121 б.]. Ал, «Сопылық дүниетанымға негізделген жыраулық қолданыста жалғыздық пен жекелік өзара іргелес те, алшақ та ұғымдарды беретін когнитивтік* бірліктер ретінде танылады. Жалғыз және жеке сөздері лексика-семантикалық бірлік ретінде бір деңгейдегі мағыналас сөздер болғанымен белгілі бір ұлттың тілдік-мәдени контексіндегі менталды бірлік – концепт ретінде кейде бір-бірімен сәйкесе бермейді. Жалғыздық концептісі жыраулық поэтикада бір, тақ, жалғыз сөздерінің ұғымдық аясында айқындалады. «Жалғыздық тек аллаға жарасқан» деген философиялық концепция бойынша жалғыздық жеке адамдар үшін «жаман» деп бағаланса, жекелік керісінше, «даралық, өзгеден ерекшелік, артықшылық» ретінде бағаланады. «Құм жиылып таc болмас, құл жиылып бас болмас» деген қанатты қағиданың астарында жалпы көпшіліктің немесе бірың­ғайлықтың антиподы жеке, яғни, дара тұлға туралы таным жатқаны аңғарылады» [2, 22 б.]. Поэтикалық мәтіндегі концептілік құрылымдардың көрінісі туралы зерттеген ғалым А.Әмірбекова «жалғыздық» кон­цептісіне тоқтала келе: «Жалғыздық – бұл метафизикалық концепт. Бақыт ұғымы секілді түсінілуі күңгірт ұғынылуы мен танылуы қиын ұғым» – деген пікір білдіреді [3, 54 б.]. «Жалғыздық құдайға ғана жарасқан», «Жалғыз жігіт жарымас» деген сияқты т.б. паремиологиялық* бірліктерден байқалатын жалғыздық туралы халықтық ұғым-түсінік өлең тілінде, ақын І.Жан­сүгіровтың көркемдік танымында ерекше қырынан айқындала түседі. Поэтикалық мәтіндегі «жалғыздық» концептісінің психологиялық аспектісі: дүниеден ау­лақ­тану, жапанды жалғыз кезу, оты өшу фреймдері арқылы танылады. Фило­софиялық аспектісі тағдыр, жан бағу, өмір кешу, дүние фреймдерімен беріледі. Мы­салы: Көңіліне Құлагерден құйылып мұз, Күйкиіп отыр таста Ақан байғыз. Жан тынышын елден емес, жерден тапқан, Сондай бір адам бопты жаны жалғыз («Құлагер» поэмасынан). Мұнда «жалғыздық» концептісі «жаны жалғызсырау», «күйкиіп отыру», «жан тынышын іздеу» фрейм-сценарийлары* арқылы танылған. Олар стереотиптік ассо­циациялық* таңбалар арқылы қалып­тасқан. Ақын туындыларындағы, яғни, поэ­тикалық мәтіндегі «жалғыздық» концеп­тісінің көрі­нісі индивидуалды түсінікте және поэтикалы бейнеленуінде автордың жеке ситуациялары мен метафоралау тәсілдері арқылы танылатыны анықталды. Оны мынадай когнитивтік модельдер арқылы көрсетуге болады: «Жалғыздық – тыныштық» когни­тивтік моделі. Жан күйінің тыныштық табуға ұмтылысы жалғыздыққа апарады. «Терең түкпірдегі ерен жан қозға­лыстарының санамен бүркемеленуі. Бұл атаудың мағыналық бөлшектері үнсіздік, толғаныс, тұңғиыққа батқан ауырлық (ой), тылсым» [4, 97 б.]. «Шат көңілді», «теңіз көңілді» азап алып «жабырқап жапан түзді жалғыз кезген» адамның өмірдегі шарасыздығы өліммен тең, бірақ, өлімді мойындай отырып өмір сүру – өзге әлемге ену. Демек, шарасыздық – өмір сүре отырып өлу. Өмір мен өлімнің аражігі тек физиологиялық жақтан ғана өлшенбесе керек. Осы ретте, шарасыздық, шарасыз болу, әрекетсіз қалу қазақ ұғымында «тірі өлік», «міскін» тілдік бірліктерімен сипатталады. Ол тұмшалануға, жекеленуге, бөлек бір «тыныш әлемді» іздеуге әрекеттендіреді. Тентіреп тауда ұдайы, таста қаңғып, Оты өшкен, бойында жоқ жас құмарлық; Кеткенде қызық тарқап, қаны суып, Айдаған ай далаға жаны қуып. Жап-жалғыз тауды, тасты мекендеген, Жанына жолатқызбай жанды жуық. Өмірден жиіркеніп көңілі суып, Қалғандай айналадан өзге туып («Құлагер» поэмасынан). Бұл жолдардан танылатын жалғыздық – тұрмыс-тіршіліктегі жалғыздық емес, құлазыған рухани жалғыздық. Ақынның ойсурет, фреймдік* сценарийлік танымында қарастырылған «жалғыздық» концептісінің мәтіндегі тілдік экспликациясы: оты өшу, құмары тарқау, қызығы тарқау, қаны суу, көңілі суу элементтері арқылы көрінеді. «Жалғыздық – ішкі азап» ког­ни­тивтік моделі. «Адам – Әлем, Әлем – Адам» десек, адамның рухани бол­мы­сының күйреуі жалғыздыққа жете­лейді, өмірі тек жабығу мен құлазудан тұрады. Адам көңілінің құлазуы кейде адам атаулыдан аулақтауға, жалғыздыққа жетелейді. «Жалғыздық» – «дүниеден ау­лақтану», туған елден кете алмау – «азап». Философиялық тұрғыдан түсіндірер бол­сақ, ішкі жанның әлдебір абсолютті күшке ұмтылуы. Ол күнде осы тауда жалғыз жан жүр, Дүниеден аулақтанған дабыр-дүбір Қара шал қайыңды отыр көлеңкелеп, Бір қу бас шал үстінде ілулі тұр. Таба алмай тыныштықты туған елде, Кете алмай біржолата бөтен жерге, Тартқанда жалғыздықтан жаны қорлық, Төсеген талай ерлер оққа кеуде («Құлагер» поэмасынан). Дүниеден аулақтану – фрейм. Сана­да­ғы стереотиптік* ассоциациялық таң­­балар арқылы қалыптасқан. Қазақ танымында дүниеден аулақтану бұл әлемнен жоғалумен пара-пар. Жоғалу. Абай тілі сөздігінде: «құру», жойылу», «жоқ болып кету», «із-түзсіз құрып кету» [5, 265 б.]. Концепт бойынша: адамның дү­ниеден бөлектенуі, өзге әлемге жол тартуы, өзін-өзі ұмытуы, ішкі тартыстың жоғалуы. Ғалым Қ.Жаманбаева мұны «адамның өзінің ішкі «Менімен» бас тартуы, процеспен тұтасуы, өзін өзінен, дүниеден бөлу, өзін-өзі ұмыту» – деп тү­сіндіреді[4 , 95 б.]. «Жалғыздық – көңіл жайлауы» когни­тивтік моделі. «Көңілдің Көкшетауы» – көңілдің көркі, Көкшетаудың сұлулығы. Бұл поэтикалық теңеу ақын поэзиясында «Көңілінің Көкшетауы қуаң тартып, Қы­зығын қайғы орағы кеткен орып» тү­рінде қолданылады. «Қызығын қайғы ору» – ойсурет. Санада бейнелеу арқылы қалыптасқан. Көңілге көлеңкенің сызат түсіруі жал­ғыз­­дыққа жетелейді. Бір күнде болған жігіт жан жайлауы, Қайда оның күлкі, ойынмен жайнаңдауы? Құлазып күзді күнгі Көкшетаудай, Қызықтың көшіп кеткен – сар жайлауы («Құлагер» поэмасынан). Адамның көңіл жайлауы алуан түрлі сезімнің шетсіз-шексіз кеңдігі, оның жаз жайлауының көрінісіндей сан алуан қалпы. «Қызықтың сар жайлауы көшіп кетуі» – бұл өмірде қызық пен думанның қалмауы, ән мен сәннің жоғалуы, құрдымға кетуі, құлазу, жалғызсырау. Түсіндірме сөз­дікте «жалғызсырау», «жабырқау», «кө­ңіл­сіздік басу» деп түсінді­рілген «құлазу» – концепт бойынша: тірі пен­­денің ішкі жан дүниесінің қаңырауы болып ұғынылады. «Жалғыздық – батырлық» когни­тив­тік моделі. «Жалғыздық» ұғы­мы ұлттың таным кеңістігінде бірде жағым­ды, бірде жағымсыз астар беретіні аң­ға­рылады. Жалғыздық жаман ұғым туын­датқанменен, жекелік үнемі жаман бо­лып табылмайды. Ол бірде азап, бірде қорлық болса, кейде батырлық ұғымымен де шектеседі. Сон­дықтан, «жалғыздық» концептісіне жалаң әрі бір жақты қарауға болмайды. Көрмегенде мұны халық қалды қатып «Мынаған шыға алмас-деп-ешкім батып!» Қораға түскен жалғыз жолбарыстай, Ол тұрды, көрген көзді таңырқатып. Жайраңдап Жайсаң Ақан қаймыққан жоқ, Жүрегін жолбарыстан айнытқан жоқ. «Жат елде жалғыз жүрмін» деп именіп, Болар деп түбін қалай қайғыртқан жоқ («Құлагер» поэмасынан). Мұндағы «Қораға түскен жалғыз жол­ба­рыстай», – ойсурет. Санада эпи­зод­­ты бейнемен салыстыру арқылы қа­лыптасқан. «Жалғыздық – қорлық» когнитивтік моделі. «Жалғыздық. Дарашылдық. Жапа – жалғыз қалу. Дүниеден, әлемнен бөліну. Өзінің жанын аластау» ғана емес, жалғыздық – қорлық[4, 97 б.].Абай тілі сөздігінде: «жалғыздық көру – кемшілік көру, опық жеу, жалғызсырау» [5, 236 б.]. Төмендегі өлең жолдарында «жалғыз­дық» ұғымын танытатын тіл­дік бірліктер түгел дерлік санада метафораланған. – «Өмір бітті, Еділ?» деп, «Молам — қойның, ақ өзен, Ақ көйлегім — кебін!» деп Еділге өзін көмгені... Жау қолында ел таппай Жалғыз, әлсіз, панасыз... Жан саялар жер таппай, Өлімге өзін бергені... («Дала» поэмасынан). Жақын жоқ, жанашыр жоқ, жалғыз қалып, Құз қара зарлап жатыр, дір-дір қағып. Бәйгені ас етіндей жұлқылап жүр, Біреудің жіліншігін малға шағып («Құлагер» поэмасынан). «Еділге көму», «жақыны болмауы», «жан­ашырсыз қалу» қайғы емес, күйіну. «Күйіну – ызалану, қапа болу, назалану, кею» [5, 339 б.]. Сондықтан мұндағы жалғыздық азаптанумен, «жан азабымен» байланысты көрінеді. «Жалғыздық – кедейлік, әлсіздік» когнитивтік моделі. Ақын танымында жалғыздық әлсіздікті, кедейлікті таны­тады. Жабыла жалғыз үйге жау мұңдалап, Шаң басты, шабуылмен қырды, жойды. Айы жоқ, жиі жұлдыз. Қара түнек, Жыраңқай бір тасада өзегірек. Жалғыз үй, жарым-жанды кемпір мен шал. Лықылдап бір топ бала жатыр түнеп («Рүстем қырғыны» поэмасынан). Поэтикалық мәтіндегі «қара түнек», «жалғыз үй», кемпір-шал», «топ бала» ұғымдары өзара ассоциациялық тізбек құрып, «қара түнек» қорқыныш, үрейді, «жалғыз үй» дәрменсіздікті, «кемпір-шал», «топ бала» әлсіздікті танытады. Мұн­да­ғы «жалғыз және көп қазақ халқының концептуалдық танымында дүниенің жақсы және жаман бөліктері ретінде бағалауыштық өлшемге ие» [3, 21 б.]. «Жалғыздық – өкініш, уайым» когни­тив­тік моделі. Жаратылыс заңдылығы – туу, өлу. Тіліміздегі «бірге тумақ бар да, бірге өлмек жоқ» паремиологиялық бірлігі астарындағы ой адамның түбінде жалғыздық торынан құтылмайтынын танытып, «қайғы» концептісімен аста­сатынын аңғартады. Өмірдегі тосын жағдайлар мен себептердің әсерінен, кенеттен келген ажалдың салда­рынан зор қайғы, өкініш туындайтыны белгілі. Құлагер шапсаң бауырың жазылатын, Жерошақ тұяғыңмен қазылатын. Құшақтап қу далада қалдым жылап, Жазым боп жау қолынан жалғыз атым! («Құлагер» поэмасынан). Қазақтың жылқы аңсатқан жарлы, байын, Жарлыны жалғыз атсыз алды уайым («Құлагер» поэмасынан). Айы жоқ, жиі жұлдыз. Қара түнек Жыраңқай бір тасада өзегірек Жалғыз үй, жарым-жанды кемпір мен шал. Лықылдап бір топ бала жатыр түнеп («Рүстем қырғыны» поэмасынан). Қазақ ұғымындағы «өшкен жанбау» орны толмас өкінішке әкеліп, шексіз «уайым» қайғы әлеміне бастайды. Бұл абстрактылы ұғым поэтикалық мәтінде «қу далада жылау» ойсуреті арқылы танылады. «Шындық дүниедегі көрнекі бейнелерді жалпылап, нәрселердің ішкі қасиеттерін, табиғат пен қоғамның заңдылықтарын абстрактылы ойлау арқылы танып біледі. Абстрактылы ойлау дүниетанудың екінші, жоғары сатысы болып табылады. Сезімдік танымға қарағанда ойлау дүниені тереңірек және толығырақ танып білуге мүмкіндік береді» [6, 199 б.]. Поэтикалық мәтінде концепт бейнелі репрезентацияда* танылып, бүтіннің бөл­шегі модельдерімен объективтенген. Қорыта айтқанда, І.Жансүгіров поэ­зиясы бойынша «жалғыздық» кон­цептісін сипаттайтын тезаурус*: жалғыз қалу, жақынсыз қалу, жанашырсыз қалу, жал­ғыз жүру, өмірден жиіркену, ай далаға жанын қуу, жаны жалғызсырау, жан ты­нышын іздеу, уайым алу, қу далада жылау, т.б. тіркестердің семантикасы арқылы айқындалып, әлсіз, панасыз, байғыз сөзде­рі­мен ассоциацияланады. «Қайғы» ұғымын танытатын оты өшу, құмары тарқау, қызығы тарқау, қаны суу, көңілі суу, мұз құйылу, қайғы ора­ғы ору, көңі­лін қуаң тарту, т.б. фра­зео­логиялық бірліктер «жалғыздық» кон­цептісінің мәнін дәл айқындайды. Ақын поэзиясы «жалғыздық» концептісін таны­татын концептілік құрылым­дардан (фреймдер, сценарийлер, ойсуреттер, т.б.) тұратындықтан «жалғыздық» ұғымының мәні барынша толық көрінеді.

846 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз