• Ұлттану
  • 04 Қыркүйек, 2015

«ТОҚТА! ГЕОМАГНИТТІ ТОЛҚЫН!»

Сабырбек ОЛЖАБАЙ,
жазушы

Жер шарының кез келген елінде «қар­ғыс атқан» үйлер кездеседі. «Мұндай үйлерде елестер,  әруақтар  мекен етеді» деген түсінік ғасырдан ғасырларға өтіп, бізге де жетті. Расында, «қарғыс атқан» үйлер, «қанды жол» деген бар ма? Ғылым мен медицина ғарыштап дамыған шақта осы ұғымның аражігін қалай ажыратуға болады? Соңғы жылдары ғалымдар биолокаторлық зерттеулер арқылы елес кезген үйлердің сырын біршама ашқандай. Мұндай елестер үй астынан өтетін су тарамдары мен жер қыртысының жарылыстарынан болады екен.

Демек, жер асты қауіпті геомагнитті толқындар түрлі түсініксіз жәйттердің орын алуына себепші көрінеді. Осы құбылысты алғашқылардың бірі болып неміс ғалымы Густав Фон Поль зерттеген. Ол Баварияда жүргізген зерттеулер бойынша талдау жасағанда қатерлі ісіктен қайтыс болған 58 адамның жатын бөлмесі геомагнитті аумақта орналасқан деген тұжырымға келген. 1950 жылы Бавариядағы медициналық-биологиялық институттың директоры, медицина докторы Манфред Курри адамдарда қатерлі ісіктің туындауына бірден-бір әсер ететін геомагниттік жолақтар деген қорытындыға келген. Оның пікірінше, жер асты сулары ғана емес «Курридің диагональді торы» деп аталатын жердің ерекше энергетикалық торымен байланысатын «теллурациялық радиация» да қатерлі ісікке шалдықтырады. Ал, К.Бахллердің зерттеулері бойынша, гео­магнитті аумақта тұратын адамдардың бес пайызының ғана көп уақытқа дейін денсаулығы сыр бермейді. Ғылыми зерттеулер көрсеткендей, геомагнитті тол­қындар аумағында ұзақ болған адамдарда әлсіздік, ұйқыдан тұрғанда дел-салдық, қорқынышты түстер көру, бас сақинасы ауруы, жүрек айнуы, болар-болмасқа ашулану, аяғының қалтырауы және мұздауы кездеседі. Ғалым Э.Хартман төсек пен жұмыс орны солтүстіктен оңтүстікке бағытталған геомагнитті толқындарының активті жолақтарының бойында болса жүрек-қантамыр, ал, шығыстан батысқа бағытталған жолақтардың бойында жүрек қабынуы, артрит, ревматизм, ал, жатын бөлмелері диагональды тордың қиылысу түйінінде орналасса қан-тамыр, демікпе, ревматизм, жүректің ұстамалы және қатерлі ісік ауруларына шалдығады деп көрсеткен.
М. Әуезов атындағы  Оңтүстік   Қазақстан мемлекеттік университеті жанындағы «Су мәселелері және агроөнеркәсіп кеше­ніндегі мәселелер» ғылыми-зерттеу инсти­тутының директоры, ауыл шаруа­шылығы ғылымының кандидаты Мұсатілла Тоқанов геомагниттік толқындарды зерттеу осыдан 5 мың жыл бұрын басталғанын алға тартады. Десек те, ең кенже қалған ғылым осы салада болып шықты. Жуырда «Оңтүстік» ақпарат орталығында ғалым ағамыз гео­магниттік өрістің адам ағзасына әсері жөнінде журналистермен ой бөлісті. Осы жолда өзі жасаған тәжірибелерді ортаға салды. Бірқатар мысалдар келтірді. Айталық, жуырда «Алматы-Термез» тас жолының бойында аса қайғылы жол-көлік оқиғасы орын алды. Бозарық елді мекені жанында «Мерседес» шағын автобусы мен «Хово» ауыр жүк көлігі соқтығысты. Соның салдарынан автобустағы 14 адам көз жұмды. 
Мұсатілла аға осы суыт хабарды естісімен, оқиға орын алған жерге шұғыл жеткен. Арнайы биолокациялық құралмен тексеріп көргенде оқиға орнына дейінгі 8 шақырым жолдың шығыстан батысқа қарайғы жерасты геомагнитті толқындардың үстінде жатқанын анықтайды. Ғалым аға одан әрі тағы да 4-5 шақырым жерге барады. Осы аралықта геомагнитті толқындар, олардың түйіскен жерлері бар екен. Сондай-ақ, ол оңтүстіктен солтүстікке қарай жүріп отырып, периметрі 600 метрдей болатын аумақта геомагнитті жолақтардың шекарасын, түйіскен жерлерін анықтайды. Демек, осы аумақтағы жерасты геомагнитті толқындары кейде күннен келетін геомагниттік дауылдармен әсерлескенде қауіпті сәттер жиі туындайды екен. Дәл осындай кездерде денсаулығы сыр бергендердің кенеттен ауруы қозып, ойлау-сараптау қабілетінен демде айырылып, сарсаңға түсіп қалатын көрінеді.  Сөйтіп, олар алдынан шыға келген көлікті аңғармай да қалады. Еркінен тыс әлдебір әсерлер сол кезде жүргізушінің көзіне ұйқы тықпалайды. Ғалым ағаның пікірінше, «Ұлы Орда» жанар-жағар май құю бекеті тұсында орын алған алапат апатқа осындай табиғи күштер әсер етсе керек.
– Күн бетіндегі магниттік дауылдардың қуаты 1 миллион мегатоннаға дейін жете­ді. Оның күші Жерге 1200 шақырым жылдамдықпен жетеді. Күн көзінен келе­тін дауылдар салдарынан жер сілкінісі, теңіздерде алапат толқындар пайда болады. Күн мен жерасты геомагниттік толқын тоқайласқанда адамдар арасында инфаркт, инсульт шамадан тыс көбейеді. Мұндай кезде адамдар мейлінше сақ болуы керек, – дейді М.Тоқанов.
Зерттеуші-ғалым 1998 жылы Шым­­­кентте жол полициясы қызмет­керлерімен бірлесіп, қаладағы көше­лердің геомагнитті толқындарға қатыс­тылығын анықтап көрген. Сонда, Тәуке хан, Т. Рысқұлов, Республика, Бай­­тұрсынов, Дулати, «Темірлан тас жолы» даңғылдары бойын тексергенде аталмыш жерде геомагнитті толқынның өрісі шамадан тыс көп екенін анықтаған. Осы жолдар бойында жол-көлік апат­тарының жиі орын алатынын ға­лым толқындармен байланыстырады. Ұзақ жылғы ізденісінің нәтижесінде ол Шымкент қаласының геомагниттік картасын жасапты. 
Жалпы, геомагнитті толқындарды зерттеу институттары Германия, Түркия, Ресей елдерінде бар екен. «Күн көзі көп түсетін бізге де осындай институт керек» деп Мұсекең кезінде Премьер-Министрге дейін хат жолдапты. «Ғарыш агенттігі жанында биоөрістер, геомагнитті толқындарды зерттейтін институт әлде лаборатория болғандықтан, менің бұл ұсынысым қолдау таппады» дейді ғалым ағамыз. Бірақ, ол мұнымен тоқтап қалмақ емес, ізденісін жалғастыра түспек. «Бүгінде күннің белсенділігі салдарынан жер-жерде су тасқындары жиі орын алып отыр. Жол-көлік апаты, қан қысымы, инсульт, инфаркт аурулары көбеюде. Оның салдары мен себептерін анықтау қажеттілігі туғанда бізде де арнайы институт ашылады» деген сенімдегі ғалым аға мынадай пікірлерін ортаға салды. Біріншіден, қолданыстағы «Жол жүру ережесі» қайта қаралуы керек. «Жол белгілері» деген тарауға геомагнитті тол­қындар жөніндегі түсіндірме жазылғаны жөн. Екіншіден, қауіпті аймақтарға «Геомагнитті толқын!» деген жол белгісін қою қажет. Көрсеткіште толқынның қанша шақырым жерді қамтитыны, жылдамдықты шектеу жөніндегі ескертпелер жазылуы тиіс. Үшіншіден, жылдамдықты азайту, жүргізушілердің аса сергек болуын ескертетін белгілер көрнекі етіліп жазылып тұруы керек.
Ойланарлық-ақ әңгіме. Расында, жол ережелеріне ғалым аға айтқан қосым­шаларды енгізсе, жол-көлік апаты азаяр ма еді? Ғалым ағамызбен бірге баспасөз мәслихатына келген облыстық жол-патрульдік полкі әкімшілік басқару және баспасөз жөніндегі бөлім бастығы, полиция подполковнигі Нұржан Пернеев көп ретте жол-көлік апатына ұшыраған жүргізушілер тепе-теңде не болып, не қойғанын өздері де түсінбей қалғандарын айтатынын жеткізді. Демек, ғалым сөзінде шындық жатыр. Алдағы уақыттарда жол бойларынан «Тоқта! Геомагнитті толқын!» деген ескерту көріп қалуымыз мүмкін.
Халқымыз «жақсы жерге жатсаң, жақсы түс көресің», «қораң оңды болса, қойың қоңды болады», «жаман жерге жатпа, жаман жерді баспа» деп тектен-тек айтып кетпесе керек. «Қарғыс атқан» үйлердің де, «қанды жерлердің» де шындығын осы мақал-мәтелдерден де іздестірген жөн секілді.

 

 

358 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз