• Ұлттану
  • 04 Қыркүйек, 2015

Кәмелледин Бекзат

Есенғали  РАУШАНОВ,
ақын

Тәуекел, пайғамбарлардан бастайық. Пайғамбар еместер үшін.  Пайғамбарлардан бастасақ:
Мұхаммед арап дейді, талас бар ма,
Жебірей Айса рухы көк аспанда.
Қазақтан шықты дейтін пайғамбар                     жоқ,
Біздікі әулиелік әрі асқанда.
Біздікі  әулиелік мықтағанда,
Бізде жоқ талай нәрсе жұртта 
                бар да.
Жол іздеп бар мен жоқтың 
            арасынан,
Айтайын бір һікая құптағанға.


Әлқисса, Данияр ныспылы нәби өткен деседі. Қазақ емес, әрине. Орыс та емес, екібастан. Әйтпесе, Астанаға ескерткіш қояр ма едік. Түбі бір туысым деп. Бірақ, біз ескерткіш қоюдан кеш қалыппыз. Ана бір жылы, ұмытпасам, Жаңаөзен қырғынынан бір жыл бұрын еді ғой деймін, көне Рим империясы өркениетіне қызығатындар сапында Жерорта теңізін бойлап сапарлаудың сәті түскен. Біз хұрматлу да ғиззатлу  аса егемен Қазақстанның асыл жаңа тарихын 2011 жылғы Жаңаөзен қырғынына дейін және Жаңаөзен қырғынынан кейін деп екі жікке бөліп тануға бейімбіз. Тым болмаса кешегі арманда кеткен он алты қазақтың әруағы үшін. Мұндай сұмдық бұрын соңды қай елде болып еді? Сапарға аталмыш қанды қырғыннан бұрын шыққанымыз анық, неге дегенде сол бір жылдары шет ел газеттері Өзбекстандағы 2005 жылғы Андижан қырғынын айтып шулаған. Қазақтың өзбекке күлетін не жөні бар деп бізге ауысқаны кейін. Қазақстан мен Өзбекстанды теңестіріп сөйлеу салт­қа айналғаны да сол уақиғадан кейін. Хош, жолайрықта Түркияның Тарсус шаһарына таяу бір таудан жаңағы Данияр пайғамбардың қабірін көрдім. Түріктер үшін өте қасиетті мекен екені жиналған елдің көптігінен көрініп тұр. Сапарлас арап жігіті «Біздің Ирактағы Киркук деген қалада да Даниярдың бейіті бар» деді. Ел оны өз бабасындай көреді. Біз де  дұға оқып, Алладан зияратымыздың қабыл болуын тіледік.
Біз оның «Інжілдегі» Даниэль пайғамбар екенін айтып сөзді ұзарт­қымыз жоқ. Түс жорудың сұлтаны екен деген сөзге де иліге қоймадық. Пайғамбар  дедік, сонымен болды емес пе? 
Кейін Иран Ислам Республикасына барғанда Шуш деген қаладан (еуро­палықтар бұл қаланы басқаша яки Сузь деп атайтын секілді) тағы бір ескі қабірді жергілікті ағайындардың Данияр пайғамбардың моласы деп атайтынын естідік. Қашан барсаң маңы қара құрым халық, тәу етіп, сыйынып жатқандардың есеп-қисабы жоқ деседі. Иранда туып өскен, ағылшын және парсы тілдерінің маманы Нияз Тобыш (ұлты қазақ) мырзаның айтуына қарағанда Ирандықтар оны, әлбетте, парсы жерінің ұлы тұлғасы деп біледі.
Тақауда іргедегі Самарханға жолым түсті. Парсы ақындары «Самархан саһали руий замин аст» дейді. Бұл бәйіттің екінші тармағы «Бухара қуввати ислами дини аст» болып ұйқасады. Тәржімелесек «Самархан жер жүзінің сұлуы, Бұхара ислам дінінің қуат күші» деген анықтама сөз шығады. Сол жер жүзіндегі сұлу қалада да Данияр пайғамбардың қабірі бар. Ақсақ Темір Иран жорығынан қайтарда, оның мүрдесін аршып алып Самарханға жеткізіпті. Арулап қайта жерлеген жері көлденең созылған түйетайлы төбенің бауыры. Наным-сенім бойынша қасиетті Даниярдың сүйегі жатқан қалаға мәңгі ырыс-береке орнайды-мыс. Темір оны он сегіз құлаш көр қазып көмдірген. Бұл бабаның анық қай тұста жерленгенін ешкім білмеу үшін жасаған айласы деседі. Білсе ұрлап кетеді деп қорыққан. Шырақшының айтуынша қабір жыл сайын өзінен өзі ұзара түсуде. Басында пісте ағашы өсіп тұр. Әлдеқашан қурап қалған осы ағаш бес жүз жылдан соң қайта көгеріпті. 
Хош, соны көрген біз пақырыңыз не ойлады дейсіз ғой. Біз пақырыңыз, асылы Данияр пайғамбар өлмеген екен деген тоқтамға келдік. Неге? Абай «Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы» дейді. Шынында, осындай адамды өлді деуге бола ма? 
Бұл бастау үшін айтылған сөз, нәйеті. Анығында біз тура Даниярдай пайғамбар болмаса да, табаны тиген жердің қай-қайсысына да қадірлі болған басқа бір қасиетті кісі туралы айтпақпыз. Иншалла, айтамыз да. Оны да әртүрлі халық тура Данияр секілді өз тумасына, қадірлі, қасиетті перзентіне, баға жетпес байлығына, сөз жетпес асылына санайды. Әлемде патшаға таласқан ел жоқ, пайғамбарға немесе пайғамбарға ұқсаған адамдарға таласқан халық көп. Бүгінгі әңгімеміздің кейіпкері бізге дейін өткен қай  патшаның тұсында да құрметті болды, бізден кейін де қадірлі қалпында қала бермек. Мен  білмеймін, Сократ айтпақшы «Scio me nihil scire» – мен  ештеңе де білмеймін. Cіз білсеңіз айтыңызшы, ғасырлар бойы халық  махаббатының бесігінде тербеліп келе жатқан  қай патшаны айтар едіңіз? Осы тұста Шығыста кең тараған (бәлкім, тарамаған) рубайлардан бір үзік келтірсем ше?! Көзіңізге түссе оқырсыз, көңіліңізге жақпаса аттап, секіртіп өте шығарсыз. Сонымен, дейді екен-ау:
Айтайын бір рәуйәт ұнағанға,
Өлгенді теңестірмес тірі адамға. 
Патшамен пайғамбарды  қатар                     қойып,
Сақина сау басыңа  сұрап алма!!!
Кәмелледин Бекзат!
Менің бүгінгі кейіпкерімді Иран менікі, Тұран менікі дейді. Дұрыс емес. Менің ойымша Иран да,Тұран да онікі.
Кәмелледин Бекзат!
Тәжікстанда атам заманнан бері Кәмелледин Бекзат атында өнер институты бар. Өзбектің өнер және дизайн институты да Бекзаттың атымен аталады. Иран оны ұлттың Бас суретшісі деп таниды. Үндістан елі болса оның әрбір суретін өздері табынатын тас құдайынан кем көрмейді. Батыс елдері «Шығыстың Рафаэлі» деп көкке көтереді. Үнді демекші, Бекзаттың аталмыш Ұлы мәдениетке қатысы туралы біз алда азды-көпті айтатын боламыз.
Мен оның қай жылы, қайда туып, қай жылы, қай жерде өлгенін айтып, ата тегін, біздің бір марқұм журналистің кітабының атынен айтсақ «түп-тұқияннан өзіне шейін» тізілдіріп тізбелеп уақытыңызды алмаймын. Менің айтпағыма оның түп тұқиянының түк те қатысы жоқ. Менің айтпағым басқа. Қазір не көп, энциклопедиялар көп, анықтамалық кітаптар көп, сізге керегі өмірбаяны болса біліп аларсыз. Интернет деген атқа жеңіл құбаша ол тұр дайын. Оның үстіне, құрметлу уә ғиззатлу оқырмандарымыздың Кәмелледин Бекзат­тың кім екенін білетініне біз кәміл сенеміз. Қазақтың ілім-білім саласында бұты атқа, аузы аққа тигеніне талай заман өтті емес пе, бүгінде алаш баласы жан жақты сауатты. Ал, «сауаты жоқ білімдарларға» (ондайлар, әсіресе соңғы жиырма жылда, ескі ақындар жырламақшы: «келеді қаулап өсіп-ау өрт секілді-ай, бұл анық екіге екі төрт секілді-ай») бұл әңгіменің түкке керегі жоқ.
Бекзат салған сурет аз да емес, көп те емес.
Біріншіден, оның сол заманда сурет салуының өзі ерлік еді ғой білген адамға. Біздің дініміздің бас кітабы «Құрани Кәрімде» «сурет салуға болмайды» деген сөз жоқ. «Сурет салуға болады» деген де сөз жоқ. Бұл өнерге тыйым-тоқтам кейін дүниеге келген хадис-шарифтерде кездеседі. Молдалар хадиске негіздеп тірі нәрсенің жансыз бейнесін салу зор күнә, егер, салған жағдайда о дүниеге барғанда суретші байғұсты тұрғызып қойып «сен мына адамның не малдың суретін сызып Жаратқанға шек келтірдің, мықты екеніңді көрейін осы суреттерге жан бітірші!» деп сұрақтың астына алады екен. Әрі қарай қыл қаламшыға тозақ оты дайын тұр. Бекзат заманында бұл тыйымдар қаншалықты кемеліне келіп, қылышынан қан тамып тұрды – оны біз білмейміз. Білетініміз ол өмір сүрген Хорасан мұсылман мемлекетінің астанасы болған Герат қаласында өнер қатты дамыды. Мемлекетке 1469-1506 жылдар аралығында Хұсейін Байқара үкімдарлық етті. Ол саясаткерлігімен қатар асқан өнерпаз адам еді. Бәлкім, сондықтан болар, өзінің оң қолы етіп даңқты шайыр Әлішер Науаиды ұстады, кітапхана басшысы мансабына Бекзатты тағайындады. Кітапхана Герат үшін білім ошағы ғана емес, тазалықтың, даналықтың ордасы болды. Бекзат қатардағы көп шенеуніктің бірі емес, «аьзои девон» немесе «аьзои давлат» яки  Үкімет мүшесі еді. Хорасан мұсылман қауымы үшін де, мұсылман еместер үшін де жер жаннатына айналды. Сол замандағы Герат басшылығы туралы мынадай әңгіме бар: Бірде Хұсейін Байқара кезекті мүшәйрадан шығып келіп, досы әрі уәзірі Науаимен шахмат ойнамаққа айванға жайғасады. Малдас құра бергенде аяғы досының тізесіне тиіп кетіп дереу жинап ала қояды. «Ой, тоба, – дейді күліп, – бұл Гератта аяғыңды созсаң ақынға тиеді». «Аяғыңды жисаң да ақынға тиеді!» депті сонда Науаи. Олай дейтіні Сұлтан Байқараның өзі де талантты ақын болатын. Оған қоса «Кәләм Шарифті» басынан аяғына дейін жатқа білген хафиз еді деседі. Науаидің Мір Әлішер атанатын себебі кішкене кезінен бастап діни сауаттылығымен ерекшеленген. Ислам діні қағидаттарын жетік білген бұлар суретшілік пен молдалардың арасынан қалай жол тауып отырды – оны біз білмейміз. Оны ешкім де білмейді. Білетіндер рухани Гераттың дәл сол кездегідей шалқып-тасып өмір сүрген кезі бұрын да, кейін де болған жоқ деседі. Білетіннің бірі – «Бабырнаманың» авторы Захараддин Бабур шах. Аталмыш кітапта Хорасан билеушілері мен өнер адамдары туралы көптеген мәліметтер бар. Біз оған да тоқталмаймыз. Керек адам тауып алады.
Батыс ойшылдары  «әр нәрсенің де ақыры бар» дейді. Біздің қазақ дүниенің баянсыздығын ерте танып «сұм жалған» деген бір-ақ ауыз сөзбен шегелеген. Заман және бір өзгергенде кешегі керторыға мініп тұрған Темір әулетінен басынан баққұсы ұшып, көшпелі өзбектердің ханы Әбілқайыр ұрпағының тасы өрге домалай бастады. Оның немересі Мұхаммед Шайбани хан 1506-жылы Хорасанды жаулап алып, Гератты уысында ұстады. Ол Гератты алған соң әуелі дін адамдарымен тіл табысуды ойлайды. Молдаларға ілесіп жаңа көсемнің мүбәрек қолын алушылардың арасында Кәмелледин Бекзат жоқ еді. Ол кейін де келмеді. Арада ай өтті – келмеді, жарты жыл өтті – келмеді. Шайбани оны қозғамды, бұрынғы кітапхана  басшысы мансабында қалдырып, айлық төлеп тұрды. Не істеймін десе де қолын қаққан жоқ.
Бір жыл өткен соң бірде  жұма намазында кездейсоқ ұшырасып қалады да: «Не болды, суретшім, Хорасанның жауыз Темір әулетінен құтылып, түркі жұртына өткеніне қапалысыз ба?» – деп сұрайды. Суретші не десін, үндемейді. Ханның жанындағы жандайшаптарының бірі «Қы­зыл­бас пен қызыл итке бәрібір, қарны тойса болғаны да» деп әжуалайды. Сонда, Шайбани хан мешітті басына көтеріп ду күлген нөкерлерін сап тиып: «Жоқ, олай емес, қызылбас ұлы халық, оның үстіне біздің мұсылман бауырымыз, біз бәріміз Ұлы Хорасан жұртымыз. Ал, суретшіге келсек ол Алла тағала уа табараканың халыққа берген нығметі. Өнер ғылымды қадірлемек бізге пайғамбар алайхис саламнан қалған сүннет-дүр» – деп сұңғылалық танытады. Сол күннен бастап Бекзаттың жығылған туы қайта тіктеледі. 
Сен бөрінің бөлтірігі Байқараның суретін салдың. Оны сұлтан деп аспандаттың. Ақиқатында сұлтан сүйек ол емес, менмін. Атасы Темір шойнақтың да суретін салдың. Тіпті, өтірікті шындай, шынды құдай ұрғандай етіп оның ақсақ аяғын да «бүтіндеп» бердің. Айтшы, суретшім, неге менің суретімді салмайсың? Сол қарақшы кәззабыңнан он сегіз мың ғаламның тұтқасын ұстаған атам Шыңғыс кем бе еді, жоқ болмаса нашамент, баччобаз балаларынан мен кеммін бе? Өтірікті қойыңыз. Бұдан былайғы жерде бұл Гератта тек шындық сөйлейтін болады. Әділдік орнайды», дейді бірде. Бұл диалог сіздің жадыңызға нені салады? Бернард Шоу Цезарь мен Клеопатра туралы пьеса жазды.Мысырдың басына төнген алапат күндердің бірінде  «Александрия өртеніп жатыр. Кіпапхана отқа оранды, патшам. Тарих жанып кететін болды!» деген суыт хабарға Цезарь қалай деп жауап беруші еді: «Тимеңдер, жанса жана берсін. Ол жаман тарих!». Әр пат­ша тарихты өзінен бастағысы келеді. Әр патша өзінен бұрынғыларды жоққа шығарады. Әр патша өзі бірінші болғысы келеді. Ал, сіз пайғамбарлар мен патшалардың айырмашылығы  не­де деп бас қатырасыз. «Ол үшін сіз бен біз бірге отырып жұмыс істеуіміз керек. Бұл жүрдім-бардым, ат үсті, атан қомында бітетін шаруа емес, алдияр!» – дейді Бекзат. Сөйтіп жұмыс басталады. Нәтижеде бүгінде бүкіл әлем білетін, Батыс пен Шығыс бірдей мойындаған «Шәйбани ханның портреті» дүниеге келеді. Енді, осы портрет туралы азғана әңгіме. Жоғарыда айттық, Бекзаттан қалған шедеврлер аз емес. Шарафаддин Али Яздидің «Зафар наме», Сағдидің «Гүлстан», Фариддудин Аттардың «Құс­тар кеңесі» және Әлішер Науаи шығармаларын көркем безендіргені, Ақсақ Темір әулеті баянаттары – бұлар телегей теңіз еңбектің бір пұшпағы  ғана. Ол Герат кітапханасын басқарып тұрғанда өз ұстаздары Мирек  Наккаш Хорасани мен Пір Саид Тебризидің дәстүрін жалғастырды, бірақ, есіл-дерті тыңнан жол салу болды. Бұл қиын іс болатын. Өте қиын іс. Бірақ, өнер мұраты ешкімге ұқсамау. Бекзаттың сурет өнеріндегі өзіндік қолтаңбасы туралы белгілі қазақ суретшісі Табылды Мұхатов былай дейді: «Бекзат сурет өнеріне тарихта тұңғыш рет түркілік дәстүрді енгізді.Түркілік дәстүр дегенде біз нені айтамыз? Ол, ең біріншіден бояу жылылығы. Кеңістікке қылдай да қиянат жасамай өз еркіңе бағындыру. Кеңістіктің  көлем өлшемі ғана емес екенін ұғу және ұғындыру. Екіншіден, қағазға түсетін әрбір сызықтың, әрбір тамшының салмағын жүрегіңмен сезіну. Жұқа, өте нәзік сызықтармен жұмыс істеу. Үшіншіден, адамдардың, жан-жануарлардың суретін қимыл-қозғалыс үстінде бейнелеп, пейзажды шын қалпында артық-ауыс бояу қоспай салуды енгізді». Табылдының бұл пікірін қоштамасқа шараңыз жоқ. Шығыста Бекзатқа дейін де қыл қалам шеберлері болғанын жоғарыда айттық қой, несін жасырамыз, олар көбіне әлемәш-күлеміші көп, әсіре қанық, кейде, тіпті, шамадан тыс қалың жағылған алуан бояуларымен ерекшеленіп тұратын.
Ал, Батыс қыл қаламшылары не дейді екен?
1903 жылы Германияның Мюнхен қа­ласында «Мұсылман өнерінің көрмесі» өтіп, оған Бекзаттың жиырма шақты шығармасы қойылады. Француз суретшісі Анри Матистің осы көрмеден кейін дү­ниеге, көркемөнерге деген көзқарасы мүлде өзгереді. «Шын өнердің қандай болатынын енді білдім» дейді ол. Шынында оның кейінгі өмірі Бекзатты зерттеумен өтті десе болғандай. «Марокка қызы» атты атақты суретін «Шайбани ханның портретін» көрген соң салдым дегенді өзі талай рет айтты. Ал, оның алдында француздың басқа бір суретшісі А.Мартэн Бекзатты «Шығыстың Рафаэлі» деп атап көрсеткен еді. Рафаэль демекші, оның кітапхана қорында Шығыс минатюралары көп болғаны мәлім. Сөйтіп, Бекзат Батыс пен Шығыстың шаппай бері болуына жоғарыда айтқан еңбегі себеп болды делік. Ол қазір Америкада, атын атағысы келмейтін бір байдың жеке меншік қорында сақтаулы.
Бекзаттың альбомдарын Иран Ислам Республикасы Үкіметі арнайы қаржы бөліп шығарып, халық арасына кеңінен насихаттай бастағалы қашан. Ислам мемлекеті бола тұра «сурет салу күнә» деген жоқ. Бірақ, қазақ айтатын «жылқы ішінде ала еді» дегендей жұрттың құлағы «Шайбани ханның портреті» десе елең ете қалады. Айталық, оның өзге де, мысалы, Әбдірахман Жәми, Әлішер Науаи, Сұлтан Хұсейін бейнеленген жұмыстары да бар. «Аттан аттың несі кем», – дейді ескі мақал, олар да осал адамдар емес еді ғой. Портрет жанры тақияңызға тар келсе, атақты Темір көрегеннің ерліктерін баяндайтын цикл суреттері ше?! Нәйеті бір-ақ бет қағазға салған осы бір  кішкене ғана суретке әлем назары неліктен ерекше ауды екен?
Сағдидің «Бостан» атты шығар­ма­сын безендірген суреттері бү­гінде Каирдегі Мысыр Ұлттық кітап­хана­сының алтын қазынасына айналған.
Низами Гәнжайудің қаламына ман­сұп «Хамсаға» салған суреттері болса  Британия музейіне көрік беріп тұр. «Бұл кітапта Бекзат сызған он алты сурет бар», – деп жазады Ф.Мартин.
Шарафиддин Али Яздийдің «Зафарнамасын» да Бекзат безендірген. Қолжазбаның шетінде «Бұндағы сегіз сурет Бекзаттың қолымен салынған. Кітап маған бабам Хумаюннан қалды. Мен бұл жазуларды таққа отырған күні жаздым, 1037жылы (яғни 1605  жыл). Жаһангер ибн Ақбар»  деген жазу бар. Аталмыш нұсқа Балтимордағы (АҚШ) Джон Хопкинс университетінде сақтаулы. Өзіңіз біліп отырғандай, Жаһангердің баласы Шаһ Жаһан әйелі Мұмтаз Ханымның құрметіне атақты Тәжі-Махалды салдырып тарихта қалды.
Әлқисса, сізден гөрі өлең сөзге ше­берірек бір Шығыс шайырлары айтқан қасыма сөз (сіз не, шынымен осыған сеніп отырсыз ба сонда? «О sancta simplicitas» деген латын қанатты сөзі  қазақшаға «О, қасиетті аңқаулық!» болып ауады, жоқ  әлде «Әй, айналайын аңғалдық-ай» деп қотарған  жөн бе?): 
О дүние бір керуен жол көшкен әрі,
Бірі ерте, енді  бірі кеш барады, 
Кетесің не қалдырып  артыңа сен,
Ел ертең кім еді деп  еске алады.
Қой баққан, тауық баққан, шошқа                     баққан,
Зәулімдеп сарай салған қос қабаттан,
Қарасаң не мықтылар өтіп кетті.
Бұл дүние  ақ сағым -дүр босқа лаққан.
Санкт Петербургтың Салтыков-Ще­дрин атындағы кітапханасында Қысрау Деһлевидің «Ләйлі мен Мәжнүн» дас­танының түпнұсқасы бар. Мұндағы мина­тюралардың авторы да осы Бекзат. Осы арада бір қыстырма сөз: Шығыстың осыншама дүри-жауһарлары неге жер ауып, жат жұрттың байлығына айналды деген сұрақ бар, бірақ, оның жауабын алатын кез бұл емес. Адамзат тарихы деген солай, жауабы жоқ сұраулардан, қайтарымы жоқ  шығындардан, түсініктемесі жоқ оқиғалардан тұрады. Бірақ  бұл осылай кете береді деген сөз емес. Қазақ айтқан «Келер келер, Кенесары жүзге келер» деп. Күтпек лазым.
Шығыс бәйіттерінің бірін қазақшаға қотарсақ:
Әй, ақын, сымпыс кедей, жарлы                     неме,
Патшамыз көп отырып қалды деме,
Күні ертең ауызы ырсиып ол да                     өледі,
Дүниеде ешнәрсе жоқ мәңгі неге.
Ия, сөйтіп жазылып жатқан жәйға қайта оралсақ, Бекзаттың «Хұсейін Бай­қараның бақ ішіндегі сайраны» атты суреті Тегерандағы Гүлстан өнер жайында тұр.
Хұсейін Байқараға деген ықыласы ерекше болғанын жоғарыда да айттық қой. Биялайдан жем жеген құс сияқты оның тұсында Бекзаттың ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болып дүрілдеп тұрды. «Сыйға сый сыраға бал», бұл өз кезегінде әкесі жасамаған жақсылықты жасаған сұлтаннан ештеңесін аяған жоқ. «Сұлтанның портреті» бүгінгі таңда Париждегі жеке меншік бір қордың ажарын ашып тұр.
Біздің қазақтың бұрынғы шалдары айтып кеткен «Атадан алтау туса да, ішінде абаданы бір болар» деп. Осындай атының өзінен ат үркетін ғаламат туындылардың арасында «Шәйбани ханның портреті» аттың қақасындай айрықша. Неге? Бұл өзі бір ғаламат үлкен де дүние емес. Көл-көсір көлемімен көп жерді алып жатыр деуге мүлде келмейді. Осы бір шағын кескіндемедегі қарапайым киінген толық адамның өз кезінде даңқы жер жарған Шәйбани хан екенін де екінің бірі білмеуі әбден мүмкін. Біз де бұл жолы оның қазақ сұлтандарымен, әсіресе, Қасым ханмен текетіресінің немен аяқталғанына тоқталмадық. Расында, суреттегі адамның кім екені соншалықты маңызды ма? Аталмыш портретті пәлен мың долларға сатып алған коллекционерлер оны Шәйбани хан (әруағы) үшін емес, тіпті, оны айтасыз Бекзат салғаны үшін де емес, керемет сурет екеніне бола алды емес пе? Хош, ал енді мұның несі керемет? Бірден айтарым, менің танымым – ол менің ғана танымым. Менің талдауыма келіспесеңіз оған өкпе жоқ.
Асылы, өнер мұраты өміршеңдік. Бұдан жүз алпыс жыл бұрын жазылған Абай өлеңдері әлі сол қалпында, одан арғы Асан қайғы мен Шал ақынның арасындағы шалдардың жырлары тура бүгін естігендей әсер етеді. Бекзаттың мына жұмысы да тура осыдан бірер сағат ғана бұрын бітіп, әлі бояуы кеппеген жаңа жұмыс секілді көрінеді. Көзіңізді жұмып тұрып-ақ әлгінде ғана шеберханадан шығып кеткен суретшінің аяқ дыбысын, стол үстінде жатқан қалам мен бояу құтысын көріп тұрасыз. Сіз бұдан 508 жылдан астам уақыт бұрын салынған (соңғы деректер бойынша портрет1507 жылы салыныпты) әлдебір ханның жансыз бейнесін емес, таңғы шықтай таза, таңғы ауадай саф, таңғы дауыстай тұнық, таңғы Шолпандай  анық бір дүниені көріп тұрсыз. Бұл, асылы бар ғой, таңның суреті. Тәуліктің басқа кезінде мұндай құдірет болуы мүмкін емес. Бұндай ғажап таңда және өлеңде ғана болады. Бәлкім, олардан тысқары он төрт-он бес жасар қыздың көзқарасында болса болар, өзге ешкімнің, басқа ештеңенің мұнда ортағы жоқ, болуы мүмкін де емес.
Шәйбани белгісіз бір (?) жерде отыр. Суретші оны сіздің назарыңыздан алысыраққа апарып қойған. Объект тым түкпірде болмаса да, сәл әріректе. Маңдай ма маңдай, бетпе бет жақын отырған жоқ. Сол арқылы көрерменге барлап, бажайлап қарай алуға мүмкіндік туғызған.
Тақымың тиген бойдан ала жөнелетін төрт аяғы тең жорғалар болады ғой, мұндағы бояу үйлесімділігі ә дегеннен-ақ үйіріп алып кетеді. Үйлесім және жинақылық. Олпы-солпы басы артық дүние мұнда жоқ. Шәйбани қап-қара жастыққа сүйеніп отыр. Жастануға емес, сүйеніп отыруға арналған мұндай жастықтарды парсылар пошти дейді. Пошти әдетте түрлі-түсті өрнек салынған кілемдермен тысталады. Бүгінде оның ең әдемісін жәуміт түркпеннің қыздары тоқиды.Маңғыстау қазағына пошти қолдану баста сол түркпеннен сіңген. Қазақ кілемі басқа. Хош, суретте үш қара нәрсе бар. Бірі – жаңағы айтқан пошти-жастық, екіншісі – оң аяғына киген мәсінің тұмсығы, үшіншісі – жерде жатқан сия сауыт. Егер, жастықтың түсін әдеттегідей сары немесе ақ, қоңыр, қызыл бояумен сызса, тұтас дүние шашырып кетер ме еді? Мына дүниені қара бояу  уысында ұстап тұр. 
Қазақтың қара өлеңі қалай деуші еді «алтын қалпақ, жез телпек, хандар киер көзіне». Ал, мына хан бөлек хан. Алтын тәждің орнына басына сәлде орапты. Ханға тән алтын қылыш та, күміс қанжар да жоқ. Тіпті, көкіректен буынатын күміс белдік те жоқ. Жеңіл шапан киіп, белін жай ғана мата белбеумен орай салған. Оның шеті иретіліп жерде жатыр. Бекзаттың сүттей ұйып отырған елін шауып алып, тұлымдысын тұл еткен, бұрымдысын күң еткен жауыз ханға мүлде ұқсамайды (Шәйбанидің Хорасанды шауып алған соң Хұсейіннің отбасына не істегенін, жалпы Темір әулетін қалай қорлағанын білгіңіз келсе «Бабырнаманы» оқырсыз). Бәлкім, анау қысық көздің аржағында жасырынып жатқан жауыз күш бар шығар. Анадай шиыршық ата ширатылған самай шаш тегін адамға біте ме? Әдетте, қорқақтың батыр болып көрінгісі келетіні, ажар­сыздың сұлу, әлсіздің күшті болып көрінгісі келетіні бар ғой, Шәйбани мүмкін жұртты қарайған қара орманынан айырып, қан құстырған басқыншы емес, дін таратуға келген мәйін мінез жұмсақ пейіл бір домалақ молда болып көрінгісі келді ме екен? Әлде, суретші Шәйбаниді кеудесі биік, аяғы қысқа, қарнын жуан етіп көрсеткенде осы бір үйлесімсіз біткен дене арқылы мүлде басқа бір ойлар айтқысы келді ме?
Ол қызыл кілемнің үстінде отыр.Парсы, түркі жұртының төсеніш кі­лемдері, әдетте ою-өрнекті келеді. Пат­шаның сән-салтанатына әдемі тө­сеніш жарасса керек еді, бірақ  Бекзат мұнда әлеміш-күлеміші жоқ бірөңкей қырмызы реңкті таңдапты.Қан қызыл түс өзге бояулармен үндесу үшін алынды ма, жоқ мұнда бір астар бар ма, турасын айтар болсақ, адам қанын  судай ағызатын жауыздыққа ишара ма? 
Егер, сіз бұны Сұлтан Хұсейін Байқараның портретімен салыстырып көрсеңіз талай сырға қанығар едіңіз. Шәйбани Байқарадай үлкен тұлға емес, ондай тереңдік, ондағы мейірім мен шуақ мұнда жоқ. Дей тұрғанмен, Хұсейіннің бейнесінен гөрі Шәйбанидің портреті өнер туындысы ретінде ана­ғұрлым биік.
«Мона Лиза» сіздің есіңізде мәңгі қалды, ол сізге тура қарап тұр. Қарапайым, бірақ асқақ. Әлем оның бүкіл сыры езуінде ұйып қалған жұмбақ күлкіде деген тоқтамға келген, оған келіспейтіндер де бар. Соның бірі біз. Бірақ, ол туралы тағы бірде айталық. Қазір емес.
Айса пайғамбардың алуан түрлі сурет­терін білесіз. Көбіне жүзінде иман ұйыған ажарлы адам болып бейнеленеді. Мейірім толы көздеріне көзіңіз амалсыз түседі.
Үнді құдайлары да көрерменді тас жанарымен ішіп -жеп тұрады.
Ал, Шәйбани хан сіздің жүзіңізге тура тігілмейді, ол мына жалпақ әлемге бір қырындап қарап отыр. Оны көп ештеңе мазаламайтындай. Алда үлкен істер күтіп тұрған адамға да ұқсамайды. Жаңа ғана бір ғазалдарды көшіріп болып, сәл ғана демалайыншы деген немесе есіктен кіріп келе жатқан әлдекімге сәл немқұрайдылау қарап қалған кебеже қарын, кең құрсақ бір кісінің еркін отырысы. Сол әлдекім Сізсіз. Басқа жаққа, мүлде бөлек бір тұсқа қарап қалғанмен ол сізді толық көріп отыр. Сіз оның назарындасыз. Осында да бір сыр бар сықылды. Сөйте тұра сіз оның малдас құрып отырған осы бір  қалпы ешқашан есіңізден шықпақ емес.
«Жақсыда жаттық жоқ» депті бұрынғы шалдар. Гератты Хұсейін Байқара билеп тұрған тұста Бекзат тек мұсылмандармен ғана емес, ғайри діндегілермен де көп араласқан деген деректер бар. Мұсылман, мәжуси, пұтпарас, яхуди – дүниеде қанша дін болса, солардың қай-қайсысына да жауласпай, жағаласпай, ілтипатпен қарай білгенін талай шайыр жыр еткен. Мұның бәрі оның, алхамдулиллаһи, мұсылман болып қала беруіне еш кедергі болмады, әлбетте. Рас, оның тым еркін кеткен кездері  жиі болғанға ұқсайды. Бірақ, сұлтанның өзі қолдап, қуаттап отырған соң молдалардың оған тісі бата қоймаған. Әсіресе, үнділік ұсталардың көркемөнері оны қатты қызықтырыпты. Ғибадатханалардағы үлкенді-кішілі тас мүсіндердің салыну, безендірілу жүйелері, жарық пен қараңғылықтың айқұшақ қаба бірігуі, қосылмайтын, бірікпейтін екі бөлек дүние болып саналатын сезім мен ақылдың кенеттен тас бетінде әдемі үйлесуі кім-кімді де еліктіріп, баурап алатыны ақиқат қой. «Шәйбани хан портретінде»  үнді өнерінің де әсері бар дейтіндер, бәлкім, Ұлы суретші өмірбаянындағы осындай деректерге де сүйенсе керек.
Бұл әңгімені осымен доғаруға да болар еді. Бір жайт болмаса. 1510-жылы парсы патшасы Бірінші Ысмайыл деген шер Шәйбани ханды өлтіріп, ел астанасын Тебризге көшірді. Бекзатты бұл да аялап бақты. Біздің айтпағымыз бұл емес. Шығыста  бір мақал бар, оны қазақшаласақ шамада мынадай сөз шығады: 
«Су кетеді, тас қалады, 
Сүрме кетеді, қас қалады». 
Патшалар келеді, кетеді, ал, Ұлы Өнер өлмейді. Сол Ысмайыл өле-өл­генше түрік сұлтандарымен, әсіресе, Селим сұлтанмен тістесіп өткен деседі. Кезекті бір жорыққа аттанып бара жатқанда Бас Уәзіріне мынадай аманат тапсырыпты: «Жан бар жерде қаза бар, осы жорықтан аман келсем келгенім, келмесем, таңда тәңір алдында сұрарым – бәрінен бұрын Кәмелледин Бекзатты сақтаңдар. Бәлкім, Иран жұрты жаттың тақымында кетер. Мүмкін, сығарға битіміз қалмас. Бекзат қалсын. Оны ұрлап кетпесін. Мұқият болыңдар. Бекзат тұрса ел тұрады». Бұл сіздің есіңізге англо-саксондардан қалған «Коллизей тұрса Рим тұрады, Рим тұрса әлем тұрады» дейтін қанатты сөзді түсірмей ме?!
Арада оншақты жыл өткен соң Ысмайыл өліп, парсы тағына баласы Тахмаспа деген патша келеді. Одан соң тағы біреуі, тағы біреуінен соң одан басқасы келеді, сосын кетеді...Келіп жатыр, кетіп жатыр патшалар...
Біреулер айтады, Бекзат жасы жетпістен асқан шақта туған қаласы Гератта қайтыс болды деп, енді бір тарихи деректерде оның Тебризде жерленгені туралы жазылады. Бұхара мен Самарханда болғаны туралы да әңгіме көп. 
Оның бейітін іздемеңіз, таба алмайсыз. Бізге салсаңыз ол әлі өлмеген секілді. Баяғы Ысмайыл шах бекер айтпаған ғой: «Бекзат аман болса ел аман» деп.
Аман болайық, ағайын.
Деп Сізге сәлем айттық соңынан біз,
Біз бастан жалғыздардың тобынанбыз.
Осымен бүгінгі сөз тәмәт-тәмәм,
Иншалла, тірі жүрсек жолығармыз...

354 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз