• Тарих толқынында
  • 04 Қыркүйек, 2015

ӨМІРДІҢ ӘЛЕУМЕТТІК МӘНІН АРҚАУ ЕТКЕН КӨРНЕКТІ ҒАЛЫМ ЖӘНЕ ҰСТАЗ

Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесі,  философия ғылымдарының докторы, профессор,  Абай атындағы Қазақ ұлт­­тық педагогикалық университетінің саясаттану және әлеуметтік-филосо­фия­лық пәндер кафедрасының меңгерушісі Раушанбек Әбсаттаров туралы  ой-пікір

Раушанбек басқаратын ка­федрадағы ең­­бек тіршілігі, оның мақ­сат­тылығы, ұйым­­дасқандығы ғана емес, шы­­найы шы­ғар­машылығымен, алға қойыл­ған жаңа мін­деттерді іске асыруға ең­бек ұжымының бір кісідей жұмылған іс-әрекетімен ерек­шеленіп тұрады. Мән-мағынасы жоқ іс пен сөзге бұл ортада орын жоқ. Тек жұмыс орнындағы кафедра меңгерушісінің күн­делікті тынымсыз еңбек уақыты  9-10 са­ғатты құрайды. Байсалды, бірақ, үзіліссіз тынымсыз шығар­машылық және басшылық жұмыс атқа­ратын кафедра меңгерушісінің тіршілігі оның төңірегін қоршаған ғалымдар мен кафедра мүшелері үшін жұғысты болып алған. Басқаша болуы да мүмкін емес. Меңгеруші тарапынан түскен тапсырма қайталанып айтылмайды. Ол аталған уақыт ішінде өз мәнінде орындалуға тиіс. Талап әділ және оны орындаушының өзіне де шы­ғармашылық пайдалы, ғылыми-прак­тикалық нәтижелі болғандықтан еш­қайсысында «неге бұлай» деген сұрақ немесе ой-пікір туындамайды. «Германияда шығатын кітап жинағына мына күнге дейін сіздердің мақалаларыңыз даяр болсын!», «Чоннам университетінде шығатын халықаралық беделді жур­налға берілетін мақалаларыңыз ана күнге даяр болсын!» немесе «осы оқу жылында оқылатын мамандықтар пәндері бойынша оқу-әдістемелік құралдар мына күнге дейін даярланып, оқу-әдіс­темелік бюро талқылауынан өтсін», тағы басқа осы сияқты кесіп айтылған тапсырмалар мен міндеттер. Меңгерушінің жеке басының ұйымдасқандығы мен өзін темірдей тәртіпте ұстауы ұжым арасында босаңшылық пен немқұрайлылыққа  бос кеңістік қалдыр­майды.
Бір ұжымда қызмет етіп жатқан жылдар мені тек әріптес емес әрі еріксіз іштей бақылаушыға айналдырды. Әлеуметтану ғылымында «қосылған бақылаушы» (вклю­ченное наблюдение)  деген ұғым бар. Ол дегеніміз бүкіл кафедра, оның қызметкерлері мен басшысының, оқу, оқыту, сабақтан тыс қызметтер мен адами арабайланыстар өз кезегінде сіз­дің көзалдыңызда өтіп және осы бір әлеуметтік ортадағы өмір тіршіліктің сан қыры мен сыры ретінде ой-санаңа жазылып, таңбаланып, жадыңда өз орнын тауып жатады. Байқайтынымыз ғалым, ұстаз, басшы Р. Б. Әбсаттаровтың осы бір тынымсыз, үзіліссіз, біліктілікке негізделген іс-әрекеті кафедра мүшелерінің әлеуметтік-психологиялық қорғанысының беріктігінің, істеген қызметінің нәтижелігінің, алға қойы­латын мақсатты мүдделердің болашақ­тылы­ғының, жоспарланған іс-шаралардың сөзсіз нәтижелі болатынының кепілі. Бірақ, мұндай кепілділік тек оның шынайы іскер және қабілетті әріптестері үшін ғана. Шынында бұлар тек бір ғана кафедра тіршілігіне ғана емес, барлық жоғары оқу орындарының, білім институттарының ішкі құбылысы (болуға тиіс), осы ұжымдағы пайдалы қо­ғамдық еңбекпен астасып жатқан өмір шын­дықтары, шынайылық көріністері, әлеу­меттік қатынастар мен әлеуметтік мінез-қы­лықтар мен іс-әрекеттердің іштей тұтасып жатқан құбылыстары. Бұл кафедра ұжымдағы адами арабайланыстар тек оқу ісі барысында ғана емес, сабақтан тыс уақыттардағы басқосуларда, кафедрадағы әңгімелер, пікір­лесулер, қызықты уақиғаларды ортаға салу, т.б.  еркін отырыстарда жалғасын табады. Бұл тұстарда да Раушанбек Боранбайұлының әңгімешілдігі, қалжың мен шынын аралас­тырған юморлық қойылыстары,  өз өмірінен алынған қызықты уақиғалар туралы баяндаулары тек ұжым мүшелері емес, өскелең жас ғалымдар, магистранттар мен докторанттар үшін өзіндік бір тәлім-тәрбие мектебі. Дәл осындай әңгімелер барысында оның өткен күрделі өмірі, басынан өткізген қиындықтары, күрескерлік мінез-қылығы мен іс-әрекеттері туралы көптеген мәліметтер ашыла түседі...  
Дәл осындай тұстарда, еріксіз ұлы ғалымдардың өмірдің әлеуметтік мәні туралы ойтолғаулары мен тұжырымдары ойыңа келеді. Айталық, неміс әлеуметтанушысы Макс Вебер бұл ғылым нені зерттейді деген өз сұрағына «әлеуметтік іс-әрекетті» дей келе, ондай іс-әрекеттің негізінде «әлеуметтік мән» жататынын, сол себепті, ол «әлеуметтік мінез-қылық» екенін айтқан еді. Яғни, адам тіршілігіндегі кез келген іс пен әрекет мәнді бола бермейді, тек оның әлеуметтік мәнді қыры ғана адамның іс-әрекетін әлеуметтік іс-әрекет етеді. Р.Б.Әбсаттаровтың өмір жолымен таныса келе, оның бүкіл тіршілігі мен қызметі әлеуметтік мәнге толы жол екеніне көз жеткізесіз. Мүмкін сол себепті де ол жол жүріп өткен өмір жолы тек қана жап-жазық жайлы бола бермей әрі кедір-бұдыры мен ерік-жігер үшін сынақты кездері мол жол болған шығар. Осы пікірімізді атақты француздық ғалым Эмиль Дюркгеймнің ілімі ұштай түседі. Ол: «Біздің әрқайсымыздың бойымызда екі түрлі және өзара біртұтастығын жоймайтын екі қасиет бар: оның біреуі – тек біздің өз өмірімізге қатысты. Сол бізді индивид етеді. Екіншісі – біздің  тұлғамызда болғанымен, өзіміз құрамды бөлімі болып табылатын ұжымның, топтың, топтардың сезімі мен көзқарасын, өмірлік дағдысын бейнелейді. Олардың жиынтығы әлеуметтік мәнді құрайды. Әлеуметтік мән мен құбылыс адам туа сала берілмейді, оны қоғам, жаңа адамды тәрбиелеу барысы қалыптастырады. Ол адам бізде бардың ең жақсы» деген еді. Дюркгеймнің пікірінше, қоғамдық сананың қыр-сырын осы тұстан іздестіру керек. Ал, Австрия ғалымы (философ, психолог) Виктор Франкл біз сөз етіп отырған тұлға бей­несінің тағы бір қырын аша түседі. Оның   тұжырымдауынша, адамгершілік дағдарысы – мән дағдарысы, жауаптылық дағдарысы. Өмірдің мәніне деген ұмтылыс ерік-жігерді тудырады... Адамның өз өмірінің мәнін іздеп табуына көмектесетін құбылыс бар, ол – ар-ұят.  Кез келген жағдайда ол қажетті мәнді табуға көмектеседі және әр адамның санасы қойнауындағы «бақылаушы». Дегенмен, мәнді іздеу істің тек жартысы ғана, оны енді іске асыру керек... Ерік-жігер адамға ықпал етуші жағдайды сол адамның өзінің қатынасына қарай орталықтандыруға мүмкіндік береді. 
Иә, Раушанбек Боранбайұлы тұлғасын ерекшелендіріп тұратын оның дәл осы адами қасиеттері: ар-ұяттылық, ерік-жігер. Дәл осы қасиеттер оның бүкіл өмірі бойындағы өзінің бақылаушысы. Оның бәрі де өзінен өзі келіп оның бойына қона салмаған. Осындай етіп оны шынықтырып шыққан өмір, өмірінің шындықтары. Ата-анасының дені сау, ел арасындағы елеулі адамдар болғанымен белгілі бір саяси себептердің салдарынан бала Раушанбек белгілі бір уақыт балалар үйінде тәрбиеленеді. Сол жылдар оны қайсарлыққа, өзін-өзі қорғауға, намысты қолдан бермеуге үйретті. Арықша келген, өткір, тік мінез болғанымен бұзықтыққа барғысы жоқ қараторы бала кейбір сотқар балалардың назарына ілігеді. Еріксіз жұдырықтасуға мәжбүр. «Алайда алғашта екі қолымды сілтемелеп жүріп, өзіме де қол тигізіп алады екенмін. Бірте-бірте маған тиісіп қол жұмсаған бұзықтарды шын мәнінде жақсылап жұдырықтап ұра жүріп өзімді қорғап қалуды үйрендім. Балалар үйі ішкі  қарама-қайшылығы мол өзіндік әлеуметтік орта ғой. Ондағы тіршілік тек қиындықтар мен жамандықтардан тұрмайды. Белгілі бір тағдырлар айдап келген балалар ортасының өзіндік қыр-сыры да мол. Жалпы балалар үйіндегі тіршілігім болашақ өмірім үшін  алғашқы өмір мектебі болды» деп еске алады ғалым. 
Анасына қолқабыс болып, іні-қарын­дастарын асырау тауқыметімен Раушанбек Боранбайұлы (ол 1940 жылы дүниеге келген) жасынан қоғамдық еңбекке араласты. Еңбек етуді ол 1958 жылы Қызылорда облысы Қармақшы ауданындағы Ленин атындағы (Тұрмағанбет ауылы) совхозда бастады. Қазақ ауылдарына тән өндірістік қатынастар. Сөйтіп жүріп,  ол Қызыл Армия қатарында азаматтық борышын өтеуге аттанды. Оның әскери қызметі Закавказия әскери округінде өтіп жатты. Армиясының қатарында 1959-1962 жылдары әскерде болып, бөлімше командирі, взвод командирінің орынбасары,  взвод командирі  міндеттерін атқарды. Өз ісіне ұқыпты және өзіндік ой-өрісімен байқалған жинақы жүретін қазақ жігіті Полк Штабының бастығы подполковник (кейін Генерал-майор) Н.Столяровтың назарына ілігеді. Ол жас қазақ жігітіне жылы ықыласын білдіріп, оны өзіне жақын ұстап, сенімді тапсырмалар беріп, қадағалап, керек жерінде ақыл-кеңесін беріп отырды. Р.Б.Әбсаттаров бөлімше командирі етіп тағайындалды. Біртіндеп оның қызметін де жоғарылатады. Іске тиянақты жас жігітті ол әрдайым өзіне жақын тартып, ақыл-кеңесін беріп, ықыласын төгіп, жауапты тапсырмалар беріп, шынықтыра түсті.  Әскери қызметі аяқталған шақта Раушанбек Боранбайұлы жоғары әскери оқу орнына түсуге ұсынылады. Бірақ, Раушанбек өзінің отбасылық жағдайын алдыға тартып, әке-шешесінің ондай шешіммен келіспейтінін айтып, әскери карьерасын жалғастырмауға әскери бас­шының рұхсатын алды. Бүгінгі тәжірибелі ұстаздың, ғалымның айтуынша Армия қатарындағы жылдар ол үшін екінші өмір мектебі болды. Жинақылық пен темірдей әскери тәртіп оның өмір бойғы дағдысына айналды. Әскери қызметімен қош айтысқан  Р.Б.Әбсаттаров  Т.Г.Шевченко атындағы Киев мемлекеттік университетінің философия факультетіне оқуға түсті. Оны 1967 жылы аяқтаған соң, ұстаздарының ақылымен санаса отырып осы оқу орнына аспирантураға түседі. 1970 жылы аспирантураны абыроймен аяқтап, тіпті оқуы аяқталмай тұрып, 2,5 жылда кандидаттық диссертациясын қорғап шығады.  Сонан кейін, жанашыр және өз ісіне адал, ғылым жолында мол тәжірибе жи­наған ұстаздарының ақыл-кеңесімен Киев университетінің докторантурасын да  аяқ­тады. Аспирантураны бітірген соң жас ғалым Қазақстанға келіп,  әл-Фараби  атын­дағы Қазақ мемлекеттік университетінің философия-экономика фа­куль­тетінде аға оқытушы, доцент болып қызметін бастады. Оның осы академиялық ортадағы ұстаз, ғалым, тәрбиеші және қоғам қайраткері ретіндегі өсу жолы басталды. Қызығы мен қиындығы мол жылдар бастан өтіп жатты.  Өзіндігі мол өрмінез, ар-ұятты серік еткен жас ғалымның алдынан оқытушылық, басшылық өмір зымырап өтіп жатты. Оның білімділігі мен ұстаздығы тек әріптестері тарапынан ғана емес, әсіресе шәкірттері тарапынан ылғи да жоғары бағаланды. Бағаланып та келеді.
Р. Б. Әбсаттаров қазақстандық саясаттану ғылымының негізін салушылардың бірі және этносаясаттану, салыстырмалы саясаттану ғылыми мектебінің негізін салушы. Оның аталған ғылыми сала мен ғылыми проблематикаға қызығушылығы Казақ Ұлттық универ­ситетінде қызмет еткен жылдары бас­талып өрістей түскен еді. Ұлттық қаты­настар саласында Қазақстан үшін ғы­­лыми зерттеудің жаңа бағыттары, атап айтқанда, ұлтаралық қарым-қатынастар мәдениеті, жалпықазақстандық келісім мен патриотизм бағыттары  ғалымның ой мен ісінде сол жылдары дамыды. Болашағынан зор үміт күттірер жас ғалым докторлық жұмысын жазып аяқтайды. Бірақ, оның докторлық диссертация қорғауға деген талпыныстары белгілі бір субъективті жағдайларға ұрына берді. Жылдар боса зымырап өтіп жатты. Талпынысты, бірбеткей, ісіне тиянақты, өзінің қабілеттілігіне сенім артқан жас ғалым бейнесінен өзінің болашақ бәсекелесін байқайтындар да табылып тұрды. Жағдайдың ауқымын бағдарлаған Рау­шанбек Боранбайұлы тағыда Киев университетіне жол тартты. 1990 жылы осы ғылым мен білімнің қара шаңырағы аясында ол  «Ғы­лыми-техникалық революция және қо­ғамдық өмірдің интернационализациялануы: әлеуметтік-философиялық талдау» тақырыбында докторлық диссертациясын табысты қорғап шықты және арада көп уақыт өтпей-ақ Мәскеудегі Жо­ғарғы Аттестациялық комиссияның оңды шешіміне ие болды. Р. Б. Әбсаттаров өзінің тек қана ғалым емес, белгілі тұлға ретінде  қалыптасуына ықпал еткен және қажетті сәттерде зор көмек пен қолдау көрсеткен ғалымдар ретінде келесі аталатын Украина ғалымдарына деген ыстық ықласын білдіріп келеді. Олар – КСРО Ғылым Академиясының корреспондент мүшелері, Украина Ұлттық Ғылым Академиясының академиктері,  философия ғылымдарының докторлары, тек Кеңес Одағына ғана әйгілі болмаған профессорлар П.В. Копнин мен В.И.Шинкарук, Ленин сыйлығының лауреаты, философия ғылымдарының докторы, профессор И.Д. Назаренко, Украина Ұлттық Ғылым Академиясының корреспондент–мүшесі, философия ғылымдарының докторы, профессор Д.Ф. Острянин, философия ғылымдарының докторлары, профессорлар И.В. Бичко, В.С. Дмитриченко, А.И. Доронченков, И.Ф. Надольный. Атақты ғалымдар ғана емес, ең алдымен жоғары адамгершіліктілігімен, әке­лік қамқорлықтарымен ерекшеленген В.И. Шинкарук пен И.Д. Назаренко Раушанбек Боранбайұлы жадында ерекше орын алады. Өткен, 2014 жылғы Украинаға жасаған іс-сапары барысында ол ұстаздарының жерленген орындарында болып, тағы да бір өзінің шәкірттік тағзымын жасап, кезінде өзімен бірге оқыған, казіргі белгілі ел азаматтарымен бас қосып, дүниеден қадірлі жандарды еске түсіріп  қайтты.
Еліміздің тәуелсіздікке қол жеткізер сәті қарсаңында, 1988-1990 жылдары Раушанбек Боранбайұлы Орталық комитеттің шақыруы бойынша партиялық жұмыста болды, бірақ, ұстаздық жұмыстан қол үзбей әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де доценттік жұмысты қатар атқарды. Ел тәуелсіздігі қолға тиіп, ендігі жерде нарықтық қатынас пен капиталистік өндірістік қатынастарды қалыптастырып нығайту қажеттілігі туған шақта  бой көтерген – Қазақстан  Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан менеджмент, экономика және болжамдау институтының әлеуметтік саяси және философия кафедрасының меңгерушілігіне ша­қырылды. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейінгі ұлтаралық қатынастардың күрделеніп тұрған кезеңінде Қазақстан Республикасының Президент Аппаратының кеңесшісі қызметін атқарды. 
Бір күнде алып держава ыдырап түскен әлеуметтік-тарихи уақытта бұрын оның қай бұрышында жүріп,  еңбек етпесін сол біртұтас елдің азаматымын деп санайтын миллиондаған халық, шекарасы бір түнде жабылып қалған 15 жаңа мемлекеттер пайда болғанда абыржып қалды. Әркелкі этнос өкілдері көңілінде «мен енді қай елдің азаматымын» деген сұрақ тұрды. Оның үстіне бұрынғы одақ шеңберінде өзара тығыз байланыста болған өндірістер жұмысын тоқтатып, мыңдаған адамдар жұмыссыздық қатарын толықтырып жатты. Дерлік он жылға созылған жан-жақты дағдарыс та басталып кетті, жас ел болашағы көптеген адамдар үшін әлі бұлыңғыр болып тұрды. Осындай жағдайда қазақтар халқының азшылығын құрайтын жағдайдағы қазақстандық қоғам үшін ұлтаралық мәселе ерекше өзектілігімен айқындалды. Мемлекет басшылығына осындай жағдайда біл­гір саясаттанушы, әлеуметтанушы ғалымдардың көмегі қажет болды. Р.Б. Әбсаттаров солардың қатырынан табылды. Ал, 1997 жылдан Абай  атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің  саясаттану және әлеуметтану кафедрасының меңгерушісі. Ол 2000-2002 жылдары осы университеттің тарих факультетінің деканы қызметін қатар атқарды. 2009 жылдың  қыркүйек айынан бері осы оқу орнының магистратура және PhD докторантура бойынша  «Саясаттану және әлеуметтік-философиялық пәндер» кафедрасының меңгерушісі.  
Р.Б. Әбсаттаров Қазақстанның саяси, әлеуметтік-философиялық ғылымдардың да­муына елеулі үлес қосты. Оның бір дәлелі  40 монография, кітаптар, кітапшалар, оқу құралдарын және 600-ге жуық ғылыми және оқу-әдістемелік мақалалардың жарық көруі. Бірқатар еңбектері 9 тілде алыс және жақын шетелдерде жарияланған. Автор еңбектерінде саясаттану, әлеуметтану және философия үшін іргелі және практикалық мәнге ие маңызды ғылыми жаңалықтарға қол жеткізді. Әсіресе, ұлтаралық  қарым-қатынас мәдениеті және оны тәрбиелеу саласында. Ғалым зерттеулерінің негізгі проблематикасы – этносаяси қауымдастық, ұлттық және жалпықазақстандық сана-сезім, келісім, жалпықазақстандық бірігу, ұлттық қарама-қайшылықтар және оларды шешу жолдары, этникалық және интеграциялық процестер,  салыстырмалы саясаттану. Жалпы алғанда автордың әлеуметтік-саяси қатынастардың маңызды және күрделі мәселелерін зерттеу және шешудегі ойлары мен тұжырымдары жеткілікті  батылдық пен  жаңашылдыққа ие. Оның бойында ынталы ғалым-теоретик және практик  қасиеттері үйлесімді ұштасқан. Салыстырмалы саясаттану саласында бірқатар теориялық   жаңа қойылымдар жасалған, ұлт­­тық және интеграциялық, саяси және әлеуметтік процестер жөнінен өзіндік тұжы­рымдамалар жасаған. Авторлық ойлар, талдаулар мен тұжырымдар келесі бірегей және іргелі монографиялық еңбектерінде көрінісін тапқан. Олар – Ғылыми-тех­никалық прогресс және ұлтаралық қа­рым-қатынастар. – Алматы: Қазақстан, 1977. – 7 б.т.; Ұлттық қатынастардың дамуы: проблемалары мен басқарылуы.-Алматы: Қазақстан, 1982. -14 б.т.; Ұлттық процестер: ерекшеліктері және проблемалары. -Алматы: Ғылым, 1995. -14 б.т.; Студенттерді ұлтаралық қарым-қатынас мәдениетіне тәрбиелеу: теория және практика. -Алматы: Ғылым, 1999. -12 б.т. (Т.С.Садыковпен бірге); «Саясаттану және оның проблемалары» атты іргелі еңбегі (Алматы: «Тоғанай», 2007.  -29 б.т.); «Этносаралық қарым-қатынас мәдениеті: қазақстандық тәжірибе» (Алматы: Ұлағат, 2012. – 15 б.т., басқа авторлармен бірге) еуроазиялық саяси, әлеуметтік-философиялық ғылымдағы айтулы оқиға болды. Р.Б. Әбсаттаров әлеуметтану ғылы­мынан да ешқашан алыстаған емес. Тек сабақ берумен ғана шектеліп қоймай бұл салада да оқулық, оқу құралдарын даярлаумен де шұғылданып келеді. Соның дәлелі ретінде 1999 жылы жарық көрген 11 б.т. көлеміндегі орыс және қазақ тілдерінде жарияланған «Әлеуметтанудың тестері: сұрақтар мен жауаптар» атты оқу құралын, 2013 және 2015 жылдары жарық көрген 2 томдық (әр қайсысы 25 б.т.)  «Әлеуметтану: өзекті мәселелер» оқулығын атап айтуға болады. Ал саясаттану саласында «Саясаттанудың тестері: сұрақтар мен жауаптар».- Алматы: Ғылым, 2005. - 20 б.т. орыс және қазақ тілдерінде; «Саясаттану негіздері». Екі томдық.- Алматы: Қарасай, 2011, 2012. - 1 том 27,5 б.т.; ІІ-27,5 б.т.. жарық көрді. Соңғы екі томдық кітапқа жоғары баға берілген сын-пікір ҚР ҰҒА Хабаршысы. Қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар сериясы. - 2012, №2; Ақиқат.- 2012, №3; Қоғам және дәуір. 2012, №1;  Егемен Қазақстан.- 2012, 21 сәуір; Қазақ әдебиеті.- 2012, 17-23 ақпан; Экономика. -2012, 12-18 сәуір, жарияланған. Р.Б. Әбсаттаровтың этносаясаттану ғылыми мектебі мен еңбектері шетелдерде кеңінен белгілі. Сол себепті ғалым Ұлыбритания, Германия, Франция, Оңтүстік Корея, Түркия, Жапония, Египет, БАЭ, Ресей, Украина, Белоруссия және тағы басқа елдердің университеттеріне, ғылыми орталықтарында баяндамалар мен дәрістер оқуға шақырылды. Шетелдерде 60-тан астам ғылыми мақалаларын басып шығарды. Бе­делді ғалым-этносаясаттанушы ретінде Global Диаспоралардың Дүниежүзілік ассо­циациясының вице-президенті (Кванжу қ., Оңтүстік Корея) болып сайланды. Бұл бағыт­тағы халықаралық іс-шараларға кафедра ға­лымдары да кеңінен тартылуда.
Раушанбек Боранбайұлы басқаратын ка­федра шетелдердің көптеген ғылыми мекемелерімен ынтымақтастық орнатқан. Осындай ынтымақтастықтың нәтижесі оның бастамасымен өткізілген бірлескен семинарларға, дөңгелек үстелдерге, ғылыми кон­ференциялар мен симпозиумдарға, бір­лесіп шығарылған кітаптар немесе жур­налдарға  айналып кетіп жатады. Айталық, ол басқаратын кафедраның Корея (Оңтүстік Кореяда) университетінің саясаттану кафедрасымен бірлесіп «Political Changes and Ethnic Koreans in Central  Asia» атты ғылыми семинар өткізуін (онда кафедраның үш оқытушысы баяндама жасады), семинар материалдарының Сеул қаласында, басылып шығуын; Оңтүстік Кореяның Чоннам ұлттық университетінің ғылыми орталығымен «New Silk Road and the Global Diaspora» атты ғылыми конференция өткізілгенін (2012) онда кафедраның алты оқытушысы баяндама жасағанын,  конференция материалдарының Кванжу қаласында басылып шыққанын;  2015 жылғы 23-24 сәуір аралығында  Оңтүстік Кореяның Чоннам ұлттық университетінің диаспора кафедрасымен бірге және Абай атындағы ҚазҰПУ-нің саясаттану және әлеуметтік-философиялық пәндер кафедрасының  негізінде «Қазіргі әлем­дегі диаспоралардың өзекті мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел өткізгенін, онда кафедраның оннан астам оқытушысы мен магистранттарының баяндама жасағанын; кафедра оқытушыларының 30 ғылыми ма­қалалары  Берлин қаласында неміс тілінде «Sozialphilosophische, politische und rechtliche Aspekte der Modernisierung Kasachstans. Berlin, 2012 г. -12 б.т. (импакт-фактор мәртебесімен)  және  «Politische, soziologische und rechtliche Probleme der Gesellschaftsentwicklung Ka­sachstans. - Berlin: Verlag Dr. Köster, 2013. -18 б.т.» кітабын  және т.б.басылымдарды айтуға болады. Р.Б. Әбсаттаровтың өзі уни­верситеттік, республикалық және халық­аралық гранттық зерттеулерді орындады және орындап келеді. Соның бірі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті ректорының гранты шеңберінде тапсырылған «Қазақ даласының әлеуметтік-саяси ойшылдары» атты әлеуметтік жобаның табысты орындалуы.
Ғалымның  шет елдерге танымалдығы қазіргі академиялық арабайланыстар мен шет елдік тағлымалардың өзектілігі артып отырған уақытта өзінің жемісін бере бастады. Айталық, Оңтүстік Кореяның белгілі ғалымы Лим Че Ванмен арадағы шығармашылық арабайланыс енді екі университеттің (Абай атындағы ҚазҰПУ мен Чоннам ұлттық уни­верситеті) магистранттары мен PhD докторанттар арасындағы тағлымдану процесіне ұласты. Соңғы екі оқу жылында «Саясаттану және әлеуметтік-философиялық пәндер кафедрасы магистранттары мен PhD докторанттары Оңтүстік Кореяда тағлымнамадан өтіп жүрсе, биылғы 2015 жылы Чоннам ұлттық университетінің магистранттары мен PhD докторанттары және бірнеше профессорлары   «Саясаттану және әлеуметтік-философиялық пәндер кафедрасы» базасында    тағлымдану процесінен өтіп қайтты. Тағлымдана тек аудиториядағы лекциялардан тұрған жоқ, қонақтардың танымдық қызығушылығын ескере отырып аудиториядан тыс кешенді танымдық, білімдік кешенді шаралармен толыға түсті. Кафедраның үш профессорының тағлымданушылар алдына өткізген дәрістерін кореялық профессорлар «әлемдік деңгейдегі дәрістер» деп бағалады. Кафедра қызметінің шындығымен танысқан шет елдік әріптестер кафедрааралық байланыстың мазмұны мен бағыттарын кеңейте түсуге шешім қабылдады.  Осындай іс-шаралардың әрдайым кафедра меңшерушісінің жіті бақылауында және басшылығында болып отыратынын атап айтпауға болмайды. Дәл осы шаралардың қарсаңында Раушанбек Боранбайұлы тағы шақырумен аталған елде болып, дәрістер оқып қайтқан еді. Оның дәрістері техникалық мүмкіндіктер арқылы кореялық кең аудиторияларға шығарылды. Раушанбек Боранбайұлы жемісті ғылыми зерттеулерді ол  белсенді педагогикалық және қоғамдық қызметтермен үйлесімді ұштастырып келеді. Ол Қазақстанда ғана емес, сонымен бірге, оның сыртында да қоғамдық, мемлекеттік жұмыстардың әртүрлі салаларында қызмет ететін көптеген шәкірттерді тәрбиеледі.  Ол  20  ғылым кандидаттарын, 4 ғылым докторларын, 6 PhD докторды және 30 магистрантты дайындап шығарды. 1990 жылдан 2010 жылдар арасында саяси және философия ғылымдары бойынша кандидаттық және докторлық диссертациялар қорғайтын Ғылыми Кеңестің мүшесі болды.   Осылайша, Р.Б.Әбсаттаров – тек Қазақстанда ғана емес, сонымен бірге алыс және жақын шетелдерде де белгілі ғалым-саясаттанушы, әлеуметтанушы, философ, магистранттар мен PhD докторанттардың, жалпы жас  ғалымдардың көрнекті ұстазы. Ғалым және басшы  «Ерен еңбегі үшін» медальмен және екі рет «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін»  төске тағылатын белгімен марапатталған. «Қазақстан Республикасының жоғарғы оқу орнының үздік оқытушысы» (2006 ж.), туған өлкесі – Қызылорда облысы «Қармақшы ауданының құрметті азаматы» атағының иегері.  Ғалым ғылыми жұмыс саласындағы жоғары жетістіктерге жеткені үшін  Қазақстан мен  Украинаның Құрмет грамотасымен марапатталған. Ғалым тек еңбекқор,  жауапкершілікті қызметкер ғана емес әрі жақсы, әлеуетті отағасы, қамқор әке және ата. Жұбайы Меруерт Асқарова педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор. Қызы – Майя Әбсаттарова – білікті кәсіпкер, ұлы Марат Әбсаттаров бірнеше шетел тілдерін еркін меңгерген жауапты қызметкер және заң ғылымдарының кандидаты, бірнеше іргелі ғылыми еңбектердің авторы. Екінші ұлы Ғалымжан Әбсаттаров – болашағынан үміт күттірер жас ғалым, саяси ғылымдарының кандидаты, Абай атындағы ҚазҰПУ-нің тарих және шетелдік студенттермен жұмыс факультеті деканының орынбасары. Немерелері Ақрано, Диляра, Аллаяр, Алияр, Ахмедияр және шөбересі Раян үшін Раушанбек сүйікті ата және тәлімгер. Осылайша, өмір тіршілігінің әлеуметтік мәнінен ешқашан ажырамаған тұлға, ұстаз, көрнекті ғалым, басшы  Р.Б.Әбсаттаров өзінің жетпіс беске келген мерейлі жасында дәл бұрынғысынша мәнді қызметін жалғастыруда. Тек өз ісінде ғана емес, әріптестері, шәкірттері, ұрпақтары  өмір тіршілігінде байыппен әрі шығармашылықпен жалғасуда.
Қазіргі уақыттың Қазақстан Елі, мемлекет аяғынан нық тұрғанымен оның алдында талай сындар тұр. Заманның сын-сұраныстарын ескере отырып, елімізді түбегейлі өзгерту міндеті қойылып отыр. Қаншалықты шет ел инвесторлары мен технологиясына есігімізді айқара ашқанымызбен, басты шешуші күш болып қалатын бір-ақ нәрсе. Ол Қазақстанның өз азаматтарының жоғары әлеуметтік, қоғамдық санасы. Санадағы түбірлі өзгерістер ғана елді түбегейлі өзгерген өркениеті тұрақты елге айналдырады. Дәл осындай тарихи сәттер Р.Б.Әбсаттаров сияқты, өзінен де, басқадан да қатаң тәртіп пен тиянақтылықты талап ететін, ар-ұяттан аттамайтын, ерік-жігері мұқалмаған, намысын адами мақсатқа бағындырған интеллектуал  жандардың ел азаматтары арасында көбірек болғанын қалайды. 

Тыныштық Қалдыбаева,
әлеуметтану ғылымдарының
докторы, профессор

437 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз