• Заманхат
  • 04 Қыркүйек, 2015

Дін – қатып қалған қағида емес

Әбдірашит Бәкірұлы,
философ

Бұл мақаланың мақсаты дінге не діндар қауымның шынайы сезіміне көлеңке түсіру емес, мақсаты – дін атын жамылған «дін содырларының» әрекеті мен ұлттық келбеттен ажыраған уағыздың дін қадірін қашыруға қалай «қызмет етіп» жатқаны туралы шындықты жұртшылыққа айту ғана. Әрине, бізбен келіспейтіндер де болары анық − оған күмән жоқ. Дегенмен, бір нәрсе анық, ол –  егер таразы басына «ұлттық» және ұлтқа түсініксіз «дін» қатар келсе, онда әрқашан ұлт жағында болу керекті! Мақаланың да қадап айтар ойы осы. 


Біздің түсінігіміз бойынша дінсіз ұлт болмайды. Алайда, ұлттық ерекше­ліктерден аулақ, тіптен, оны жоққа шығаратын «дін» − жетім, болашағы жоқ «тұл дін» болып табылады. Осы мағы­нада қарастыратын болсақ – мұндай «ұлтсызданған діннің» мағынасы «әлем­дік дін» дегенмен ұштасады екен. Бі­рақ, шындыққа жүгінсек, «әлемдік дін» дегеніміз де «коммунизм» секілді жалпылама идея. Нақтысында, діннің де тіл сияқты өз қалыбы болуы тиіс. Мысалы, түркі тіліне ондаған тілдер кіреді, олар:   қазақ, өзбек, түрік, қырғыз, хакас, татар, ұйғыр, түркімен және т.б. ұлттардың тілдері. Әр тіл өз ұлтының атымен аталса да, олардың ортақ атауы – түркі тілі. Сол секілді, ислам дінін ұстанып жүздеген ұлттар өмір сүруде. Бірақ, ортақ дін «ислам» деп аталғанымен, ислам әр ұлтқа ғана тән «ұлттық қалып» арқылы көрініс тауып отыр. Мұндай жіктелу тек исламға ғана тиесілі емес. Барлық әлемдік діндер ұлттық формаға барып құйылады да, тек соның – ұлттық форманың әсерінен «әлемдік» деген атқа ие болып шығады. Мысалы, христиан діні «католиктер», «протестанттар», «православие» және басқа тармақтарға бөлінеді. Алайда, бұл олардың христиандық тұтастығын терістемейді. Ендеше, біз де (қазақтар) ислам әлеміне тек қазақы болмысымызбен, ерекшелігімізбен, өз дүниетанымыз және мәдениетімізбен енуге тиістіміз. Олай болмағанда – «әлемдік дін» деген ұғым біз үшін аса қауіпті – космополиттік (ұлттықтан ажырату) бағдарына айналады.  Нәтижесінде біз «таза ислам» деп жүріп соның «көмегімен» «ұлттығымызды сақтау» сияқты жағдайға қайта тап болуымыз мүмкін. Бізге ол қажет пе? Жоқ! Неге десеңіз, Кеңестік кезден жартылай «ұлтсызданып» шыққан қазақ тағы бір сондай соққыға төтеп бере ала ма? Тәуелсіздіктен кейін енді ғана ұлт болып ұйыса бастағанда −  бізге «таза ислам» қажет пе? Қажет болса – неге тек қазаққа ғана қажет болуы тиіс? Қалған ұлттар қайда? Ол жұрттар не дейді? Мүмкін бәрі де мұсылмандарды алып  бір мемлекетке айналдыруды көздейтін, «таза исламды» ұстанатын  Халифат идеясын армандап отыр ма? Бір тәуірі, әзірге қазақтан өзге өз мемлекеті мен тәуелсіздігінен бас тартайын деген ниеттегі бір де бір ұлтты, мемлекетті байқамадық... Тіптен, тілі мен салты ортақ араб мемлекеттерінің өздері де ондай халифатқа құлықты емес. Бірақ, дәстүрін қатаң сақтайды.  
Елімізде 2000 жылдың басында дін мәсе­лесі әлі де жайбарақат-тұғын: мешіттер салынып, жұртшылық кеңестік заманда қысым көрген дінімен қайта қауышқандай күйде болды. Бірақ, өкінішке қарай,  бұл  − «дауыл алдындағы мамыражай тыныш­тық» болып шықты. Себебі, 90-шы жылдардың соңына қарай «уаһабтар» қатары молайып, олар жастар арасында жақтастарын тауып үлгерді. Әрине, әуелде бұған аса назар аудармадық. Өйткені, ол кезде елімізге  неше түрлі христиандық секталар мен кришнаит діндері келіп, оған іштей наразы қазақ  «мұсылманбыз» деп есіктерін қаққан қауға сақалдыларды жатсынбай қабылдады.  Бірақ, көп ұзамай-ақ, жер-жерден ақсақалдарды «әулие-әмбиеге, ару­ақтарға  сыйынған Аллаға серік қосушы шіріктер деп мешіттен қуып жатыр» деген жағымсыз хабарлар жете бастады. Содан кейін ата-баба ұстанған дін дәстүрін тәрк етуші оқиғалар жиілей бастады.  Ілезде «исламтанушы ғұламалар» пайда бола кетті. Олар «қазақтың діни сауаты жоқ» дей отырып, өзге әлемнің, нақтысында − араб әлемінің дүниетанымын, тұрмыстық қарым-қатынасын, киіну үлгісін, әдетін, тілін «діни ілім» деген  атпен тұздықтап − қазақ жұртына ұсына бастады. Қазақ молдалары көпшілік ортада ана тілін арабшаға  бұрмалап сөйлеуді сәнге айналдырды. Олар, сірә, «тілді арабша бұрап сөйлеу» діндарлық пен тақуалықтың, ғұламалықтың белгісі деген сенімде болса керек… Шынында да, жамағат алғашқы лекте мұндай «ғұламаларға» таңдай қақты да! Бірақ, уақыт өте келе, ұлттық мәдениет пен ұлттық салт-дәстүрімізден алшақ жатқан бұл жасандылық − ұлттық сезім мен ұлттық мүддеге қайшы келе бастағаны анықталды. Оның зардабы жан-жақты болатыны туралы алаңдаушылық пайда болды. Ол туралы өзім де «Дала мен қала», «Жас қазақ», «Түркістан» газеттерінде көлемді мақалалар жариялағаным бар, көзқарақты оқырман қауым оны ұмыта қоймаған шығар деп ойлаймын. Бірақ, өкінішке қарай,  сол кезде радикалды діни ағымдарды шектеу туралы сот үкімі шыққанына қарамастан, діндегі мұндай шиеленісті жағдай әлі де жалғасып келеді.  Жақында маған Түркістаннан Зікірия Жандарбек хабарласып, маған бір мақала жібергенін айтты. Қарасам, ол да жоғарыдағы мәселелерді көтерген екен. Енді соған назар аударыңыздар.

    Мешіттер қазақтың діни 
танымына  қарсы ма?
Түркістандағы Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Дінтану кафедрасының доценті, тарих ғы­лым­дарының кандидаты Зікірия Жандарбек дін мәселесімен көптен айналысып жүрген белгілі ғалым. Оның кезекті мақаласы «Мешіттер қазақтың діни танымына  қарсы ма?» деп аталыпты: 
− «Мен тек шоқша сақалды, қысқа балақтылардан ғана емес, жалпы мешіт­терден қорқатын болдым. Ал, уаххабилік-салафилік бағыттағылар туралы айтудың өзі артық. Олардан тек біз емес, Ислам әлемі түгел қорқуы керек. Ал, мешіттегі уағыздардың өзі қазақ халқының дәс­түрлі діни танымына қайшы. Қазақ халқының салт-дәстүріне сай келмейтін дін ол қазақтың дәстүрлі діні емес. Сол себепті, қазіргі мешіттерде айтылып жат­қан уағыздардың өзі қазақ халқының дәстүрімен сай келмейді. Мәселе осы жерден туындап отыр. Ең жаманы мешітке барып, намаз оқып жүрген жастардың діни танымында күрделі өзгерістер жүріп жатыр. Көпшілігі қазақтың салт-дәстүрін дінге ешқандай қатысы жоқ, көнеден қалған қажетсіз дүние санайтын қалге жеткен. Ендеше, бұл − қазақтың санасынан ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүрдің киелілік сипаты жойылған күні, қазақ халқының дәстүрлі мәдениеті, сонымен бірге қазақ халқы да дүниеден кетеді деген сөз. Өкінішке орай, біз сол қазақ тағдыры үшін қатерлі жолға түсіп отырмыз. Адам  санасындағы діни танымның өзгеруінен асқан қатер жоқ. Біз бұл қателікті басымыздан сан мәртебе өткіздік. Алтын Орда мемлекетінің күйреуінен бастап, Қазақ хандығының ыдырауына дейінгі аралықтағы барлық жеңілістер мен этникалық жіктелулер осы діни танымдағы өзгерістермен байланысты болды десем артық емес. Дүниедегі ұлы халықтан ең сорлы халық деңгейіне түсір­ген осы діни-рухани экспансия, сол рухани жаулаушылық тудырған діни танымдағы өзгерістер болатын. Өкінішке орай, біз сол қасіретті тарихтан сабақ ала алмай келе жатырмыз. Шындығына келгенде бұл үшін мешіт имамдарын кінәлауға болмайды десем болады. Себебі, олардың көргендері, оқығандары осы. Сондықтан, олар өз бағыттарын дұрыс санайды. Өйткені, бұл үдерістің басталғанына екі жарым ғасырдан асты. Оны бастаған патшалы Ресей болатын. Қазақ даласын діни-идеологиялық тұрғыдан игеру мақсатында сол 1756 жылдан бастап, діни басқарма ашып, арнайы Уфа қаласында медреседе молдалар дайындата бастаған. Керек десе, ол кезде әлі Қазақ хандығы ыдырымаған кезі болатын. Өздеріне мойын­ұсынған жерлерге осы молдаларды жібере отырып, қазақ халқының дәстүрлі діни танымын өзгертуге күш салды. Ол молдалар қазақ арасында «заказной молдалар» деп аталды. Олардың әрекеттермен қазақ зиялылары жүз елу жылдай күресті. Кеңес өкіметі орнаған соң атеистік кезең келгені белгілі. 1943 жылы Сталиннің шешімімен мешіттер қайта ашылғанда, бұл жүйе қайта жалғасын тапты. Сол кездегі Орта Азия халықтары үшін Ташкентте ашылған Діни Басқарма басшылығына келген Бабахан қары қандай бағытта болғанын білмеймін. Ол кісі қайтыс болған соң, оның орнына отырған оның ұлы Зиауддин Бабаханов Орта Азияға алғаш Кеңес өкіметінің көмегімен уаххабилікті әкелген Шами дамулланың шәкірті болатын. Бұл кісі Кеңес өкіметіне де, уаххабилерге де адал қызмет еткен сияқты. Ол ұзақ жылдар бойы Кеңес өкіметі мен Сауд Арабиясы арасындағы жалғастырушы жалғыз көпір болды. Кеңес өкіметінің кезінде уаххабилік әдебиеттің Орта Азияға дендеп енуіне сол кісінің үлесі болғандығына дау жоқ. Және Кеңес өкіметінің уаххабилік идеологияның мұсылмандар арасына кеңінен таралуына мүдделі болғандығын, сол арқылы мұсылман халықтарын дәстүлі мәдениетінен ажырату мақсатында болғандығын да айтуымыз керек. Кеңес өкіметі ыдыраған соң Өзбекстан жерінде уаххабиліктің бірден белең алып кетуі осындай факторлармен тікелей байланыс­ты. Қазіргі еліміздегі мешіттер сол патшалы Ресейден бастау алып, Кеңес өкіметі кезінде уаххабилік таным негіздерімен суарылған орталықтар болатын. Сол Кеңес өкімет кезеңінде діни сауаты бар кісілердің көпшілігі сол мешіттерге бармайтын. «Неге бармайсыз?» – деп сұрасаң, «Е, балам, біздің жол бөлектеу» – деп күліп қоя салатын. Қазір сол бағыттарынан мешіттер әлі ажырай қойған жоқ. Оның үстіне қаншама жасты біз шетелдерге жіберіп оқытып, әкелдік. Мұның бәрі қазақтың дәстүрлі діни танымын түсінбейтін, түсіне алмайтын имамдар қатарын көбейтіп отыр. Ал, ондай бағытта дайындалған имамдардың қазақ халқының дәстүрлі діни танымынан хабары болмауы заңды құбылыс». 
Зікірия Жандарбек ғалым ғана емес, өзі де дінге берілген жан. Сондықтан, оның мақаласын мұқият оқыған жан «дін мен мешіттің ұлтсыздық жолына түсуіне себепкер болатындар да адамдардың өздері» екендігін байқамауы мүмкін емес. Осы мәселеге дәлел ретінде мен туған жерімде орын алған жағдай туралы баяндайын: 
2005 жылдары мен  Жамбыл облысы, Тұрар Рысқұлов ауданындағы «Қайыңды» ауылына келдім. Байқасам сақалды сәнге емес, «дінге» қоятын жастар молайыпты. Себебін сұрасам ауылдастарым: «Таудағы иесіз қалған бұрынғы пионер лагерін кілең сақалдылар мен қысқа балақ кигендер жайлап алған. Өздері 30-40 адам. Сонда тұрақты тұрады. Ауыл жастарының біразы соларға қосылып, өзгеріп кетті. Түнде мешітке келіп зікір саламыз деп, мектеп жасындағы балаларды сонда жетектеп апаруда.  Одан басқа да түсініксіз жағдайлар орын алуда. Мысалы, жуырда бір қаза кезінде олар «қабір басында жаназа оқуға болмайды» деп шатақ шығарды. Оны үлкендер жағы әупіріммен әрең бастық.  Егер, осылай жалғаса берсе – арты жақсылыққа апармайды» деген еді сонда ауылдастарым шарасыздық күймен…
 Кейін лагерьдегі бұл  жасырын топты шекара күзеті әскері келіп ұстап әкетіпті. Ал, ауыл мешітінде салатын «зікір» анаша шегетіндерге таптырмас сылтау болып шығыпты. Одан күдіктенген ауыл азаматтары дер кезінде тиісті жерге хабарлап, түнде мешітке жиналуға аудандық ІІБ тыйым салғаннан кейін ғана – ауылда қалыпты жағдай орнай бастаған екен…   Содан кейін көп ұзамай Тараз қаласында жеті адамның қазасына әкелген қайғылы теракт болғаны белгілі… Ол да дін атынан жасалғанын тергеушілер толығымен дәлелдеді. Ендеше, қоғамда осындай – дінге қатысы бар, дінді жаманатты етіп көрсететін келеңсіздіктер орын алып жатқанда – қоғамның да мешіттен, дін уағызынан, имамдарынан «не себептен?» деп сұрауға толық қақы бар! Қазақтың «істеген істі мойынмен көтеру» деген даналық сөзі әлі де құнын жоймаған болар деп ойлаймыз!  
Сонымен, ауылдағы жағдайға қай­та оралайын: бірде жаныма ауылда молдалық жасап жүрген туысым келіп: − Молдаларға ешбір жерде жалақы төленбейді. Қазір жұрт бізді өлім-жітікке де шақырмайтын болды. Енді қалай күн көреміз? Осы туралы Дін Басқармасына жеткізуге болмас па екен?» − деп, шағымы мен өтінішін қоса айтты. Мен не дейін, бұл − ең алдымен, жамағаттың мешітке қатысының көрінісі екенін айттым. Мешітте ғұрпымызға жат әрекеттер орын алып жатқанын сезген жұрт мешіт молдаларынан бас тартып, өз молдасын таңдап алғанын айттым.  Сөйтсем, ол «Бізге ауданнан осындай нұсқаулар келеді» дейді. Обалы не керек, бірнеше жылдан соң  ғана аудан имамынан «дәстүрге қарсы болмаңдар» деген пәтуа келіп, содан соң ғана мешіттің уағызы мен өңі өзгеріп − жұрт мешітке қайта оралыпты. Қазір жағдай  бір ізге түскен екен. 

«Қазақ мәселесі» – қазақтың ғана мәселесі
Күннен күнге «қазақ мәселесі – қазақтың ғана мәселесі» екенін ұғушылар қатары артып барады. Бұл оңды құбылыс. Сондықтан, бүгінгі күн тәртібіне «Қазақ болу үшін не керек?» деген сұрақ міндетті түрде қойылатын болады. Мұның дінге де қатысы бар екені сөзсіз:
– Дін өз жамағатын қалайда көбейтудің амалын жасайды. Ол үшін дін алдымен иман мәселесін көтереді: «Қазақ болу үшін иман керек. Барлық қазақ мұсылман болғанда ғана біз ұлт ретінде мықты бо­ламыз» деген ақиқатты алға салып, өздерінің қазіргі уағыздарын күшейтеді. Бірақ, дәл қазіргі жағдайда олардың мейлінше арабтанған, «хадистенген» уағыздары ұлтты ұлт етіп ұйыстырудың ор­нына, ұлттық дәстүрдің іргетасын шайып жатқандарын, одан қалды ұлтты бөлшектеп жатқандарын өздері де ұғатын емес. Ал, шындығына келсек, «имандылық» қазақтың бойына тек дін арқылы еніп жатыр ма? Қазақтың әрбір отбасы, тіптен, діннен хабарсыз болса да күнделікті ұл-қыздарының  құлағына бұрынғы қазақ тыйымдарын: қызға – «тәрбиелі бол», ұлға − «жұрт қалаған жігіт бол» дегенді құйып жатыр емес пе? Ұрпақты «өтірік айтпау», «ұрлық жасамау», «сөзде тұру», «сабырлылық» және т.б. асыл қасиеттердің барлығы дерлік жас баланың санасына бала дінге келгенге дейін-ақ сіңдірілуде. Әрбір тойда балаларға берілетін батаның мазмұны да осы! Оған қазіргі мектеп те өз үлестерін айтарлықтай қосып жатқанын айтумыз керек... Әрине, ондай жерлердің барлығында молдалар жүрмегені анық. Ендеше, бұл − діндегі «имандылық» пен ұлттық тәрбие жүйесіндегі «адамгершілік» мәселелері түбірі бір ортақ мәселе екендігін білдіреді. Бірақ, ұлттың ұлттық тәрбиесінің жемісін «иемденуге» келгенде −  дін алдына жан салар емес: «Имандылық бізден» дейді олар жәй ғана... Сөйтіп, халықтың басы қосылған жерде тілдерін бұрмалап, жартылай қазақша,  жартылай арабша сөздермен небір қазақ дүниетанымына сай келе бермейтін, негізі арабтан, еврейлерден туындайтын небір хикаяларды шұбырта жөнеледі... Олар көпшілік ортада отырғанда Қорқыт баба, Асан Қайғы, Алпамыс батыр, Ер Тарғын, Отан үшін соғысқан батырларымыз, Қыз Құртқа, Қазақ билерінің нақыл сөздерін, халық даналығының мысалдарын және т.б. ұлттық сипаттағы әңгімелерді айтпайды.  Оларды тыңдап отырып, бейнебір, қазақтың тарихы мен мәдениетіне, салт-дәстүріне тікелей қатысты  әңгімелер имандылықтан жұрдай ма дегендей бұғыңқы күйге түсетініміз де жасырын емес.  Ал, молдаларымыздың әңгімелерінің үлгі тұтарлық кейіпкерлері үнемі де араб не жебірейіл ұлттарының өкілі болып шығады... Ұят та болса айтайық − кейде көбіне сексуалды мағынадағы әңгіме айтылып жатады. Мына жерде әке мен бала, ана мен қыз. Келін мен ата-ене қатар отыр-ау деп молдалар да айылын жимайды. Себебі, ондай тыйым, басқаларын қайдам, астарлы түрде қазақтың санасында бар екенін бұлар ұқпайтын болса керек... Сөйтіп, дініміз ұлттық тәрбиені шұбарлауда. Енді, тек оны ғана емес −  ұлт тілін де шұбарлаудың хас шеберіне айналып барады! Сондықтан, осындай дүбәра жағдайға қарсы қазақтың төл тәрбиесін қояр кез келді деп ойлаймыз! Әр нәрсені өз атымен атау керек: «қазақты қазақ етіп жатқан» да дін емес, ұлт болмысымен тұтасып тұрған төл тәрбие! Бірақ, қазақ оны «дәстүр» дейді де, дін осыны пайдаланып «иман – діннен» деп, «ұлтым» деген «дәстүршілдерді» дінсіздер қатарына жатқыза қояды! Барлық қулық осы жерде жатқан сияқты: біріншіден, қазақ ұлты ғасырлар бойы адамгершілікті тәрбие жүйесін қалыптастырды. Ал, дін оны жеке дара «меншіктеп» алғысы келеді... Екіншіден, соның нәтижесінде ұлт өкілдерінің санасында «қазақ деген ұлт ешбір құндылықты өмірге келтірмеген, тек қана мал сияқты бас шұлғумен өткен, өзгелердің сарқытын қабылдаумен ғана осы уақытқа жеткен әлемдегі ең ынжық ұлт» деген идея санаға сіңдірілуде! Ендеше, біз шынында да ынжық ұлтқа айналып бара жатқан жоқпыз ба? Ал, ондай ынжық ұлтты ұлт деп атауға бола ма?  Ондай ұлтпен қандай болашақ құра алмақпыз? Міне, мәселе қайда!  Қазіргі кезде мұндай сұрақтар қатары көбеймесе – азаяр емес. Егер, осы қалыппен кете берсек Дулат Исабеков ағамыз айтқан «Қазақтың мәдениетін мойындамаса, ондай дін маған қажет емес» деген жағдайға да келіп жетуіміз ғажап емес. Бұл сөз ең алдымен мешіттің «құлағына алтын сырға» болуы тиіс...
Иә, миллиондаған адамның (қазақтың) «Мен қай мазғафтамын?», «Ол не?» «Айырмасы не?» деген сұрақтармен бастарын қатырып, күндіз түні жартысы араб терминдерінен тұратын, түсініксіз діни мақалаларды оқып жатуға мұршалары жоқ. Біздің дін уағызшыларының басты қателігі – осыны ұқпауларында! Олар миллиондаған қазақтың ДІННЕН ӨЗГЕ ТІРЛІГІНЕ құрметпен қарауды доғарған! Олар «бар қазақ бар уақытын тек дінмен, яғни, өздері де бір пәтуаға келе алмай жүр­ген күмәнді мәселелерді жаттаумен уа­қытын өткізсе» дегендей талаптан кетәрі емес. Қазақты «діндәр етеміз» дейтін олар ешқашан да «Қазақ балаңды қалай асырап жатырсың, балаң тоқ па? Көңілің алаң емес пе?» деген сөзді айтқан емес... Олардың уағызының бар мағынасы эгоизмді, яғни, «өз жаныңды тозақтан құтқарумен ғана айналыс, ол үшін дінге басыбүтін бет бұр» дегенмен шектеулі болып тұр. Ал, қарапайым қазақ «Е, Алла өзің жар бол!, Тәңірім жарылқасын» деп, жұмасында мешітке барып, құран оқытып, бала-шағасын асырау сияқты сауапты істермен, адал еңбекпен мал табумен айнылысып, бірқалыпты Алланың қалауындағы тірлігін кешіп жатыр... Санасы, діні бұзылып ақырзаманға кетіп бара жатқан халықты көріп отырғамыз жоқ! Қайта керісінше, кейбір діншілдер ғана ақырзаманды қайта-қайта еске салып, маса сияқты мазаны кетіріп тұр...
  
Тәңірге «табыну»
Қазақтың бұрынғы көне діни дүние­танымы Тәңірге сену болғанын ешкім де терістей алмайды. Қазіргі кезде «тәңіршілер» тағы да бой көтере бастады. Оның басты себебі болып діндегі жоғарыда айтқан жағдайға іштей наразылық болып тұр. Соның бір ұшқыны бір кездері менде де болғаны рас. Сол кезде ұлттық сезімге толы мына сөздерді жазып едім:  
«О, Тәңір!
 Менің бабаларымның аруағын қолда,
Жақындарым мен туғандарымды 
        жаман көзден қорға!
Ауасы кәусар туған жерімді – 
        жер жәннаты ет!
Тулаған киелі Теңіз суымды – 
        елімнің ырысы ет!
Көк аспанның иесі – Жаратушы 
        Тәңірім менің, 
Мен саған басымды идім,
Жолыңды қаладым!
Сенің ізгі жолыңмен жүруге маған 
        қуат бер,
Өзің көрсеткен бақытқа жетуге 
        шуақ бер! 
Менің жүрегім де – Сенің құдіретіңмен 
        соғады,
Басымдағы бағым да – Сенің 
        қалауыңмен қонады!
Тәңірім! 
Сен менімен бірге болсаң:
Жауыма сілтер қылышым – алдаспан! 
Тізем - бүгілмес, намысым – 
        тапталмас! 
Тәңірім! Қабыл алсаң: Аспанды идір,
Хан Тәңірі тауымның бауырын сүйдір!
Отыңды ойнат, тауымды асқақтат, 
Халқыңды құшағыңа сидыр!
О Тәңір! Халқымды арам 
пиғылдан сақта! 
Халқыма ажал уын сепкенді жазала! 
Тәңірін таныған халықтың еңсесі биік!
Тәңірін таныған халықтың – болашағы 
                  мәңгілік!»...
(Әбдірашит Бәкірұлы, 2011 жыл).
Міне, содан бері де біршама уақыт өтіпті. Жағдай енді ғана қалпына келе бастады. Қазақ жұрты шын ислам мен оның жалған көріністерінің ара-жігін ажырататын деңгейге жетіп қалды. Ол − қазақтың санасынан ажырамайтын көне сенім мен ислам дінінің синтезі ретінде көрініс табуда! Біз ислам әлеміне осы қалыппен енетінімізді Астанада өткен Азиада ойындарының ашылу салтанатында әлемге ресми түрде паш ете білдік те! Ол шаралардың бәрі бос кетпеді − қазір ҚМДБ басшылығына ұлтшыл азаматтар келгелі «дін мен дәстүр» мәселесіне қатты көңіл бөліне бастады. Дін уағызы қазақ дәстүрлерімен ұштастырылып, ұлттық реңкке ие болуда. Бұл − халықтың дінді жүрегімен қабылдауына апаратын төте жол дер едік. Бұл – сонымен бірге «ұлтты ұйыстыратын, біріктіретін, қуатын еселейтін» бірден бір мықты тетік болмақ. Сонда ғана оқу-тоқумен бірге «діні мықты» халық ретінде қазақ атойлап алға шығады!  

 

405 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз