• Ел мұраты
  • 04 Қыркүйек, 2015

ҰЛТЫН ҰЛЫҚТАҒАН ЕЛБАСЫ

Аманхан ӘЛІМҰЛЫ,
«Ақиқат» журналының
Бас редакторы

Жақында қолымызға «Фолиант» баспасынан жарық көрген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Өмір өткелдері» атты сұхбат кітабын оқып шыққаннан кейінгі көңілге түйіп, көкірекке қаттағанымыз  – оқырманның  осынау кітаптың басты кейіпкерінің ғибратты ғұмырынан көп тағылым алатындығына көз жеткізгеніміз. Себебі, мемлекет басшысының өмірі күн­деліктегі тыныс-тіршілігі қалыптасқан адам­дарға қарағанда өзгеше, әрі өнегелі. Бұлай деп отырғанымыздың сыры, өзі басқарып отырған алып Қазақстанды бүкіл әлем құрметтейтін, әрі танитын мемлекетке айналдыру ірі тұлғалардың ғана қолынан келетін іс-әрекеттер екеніне көз жеткізгеніміз. 


«Өмір өткелдері» сұхбат кітабының алғысөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың «Менің тағдырым – бақытты тағдыр. «Блажен кто посетил сей мир в его минуты роковые» деп Тютчев жазғандай, менің маңдайыма мына жарық дүниеге тарихтың тар тұсында келудің, айналасы жарты ғасырдың о жақ, бұ жағында бүкіл әлемді төңкеріп түсірердей ғажайып өзгерістерді көрудің, жаңа мемлекет құрудың, сол ұлы істің басында тұрудың бақытын жазған екен. Көп нәрсені көрдім, көп жазды өзегімнен өткердім. Өмір жолым төселген тақтайдай тегіс болған жоқ, алдымнан талай кедергілер кездесті, олардың кейбірін заман қойды, кейбірін қоғам қойды, кейбірін адам қойды. Қазақстан халқының әлемдік өркениет көшіне қуатты мемлекет күйінде, халықаралық қоғамдастықтың сыйлы мүшесі ретінде, бүгіні бақытты, ертеңі еңселі ел ретінде қосылғанын көріп отырмын. Мың тәубе!» – деуінің өзінде үлкен сыр жатыр емес пе. Егер де, осы бір сөздерге тереңірек үңіліп, оның мән-мағынасын ашсақ, онда біз Елбасымыздың балалық шағынан бастап-ақ намысшыл болып өсіп, өз ұлтының атына кір түсірмеуге тырысқанын байқаймыз. Ол бір сөзінде: «Адамның бір парызы өз ұлтының, туған халқының намысын бермеуі, жақсы атын шығаруы. Ұлт та, халық та жеке адамдардан құралады. Егер, әр адам елдің туы менің де қолымда деп санаса, онда елдің бағы жанады. «Ел намысы – ер намысы» дегенді қазақ содан айтқан. Халқымыздың «Жігітке жар қымбат, намыс пен ар қымбат» дейтіні де бар. Абай да қара сөзінде бұрынғы ата-бабаларымыздың бұл замандағылардан артық екі мінезі бар деп, соның біріншісіне қа­зақтың елбасы, топбасы деген кісілерге екі тізгін, бір шылбырды беріп, сенетінің, екіншісіне намысшыл келетінін атаған ғой» десе, оның астарынан Елбасымыздың өмір өткелдеріндегі ең бір жауапты кезеңі жастық шағындағы намысшылдығын байқаймыз. Оның осы бір намысшыл қадір-қасиеті кітапта жан-жақты көрсетіліп, сұрақ-жауап ретінде барынша терең ашылған. Елбасымызды сол намыс небір қиындықтардан алып өтіп, бүгінгі күнге жеткізсе, ол оның ұлтын ұлықтаудағы ұлағатты ісі болса керек. 
Енді тағы бір жерде журналистің:
– Нұрсұлтан Әбішұлы, осы кездегі біздің намысшылдығымыз қандай дер едіңіз? – деген сауалына барынша нақты әрі шын жүрегімен ақтарыла жауап беруінен ұққанымыз, Елбасымыз қашанда да алдына қазақ намысшылдығын жан-жақты тарта отырып, оны мақтаныш ететіндігі. Енді, Елбасымыздың журналист сауалына берген жауабына назар аударайықшы. Онда ол:
– Қазіргі қазақ намысшыл болмаса, біз айналасы жиырма шақты жылда мұндай мемлекет кұра алмас едік. Елді ұйыстырушы ұлт болып тұра алмас едік. Тәуелсіздік жолына қатар түскен елдердің кеуде тұсында, көш басында жүре алмас едік. Сол намысшылдығымыз бізді Днепродзержинскіде талай тығырықтан алып шықты. Сол намысшылдығымыздың арқасында біз біраз уақыттан кейін-ақ қазақ жастарының қабілетсіздігі деген сыпсың сөзді тыйғыза алдық. Оған біздің жігіттердің күрес секциясына қатысып, өздерінің күшін дәлелдеуі де әсер етті. Мұны әуелде мен бас­тап едім. Күрес секциясының залына алғаш барғанымызда-ақ белдесуге шақырған жі­гітті кілемге алып ұрғаным біраз жұрттың аузында жүрді. Басқалардың бізге көзқарасы кәдімгідей өзгере бастады, – дейді. Міне, осы бір сөздердің астарына үңіле қарасақ, Елбасымыздың жас кезден-ақ намысшыл болып, сол намысшылдығын ұлтының атына кір келтірмеуге барынша күш салып өскенін байқаймыз. Соған қарамай, Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің көпұлтты мемлекетті басқарып, оған дейін көп ұлтты ортада өскенін бір сәтте ұмытпайды. Сол қасиет оны ұлтының азаматы ғана емес, бүкіл әлемдік атақ-дәрежеге ие саясаткер етіп қалыптастырғанын да осынау жинақтан байқаймыз. Журналистің кезекті бір «Сіздің көпұлтты ортада өскеніңіз белгілі. Осы ерекшелік өз өміріңізге, азамат, саясаткер ретінде қалыптасуыңызға қандай әсер етті?» деген сауалына Елбасымыз: 
– Тек қана жақсы жағынан әсер етті. Абай айтқан емес пе, «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген сөзді. Абай бүкіл адамзатты айтады. Ал, бүкіл адамзаттың жанында өзіңмен тағдыр тоғыстырған, бірге тұрып, бірге жүріп, ағайындай араласып-құраласып кеткен жандардың жөні тіптен бөлек емес пе? Шамалғанда алуан түрлі ұлт пен ұлыстың басы түйіскен еді. Бұрынғы қазақ, орыс, украиндарға соғыс жылдарында Қазақстанға жер аударылған балқарлар, чешендер, немістер, месхет түріктері, қарашайлар, курдтар қосылды. Солардың бәріне қазақтар тар үйінен ығысып орын тауып, баспана берді» дейді. Көрдіңіздер ме, осы бір нақты да ақтарыла берілген жауаптың өзінде де Елбасымыз қазақтың кең пейілі мен ешкімді жатсынбайтын бауырмашылдығын алға тартады емес пе. Бұндай сөздерді шын мағынасындағы ұлтын сүйген адам ғана айтса керек. 
Жинақтың басты желісіндей тартылған Нұрсұлтан Әбішұлының өмір өткелдері өзінің ұлтымен тығыз байланысты. Ол оны қай жерге барып, қай елде болмасын ерекше мақтанышпен айтып, барынша ұлықтайды. Енді бір жерде Елбасымыз журналистің «Спорттың тағы бір ғажап қасиеті – қа­мысты қайрауы» деген сөзіне орай өзінің спорттың сан-алуан түрімен айналысып, қай жерде болмасын ұлт намысын жоғары ұстанатынын тілге тиек етеді. Ал, қай кезде де болмасын, қай жерде де намыс ер атын шығарып, ел мақтанышына айналдырады емес пе. Нұрсұлтан Әбішұлы қазақ қасиетіне тән намысшылдығымен сол атақ-дәрежеге қол жеткізді де. Ол бір сөзінде «Мұны көш­басшылық қасиет, ұйымдастырушылық қа­білет дегеннен гөрі намысшылдыққа кө­бірек жатқызған жөн шығар» дейді. Бұл әңгіменің түп төркінінде де ұлтын бар жан-тәнімен сүйген азаматтың жан сыры жатыр. Соның бір көрінісі Елбасымыздың «Күресіп, белдесіп  өскен халықтың баласы емеспіз бе, көп ұзамай басқа жігіттер де сол секцияға жазыла бастады, бара-бара тіпті өзіміз жеке команда құрып алдық. Заводтық, қалалық жарыстарға қатысып жүрдік. Бұл біздің өзімізге деген сенімімізді күшейте түсті. Бірте-бірте қалаға да үйрендік, дала баласына тән болып келетін ұялшақтықтан да арыла бастадық. Спорттың адам рухын көтеріп жүретін сондай сыйқыры бар» деген сөзінен анық байқалады. Шынында да, қалаға алғаш келген қазақ балаларының намысы да дәл сол Елбасымыз айтқандай жағ­дайларда шыңдалады емес пе. Қалай дегенде де, Елбасымыздың бүгінгі өзінің ғана емес, бүкіл Қазақстан халқының, соның ішінде қазақтың атақ-дәрежесін әлемге танытуы сол ұлтты сүйген намыстан өсіп-өнген қадыр-қасиет болса керек. Бұл біз тіл­ге тиек етіп отырған мәселелер Нұрсұлтан Әбішұлының өмір өткелдерінен алынып отырған жағдайлардың бір парасы ғана. Қазақстан Республикасының Президенті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірі өзгеше өнегелі өмір дегенде біз оның ұл­тын ұлықтаған ұлағаттылығын алға тартуымыздың сыры да сонда. Жалпы, «Өмір өткелдері» сұхбат кітабының елімізге бе­рер ұлағаты ұшан-теңіз. Елбасымыз бұл сұх­бат кітабында заман, қоғам, адам туралы айтылған қандайда бір толғанысы болмасын, оның барлығын Қазақстан, оның ішінде қазақ тағдырымен байланыстырады. Жинақ бізге осысыменен құнды әрі қымбат. Ұлт тағдырын ұлықтау ұрпақ жүрегіне жол табудың бірден-бір жолы екендігін де біз осы жинақтан анық байқаймыз. 

 

398 рет

көрсетілді

4

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз