• Заманхат
  • 20 Қазан, 2015

АҚШ-та ДӘРІС ОҚЫҒАН ҚАЗАҚ ҚЫЗЫ

Биікке бастаған баспалдақ

Бүгінде қазақ ғалымдары шетелге барып дәріс оқыды немесе халықаралық кон­ференцияда баяндама жасады десе таңқалудан қалғанбыз. Өйткені, еліміз тәу­елсіздік алғалы бері қазақ жастары әлемнің әр шалғайында білім алып, ға­лымдарымыздың шетелдермен байланысы арта түсті. Ал, тәуелсіздік таңы атар-атпаста төрткүл дүниені аузына қаратқан Америка Құрама Штаттарындағы оқу орын­дарында қазақ қызының ағылшын тілді жастарға қазақ тілі мен ағылшын тілін қатар оқытқаны біз үшін теңдесі жоқ жаңалық болатын. Ағылшындарға ағыл­шын тілін оқытқан сол қазақ Таңат Тә­ңірбердіқызы Аяпова еді.


Өткен ғасырдың сонау елуінші-алпы­сыншы жылдарының өзінде-ақ Жамбыл облысының бір түкпіріндегі Байқадам ауылы едәуір дамыған қала типтес поселке болатын. Өзі Сарысу ауданының орталығы. Бұл жерден аты аңызға айналған атақты актер, кинорежиссер, өнер тарланы Асанәлі Әшімов, белгілі композитор Ілия Жақанов, дарынды ғалым, техника ғылымдарының док­торы, профессор Өскенбай Аяпов сынды ел ардақтылары түлеп ұшқан-ды. Бұлардан кейін де бұл өңірден көптеген әдебиет жә­не өнер қайраткерлері қанат қаққанын айт­­сақ Байқадам жерінің қасиетіне көз жет­кізгендей боламыз.
АҚШ-та ағылшын тілді аудиторияға қа­зақ тілі мен ағылшын тілінен қатар дәріс берген Таңат Тәңірбердіқызы Аяпова да осы бір қасиетті топырақтың перзенті.
...1960 жылы Байқадам орта мектебін бірден 14 сынып бітірді. Бұлардың жалпы саны 160 адам болатын. Көпшілігі мектептің үздік түлектері. Сол жылы осы балалардың 90 пайызы жоғары оқу орындарына қинал­май түсіп кетсе, бұл осы балалардың мек­теп қабырғасында сапалы білім алуы­ның нәтижесі. Қазіргідей таңғажайып техни­калық құралдар, инновациялық технологиялар болмаған кездің өзінде оқушыларды осын­шама терең біліммен сусындатқан мектеп мұғалімдерінің еңбегіне сүйсінбеске шараң жоқ. Сол мұғалімдер сабақты жан-тәнімен беріліп, жанып тұрып түсіндіретіні, оқушылардың немқұрайдылығына жол бер­­мей, әрбір шәкіртін ортақ тақырыпқа – жаңа сабаққа еріксіз тартып алатыны, ұс­таздардың өз істеріне шын берілген энту­зиастығы, тіпті патриоттығы Таңатты әлі күнге қайран қалдырады. Мысалы, қазір оқимын, білім аламын деген жастарға  толық жағдай жасалған: компьютерлік-ақпараттық техника мен оқу құралдары жет­кілікті, жақсы жабдықталған аудиториялар, зертханалар баршылық. Жастарды жоғары білікті ұстаздар оқытады. Интернет арқылы  сабаққа қатысты кез келген материалды көзді ашып-жұмғанша тауып ала қоясың. Бірақ соған қарамай бүгінде жастарға сапалы білім беруге қол жеткізе алмай жатамыз. Неге? Қазір көз ілеспес ұшқырлықпен алға зырлап бара жатқан ғылым мен техни­каның теңдессіз жетістіктері ешкімді де таңқалдырмайды. Әсіресе жастар, бәрі де осылай болуы керек деп ойлайды да сол же­тіс­тіктерді үйренуге, оқуға талаптанбайды.
...Сөйтіп мектепте математиканы ерекше сүйіп оқыған, болашақта математика маманы боламын деп Алматыға келген Та­ңат Аяпованың тағдыры кілт өзгерді. Бұл құжаттарын ҚазМУ-дің математика фа­куль­тетіне тапсырайын деп тұрғанда, ауылдан бірге келген қыздар: «бізден жырылып қайда барасың, онан да бізбен бірге шет тілдер институтына құжат тапсыр», – деген соң Таңат солармен бірге осы оқу орнына келген. Жолдастары ағылшын тіліне құжат тапсырып жатты. Бұл болса мектепте неміс тілін оқыған. Енді не істеу керек? Біреулердің кеңесімен ағылшын тілінен мұғалім жалдап, аз уақытта емтихан тапсыратын дәрежеге жеткен Таңат 1961 жылы Алматы шет тілдер институтына ағылшын тілі мамандығы бойынша оқуға түскен.
Тумысынан ер бала сияқты өжет, ал­ған бетінен қайтпайтын Таңат оқу орнын­да жақсы оқып, ағылшын тілін терең меңгеріп шықты. Өзінің жақсы оқуымен, талабымен, студенттер арасындағы белсен­ділігімен айрықша көзге түскен оны институт басшылығы оқу бітірген соң, 1965 жылы, осы оқу орнында оқытушылыққа қал­­дырған. Шәкірт тәрбиелей жүріп аспирантурада, докторантурада оқыған Таңат Тәңірбердіқызы Аяпова осы жылдар ішінде ғылым кандидаты, ғылым докторы, доцент, профессор, академик дәрежелерін алып, ғылым мен білімнің биік белестеріне көте­рілді. Биыл ол кісінің жоғары оқу орнында ұстаздық еткеніне, ғылыми-педагогикалық жұмыспен үздіксіз айналысып келе жатқа­нына 50 жыл толып отыр. 

Аризона университетіндегі дәріс
Жан-жақты білім алып, ғылымның те­рең сырларына қанығып, үнемі білген үс­­тіне білсем деп ынтығып тұрған, білімі мен адамгершілік асыл қасиеттері, ішкі-сыртқы мәдениеті, парасаты бір-біріне сай келген адам «толық адам» болып есеп­телетінін айтқан еді хакім Абай. «Толық адам» ілімі қазіргіше интеллектуалды тұлға деген мағынаны білдіретіні анық. Міне, біздің кейіпкеріміз Таңат Тәңірбердіқызы Аяпова да өзінің бүкіл саналы ғұмырын ілім-білімге, жанқияр ізденістерге жұмсап келе жатқан «Толық адам» екенін мойындауымыз керек. Өмір бойы ұшан-теңіз білім жинаған ол кісі әлі де ізденістің соңында. Таңат Тәңірбердіқызы Аяпова ең әуелі ағылшын тілінің маманы. Бүгінде әлемді аузына қаратқан бұл тіл дүниедегі ең күрделі тілдердің бірі. Мысалы, біздің ана тіліміз – қазақ тілі ежелден қалыптасқан біркелкі тіл. Қазақстанның батысы да, шығысы да, оңтүстігі мен солтүстігі де бір-бірінің сөзін еркін түсінеді, бұларда кейбір тұрмыстық заттардың атаулары ғана әртүрлі айтылғанымен, бүкіл сөздік қоры бірдей. Ауызекі тілде де, жазба тілде де солай. Ал ағылшын тілін күрделі дейтініміз, оның варианттары мен диалектілері өте көп. Айталық, ағылшын тілі британдық ағылшын тілі, америкалық ағылшын тілі, канадалық, австро-англиялық жә­не афро-американдық ағылшын тілі (Black English) нұсқаларына (варианттарына) бөлінеді және олардың бір-бірінен айыр­машы­лығы өте алшақ. Тек америкалық ағыл­шын тілінің бір өзінің ғана айтылуы, жазылуы 4 диалектіден тұрады. Ал, енді осыны оңайлықпен игеріп көр. Негізінен, ағылшын тілінің шыққан жері Британия елі. Британдық ағылшын тілінің басқа елдердегі ағыл­шын тілдерінен (басқа варианттарынан) грамматикалық, лексикалық жағынан едәуір айырмашылығы бар. Сондықтан ағыл­шын тілін оқып-үйрену оңай емес.
Таңат Аяпова ағылшын тілін Алматы шет тілдер институтында оқып жүрген кез­дің өзінде-ақ жақсы меңгергені аян. Алайда тілді ауызекі үйрену бар да оны лексикалық-грамматикалық жағынан ғылыми тұрғыда меңгеру бар. Ол Қазақстан жастарына ағыл­шын тілінен дәріс бере жүріп өзі де оның терең сырларына, қалың қатпарларына өмір бойы тереңдеп еніп келеді. Тілді ғылыми деңгейде меңгеру үшін үйде отырып кітап ақтару жеткіліксіз. Ең бастысы, ағылшын тілді елдерге барып, оның жұртшылығымен «тонның ішкі бауындай» араласып, сөй­ле­­сіп, сұхбаттасудың жөні бөлек. Ал, енді сол елдің тілші-ғалымдарының тағылым­дама­сы, ақыл-кеңесі, дәрістері, ғылыми ұсыным­дары аса қажет. Онсыз ағылшын тілін ұңғыл-шұңғылына дейін білем деу әбестік. Сондықтан да Таңат Тәңірбердіқызы ежел­ден Британия, Америка, Канада, Авс­трия елдеріне жиі барып, сол елдердің тұрғында­рымен, зиялы ғалымдарымен қоян-қолтық араласып келеді. Кеңестік дәуірде шетелге шығу қиын еді, ал еліміз тәуелсіздік алғалы жан-жаққа есік айқара ашылып, өрісіміз кеңейгенінің нәтижесі ғой бұл. 
Тәуелсіздік таңы жаңа ғана арайлап атып келе жатқан 1991 жыл. Профессор Та­ңат Аяпова Америка Құрама Штат­та­ры­ның Аризона университетінен екі оқу тобына қазақ тілінен дәріс беруге ша­қырту алған. Өйткені бұл кезде жаңадан тәу­ел­сіздік алып жатқан қазақ елінің таби­ғи бай­лығы, болашағы қызықтырған амери­ка­лықтар қазақтың тілін, мәдениетін, ұлт­тық салт-дәстүрлерін үйренуге аса ын­талы болды. Таңат Тәңірбердіқызы Аризона университетіне қызметке келген соң ағыл­шын тілді студенттерден екі оқу тобын жа­сақ­тап, дәріс өткізуге кірісті. Оларға жанын салып, ынта-шынтысымен қазақ тілін үйретті. Ағылшындарға қазақ тілін үй­рететін оқулығының да бұл елде бағасы арта түсті. Т.Аяпова жат жерде ұстаздық ете жүріп, бос уақытында өзі де студенттермен бірге ағылшын тілінің сабақтарына үзбей қатысты. Әсіресе, қазіргі ағылшын тілінің фонетикасы, грамматикасы, тіл тарихы бағыттары бойынша көп нәрсе үйреніп, өз білімін тереңдетті. Бір күні осы алған білімі бойын­ша тест тапсырып, ең жоғары балға ие болды. Оның талантына бас иген профессор Айснер ағылшын тілді студенттерге енді қазақ тілі ғана емес, ағылшын тілінен де корпоративті дәрістер беруге ұсыныс жасады. Қобалжыса да келісім беруге тура келді. Профессор Айснер Таңат Тәңірбердіқызын студенттерге таныстыруға алып барды.
– Дәл мен осы кезде қатты толқыдым, – деп еске алады Тәкең. – Өйткені ағылшын тілді студенттерге ағылшын тілінің тарихынан корпоративті дәріс оқу шынымен-ақ аса білімдарлықты талап ететін. Алайда мен өз пәнімді жақсы білетінімді дәлелдей алдым. 60-тан астам ағылшын студенттерінің алдында ағылшын тілінен дәріс оқыдым.
«Сырт көз – сыншы» дейді халық дана­лығы. Жат ел, жат жерде кез келген қонақтың әрбір сөзі, жүріс-тұрысы, әрекеті, өзін-өзі ұстау ерекшеліктері – бәрі-бәрі сында тұра­тынын іштей ұғынған Таңат Аяпова өзін жо­ғары мәдениет пен парасат деңгейінде көрсете білді: өмір бойғы жиған ілім-білі­мінің осал еместігін танытты және амери­калық студенттер мен ұстаздарға өзін мойын­дата білді. Сонымен қатар ол Туссон қала­сының мектептерінде, колледждерінде, көп­шілік орындарда дәріс оқыды. 
Бұл сапарға барар алдында Таңат Аяпова ағылшын тілді студенттерге арнап «Қазақ тілі» оқулығын жазған еді. Бұл кітап Американың 20 университетінің сарап­шыларының сараптауынан өтіп, үш деңгейлі оқулық ретінде қабылданды. Қазақ тілі мен мәдениетін осы оқулық арқылы әлемдік деңгейге көтерген Таңат Тәңірбердіқызының, шын мәнінде, нағыз білікті ғалым-ұстаз, ағылшын тілінің жоғары деңгейдегі маманы екенін шетелдіктер сөзсіз мойындады.
Америка шалғайдан келген қазақ оқы­тушысының еңбегін, адамгершілік қасиетін бағалай білді. Жаңа ортада абырой-беделі асқақтай түсті. Осы еңбегі үшін Таңат Аяпова АҚШ-тағы Аризона университетінің Құрметті профессоры (1991 ж.), Туссон қа­ла­­сының Құрметті азаматы атанды. Бұл алыстағы қазақ ауылында туып-өскен қара­пайым қазақ қызы үшін ғана емес, бүкіл қазақ елі үшін үлкен абырой болғаны сөзсіз.
Біздің сөз басында хакім Абайдың «Толық адам» ілімін еске алуымыз бекер емес-ті. Терең де жан-жақты біліммен қаруланған, өз жерін, ұлтын, тарихы мен дәстүрін, мәде­ниетін, тілі мен ділін сүйетін, осы құнды­лықтарды жас ұрпақ бойына сол қалпында сіңіре алатын, мінезі мінәйім, адамгершілік ар-ожданы жоғары Таңаттай кісіні Абай айтқан нағыз «Толық адам» деп есептеуімізге болады.

Ғылымның қия жолында
Таңат Тәңірбердіқызы Аяпова 50 жылдан бері ұстаздық пен ғылымды тығыз ұш­тастырып келе жатқан педагог-ғалым. Ол өзінің ғылыми-зерттеу жұмысының нә­ти­жесінде «Сөйлеу әрекетінің онтогенезі» тақырыбында докторлық диссертация қор­ғап, «Развитие синтаксиса речи (на материале онтогенеза речи)», «Сөйлеу онтогенезі» (Он­то­генез речи) монографияларын жарыққа шығарды. Таңат Тәңірбердіқызына осы та­қы­рыпта жетекшілік еткен Ресей тіл білі­мі институтының директоры, филология ғы­лым­­дарының докторы, профессор Алексей Маркович қуанғанын жасыра алмай: «Сіз енді менің шәкіртім емес, бүкіл Азиядағы жалғыз әріптесім болдыңыз. Енді өз еліңізде ғылыми мектебіңізді ашыңыз», – деген еді. Себебі сөйлеу онтогенезі тіл білімінің әлі де жете дами қоймаған жаңа да күрделі саласы. Сөйлеу онтогенезі бұл өзі, тұжырып айт­қанда, жаңа туған сәбидің сөйлеу үдерісін қалыптастыру деген сөз. «Балаңмен құрсақта жатқанда сөйлес» деген ұлағатты сөз бекер айтылмаса керек. Құрсақта жатқанда да, ту­ғанда да нәрестеге жақсы сөз, жағымды эмоция керек. Ол сонымен тәрбиеленеді. Сон­дықтан жаңа туған сәбидің тілін уақтылы шығару, қалыптастыру да маңызды. Орта Азия бойынша сөйлеу онтогенезі ілімін зерттеген тұңғыш ғалым біздің Таңат апайымыз екенін мақтанышпен айтуымызға болады. Тіпті ол кісі осы сала бойынша өз ғылыми мектебін қалыптастырып, 7 ғалым-шәкіртін де тәрбиелеп шығарды.
Филология ғылымдарының докторы, профессор Таңат Тәңірбердіқызы Аяпова бүгінде қазақтың тілін, тарихын, салт-дәстүрі мен мәдениетін ағылшын тілінде сөйлетіп, өзге тіл арқылы өз ұлтын әлемге танытып жүрген ұлт қайраткері.
Таңат Аяпованың көп жылғы ізденістері мен жанқияр еңбектерінің нәтижесінде қаламынан көптеген оқулықтар туды. Қазақ мектептерінің 5-11 сыныптарына ар­налған «Ағылшын тілі» оқулықтары мен мемлекеттік қызметкерлерге арналған 4 деңгейлі ағылшын тілі оқулықтары, ағылшынша-қазақша сөздік, ағылшын тілді шетелдіктерге арналған «Қа­зақ тілі» (the Kazakh language: Beginning and Intermediate») оқу­лығы бүгінде әлемнің 70 елін­­де оқу үде­рісінде қолданылады екен. Т. Аяпо­ва ағыл­шын тілінде шыққан 250-ден астам оқу құра­лының, бірнеше мо­­­но­графияның, көп­теген инновациялық жо­баның авторы. АҚШ пен Англия ға­лым­дары Т.Аяпованы ағылшын тілінің өте білікті маманы әрі әдіскері ретінде бая­­ғыда-ақ мойындаған. Сондықтан оны ха­­лықаралық ғылыми конференциялар мен симпозиумдарға жиі шақыртады. Осындай шақыртумен 2008 жылы Британиядағы Нью-Кастл университетінде екінші тілді оқыту проблемалары бойынша баяндама жа­сағаны бар. Конференцияға әлемнің 52 елінен 240 баяндамашы қатысқан. Пленарлық мәжілісте қазақстандық профессор Таңат Аяпова жасаған «Тілдік қызметтің онтогенезі: эксперимент нәтижелері» тақырыбындағы баяндамада айтылған жаңаша ойлар, тың ғылыми жаңалықтар, салиқалы ұсыныстарға байланысты үстін-үстін сұрақтар қойылып, оны көпке дейін жібермеді. Оның баяндамасы артынша «Eurasia Yerbook» ғылыми жинағында жарияланды.
Ұлыбританияда болған күндерінде Оксфорд, Лондон университеттерінің кітап­ханаларында,  Оксфорд университетінің тіл орталығында болып, тіл қызметінің онто­генезі, когнитивтік лингвистика, ана тілін екінші тіл ретінде оқыту әдістемесі жөніндегі жаңа материалдармен көңіл қоя танысып, көп рухани құндылықтар жинады. Осы жолы кітапхана жұмысына қатысқаны туралы арнайы сертификатқа да ие болды.
Ұлыбританиядағы әрбір күні қарбаласқа толды. Бір күні Т.Аяпованы Иллинойс (АҚШ) университеті «Second Language acquisition and Research: Focus on Form and Fun­ction» тақырыбында өткізілгелі отырған симпо­зиумге шақырды. Өйткені мұнда Таңат Тәңірбердіқызының 1993 жылы АҚШ-та ба­сы­лып шығып, 2002 жылы 682 бет болып (екі аудиокассетасымен) қайта басылған «Казахский  язык» (как иностранный) – «Kazakh textbook» (уровни – А1, А2, В1) оқулығы тал­қы­ланбақ екен. Әуелі қазақстандық про­фессор Таңат Аяпова баяндама жасап, бұдан кейін шетел ғалымдары  сөйлеп жатты. Бәрі де аталған оқулықтың құндылығын, жаңа­лығын баса айтып, авторға жылы лебіз­дерін білдірді.
Симпозиумнан соң жоғары мектептің когни­тивтік лингвистика, екінші тіл мен шет тілдерін оқыту проблемаларына арналған дөңгелек столға қатысып, бұл тақырыпқа байланысты өз ойларын ортаға салды. Сон­дай-ақ секциялық отырыста «Ағылшын тілі тарихы» пәнін оқыту әдістемесіне байланысты құнды ұсыныстарымен бөлісті. Осы мәжілісте профессор Таңат Тәңірбердіқызы Аяпованың «The History of the English» электронды оқулығы шетелдік ғалымдар тарапынан ағылшын тілі тарихы бойынша әлемде бірінші жазылған электронды оқулық ретінде жоғары бағаланды. Артынша АҚШ Конгресінің кітапханасында Таңат Аяпованың және Иллинойс университетінің ғылыми кітапханасында «Language Research Centre, a division of Mc Neil Tecbnologies, Jnc» ғылыми-зерттеу орталығының өтінішімен «Kazakh textbook» кітабын қайта толықтыру жұмыстары атқарылды.
Жалпы, Т.Т.Аяпова сол жолғы іс-сапары­нан қанаттанып, рухани толысып қайтты. Бұл толысу оны «Ағылшын тілі тарихы» оқулығын жазуға жігерлендіре түсті.
Көп тілді білген көш бастар
Алматы шет тілдері институты, бертін­де Абылай хан атындағы әлем тілдері универ­ситеті аталған жоғары оқу орнында сонау 1965 жылдан бері үзбей қызмет істеп келген профессор Таңат Тәңірбердіқызы Аяпованы 2011 жылы Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің ректоры С.Ж.Пірәлиев өзіне жұмысқа шақырған.
– Таңат Тәңірбердіқызы, уақыт ағымына сай біздің университетте де көптеген құры­лымдық өзгерістер болып жатыр, – деген еді ол сонда. Бұрынғы факультеттер инсти­тут болып қайта құрылуда. Филология факуль­тетін көптілді білім беру институты еттік. Мұнда филологиямен қатар шетел тілдері оқытылады. Осы институттың тізгінін Сізге сеніп тапсырғалы отырмын. Енді мұны өзі­ңіз өмір бойы қызмет істеген «инязға», бы­лай­ша айтқанда шағын «инязға» айналдырады деп сенемін.
Қашан да сенім жүгі ауыр жүк. Сол се­нім­ді орындамай арқадағы жүк түсіп, тір­шілігің де, ой-санаң да, ар-намысың да же­ңіл­­демек емес. Осыны ойлаған ежелден тәуекелшіл, бек қайратты, бірбеткей қай­сар жан Таңат Тәңірбердіқызы Абай атын­дағы Қазақ ұлттық педагогикалық уни­вер­ситетіндегі жаңа қызметіне құлшына кі­рісіп кетті. Жаңа құрылған «Филология және көптілді білім беру» институтын қа­лып­тастыру, нығайту жолында алғашқы күн­нен бел шеше еңбек етті. Жүгіру, іздену, талап ету, еңбектену арқасында аз уақытта институтты аяғынан тік тұрғызғанын және рейтинг бойынша 1 орынға ие болғанын әріптестері жақсы біледі.
Универститет құрамындағы институт­тың ауқымы тым кең болғандықтан 2014 жылы ректор С.Ж.Пірәлиев филология мамандықтарын бөліп, оны өз алдына инс­титут жасады да, көптілді білім беру өзінше институт болып қала берді. Әрине, әр бағыт өзінше жұмыс істегені жөн ғой. Профессор Таңат Тәңірбердіқызы Аяпова басқаратын «Көптілді білім беру институты» бүгінде ректор айтқан «шағын иняз» секілді. Мұнда еуропа тілдерінен ағылшын, неміс, француз, ал, шығыс тілдерінен араб, парсы, қытай, тү­рік тілдері оқытылады. Халықаралық қа­­ты­нас, халықаралық құқық мамандары да даярланады. Халықаралық қатынас пен халықаралық құқықта сабақ ағылшын тілін­де өткізіледі.
Ірі-ірі 6 кафедра жұмыс істейді. Оқу аудиториялары, дәріс залдары мен зертхана­лар заманауи ақпараттық техникамен, оқу құралдарымен жабдықталған. Кафе­дра­лар білікті мамандармен толыққан. Олар біз­бен қатар университеттегі бүкіл шет тілдері пәндерін қамтып дәріс оқиды. Қазіргі ең бас­ты мәселе жоғары білім сапасына қол жеткізу. Сондықтан студенттер мен магистрант­тарды сыннан өткен ха­лық­аралық инновациялар арқылы сабақ­қа ынталандыру, қызықтыру, олардың өз бет­те­рінше ізденуіне жол ашу, ғылыми жұ­мыс­тарына қолдау көрсету басты назарға алынып жатыр.
Профессор Таңат Тәңірбердіқызы Аяпова басқаратын «Көптілді білім беру» инс­титутының ұжымы университетішілік рей­тингіде бірінші орынға ие болды.
Елбасымыз Н. Ә. Назарбаевтың «Үштұ­ғыр­лы тіл» саясаты жастарды өз ана тіліне қоса орыс, ағылшын тілдерін үйренуге мін­дет­тейтіні белгілі. Әлемдік өркениетке ұм­тылып отырған елміз. Олай болса жас­тарымыз көп тіл білу арқылы алыс-жақын шетелдерде қазақ елінің атын шығарып жатса, дүниежүзілік инновациялармен, біліммен қаруланып, бәсекеге қабілетті мамандар, азаматтар болып жатса ұлы Абайдың «То­лық адам» ілімі, Елбасымыздың «Мәңгі­лік ел» идеясы жүзеге асып, білімді елдер қата­ры­нан орын аларымыз сөзсіз. «Көптілді білім беру» институтының директоры Таңат Тә­ңір­бердіқызы осынау ұлы мақсатты жүзеге асыру жолында ерінбей еңбек етіп келеді.

Түйін
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагоги­калық университетінің «Көптілді білім беру институты» Алматы қаласы Жамбыл көшесіндегі №25 үйдегі оқу ғимаратында орна­ласқан. Міне, институт директоры Таңат Тәңірбердіқызы Аяпованың жұ­мыс кабинетінде отырмыз. Бөлменің бір қабыр­ғасын түгел кітап шкафтары алып тұр. Кітап десе елең ете қалатын өз басым ор­нымнан жедел тұрып сөрелерге қаз-қатар қойылған кітаптарды шолып шы­ғуға асықтым. Кітаптар сөреге сыртқы мұ­­қа­басы көрсетіле қойылыпты. Мұқият қарай бастадым. Басым көпшілігі ағылшын тілінде, латын қарпімен басылған еңбектер. Бә­рінің маңдайында латынша «Т.Аяпова» (және 1-2 қосалқы автор) деген жазу тұр. Бұл осы кітаптың бәрінің де авторы Таңат Тәңірбердіқызы Аяпова екенін айғақтайды.
Не деген еңбек, неткен бейнетқорлық? Ме­нің таңданысымды байқаған Т. Аяпова  апай бұл еңбектерге аздап шолу жасап шық­ты.
– Мынау қазақ мектептерінің 5-11 сыныптарына арналған ағылшын тілі оқулығы. Мынау осы пәнге арналған қосалқы оқу құралы. Ал мынаусы қазақ мектептерінде ағылшын тілін оқытуға арналған әдістеме. Ал мына сөредегі дүниелер шетелдерде қазақ тілін оқытуға арналған оқулықтар мен оқу құралдары. Сөйлеу тілінің онтогенезіне арналған еңбектерім мына сөреден орын алған, – деп Таңат Тәңірбердіқызы біраз жәйден хабар берді.
– Елбасының 100 нақты қадамының 79-қадамы «Үш тұғырлы тіл» саясатына бай­­­ланысты қазақ жастары ағылшын тілін те­рең меңгергені абзал, – дейді Тәкең. – Бірақ онан да бұрын  әрбір жас өзінің ана тілін, ата дәстүрін, ұлттық салт-санасын, мәдениетін, адамгершілік асыл қасиеттерін, қазақтың үлкенді сыйлау, кішіні қадірлеу сияқты ұлағатты тәрбиесін бойына терең сіңіріп өскені абзал. Осы қасиеттермен тәрбиеленген жастар ағылшын тілін оқығанда еуропа мәдениетіне бой алдырып, еліктеп-солықтап кетпей, өзінің ұлттық ерекшеліктерін сақтап қалары сөзсіз. Сондықтан әрбір ата-ана балаларын отбасында ұлттық құндылықтарға тәрбиелеп өсіргені жөн. Қазақы болмыспен өскен жастың өмір бойы өз елін сүйетін ұлтжанды, елжанды, патриот азаматтар болып, халқына адал қызмет ететіні заңды. 
Қазақша сөйлесе, бірде бір орыс тілін араластырмай таза әрі шешен сөйлейтін, орысшаға да, ағылшыншаға да ағып тұрған, білім мен ғылымның биік шыңында жүрген Таңат апайды, басқаны қайдам, мен өз басым үлгі тұтқан жайым бар. Қазақ ауылында туып-өсіп, мектеп бітіріп, қазақ мәдениетімен, салт-дәстүрімен, қазақы қа­сиет­термен сусындап өскен қарапайым қа­зақ қызының орысша, ағылшынша тіл бі­лумен  қатар өз бетінше француз тілін оқып үйренуі де ол кісінің еңбекқорлығының жемісі. Былтыр біздің университетіміздің ба­­за­сында Сорбонна Париж сити француз уни­­­­верситетінің «Сорбонна-Қазақстан» инс­­­­титуты ашылғанда француз делегация­сы жиі-жиі келіп жатты. Сонда Таңат Тә­ңір­­бердіқызының француздармен емен-жар­қын сөйлесіп, сұхбаттасып жүргенін көр­генім бар. Міне, оның Хакім Абай айт­қан «Толық адам» екені осы жерден тағы бір байқалады...
Жасыратыны жоқ, бүгінгі жастарда іздену, еңбектену жетпей жататыны рас. Ал, осы жастар Таңат апайдан өнеге алып жатса кәне?!
Аяповадай аяулы қазақ қыздары көбейе берсе ғой, шіркін...

Мырзахан Ахметов,
Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті 
Ақпарат орталығының директоры, 
ҚР Мәдениет қайраткері.

564 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз