• Заманхат
  • 20 Қазан, 2015

Ұлт болашағы – ұрпағында

Қыдыралы ҚОЙТАЙ,
«Ақиқат» журналы
Бас редакторының орынбасары

Күнделікті тапқаның басыңа тартсаң аяғыңа жетпейтін мына қым-қиғаш заманда санаңда сапырылысқан сан ойдың басын иіп, бір сәт зердеңе салатын болсаң, бұған дейінгі бейқам тіршілігіңнің алпыс екі тамыры солқылдап кететіндей болады екен. Сонау бір ықылым заманның өзінде мемлекет дамуының жүйесімен, саясатпен шаруасы жоқ бабаларымыздың өзі «Шариғатта ақырзаман болғанға дейін дүние үш толып, үш солады» деген екен. Мұны бүгінгі күннің шындығына айналдырсақ, онда «қазақ халқы сол ақырзаманға барып, қайта оралып қоймады ма екен?» деп ойлайсың. Дәлел керек пе? Айтайық, халқымызды асылынан айырған «ақтабан-шұбырынды» кезінде 1 миллионнан астам қазақ жер жастаныпты.

Одан кейін Ақ патшаның 1916 жылғы бұратана халықтардан әскерге адам алу жарлығынан бастау алған қазақ халқының екінші қырғыны «жаңа заманның жаңғырығымен жалғасып, 1921 жылы 800 мыңнан астам ұл-қыздарынан айырылумен аяқталыпты. Ал, социализмнің «зәулім сарайының» баспалдағын аттай тұрып, Голощекиннің «Кіші октябріне» 2,5 жуық адамдарымызды байлап бердік. Ғылыми тілде «тарихи ақталған шындық» деп жүрген Ұлы Отан соғысы жылдарында 500 мың ұл-қызынан айырылған қазақ төртінші рет өлді. Міне,  осындай небір алапат зұлымдықтарды басынан кешірген қазақ небәрі үш ғасырдың айналасында 5 миллионға жуық ұрпақтарынан айырылыпты. Тіріге де, өліге де ұрпақ керек, осы бір зұлматтар болмағанда, шіркін, қазақ саны дәл бүгін 30 миллионның ар жақ-бер жағында болатыны анық еді-ау. Олардың 3-4 миллионы шетте тұрғанның өзінде 25 миллионнан астам қазақ кіндік кескен жерінде тұрып, ел халқының 80-90 процентін құрап, тілдік орта үшін алақан жая жүгірмес едік, көптің талқысына қайта-қайта салып мазаққа ұшыратпаған болар едік. Ал, қазір ше? Ұлттық тілімізді мемлекеттік тіл деп аузымызды толтыра айтқанымызбен «ұлы» орыс тілінің көлеңкесінен көріне алмай келе жатқаны айдан-анық қой.
Статистикалық мәліметтер бойынша еліміз­дегі қазақ ұлы 50  проценттен енді ғана асып отыр. Оның өзінде де сыртқа кеткен өзге ұлттардың есебінен. Ұлт қанша жергілікті тұрғындардың 60 процентінен төмен болған жағдайда, ол ұлттың мәдениеті, тілі, экономикасы эрозияға ұшырайды екен. Сондықтан, болар күнделікті баспасөз беттерінде, әсіресе, орыс тілді басылымдарда ара-кідік болса да «балалар шығыны қазақ ұлтында екі есе көп, одан шығатын жол әйелдердің бала туу деңгейін реттеу керек» деген секілді ақылгөйсіген материал­дарды кездестіріп қалатынымыз шындық. Осы орайда, Шойрық шешеннің «Әйелдің жақсысы – алдында бесігі, аузында несібі бар» дегенді бойтұмардай көріп, «Құдайдың» бергенін қабылдайтын қазақ әулеті кезінде социалистік жүйенің «жоспарлы» саясатын енгізіп, дағдарысқа ұшырап, шойырылып қалса, баспасөз беттеріндегі әлгі «ақылсымақ» пікірлердің көрініп қалатыны белгілі. 
Қазақ аспанында ай қашанғы шалқақ туа бермекші. Табиғаттың өз заңдылығы болады, әйел үшін ол – ана болу. Бала көтеру табиғат құдіретіне, ал, ендеше, табиғатқа қарсы шығу – әулекілік. Жамбыл облысы Луговой ауданындағы менің туған ауылым – Көкдененде Сейсекүл мен Сәдуақастың әулеті 16 баланы немесе Қарағанды облысындағы ауыл мұғалімінің әулеті 18 ұл мен бір қызды ешкімнің акыл-өсиетінсіз-ақ өмірге әкеліп, тамырын тереңге жіберіп отыр. Оны айтасыз, Оңтүстік Қазақстан облысы Алғабас ауданындағы «Ақтас» асыл тұқымды жылқы заводында 117 Батыр-Ана бар екен. Бұлар сонда, Батыр-Ана атану үшін туды ғой дейсіз бе? Жоқ, олай десек қателесеміз. Оның арғы себебі – қазақтың балажан халық екендігінде жатыр. Осы ретте айтыс ақыны, Шорабек Айдаровтың мына бір өлеңі еріксіз ойға оралады: 
Балаларын бабалар көпсінбеген, 
Бір-біріне серік боп өтсін деген. 
Қырық түрін қарғыстың білген қазақ, 
«Тұяқсыз қал» деп ешқашан тепсінбеген.
Қызық қуып қыр кезген ата-бабам, 
Қуанышқа қашан да қаталаған. 
Өгей ұлды өксітпей өсіргенді, 
Қубассың деп ешқашан атамаған.
«Тербелсе», - деп тоқталмай текті бесік, 
Құдайынан қызығын көп тілесіп. 
Жатпай-тұрмай жас иіс аңсай берген, 
Басқалары бақ сасып кетті десіп.
Бақыт табу-баласыз сірә-жалған, 
Болашаққа бастамас бұлақ-арман. 
Бұршақ салып мойнына бедеу бейбақ, 
Зор Құдайдан жалғыз ұл сұрап алған.
«Балалы үйден-дегендей-бақ қаша ма?
Арыстай ұл туыпты ақбас Ана. 
От басынан он бала өрбітіпті, 
Ардақты Ана орденін тақпаса да.
Бар кезінде бармын деп тасымаған, 
Жоқ кезінде жоқпын деп жасымаған. 
Қазығында қарасы болмаса да, 
Қазақ атам он жанды асыраған. 
Міне, бүкіл болмыстың қуанышы, шуағы бала туралы ақын осылай толғайды. Бірақ, осы балаларымыздың  көңілдері селт етіп, жү­ректері лүпілдей қуанып, алақайлап жүретін сәттері күннен-күнге азайып бара жат­қан секілді. Барлық жақсылықты балалар мен аналарға деген үмітіміз оларды қазір жалғыз жаялықпен қалдырып, аналарға тиісті жәрдемақыларын жылдап бермей сансыратып жіберді емес пе? Бірде тілінің тікені бар құрдасымның әйеліне газеттен «бала ана жатырында жатқанда-ақ тәрбие қабылдайды екен. Сондықтан, ол кезде бейпіл сөйлемей, сұлулыққа табынып жүру керек екен» деген хабар оқығанымды айттым. Сонда ол: «Ол ақылынды басыңа езіп жақ. Кешке дейін базарда аяғымнан сыз өтіп тұрғанда біреулер шамбайыма тиіп сөйлесе, мен неге есемді жіберейін. Оны мына құрдасыңа айт, бір қатыны мен үш баласын асырай алмай отырған» деп өзіме дүрсе коя берді. Немесе перзентханаға түскен тұмса келіншек екінші қайта келуге жүрегі дауаламайды. Себебі, жаны толғаққа шыдамай айқайлаған әйелдің медбикеден жұбатудың орнына сүйе­гіңнен өтер суық сөзін естіп, көз жасын жұтып төменшектеп, кінәлі адамдай қиналып қалады. 
Содан, медбикеден сөз естіп туған балаң өседі. Енді, оны балалар бақшасына орналас­тыра алмай әлегің шығады. Орналастыруын орналастырасың-ау, бірақ, соның бағасын айтсаңшы. 4000-7000 тенге! Бұл сенің бір айлық жалақың ғой. Тапқан-таянғанынды балалар бақшасына бергенше үйде отырғаным жақсы емес пе деген ой келеді, мұндайда. Ал, енді балалар бақшасынан шыққан балаңыз мектепке барады. Мұнда да ақша жинау. Мектепке барған балаларыңыз аз уақыттың ішінде оқудан жерініп шыға келеді. Неге? Біздің дәл қазіргі жағдайымызда жақсы өмір сүру үшін жақсы оқудың қажеті жоқ екенін ол бала болса да біледі. Міне, бала ту деп талап қойған әйелдеріміздің проблемасы өз басынан асып жатыр.
Тұрмысымыздағы бүгінгі ауыр хал, эко­ло­гиялық зардаптар мен денсаулығыңның күрт төмендеп, әртүрлі аурулардың көбеюі­не әкеліп отыр. Оның үстіне «білгір маман­дардың» кеңесі құлағына құйылған қажетті қамқорлық тапшылығын сезінген қазақ әйелі толғақты күй кешуде. Ауылдық жерлердегі әйел-аналардың денсаулығына, балаларға деген қамқорлық жоқтың қасы. Басқаны былай койғанда балалы аналар жоғарыда айтып өткен жәрдемақыларын алмағанына З-4 жылдың жүзі болды. Өз халқына шын жаны ашыған адам ең алдымен ұрпақ өсіруге мүдделі болуы керек. Өйткені, ұрпақ сактау, ұрпақ өсіру дегеніміз – тіл сақтау, дәстүр сақтау, бірлік пен елді сақтау. Тарихтың дінгегі – демографиялық өсуде. Ендеше, қазақ жерінде бала мен ана өлімі неге көп, оны болдырмаудың жолдарын, ме­дициналық, материалдық, азаматтық қандай мұқтаждарға зәру, міне, бүгінгі ел ағалары мен қалаулылары мәселеге осы тұрғыдан келу керек. Себебі, дана мен көсем көптен шығады.
Осыдан үш-төрт жыл бұрын теледидардың кезекті хабарларының бірінде жазушы Дулат Исабековтың ұрпақ өсімінің өмір бетіне қалдырған сызаттарының арғы-бергі тарихына терең талдау жасай келе «ойқы-шойқы болса да маған дәл қазір 30 миллион қазақ керек» деп айтқаны, сабырды сары алтындай артық көретін ұлттық мінезіміздің өзі бар тіршілік тіріліп жатқанда үніміздің талықсып естілмеуін қалаған жүрекжарды азаматтық үні. «Көпке топырақ шашуға болмайды» - дейді халық даналығы. Тарихтың қаралы белбеулеріндегі қара тамшылар болмағанда саны қазіргідей он миллионның ар жақ-бер жағында емес 30 миллионнан асады екен. Онда біз қазіргі жер бетіндегі 2,5 мың ұлт пен ұлыстын арасында 70-ші орында емес, 30-бен 40-шы орынға жылжиды екенбіз. Демографиялық тарих өмір  мен өлім деңгейін салыстыру арқылы жасалады. Осы ретте демографиялық мәліметтерге көз жүгіртсек алпысыншы жылдардың ортасына дейін 30 жыл бойы өлімнің деңгейі өсіп, тек соңғы 30 жылда ғана туу мөлшері бір деңгейде сақталыпты. Олай болса, біз ұрпақтарымызды көбейтпей халық болып сақталуымыз, ұлт болып оңалуымыз екіталай. 
Соңғы кездері 3-4 баланың өзін көп балалы әулетке кіргізе бастадық. Бұл қазақ үшін қабыспайтын цифр. Жүз алпысында үштен, қырқында екіден бала бар. Бірақ, бұлар баласыз әулеттердің республикамызда түтін түтете алмай отырған жүз мыңнан астам қыз-жігіттің, жылына 20 мыңнан астам қазақ отбасы ажырасып, 20-25 мыңнан бүлдіршіннің бұдан былай іні-қарындассыз, сіңлісіз өсетіндігін ескерсек, табиғи өсімнің орнын жаба алмайды. Сонымен бірге, жыл сайын өмірге 5000-ға жуық некесіз қазақ сәбилері келеді екен. Солар жетімдер үйінде жүріп жетіліп кетсе бір сәрі ғой, олар болашақта дерексіздікке ұшырап, ұлтының кім екенін білмей жүрмесе. Мұндай қорқыныштың көңілге ұялауы тегін емес. Ұлы Отан соғысы жылдары Қазақстаннан шыққан 500-дей Кеңес Одағы Батырларының 99-ы қазақ. Оның ішінде төрт батырымыздың туып өскен, туған жерінің ешқандай дерегі болмай отырған көрінеді. Немесе, атақты Сабыр Рахимов қазақ бола тұрып, Ташкенттегі жетімханада өскені үшін нағашы жұртының ұлтына жазылып кетер ме еді. Ашаршылық кезіндегі босқындардың арасынан, жетімдер үйінен аттанғандардың талайының Сабыр Рахимовтың кейпін кимегеніне кім кепілдік бере алады. Осы арада қазақ халқы өте жомарт халық екендігін, бірақ, қанша жомарт болса да балаға жомарт еместігін естен шығармайық. 
Олай болса даңқты батырымыз Сабыр Рахимовтың сүйегі өзінің нағашы жұртында жатқан болса, алып ескерткішінің еліміздің елордасы – Астанада тұратын уақыты жеткен секілді. Шындықтың ізденушісі болса, кеш те болса бұндай қара дақтар қалпына келер, әйтеуір, дерексіз кеткеннен сақтасын. Қалыптасқан қалыпқа емес, халыққа қарасақ кең қолтық шешелеріміз он баланы мойындарына «Алтын алқаны» тақпай-ақ арнайы қамқорлық пен арнайы жеңілдіктерді пайдаланбай-ақ өмірге әкеліпті. Бұл ретте: «қазір ол заман қайда, бәрі қиындап, ауру-сырқау көбейіп кетпеді ме?!» – деп дау айтушылар табылар. Әр кезеңнің күнгейі мен кө­лең­кесі, сол шақтың өзінде ырыс пен дәу­лет, жаксылық кез-келгеннің төрінде отыр­­­маған болар. Бірақ, болашақты бізден гөрі жіті болжаған әжелеріміз ұлттың ертеңі ұр­пағында екенін ешбір насихатсыз туа біткен қасиеттерімен аңғарып, осы жолда өз парызын адал атқарған. Ал, біз болсақ «бала өз несібесін ала келеді» дегенді айтқанымыз болмаса, қазір соған сенуден қалдық. «Әйелдің жақсысы – алдында бесігі, аузында – несібі бар» дегенді бойтұмардай көргенімізбен, нарық заманының саясатына бағынып кеткендейміз.
Мүмкін, мен үстірт айтып отырған да шығармын. Бірақ, шындығы осы. Жоғарыда ұрпақ өсіру, ұрпақ сақтау дегеніміз – тіл сақтау, дәстүр сақтау, бірлік пен елдік сақтау. Дана мен көсем көптен шығады дегенді айтып өттік. Бұл қағиданы ұлтжанды ағаларымыз бен апаларымыз құлаққа құюдай-ақ кұяды, бірақ, неге өз үйлеріндегі бала санын бір-екіден, ары кетсе үштен асырмайды? Біздің қоғамдағы тірліктің бір-бірімен қабыспайтыны сөз бен істін осындай алшақтығынан ба? Тарих діңгегі демографиялық өсуде екені белгілі. Осы үшін олар не істеп жатыр? Бала мен ананы қорғаймыз деп мұсылман әйелдер қоғамы, «Бөбек» қоры, Қазақстан Республикасы Президентінің жа­нын­дағы Отбасы және әйелдер істері жө­ніндегі ұлттық комиссия, «Ақниет» коры, тағы басқа мекемелер келді, өмірге. Ниеттері жақсы, бірақ, құр ниетпен алға жылжымаймыз ғой. Осылардың шамбайына батса да айтайық,  ұлттың бағынан гөрі өз биліктерін көп ойлап жүрген секілді көрінеді бізге. Енді не істейміз? Бала жауапкершілігі ананың мойнында. Әр кезеңнің өз қиындығы болады, дегенмен ұрпақ өсіруге саналы түрде мүдделі болуымыз керек емес пе. Қазір біз тәрбиенің үзілген арқанын жалғап, «әттегенайларды» ата-аналар мектеп мұғалімдерінен, мұғалім ата-аналардан көріп жүрген тұста, қазақи халықтық педагогика «жақсы отбасының үл­гісі – балалы үй, көп балалы үйде жақсы мінез, көпшіл қасиет, сыйластық қалыптасады, баладан қымбат дүние жоқ, басқа арзанқол жұ­банышқа алданбайық» – деп тұрғандай.. 
«Халық кеңесі», желтоқсан 
1994 жыл

 

499 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз