• Ұлттану
  • 21 Мамыр, 2012

Табыну мен тағуттың арасында (Рисала)

Оразбек Сәрсенбай, жазушы

Өткен ғасырдың жетпісінші жылда­ры­ның бас жағында болуы керек, сол тұстағы ең атақты қазақ кинорежиссерлерінің бірі С.Қожықовтың «Қыз Жібек» атты көркем фильмі экранға шығып, елге көрсетіліп, недәуір жоғары бағаланып, жан-жақты мақталып жатты. Осы мақтаулы фильмді мен ауылға жазғы демалысқа барғанымда, Шиелінің орталығындағы аудандық мәдениет үйінің қабырғасына жалғастыра салынған төбесі ашық кинозалда кешқұрым уақытта тамашалаған едім. Әрине, жалғыз өзім емес, қасымда жергілікті «Өскен өңір» газетінің бірлі-жарым қызметкерлері бар-тұғын. Кинодан соң сол күні Шиеліге қонып шығып, ертесіне шайланып алып, аудан орталығының іргесінде жатқан біздің ауылға қарай жаяулап тартып кетпейміз бе? Жол бойына маған ілесе шыққан, өз айтуынша, «жергілікті маңызы бар ақын» Жұрынбаймен бірге кеше ғана қызықтап көрген кинофильміміз жөнінде қызу пікірлесумен болдық. Менің кейбір сыни ескертпелеріммен мүлдем келіскісі келмеген құрдасым Аққұмшықтың шетінде оқшаулау тұрған біздің әке-шешеміздің шағындау үйінің шарбағына кірген соң да, екі қолын ербеңдетіп, өзі дұрыс көрген пікірін қорғаудан тыйылмады. Сонда, есік алдындағы жапырақтары тұтасып кеткен екі дүмді қарағаштың көлеңкесіндегі сәкіге ұзын жолақ көрпешені қабаттап салдырып, қисайып демалып жатқан менің әкем біздің сәлемімізді қабыл алмаққа басын көтеріп отырды да, миығынан күліп қойып: — Немене, балдарым, әлі дауларыңды бітіре алмағансыңдар ма? – деп сұрады. Жұрынбай сонда өзі құралпы замандастарынан гөрі ақыл-ойы сергек, екі дүние амалдарына алаңдай қарап, өзінше салалап, салмақтап отыратын біздің ақсақалдың иманды, ибалы жүзіне үңіліп тұрып: – Ой, көке... мына Оразбек балаңыз екеуміз бір нәрсеге таласып келеміз. Төре­лігін өзіңіз айтыңызшы! – демесі бар ма? – Иә, балалар, құлағым сендерде, – деп біздің әкей бұл жолы салалы саусақтарының арасын ашып, жалпақ алақандарын екі тізесінің үстіне қойып, сөз тыңдауға ықыласты екенін білдірді. Әкейдің бұл бейілін алдын ала өзінің пайдасына ыңғайламақ болған Жұрынбай бірден жұлқына жөнелді. — Ой, көке... мына Оразбек фильмнің соңында Қыз Жібектің суға кетіп өлуін арзан саясатқа бейімдеу, қисынсыз шешім деп, менің сөзіме жеңсік бермейді! Мұның мұнысы дұрыс емес қой, көке! — Неге дұрыс емес? — Ой, махаббат үшін шын сүйген жүрек не істемеуші еді? Махаббат жолында жанын пида еткендер аз ба? Оған бұрынғы, қазіргі тірі тарих куә емес пе? Әкем Жұрынбайдың бұл сөзін естігенде, көзіндегі күлкі табын өшіріп: — Ал, қиссаның қазақы нұсқасында Төлеген өлген соң, Қыз Жібек қайнысы Сансызбайдың етегінен ұстамаушы ма еді? – деп сұрады. — Ой, көке... ол ескіліктің әмеңгерлік заңы ғой. Феодализм қалдығы. Қазіргі көзі ашық режиссер баяғы замандағы жастардың қасіретті тағдырын көрсетуді ниет етіп, нағыз махаббат трагедиясын жасаған. Осындай қарапайым нәрсені мына сіздің оқымысты балаңыз түсінбейді. Сол жерде әкемнің қабағы түсіп, екі қасының арасы қосыла бастағанын көрген мен, бұл әңгіменің маған ұқсаған «оқымыстыға» ғана емес, қауға сақал кәріге де ұнамайтынын аңғардым. Тек бұл кісі қаттырақ кетіп (кей-кейде ондай да мінезі болатын), ауылға барғанда үнемі менің қасымда жүретін ақкөңіл, жақсы жігіттің бетін қайтарып тастамаса екен деп іштей қыпыңдап отырдым. Менің осы қаупім расқа айнала бас­тағандай еді. Әкем бойын тіктеп, даусын аздап қырнап алды да: — Махаббат, махаббат деп таңдай­ларыңды тақылдатасыңдар-ау, – деді. Әйтеуір, Жұрынбайға тікелей тигізбей, көпше мағынада сөйлеп отырды. – Сендер ең әуелі, сол ізгі сөздің терең мағынасын ұғып, білдіңдер ме? Беті жалтыраған біреуге көздерің түссе, махаббат! Бұралаңдаған бұраң белді көрсеңдер, махаббат! Жақсы ас ішіп, тәтті түс көрсеңдер де, махаббат! Оу, бұл неғылған оңай айтылып, ойландырмайтын арзан гәп?! «Жергілікті маңызы бар ақын» атағы бар Жұрынбай осы арада оншалықты иіліп-бүгіле қойғысы келмей, қарсылық білдіруді жөнге санап: — Ой, көке... Абай да: «Махаббатсыз дүние бос, айуанға оны қосыңдар» дейді. Бұл жерде махаббаттың не жазығы бар? – деп қалды. Біздің әкей бұл жергілікті ақын әрі журналистің мұндай қыстырма дәлеліне тосыла қойған жоқ. — Сендер Абайдың әр сөзіне ой жүгіртіп, тереңірек бойлап оқыңдар, – дейді. — Абайдың махаббаты ең әуелі Аллаға, жаратушы иеге қарап айтылмаушы ма еді? Қала берді жақсылыққа, ғаделетке, хақиқатқа бағышталған кепиетті ғақлият болатын. Мұндай қиыр-шиыры көп әңгімеге еті үйрене қоймаған Жұрынбайдың ерні жыбырлап, бадырақ көздері жыпылықтап кетті. — Ой, көке-ау... біз Қыз Жібектей сұлудың махаббат жолында шыбындай жанын құрбан еткен оқиғасын айтып отырмыз ғой. Мен мұны кинодағы дұрыс шешім деп есептеймін. Ал, мына сіздің балаңыз олай есептемейді. — Біздің баланікі жөн-ақ, – деп әкем осы жерде басын изеп қойып, «жергілікті маңызы бар ақынның» жүзіне сығырая, жылұшырай қарады. – Сен, бірақ, Жұрынбай, бұл әкеңді баласының ығына қарай жығылып отыр екен деп ойлама. Сендердің кинә, синәларыңда менің шаруам жоқ... Менің айтпағым: ер мен әйел заты арасындағы ең ізгі, үлкен сезімдердің ешқайсысы, сүйіспеншілік пе, ашық-мұшықтық па, бәрібір табыну жоралғысына айналып, мұның ақыры өзді-өздерін әдейі өлтіруге әкеліп соқса, біз мұны зор күнәкарлыққа, тағдырға мойын ұсынбаған қарсылыққа қосамыз. Бұл, бәлкім, әлдекімге, әлденеге табынудың тағутқа айналған жері шығар-ақ. Құдайым адам баласын ондай адасудан сақтасын! Әкем осыны айтып, бетін сипады да, бұл жолғы әңгіменің тәмәм болғанын аңғартып, орнынан көтерілді. Ол жолы «Қыз Жібек» фильмінің соң­ғы көрінісі туралы екі көрерменнің әдеттегідей дау-таласында әкемнің мені жақтап шыққаны әжептәуір ұнаса да, бірақ оның бас кейіпкердің өз-өзіне қол жұмсауы – біздің миымызға оншалық сіңе қоймаған әлдеқандай табыну ұғы­мына апарып жатқызған төрелігі қасым­дағы Жұрынбай түгіл, менің өзіме де түсі­нік­сіздеу, күмәнділеу көрінген еді. Әуел­гіде ежелгі қисса, дастандарды бір кісі­дей же­тік білетін әкемнің қазіргі за­ман­ның «көзбояушылары» өзінше тезге салып, сан-саққа жүгірткенін, өзгерткенін қаламағаны шығар деп шамаладым. Бірақ, араға жылдар түсіп, осы әңгімеге, осындай әңгімелерге қайта айналып соқ­қан кездерде аңғарғаным: табыну мен тағут жайы біздің тақуа, діндар әкеміздің өзінің мүршид ұстаздары арқылы әрі жеке басының түйсігі мен түйіндеулері қосылып, ұзақ уақыт бойы бекіген берік дүниетанымы екеніне көзім жете бастаған еді. «Көзім жете бастағаны» дейтінім – жай сөз емес. Шексіз сахараның бір түкпірінде, алыстағы елеусіз қазақ ауылында, ежелгі шаһар жұртынан аулақта өмір сүріп жатқан қарапайым шаруаның кәдуілгі қарапайым кісі еместігіне есейе келе көзім жеткен сайын бала, балаң кезімдегі ерке, еркін әдет-дағдыларымнан арылып, әкеммен тілдескенде тікелей қарсы келуден біржола тыйылып, іштей мақұлдамаған, келіспеген жағдайларым бола қалған тұстың өзінде өз пікірімді жұқалап, майдалап, оспақтап жеткізуге тырысар едім. Шынымды айтсам, ер мен әйелдің ара­сындағы сүйіспендік (әкем оны ешқашан «махаббат» атамай, «сүйіспендік», «сүйіс­пеншілік» деп бейнелейтін) қана емес, өзге де жақсылық атауының ешқайсысына табынуға, құлдық ұруға болмайтынын ескерткенде (әкеміздің ескертуі – бізге, балаларына бұйрықтай естілетін), кей-кейде ішімде қарсылық та іңгалап дыбыс беріп жататын. Ау, неге ізгілікке, жақсылыққа табынуға, құлдық ұрып құрметтеуге бол­майды? Жақсылыққа табынуымыз – жақсы жолда жүруіміздің кепілі емес пе? Өзгелерге өнеге, үлгі, мысал емес пе деп те ойлайтынмын. Шын өмірде Қыз Жібек өлмей-ақ қойсын, тірі қалсын, қайнысына байға тисін, бірақ оның сүйіспендік жолында өзін құрбандыққа шалуы – менің Жұрынбай құрдасымның бағалауынша, ерлікке бара-бар секілді. Мұндай әрекетті дәріптемей-ақ қояйық, дегенмен, осының өзі рухани ерлікке ұқсамас па? Өзіне-өзі қол жұмсау – әрине, күнәкарлық, бәлкім, әлсіздік, осалдық шығар. Бірақ, кинодағы Қыз Жібек жазықсыз жапа шегу­ші кейіпкер ретінде сипатталады. Жазықсыз жапа шегушіге жанымыз ашитыны белгілі. Бірақ, оған әсте табынуға болмайды дейді. Әкеміздің пайымдауынша, жалпы табыну дегеніміз – тым жоғарғы ғаламдық мәртебедегі түсінік. Табыну – шын мәнісінде ғаламдық жаратылыс заңдарын көргісі келмеу, қарсылық көрсету, қайшы келу. Демек, осынау шексіз-шетсіз ғаламат тіршілікте әуелден-ақ, жер беті­не шыққалы бері өзін-өзі зорсынып, бұ­ған қызмет ету үшін жаратылған өзге жанды, жансыз жаратылыстың бәрін қор­сынып, тәкаппарлану, менменсуден өсіп-өнген осы табыну, табындыру сезім­дері – адам бойындағы ең болымсыз болмыстардың бірі көрінеді. Біздің тақуа әкеміздің пікірінше, табынудың түпкі тереңінде әлсіз, әйтпесе табынған нәрсесін зор тұту ниеті ғана емес, сол зорды мүлдем еселеп зорайтып, қарапайым пенденің қолы жетпес заңғар биікке, құдіретке, киеге айналдыру талабы жатады. Мұндайда қарапайым пендені ең оңай жолмен адастыратыны – сырттай жақсы көрінетін құбылыстарға құлдық ұрғызып қою. Өзін-өзі өлтірген бақытсыз ғашықтарға табындыру – соның бір көрінісі. Атақты әулиелердің аруақтарына табыну да – соның ең қарапайым мысалына жатпақшы екен. — Бұл дүниеде жақсыға да, жаманға да әсте табынуға болмайды, балаларым, – деп қорытар еді менің тақуа әкем. — Неге? – деп сұрасаң, әдеттегідей «Құранға» сүйеніп жауап беретін. Қасиетті кітаптың әртүрлі аудармасын салыстыра оқыған кезде біздің бүгінгі ұғымымызға ең түсініктісі оның орыс тіліндегі (парадокс!) нұсқасы болды: «Кто не верует в тагута, а верует в Аллаха, тот ухватился за самую надежную рукоять, которая никогда не сломается... А покровителями и помощниками неверующих являются тагуты, которые выводят их из света к мракам» («Бақара сүресі», 256, 257-аяттар. Э.Р.Құлиев аудармасы. Москва, 2004 ж.). Мұны қазақша нобайға түсірсек, былай болып шығар еді: «Кімде-кім тағутқа емес, бір Аллаға сенсе, оның ешқашан иіліп сынбайтын сенімді тұтқадан ұстағаны... Ал құдайға сенбейтіндердің қамқоршылары мен көмекшілері – оларды жарықтан шығарып, түнекке бастап апаратын тағут­тар» («Бақара» сүресі, 256, 257-аяттар). Біздің әкейдің пайымдауынша, кәдуілгі табыну сөзімі тоқтау, тоспа көрмесе, бірте-бірте асқына келе тағутқа айналып кетуі мүмкін. Бұндай қауіптің барлығын күллі адамзат тарихнамасы растап беретін көрінеді. Өйткені табынудың өзі – тағутқа кіретін есік, әйтпесе баспалдаққа ұқсайды. Ал, сонда сол табыну дегеніміздің өзі қандай «құбыжық»? Оның айқын анықтамасы, түрі, түсі бола ма? Бұл өзі қайдан, қалай шыққан? Бұндай сауалдардың жауабы да адамның өз ішінде, жаратылысында жатқан секілді. Әдетте кәдуілгі гомо сапиенс иесі біреуге, бір нәрсеге арқа сүйемей, табан тіремей, соңына ілеспей, үміттенбей өмір сүре алмайды. Әркімді ілгері бастайтын мұраты, қиялы, идеясы, мүддесі болады десек, бұларды ешкім ешқашан жападан жалғыз өмір сүріп жүріп, жүзеге асыра алмайтыны тағы түсінікті. Әрбір ұйысып тірлік етуші қауымның жетекші мүдделері мен үлкенді-кішілі көшбасшылары да бар емес пе? Бәлкім, біреуге бағыну, мойын ұсыну, табыну атаулы әуелгіде жақсы ниеттен, қажетті амалдардан да туған болар-ақ. Бірақ, бірте-бірте қауымдар өсіп-өніп, толысып, толыққан кездерде, мүдделер мен ниеттер бөлініп, бөліске түсе бастағанда табыну объектілері де оқшауланып, бұрынғы ортақ құндылықтардың өзі «жеке меншікке» айналып, әр ұлыс пен жұрттың басын қосып, бағындырған ұстындары, иланым-сенімдері бой түзей бастаған шығар-ақ. Енді біздің дәуірімізде сол мың-мың­даған жылдарға созылған бөлектену, бөл­шектену бәсеңсігендей көрініп, жаһандану, бірлесу, бірігіп өмір сүру салттарына ептеп бой үйрете бастағанымызда, ежелден бері бойға сіңген ескі әдеттерден, ескі дүниетанымдардан, ескі амал-әрекеттерден ажырап кете алмағанымыз тағы аян. Өзге үлкен тақырыптардың басын ауыртпасақ та, сол баяғы табыну, құлшылық ету, күштінің аяғына жығылу, құлдық ұру, бас ию секілді пен­дешілік жаратылысымыз кемімек түгіл, кемерінен асып көбейіп кеткен тұстары да бар. Ең ғажабы қазіргі табыну дәстүрлеріміз жоғарыда біз­дің діндар әкелеріміз сипаттайтын мо­раль­дық, абстрактілі ұғымдардай емес, белгілі адрес-мекені, түр-түсі бар, материалданған, заттанған, қолмен ұстап, көзбен көруге болатын, күнделікті үйреншікті құбылыстарға айналып барады. Қазіргі жедел дамыған ақпарат мұны жан-жаққа жариялап, ашық таратып жатыр емес пе? Біздің заманымызда табынудың түрі тіпті көп. Қазіргі ұғымдармен тілге бейімдеп айтсақ, бүгінгі табынудың жалпылама атауы – культ. Фетишизм дегеніміз де осыған кіреді. Идеялар культі. Жеке адамдар культі. Билік культі. Байлық культі. Техника культі т.б. тізіліп кете береді. Тағуттың не екені азды-көпті сауаты бар адамдарға түсінікті. Тағут – ғаламның иесі бір Құдайдың барлығын мойындамай, бұттарға, идолдарға, табиғат күштеріне табынушылар. Көпқұдайшылар, шамандар, сиқыршылар да осылардың қатарында. Тіпті өздерін «атеистпіз», «материалистпіз» деп кеуде соғатын «мықтылар» да осы «тағут командасының» мүшелері. Өйткені дүниеде ештеңеге сенбейтін есі дұрыс адам баласы болмайды. Европаның бір ғұламасы (атын ұмыттым) айтқан екен: «Теңізде апатқа ұшыраған адамдардың ішінде бірде-бір атеист кездеспейді», – деп. Адамзат өмірінде ежелден етек алып, кең тарағаны – жеке адамдарға, билік иелеріне табыну культі. Мұндай культтің негізінде әдетте идеялар (саяси, әлеуметтік, тарихи, ұлттық) күресі жататыны да бар. Әртүрлі идеяларды (озық па, тозық па бәрібір, әйтеуір белгілі бір кезеңде қалың бұқараны соңына ерту үшін туындаған) жалаулата ұстап, ілгері бастаған пассионар тұлғалардың қолына шектеусіз билік тиген бойда-ақ көп ұзамай сол қайраткерлердің бірте-бірте кәдуілгі қарапайым диктаторларға, айналасын дөң айбатымен қорқытқан табыну, табан жалау объектілеріне айналып кететінін сонау ежелгі дүние жылнамашысы Плутархтан бастап (оның көптомдық «Тарихнамасындағы» Александр, Цезарь, Помпей туралы тарауларын тағы бір рет шолып шықсаңыз болады), сонау В.Шекспир, Ә.Фердоуси секілді ғаламдық сыйпаттағы көркемсөз шеберлерінің кітаптарынан оқып білуші едік. Кітаптардан ғана оқып білмей, кешегі Сталин культінің шет жағасын көріп өскен мына біздердің – жасы ұлғайған жасамыс ұрпақтың жадында да біраз суреттердің сақталып қалғаны хақ. Жеке басқа, айрықша билік иесіне жаппай табынудың ешқашан жақсылықпен аяқталмайтыны екіні екіге қосқанда төрт боладыға саятын үрдіс екені әлдеқашан дәлелденсе де, дүниеде ең қиын нәрсе – адамның өзін-өзі жеңе білуі болса керек. Асқан сұңғыла сұлтанның да, жеңілуді білмейтін жеке дара қолбасшының да, тіпті қолында бишіктен басқа билігі жоқ қарапайым қойшының да (ақын, жазушы, суретші т.б. бола ма бәрі-бір) – бұлардың әмбесінің бір осал жері бар, оның жалпыға мәлім атауы – пендешілік. Ал осы пендешілікті бүркеп, жасырып, тежеп ұстау – әркімнің қолынан келе бермейтіні белгілі. Әсіресе билік иесінің жағдайы ауыр, өйткені оған айналасында қадалған сыншыл, міншіл көздер аз емес. Сен тау қопарып жатсаң, төмен қарай домалаған тастардың бірі біреудің төбесіне тиіп кетуі мүмкін. Үнемі биікке қарай өрмелей берсең, қасыңа ергендердің біразы шаршап-болдыра бастайды, ал, етекте қалғандар арасында наразы, күңкіл сөздер естілсе, ол саған тағы ұнамайды. Осындайда өзгелерге ұқсап тас арқалап, маңдайы тершіп көрмеген пысақайлардың ішінен әлдекімдер жұлқынып ілгері шығып, айқай салып, сені, ал кеп, мадақтауға кіріседі... Әуелгіде, әлгі пысақайдың бұл мінезін ерсілеу көрсең де, бірте-бірте осындай мақтау-марапатқа етің үйреніп, сол айқайшыны шын жанашыр, шын тілеулес көре бастайсың. Одан арғысы белгілі: бәз-баяғыдан бар ескі сүрлеуге түсіп алып, жантықтар мен жағымпаздардың қолтығында кете барасың. Бұл өзің таңдаған жолдың басы, әуелгі психологиялық баспалдақ. Осы ақуал жылжи-жылжи, өсіп, ұлғая келе жаппай табыну, құлдық ұру, құрдай жорғалау сияқты жағымсыз, жат құбылысқа айналып кетпесіне ешкім кепілдік бере алмайды. Әлемдік әдебиетте жоғары билікке табыну, оның тағутқа айналып кетуі жөнінде әңгіме қозғаған ең озық шы­ғар­малар қатарында Әбілқасым Фир­доусидің атақты «Шаһнамасын» атасақ, соның ішінде шаһ Жәмшиттің өмір тари­хын қамтитын қиссаның орны ерекше көрінеді. Парсы жұртында сексен жыл патшалық құрған әйгілі Жәмшит заманында мемлекет орасан зор күш-қуатқа, бақ-дәулетке кенеліп, атақ-даңқы аспандап кеткенге ұқсайды. Шаһ Жәмшиттің осылай биік мәртебеге, мақтаулы дәрежеге жетуіне оның ұстазы әрі ақылманы Күрәң деген кісінің зор ықпалы болса керек-ті. Осы атақты әміршіні Ахриман атты әзәзіл ұзақ жылдардан бері аңдып, соңынан қалмай жүреді екен. Сондай бір күндерде патшаның жұмсауымен ұзақ сапарға жол жүріп кеткен Күрәң қарттың жоқтығын пайдаланған, әлгі, әзәзіл Жәмшитке келіп, әртүрлі айла-тәсіл арқылы зор билеушіні өзін әншейіндегі әмірші ғана емес, тура Құдайдың өзі деп жариялауға көндіреді екен. Онсыз да мейманасы тасып, жер үстіне зорға сыйып жүрген менмен көкірек бұдан соң өзін дүние-ғалам иесімін деп жар салмас па? Қарауындағы қарашасының әмбесіне мұның алдына келіп сәждеге жығылуға, құлдық ұруға, құлшылық жасауға пәрмен береді. Шыбын жандары шырқырап қатты қорыққан халық бейшарада басқа лаж қалмай, атақты патшаға енді Құдай ретінде табынып, жалбарынып, жәрдем сұрауға көшеді. Сол заманда ойда-жоқта Жәмшит шаһтың бұрынғы айдай сұлу, нұрлы жүзі көлеңке басып, тез арада өзгеріп, қарая бастайды да, артынша кәдімгі қап-қара көмірге айналып жүре береді екен. Мұндай сұмдықты көргендер бет-бетімен қаша жөнелгенде, ақылман Күрәңнің орнын басқан әзәзіл Ахриман дереу шаһтың бетіне перде жапқыздырып: «Құдайдың құдіретті жүзін жәй күнәкар адамдар көруге болмайды», – деп үкім шығартып, өзі шаһ-құдайдың атынан бұдан былай парсы жұртын емін-еркін билеп-төстеуге кіріспей ме? Біраз уақыттар өткен соң, алыс сапардан Жәмшиттің ұстазы Күрәң қайтып оралып, ордаға бармай ма? Сөйтсе, қарауылдар: «Алдымен сәжде қылмай, Құдайдың алдына кірмейсің!» – деп кесе-көлденең тұрып алады. Есік алдындағы талас-тартыс дауысты естіген Жәмшит: «Менің ұстазымның маған сәжде жасамай-ақ кіруіне рұқсат!» – деп бұйрық берген соң ғана тақ бөлмесіне кірген Күрәң бет-жүзі қап-қара көмірдей күйіп кеткен Жәмшиттің ұсқынын көріп, әрине, қатты күйзеледі ғой. Мұның аяғы ұстаз бен шәкірт арасындағы ұзын-сонар сұқбатқа жалғасып, өзін Құдаймен теңестірмек болған пенде райынан қайтып, тәубаға келеді. Алла бұл жолы оның тәубасын қабыл алып, өң-түсін бұрынғы қалпына қайта түсіреді. Жәмшит бұдан соң өз еркімен алтын тақтан түсіп, туған жиені Зуһах дегенді орнына отырғызады. Бірақ, аз уақыт өзін Құдай санап, тағут жолына түсіп адасқан Жәмшиттің бұдан былайғы өмірі қайғы-қапаста өтеді. Өлшеусіз билік қолына тиген мұрагер Зуһах қанішерлік жағынан бәрінен асып түсіп, нағашысының түп-тұқиянынан түк қалдырмай қырып тастайды. Ал Жәмшиттің өзі де, ұстазы да қашып жүріп, далада қаңғып өледі. Көне Шығыс әдебиетінде табынудың тағутқа айналуын тасқа қашағандай таңбалап кеткен нұсқаның, өнеге-мысалдың бір парасы осындай. Өте алысқа бармай-ақ, өзіміздің қазақ жазушысы Қажығұмар Шабданұлының «Қылмыс» аталған көптомдық романын парақтап шықсаңыз да, белгілі бір идеяға, адам қолымен жасалған идеологиялық фетишизмге сүйеніп, билік басына келген жеке тұлғаларда табынудың асқына келе саяси шизофренияға айналатынын анық көресіз. Ойдан шығарылған олақ оқиғаларға емес, автордың өзі бастан өткерген деректерге, бүкпесіз шыншыл көріністерге құрылған осы бір ерекше бітімді, кейінгі оқырмандарға бәлкім бөтендеу көрінетін тақырыптарды қоз­ғаған көп қабатты, мол қыртысты осы шығармада билік атаулының (үлкен бе, кіші ме – бәрібір) әу бастан иманы әлсіз, пендешілігі басым біреулердің қолына тигенде, бірте-бірте бишікке айнала бастайтыны шебер суреттеледі. Бас кейіпкер Биғабылмен күні кеше ғана қызметтес, әріптес, мәслихаттас, тіпті пікірлес болып жүрген замандастарының замана желі өзгеріп соққан сайын қалай құбылып, қалай жығылатынын, ал кейіпкерлерінің қайтіп жағымпаз, жантық, жалақор шекпендерін кигенін, ал енді біреулерінің жалынып-жалбарынып жүріп сұрап алған азғантай амалын өзгелерді бұқтыруға, қорлауға, азаптауға жұмсайтынын, ал кейбіреулерінің өзінен мәртебесі жоғарылар алдына құрақ ұшып, өз ықтиярларымен сатқындық, жансыздық, құлдық қамытын кигендерін оқып-білу өте-мөте қызық көрінеді. Жазушы жалпы билікке табынудың – иманы әлсіз адамдарды кіріптар халге түсіріп, құлдық пен бейшаралыққа бастап, өзгедей әрекетсіз тобырдың көбеюіне әкеліп соғатынын ешбір ұрандама, үндеулерсіз-ақ, ұзыннан-ұзақ мылжың шолулар әйтпесе қайдағы қияли қисындарды тізбектемей-ақ, нақты өмір, тұрмыс, амал-әрекет суреттері арқылы бейнелеп, дәлелдеп береді деуге болады... Көп томдық күрделі шығармада жеке басқа, әмір иелеріне зорлап, күштеп табындырудың әрқилы амал-тәсілдері жан-жақты, қоспасыз, бояусыз, бопсасыз баяндалады. Жоқ, суреттеледі – ақпарат берумен шектелмейді, сіңдірілмейді, бас кейіпкердің бастан өткергендері, көзімен көргендері, естігендері, түйгендері, түйсінгендері арқылы ақ қағаз бетіне айқындап түсіріледі. Ең жоғарғы биікте, мемлекеттің орталығында отырған әмір­шінің одағай әрекеттері мен ақылға сыйымсыз пәрмендерін жүзеге асырушы жергі­лікті жетесіздердің өздерінше айбат шегіп, доғал культ, пұт жасап, жазықсыз жандарға жаппай жапа шектіргендерін осы «Қылмыстағы» Шың Сысай деген жексұрынның Шыңжаңдағы (Шығыс Түркістандағы) билік басына келгендегі мезгілін сипаттаған беттердің нағыз хас шеберлікпен, байқампаздықпен, психо­логиялық тереңдікпен бейнеленгеніне қол қоясыз. Жергілікті ұлт өкілдерін үлкен жиынға шақырып, кездесуге келген, одан соң көпшілік алдында данышпансып, дандайсып сөз сөйлеген, өзінше паң, ешкімді менсінбейтін, барынша мейірімсіз, рақымсыз әміршінің физикалық әрі психологиялық бейнесін жазушы өшпестей өрнектей білген. Бірер мысал келтірсек те болады. «Сол зор тақтаның ішкі бетіне бізді осы бақытқа жетектеп әкелген тегіс қара мұртты данышпан көсемнің суреті сызылыпты. Ұшқандай зымырап шауып келе жатқан ақбоз тұлпардың үстінде шірене шақшиып, керемет айбынмен қылыш үйіріп келеді. Шыңжаң халқының басына төнген қара бұлтты тілгілеп, барлық жау біткенді жалғыз жайпап, қырып келе жатқандай». Зор империяның ірі билік иесін сол империяның қарауында қапаста отырған қаламгер бұдан артық қайтіп әжуалап, кекетсін! Ал осы көсемсымақтың кездесуіне келген елдің еңсесі төмендегідей: «Көсемнің батырлығын көріп, баспалдақпен жуаси өрлейін деп орнатқан ғой – осы суретке қарай-қарай өрлеп, өрлеген сайын қарап, қараған сайын өрмелеп, екінші қабаттағы үлкен залға кірдік», – дейді. Бір қызық деталь: осы көсемсымақ баяндама жасап тұрып, қолында оқып тұрған қағазынан қапелімде айырылып қалады емес пе? «Ішік емес, қалпақ емес, жұқа қағазы құрғыр тура ұшпай, бұра ұшты», – дейді. Осы кезде әлгінің аудармашысы Махмұтжан деген байғұс жанұшырып қағаздың артынан қуа жөнелмей ме? Сол жердегі күлкілі халден автор трагикомедиялық сурет жасап шығады («Қылмыс», 1-кітап, 404-408 беттер). Билікке табынушылықтың түбінде саяси шизофренияға апарып соғатынына осы «Қылмыс» романын түгелдей оқып шыққан әркімнің көзі жетеді ғой деп ойлаймыз. Өйткені бұл кітаптан коммунизм идеясын бүркеншік еткен белгілі топтың орталық билік басына келген күнінен бастап қарауындағы момын халықты (әуелгі кезде солардың соңына ерген, сенген, қолдаған) әрқилы саяси науқандардан көз аштырмай, қайта-қайта талқыға салып, тексеріп, тергеп, қорқытып, үркітіп, езіп, жаншып сілікпесін шығара беруінде қандай қисын, логика, жүйе, жосық, жоба барын ақыл-есі бүтін, ешкімге қарсы емес, барына қанағат еткіш, ештемені артық-кем талап етпейтін, күндегісіне әбден еті үйреніп кеткен қарапайым тіршілік иесі түгіл оқығаны, тоқығаны, естігені аз емес зейінділердің өзі оңайлықпен түсіне алмас еді. «Әртүрлі гүлдер шешек атсын», «Тарих тапсыру», «Стиль түзеу», «Мәдени төңкеріс» секілді Қ.Шабданұлы романында суреттелген саяси науқандар, ақыры жаманшылыққа, асып-атуға, айдауға ұласқан қым-қуат оқиғалар Қытайда әйтпесе Совет Одағында ғана емес, төрткүл дүниенің қай тұсында кездессе де, билік үшін, тақ үшін арпалыстың адам ұрпағын апатқа ұшырататынын айғақтап тұрғаны анық. Дүниелік тарихта – Алланың елшісі пайғамбарлардан, Абсолютке адал, біржола қалтқысыз қызмет ететін шын әулие-әмбиелерден басқасы, әй, қайдам, бірден-бір «табынуға», бас июге лайықты, төрт құбыласы түгенделген, бүкіл болмыс-бітімі саңлаусыз бүтін адам нәсілдестер: патшалар, қолбасылар, ғұламалар, саясаткерлер бар еді ғой дегенге сену қиын. Шыңғыс хан, Наполеон, Эйнштейн, І Пётр, Ататүрік... Тарихшылар осылардың қай-қайсысының да тұла бойларынан, дүние-танымдарынан, амал-әрекеттерінен қыруар мін-мүлтіктер, ойсыраған олқылықтарды іздеп тауып жатқан жоқ па? Өзінен басқа жаратындыға тамсанғанмен,табынуға мүмкіндік бермейтін Жаратушының бұл да біз білмейтін Хикметтерінің бірі емес пе екен? Оның үстіне, қазіргі тарихшылар мен әлеуметтанушы ғұламалардың зерттеуінше, жер бетінде өркениет қанат жайғалы, адам баласы жазу-сызуды ойлап тапқан шын мәнісіндегі руханият төңкерісінен бергі мыңдаған жылдар ішінде бәріміз жаппай жабылып, құрақ ұшып «табына қоятын» (соңғы тіркесті тырнақшаның ішіне алатын себебіміз – жоғарыда айтылғандай) керемет кемеңгерлер саны соншалықты көп емес көрінеді. Осы тақырыпта ұзақ жылдар бойы мұқият зерттеулер жүргізіп, бір жарым миллиондай библиографиялық көрсеткіштер мен деректер жинаған орыс ғалымы А.С.Данилов «Люди голубой планеты» атты үлкен кітап бастырып, оған әлемдегі осы уақытқа шейін аттары мәшһүр болған ең атақты 189203 (жүз сексен тоғыз мың екі жүз үш) адамның өмірдерегін кіргізеді екен. Сол зерттеу кітапты орыстың тағы бір үлкен ғұламасы, академик Д.Лихачевке апарып көрсеткенде, ол кісі: – Мұның жарамаған екен, – деп басын шайқапты. — Сенің картотекаңа басқа да миллиондардың аты кіруі керек еді. Бірақ, оның бәрін қамту мүмкін емес қой! Сонда, А.С.Данилов тұрып: – Қайдағы миллиондарды айтасыз, Дмитрий Сергеевич-ау! – деп таң қалыпты. — Мен қырық бес жыл әлемнің қолым жеткен бар мұрағатын қопарып жүріп, осы уақытқа шейін адамзат арасында үш мың жылдан бері өмір сүрген данышпандар санын төрт мыңға жеткізе алмай, әуреге түскенім жоқ па? Көрнекті таланттар саны жиырма мыңға жуық, ал, қалған жүз алпыс бес мыңы былайша қырым-қабілеті мол тұлғаларға жатады екен. – Бірақ, сен әлі бәрін қамтып үлгерген жоқсың ғой, Александр Сергеевич? – Оныңыз рас. Бірақ, өмірімнің соңына шейін бұл тізімді үш жүз мыңға жеткізетін шығармын деп ойлаймын. Қалай тартсақ та, одан аса қоймас. Мұны естігенде, қарт ғұлама ойланып отырып: – Өкінішті екен, – депті. Ал, американдық әлеумет танушылар Ф.Хоровитц пен М.Брайеннің жазуынша, әрбір елдегі халықтың 3-5 пайызы ғана ой еңбегімен жұмыс істеуге қабілеті бар дарындылар тобын құрайтын көрінеді. Әрине, бұндай пікірлерді бірден-бір түбегейлі шындық ретінде қабылдай қоюға болмас. Рас, адамзат тарихында әуелі өз жұрт-жұрағатының, қала берді жаһандық қауым-қоғамның қозғалыс-қимылына айтарлықтай ықпал еткен, өмір тіршілікті өзгерткен, өрге бастырған, рухани болмысты байытып, тереңдердің көзін ашқан кемеңгер, кемел тұлғаларды ұрпақтан – ұрпаққа, нәсілден – нәсілге өнеге, үлгі етіп, ардақтайтын, дәріптейтін дәстүріміз бар. Бұл – дұрыс. Қазақ: «Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын», – дейді. Адам баласына өнеге, үлгісіз өмір сүру де оңай емес. Өнеге, үлгі – бір жағынан тәрбие құралы, тәжірибе жиынтығы, мұрат, идеал. Прогреске, жасампаздыққа бастайтын құ­былыс. Бірақ, бәрібір адамның адамға табынуы – тура жол емес әрі жөн емес. Діни тұрғыдан бұл – күнәкарлық, күпірлік. Ал, адами тұрғыдан бұл тең­сіздікке, тәумендікке бастайтын, бәл­кім, психологиялық кіріптарлықты, осалдықты туғызатын ақуалға ұқсайды. Адам нәсілі әуелден терезесі тең жара­тылған демеуші ме едік? Әуелден осылай жаратылғанымызды мойындамасақ, бір-бірімізге әрқилы деңгейдегі талаптар қойып, бас ауыртып не жынымыз бар? Адам бір-бірінен амал-әрекеті, қарым-қабілеті, құлқы-пейілі арқылы айрылатын болғанмен, ешкімді тура көзіне шұқып «сен артықсың», «сен кемсің» деп бөлектеп, бөтенсіп жатпайтын әдептілік қисынымен қарағанда да оны біреуге (тіпті өте зор таудай тұлға болса да) табындырып, құлдық ұрындыру, «шоқындыру» – адамшылық салтына да, жаратылыс заңына да қайшы келеді. Мәселен, осыдан 20 жыл бұрын автомобиль апатынан қайтыс болған эстрада әншісі В.Цойдың мың-мыңдаған табынушылары арасындағы 45 жасөспірім өздеріне өздері қол жұмсаған делінеді. Көзсіз табынушылықтың әлі буына қатпаған өскіндерді қалай адастырып, жуадай солдыратынының бір айқын дәлелі осы емес пе? Ақыл-есі бүтін адамды арбап, зомбиға айналдыру – қазіргі табынудың ең шетін жағдайларының бірі болса керек. «Коммунизм, социализм идеяларына, күн көсемдерге бас июден, табынудан, қорсынудан, қорқудан әзер құтылып, тәуелсіздікке қол жеткіздік пе?» деп жүрген бүгінгі қазақ қауымы біраз ес жиып, етек бастылықтан құтылып келе жатқанымызға шүкіршілік етсек те, өткен-кеткен тарихымызды түгендеп, бүгінгі құндылықтарды бағалау үстінде кей-кейде асыра сілтеп, әсіре қызылдыққа ұрынатын кездеріміз де аз емес. Бас жақтың басын ауыртпай-ақ, өзімізге етене жақын қазіргі мәдениет, руханият кеңістігіне ат басын бұрып, айнала шолып қарасақ, кілең бір дабыра, даңғаза сөздерді жиі еститін болдық. Қазір қазақ ішінде (әрине, бізде ғана емес) кілкіген «ұлылар» қаптап көбейіп барады. «Ұлы ақын», «ұлы артист», «ұлы композитор» – бәрі бізде. Осы «ұлы» деген өлшеуі зор сөздің қайдан шығып, қайдан келгенін анық ажырату қиын. Абайда, Бұқар жырауда, өткен заманымыздың атақты би, шешендерінің толғауларында мұндай баламалар – «ұлы хан», «ұлы батыр», «ұлы би» ұғымдары кездеспейді. Қа­зақта «ұлыстың ұлы күні», «Ұлытау», «ұлы әкеміз», «ұлы анамыз» деген атау­лар қашаннан бар – «үлкен», «көне», «ежелгі» деген мағынада айтылар еді. Кешегі Кеңес дәуірінде баспасөз, кітап беттері, радио қалпақтары «ұлы көсем», «ұлы партия», «ұлы кеңес» деген тіркестерге толып кеткені есімізде. Одан кейін бықпырт пәлек жайған «ұлыларға» – «ұлы механизатор», «ұлы конструктор», «ұлы боксшы», «ұлы тренер» секілді анықтауыштарға етіміз үйреніп алды. Басқаларды білмеймін, өз басым осы уақытқа шейін «ұлы боксшы», «ұлы футболшы» секілді сөздердің терең мағынасын түсінбей-ақ қойдым. Осы «ұлы» деген сөз сірә орысшасындағы «великийден» біздің қонақ­жай қазақшамызға оп-оңай көшіп келген болса керек. Өйтетіндей қисыны бар. Өйткені біздің төл ана тілімізде бұрыннан «ұлық» деген түпсіз терең мағыналы атау сөз өмір сүріп келген. Мысалы: «Алла ұлық!» дейміз. Арабшасы: «Аллаһу әкбар!» Біздің шамалауымызша, бұл Қазақияға Ислам діні тарамай тұрып та ата-бабаларымыздың аузында бар сөз. Егер, бар болмаса, арабша «әкбарды» қалайша толық, дәл мағы­насында қазақшаға қотарып үлгерер едік? Содан, Кеңес заманына келгенде, қаптаған «великийлерге» қазақша балама табу үшін «ұлықтың» бірнеше хәрпін алып тастап, «ұлыларды» қолдан жасай қоймадық па? Енді, міне, көрнекті, талантты, дарынды секілді анықтауыштарды қанағат етпей, «ұлыларды» мүлдем көбейтіп жібердік. Біздіңше, басқа кеңістіктерді айтпағанда, қазақ қоғамында соңғы жүз жылдықтар ішінде өмір сүрген бірнеше ғана ұлық сөз зергерлері, нағыз кемеңгерлер болды. Со­лардың ішінде үшеуін ерекше атар едік, олар: Қожа Ахмет Иассауи, Абай және Мұхтар Әуезов. Міне, бұлар анық ұлық тұлғалар (қазіргі тілмен бейнелесек, ұлылардың өзі). Неге олай дейміз? Өйткені: біріншіден, бұларда жаратылыстан дарыған өлшеусіз суреткерлік мол қабілет болды; екіншіден, бұлардың ерекше терең тұңғиық дүниетанымы, қазіргі тілмен айтсақ, идеологиясы болды; үшіншіден, бұлардың артында қалған мектеп (қалай атасаңыз – өз еркіңізде) болды. Міне, осы үшеуі ұлттық топырағымызда өніп-өскен рухани ұлықтарымыз еді. Қалғандарымыз – айрықша озып кеткенде, өнерімізді дамытып, өркениетімізді өсірген үлкен, үздік, талантты тұлғаларымыз, классиктеріміз. Шынында өнер адамына «классик» дегеннен артық қандай атақ, баға керек? Әрине, ұлықтардың, ұлылардың еш­қайсысына табынбаймыз. Басымызды иіп, зиярат етпейміз. Ардақтаймыз. Мақтаныш етеміз. Мақтаймыз. Шын ыстық ықыласымызға, махабба­ты­мыз­ға бөлейміз. Бірақ, оны культ дәре­же­­сіне көтеріп тағутқа, тас құдайға айнал­дырмаймыз. Өйткені табыну, тағут дәрежесіне көтерілген (көтеретін – өзіміз) «ұлықтар» мен «ұлылар» ерте ме, кеш пе, бәрібір тұғырынан түседі. Тұғырынан түскені ештеңе емес-ау... олар­дың арасында тарихтың тезіне түсіп, майысып, сынып кететіндері де, уақыттың сүзгісінен өте алмай қиыр­шыққа айналып, жоғалып кететіндері де табылады. Жуықта, осы жазбамыздың бас жағында, әуелде оқшаулау көрінген тақырыпты қозғауға себепші болған «жергілікті ма­ңы­зы бар ақын», менің ескі досым, кәрі құр­дасым Жұрынбайға жолығып: «Осылай да осылай, сол баяғыда екеуіміз таласып қалған әңгімеге қайта айналып соғып, бірдеңе жазғым бар еді», –деген сөзімнен ауанымды аңғарған ол, ішкі жанқалтасына қолын салып, төрт бұрышты шағын қойын дәптерін шығарып алды да, соның беттерін парақтап тұрып: – Осы уақытқа шейін жеке кітап бас­тырудың сәті келмегенмен, мен әлі өлең жазудан тайылғаным жоқ, – деп, даусын сәл қырнап қойды. – Пенсияға кеткелі ермек етіп жүрмін... Ал, тыңдай бер. Қартайсам да, сезім тыным таппайды, Махаббатсыз таңым тағы атпайды. Бір өзіңе сыйынамын, Тәңірім, Сүю бірақ табынуға жатпайды. 15.08.2010 ж.

475 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз