• Еркін ой мінбері
  • 20 Қазан, 2015

«Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең – істің бәрі бос»

Игілік ӘЙМЕН,
жазушы

«Қалың елім, қазағым, қайран 
жұртым...»

АБАЙ

...Абай – өз халқынан кеткен ақын.
 Қапалықпен. Жаны жәннат төрінде. 
Абайыңның қайтып оралуы, оралмауы 
– ел болғың келуі, келмеуі – 
қазағым өзіңе байланысты.

АВТОР  

«Өлді деуге сыя ма, ойлаңдаршы – 
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған».
«Қазақ» деген халық нысапты нәсіл, бұрын-соңды – Абай атасын тани алды ма? Турасында, түп сұрақ: «Қазақ – Абай атасын танығысы бар ма, жоқ па?» 

Сұрақтың өзі ыңғайсыздау көрінер ме?
«Жоқ…» дейін десең, кез-келген қаза­ғың: «Ия-ия… Абай ата-Абай ата!» деп тақпақтап, тақылдай жөнелері бесе­неден белгілі. «Бар…» дейін десең, жалпы қазақ: «Баяғы жартас – бір жартас». Керек қылсаң, «бұрынғы жартасың – айналайын; қазіргі жартасың – бес бетер!..»
Сонда, «не» болды?
Сонда: 
«Единица нөлсіз-ақ,
Өз басындық болар сол.
Единица кеткенде,
Не болады өңкей нөл?» болды.
Немесе:
«Адам деген даңқым бар,
Адам қылмас халқым бар» тап рас боп шығып тұрғандай.
«Единица» – Атамыз зар қағып өт­ті де кетті. Жоқ, «менікісі» кеткен шығар – «мені» қалды. Мәңгілікке қалды! Ал, өңкей нөлдің – «несі кетті, несі қалды» деп жатудың өзі ерсілеу де сияқ­ты ма-а? «Адам қылмас халықты»  – «ха­лық» деу­дің өзі қаншалықты қисын­ға келе қояр екен-а?.. (Бір Құдайым өзі ке­шірсін).
Біз, Абайды – жазатайым, «Қазақ­тың атасы» деп бүгінгі бар өз көрген білген бақ­қанымен зорсынып жүрген құр кеуде біреулерге зорлық қып таңып жатпадық па? Мінә, бір сөздерінің өзіне қарап, ішкі құдіретіне үңіліп бақсақ:
«Шортанбай, Дулат пенен Бұқар жырау,
Өлеңі: бірі – құрау, бірі – жамау.
Әттең, дүние-ай, сөз таныр кісі болса,
Кемшілігі әр жерде-ақ көрінеу тұр-ау!
Мақалдап айтады екен, сөз қосарлап.
Ақындары ақылсыз, надан келіп,
Көр-жөрді өлең қыпты жоқтан қармап» – ешқандай да зорлық жоқ-тай. Абай – мықты Ата! Алып, Данышпан Баба!
«Ұстаздық қылған жалықпас,
Үйретуден балаға».
...Абай – һәм Ұстаз.
«Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және һақ жолы осы деп әділетті.
Осы үш сүю болады имани гүл».
Ал, енді, бұл сөз сөлдерін бажай­лап байқасаң – Абай: «Бүкіл адамзатқа ата боларлықтай!» «Һәкім» деуіміз – содан да екен-ау. «Деу» бар да – «ұғу» бар. Немесе «айту» бөлек дүние де – «іске асыру» бөлек дүние. Басқаны былай қойғанда, мына бірге туған өзбек бауырлардың бір ісіне қызыға қарасақ-ты: «Ұдайы жоқтан бар жасап бағуда». Сонау, жалпы түркілік Науайыға жабысады. Қоңырат Алпамысқа жабысады. Көріне-көзге ұлы жүз Төле биге жабысады. Тіптен, күні кешегі генерал Сабыр Рақымовымызға жабысады... Сондағысы не? «Атамыз» деушіліктері үшін. Біреу-міреулер «атасыз тексіз» демеуліктері үшін.
Ал, «біз»?..
Сенің: «Абай ата-Абай ата!» деп бер­жа­ғыңнан құр қоқақтағаның – ата құр­меттегендікке қаншалықты келе қояр екен-а?
«Сүйер ұлың болса, сен сүй,
Сүйінерге жарар ол.»
Көп құралып – Халық болар. Осы жағынан алғанда, қазақ халқын – Ата-қазақ делік-ақ. «Хош!..» Ата-қазағымыз, о заман да бұ заман: «сүйер ұлын, сүйінерлік ұлын – адамша бір сүйіп, сүйі­ніп, рахаттана барақаттана алды ма?» «Сүйіп-сүйініп қалайын» деп жүр ме өзі? Немесе әңгімемізге басқалай қырынан келсек, Қазақ-ұл: «сүйіп тұрған, күйіп тұрған Абай атасына – сүйінерлікке жарады ма?»
Сонда… түгел сөздің түйіні: «Қазаққа – Атаның керек болмағаны ғой-ә?» 
Оу, қазағым, беталды бас алып қаш­пағыңа – айдалаға ауа лағу­шылы­ғыңа не жорық?! Кімге қиын қылғаның?! «Сен сүймесең – Әлем сүймейді, Сен сүйінерлік болмасаң – Атаң сүйінерлік болмайды» деп пәлсінгенің бе? Жоқ, кешір, қазағым: «Абай – Әлемнің сүйер­лігіне де, сүйсінерлігіне де» жарайды. Уақыты келеді... Ал, Әлем – Абайдың да сүйерлігіне, сүйсінерлігіне жараған. Қайталап қараңыз: «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп». Өркениет – «Құдай жолы» – осылай. Ұзаққа бармай-ақ, айтар болсақ, әсіресе… сен өзіңше мен­сіне қоймайтын ала топпылы қоңсы ағайы­ның Атаңа жармаса кетуге әманда дап-дайын!?.
Ұлы  Ата – «өлмейтұғын артына сөз қалдырған» – «өлді деуге еш сыймайды»!
Өлетін – «өлер бала молаға қарай жү­гірер» – кім?..

***
«Байлар да мал қызығын біле алмай жүр,
Жаз жіберіп, күз атын міне  алмай жүр.
Саудагер тыныштық сауда қыла алмай жүр,
Қолдан беріп,  қор болып, ала алмай жүр.»
Тағы да, «хош!..» қазағым; қайтадан, басынан пысықталық: Мыңғырған малың бар өткен шақта – сол малыңды ретімен бұлдай да алмапсың; қолыңдағы атыңды тірлігіңе мініс те қыла алмапсың; қант-шәйіңді, көр-жөріңді, кебініңе дейін әкеліп беріп тұрған сарт ағайындардың маңдай тер ақысын да жөнімен қайтара алмапсың; өз-өзің бір қалыпты бола ал­мапсың. Ал, малың жоқтағы – әркім бір шо­қып-қоқып кете  берердегі  бүгінгі күйің нешік-ә? Сәл де болса, бірдеңенің иі­сін сезерсің бе, ә-а, өзі?..
Қазақ қазақ болғалы – қол жай­ма­­ғандай. Қазақ қазақ болғалы – «ен­ші алыспаған қазақ» – бір-бірі­не тас ат­пағандай. Жетім-жесірін жылат­паған­дай. Ал-л... енді бүгін?..
Көшеде қол жайып тұрған – қазақ (мақау ақшаңда да қол жайып тұрсың); арда туған ұлдарын атып-асып жатқан – қазақ; ата-анадан безген – қазақ; бауыр еті баласын тастаған, сатқан – қазақ; қыздарын көрінген келімсектің қолжаулығына айналдырған – қазақ; арақ арақ па, нашаға бөккен – қазақ. Бар бай­лығын да, Ата Жерін де сатып саудалап жіберген – қазақ. Енді, атамзаманнан келе жатқан өз ұлтының қастерлі де киелі атауынан бас тартып (тілін, ділін, дінін, тегін тәрк етіп), қай-қайдағы құлақ естіп-көз көрмеген «казахстанец-қызықстандық» деген құбыжық ұлтсымақ бола қалайын деп құлшынып-құштарланып жүрген де – қазақ...
Қазағым! Атадан – ата жолдан без­гендегің, өз білгендегің, өз тапқан­дағың, өзіңше озғандағың осы ма?
Мұндайлығыңа – Данышпан  Абай атаң­ның жазығы  не еді, соншама?!
«Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел».
Қазағым! Ата сөзі түзік еді – «түзелгің кел­мей» қыршаңқыланып бағудасың.
Өнер – Құдайдың көп аттарының бірі. Құр қу арман:
«Біреуден біреу  артылса,
Өнер өлшеніп тартылса...».
Неміс мәшине жасаудың ұшығына жетті. Әмрикандықтар космостың төріне жайғасты. Жапан темірден адам илеп шығаруда. Сары орысың мұздай қарулануда!.. Өзбек өз ағаң өз шаруасын дөңгелетуде... Ал, бар жағдайыңды айтып зарлаған дана Атаңды күпсінген сен қазақтың жетісіп жеткендегің – бүгінгі: Қап-қапшық, ала-дорба, коробкі-соробкі арқаланғаның ба? Мәгәзін, заправка, тойханаң ба? «Тойшылдығың – шы­рылдауық шегірткелігің» бе? Халық қазынасын  ұрлық-қарлықпен астыңа басып, кім-көрінгенге «мырзашылықпен» таратып-тарқатып, ата-баба жерін ту-талақай етіп, анау алпауыт қарау елдерге орынсыз қарызға («инвестиция») белшеден батқандығың ба?! Келешек ұрпақты «мәңгілік қарызға» батырып, еш құтыла алмастай «заложник» етіп қал­дырғандығың ба?!. Құдайым-ау! Нәйеті, сіріңкенің өзін сонау Ресейдің қай түк­пірі­нен тасығаныңа арлансаң қайтер-ді-ә?! Бұтың­дағы лыпаңды, аяғың­дағы шұлығыңды, шақалағыңның шылдырмақтарына шейін (зиянды қалдықтардан жұмбаздалған) қара  қытай­дан саудалап  тасығаныңа титім­дей де арлансаң етті-ә?!.
Қазағым! Ия, сенің мақтаның – сол бәз-баяғы күпілдектігіңе қоса – Қазақ Жер-Анаңды сатып біткендігің; бар қазба бай­­­­лығыңды кез-келген кезбемен қосыла тонап, шашып, ысырап еткендігің; тіліңді, дініңді, діліңді табаныңа таптап, аты-заты жоқ белгісіздік тұңғиығына қарай безектеп бара  жатқандығың.
«Өңкей жалған  мақтанмен,
Шынның  бетін бояйды.
Бұл сөзімде жалған жоқ,
Айтылмай сөзім қалған жоқ».
«Жоқ!..» дей алмайтын шығар­сыздар ә? «Жоқты – жоқ» деуіміз керек.

***
«Тайга біздікі!!!» деп орыстың ара­ғы­ның буымен өздіктерінше босқа өзеуреп өкірештеніп жүріп, Сібірде талай түбі бір ағайын халықтардың ататегін жоғалтып алғанын көрдік (Көргенді көрдік демей­тініміз-ай!). Бүгіннің өзінде жақұт-мақұт, бұйрат-сұйрат, хақас-мақастар жоқ есебінде. Ендігі кезек кімдікі?..
Оу, ырғын – қиын қылғыш қазағым, айта ғой-айта ғой: «өзбектікі» дейсің бе? Мүмкін, «дуана тәжіктікі», әлде «кезбе сығандыкі» дерсің? Жо-о-оқ… қаншама қырғын болса да, уақытша жалда жүрсе де – дініне, тіліне, салт-дәстүріне тастай берік халықтар жауына оңайлықпен алдыра қоймайды!
Ым-м-м… құритын?..
«Жарлы емеспін, зарлымын,
Жұртым деуге арлымын.
Өзге жұрттан ұялып».
«Атымды адам қойған соң,
Қайтіп надан болайын?
Халқым надан болған соң,
Қайда барып оңайын?!»
«Қатыныңның ойнасын,
Көрсең, білсең қоймасын,
Не ойлар ең өз басың?
Сонымен тең біз де енді.»

***
... «Не істеу керек?»
Жоқ, «не істемектен» бұрын, «неге бұлай болдыны» талдап-тарақтап алмақ оңды болар-ды-ау. Мұнда да, әрине, қан­шама қиқаңдағаныңмен де – «өгей Атаңа» қайрылмасыңа лажың жоқ.
Сонымен, «Неге бұлай болды?»
«Мен  жасымнан көп көрдім
Мұсылманды, кәпірді.
Абыралыдай көрмедім
Намаз білмес пақырды.
Қираәтін оқытып
Көріп едім, шатылды.
Ниет қыла білмейді,
Не қылады нәпілді.
Намазшамның артынан
Құржаң-құржаң етеді;
Жер ұшық берген кісідей,
Тоңқаңдай ма, не етеді.
Нәпіл түгіл, намазы
Бәрі желге кетеді.
Еннатайыңа кәлкәусар – 
Пошал дереу күнәһар,
Аяғын ойлап айтқаны:
Әні – шаны күләптар.
Осы оқумен намаздың
Қай жерінде сауап бар?
Тегін ойлап байқасаң – 
Мұнда ми жоқ, құлақ бар».
Ә-ә-ә... «Аллаға – олақ, Мұсыл­ман­дыққа – шолақ» болыппыз.
Дін – Ұстын! Ұстынсыз үйдің төбесі ақыры бір опырылып тынары анық.
Құнжаңдаса да, тоңқаңдаса да – «Абы­ралы-қазақтармен» жылап көрісер екенсің. Бүгіндергі, 70-80-дерден асса да жып-жылмақай, «намаз-иманыңда» мүлдем де ісі жоқ, қашан көрсең «ұлық көке қайдасың!» деп мойындары үзілер­дей безектеген көздері алақтаған көсе ақсақалдардан, зиялысымақтардан шын­дап шошисың… Енді, мұны – сау­са­ғыңызды бүгіп, «БІР ЕСЕП» деп қойы­ңыз.
«Баламды медресеге біл деп бердім,
Қызмет қылсын, шен алсын деп берме­дім...»
Ә-ә-ә... әлі күнге дейін «баламызды білсін деп емес, шен алсын, пара алсын» дегендіктен ғана оқуға (барша «заң» оқуларына, «финанс» академиясына...) беріп келер екенбіз. Пара жайлаған, атақ-шен қуған елдің келешегі қараң. Мұны – «ЕКІ ЕСЕП» деп ұғыңыз.
«Қалың елім, қазағым, қайран жұртым,
Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың.
Жақсы менен  жаманды айырмадың:
Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың».
Ә-ә-ә… мүлдем кеще ме кесір ме екен­біз; бадырайып-бақырайып тұр­ған ақ пен қараны ажыратпаппыз, қасақана ажыратқымыз келмепті; со күйімізше алауызданып-алакөзденіп, дарақыланып-далақтап, алақтап-жұлақтап алып-ұрып келеді екенбіз. Мұны – «ҮШ ЕСЕП» санатына жат­қызыңыз.
«Болды да партия,
Ел іші жарылды.»
«Бас-басына би болған өңкей қиқым,
Мінеки, бұзған жоқ па елдің сиқын».
Ә-ә-ә... «жасанды партияшыл, қал­талы депутатсымақшыл, иман­сыз зиялысымақшыл, арсыз ақса­қал­сымақшыл, ру-ру, құру-құру... бөлшектеп елді сүлікше сорған өңкей қиқым-сиқым бишікеш» екенбіз. Мұны – «ТӨРТ ЕСЕП» деп бекітіңіз.
«Арсыз болмай атақ жоқ,
Алдамшы болмай бақ қайда».
Ә-ә-ә… шетімізден «арсыз, алдамшы, алаяқ, жағымпаз, ерме, лыппа…» екенбіз («Бетті бастым, қатты састым, тұра қаштым жалмажан»). Мұны – «БЕС ЕСЕП» деңіз.
«Заманақыр жастары
Қосылмас ешбір бастары.
Біріне бірі қастыққа – 
Қойнына тыққан тастары.
Күлмеңдеп келер көздері,
Қалжыңбас келер өздері.
Кекектеп, секек етем деп,
Шошқа туар сөздері».
Ә-ә-ә... көке-үкелерінен әккіліктің нешеме айла-шарғыларын оқып-тоқып отырған, кейін-кейін асып-түсіп те отырған тексіз жастарымыз да әманда жеткілікті болыпты. Мұны – «АЛТЫ ЕСЕП» деңіз.
Жылай ма, зарлай ма – жырлай да зырлай берсең таусылмас…
Ал, ағайын, енді келіп барып, «не істемекті» байқалық. Бұл жолы да, «өгей Атаң» арқылы – жұлқынсаң  да, қылқынсаң да өзіңді тыңдамаққа көндір.
Сөйтіп, «Не істеу керек?»
«Күні-түні ойымда бір-ақ тәңрі,
Өзіне құмар қылған оның әмрі.
Халлаққам мақлұқ ақылы жете алмайды,
Оймен білген нәрсенің бәрі – дәһрі.
Мекен берген, халық қылған ол 
                лә мәкан,
Түп иесін көксемей бола ма екен?»
Е-е-е… ең әуелі – «дүниенің басы да аяғы да – бір Құдайды тыңдамақ, құлы болмақ, ілімін тұтпақ» керек екен ғой. Басқаның бәрі – күпірлік, кәпірлік, сайтандық, айтылып тұрғандай «мақұлықтық» екен ғой. Бұны, саусағыңызды қайтара бүгіп, «БІР» деп есеп қып қойыңыз.
«Әуелі аят, хадис – сөздің басы,
Қосарлы бәйітсымал келді арасы.
Қисынымен қызықты болмаса сөз,
Неге айтсын пайғамбар мен оны Алласы».
«Жүректің көзі ашылса,
Хақтықтың түсер сәулесі.
Іштегі кірді қашырса,
Адамның хикмет кеудесі».
Е-е-е... «сөз басы – Құран-Кәрім, иесі – Алла, жеткізуші – пайғамбарымыз Мұ­­хаммед» екен-ау; осыны ұғынсақ, сосын барып – «һақ жолы айқарылмақ» – «хикмет кеуде пайда болмақ» екен-ау. Бұл айтылғанды – «ЕКІ» деп зерделеп қойы­ңыз.
«Бір жерде бірге жүрсең басың қосып,
Біріңнің бірің сөйле сөзің тосып;
Біріңді бірің ғиззат құрмет етіс,
Тұрғандай бейне қорқып – жаның шошып».
Е-е-е... ауыздағы емес, істегі бірлік ке­рек екен-дүр; бірлік болғанда да – имани – тастай бірлік! Өзіңнің де – өзгенің де «жаны шошырлықтай жанкешті» ын­тымақ! Бұл айтылғанды – «ҮШ» деп зиындап қойыңыз.
«Үш-ақ нәрсе – адамның қасиеті:
Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жү­рек».
Е-е-е... қазағым, сенің мақтанарлық жерің біреу-ақ болуы керек екен (мақ­танбай жүре алмасаң) – ол: «ақыл, қайрат, жүрек» бір басыңда бірге болғанда ғана; қалған мақтаныңды да, боқтаныңды да жиып тастауың керек екен. Бұл айтыл­ғанды – «ТӨРТ» деп түгелдеп қойыңыз.
«Жастықтың оты қайдасың.
Жүректі түртіп қозғамай?
Ғылымның біліп пайдасын,
Дүниенің көркін болжамай?»
Е-е-е... Алланың ықылас-мейірімен бұ дүниеге келіп қалған екенсіз, ендеше – сол жаратқан Иеңнен сәт-қағымда ажырап қалмай: «жас қайратыңды жарқылдат! – жүрегіңді жұлқынт! – ғылым көгінің арғы-бергісін көктеп өт! – сөйтіп, әділ еңбе­гіңмен төрткүл дүниенің сөлін сығып іш!» деп тұр екен-ау-ә? «Адам адамнан ақыл-біліммен ғана оздым дер». Міне, на­ғыз мақтанатын да шаттанатын да жерің!.. Бұл айтылғанды – «БЕС» деп бекі­тіп қойыңыз.
«Қатының сені сүйсе, сен де оны сүй,
Қоржаң суық келеді кей сасық ми.
Ері ақылды, қатыны мінезді боп,
Тату болса, райыс – үстіндегі үй».
Е-е-е... «бәрі-бәрі отбасыңда – шаңы­рақта екен-ау; үлкен Отан – кіші Отан­нан басталар екен-ау (өзен – бұлақтан басталар екен-ау); бастаудың берекесі – жақ­­сылы-жаманды туған қатыныңмен екеу­ара  ынтымақтастық  шүйіркелестікте екен-ау, бар жеңістердің кілт-кілтипаны да – бар бақытты ғұмырдың жұмбағының шешуі де, шашуы да осы ошағыңның басында жатыр екен-ау...» Бұл айтылғанды – «АЛТЫ» деп әдіптеп қойыңыз.
«Мұны жазған кісінің
Атын білме, сөзін біл.
Осы жалған дүниеден
Шешен де өткен не бұлбұл,
Көсем де өткен не дүлдүл,
Сөз мәнісін білсеңіз,
Ақыл-мизан, өлшеу қыл». 
Мына сөз-құдіретіңіздің мән-мәндірін хал-һадарыңызша әбден ұғынып, көріп тексеріп болған соң – қазағым: «Е-е-е... әуелі Алла, пайғамбарым Мұхаммед; сосын, гәптің көкесі, үлкені осы кісіде жатыр екен ғой» деп өз Атаңызды жаңадан танып, жөнінен сәлем қылып, есімін дұғаша сан-мәрте қайтарып, тәубаңызға келіп, бойыңызға жақсылап тұрып жасқап, тастай қып бекітіп алыңыз. Мәңгілікке бекітіп алсаңыз – «пейіш-дүр!» «Сонда ТОЛЫҚ боларсыз елден ерек».
Бұл айтылғанды – «ЖЕТІ» деп қайы­рып қыстырасыз ба, «жетпіс жеті» деп пе... мәселе оншалықты онда емес; мәселе сонда: «енді, АТАҢА – АДАМ­ДЫҚҚА тоқтауың керек; не алапесің де... тоқтайды!» «Мал екеш мал да – құнажын да бұқадан кейін тоқтайды». Олай, осылай етпегеніңше – еш болмайды! – болмайсың!?.

***
«Жақсылық ұзақ тұрмайды,
Жамандық әр кез тозбайды.
Үміттің аты елеріп,
Қос тізгінді созбайды.
Уайымнан озбайды.
Бір қайғыны ойласаң,
Жүз қайғыны қозғайды».
…Кешір, кешір, кешір – тағы-тағы да кешір – Ұстаз Ата! – Һәкім Баба! – Ұлы Абай Ата әруағы!..
«Атадан алтау, Анадан төртеу – жалғыздық көрер еш жерің жоқ» еді-ау; «Ағайын бегің де көп – сөзіңді ұғар елің де жоқ» боп келіп ең-ау; «Моласындай бақ­сының – жалғыз да қалып» келіп ең-ау. «Шырылдадың… шарқ ұрдың… әбден діңкәладың да-ау!?.»
– Е, пәруардігәр! «Ештен – кеш…» Абай ата! – о, Әруақ! Әруақ! Қаншама «қақса­ғанымызбен» де, өзін жамандыққа кім қияр­ды. Жүрегім менің  сезерді – бірдеңенің, бір үлкен жақсылықтың ұлуша да болса ілбіп, жылжып, жақындап келерін: «Қазағың – Қоңырың – Ел Жұрт болады! Тоқтайды...» Солай көрінер-ді-дүр.
«Тас бұлақтың суындай,
Сылдырлап өңкей келісім...»
Һәкім Баба! Ұстаз Баба! Қасиетті де қастерлі – сиқырлы да сүйінішті бұ сөздерің имани кәусар кеуде қуысыңнан тектен-текке шықпаған шығар. Сол, сүйінішті де нұрлы ырымың: ымдасып, жымдасып, бәтуаласып барып – әне-міне, қоңыр қаза­ғыңның төбесіне құйылып та салардай ма. Құдай қаласа. Әумин!

2825 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз