• Еркін ой мінбері
  • 20 Қазан, 2015

ТІЛ МЕН ТӘУЕЛСІЗДІК – АЙЫРЫЛМАС ҰҒЫМ

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ,
жазушы

Қостанайлық полиция мен сотқызмет­керлерінің Ақтолқын атты азамат қызы­мыздың құжатты мемлекеттік тілде толтыруды талап етуін қанағаттандырмақ түгіл, мазаққа айналдырған оқиғасы тәуел­сіздіктің маңызды бір шартына тағы да еріксіз назар аудартып отыр. Мемлекеттік тілді аяқасты ететін түрлі оғаштықтар өкімет қызметіндегі төрешіктердің де, түрлі қызмет көрсету саласында іс­тей­­тіндердің де тараптарынан  әлсін-әлсін көрініс беріп қалатыны жайында айтылып-ақ  жүр. Басқа-басқа, бірақ біздің тәуелсіздігіміздің бас қорғаны болуға тиіс мемлекеттік органдар қыз­меткерлерінің биік мәртебеге ие өз ана тілін қадірлей алмауы өте көңілсіз ойларға жетелейді.

 Мемлекеттік тілде жұмыс істеуге қауқарсыз, мемлекеттік тіл мүддесін қорғауға құлқы, ерік-жігері, табанының бүрі жоқ сондайлар теріс қылығымен төбе көрсеткен сайын қазіргі таңда тілімізге ғана емес, тәуелсіздігімізге де қатер төніп келе ме деп қаламыз. Біз мұны қауіп еткеннен айтамыз. Ылайым оның беті аулақ.  Дегенмен, ондай зұлматтың алдын алу жөн. Ондай  зұлматқа қарсы тұратын күш, тәуелсіздіктің қалқаны, қорғаны болуға қабілетті күш – ұлттық биік рух. Рухтың бекем тұғыры, сөз жоқ, білім. Алайда ол да аз, білімі зор және ақша тапқыш, бірақ ұлттық рухы кемшін, мемлекетінің конституциямен бекітілген тілін менсінбейтін адам тәуелсіздігімізге қорғаныш бола алмайды. 

Аздаған шегініс
Тоталитаризм  құрсауынан құтыла қоймаған тәуелділік замандағы кеңестік парламент замана лебін – орнына келтірілуге тиіс тарихи әділеттілік талабын дәл түйсінген еді. Сондықтан да, Тәуелсіздік Декларациясына алдағы кезеңде қазақтың ұлттық мемлекетін орнату керек деген мақсатты шегелеп жазып қойған болатын. Алайда, тәуелсіз ел болғалы,  қазақтың ұлттық мемлекеті орнамақ түгіл, көп саладағы ұлттық мүддесі соншалықты қорғала қойған жоқ. Керек десеңіз, әлдебір жоғары дәрежелі ақылманның айтуынша – ХХІ ғасырда ұлттық мемлекет құрамыз деу кері кеткендік, барып тұрған анахронизм көрінеді. Сөйтсек, ел серкесі өзінің сөздерінің бірінде атап айтқандай, біз о бастан «этностық емес, азаматтық қауымдастықты» көздейтін мемлекет құру бағытын ұстанған екенбіз. Бұл тұжырымды ана жылы ел бірлігі доктринасы жобасынан көргенімізде,  баршамыз біраз дүрліктік. Сонда, үлкенді-кішілі функционерлердің «доктрина ішінде қазақстандық ұлт туралы бір сөз жоқ қой» деп көлгірсуіне қасақана, бұған халық  ашық қарсылық көрсетті. Ақырында, Тәуелсіздік Декларациясында тұжырымдалған мақсатты бұрмалау себептерін түсіндіріп кешірім сұраудың орнына, Халық ассамблеясы және оны қимылға келтіруші ірілі-ұсақты данышпандар мен бұранда-клерктер «қазақтың емес, жалпы халықтың азаматтық мемлекетін» құрамыз деп шулады. Бұл,  шындап келгенде,  қазақ халқын ақымақ және тобыр көрушілік, турасын айтқанда, қазақты жек көрушілік, оның ұлттық мүддесін аяқасты етушілік  әрекеттің нақты көрінісі еді.  Тәубә, Доктринаның қабылданған нұсқасында ептеген жетістік бар – онда қазақ тілін әркімнің мемлекеттік тіл ретінде білуге міндетті екендігі айқын тұжырымдалды. Мемлекеттік тілдің өмірімізде алар орнын Президент Нұр­сұлтан Назарбаев та ұдайы шегелеп айтумен келеді. Дей тұрғанмен, сол науқан кезінде мынаған анық көзіміз жетті, ұзақ жылдарғы отарлық ахуалда көкірекке байланған ұлттық  идеяға – ұлттық мемлекет құру идеясына берілгендік, ұлт мұратына адалдық сезімі біздің билік тізгіндерін ұстаған көсемдеріміздің санасына ұяламапты. Олар Алаш қайраткерлері дәуірінен бері ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, арман боп келе жатқан осы тарихи әділеттілікті Доктринада болашақтағы міндет ретінде көрсетуге қарсы болыпты. Ал,  мұның себебі, олардың рухы пәстігінде, ұлттық рухани тәрбиесінің кемшін жатқанында екені қай-қайсымызға да аян.
Революциялық өзгерістер қантөгіссіз, жоғарғы жақтан жасалды, бірақ, сол шақта, қазақ мүддесін түбегейлі шешуге мүдделілер жоғарыда сан жағынан шамалы боп шықты. Себебі, ұлтқа қызмет етуге құлшыныс, ұлттық рух, рухани ұстаным біздің қазақ қайраткерлері санасында әсіре сақтықпен, жалған интернационалистік сезіммен алмастырылған еді. Мынандай заңды сұрақ туады. Билік неліктен қазақ мүддесін терең және жан-жақты қарастырмайды? Қарастырмайтын себебі – өткендегі деформациялар мен бұрмалаулардың бәрін заңдылық деп есептейді. Сондықтан да: «Тарих солай шешті, біз көпұлтты мемлекетпіз, басқалармен есептеспей болмайды» деген теріс те әділетсіз пікірді қайталаудан жалықпайды. Ондай көзқарастың артта қалған кезеңдердегі отарлаушылық, басқыншылық, орыстандыру және жаза­лаушылық қылмыстардың бәрін ақтап жіберетініне, тәуелсіздік туын көтерген мемлекетқұрушы ұлтты кем­сітіп, тө­мен­шіктететініне мән бер­мейді. Ал, дұрысында – еліміздің әрбір азаматы өзінің ұлттық белгісіне қарамай,  қазақ халқы құрап отырған қазақ саяси бірлестігінің бір мүшесі екенін  мойындауға тиіс. Бұл – ел мен жер иесі болып табылатын қазақ халқын құрметтегендік болар еді.  Алайда, олай айтуға арланып, «Біз – Қазақстан деп аталатын географиялық аумақтың тұрғынымыз, біз де мемлекет құрушымыз» деу, айналып келгенде, қазақты құрметтемек түгіл, менсінбеудің, қорлаудың тура өзі боп шығады. Осындайда еске түседі, еліміздегі түркі халықтары өкілдерінің бір әнші қызы шетелдік журналистің «Сіз қазақсыз ба?» деген сұрағына «Құдай сақтасын!» деп шошына жауап берген еді. Мәймөңкелейтін не бар, мұның астарында – бізбен бірге тұрып жатқан отандастарымыздың шын тарихты, ащы, қайғылы қазақ тарихын білмейтіндігі, білсе, оны қасақана елемейтіндігі, әділет, тарихи шындық, әділдік, иман деген ұғымдарға көңілі босай қоймайтындығы, тиісінше, есігінен кіріп, төріне шыққан кеңпейіл де аңғал қазақты қадірлемейтіндігі жатыр. 
Қазақ мүддесі азаматтардың ұлттық рухы жоғары болғанда шешіледі. Ал, ұлттық рухты ұштаудың қарапайым жолы – мемлекеттілігімізді қалпына келтіру барысындағы күрестер мен орын алған қиғаштықтарды, большевизмнің саяси репрессиялары мен «аштық саясаты» практикасын, солардың астары мен қайғы-қасіретке тұнған салдарларын жұртқа ашып көрсету. Баршаны қайғылы қазақ тарихымен тәрбиелеу. Сондай жолмен ел бірлігін нығайта түсуге, барша жұртты ортақ мақ­сатқа жұмылдыруға қол жеткізген жөн. Қазақ елінің бірден-бір заңды қожайыны болып табылатын қазақ халқына қатысты тарихи әділеттілік орнату ісіне күллі жұрт септесуі  қажет, шыққан ұлттық тегіне қара­май, қазақ мүддесі төңірегінде топтасуы керек. Осындай мақсат көздейтін кешенді іс-шараларын жүргізу арқылы, бұндай көз­қа­растың жасампаздығына бәрінің көзін жеткізуге болады. 
Бүгінгі таңда біздің көңіліміз тол­май тұрған рухани-мәдени ахуал, әрине, бір қарағанда, қоғамдағы демо­кра­тиялық өзгерістер өнімі. Себебі, құн­дылық өзгерді, әлеуметтік даму үлгісі өзгерді. Бірақ, сол  өзгерістерді жетелеу, бағыттау жұмыстары ойдағыдай болмады. Ал, оның себебі – идеялық тұғыры боркемік, ұлттық рухы төмен, сол­қылдақ, тәуелсіздікті баянды ету сынды биік идеяға емес, жеке адамға, құлқынға қызмет етушілер тобының сы­байластықпен шырмалып, қара құрым­дай қаптап жүргенінде және со­лардың қараны ақ, ақты қара деп ұғындыруда алдарына жан салмай әрекет етуінде жатыр. Әдебиет пен өнердің 28 қайраткерінің 2008 жылдың басындағы «Саралайтын кезең келді!..» деген ашық хаты соның нақты дәлелі болды. Бұл хатты бірнеше күн бойы «Таным» клубында талқылаған жұрт оны ешкімге әбүйір әпермейтін жеке басқа табынушылықтың салдары, нақ сол культке құлдық ұратын  залалды жағымпаздықтың көрнекі көрі­нісі деп тапты. Осы бір дерт біздің рухани бол­мысымыздың деформацияға ұшыра­ғанын әйгіледі. Бірақ, біз жақсылықтан күдер үзбеуге тиіспіз. Тәуелсіздікті баянды етуге тиіс саяси-әлеуметтік, экономикалық және мәдени даму мәселелерін тек рухы биіктер ғана ойдағыдай шеше алады. Біздің азаматтарға – парызын қазақтың ұлттық мүддесі тұрғысынан  айқындап алу үшін жаппай рухани-адами-имани-ахлақи тұр­ғыда жаңару қажет. Ұлттық биік рухты күллі халқымыз, жастарымыз бойға сіңіріп, өткір түйсінетін дәрежеге қол жеткізуіміз керек.  Тәуелділік дәуіріндегі советтік патриотизмді күйттеген тәрбие жүйесі жойылды, бірақ, тәуелсіз еліміз өзінің құрмақ ұлттық мемлекетінің мақсат-мүддесіне сай келетін, тәуелсіздік күрескерін қалыптастыратын тәрбие жүйесін жасай қойған жоқ. Бірінші орынға ақша шыққан заманда  рухани-мә­дени тіршіліктің мән-мағынасы елеу­лі түрде өзгерді. Бүгінгі іс адамдары арасында рухани ақау қатты сезіледі. Шынайы  қазақы, ұлттық мүдде әлі күнге дейін жалпы ұрандар тасасында қалдырылуда. Мемлекеттің ұлттық мүддемен суарылып-шыңдалған патриоттарын – рухы биік отаншыл азаматтарды тәрбиелеп өсіруге жеткілікті  мән берілмеуде. Құқықтық мемлекет орнату, базар қатынастары, әлеуметтік құрылымдағы, өмір салтындағы өзге­рістер, қоғамдық-саяси бағдардың әр­түрлілігі рухани-мәдени болмыстың бе­тімен жіберілуімен астасып жатыр. Шындап келгенде, бұдан ширек ғасыр бұрын жария етілген ұлттық мемлекет құру бағдарын жоғалтпай, ұлттық рух тізгінін қолда ұстағанда – ең жоғарғы мінбеден азаматтық мемлекет орнатамыз деген, ұлттылықты тәрк ететін жалған ұран алға тартылмас еді, біз бүгінгі алаңдаушылыққа ұрынбаған болар едік. 

Жалпы білім беру 
мектептеріндегі кемшілік
Оқу жүйесі, әлгінде айтқанымыздай, рухани-мәдени мәселелердің өте пәрменді құрамдас бөлігі. Ол отансүйгіштіктің, ел бірлігін сезінудің, жеке тұлғаның рухани-имандылық тұғыры бекем отаншыл ретінде қалыптасуының алғышарттарын жасайды. Қоғамның рухани саулығының дәрежесін анықтайтын да білім. Білім рухқа нәр береді.  Рух – биік мақсатқа қол жеткізу үдерісі кезінде адамдарды жоғары идеялар айналасына тығыз топтастырып, біріктіруге қабілетті. Сол себепті де, рухы мықты, адами-имани ұстанымы берік азаматтар қатарын тұтастыра қалып­тастыру қажет. Бұл тарапта мектеп айрықша маңызды рөл атқарады. Алайда, сабақ өткізу тілдері әртүрлі жалпы білім беру мектептері  күні бүгінге дейін мемлекеттік тілді өз дәрежесінде оқытып-үйретуді – ел бірлігін қамтамасыз етудің осынау базалық шартын сақтап жатқан жоқ. Орыс  тілді бірінші сыныпқа тіл ту­ралы заң қабылданған жылы барған балалар мектеп бітіргелі он алты жыл болған екен. Олар бүгінде орда бұзар отыздан асып кетті, қазіргі капи­тализм құрылысшыларының бел ортасында. Осы уақытқа дейін тәуелсіз еліміздегі орыс орта мектептерін бітірушілердің саны бірнеше миллионға жетті. Егер олар мемлекеттік тілді шынымен мек­тепте біліп шыққан болса, бүгінгі таңда тіл проблемасы күн тәртібіне шы­ға­рылмас еді. Өкініштісі, оқу органдары өз міндеттерін атқара алмай келеді. Олар орыс мектептерінде қазақ тілін оқыту орайында орын алған көзбояушылыққа көз жұмып қарайды. Шындап келгенде, тәуелсіз еліміздің оқу жүйесі барлық мектепті мемлекеттік тілге көшіру мәсе­лесін жүзеге асыруы керек, өзге тіл­дер қажеттігіне қарай, негізінен, пән ретінде оқытылуға тиіс. Мұндай тәртіп – мемлекетті пышыраудан, бөлшектенуден сақтаудың кепілі. Рас, жұртты Украина мысалымен қорқытуға бағыт алынған бүгінгі күн тұрғысынан қарағанда, бұл мәселе тақау жылда алға тартыла алмайды. Қазіргі таңда оқу тілі бөлек мектептерде мемлекеттік тілдің толыққанды және өте сапалы оқытылуы мәселесіне қойылатын талап пен жасалатын жағдайды күшейту ләзім. Оның орнына, өкініштісі, салалық министрлігіміз оқу мерзімін ұзарту, оқу­лықты шетелдіктерге жазғызу «жа­ңа­лығымен» бас ауыртып жүрген сы­ңай­лы. Тіл туралы заң шыққалы бері мектеп қабырғасында тәрбиеленген мил­­­лиондаған қыз-жігіттіңмемлекеттік тіл­ді білу дәрежесі тиісті салалық минис­трлі­гіміздің сараптауына алынбады, қа­жет қорытынды жасалмады. Соның сал­дарынан әлі күнге пәленінші жылы бәрі де қазақша сайрайтын болады деп жалаң ұрандатумен жүріп жатырмыз. Реформашыл министрлік бірінші кезекте оқу орындарында мемлекеттік тілді дұрыс та нәтижелі деңгейде оқытуға назар аударуы тиіс.

Өнер тілімен тәрбиелеуге 
мән беру ләзім
Жасалған мәдени мұра ескерткіштерін қалың жұртқа өнер тілімен насихаттауды ынталандырып, ұйымдастыру жөн. Ал, біз оның орнына, имандық тұ­ғыры күдікті, тәрбиелік тұрғыда залалды, азаматтарымыздың ұлттық рухын төменшіктететін, қазақтың ұлттық мүддесіне, қазақ елі азаматының отан­шылдық сезімін ұштауға қызмет етпейтін, керісінше, қорлану сезімін туғы­затын фильмдерді мемлекеттік қар­жыға  түсіреміз. Және оларды мәдениет жетістіктері деп дабыралатамыз. Бұл да біздің билік буындарындағы азаматтарымыздың білікті­лігіне көлеңке түсіреді. Талантты адам жалпы әлемге арналған абстрактылы озық шығарма емес, өз еліне, халқына қызмет ететін туынды жасауға тиіс. Егер, шын мәнінде ұлт еңсесін көтеретін шығарма сомдай алсаң, ол міндетті түрде әлемдік жауһарлар қатарына қосылады. Өзіңнің де, өнеріңе тиек еткен халқыңның да жақсы аты шығады. Ал, ұлтыңның абыройына нұқсан келтіретін туындың арқылы өзіңнің талант ретіндегі атыңды шығаруың мүмкін, есесіне, әлем көзінде халқыңды бишара күйге түсіресің, қорлайсың. Бұл жайында жай сөзбен шектелмеген жөн, өйткені, олай етсек, болашақта ондай әрекеттер жалпыазаматтық деген жалау жамылып қайталана береді. Ұйымдық шара жасап, өнердегі бағыт-бағдарды, отаншылдық ұс­танымды нақты тұжырымдау керек. Елдің тарихын, мәдениетін білмейтін, оны мақтан ете алмайтын, дарынын соны үстемелеу жолына жұмсай алмайтын адамға мемлекеттік тапсырыс берілмесін. Тәуелсіздікті отан­шылдық сезіммен байытатын өнер ісін ұйымдастыра алмағандар мәдениеттің тиісті саласын басқару тұтқасында тұрмауы жөн ғой деп ойлаймыз. Ұлт мүддесін ойлаудан гөрі, қайткенде әлемге танылуды мақсат еткен осындай дерттен  батыл арылу жөн. Өнер, әсіресе кино мен теледидар өнері биік рухты тәрбиелеуге, ұлттық мемлекетің, тарихың үшін мақтаныш сезімін тәрбиелеуге пәрменді әсері бар құрал, сол ұмытылмауға тиіс. Биылғы үлкен мерейтойға – қазақ елінің 550 жылдығына орай түсірілмек кинотуынды көңілдегі көп күдікті жойып, үмітімізді ақтар деген ойдамыз.
Тыныс-тіршіліктің бар саласында ұлт­тық рух сезілуге тиіс, кім-кімге де, әсіресе үлкенді-кішілі әкімшілік тізгініне қолы жеткендерге ұлт мүддесін әрдайым жоғары ұстау абзал. Тәуелсіз елдің алғашқы заңдарының бірі дін бостандығы жайында қабылданды да, елге миссионерлерді қаптатты. Дамыған ел дінбасыларының құшағына құлаған әйгілі Бораттың «жабайы» елін «озық» дінге тарту үшін қаржы беретін байлар қатары көбейіп жатса керек, солардың ықпалы болуы да ғажап емес – есін жиған Қазақ елі Парламентінің дін хақындағы залалды заңға оң өзгеріс енгізуге де қауқары жетпеді. Алдағы уақытта мұның да оң шешімін табуды ұмытпау керек шығар. Жекжатшылдық, рушылдық аурулардан сау болуға ұмтылған жөн. Ондай қасиеттер – топшылдыққа емес, биік идеяға берілгендік – рухы биік адамдардың бойынан  сөзсіз табылады. Ал, биік рухты тәрбиелеу үшін, айталық, «Мәдени мұра»  бағдарламасымен жа­салған жұмыстарды ел игілігіне пайдалануды жолға қою, жаппай оқу, білім көтеру өз алдына,  жер-жерде тарихтың  ащы, қасіретті беттерін жаңғыртатын іс-шараларын жүзеге асыру қажет. Өйткені, оның ел тұтастығын сезіну, елдің бірлігін арттыру орайында атқарар қызметі ересен. Барша ұлт өкілдерін ортақ мақсатқа ұйытудағы маңызы зор. Сондықтан да, қазақ жерінің залыми саясат салда­рынан қалай босатылғанын, аштан қы­рылған көшпенділер сүйегі үстіне келімсек жұрттың қандай тәтті ұранмен топырлатылғанын, олардан қазақтың қасіретті тарихы жасырылғанын көр­сету керек. Сырттан келген жұртты – арамыздағы бүгінгі отандастарымызды біз титімдей де кінәламаймыз, бірақ, олар жоғарыдан жүргізілген орыстандыру, елдікті жою саясатының жанама қолшоқпары болғанын ұғынуға тиіс, сөйтіп, қазақтың ұлттық мүддесінің қорғалуына септесуге міндетті. 
Қостанайлық полицай мен оның жақ­таушылары секілді өз дүмшелеріміз қаптап жүргенде, өзге текті жұрттың баршасына қайткенде тіл үйретеміз, қазақша сөйлеуді талап етеміз дегенге үйір болмау дұрыс шығар. Әр ұлт өкілі өз тілінде сөйлей берсін, қазақ тілін олар соны білуге мұқтаж болғандықтан, ешкімнің зорлауынсыз, ерікті түрде оқуы керек. Бүгінгі күнге дейін, яғни, тіл туралы алғашқы заң қабылданғаннан бергі 26 жыл ішінде бөлінген қаржы, жүргізілген жұмыстар нәтижесінде – елімізді мекен ететін өзге жұрттар мемлекеттік тілден әлдебір дәрежеде хабардар болып қалғаны анық. Бірақ, үйренген, игерген  азын-аулақ  сөздік қорын қолдануға ешқандай мұқтаждық та, қажеттілік те жоқтықтан, көпшілігі мемлекеттік тілді жылдам естен шығаруда. Осы орайда, бүгінгі таңда жүзеге асырылып жатқан Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының барша жақсы жақ­тарын жуып кететін басты кемшілігін көрсете кеткен дұрыс. Бағдарламаны жасаушылар күллі әлемдік тәжірибелерді қарастыра отырып, қолда тұрған қарапайым жәйтті – өзімізде жасалған істерді қорытып көруді, пәлен жылғы жұмыс неге нәтижесіз болып тұр деген сауалға жауап іздеуді, сондай-ақ, жаңа бағдарлама бастауында осы уақытқа дейін атқарылған істер кешені мен оның нәтижесі тұруы тиістігін  ұмыт қалдырған. Ширек ғасыр бойы құлаққа сіңісті болған мемлекеттік тілден үйренген, игерген  азын-аулақ  сөздік қорын қолдануға ешқандай мұқтаждық та, қажеттілік те болмағандықтан, кім-кімнің де ұмытатынын ескермеген. Егер, оны қаперіне алған болса, жаңа құжатта сол мемлекеттік тілді білуге ынта тудыратын шаралар кешенін жасауды бі­рін­ші кезекте ескерген болар еді. Құжат ең алдымен елімізде мемлекеттік тілдің өкімет қызметінде қалтқысыз қолданылуын қам­тамасыз ететіндей болуға керек еді Қос­танай оқиғасына қарағанда, бұл бір ұмыт қалған мәселе екен. Бағдарлама, сондай-ақ, мемлекеттік тілді білуге қажет­тілік, мұқтаждық туғызу шараларын жасауды  көздеуге тиіс еді, өкініштісі, ондай жәйт мүлдем айтылмаған. 
Ең алдымен, мемлекеттік тіл жайын­дағы конституциялық талаптың билік құрылымдарының өзінде орындалмай отырғаны ескеріліп, соны түзеуге ты­рысу мақұл. Шамасы, көптен айтылып, түрлі жобалары ұсынылып жүр­ген, бірақ әлдебір күштер кедергі жасап келе жатқан «Мемлекеттік тіл туралы» арнайы заң­ды қабылдау уа­қыты жеткен шығар. Мемлекеттік аппарат пен оның буындары өз ісін мем­лекеттік тілде дұрыс жүргізсін, билік тармақтары, барлық бюджеттік мекеме, қаржы-қаражат саласы бірінші кезекте мемлекеттік тілде жұмыс істесін. Бұлардың ішінде, келушілерге ыңғайлы болу үшін, мемлекеттік тілдегі құжатты кез-келген қажеттігі туған тілге тегін немесе коммерциялық негізде аударып берушілер қызмет көрсететін болсын. Жиналыстарда мемлекеттік тілден өзге тілдерге  ілеспе тәржіме жасау жолға қойылсын. Осындай мақсатта – қа­зақшадан басқа тілдерге аударатын ау­дар­ма­шыларды жүйелі дайындау ісі ойластырылсын. Ресми жиындар ілеспе аударма аппаратурасымен жабдықталған залдарда, міндетті түрде мемлекеттік тілде жүргізілсін. Міне, осындай істер мемлекеттік тілдің іргесін бекітіп, қажеттігін еселеп қана қоймай, тиісінше, халықтың мемлекеттік тілді құрметтей отырып, оны қайткенде білуге деген ынтасын арттырар еді.
Ана тілінің тағдырын ұдайы назарда ұстап, жанқиярлықпен күресіп келе жатқан көрнекті қайраткер Мұхтар Шахановтың қазақтарды тіл білуі жа­ғы­нан төрт топқа бөлетіні мәлім, соның бір тобына ол қазақ тілін де орыс тіліндей жақсы білетіндерді, бірақ, жеме-жемге келгенде, қазақ  мүддесін сатып жіберуге оң иығын беріп тұратындарды жатқызады. Ондайлар, әдетте, көлгірси сөйлеп, қазақ тілінің «дамымағанын» алға тартады. Осы тұста өнердегі аса әйгілі бір тұл­ға­мыздың мемлекеттік тілімізді тап солай деп жариялы түрде кемсіткені ерік­сіз еске түседі. Сондай көзқарастың салқыны қолданыстағы құжаттың атауында да тұр. Бағдарламаның аталуын «Тілдерді қолдану мен дамытудың...» деп жалпақшешейлетпей, қазақ тілінің  әлде­қашан дамыған тіл екенін есте тұ­тып, мәселенің тамырын дөп басатын атауға тоқтаған орынды еді. Мәселе – қазақ тілінің  қоғамдық-саяси функциясын арттыруға, оны мемлекеттік тілге тиесілі деңгейде кеңейтуге билік орындарының мүдделі болуында. Олар еліміздің негізгі заңын сақтауға бірінші кезекте міндетті болуға тиіс. Халықтың нөл бүтін нөл пә­ленше пайызын ғана құрайтын мемлекет қызметшілерін конституциялық талапқа сай келетіндей етіп жасақтап алу аса қиын шаруа емес. Осы жәйт бағдарламада соншалықты «мен мұндалай» қоймайды. Қазақ тілін «дамыту» мен оның  «қолданылу аясын кеңейту», қанша дегенмен, екі бөлек ұғым, ал, біз үшін қазіргі таңда екіншісі аса өзекті болып тұр. Жоғарыда тілге тиек еткен Қостанай оқиғасы мұны растай түседі.  Әрдайым есте ұстайық – ті­лімізді, яғни, ұлттылығымызды, тиі­сінше, тәуелсіздігімізді тек ұлттық рух­тың мықтылығымен, ұлттық мемлекет си­паттарын нығайтумен ғана баянды етуге болады. 

317 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз