• Еркін ой мінбері
  • 21 Мамыр, 2012

Ауыл шаруашылық министрлігі керек пе, осы?

Серік ЕРҒАЛИ, саясаттанушы

Қазақстан аграрлық әлеуетті ел болса да, оны Канада секілді аграрлық елге жатқыза алмаймыз. Оған қанша жыл керек екенін бір Алла білер.Себебі, ішкі жалпы өнімнің болмашы мөлшерін ғана құрайтын ауыл шаруашылық өнімдерінің әлі күнге дейін өңдеу саласы мардымсыз. Елдің ауыл шаруасында қандай жағдай қалыптасып отыр? Ауыл шаруа­шылығының әлеуеті саналатын басты объект – жер мен капитал, оның субъектісі саналатын дихан мен малшылардың қолынан сусып кеткелі 20 жыл болып қалды. Бұл саладағы құнарлы жер мен басты аграрлық жабдықтар мемлекет пен санаулы байлардың қолында. Қалыптасқан бұл жағдай мемлекеттің ауыл шаруашылық саясат-көрпесін аталған басты «субъектілер» пайдасына шешіп қойылған. Жер мен тіршілік көзінен айырылған бұқара өткен ғасырдың 30-жылдарындағыдай қалаға көшті. Мұндай жағдайда, ауылдық мекендерде шағын-орта бизнес дамыту мүмкін болмай отыр, басты инвестициялық қау­қар «капиталистер» мен мемлекеттік холдингтерден ауыспайды. Ал, олар не жұмыс бермейді, не пайдамен бөліспейді. Мемлекеттік тараптан болып жатқан ауыл шаруашылығын инвестициялау-индустрияландыру саясатының ауқы­мында жүргізілгендіктен, малды асылдандыру, жер өңдеу саласына лизингпен жабдық беру жағының бәрі де орныққан, қалыптасқан, сатылған, қолды болған ірі кәсіп субъектілері мен қылшыққолды қожайындардың серіктестігінің пайда­сында. Қолында кепілзаты жоқ әрі кө­терем шаруалы фермерлер мен ауылдық тұрғындарға банк тарапынан несие алу қиямет қайым әрі оны өтеу мүмкін емес. Сөйтіп, ауыл тұрғындарының қолына ақша түсіру аса күрделі мәселеге айналып отырғанда, ауылдық шаруашылық дамиды деген үміт ауылдықтардың өзін былай қойғанда, жоғарғы биліктегілерде де жоқ. Тіпті, ауылдық ұсақ-орта шаруашы­лықтардың ел экономикасын өркендетуді былай қойғанда, өзін-өзі әлеуметтік қам­тый алатын салаға жатқызу мүмкін болмай отыр. Нәтижесінде ауылдық мекендер зейнетақы мен мұғалімдердің жалақысы есебінен ғана күнкөрісті қамтуда.Бұл жағдай ауылдықтар есебінен мемлекетке қараған мұсалдаттық топтың қатарын молайта түсуде. Бас көтеретін жастар жағы қалаға шұбырып, ондағы баспанасыздар мен жұмыссыздар, қылмыс­керлер, жезөкшелер «әскерінің» қатарын толтыруда. Ал, ең болмаса өз малының есебінен күн көруге мұқтаж ауыл жұртының бүгінде су мен өріске зәрулігі өзекті мәселеге ай­налған. Ауылдық жарамды жердің барлығы байлар мен лауазымдылардың қосалқы шаруашылығына айналды. Одан қалғаны түрлі жер қойнауын қопаратын өнеркәсіптердің меншігіне өтті. Қысқасы, мемлекет тарапынан жасалып отырған ауыл шаруашылығына деген қамқорлық тек қана мұсалдаттық топқа деген «садақа» түріндегі сипаттан арыла алмай отырса, керісінше «жекешеленіп», қалыптасқан санаулы іріленген компаниялар мен холдингтерге индустрияландырушы объект ретінде көзқарас бар. Ендеше, Қазақстанның Ауыл шаруашылық министрлігі ауыл шаруасын дамытумен емес, индустрияландыру саясатын жүргізуші органға айналған, ал, оның ауыл тұрғындары есебінен азық өндіруді дамыту жөніндегі құжаты да жоқ, болса, бәрі қағаз жүзінде. Бұл министрлік әуелден-ақ, колхоз-совхозды, шаруашылықтарды таратумен шұғылданды, ауылдықтар соның кесірінен малдан да, жерден де қағылды. Енді, баяғы қызыл империя жасаған істі қайтадан қолға алып, серіктестіктерді құрмаса, жағдай ауыр! Ауыл тұрғындарының тағдыры елді зейнетақымен қамтыйтын Халықты әлеу­меттік және еңбекпен қамту минис­тр­лігінің қолына өткізілген. Сол себепті де, Ауыл шаруашылық министрлігін сәйкес мекендегі шаруашылықты дамытушы, үйлестіруші мемлекеттік орган ретінде қарастыруға бола ма? Бұл – жүйе­лі де тыңғылықты саясаттың жалғасы емес, зорлап, жасанды түрде әрі көрнекі идеологияға негізделген саяси технологияның салдары. Сондықтан, бұл «индустрияландыру саясатын» елдегі одан басқа тағы бір Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі қиналмай-ақ қосып жүргізе алады, соның құрамына комитет ретінде өткізе салу керек.Бұл министрліктің ауылдың қарапайым фермерлері мен дихандарына, шаруаларына қатысы жоқ, ол тек қана ауылдың шаруашылығы есебінен байыған шонжарлар мен алып мемлекеттік құрылымдарға қатысты ғана ұйым ба деп те қаласың. Ал, аграрлық әлеуетті елге қазір не керек болып отыр? Ауылдық мекендердегі әлеуметтік әлжуаз топқа айналған халықтың 40 пайызын ұсақ-шағын шаруашылық субъектлеріне айналдыру саясаты және «Егемен елдің ауылы» дейтін саясат керек!Ауылға кәсіп пен пайданың көзі ретінде қарайтын Ауыл шаруашылық министрлігі емес, оның әлеуметтік мұқтажымен тікелей айналысатын Ауыл министрлігі қажет. Ол министрлік ең әуелі халықтың тең жартысы аса ауыр күйде тұрып жатқан ауылдық тұрмысты әуелгі кезекте қалпына келтіретін, келесі кезекте ауыл шаруашылық бағыттағы ұсақ-орташа кәсіп пен өндірісті құрып, дамытуға септік етерлік міндетті атқарар еді. Н.Назарбаевтың биылғы Жолдауында есті жыйғызар мына сөйлемдер бар: «Үшінші. Өңірлерді дамыту мәселесі. Қуатты Қазақстан дегеніміз – бұл ең әуелі өңірлердің қуаттылығы болып саналады».Алайда, қанша жылдан бері Аумақты дамыту комитетінің бар екендігі белгілі, сол арқылы қыруар қаржы бөлінетіндігі өз алдына. Бірақ, өңірлердің құлпыратын түрі жоқ. Өйткені, ондағы өмір сүруші жұрт үшін қарапайым ғана әлеуметтік мәселені шешетіндей нақты шара жоқ! Осы Жолдауда «...әлеуметтік инфрақұрылым қарқынды дамуы қажет» делінген, бірақ, бұл сөйлем қашан ауылда таза су мен ең болмаса азын-ау­лақ мал жаятын мүм­кіндік ашар екен? Жолдауға дерек көздерін әзірлеп берген сол пәрменді атқарушы министрлер екені бесенеден белгілі. Онда «Үкімет елді мекендер шоғырын (агломерация) дамыту жөнінде бағдарлама қабылдауы тиіс» делінген. Сол құжаттың жобасын әзірлегендер агломерацияны қалайша дамытуды ойластырды екен? Егер де, Кеңес өкіметі секілді колхоз-совхоздар ашса – бір жөн! Қазір, тіпті, жаңадан салынған жүздеген километр теміржолдар мен тасжолдардың бойы иесіз жапан дала. Ең болмаса соның бойындағы бекеттерге үй салып қоныстануға жұртқа пайызсыз құрылыс материалын несиеге бере ала ма? Қалаға тентіреген ауыл жұртының өз беттерімен кері қайтып, орналасып, кәсіп етуге мүмкіндік жасай ала ма? Сол жұртқа жылыжай, мал бордақылау пункттерін салып іске қосып берсе, ірі қалалардағы азық бағасы түсіп, жұмыссыздарға жұмыс табылар еді ғой. Ұланғайыр даланың бойына қан жүгіріп, экспортты былай қойғанда елдің ішкі базары өз азығымыздың сатылуына мүмкіндік болмас па еді?! Ең болмаса «Жаңа ауыл» бағдарламасын қолға алсақ қайтер еді?! Айтпақшы, елде 29 мемлекеттік бағдарлама болып, нәтижесі болмағасын, оны жетеуге дейін азайтып едік қой. Енді, соны көбейтуге тағы кірісеміз бе? Бөлінген ақша суға сіңгендей қолды болып жатса, ол қалалар өзінен өзі қалай дамымақ? Кеше ғана жылусыз қалған Кентау қаласы жылу ошағын жекеге сатып жібергендіктен аязға ұрынған жоқ па? Яғни, жергілікті тіршілік көзі жекешеленіп, оны бақылайтын жергілікті халық билігі болмағасын, барлық жерде апаттың құлағы қылтия бастады. Қоғамдық назар болмаса, оны билік өзін өзі бақылай ма? Қаңыраған кеңестік үйлерде амалсыз тұрып жатқан кешегі ауылдықтар жайында нақты неге жоба жоқ? Ең болмаса сол шағын қалалардың айналасына көкөніс, азық өндіру кешендерін тұрғызуға болар еді ғой. Міне осындайда керегі, сол Жолдауда айтылған: «Жергілікті өзін өзі басқаруды жетілдіріп, барша жергілікті даму мәселелерін шешуге азаматтардың қатысуын кеңейту аса маңызды. Биылғы 1 шілдеге дейін Үкімет Жергілікті өзін өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасы  жобасын  жасап бітіруі тиіс.» деген сөз. Алайда, оны бекітетін заңжобаға халық қатыспаса, кешегі депутат болып тағайындалған шенеуніктер халықтың өзін өзі басқаруына мұрсат бермек пе?! Жолдауда елдің апайтөс даласын игеретін орасан жоба туралы айтылып отыр: «Важное значение имеет завершение строительства  казахстанского участка международного автомобильного коридора «Западная Европа - Западный Китай». Это действительно народная стройка века. Где еще за три года было построено 2700 км. качественной автомобильной дороги? Мы должны в следующем году эту работу закончить. Важно приступить к строительству двух новых железнодорожных линий - Жезказган-Бейнеу протяженностью 1200 километров и Аркалык-Шубарколь. Эти проекты придадут мощный импульс развитию Жезказган - Аркалыкского региона». Бірақ, әлемде жол салғанда, оның бойына халықты қоныстандыру саясаты қоса жоспарланады, инфрақұрылым қоса жүреді. Бізде бұл жөнінде әзір әрекет байқалмайды. Ендеше, ол соны са­лып бер­ген кейбіреулерге әзірлеп жатқан инфра­құрылымымыз емес пе?! Жолдауда «Десятое. Разви­тие сельского хо­зяйства. Аграр­­­ный сектор Казахстана обладает большими экспортны­ми возможностями и высоким потенциалом для внедрения инноваций. Потребность в продовольствии с каждым годом в мире будет возрастать. Эту возможность нам упускать нельзя» – дедік. Ал, соны өндіретін халық турасында ойландық па? Әлде ол шаруамен тек қана кекірейген аудан, облыс әкімдері мен солардың жақын-жуықтары ғана «айналыса ма»? Міне, осы сұрақтарға жауап беру үшін де, әлгі ел қазынасын рәсуә ететін органдарды қысқартып, тікелей халықтың мұқтажымен айналысатын Ауыл министрлігі құрылса! Ол ауылдық ұжымдық шаруашылықтар мен өндірістерді салып, құрып, қалып­тастырып, әбден жүрген кезде ғана сол ауылдықтарға сатуды қолға алсын. Әлгі Жолдауды жүзеге асыратын бірден бір тетік осы! Әлде, халықтың 40 пайызын қамтыған сала үшін бір министрлік ашу қолдан келмей ме?

685 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз