• Еркін ой мінбері
  • 09 Қараша, 2015

Меккеде желбіреген көк ту

Қазақ елінің көк туын желбірете көтерген бір топ қажылар қасиетті Меккенің жерінде жүрміз. Бүкіл жершарынан қажылыққа келгендер лек-лек болып өтіп жатыр. Не деген ғажап, миллиондаған халық, қара, сарысы, ағы бар, әр елден келген жүз түрлі ұлттың өкілдері. Қасиетті Меккенің жеріне келгенде көңілдері қуанышқа  толған жұртшылық өз елдерінің туымен де және әр елдің аттары жазылған жалауымен де, белгі таққан киімдеріменде  қай елден келгендері бірден байқалып тұр. 


Мұсылман елдерінен басқа да әлемге аты әйгілі мемлекеттер де баршылық: Америка, Канада, Франция, Германия, Италия, т.б. мемлекеттер белгі таққан жалауларын көтеріп өтіп жатыр. Біздер «Нұр – Қазақстан» қажылық компаниясы басшылары Амангелді Еренғайып, Мираш Тәшетов бастаған қажылар тобы Көк Туымызды көтере ұстап, қасиетті қағбаны бетке алып, Аллаға сыйынумен: «Ләббәйкә Аллаһума Ләбәйк...» деген дұғаларымызды қайта-қайта қайталаумен көп лектің ортасында келеміз. Арамызда жастары 60-80 арасындағы қарт кісілер де баршылық. Олар «қағбаға барарда денсаулықтарын ойлап, ұзақ жүрісте шаршап қаламыз ба?» деп басында қауіптенсе де, топ ішінде келе жатқан қарттар қайта тыңайып, ширылып кеткен сияқты көрінді. Осыдан үш жыл бұрын 76 жасында қажылыққа барған Салықбек деген ағамыз: – Меккеге барғанда таяққа сүйеніп барып едім, қайтарда өз аяғыммен келдім, – дегенде: – Апырмай, шынымен солай ма деп қайран қалған едік. Енді, ұзақ жүрісте шаршамай жеткен қарттардың жүрісін өз көзімізбен көріп, куә болғандаймыз. Қасымдағы Серік деген азамат 86 жылы Желтоқсан көтерілісіне қатысқан ұлтжанды жігіт екен. Лек-лек болып келе жатқан әр ұлттың өкілдеріне сүйсіне қарап тұрып айтқаны: «Қайран, дүние-ай! Бостандықтың арқасында Егеменді ел болып, осынау қасиетті Меккенің жеріне Көк Туымызды желбірете жеткеніміз біздер үшін шексіз қуаныш, шексіз бақыт қой. Кеңес заманы болса, осылай тобымызбен келер ме едік. Не деген ғажап?! Осындай қуанышты сәтті жан дүниеммен сезіне тұрып, Алланың нұр шапағатына бөленгендей әсер алдым, – дейді. Кейін Серік ата-анасына ұмыра қажылық жасай жүріп, барша қазақтың бостандығы үшін, бағы үшін Желтоқсан көтерілісінде құрбан болған ұландарды да еске алып, құран оқытып, ас  берді.
Биылғы Әкбар Қажылықта арамызда ас берушілер көп болды. Солардың ішінде бір қарт әже өзі әлі де орысша араластырып сөйлейтін адам екен. Кеңес заманында атеист болған шалына ас беріп, Құран оқытқанда: – Иә, Алла! Балаларымның папасының-әкесінің күнәсін кешір Алла! Кешір Алла! деп көз жасын сүрте тұрып, сыйынғанда көңілімізге аяныш сезім тола тұрып, Құдай берген әжеге де, о дүниеге кеткен шалына да қол жайып тілек тіледік. Келесі күні таяққа сүйенген қарт кісі Отан соғысынан оралмаған әкесіне де ұмыра қажылық жасатып, құран оқытып, ас берді.  Қасиетті Меккеге арнайы қажылыққа келген жұрт бір тілек, бір ниетпен келген соң, Әкбар Қажылықтың рәсімдерін бұлжытпай орындауда. Біздермен бірге келген әйелдер Патиха, Зекен, Жанар... Осы қажылық сапарда Бабасұлы-Мерген Теңізбай бабама ғумра қажылық жасаттым және қасиетті айт күні қайтыс болған інім Әділбек Токинге ас бергіздім, қасиетті Меккенің жерінде. Жарты айға жақын қасиетті орындарды тегіс түгендеп, қажылық міндеттерімізді орындап болғанда көңіліміз көтеріңкі күйде тұрақтаған жерімізге қайтып келе жатырмыз.
Қажы деген қасиетті атқа ие болғанда, қалай қуанбассың. Бәрінің де көңілі көтеріңкі, қалың топтың ортасында келеміз. Алдыңғы қатарда Көк Туды желбірете көтеріп келе жатқан Жандарбек деген жігітке қасындағы Серік қуанышты күйде дауыстап: «Көтер бала Көк Туды аспандата» дегенде, менің көңілім Алланың нұр шапағатына бөленгендей, жадырап сала берді. Сол сәтте ойыма осы өлең жолдары орала кетті:
Көтер бала Көк Туды аспандата,
Қасиетті Меккенің қажылық 
            сапарында.
Қазақ деген елдің біз ұрпағымыз,
Алланың берген сыйы біз қажымыз.
Сапарымыздың ең соңында қасиетті қағбамен қоштасарда ішіміздегі имам Ұлықбек қажы Елбасына, халқымызға амандық тілеп, құран оқытып, бата берді. Әкбар Қажылығымыз сәтті аяқталып, аман-есен елге оралдық. 
Аумин!

Тұрсынбек ТОКИН,
жазушы

441 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз