• Келелі кеңес
  • 09 Қараша, 2015

БРЕЖНЕВ ЖӘНЕ ЕСЕНБЕРЛИН

Ораз ҚАУҒАБАЙ,
журналист

«Ура, Хрущев құрыды»

Бұрынғы Кеңестер Одағында «Брежнев дәуірі» дейтін саяси термин қазір жиі айтылатын болды. Оның өзіндік сыры бар. Өйткені, ұлы империяны жиырма жылға жуық басқарып, соңғы демі таусылғанша «билік тағында» отырған бұл адам әлемдік тұлға еді. 
Брежнев билік басына келгенде мен бесінші класта оқитын едім. 1964 жылы қазан айында мектепке келетін «Қазақстан пионері» газетінде Н.Хрущевтің орнынан түсіп, оның орнына Л.Брежневтің сайланғаны жөнінде хабар жарияланды. Газеттің бірінші бетінде Брежнев пен Косыгиннің суреті қатар шықты. Газетті оқыған менің бір кластасым «Ура, Хрущев орнынан түсіпті» деп коридорда «Қазақстан пионерін» ұстап, залда асыр салып, қуанып жүгіргені әлі есімде. Бұл үзіліс кезі болатын. Әлгінің қылығына жыны келіп, қапаланған тарих пәнінің мұғалімі оны жеке шығарып, мектепте оған қатты ұрысты. «Сен неге айғайлап, мектепті басына көтересің. Бұл партияның шешімі. Жаңағы айғайлап айтқан сөзің үшін сені жазалау керек», – деп партия саясатына байланысты оған бір нәрселерді түсіндіріп,  бірдеңелерді миына құйып жатты. Ауылдарда «ел ішінде аштық болады, нанның кезегіне ерте бару керек, Хрущев бәрін құртып, бітірді» деген қауесет тарап, желдей сөз есті. 


Соғыс кезінде майданда контузия алған ұстаз, соғыс ардагері бар еді. Ол «Хрущев Кеңес Одағын 10 жылға кері шегерді, ұрда-жық, ұрысқақ және ішкіш адам» деп бұрыннан жамандайтын. Менің есімде қалғаны Н. Хрущевтің қызметтен кеткеніне жалпы халық қатты қуанды.
Арада екі-үш жыл өткенде ауыл қариялары, ақсақалдар, ардагерлер әртүрлі бас қосуларда жаңа патша Брежневті мақтап  сөйлейтін болды. «Хрущев сияқты мына патшаның басы таз емес, кескін-келбеті жақсы, сөйлеген сөздері орнықты. Түбінде бай-қуатты, тыныш заман келетін сияқты деп гулесетін. Соңында солай болды да.
Суретін газеттен көргенмен, кейін оны теледидардан көрдім. Партияның  бір Пленумында мінбеде баяндама жасап тұрды. Ұлы Қазан төңкерісінің 50 жылдық мерейтойында Мәскеуде Кремльде ұзақ баяндама жасады, залдағылар жиі-жиі қол шапалақтады. Дауысы, сөйлеу мәнері және түр-тұлғасы әлі көз алдымда тұр. Мінбеде анда-санда стаканнан су ішіп, құрғаған аузын «жібітіп» баяндамасын ары қарай жалғастырады. Леонид Ильичті 1980 жылы тамызда Қазақстанның 60 жылдық мерейтойы кезінде «Чайка» көлігінде жақыннан көрдім. Өйткені, оны қарсы алған халықтың ішінде мен де бар едім. Жетпісінші жылдардың ортасында Қазақстанға келген бір сапарында Медеу жаққа серуенге шығады. Оның жанында тұрып, сөзін тыңдаған ішкі істер саласында істеген, кейін зейнетке шыққан ардагер Брежнев жайында жиі айтатын. Медеуде серуен кезінде досы Димекеңе саясаттан гөрі халықтың тұрмыс жағдайы туралы көбірек әңгімелеп, арасында әзілдеп, бәрімен тере­зесі тең сөйлеседі екен. Бірде Брежнев былай дейді: «Әй, Димаш, мені мұхият тыңда. Осы біздің халық не көрмеді. Отызыншы жылдардың ойраның, кейін соғыстың қасіретін көріп әбден есеңгіреп, қиналғанын білесің. Сондықтан, рухы түскен халыққа аздап еркіндік берейік. Тек шектен шығып кетпесе болды» деп шылымын құшырлана сорып, тағы біраз нәрселерді айтады. Шыны керек, Брежнев дәуірінде бұрын езіліп, еңсесі түскен, кедейленіп, жарлы-жақыбайға айналған халықтың тұрмыс-жағдайы жақсарды. Брежнев Қазақстанда кеңқолтық патша атанды. Қазақтар жекеменшік мал ұстап, қора-қопсы салып, қаладан үй алып, Құдайға шүкір, жаман болған жоқ. Мысалы, Алматы облысының бұрынғы Күрті ауданында әр шопанда кем дегенде 40-50 бас жеке малы болды. Ал, Хрущев кезінде артық мал ұстағандар тіпті, жазаланды. Сталин кезінде отызыншы жылдары мал қырылып, адам аштықтан өлді. Тарихтағы осы жағдайларды еске алғанда Брежнев дәуірінде қазақ халқы жаман болған жоқ, ал, Қазақстан гүлденуге бет алды. Д.Қонаевтың «Советтік Қазақстан» атты кітабында – қазақтардың сан жағынан өсіп, экономикасының дамуы нақты деректер арқылы көрсетілген. Сондай-ақ, Ілияс Есенберлиннің «Мұхиттан өткен қайық» атты романында Қазақстанның ғарыштық мемлекетке айналғаны, Партия қайраткерлері Брежнев пен Қонаевтың халықты еңбекке жұмылдырып, ел басқарудағы кемеңгерлік  қасиеттері аталған шығармада шынайы баяндалады. Кітапта автор Брежневті «Светлов», Қонаевты «Ақылбек» деп бүркемелеп айтады.  Қажет жерінде «Брежнев», «Қонаев» деп партия көсемдерінің аттарын ашық айтып, сол қалпында баяндайды.

Жаза немесе қаламгер тағдыры

Ілекеңнің (Есенберлин) өмір-тағдырына, мақсат-мансабына екі адам ерекше ықпал еткен. Олар «генсек» Брежнев және дана Димекең - Қонаев. Әсіресе, Димекеңнің бұрынғы партия қызметкері, кейін жазушы болған І.Есенберлинге жасаған жақсылығы, көрсеткен көмегі тарихта қалатын ғибратты оқиға. Ал, Брежнев жазықсыз партиядан шыққан оның партиялығын қайта қалпына келтіруге барын салып, қаламгерді қорғайды. Бұл жайында кейінірек айтамыз. 
Әңгімені алдымен осы әйгілі мемлекет басшысының өмірбаяны бойынша жалғастырсақ бек жақсы.
1906 жылы өмірге келіп, мектеп бітірген, техникумда оқыған, заводта қара жұмысшы болып, комсомолға, содан соң партияға өтіп, соғысқа қатысып, сатылап өсіп, «райкомнан» «обком» хатшысына көтеріліп, соңында ОК хатшысы лауазымына тағайындалып, ең ақырында Бас хатшы болған Брежнев өмір мектебі мен қатар өмір университетінен өткен сирек тұлға екенін анық көрсетеді. Кеңестік дәуірде қызметте өсудің осындай әлемде сирек үрдіс-тәртібі қалыптасқаны тарихтан белгілі. Қазір жоғарғы билікте осы үрдісті жаңғырту сөз болуда.  
КСРО-ның біраз аймақ, өлкелерінде  жоғары лауазымды партиялық қызметте болған басшы 1954 жылы Қазақстанға келіп, ОК-ның екінші, кейін 1955 жылы бірінші хатшысы болып сайланады. Осы жылдары Брежневтің жеке оққағары болған П.Кравчукпен Димекең мұражайында жиі әңгімелесетін едім. Ол Брежневтің қарапайым, әзілқой әрі есте сақтау қабілетінің күшті екенін жиі әңгімелейтін. «Колхоз, совхоздарға шыққанда қара­пайым колхозшылармен тіл табысып, емен-жарқын әңгімелесіп, олардың есінде ерекше қалатын», – деп Лекеңді (Брежневті) еске алатын. «Саяжайына барғанда сұлу әйелдер жайында әзілдеп, көңілді отырғанды ұнататын». Жалпы, Брежнев жайында оны өзгелерден көбірек білетін Димекең еді. Қонаев естелігінде «генсек» туралы бәрін қаз-қалпында айтады. Өмірінің соңында айықпас кеселге шалдыққанын да жасырмайды. 
Қазақстанда Орталық партия комите­тінде нұсқаушы болып қызмет еткен Ілекең – Есенберлин сол кездегі біраз белгілі партия қайраткерін көріп, олармен жүздескен, тіпті, кейбіреулерімен етене жақын араласқан. Оның Димекеңмен жақындасуы Орталық комитетте істеген жылдарының оң әсерінен болса керек. «Мұхиттан өткен қайық» кітабында жазушы «Светлов» деп Брежневтің бейнесін жасайды. Оның Қазақстанда істегені, республиканы гүлдендірудегі үлесі, әсіресе, Бас хатшы көзіндегі қамқорлығы мен көмегі барынша айшықталады. Осы ғұмырнамалық кітаптағы деректер мен оқиғалар жазушының Брежнев бейнесін қалай сомдағанын дәлелдейді және қызықтырып, өзіне тартады. Өмірдегі шындықтан жазушы алшақ кетпейді. Көркем ойлар өмір шындығымен үйлесіп, иландырады, сендіреді. 
Жазушы Айбол (өмірдегі Ілияс Есенберлин) бастан кешкендерін айта отырып, сол кездегі біраз белгілі лауазымды тұлғалар жөнінде әңгімелейді. Олардың ішінде Бас хатшы Светлов (Брежнев) айрықша көз алдында тұрады.  Өтірік жаламен жазаланып, партиядан шыққан Айбол (Ілияс) Орталық комитетте өзінің мәселесі қаралған жиынға қатысады. Себепсіз партиядан шыққанын дәлелдеп сөйлейді. Оған неше түрлі құй­тырқы сұрақтар қойылып, есі екеу, түсі төртеу болып, мүшкіл хәлге түседі. Біреулер оған қарсы, біреулер оны жақтайды. Жиналысты жүргізіп отырған Светлов (Брежнев) бәрін тыңдап, соңында жазықсыз сотталып, партиядан шығып кеткен жазушыны ақтап, соңында «партия билетін» қайтару жөнінде шешім шығаруға нұсқау береді. Яғни, екінші хатшы Брежнев оның тағдырына осылай араласады. Брежневтің өзіне жаса­ған жақсылығы есінде ұмытылмастай болып қалған жазушы кітабында Партия қайраткерінің ерекше қасиеттері жөнінде толғайды. Үлкен басшы алдымен «адам факторын» алға тартып, қоғамда адами, кісілік қаситтердің жақсы болғанын қалайды. 

Мұң мен қорлық

Жазалы болып, партиядан шығып, қайта партияға қабылдануы қаламгер жүрегін жаралаған ауыр жағдай еді. Міне, сондықтан, жазушы жан досы Ақылбекке (Қонаев) кейде сырын айтып, шапағаты тиген адамға деген құрметі мен сүйіспеншілігін бір сәт есінен шығармайды. Тағдыры тәлкекке түскен жылдарын жазушы былай еске алады: «Бұл 1954 жылы еді. Андрей Иванович (Леонид Ильич, ОҚ) ол кезде екінші еді ғой. Сол күні оныншы август, (тамыз, О.Қ.) Қазақстан Орталық Комитетінің секретариятында менің партиялық ісім қаралған күн, әлі есімде» деп қаламгер бір күрсініп, оқиғаны шынайы көз алдыңа елестетеді. Ол жазаланып, түрмеде отырып, елге оралғанда оған «сотталған адам»  деген айып тағылып, бастықтар жақтырмай не жұмысқа алмай әбден қорлық көреді.
Қаламгер Брежневтен кейін енді жұмысқа орналасуына байланысты жақсылықты Қонаевтан көреді. Оның қабылдауында болып, мұңын шағып, бәрін жасырмай, жұмыссыз жүргенін баяндайды.
Димекең түрмеден келген, жұмыссыз жүрген, жабырқаған және жүдеген жазушыны «сен сотталған – адамсың» деп табаламай, қайта оны аяп, емен-жарқын сөйлесіп, соңында жұмысқа орналасуға көмектеседі. Жазушыға деген құрметін, адал жанға деген сүйіспеншілігін Димекең естелігінде былай өрбітеді: «Есенберлин екеуміздің арамызда аса бір достық пейіл ертеден қалыптасқан еді. Оны Орталық комитетте нұсқаушы болып істеп жүрген кезінен білемін. Артық сөзі жоқ, жібектей мінезі бар кісі еді... Жазықсыз жалаға ұрынып, біраз уақыт істі болды. Түрмеден шыққан бойда ешқайда бұрылмастан, тіпті, үйіне соқпастан салып отырып маған келіпті. ...Бар мұңын шағып, жайын айтты. Басқа-басқа дәл қаламгерден қиянат, жазушыдан жалғандық шығады деп ойламаймын. Мен оның өтініштерін екі еткенім жоқ. Қолдан келгеннің бәрін жасауға тырыстым. Жабырқап қайтқан көңілдің көз түрткі болмас жағын ойладым», – деп Димекең жазушыны қалай жақтағанын ағынан жарылып, естелігінде осылай жазады. 
Ілекеңнің Димекеңе «Ақылбек» деп ат қойып, оның үлкен шығармасының бас кейіпкері  етіп, оның бейнесін сомдауы, шынайы кемеңгерлік келбетін көрсетуі – Қонаевқа деген құрмет пен сүйіспеншілікті әлемге паш етеді. 

1974 жыл немесе «генсекке» хат және Имашев

Орталық комитеттің сол кездегі идеология жөніндегі хатшысы Саттар Имашевты студент кезімде теледидардан жиі көріп жүрдім. Съезд, Пленумдарда сөйлеген сөздері, баяндамалары баспасөзде жиі жарияланатын. Оны өте білікті, сұңғыла партия қайраткері дейтін. Партияның идео­логиялық саясатында өте сақ «екі шоқып бір қарайтын» Саттар Имашев нағыз коммунист, «коммунизм ұраншысы» Сусловтан үйренген және одан нұсқау алатын ісіне берілген партия қайраткері еді. Орталық комитеттің үшінші хатшысы қайтыс болған­да онымен қоштасуға барған топтың ішінде мен де болдым. Партия лидерлерінің бірі бұл қайраткерді коммунистер қайғырып, ақтық сапарға шығарып салды. Қаралы жиынға халық көп жиналды. 
Көзінің тірісінде ол кісі туралы өсек-аян, ерсі сөз айтылған жоқ. Димекеңнің сенімді серіктерінің бірі, ол үлкен үйде әдебиетті, өнер кино, баспасөзді бақылап отырды. Сол дәуірдің саясатына сай партияның «сара жолын» ұстаған хатшы өз ұстанымынан ауытқыған жоқ. Димекеңнің қас-қабағына қарап қызмет атқарды, мәселе шешті. Бүгінгі күн тұрғысынан қарап, оған кінә тағатындар бар шығар. Жалпы, өткенді қаралап, жоққа шығаруға болмайды. 
Қаламгер Ілекең мен саяси қайраткер Сатекеңнің арасында ымыраға келмейтін қайшылықты жағдай қалыптасып, соңында бұл қатты ушығады. Жеке бас араздығы емес саясаттағы керағар ұстаным мен көзқарас екі тұлғаның «тіл табысуына» кедергі болып, олар «жауласады». Ол кезде Ілекең Одаққа әбден танылып, кітаптары Мәскеудегі «Советский писатель», «Молодая гвардия» және «Известия» баспаларында басылып, әйгілі романдары кейбір шетел тілдерінде аударыла бастаған болатын. Шығармашылығына байланысты Имашовпен жұлдызы қарсы, рухы керағар, қан майданда партияға өткен Ілекең, «генсек» Брежневтың өзіне жағдайын айтып, 1974 жылы 31 қазанда хат жазып, оны жібереді. Өйткені, Ілекең Брежневпен бұрыннан таныс. Жөнсіз жазаланып, партиядан шығып кеткенде сол кездегі екінші хатшы (Қазақстанда) Брежнев 1954 жылы оны партияға қайта алдырып, оған ерекше сенім артқаны жоғарыда айтылды. Ол кейін жазған хатын осы оқиғадан бас­тап, содан бері жиырма жыл өтседе өзіне жасаған оның жақсылығын ұмыта алмай жүргенін есіне салады. ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ілекең хатында тағдырына араласқан адам туралы ағынан жарыла айта келіп, соңғы жазған «Мұхиттан өткен қайық» романын жарыққа  шығара алмай жүргеніне налығандай кейіп танытады. Орталық комитет хатшысы С. Н. Имашев тарапынан қарсылық  болып жатқанын баяндайды. Орысша жазылған №1 хаттың Имашевқа қатыстысы «азат жолы» былай басталады: «по отзывам писательских кругов, книга удалась. Одноко секретарь ЦК КП Казахстана тов. Имашев один из ее первых вариантов, категорически запретил не только издавать, но даже давать ее читать кому-нибудь для совета», - деген хат мәтініндегі осы жолдар шындықты көзге ұрып көрсетіп тұр.
Бас хатшыға  жазған хатта  жазушы егер мүмкіндігіңіз болып жатса, уақытыңыз сәтін салса қолжазбаны оқып көрерсіз деген тілекпен кітап қолжазбасын жібергенін «генсек» қаперіне салады. Соңында мемлекеттік істерден қолыңыздың босамайтынын білемін, сондықтан, «қолжазбаны мұхият оқып, өз пікірін айтатын, әдебиеттен хабары бар ісіне жауапты кісілердің біріне тапсырсаңыз тамаша болар еді» деп өтінеді. Ілекеңнің Брежневке жазған әйгілі №1 хаты 2001 жылы Алматыдан шыққан «Сокровенное» атты естелік кітапта жарияланады.
Ілекеңнің дау-дамай, жанжал-қызғаныш тудырған «Мұхиттан өткен қайық» кітабында Алаш Орда жөнінде алғаш айтылады. Ахмет Байтұрсынов пен Мағжан Жұмабаевтарды ақтау жөнінде мәселе көтеріледі. Олай болса басшысы Имашев отырған орталық комитет бұл кітапты шығару түгіл оның қолжазбасын оқудан қорықса керек. Сондай-ақ, кітапта сынауға, теріс пікір айтуға болмайтын ұлы партияның жі­берген кемшіліктері мен қателіктері туралы сөз болады. Қазақстанды ту-та­лақай қылғысы келген Н. Хрущевтың, оның қолшоқпары И. Юсуповтың «образдары» жасалады. Аты-жөндері бүр­кемеленіп көрсетілсе де – зерделі оқыр­ман олар­дың іс-әрекеттеріне, ұрда-жық мінез, биліктегі өктемдіктеріне қанығады. Алаш Орданы, Кенесарыны жек көретін ға­лымдар мен кейбір жазушылардың бейнесі қылаңдайды. Ол кезде көзі тірі большевик жазушылар Ілияс қозғаған Алаш Орда мәселесін көтеру – бұл барып тұрған ұлтшылдық, тіпті, қастандық деп түсінеді. Әсіресе, Тың игеру жылдарындағы бір қанды оқиғаның суреттелуі – партия көсемдерін шошытса керек. Бұл оқиға СОКП хатшы мен Республика басшысы тыңға келген кезінде жұрттың қабырғасын қайыстырады. Сондай-ақ, отызыншы жыл­дар­дағы аштық қырғынына қатысты оқиға, дерек төбе шашыңды тік тұрғызады. Кеңес Үкіметі кезінде қанды қырғынды кітабына арқау етіп, әшкерелеген қаламгер «партия тарапынан халық жауы» атануға аз қалса керек. Егер, Сталин заманы болса, Ілекең табан астында атылып кетер еді. Сондықтан, жет­пісінші жылдардың соңы жазушы өмі­ріндегі ықтимал қауіп-қатерді елестетеді. Өзін қорғау жөнінде Д.Қонаевқа жазған хатында жеке басындағы жағдайдың шет-жағасы сезіледі. «Көптен бері Қазақстан Коммунистік Партиясының Орталық комитетіндегі жолдастар менің соңыма түсіп жүр...» – деп жазады жазушы, 1973 жылы тамыздың 7-күні  Димекеңе жіберген хатында.

Жанталас немесе «Мұхиттан 
өткен қайық»

Ілекеңнің көзінің тірісінде жарыққа шығара алмай кеткен оның «Мұхиттан өткен қайық» кітабы «Қаһардан» өткен қауіпті шығарма болғаны сол кездегі нақты деректермен шынайы мәліметтер арқылы ақиқатты айғақтайды. Осы кітапты жарыққа шығару жолында жазушы барын салып ізденеді, қатты іске кіріседі, тіпті, жанталасып, ауыр күйзелісті бастан кешіреді. Ең өкініштісі сол тірі кезінде кітап жарыққа шықпай арада отыз жыл өткенде, 2001 жылы жарық көреді. Адамзат тарихындағы әйгілі кітаптардың тағдыры жөнінде кеңестік дәуірде жиі жазылатын. Міне, сондықтан, кейінгі кеңестік тарихта тағдыры тәлкекке түскен атышулы кітптардың бірі қазақ жазушысы Ілияс Есенберлиннің жоғарыда аталған шығармасы екенін дәлелдеп жатудың қажеті жоқ. Соңғы ақтық кіта­бын жазу машахаты өз алдына – оны жа­рық­қа шығару жолындағы қаламгердің жан айқайы, өтініш-шағымдары ауыр траге­диялық ахуалды елестетеді. 
Ілекеңнің мезгілсіз өмірден өтуіне екі жағдайдың әсері болғанын жазушы қоластында қызмет еткен Қабдеш Жұмаділов өз естелігінде меңзейді. Ол алдымен Алматыда қазақ тілінде шығарылуға тыйым салынған, содан соң Мәскеуде «Новый мир» баспасынан жарыққа шығаруға рұқсат етілмеген «Мұхиттан өткен қайық» және Лениндік сыйлыққа ұсынылған «Көшпенділер» кітабына тағылған жала қаламгердің рухын түсіріп, еңсесін езіп, денсаулығына қатты әсер еткен. 
Ілекең өмірден өтеріне төрт-бес жыл қалғанда Димекеңе №3 хатын жазады. Онда қолжазбасы кейбіреулерді секем алдырған кітаптың қысқаша мазмұнын айтады. Шығармада идеологиялық қате жоқ. Социалистік реализм негізінде жазылған еңбек деп: «Менің кітабымда шындық, тек шындық жазылған» деп ойын түйіндейді. «Кітап алдымен өз ана тілімде, өз елімде жариялануы керек» деген сөзді қадап айтады. Мәскеуге табынған, Кремльден ақыл-кеңес сұрайтын партия басшылары кітаптың алдымен сол жақтағы баспалардың бірінен шығуын нұсқаған ғой. Өйткені, рухани сала партия шенеуліктері көлеңкесінен қорыққан. Кітап туралы теріс пікір айтқан Орталық Комитет хатшысы «ЦК КПСС» құзіретіне жүгініп, шығарманың алдымен Мәскеуде «Новый мир» журналында тексеріліп, жариялануын жөн көрген. Жазушы өз тілінде, бұл кітабын шығара алмай өз елінде адам сияқты жүре алмағанына ашынып, күйінеді.
Кезінде айғай-аттаны, дау-дамайы, жанжал-керісі, төрткүл дүниеге тараған Ілекеңнің «Қаһар» кітабын қорғап, жа­рыққа шығуына тікелей өзі араласқан Димекең «Мұхиттан өткен қайықтың»  жолын ашуға қауқарсыз болды. Өйткені, Ілекеңнің жарыққа шығып жатқан сансыз тарихи кітаптарына қа­тысты арыз-ша­ғымдарда  есеп жоқ еді.  Ал, жоғарыдағы кітап жөнінде «саяси қауіп­ті», партия бас­шыларын мас­қаралап көрсеткен деп айып тапқан анықтама, шағым-хат Димекең отырған Үлкен үйге жолданып жатты. Ол кезде жасы біразға келіп, бір рет тосын «жүрек талмасына» тап болған Димекең осы сырқаттан оңала алмай жүрген. Әрине, оны сыртқа білдірмеді. «Мұхиттан өткен қайықтың» жыры таусылмай, дау-дамайы басылмай, арызқойлар аттандап, әбден мезі еткен бір басқосуда Димекең күншілдерге қарап: «Менің көзімнің тірісінде кі­таптың жарық көрмегені жөн болар» деп кейістік білдіреді. Егер, кітап жарыққа шықса, – нағыз қан-майдан боларын сұңғыла Димекең білсе керек. Әулиенің сөзі Құдайдың құлағына шалынса керек. Партия ұлықтарын, жазушы-коммунистерді және күншілдерді нысанға алып, кітабына арқау еткен «Мұхиттан өткен қайық» Құдайдың құдіретін қараңыз – Қонаев дүние салғаннан кейін араға сегіз жыл салып 2001 жылы жарық көрді. Айтпақшы, шы­ғармадағы жағымды бас кейіпкерлердің бірі Дінмұхамед (Ақылбек) Қонаевтың өзі екенін көбіміз біле бермейміз. Өзін мақтауды жөн көрмейтін Димекең естелігінде «мен сол кітаптың кейіпкері едім» деп айтпайды. Кітаптың кезінде не себепті жарыққа шықпағанын меңзейді. Бұл жоғарыда айт­қандай түсінікті нәрсе. 
Сол кездегі Мемлекеттік баспа коми­теті бастықтарының бірі Скоробогатов 1978 жылы 20 желтоқсанда Ор­талық комитетке жолдаған «хат-анық­тамасында» аталған кітап жөнінде жазушы субъектизм мен қате көзқарасты ұс­танған дейді. Ол Л. Мирзоян, Ж. Шаяхметов, П. Пономоренко сияқты қайраткерлердің аты-жөндерін атап, жағымсыз жақтарын сөз етеді. Бір сөзбен айтқанда мемлекеттік және партия қайраткерлерінің бейнесі бейшаралықты елестетеді деп кінә тағады. Әсіресе, Алаш Орда қайраткерлері А.Байтұрсынов пен Мағжан Жұмабаевты ақтау жөнінде жазушының мәселе көтеруін қатты сынайды. Төрт-бес рет жөнделіп, кейбір тараулары түгелдей қайта жазылған кітапта бізге беймәлім талай шындықтың айтылғаны сөзсіз. Ілекең кеңестік дәуірде айтылмаған көп ақиқатты шығармасына арқау еткен. Өкініштісі, кейін жарыққа шыққан «Мұхиттан өткен қайықта» саясат сойқанына байланысты бұлтартпайтын деректер мен оқиғалардың көбі өшіріліп, кітапқа кірмей қалған.  

«Шовинизмге қарсы шайқас» 
немесе Асқаров

Орыстық ұлы шовинизмді, Лениннің өзі жек көрген империялық үстемдікті коммунистер барынша жалғастырады. Бұған  әрине,  көптеген мысалдар кел­тіруге болады. Осы жерде Алматыдағы бір оқиғаны айтуға тура келіп отыр. 1970 жылы В.Ленин атындағы салтанат сарайы пайдалануға берілді. «Ұлы көсем В.Ленин атындағы сарайдың алдында Абайдың ескерткіші тұрмауы керек. Оны басқа жаққа көшіру қажет» деп шовинист пиғылдағы орыс сәулетшілері мәселе көтереді. Тіпті, Мәскеуге Брежневтің атына ұсыныстарын айтып хат та жазады. Осы оңбағандық іс-әрекет жөнінде ол кезде көзі тірі, Абай ескерткішінің авторы марқұм Хәкімжан Наурызбаев маған қинала айтып еді. Брежнев өзіне жазылған хатты оқып «мұнда шовинизмнің иісі аңқып тұр. Димаш, мәселені өзіңіз шешкеніңіз дұрыс болар» деп хатты Қонаевқа жібереді. Димекең шара қолданып, кінәлылардың сыбағасын беріп, оларды Алматыдан аластатады. Бірақ, кейін біреулер Абай ескерткішін бүлдірмесе де жаман қоқыс заттарымен ластап кетеді. Алматыға алғаш келген абитуриент кезімде (1970) осы оқиғаны біреулерден естіген мен кейін оның шындығына көзім жетті. 
Жалпы, шовинизмге қарсы ашық кү­рес­кен Ілекеңнің рухани досы оның шығармашылығына тәнті, қаламгердің ұлт­жандылығына қашанда риза – «обком» хатшысы Асанбай Асқаров еді. Асекең соңында шовинистік өктемдіктің құрбаны болып, сотталғаны әлемге аян. Ілекең де шовинист бір заңгердің айтқанын тыңдамай ұйымдастырылған іс арқылы жаламен сотталып, түрмеден бір-ақ шығады. Горбачевтың әмір-нұсқауы бойынша жазаланған Асанбай Асқарұлы естелігінде осы өктемдік саясаттың шарықтау шегіне жеткенін айтады. Димекең де ғұмырнамалық еңбегінде қоғамдағы осы кертартпа құбылысты меңзеп, әңгіме өрбітеді. СОКП – саясатының ұңғыл-шұғылына дейін білетін, құпия-сырына қанық Асекең «тотолитарлық орталық шовинизмнен құтыла алмады» деп ашық айтады, өзінің жазбаларында. 
Асекеңнің шовинизммен күресі ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрді сақтап, тарихты білу, ұлттық кадрлардың өсіп, қазақтар санының көбеюі, астана Алматыда алаш азаматтарының қауымдасып жиналуы сияқты мәселелердің төңірегінде жалғасты. Алматыны қазақтандыруға байланысты қажет жерінде Асекең ешнәрседен аянбаған. Тұрар Рысқұлов, Бауыржан Момышұлынан кейінгі ұлтын ерекше сүйген осы арада азамат былай дейді: «Мені өзге халық өзіне бірінші хатшы етіп сайлар ма? Мен өз ұлтымнан басқа кімге керекпін? Сондықтан, халқымның күйзелісі менің күйзелісім». Тарихты терең білген қоғам қайраткері, соғыс ардагері ол өмірінің соңғы жылдарында «Ұлы Тұран ұлдары» атты зерттеу кітабын жазды. Өлең, дастан, жыр толғаулары жарыққа шықты. 
Ақын әрі қайраткер Асекең әдебиетті айрықша сүйген тұлға. Ол Ілекеңнің тарихи кітаптарын түгел оқыған. Міне, сондықтан үлкен жиналыста «Қаһар» кітабын қорғап сөйлеп, шығарманың шынайы шындықтан тұратынын дә­лелдеп, деректер мен оқиғаларды кел­тіріп, қаламгерлердің өзін қайран қал­дырған. «Мұхиттан өткен қайықта» Асқаров бейнесі де қылаң береді. Жазушы оны «обком» хатшысы деп меңзейді. Ар жағында оның анық бейнесі көрінеді. Асекең Бас хатшы Брежневпен жақсы қарым-қатынаста болған. Сондықтан, Ілекеңе шапағаты тиген «генсек» туралы «Л.Брежневтың қателіктері бар шығар. Жаңылмайтын жан жоқ, сүрінбейтін тұяқ жоқ... Оның ерекше бір қасиеті – іс жүзінде өте мейірімді, адамгершілігі мол кісі болатын» деп еске алады.
Шовинизм деген өктемдікке Асекең ақыл-ойы арқылы, еңбек-қаракет арқылы қарсы тұрды. Білдірмей, күреске де шықты. Мұны Кремль біліп, Горбочев соңында оны жазалауға нұсқау берді. Астыртын арыз жазушылардың шағымдары оның түбіне жетті. Ілекең бұрынғы Ресейлік өктемдікті барынша әшкерелеп, кеңестік «Қызыл шовинизммен» қалам арқылы қаһарланып шайқасты. Бұған кітаптарындағы оқиғалар мен мәлімет-деректер және азаттық күрестер куә. Егер, тірі болса Ілекең нағыз шовинист М.Горбочевтың да бет-бейнесін көрсетіп, кітабына арқау етер еді. Горбочев Ресейдің ежелгі бір өлкесіне келгенде «нағыз орыс жері» деп «орыстық қасиетті» асыра айтқаны бар. Әсіресе, терістіктегі Қазақстанның бес облысын бұрынғы орыс жері деп көкуі, оның шовинизм дертімен ауырған залым, кекшіл әрі «қаны сұйық» бұзық екенін айдай әлемге паш етті. 

«Дөкей келе жатыр» немесе Бас хатшының таудай портреті

Егер, Брежнев Ілекеңді партияға қайта алдырмай, меселін қайтарып, қызметтен аластатса қаламгердің рухы жасып, ол шығармашылықтан күдер үзер еді. Өйткені, партиялық мәселесі қаралатын жыйын алдында жазушы жаны байыз таппай екі ұдай қауіпті күйде болып, тұңғиық ойға кетеді. Өзінің бақытына қарай және «генсектің» мейір-шапағаты арқасында ол «қауіпті өткелден» өтіп, мұхитқа шығады. Жазушы тағдыры осылай бейнелеп айтқанды қалайды.
«Мұхиттан өткен қайықтағы» жағымды кейіпкердің бірі Брежнев (Светлов) бейнесі сәтті шыққан кейіпкер, өмірдегі «генсектің» өзі. Бас хатшының кітаптағы бейнесі өз алдына, ол кісінің жүріс-тұрысы, сөйлеген сөзі, жиналыстарда жасаған баяндамалары көзі тірі партия қайраткерлерінің есінде әлі тұр. Ілекеңнің кітап кейіпкері, әйгілі тұлға Қазақстанда барынша құрметтеледі. Белгілі әннің қайырмасында «Ильич» деген ән мәтіні радиодан жиі қайталанатын. Алматыдағы Партия мектебінің көше жағындағы ғимаратында Брежневтың таудай портреті күндіз-түні жарқырап тұрды. Суреттің үлкендігі кімді де болса қайран қалдыратын. Бас хатшыға деген құрмет, мадақ ерекше болды. Өйткені, оның Қазақстанға деген көзқарасы айрықша еді. Тегінде, Ленин аттас есім (Ильич) бар Леонид Ильич кезінде әсіресе, Қазақстанда жақсы жағдай қалыптасты. Димекеңмен достығының жарасуы, жеке өмірлеріндегі дархандық және мейірімділік оларды тарихта осылай қалдырды.
Брежнев дүниеден өткен соң Горбочев кезінде бұрынғы «генсектің» жұмысындағы кемшіліктерді көрсету Политбюрода сөз болады. «Ең жақын досы сізсіз, Димаш Ахметұлы әңгімені сіз бастаңыз» дейді біреулер. Сонда Димекең «Мен Брежневтің көзінің тірісінде оны жамандаған жоқпын. Өлгеннен кейін де жамандамаймын» деп сөзді шорт кеседі. Қонаев естелігінде Брежневтің кемшіліктері мен қателіктері де айтылады. Хрущев, Горбочевпен салыстырғанда Брежнев нағыз адам, иманы жолдас кісі деп аруаққа тағзым етеді.
...Алматыда жетпісінші жылдары Абылай хан даңғылы мен қазіргі Қабанбай көшесінің қилысында «Дөкей келе жатыр» деген спектакльдің дәу жарнамасы бір жаз тұрды. Алматыға сол мезгілде Брежнев келетін болды. Көлеңкесінен қорыққан, сауысқандай сақ және қырағы партия шенеуніктері тиісті адамдарға ескертіп, «Дөкей келе жатыр» деген плакат-жазуды алдырып тастайды. Бас хатшыны «мазақтау болып жүрер» деп ойласа керек. 

Лекең – Димекеңді «Димаш» 
деуші еді

Лекең – Леонид Ильич Брежнев «Есенберлин мәселесін» қараған 1954 жылы – Димекең ҚР Ғылым академиясының президенті болатын. Жаңа келген екінші хатшымен көрші тұрады. Өйткені, саяжайлары өте жақын, бір жерде еді. Лекең (Леонид) әйелі Виктория өте қарапайым, қақ-соқпен ісі жоқ, бір тоға адам болған. Ерінің жұмысына, түздегі шаруасына, қызмет бабындағы мәселелерге тіпті, ара­ласпаған. Сондықтан, оны көршісі, Ди­мекеңнің әйелі Зухра ханым қатты сыйлап, құрметтейді. «Көршілер бір үйдің жандары сияқты өте тату-тәтті тұрды» деп еске алған еді Димекеңнің оққағары Анатолий Горяйнов. Перзент көрмеген Зухра ханым, тіпті, Викторияның немересін «өкіл бала» етіп алуды ойласа керек. Міне, осындай көршілік қарым-қатынас бір-біріне деген құрмет пен сенім, сүйіспеншілік және қыл өтпейтін сыйластық өмірлерінің со­ңы­на дейін жалғасады. Кезінде Брежнев пен Қонаев құда екен деген әңгіменің шық­қаны рас. «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды». Қазақша айтқанда құда­лық ілік-шатыс болған көрінеді. Асқар Қо­наев­тың ілік-жұрағаттары Брежневтың ағайын-туыстарымен қарым-қатынас жаса­­­­­са керек. Димекеңнің құдасы, Мұхтар Әуе­зов­тың әйелі Валентинаның ұлты орыс емес пе. «Брежнев пен Қонаев құда» деген алыпқашты әңгіме осыдан шыққан. Соғыс кезінде Брежневтың отбасы әлде туыстары Алматыға келгенде Димекеңнің әкесі Меңліахмет қарияның қамқорлығында болады. Брежнев «Тың» атты кітабында Ал­матыдағы қазақтардың соғыс кезінде осы қалаға келген өзге ұлт өкілдерін жатсынбай оларға жайылып төсек, иіліп жастық болғанын аса бір құрметпен жазады. Қазір Фурманов көшесінде  «Брежневтер тұрған үй» деген ғимаратты меңзейтін кісілер бар. Ол маңды өзім барып көрдім. Бірақ, Брежневтердің дәл қай үйде, қай пәтерде тұрғанын біле алмадым. Брежнев 1954 жы­лы салт келіп, Қазақстанда екінші хатшы болғанда өзінің осы Фурманов көшесінде тұрғаны – күмән келтірмейді. Фурманов пен қазіргі Бөгенбай батыр көшесінің қиы­лы­сынан ескі үкімет үйіне (қазіргі театр инс­титуты) жаяу келетінін  оның оққағары П.Кравчук маған талай айтқан болатын. 
Л. Брежнев 1965-1975-ші жылдар ара­сында КСРО-ның нағыз көсем патшасы болды. Империяның әлемдік саясат­та­ғы ұстанымы – Бейбітшілік еді. Жер бе­тінде «Бейбітшілік тірегі» КСРО бол­­ғаны дәлелдеуді қажет етпейді. Айбыны ас­қан АҚШ-тың өзі КСРО-мен санасатын. Әсіресе, ядролық қару-жарақтың, құр­лықаралық ракеталардың сыналуы әлемді үрей­лендіретін КСРО – соңында ми­ли­та­ристік мемлекетке айналды. 
Андропов 
немесе Ташкент оқиғасы

Тұңғыш ғарышқа ұшу КСРО-дан бас­талып, ол 60-70 жылдарда жалғасып жатты. Бұл Брежневтің «генсек» болып тұр­ған кезіндегі ғылым мен техниканың қарқынды дамығанын дәлелдейді. Жан-жақты білімді өзі инженер Ілекең кітабына Брежневті текке кейіпкер етіп, оның еңбегін босқа дәріптемеген. Бас хатшы, Лениндік сыйлық алды, басқа да марапаттары жетіп-артылады. Леонид Ильичті ерекше артық білетін, тіпті, жеке басындағы құпия-сырларына дейін қанық жан Димекең еді. Айтпақшы, Брежнев Димекеңді өмірінде «Қонаев жолдас» деп аты-жөнін айтпаған. Көзі жұмылғанша неге екені белгісіз «Димаш» деп кетті. Димекең Брежневтің 1960-1970 жылдар арасында өте белсенді қажымай-талмай, табанды еңбек етіп, ерекше ел басқарғанын айтады. Сондай-ақ, жеке басы жөнінде: «Леонид Ильич сөзді орнымен тауып айтқанды жөн көретін. Отырған жері әзіл-қалжыңсыз болмайтын. Айналасындағылармен емін-еркін отырып, ашық-жарқын сөйлесетін. Со­ған қарамастан өте сақ адам еді» деп еске алады. Өмірінің соңғы жылдарында ауруы асқынып, өз міндетін толық атқаруға мүлде шамасы келмегенін Димекең жасырмай ашық айтады. Билікті «мәскеулік топ» қолына алып, білгендерін істейді. 
Ресей телеарналарының бірінде Бреж­нев жайында бір қызық фильм көрсетті. Өмірінің соңында ақылынан адасып, алжыған және не істеп жүргенін білмейтін «есалаң» Брежневті көреміз. Кинода оның жеке басына, отбасына және аңшылықтағы тосын әрекеттеріне қатысты қызықтар бірінен соң бірі жалғасады. Мынандай бір қызық эпизод бар. Отбасы мүшелері ас үйде дәм татып отырғанда басына қазақы түлкі тұмақ, үстіне шапан киген және барлық орден-метальдарын салдырлатып, Брежнев кіріп келеді. Мұны көргенде бәйбішесі Викторияның есі шығып, не істерін білмей  қалады. Бәйбішесіне басындағы түлкі тұмақты көрсетіп: «Мұны маған Димаш – Дінмұхамед сыйлаған» деп мақтанып, үйде баланың қылықтарын көрсетеді. Өмірінің соңында жүрек ауруына ақыл-ой, ми сырқаты қосылып, жан мен тәні үйлеспей, Леонид Ильич бір сұмдық кеселге шалдыққан ғой. Іссапарларда, жиналыстарда, аңшылық кездерінде Брежневтің ерсі, оғаш қы­лықтар көрсететіні сексенінші жыл­дардың басында білініп, соңында бұл үдеген. Оның қасында жүрген, жақын араласқан, балық аулауға барған партия ардагерлерінің естеліктерінде Бреж­невтің «шизофрения» елірме сырқаты жөнінде жиі айтылады. Кө­мек­шілері мен оққағарларының мәліметтерінде Брежневтің тосын жағдайға қатысты кейде сөз тыңдамай, өз бетімен кететіні – олар үшін азап болған. 
Өмірден өтеріне аз қалғанда Брежнев Ташкентте бір зауытты көруге келді. О баста мұнда «генсектің» келетіні іс-жоспарында – «күн кестесінде» жоқ екен. Аяқ астынан «мен онда барамын» дейді Бас хатшы. Кім оған қарсы тұрсын. Оққағарлары мен қызметкерлері және КГБ-ның агенттері Бас хатшы баратын объектінің тексерілмегенін, тосын жағдай ықтималдығына қатысты шараның жасалмағанын және онда сақтық ережелерінің ескерілмегенін бастықтарына айтады. Брежнев ешкімді тыңдамайды. Бойын елірме мен теріс әдет билеген Леонид Ильич зауытқа келеді. Кіре берісте төбедегі тақтай құлап, Брежневтің бұға­насы сынады. Шұғыл ем-дом жасалады. Лекең КГБ бастығы Ю.Андроповқа телефон соғып: «Ешкімді жазалап, тиісті адамдарға қаһарыңды төкпе. Бұл ұйым­дастырылған қастандық емес. Аяқ­астынан  болған тосын жағдай» деп бол­ған оқиғаны өзі түсіндіреді. Осы оқи­ғаны кезінде біреулер сан-саққа жүгіртіп, алыпқашты әңгіме таратты. 
Ташкент сапарында жарақат алған, кейін о бастағы ем қонбайтын дерті мең­деген Брежнев 1982 жылы қараша айында дүниеден озды. Оны ақтық сапарға шығарып салу рәсімі теледидардан көрсетілді. «Ген­сектің өмірден озғаны» жөнінде әлем құлақтанды. 
Келесі жылы дәл осы күз айында Бреж­невті дәріптеп,  атақты кітабына кейіп­кер етіп кіргізген, «қаһарман қаламгер» Ілияс Есенберлин дүниеден озды.

«Қонаевтың қоңырауы» 
немесе Айтматов

Ілекең Брежнев дәуірінде шығарма­шы­лықтың шырқау биігіне көтерілді. Айтуға тіл жетпейтін «Көшпенділер» трилогиясы Лениндік сыйлыққа ұсынылды. Өкініштісі, алуға тиіс болған сыйлық оған бұйырмады. Оны жамандаған, жоққа шығарған арыз-шағым Кремльге күнде түсіп жатты. Ол кезде әдебиет жазушылар одағын және қаламгер қауымын СОКП-ның арнайы бөлімі бақылап, қадағалап отыратын. Комиссия мүшелері  олардың айт­қанына құлақ асатын. Ілекеңнің осы үлкен сыйлықты алуына барын салып, ол үшін шыр-пыр болған Шыңғыс Айтматов еді. 
Ілекең шығармашылық «аламан-бәй­геге» түсетінін айтып бірде  Димекеңмен кездеседі. «Саған КСРО Мемлекеттік сыйлығын алып беру қолымнан келеді. Алдымен сен осы сыйлықты ал, Әуезов та солай жасаған жоқ па? Кейін бір реті келер» деп кемеңгер  осылай кеңес береді. «Димеке, қазақта жығылсаң нардан жығыл» деген сөз бар емес пе? Ең зорына тәуекел еттім», – деп қайсар қазақ бетінен қайтпайды. Соңында не болғанын айтып жатудың қажеті жоқ шығар.
Сол жылдары (1980) ол кезде мен ҚР кітап палатасында қызметкер едім. Бас­тығым «батыстық» Тахауи Ахтанов, оның орынбсары «солтүстік» өлке қазағы Есенберлин елінен шыққан Ә.Ахметов деген аудармашы қаламгер. Үкімет үйі жақын болғандықтан кейде мені онда жұмсайды. Бірде Бәйкен Әшімов алуға тиісті бір құжатты оның көмекшісіне апардым, келесі күні Орталық комитеттің үгіт-насихат бөлі­мінің қызметкеріне тағы бір мекеме хатын жеткіздім.
Орталық Комитет пен Үкімет үйінде не болып жатқанын сыбырлап айтатын саққұлақтардан көп нәрселер ес­тиміз. Әсі­ресе, онда Есенберлин туралы алып­қашпа әңгіме, ал, Жазушылар Ода­ғында Іле­кеңнің Лениндік сыйлыққа ұсынылған кітабы жөнінде неше түрлі гу-гу жел сөзден құлақ сарситын. Ілекең мен Тахауи  Ахтанов арасындағы дүрдараздық, қауесет өсек ақын, журналист, жазушы жігіттердің басы қосылған жерде үдей түсетін. «Есенберлинді Қонаев қолдайды» деп гулесетін. «Мәскеуге соққан Қонаевтың бір қоңырауы Есенбер­линге үлкен сыйлықты (Лениндік) алып береді» – деп сәуегейлік айтатындар, Іле­кеңді жақтайтындар. 
Ұлы империяның ең жоғарғы ата­ғы Лениндік сыйлық халықаралық Нобельдік сыйлықтан кем емес, оған пара-пар еді. Ол социалистік және Бей­біт­шілікті жақтаушы капиталистік мемлекеттерге де ортақ рухани халықаралық сыйлық болды. Бұл әлемге әйгілі сыйлықты Қазақстанда қаламгерлерден тұңғыш Мұхтар Әуезов алды. Әуезовтен кейін бұл сыйлыққа Есенберлиннің ұсынылуы әдебиеттегі құбылыс еді. Сондықтан, қазақ жазушылары арасында дүрбелең басталып, Мәскеудің өзіңде дау-дамай жалғасты. Оған қатысты СОКП Орталық комитетіне түсіп жатқан, дабылдатқан хаттарда шек жоқ еді. «Грузиндерден бір вагон коньяк келді, қазақтардан есебі жоқ шағым түсті» деген әзіл Мәскеуді шарлап кеткен. Сөйтіп, тоқетерін айтқанда жазушының жолы болмады. 
Ілекең өмірден өтіп, Тәуелсіздік келген тұста жазушының ұлы Қозы Көрпеш сол кездегі Лениндік сыйлық жөніндегі комитеттің мүшесі Шыңғыс Айтматовқа хат жазып, неге әкесінің марапатқа ие болмағанын білгісі келіп, одан шындықты айтуын сұрайды. Бұл 1996 жылы Шыңғыс Бельгияда Қырғызстанның елшісі болып жүрген кезінде жазылған хат еді. «Ардақты Қозы-Көрпеш інім» деп басталған хатта Шыңғыс Төреқұлұлы сол дәуірдегі «әдебиет әлеміндегі» мәселелерді айта келіп, комитеттің ісіне СОКП Орталық коми­теті жауапты қызметкерлерінің бақы­лап отыратынын, тіпті, қажет жерінде ықпал ете алатынын меңзеп, оған бәрін түсіндіреді. Айтматовтың айтуынша «Көшпенділер» кітабы бірінші сатыдан іркіл­мей, жасырын дауыс берудің ақтық шешуші сатысына өтеді. Дәл осы жерде «Көшпенділерге» байланысты әңгіме өзгеше сипат алады. «Көшпенділер» қазіргі социалистік әдебиеттен алыс кеткен, бүгінгі күн талабына сай проблема көрінбейді, социалистік өмір салтына үйлеспейді» деген сияқты нәрселер тілге тиек болып, кітаптың шешуші сатыға көтерілуіне қарсылық туып, шығарманың жолы жабылады. Сөйтіп, сыйлық тізіміне үш үміткердің бірі кіріп, бағы жанайын деп тұрған сәтте комиссияның  тосын шешімі мәреге жақындаған «Көшпенділер» кітабының жолын кеседі. Яғни, жасырын дауыс беру басталардың алдында ол тізімнен сызылады. Комиссия мүшесі В.Кожевников трилогия жөнінде тарихи мәліметтері дәл емес деген орынсыз пікір айтады. Обалы не керек  Шыңғыс аға кітап құндылығын дәлелдеп сөйтіп, Есенберлинді тізімге кіргізу үшін барын салады. Комитет төрағасы Г.Марков роман оқырмандар үшін онша танымал емес жаппай оқылмаған дегенді алға тартады. Тағы бір комитет мүшесі Р.Ғамзатов романды, тіпті, оқымағанын жеткізеді. Қалған комиссия мүшелері үндемейді. Қазақстан өкілінің бұл іспен айналысуға, тіпті, құлқы болмайды. Комитеттегі жиналыстарға қатыспайды, сөйтіп, соңында әдебиет саласындағы сыйлық грузин жазушысы Думбадзеге бұйырады. Өкінішті-ақ.
Ілекеңнің Лениндік сыйлық алуын жақтап Политбюро мүшесі, Брежневтің досы, Марковтың жақсы көретін адамы А.Қонаев неге тиісті орындарға қоңырау соқпады деген заңды сұрақ туады. Басында айттық, Димекең алдымен жазушының КСРО Мемлекеттік сыйлығын алуын жөн көріп, бұл мәселеде аянбайтынын оған түсіндірген. Мұны Ілекең қош көрмеді. Брежневке бұл шаруаны айта алмады. Өйткені, Леонид Ильичтің бұл кезде ауруы асқынып, ақыл-есі ауытқып, басқа бір дүниеде жүрді. Күрделі, даулы мәселелер жөнінде сөз қозғап, жеке шаруаға қатысты өтініш-тілек айту, әсте мүмкін емес еді. Айтпақшы, Партияның бір Пленумында «Қаһар» кітабына байланысты Қазақстанда идеологиялық мәселе сыналған. Брежнев баяндамасында бұл айтылған еді. Міне, сондықтан, Димекең Мәскеудегілердің бәрін біліп, қадағалап отырғанын есінде ұстады. Ал, СОКП Орталық комитетіне Есенберлинді айыптап, ұлтшылдықты қоздырушы, хандарды мақтаушы, Кеңес үкі­метінің  қас жауы Алашорда көсем­дерін мадақтаушы деп жамандаған хаттар Кремльдегілердің өзін мезі етіп жіберген болатын. Ол кезде өзінің де қажыр қай­раты, қуат-күші азайған, бірнеше рет жүрек талмасы сыр берген Димекең дау-дамайға, алдын-ала шешіліп қойылған шаруаға қалай килігіп, араласады. 
Жалпы, Ілекеңді ерекше артық баға­лаған, хан көтеріп, талантына табынып, ұлы­лығына бас иген, сотталса да көзтүрткі қыл­май лауазымды қызметке қойған кемең­гер Димекең еді. 

 

853 рет

көрсетілді

57

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз