• Келелі кеңес
  • 09 Қараша, 2015

«АДАСҚАННЫҢ АЛДЫ ЖӨН, АРТЫ – СОҚПАҚ»

Аян НЫСАНӘЛІ,
ақын

Жолбарыс терісін жамылғанның бәрі батыр емес.
Латын мәтелі

Дала өмірі! Ол кімге болса да жү­ген-құрық тимеген шүу асаудай бүге-шігесіне дейін өз күрделі мінезін оңай­лықпен таныта бермейді. Сырттай мимырт момақан бірсыдырғы қалып көр­сеткенмен буырқана өрекпіген өршіл өзендей су асты ағысын білдірмей, жойқын көкала иірімдей тереңіне тартып кетеді. Түз тіршілігі төтенше тоқтап қалғандай болуы мүмкін, бірақ, қыр қазанында бұрқ-сарқ етіп қайнап жатады. Тарпаң тұлпар да көрінгенді шаужайына жуытпай, сауырынан сипатқанмен жеткен жерінде бұлт етіп тастап кетеді. Шетелдіктер кей-кейде болмаса сайын сахараның бар бітім-болмысын тап баса бермейтіні сондықтан. Басыбайлы бодандыққа түсіп, басқыншылықты бас­тан өткеріп, отаршылдықтың қанды қамытын киді. Тарих пен шежіре ала-құла жазылды. 


Тәкаппар тауларда ғана самғайтын қырандар қанатының суылы, бозторғай тәтті шырылы, желмен тербеле сусып ақселеудің ырғалуы мен жалбыздың хош иісті жұпар шашқанымен қосып, халықтың ызалы үнін есту кез келгеннің пешенесіне жазыла бермейді. Көкірек көзі көреген, рухы биік жандар ғана жұлдызды жырақтағы болып жатқан саналуан әлеуметтік-қоғамдық құбылысты байқап, жүрегінен өткізе алады. Шыңғыстау баурайынан шыққан дала данагөйінің дауысы маужырап мүлгіген таңғы уыз тыныштықты жарып шығып, оятуға әзірлікпен қам жасады. Бұдан артық ересен ерлік бола ма? Біз сол Абайдың өзін, оның айналасын жіті танып, біліп біттік пе? Қайдағы бір ішкі үн қабырғаны қаузап, жоқ, ә, дегізеді. Шынында да, Абай ғасырлардың ғасы­рында біртуатын феномен, тар маң­дайға сыймайтын, тек етек-жеңі шексіз даңғайыр кемеңгер кең далаға ғана лайық ғажап та ғаламат құбылыс. Бізде ауызды қу шөппен сүртетін ештеңе жоқ. Қазақтың Бас ақынын жаңа ашып, жаңа танығандай болып, оның бар болмыс-бітімін бұтарлап көрсетуге тырысу, соған ұқсау, қайтсе де қиянат. Сөз бен мәмілеге басу айтып, тоқтамайтын заман болып барады. Құдай сақтағай! 
Абай ғұмырында бар болғаны аз жазса да, саз жазып 5300 жолдан астам жыр тудырып, 1700 жол аударма жасады. Ең көп өнікті еңбек еткені – 1897 жыл, жемісі – 387 жол, 1896 жыл – 336, ал, ең аз жазғаны 1885 жыл – 14, 1903 жыл – 16 жол. «1880 жылдан бастап, 1886 жылдарға дейін Абай әрбір өлеңді жазып жүрді. Бірақ, бұл уақыттағы сөздерінің барлығын Көкбай сөздері деп жүргізді. Кейін Омбыда «Дала уәлаяты газеті» мен «Серке» шыққанда тағы да менің атыммен жіберді. «Сорлы Көкбай жылайды да жырлайды» дегенді мен қылып қойып, өзін айтып еді. Осы хал 1886 жылға дейін келді де, сол жылдың жазында ел жайлауға шықты, – дейді Абайдың үзеңгілес әріптесі Көкбай Жанатайұлы (1864-1927жж.) Мұхтар Әуезовке айтып жаздырған естелігінде. – Абай қонып жатқан ауылды көріп, осы суретті өлең қыл деді. Мен біраз өлең қылып едім, жақтырмады да өзі жазбақшы болды. Сөйтсем, сол күні «Жазды күн шілде болғанданы» жазған екен. Оқып берді. Өзі жазған сөзіне де ең алғаш қанағат қылғанын көргенім сол... Осыдан кейін өлеңді жиі жаза бастады. Тегінде, өлеңді көп жазатын уақыты қысқы күн мен жазғасалым болатын. Кейін 80-90 жылдардан тыныштық алып отырғанда барлық әндерін де бір-ақ қыста жазғасалым шығарды».
Алақандай Алаш қана емес, адамзат Абайының туған және өлген жылы тасқа басқандай айқын. Әйтсе де, кімде кім, ал, қазақ Бас ақынының шығармашылығын бір кісідей жақсы білетін қаракөз қарын­дасымыз Айгүл Кемелбаева үстіміз­дегі жылы жарияланған «Қазаққа дұшпан қазақ па?» атты мақаласында (меніңше біле тұрып қасақана) «Биыл Абайдың туғанына 165 жыл толды» дейді. Жаңсақ. Сонда қараорман ел Абай (Ибрагим) Құнанбайұлының дүниеге қашан келгенін білмей ме? Тағы бір тарихшы Америка ашқандай, бүкіл қалыптасқан ұғымға керағар 1843 жылы дүниеге келтіріп, жиырма ұл-қыздың әкесі етіп баяндайды. 1903 жылы жазғытұрым Науан хазіреттің (Найрызбай (Науқанбай) Таласовтың (1843-1916 жж.)  көмекшісі Ш.Қосшығұловтың Көкшетаудан жол­даған хаты ізімен Абайдың үйін жандармерия тініткенде өз қолымен жазған хаттамада екі мың қой, бір мың жылқы, бірнеше әйелі мен бала-шағасы барын бұлтартпайтындай қылып көрсетеді. Бұдан артық айғақ пен дәлел бар дейсің бе? Бүйтіп ары тарт, бері тарт екі ұдай көкпар ететін ауытқуларды тиятын мезгіл жетті. Қашанға дейін бұндай бассыздыққа көндіге беруге болады? «Тисе терекке, тимесе бұтаққа» дейтін немқұрайды берекесіздік пен кеудемсоқтық Абай айналасында да өрескел өріп жүр.
«Ә. (Ділдадан туған ұл Әбіш (Әбді­рахман / – А.Н.) 1895ж. 15 қарашада Ташкентте қайтыс болды да, сүйегі әкелініп, Ақмолаға жерленді» дейді үзілді-кесілді М.Бейсенбаев («Абай энциклопедиясы», «Атамұра», 1995 ж.) Бүйректен сирақ шығарғанның біразын білетіндігіміз болмаса, қасиетті тақырыпты бұлай бұтарлап  бұрмалағанды көргеніміз де, естігеніміз де жоқ. Бұрыннан бізге мәлімі – Әбдірхман науқастанып Алматыдағы Әбсәметтің (1850-1914 жж.) үйінде (Құнанбай  көп інілерінің бірі Жақып қызының баласы) Мағауия қолында қайтыс болмай ма? «Жаңа жылдың басы едің», «Я, құдай бере гөр», «Әбсәмет жиеннің», т.б. жолдар сол кезде туған болатын. Абай Әбдірахманды жоқтап, қасіретпен үмітке толы торығып отырып, он үштен астам өлең арнады. Бұлардың бәрі онсыз да қайғысы қалың ақын күйініші мен күйзелісін паш етті. Бұған дейінгі көп әдебиетте Әбдірахман Алматыда ауырып қайтыс болып, жер түсіп кеткендіктен сонда аманатқа қойылып, жазғытұрымға қарай Мағауия бастаған топ мәйіт елге әкелінді дейтін құлақ асатын хабар қалыптасқан жоқ па еді?
Төңкеріске байланысты тоз-тозы шық­қан Абай ұрпақтары, Алаш­орда алыптары (Ә.Бөкейхан, А.Бай­тұр­сын­ұлы, т.б.) мен замандас-тұрғы­лас­тарыда Шаһкәрім (Ха­­лық­­­ара­лық «Абай клубы» осылай қалып­тасуы дұрыс), Турағұл деп тасқа түсірсе, біздің БАҚ-тар да асығыстықпен іліп алып жаңсақ жазып жүр. Олардың азан шақырып қойған ныспысы Шаһ­кәрім, Турағұл (тек Шәкәрім, Тұрағұл емес) түрінде түзу мен түзетуге әлі де кештік етпейді. Былтыр ғана «Абай» журналының бір санында Семей мемлекеттік Шаһкәрім атындағы уни­верситеттің оқытушысы А.Құмар «Ту­рағұл Абайұлы!» деп біліп жазғанда оның аузына ешкім қақпақ қойған емес. 
Біздің ұлттық әдебиетте М.Әуезов бастау басында тұрған Абайтану ілі­міне үлкен үлес қосып үлгерген Қайым Мұхамедханов ақсақал «Абай мұра­герлері» (2005 ж.) атты кітабында «Шаһ­кәрім», «Турағұл» деп жаңылыспай дұрыс әліптейді. Білетіндерге дауа бар ма? Солай бола тұрса да баз бір басылымдар бұрынғыша белден басып тантып жүр. Қашанға дейін бұлай жалғаса береді. Қайнарға қайта оралу парыз, Шаһкәрім! Турағұл «Абай» журналы да, сол меңзелдес басылымдар мен ақиқаттың ала жібін аттамайтын жазбагерлер де бұған құлақ асады. Баттитып көрсеткенде  әдейі қыңқ етпейтін  дымбілместерге не шара? Алғашқы біреу қателесті екен деп адасып шатаса бере­міз бе?
Әрине, Абайға баратын жол әртүрлі. Әулиеханаға апаратындай соны пайдаланып соншама ауа жайылуға болмайды.
Және бір мысал. Өзін зерттеуші журналист санатына қосатын (ондай мамандық жоқ әлі) Ж.Қарабасов («Ақиқат», 2014 ж., №9) Абайды Алатау аясына келіп, «Ақын деп Шөжені айт, шешен деп Бөлтірікті айт, батыр деп Сыпатайды айт» дейтін Ноғайбай ділмармен Жетісу жерінде кездескенін алға тартып, қоштасарда оның аузына сөз салады:
Алатау асқар бел екен,
Үйсін атты ел екен.
Етек-жеңі кең екен,
Алма жеміс көп екен.
Сұлутөр құтты жер екен,
Қойны толы кен екен.
Қоңыр желі Қордайдың
Дертке шипа ем екен.   
Елден-елдің кемі жоқ –
Қасқараудың көлемі
Тобықтыдай кең екен.
Ерден ердің кемі жоқ,
Ноғайбай да ер екен.
Бақытты бопсыз Ақмайым,
Келген жерің құт екен.
Артық деп те кетер ем,
Ел намысы дер екен.
Қош болғын, ер Ноқа,
Арта берсін берекең!
Бұл жаңалық емес. Кезінде осы ойды дәлелдеуге тырысып, филология ғылымының докторы, Жамбыл мен Кенентанушы, фольклорист марқұм Нысанбек Төреқұл да айтып, жазып берді. Қызғанып отырған ешкім жоқ. Алайда, жоғарғы жарымжан жолдарды Абайға телу обал. Егер, жүздесу шын болса, жоғарғы жыр ақынның бірі болмаса бір кітабына кірген болар еді. Ал, Ақмай (Арғын апа) кім? Рас, 1895-1896 жылдары ұстаз-суретші Н. Г. Хлудов отауда асықпай отырып, жұмсақ жастықты жас­танып жатып «Ноғайбайдың нақсүйері» деген сурет салды. Ол – Абайдың ағасы Күнкеден туған Құдайбердінің екінші әйелі Матай Дулат батырдың қызы Ботанбай дүниеге  әкелген Әмірдің жары. Күйеуі қайтыс болған соң балаларын Тобықты ішіне тастап, әпкесіне еріп, Жетісуға келгенде Ноғайбайға тұрмысқа шыққаны күдік туғызбайды. Ол Абайдың жеңгесі емес. Немере келіні. Өйткені, «Абай жолында» Біржан сал қоңсы елде қонақта жүргенде Абайдың Әмірді оны шақырып келуге жұмсайтын тұсы бар. Салсерілікті сүйетін жан бұндайда құстай ұшпай ма? Егер, Шаһкәрім 1858 жылы жарық дүние есігін ашса, оның артынша ағасы ХІХ ғасырдың бірінші жартысынан кейін туғаны қисынға келеді. Бұл етжеңді Абайдың денесі ауырлап, егделікке бет бұрған кезі. Баласының қазасына қабырғасы қатты қайысып, ауыр аза тұтқан адамның ұзақ жырақ жолға жиналып, келінін іздеді дегенге кім сенеді? Ең болмаса одан бір із қалуы керек емес пе?
Сонымен, Жетісуға келіп, Абайдың Ноғайбаймен кездесті деуі ақылға қонбайды. Сары құрылық Сарыарқасында отырып-ақ, адамзаттың озат ақыл-ойын бойына дарытқан Абай Құнанбайұлындай тарихи ұлы тұлғаны бұтарламай тұтастай танығанға не жетсін, шіркін! «Мазмұны жағынан бізге Абайдың пайдасынан зияны көп» деп жазды 1928 жылы «Құс жолы» журналы ақын төбесінен қиқу кетірмей. Сұрқылтайлар мен құқылтайлар не демейді. Абай – баршамыз болып қопарыла зерттейтін Темірқазық тақырып. Ол қайда қарасаң да өзіне жүгіндіріп, алды орап тұрады: «Адасқанның алды жөн, арты – соқпақ». 

538 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз