• Заманхат
  • 09 Қараша, 2015

Абай не дейді? Ахаң не дейді? Жахаң не дейді? Қазақ не дейді? Біз не дейміз?

Сейілбек ҚЫШҚАШҰЛЫ,
қоғам қайраткері

Абай: «қызмет қыл», «сауда қыл», «еңбек қыл», кәсіп қыл», «іс қыл», «харекет қыл», «кеңшілік қыл» дейді.
Біз: «қызмет жаса», «сауда жаса», «еңбек жаса», «кәсіп жаса», «іс жаса», «әрекет жаса», «кеңшілік жаса» дейміз.
Абайдың өлеңдерінде «қыл», «қылу» сөздері 64 рет кездеседі, қара сөздерінде 144 рет кездеседі. Кей қара сөздерінде «қылу» сөзі, әуелі, бір-біріне міңгесіп тұрады. Мысалы, 16-ыншы сөзінде «қылғанды қылып» десе, 28-інші сөзінде «қылса қыла береді» дейді.


Біз «қылу» сөзі тұрмак, «істеу» сөзін де айтпаймыз. «Жұмысты істемейміз» «Жұмысты жасаймыз». Абай: «Үйіне... «кіріп» дейді. Біз: «Үйіне... еніп» дейміз. Абай: «Есек көтін жусаң да...» дейді. 
Біз: «Есек артын жусаң да...» дейміз.
Абай: «көті көрінді», «көті шөмейді», «көті бас кәпір», «көтті қысты» дейді.
Біз бұл сөзді де айтпаймыз.
Қазақ: «Көтіңе қара» дейді.
Біз: «Плебал» дейміз.
Қазақ: «Ұрының көті қуыс» дейді.
Біз: «Ұрының арты қуыс» дейміз.
Абай: «Адам – боқ көтерген боқтың қабы» дейді.
Біз бұл сөзді де айтпаймыз.
Қазақ: «Боқ жеме» дейді.
Біз: «Не болтай» дейміз.
Қазақ: «Болар бала боғынан» дейді.
Біз: «Болар бала басынан» дейміз.
Қазақ: «Жау кеткен соң қылышыңды боққа шап» дейді.
Біз: «Жау кеткен соң қылышыңды тасқа шап» дейміз.
Қазақ: «Құйысқанға қыстырылған боқ құсамай отыр» дейді.
Біз: «Носыңды сабат етпейтін жерге, сабат етпе» дейміз.
Ахаң орыстың «глагол» сөзін «етіс­тік» деп аударған.
«Глагол» сөзінің мәнін орыстың өзі білмейді. Ал, Ахаңның «етістік» сөзінің мәнін.., тіпті, хат танымайтын қазақ та біледі. Сен бар, мен бар, анау бар, анау бар бәріміз бірігіп, бір жұмысты «етістік». Бізге салса «глаголды» қалай аударар ек? Өзге түгіл, өзіміз түсінбейтін бір сөзді ойлап табар ек. Ал, Ахаң болса, елдің бәрі түсінетін етіп, жаңағы сөздің мәнін аударған. Біз қазір Ахаңның осы әдісін ұстанамыз ба? Ұстанбаймыз.
«Мәтін» дейміз. Мәні не? Белгісіз. «Етістіктің» мәнін айтпаса да түсінсек, «мәтіннің» мәнін «текст» деп айтпаса түсінбейміз. Ал, «текстің» мәні не? Мәні: «последовательность предложений» дейді «Советский энциклопедический словарь» (СЭС, М., 1998, 1316 б.). Яғни, «текст» дегеніміз сөздің, сейлемнің жазылу реті. Жазылуы. Жазылымы.
Бұрын: «Жарлық ертеңгі газетке шығады» деуші ек, енді: «Жарлықтың мәтіні ертеңгі газетке шығады!» дейтін болдык. «Мәтін» сөзін бұрын естімеген қазақ: «Апырмай, бұл жарлықтың несі болды екен?» деп аң-таң болады. Ал, егер, Ахаңның әдісіне басып: «Жарлықтың жазылымы» десек ше? Онда керінген қазақ; «Ә, жарлықтың жазылған сөзі екен ғой» дейді.
Қазақ: «Өлеңнің сөзі» деген.
Біз: «Өлеңнің мәтіні» дейміз.
Бірде қазақ радиосынан: «Хаттың мәтіні орыс тілінде жазылыпты» деген сөзді естідім.
Қазақ мұны: «Хат орысша жазылыпты» деген.
Яғни, қазақ тілі «мәтінсіз» де, «жазылымсыз» да өмір сүре алады.
«Пайыз» дейміз. Мұны да бұрын естімеген қазақ: «Апырмай, бұл не болды екен?» деп таң калады. Мен өзім бұл сөзді алғаш естігенде оны «пойыз» екен деп қалдым. Қазақ радиосынан: «Апырмай, 14 пойыз пайданы қалай тапты екен?» деп жағамды ұстағам. Сөйтсем, ол «процент» екен, Ал, «проценттің» мәні не? Мәні: «бүтін санның... жүзден бір бөлігі» дейді «Қазақ-Совет энциклопедиясы» (ҚСЭ, т.9, 367 б.). Олай болса, «процентті» түсініксіз «пайыз» дегеннен гөрі, түсінікті «бөлік» деп алсақ қайтеді? «Екібастұз көмірінің 30 пайызы күл» деген түсінікті ме, жоқ «30 бөлігі күл» деген түсінікті ме? Сіздерді кайдам, маған «30 бөлігі күл» деген түсінікті. «Пайыз» сөзін керемет жақсы көретініміз соншалық «25 пайыз», «50 пайыз», «100 пайыз» дейтін болдық.
Қазақ: мұны «ширегі», «жартысы», «тең жартысы», «барлығы», «түгелімен», «түп-түгел» деген.
«Кешен» дейміз. Қазақ тілінде бұл «мола» деген сөз («Жалын» журналының 2004 жылғы 8 санындағы Әлкей Мар­ғұланның мақаласын оқыңыз).
«Спорт кешені» дейміз. Бұл қазақша: «Спорт моласы».
«Ғимараттар кешені» дейміз.
Бұл қазақша: «ғимараттар моласы».
«Байқоңыр ғарыш кешені» дейміз. Бұл қазақша: «Байқоңыр ғарыш моласы».
«Кешен» сөзінен «кешенді» сөзін шығарып алдық. Сөйтіп, «кешенді зерттеу», «кешенді жұмыс», «кешенді бағдарлама» деп «кешенді» сөзін қаптатып жібердік. «Кешен» мола болса, «кешенді»  – молалы.
Бүгінгі «қазақ» тілі сөзбе-сөз ауда­рылған орыс тілі. Сонда «кешен» орыстың не деген сөзі? «Комплекс» деген сөзі. Ал, оның мәні не? Мәні: «совокупность предметов... составляющих одно целое»  (СЭС, 614 б.).
Яғни, «комплекс» дегеніміз біртектес заттардың қосындысы. Ал, мұндай қосын­дыны қазақ не деген? «Қосын» деген (ҚСЭ, т.7. 76.). Олай болса, біртектес спорт құрылысын «спорт моласы» дегеннен гөрі, «спорт қосыны» дегеніміз дұрыс емес пе? Біртектес ғимараттарды «ғимараттар моласы» дегеннен гөрі, «ғимараттар қосыны» дегеніміз дұрыс емес пе? «Байқоңыр ғарыш моласы» дегеннен гері, «Байқоңыр ғарыш қосыны» дегеніміз дұрыс емес пе?
«Кешен» сөзі орыс тілінде «комплекс» болса, «кешенді» сөзі ше? «Комплексное». Кешенді зерттеу – комплексное иследование. Кешенді жұмыс – комплексная работа. Тағы-тағы сөйтіп кете береді, кете береді. Ал, мұндай жұмысты, мұндай зерттеуді қазақ не деген? Жан-жақты жұмыс, жан-жақты зерттеу деген. Түсінікті сөздерімізді, түсініксіз сөздерге айырбастап, бізге, сонша, не қара көрінді?
«Зертхана» дейміз. Бұл – лаборатория. Мұнда не істейді? Зерттеу жұмыстарын істейді. Яғни, мұның қазақша атынан: «Зертте!» деген сөз көрініп тұру керек. Олай болса, лабораторияны «зертхана» дегеннен гөрі, «аялдама, бөлме», «көрме» деген сияқты, «зерттеме» десек қалай болады.
«Сый-ақы» дейміз. Бұл не? Сый­лық. Олай болса, оған «ақыны» мің­гестіргеніміз қалай? Сыйлық – сый­лық, ақы – ақы емес пе? Есіміз дұрыс па? 
«Айып-пұл» дейміз. Бұл не? Бұл – айып, айып тарттыру. «Айып тарттыру» дегеніміз не? Ақша. Ал, «пұл» дегеніміз ше? О да ақша. Олай болса, ақшаны ақшаға міңгестіргеніміз қалай? Әй, осы, есіміз дұрыс емес- ау!
«Рынок» дейміз. Бұрын қазақ тілі мемлекеттік тіл болмай тұрғанда мұ­ны «базар» деуші ек, енді, қазақ тілі мемлекеттік тіл болғаннан кейін, көті­мізден кейін кетіп, базарды «рынок» дейтін болдық. Неге? Құлмыз. Құл өзін өзгеден кем санайды. Өзін өзгеден кем санаған соң, өзінің тілін де өзгенің тілінен кем санайды. Сөйтіп, өзінің тіліндегі тілді кемсініп, өзге тілдегі сөзді ала­ды. Базардың «рынок» болуы содан. Мә­се­ленің, «проблема» болуы да содан. «Көкейкесті мәселенің» «өткір проблема» болуы да содан...
«Әлемдік рынок» дейміз. Бұл орысша «мировой рынок». Олай болса, оны неге «әлемдік базар» демейміз? Құлмыз. «Әлемдік» деген сөздің алдында етбе­тімізбен түсеміз. Жарайды, барлық «ры­ноктың» алдында етбетімізбен тү­селік. Олай болса, «Көк базарды» неге «Көк рынок» демейміз? «Ойбай, ол «әлемдік рынокқа» қарағанда жер емес пе? Дейді құл. Шынын да, солай ма? «Көк базарда» бір адам бір адамды алдаса, «әлемдік рынокта» бір адам бүкіл бір мемлекетті алдайды. Яғни, «Әлемдік рыногымыз» «Көк базардан» да былғаныш жер. Сон­дықтан, «әлемдік рынокты» «рынок» деп әспеттеудің еш қажеті жоқ. «Әлемдік базар» деуіміз керек. Бүгінгі тіліміздегі қара шыбындай қаптаған «рынок» сөзі­нен өстіп құтылсақ қазір жексенбі күнгі «көк базар» сияқты былғаныш тіліміз, дүйсенбі күнгі «көк базар» сияқ­ты боп тазарып шыға келер еді. Әй, бірақ қазіргі қазаққа сенім жоқ. Қазіргі қазақтан бәрін күтуге болады. Күндердің күні ол: «Мен «Көк базарға» барам» деудің орнына: «Мен «Көк рынокқа» барам» деуі бек мүмкін.
«Термин» дейміз. Өз тілімізге өзіміз ие бола алмай қалған кезде мұны «атау» деу­ші ек (ҚСЭ. т.11,74 б.), енді өз тілімізге өзіміз ие болған кезде, көтімізден кейін ке­тіп, «термин» дейтін болдық. Бәрінен де, ғалымдарымыздың «термин» сөзін қазақ­шаламай тұрып, «Қазақ тіліндегі тер­минді қазақшалайық» дегені қызық. Бұл  – қасықсыз көже ішейік дегенмен бір­дей. Көже ішу үшін, алдымен қасық жасап алуымыз керек. Сол сияқты қазақ тіліндегі терминдерді қазақшалау үшін, алдымен терминнің өзін қазақшалап алуымыз керек. 
«Көлеңкелі экономика» дейміз. Бұл орыс тілінде «теневая экономика» деген сөз. Ал, қазақ, «теневая экономиканы» не деген? «Арам тірлік» деген.
«Нарықтық экономика» дейміз. Мұ­нымыз – «рыночная экономика». Сонда қалай? «Рыноктың» қазақшасы «нарық» болғаны ма? Егер, олай болса, қазақ: «Үй­дегі ойды, базардағы нарық бұзады» деп неге айтқан? Екеуі екі бөлек болған соң базар – базар, нарық – нарық болған соң айтқан. «Рынок» – базар, «экономика» – тірлік. Яғни, «рыночноя экономика» – «базар тірлігі».
«Нарық заманы келді» дейміз. Кө­шеге шығыңызшы? Көрінген жер базар. «Көрінген жер нарық» демейсіз ғой? Де­мейсіз. «Көрінген жер базар» дейсіз. Олай болса, «нарық заманы келді» деуіміз қалай? Есіміз дұрыс па?
«Бағам» дейміз. Ол не? Бұ да «мәтін» сияқты, «пайыз» сияқты түсініксіз сөз. Бұл – курс валюты. Ойбай-оу, «курс валю­ты» «нарық» емес пе? Құлға сөз бар ма?
«Жанұя» дейміз. Бұл не? Бұл орысша – семья. Ойбай-ау, қазақ семьяны отбасы, шаңырақ, түтін демеуші ме еді? Құлға сот жоқ.
«Экономиканы реформалау» дейміз. «Реформа»  латын тілінде «өзгерту» деген сөз (СЭС, 1123 б.). «Өзгерту» дегенді «қайта қалыптау» деп алып, «экономиканы реформалауды» «тірлікті қайта қа­лыптау» деп алсақ, қалай болады? Қалай болушы еді? Қазіргі «қазақ» тілін қап­таған «реформа» сөзінен құтылып, был­­ғаныш тіліміз біраз тазарар еді.
«Акционерлік қоғам» дейміз. Қазақта «акционерлік қоғам» бар ма? Бар. Қазақтың әр – отбасы «акционерлік қоғам». Оның әр мүшесі – «акционер». Бө­лініп шығатын кезде алатын еншісі – ак­ция. Яғни, «акционерлік коғам» деге­німіз – еншілестік. «Акционер» – «ен­шілес».
«Бюджет» дейміз. «Қаржы және қара­жат» деген журнал шығарамыз. Сөйтеміз де, «қаражатты» «бюджет» дей­міз. Есіміз дұрыс па?
«Филиал» дейміз. Бұл кешегі сәбет үкіметінен қалған сөз. Ол кезде «головной институт», «филиал» деген сөздер болған. «Головной институттан» бөлі­ніп шыққан ұйымды «филиал» деген. Яғни, «головной институт» қазақтың қара шаңырағы сияқты болса, «филиал» оның отауы сияқты. Олай болса «филиалды» «отау» десек қалай болады? «Отаулары» бар ұйымдарды «қара шаңырақ» десек қалай болады?
«Ұжым» дейміз. Ұяң қыз сияқты әп-әдемі «ұйым» сөзін лақтырып тастап, маскүнемнің беті сияқты мыж-мыж «ұжым» деген сөзді тауып алдық. Әй, бізде ес жоқ!
«Баламалы сайлау» дейміз. Бұл орыс тіліндегі «альтернативные выборы» деген сөз. «Альтернатива»  латын тілінде «екінің бірі» деген сөз (СЭС, 46 б.). Яғни, «альтернативный выбор» дегеніміз екі адамнын бір-бірімен таласатын сайлауы. Ал, ондай сайлауды қазақ не деген? «Тайталас сайлауы, «бақталас сайлау», «бәсеке сайлау» деген.
«Ұшақ» дейміз. Құстай ұшқан тазысын қазақ «ұшар» деген. Олай болса, құстай ұшатын самолетті неге «ұшар» демейміз? «Біреудің қаңсығына таңсық болған» сорлымыз.
«Елбасы» дейміз. Бұ да біреудін каң­сығана таңсық болудан пайда болған сөз. «Түрікменбашының» «қазақшасы». «Қазақбасы» демегенімізге Кұдайға шү­кір. Қазақ ел басқарған адамды «басы» демеген, «иесі» деген («Бес ғасыр жырлайды», А.,1989,39,41,75,89,90,98 6.6.).
Қазақ «жер басы» демейді, «жер иесі» дейді. «Үй басы» демейді, «үй иесі» дейді. «Ауыл басы» демейді, «ауыл иесі» дейді. «Хан басым» демейді, «Хан ием» дейді. «Жаратушы басым» демейді, «Жаратушы Ием» дейді. Сондықтан, «Президент» сөзін қазақшалағымыз келсе, оны «Елбасы» демелік, «Елиесі» делік.
«Аталмыш» дейміз. Бұл орыстың «упомянутый» деген сөзі. Қазақ мұны: «ол, бұл, осы, сол, әлгі, жаңағы» деген. Олай болса, «аталмыш» сөзі қайдан шыққан? Ойында қазақтың жаңағы 6 сөзі қалмаған, орыстың «упомянутый» деген жалғыз сөзі қалған «қазақтан» шыққан.
«Аталған» дейміз. Мұны да қазақ: «ол, бұл, осы, сол, әлгі, жаңағы» деген. 
«Күтілуде» дейміз. Бұл орыстың «ожидается» деген сөзі. Қазақ: келмек, бармақ, жолықпақ, келетін болады, баратын болады, жолығатын болады, келетін көрінеді, баратын көрінеді, жолығатын көрінеді, келеді дейді, барады дейді, жолығады дейді деген.
Біз: «келуі күтілуде, баруы күтілуде, жолығуы күтілуде» дейміз.  Бірде қазақ радиосынан «жаңбырдың жаууы күтілуде» дегенді естіп ем, қазір (желтоқсанның 26-сы күнгі сағат 9-дағы хабарында) «10 градус суық болады деп күтілуде» деген сөзді естідім.
«Нәтижесінде» дейміз. Бұл орыстың «в результате» деген сөзі. Қазақ мұны: «содан, сөйтіп, сонымен,  ақыры, өйтіп-бүйтіп, не керек» деген. 
«Құрайды» дейміз. Бұл орыстың «сос­тавляет» деген сөзі. Бұл сөз қазақ тілінде айтылмайды. Қазақ: «Қойдың бағасы пәленше теңге» деген. Біз: «қойдың бағасы пәленше теңге құрайды» дейміз.
Ішіміз толған орыс сөзі болса, тіліміздің ұшында «составляет» сөзі тұрса, ол итті қалай айтпайсың?
«Оң баға» дейміз. Сіздерге қайдам, маған осы сөз «оңбаған» боп естіледі. Мұнда да сол – ішіміз толған орыс сөзі. Ал, тіліміздің ұшында «положительная оцена» деген орыс сөзі тұр. Қалай айтпайсың?
«Синоптик» дейміз. Бұрын қазақ радиосы мұны «ауа райын болжайтын ұжым» дейтін. Қазір Алматы радиосы мұны «ауарайы туралы мәлімет» дейді, ал, Астана радиосы: «Гатобый сөз тұрғанда, зашем басты ауыртып» дейтін болу керек, белден басып, «синоптик» дейді. Ал, мұны...
Кенет: «Ойбай-ау, мұның бәрін мен бұрын талай жаздым емес пе?» дедім өзіме өзім. Иә, талай жаздым. Бір қазақ «мәу» деді ме? деген жок. «Баяғы жартас, бір жартас». Олай болса, қайта-қайта ойбайлаудың қажеті бар ма? Жоқ. Ойбай-оу, бүйтіп, қайта-қайта ойбайламасақ, қазақ қазақ болудан кетпей ме? Кетеді. Бірақ, қазақ қазақ болғалы қазақтың Ұлылары қазаққа: «Қазақ бол!» деп ойбайлап келе жатыр емес пе? Ахаң: «Сөзі өлген халықтың өзі де өледі» деді. Бір қазақ оянды ма? Жоқ. Жахаң: «Оян, қазақ!» деп ойбайлады. Бір қазақ оянды ма? Жоқ. Абай: «Еңбек қыл! Кәсіп қыл! Ел бол!» деп ойбайлады. Бір қазақ оянды ма? Жоқ. Сондықтан, Абай: «Ойбайла! Не пайда?» деді. Иә, Абай дұрыс айтады Сенің ойбайыңнан оянатын қазақ жоқ. Біреу ойбайлатпаса...

«Жас Алаш» газеті, №1, 
6 қаңтар 2005 жыл

425 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз