• Ұлттану
  • 21 Мамыр, 2012

БІРІГУ ФОРМУЛАСЫ

Елгүл НҰҒМАНОВА, журналист

Жуырда «Ұяластар», «Адам-айуан» романдары мен «Ақкекіл» про­за жинағының және «Пір мен пырақ», «Көктемсіз жыл», «Сүмбіле шуағы» жыр кітаптарының авторы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, жазушы-ақын Әділбек Ыбырайымұлымен әңгімелесудің орайы келген еді.

– Әділбек мырза! «Өркениет бас­талған жерде мәдениет шегінеді» деген көнеден келе жатқан қағида бар. Бүгінгі өркениеттегі әдебиеттің алар орны қандай? – Тұрмысымызға дендей енген жа­һандану және интеграция деген қос ұғым санамызға сіңіп, тіліміздің ұшында әзір тұрады. Бұл екеуі ағалы-інілі адамдар сияқты және өркениет әлемінде ықпалды күшке айналды. Жаһандану дегеніміз – адамзат дүниесін бір мәдениетке, бір ұғымға, бір тілге, нақтырақ айтқанда, бірыңғай өмір сүру қағидасына бейім­дейтін үлкен диірменнің тасындай аспап. Оған ешкім қарсы келе алмайды. Ал, интеграция – соған алтын көпір болатын, экономикалық тұрғыда жол салатын, қалайсың ба, қаламайсың ба мәжбүр ете­тін нарықтық нақыш. Осындай екі құбылыс екі жақтап жан­алқымнан алған кезде жалғыз қазақ емес, басқа халықтың да ұлттық иммунитеті әлсірейді, қастерлі құндылықтары қаға­жулыққа ұшырайды, барын жоғалта бастайды. Өйткені, бет қаратпас дүлей екпі­­­німен, алапат күш-қуатымен ағып ке­ле жатқан жаһандану жолдағысын жай­пап өтетін топан су сияқты. Ол бәрін түп көтеріп, өзінің ырқына көндіретінін көзімізбен көріп отырмыз. Глобализацияны қарапайым жұрт «Американизация» деп атайтыны да бар. Жалпы, жаһандану еуропалық-батыстық мәдениетті насихаттайды. Ал, батыстық мәдениет неге сүйенеді? Менің байқауымша бұл ғылым мен техниканың инновациялық жетістіктері сияқты, өмір­дің нақты қажетті тұстарына ғана арқа сүйейді. Мұнда адамшылық, рухани дүние, мейірбандық дегендер жойыла береді. Ондай жағдайға күнделікті өмірде куә болып та жүрміз. Мәселен, бүгінде әкесі мен баласының қатынасуға құлқы жоқ. Бауырмалдық, туысқандық сезім сетінеп, ыдырап барады. Осы Иманы қасым болуға бет бұрған қоғамның рухани эрозиясына тоқтау салар, тежеу қоятын бірден бір құрал – әдебиет деп ойлаймын. Өйткені, әдебиеттің төңірегіндегілер ұлттық рухы берік, халықтық құнды қасиеттерді танып қана қоймай, оны ұрпақтан ұрпаққа жеткізуді өзіне мақсат етіп ұстанғандар. Сондықтан, жалғыз әдебиет емес, руханият саласында жүрген барша әлеуметті осы келеңсіздікке қарсы тұра алатын әлеуетті күш деп білемін. Олардың ортақ мүддесі – ұлтты өз болмысымен сақтап қалу. Қазіргі жосықты, жосықсыз өркениеттегі әдебиеттің атқарар рөлі –­ санаға түскен селкеулікті, ұғымға кіріге бастаған басы артық байламдарды үйлестіре білетін әлеуметтік тетікке, білікке айналу. – Өктемдік танытқан өркениеттің өтінде қалып, жетегінде кетпес үшін қандай позиция ұстанған жөн? – Кез-келген азамат, жазушы иәки саясаткер болсын, бір нәрсені жадында ұстау керек деп ойлаймын. Әлдеқандай ұйғарым жасарда «Осы әрекет біздің халыққа қандай пайда әкеледі? Ал, қандай зияны бар?» деген сауал қойып, таразының екі басын екшеп алғаннан кейін барып, шешім қабылдағаны жөн сияқты. Егер, ол сырты жылтыраған идея ретінде өте әдемі бастама көрінгенімен, ұлт мүддесіне залал келтірсе, ондай қадамға барудың қажеті қанша? Бүгінде Қазақстан, Ресей, Беларусь үш ел интеграциялық бірыңғай экономикалық одақ құрып жатырмыз. Шаруашылық жағынан алғанда, ұтымды тұстары бар. Мысалға, шойын жолмен жүк тасымалдау құны отандық кәсіпкерлер үшін сонау Польшаның шекарасына дейін ішкі тарифпен белгіленген. Бұл – экономикалық ынтымақтастықтың үлкен жетістігі. Дегенмен, осы тұрғыда біртұтас мәдени кеңістік құру жағын кеңінен қарастырып, пішкен жөн. Кезінде Мұса пайғамбар Ысрайыл елін мысырлықтардың езгісінен алып шығып, құлдық сананы бойына әбден сіңірген халықтың орнына жаңа ұрпақтың қалыптасуын күтті. Сөйтіп, 40 жыл бойы ешкіммен араласпай өз қазанында пісіріп, бетпақ түзде тұрмыс кешкені жалпақ әлемге аян. Ұлтты қалыптастырудың оңтайлы жолын пайғамбардан асып біреу нұсқайды дегенге сену қиын. ХХ ғасырдың екінші жартысында еврей елі мемлекет болып құрылғаннан кейін КСРО көсемдерінің бірі: «Израильде енді коммунизм орнатуға болады» дейді, қандай бағыт ұстанудың қажеттігін алдын-ала аңғартып. Сонда, Премьері «кішкентай елге соншама үлкен бақыттың қажеті қанша?» деп жауап беріпті. Сондықтан да, халқымызға бірыңғай мәдени кеңістікте күнелту, қазірше ерте. Өйткені біз, 260 жыл патшалық, кейін қызыл империяның «шарапатын» көргенбіз. Сол уақыт аралығында қазақ халқы барынан айырылған. Егер, көзжұмбайлықпен осы экономикалық ынтымақтастық сыртында тұтасқан бірыңғай мәдени кеңістік құрсақ, онда, енді өркен жаюға бет түзеген, әлі әлжуаз ұлттық құндылықтарымыз сабағынан үзілген гүлдей сола бастайды. Бұл мәселені тек журналистер ғана емес, жазушылар да бұқараға түсіндіруі керек. Бұған қосымша, кез-келген азамат қазақ қоғамына жаны ашыса екен деймін. Бірақ, бүгінгі безбүйрек заманда бауырларымыздың бәрінің бірдей Отанымызға жүрегі елжіреуі, шамалы. Көпшілігі тіршіліктің қамымен істеген қызметінен жалақы алып немесе ас та төк салтанатты күн кешкеніне масайрап жүре береді. Олай болмас үшін біз, бір мүддеге мойынсұнғанымыз жөн. Ол мүдде – мемлекеттік тілдің төңірегіне топтасудан басталады. Патриотизм, мораль мен парасаттылық нормалары, этносаралық келісім мен толеранттылық осы арада көрінеді. Кез-келген демократияшыл қоғамдағыдай елімізде бір тілге ғана басымдық берілуі тиіс. Десек те, халқымыздың 67 пайызы қазақ тілінде оқып, жазып, сөйлегенімен бізде орыс тілінің ықпалы зор. Сырттан желдей ескен ақпарат ресурстарының әсерімен орыс мәдениетінің экcпансиясы басым. Сондықтан, бытыраңқы халде қалып жатырмыз. Ахмет Байтұрсынов Алаш Орда Үкіметі құрылғанда алдына үш мақсат қойып: «Біз де батыс елдері сияқты білімді, бай, күшті болуымыз керек. Білім мен байлық еңбек арқылы келеді. Күшті болу үшін – бірігу керек. Біріккен ұлт қана күшті болады» деген еді. Өкінішке қарай, бұл қағида қаперімізде жоқ, мүддеміз бір арнаға тоғыспаған. Сондықтан, біздің күшіміз әлсіз. Мысалы, өткенде мемлекеттік тілдің мәселесі бойынша 138 адам билікке хат жазды. Бірақ, бұл, бұқараның ұйысуы деп ойламаймын. Сол азаматтардың төңірегіне ең құрмағанда екі миллион халық жиналып, тікесінен тік тұрғанда – үлкен күшке айналар еді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Алматы консерваториясына Алманиядан хор айтуды үйрететін маман келіп, дәріс берген екен. 4-5 жыл жұмыс жасап, еңбек шарты аяқталуға тақалғанда ол: «Қазақтың басы бірікпейді-ау, себебі хор айтуға бейімі шамалы екен», – депті. Сол айтқандай, халқымыз бірігу формасын таба алмай келе жатыр. Оның бірнеше факторы бар: бір қазақтың тілі әрбасқа, ділі әралуан, өскен ортамыз аспан мен жердей. Бұған ешкім кінәлі емес, тантал азапқа түскен тағдырымыздың шиыры солай. Бүгінгі басты мақсат, осы айырмашылықтардың ара-жігін жақындатып, ешкімді өзекке теппей, бауырға тарту. – Мемлекеттік тілді өзінің тұғырына қондыру үшін не істемек керек? – Осы мәселемен айналысатын мем­­­лекеттің арнайы өкілетті органы – Мәдениет және ақпарат министрлігінде Тіл комитеті бар. Ал, енді мемлекеттік тілді өз деңгейінде қолдану үшін бір нәрсеге көбірек көңіл аударса деймін. Тіл төңірегіндегі дискуссияны жай адамдар емес, білікті заңгерлер жүргізгені жөн. Мысалы, олар «Юридическая газета», «Казахстанская правда», «Литер» сияқты орыс тілді баспасөз ресурстарын пайдалана отырып, тілдің мәртебесіне қатысты әр сөзді заңдық өлшеммен түсіндіріп берсе. Конституциямызда «Қазақстан Рес­пуб­ликасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деп жазылған. Осы жердегі «ресми түрде» деген сөз орыс тіліне ресмилік мәртебе жүктейді деп ұғынбауымыз керек. Тек, мемлекеттік тілге шорқақ болсаң, еш қысылмай өкі­мет орындарында орысша сөйлей бер деген еркіндік қана береді. Мұны дұрыс түсіндіруге ұмтылған заңгерлер сирек, белгісіз себептерге байланысты көбінің құлқы жоқ. Осы мәселеге келгенде Конституциялық кеңестің өзі бұра тартқан жайлары бар. Жеке бастың позициясы мемлекеттік мүддеден кейінгі қатарда тұруы керек деп ойлаймын. Бүгінде жұртты екіұшты ойға жетелейтін норма, бір кездегі қоғамның әлеуметтік кескін‑келбетіне сай жазылған. Конституция қабылданған тұста елдегі тілдік ахуал біржақты әрі сын көтермейтін. Сондықтан, заң нормасы басым көпшіліктің ыңғайына бейімделген еді. Ол байлам өзін‑өзі ақтады, ауызбіршілік пен ынтымағымыздан ажырамадық. Әлемдік қауымдастықта біреуден ілгері, біреуден кейін өркен жайып келеміз. Елбасы айтқандай, сабыр сақтасақ, мемлекеттік тіл бірте‑бірте өз мәртебесін толық түрде иеленеді. – Біздің жадымызға «көп ұлтты Қа­зақстан» деген ұғым сіңісіп, әбден қа­лып­тасты. «Осы қолдан ұранға ай­нал­ған, жасанды тіркестерден тұра­тын сөз дербес ойлап‑пішу жүйемізге әсерін тигізіп жүрген жоқ па?» деген сауал жиі мазалайды... – «Ұлттар лабораториясы» деген қызыл империяның бір жағы саяси, бір жағы көпшік қойып қолпаштаған мадағы, әу бастан маңдайымызға біткен жазу. Алладан ба, адамнан ба пешенеміздегі сол бұйрықтан іргемізді аулақ салсақ та қыр соңымыздан қалар емес. Әлдекімдер үшін «көп ұлтты Қазақстан» әбден қолайлы. Ал, шынтуайтында Қазақстан бір ғана ұлтты, біртұтас ел. Ата Заңымызда солай жазылған. Мұнда мемлекет құраушы қазақ ұлты тұрады, қалғандарының бәрі этностар. Осылай болса да, қайсыбір саясаткерлер «бізде 130 ұлт мекен етеді» деп (нақтысында 127), сөз саптайды. Оның қате екенін өзі біледі, бірақ көпе‑көрінеу ұғымды құлаққа құя беру үшін тоты құсша танбай қайталайды. Сырттан бөгде біреу келіп Қазақстан азаматтығын иеленсе, оның жалғыз соқа басы ғана екенін ескермей «131 болдық» деп, қуана жар саламыз. Қазіргі таңда 1 ульча, 1 нганасастық, 1 вепсі, 2 эвенкі, 2 цахура, 2 филиппин елімізде дербес этностық топ ретінде қаралады. Бүгінде қатары 10 адамға жетпейтін 18 диаспора түрі бар. Мұндай келеңсіздікті тыю мақсатында этностарды тіркеу жүйесін регламенттеу керек пе деп ойлаймын. Меніңше этностық дәрежені алу үшін, белгілі бір мәдениетті ұстанған кемінде үш жүз отбасы бар әлеумет топтасуы тиіс. Содан кейін оны Қазақстан халқы ассамблеясында тіркеп, этнос деп таныса көкейге қонымды. Осы бір шетін мәселеге салғырттық танытып келеміз. «Көп ұлтты» деген сөзді мейлінше айтпауға, қолданбауға тырысуымыз керек. Оны жария еткен сайын, түбі мәңгүрттікке апарар интернационалдық сезім күшейіп, өз болашағымызға бей‑жай қарайтын боламыз. Шын мәнісіндегі көп ұлтты мемлекет – Ресей федерациясы. Онда бірнеше субъек­ті‑республикалар, бірнеше ұлт мекен етеді. Бірақ соған қарамай мем­лекеттік тіл, идеология біреу ғана. Шашау шықпауды ойлаған елдің мұраты көзге ұрып тұр. – Бұл орайда орыс тілді басы­лым­­­дардың қазақтың мүддесін қорға­май­тыны айдан анық нәрсе ғой... – Біз бірігу формуласын таппағандықтан қоғамда үлкен әлеуетті күш екенімізді айқындайтын халге жеткен жоқпыз. Соны жақсы меңгеріп алған орыс баспасөзі қазақтың мүддесін қорғамайды. Ортақ «өгіз өлмейтін, арба сынбайтын» тақы­рыптарды қозғайды. Кейде Ресейге қатыс­ты материалдар береді. Ал, мемлекет құраушы халықтың ұпайына ұпай қосар мәселелер болса, керісінше оған көл­денең таяқ тастап отырады. Күні кеше ғана тілге қатысты мемлекеттік сая­сатты көздеп, бірқатар қолданыстағы заңға өзгерістер енгізуді қарастыратын заң жобасы жөнінде үлкен шу болды. «Үкімет 2013 жылдан бастап, азаматтар арыз‑шағымын тек қазақ тілінде қабылдайды екен» деген қауесет таратты. Ондай талап аталған жобада мүлде жоқ. «Енді осындай қасақана арандатуды көріп отырып, құқық қорғау органдары елдің тұтастығына селкеу түсіргені үшін әлгі басылымды неге жауапқа тартпайды?» деп ойлайсың да қоясың. Бұдан да әрі бірлігімізді бекемдеп, бүтіндігімізді танытқымыз келсе, бүгінде, ұлттық мүддені қорғайтын адамдар отан­дық орыс баспасөзінде көбірек болуы керек. Өкінішке қарай, елдегі қаптаған журналистика факультеттері, жалпы қоғам, қазақ ұлтының мүддесін қорғайтын орыс тілді журналистерді дайындай алмай отыр. Сондықтан, біз бала бақшадан бастап (ол қай тілде болсын) тәрбие ісінің мәніне ден қойып, халық санасында тұтастықтың берік рухын ту етіп ұстауымыз керек. Барлық күш-жігерімізді Отанымыздың игілігі үшін біріктіруге тиіспіз, алдымызда үлкен жұмыс күтіп тұр. – Ұлттық тәрбие бағдарламасының формуласы қандай болуы керек деп ой­лайсыз? – Ата-бабаларымыз «тәрбие басы – тал бесік» деп, ұрпақты ұлттық ес-жадыда өсіріп-өрбітудің маңыздылығын көрсетіп берген. Осы ғибратын көкейге салып екшесек, ұлттық тәрбие бағдарламасының формуласы, ең бірінші, төл мәдениетіміз бен дәстүрімізден туындауы керек. Ол бағдарламаның атын «Тал бесік» деп атаса да болады. Олай дейтін себебім, белгілі. Адамзаттың қарым-қатынасын реттейтін заңның шығу тарихын қарасаң, барлығы бірдей ұлттық салт-дәстүрден бастау алған. Кез‑келген заң тінінде тиісті мемлекеттің ежелгі өмір сүру салтының өлшемдері жатыр. Қысқасы, ата-бабадан мирас болып қалған ұлағатты өнеге нормативті құжаттың өзегіне айналып, жоба соған сай әзірленеді. Бүкіл заңның қағидасы – осы. Сол сияқты тәлім-тәрбие бағдар­ла­ма­сының да негізгі бастауы салт-дәс­түрімізден алынып, әрі қарай өрбігені жөн. Ал, оған Еуропаның немесе Шығыс Азияның элементтерін қосып жіберсе, ұлттық үрдіске жауап беретін құжат болып есептелмейтіні анық. Қазаққа ғана тиесілі «Тал бесік» өлшемі мен талабы бұзылады. Бейсауат байлам мен пайымнан туындаған «жобамен» өскен «модерн» ұрпақ, еліне қайыр әкелуі екіталай. Халқымыздың ұйысу шартының негізгі көзі – тәрбиелік қам-қаракетте жатыр. – Сіз бұрынғы «Лениншіл жас» кейінгі «Жас Алаш» газетінде еңбек ет­тіңіз. Қазақ баспасөзінің мазмұнын қою­лататын салалық журналистерді қалай көбейтуге болады? – Нақты бір саланы жетік меңгерген журналистерді даярлау мәселесін Білім және ғылым министрлігі қолға алуы керек. Біздің журналистерді даярлайтын факуль­теттердегі сабақ беру әдіс-тәсілдері баяғы таптаурын сүрлеуден айнымай келе жатыр. Жоғары оқу орындарында бакалавриатты 4 жыл оқитын болса, оның кемінде 2 жылы тәжірибелік тұрғыда өтуі тиіс. Айталық, заң саласын жазатын журналист даярлау үшін, бірінші курста журналистиканың негізгі базасын оқытып, екінші, үшінші курстағы білімді заң факультетінде жалғастырғаны жөн. Немесе, заң саласының ұстаздарын тарта отырып, бұл шараны факультеттің өз базасында ұйымдастырса да болады. Содан кейін төртінші курста қайта журналистика мамандығы пәнін оқи­ды. Сонда, ондай студенттен таза заң­гер-журналист шығады. Құқықтық, қыл­мыстық, азаматтық мәселелер төңі­регінде тек кейіпкердің аузынан шыққан жайды ғана терміштемей, өз жанынан сараптау, тұжырым жасау сияқты өлшем­дерді батыл түрде енгізетін болады. Сол сияқты, экономика саласын жазатын журналистерді де экономика факультет­тері­мен бірлесе даярлау оң нәтижесін берер еді. Мәселен қазір Дү­ние­жүзі сау­да ұйымына өту жайы жиі қозғалады. Ал, «Бүгінгі кедендік одағы жағдайында дүниежүзі сауда ұйымына өту қиындық туғызбай ма? Бірдей мезетте екі ұйымның ережесін, яғни, заңдық әрі экономикалық талаптарын орындау мүмкін бе? Кедендік одақтың пайдасы қайсы, зияны қай жерде? Сауда ұйымының артықшылығы немесе аяғымызға тұсау салар кедергісі қайсы?» деген сауалдар төңірегінде ұғынықты тілмен жіліктеп жазылған материалдар сирек. Салалық журналистердің қоғамға қажеттілігі өте зор. Оларды әзірлеуге қа­тыс­ты менің ойым осы. Ал, теле журна­листерді даярлаудың шарты сәл басқаша сияқты көрінеді. – Қазір бізде телеарналар көбейіп келе жатыр. Бірақ, солардың ішінде ұлттық менталитеттің иісі аңқитын бағдарлама жоқ. Шетелдік жобаларды жаппай көшіріп алуымыздың себебі неде? – Бұған алдымен телеарнаның басшылары жауапты. Менің ойымша олар таптаурын көзқарастан арыла алмай келеді. Байқауымша, басты кінәрат директорлар мен бас продюсерлердің қарамағындағы кадрларға деген сенімі жоқ. Тың жоба жасай ала ма, алмай ма деген күмәнмен жүреді, әрі-беріден кейін «ал, бастаңдар» деп тапсырма беруге батылы бармайды. Егер, мамандарға сенім артса, жауап­кершілік жүктесе олар, ұлттық нақыштағы бағ­дарламалар жасап шығар еді. Әуелгіде анау айтқандай тартымды болмас, бірақ, шеберлік еңбек үстінде шыңдалатыны жалпыға аян нәрсе ғой. Осындай табансыздық салдарынан көне сүрлеуден ауытқып кете алмай, шетелдік қойыртпақтардың көшірмесін қайталаудан ары аспай жатыр. «Біз әлі кәсіби жағынан жоғары деңгейге жеткен жоқпыз» деген ойдың жетегінде келеді. Егер теле арнадағы менеджерлер тастүйін тәуекелмен білек сыбанса, өзгелерге табиғаты ұқсамайтын бағдарламалар пайда болуы мүмкін деп ойлаймын. Бір ғана жаңа жыл мерекесін алып қараңыз. Сол күні бүкіл арналар 31 жел­тоқсан кешіне арнап, концерттік шоу-бағдарламалар ұйымдастырады. Соның 80 пайызы орысша. Алайда, қалың елдің бәрі бірдей отандық арналарға қарамайтыны ескерілмейді. Көріп жүргеніміздей Қазақстан жұртшылығының тең жарымынан астамы сол күні қызыл іңірден таң атқанға дейін ресейлік арналардың «өнімдерін» қызықтайды. Өйткені оларда да тура сол ән шырқалады, жүргізу мәнері де бірдей. Бізде декоративтік жағы, жарық түсіру, жүргізу тәсілі немесе басқа да толып жатқан кемшін тұсы болуы мүмкін. Ал, орыстардікі «жарқырап» тұрады. Сондықтан, көрерменнің назары да, ындыны да көршінің арнасына ауады. Сөйтіп қыруар қаржы жұмсап, тендер өткізіп жасаған дүниелер далаға кетеді. Оның есесіне жылдың соңғы күніне мемлекеттік тілде мерекелік шоу‑бағдарлама әзірлейтін болса, ел көршінің «көк жәшіктегі уәжіне» телмірмей, өзіміздің «бұйымдарды» тамашалар еді. Ұжым басшыларының қа­те­лесетіні жері – ресей арналарына жете‑қабыл болсақ деп ойлайды. Ал, өзі­міздің жаңа жыл – Наурыздың қарса­ңында мұндай қапылыс байқала қоймайды. Ал, елді түркі мәдениетінің төңірегіне топ­тастыру – басты мақсатымыз болуы тиіс. Сондай-ақ, біздің теле арналарды көріп отырсаң, Қазақстанда әншілер мен саясаткерлер ғана қалған сияқты. Ин­тел­­лектуалдық, танымдық, тәрбиелік бағдарламалар жоқтың қасы. – Биылғы жылдың басты жаңалығы – саясат сахнасына Парламенттің жаңа депутаттарының келуі болды. Қа­тарында әдеттегідей өнер адамдары бар халық қалаулыларынан не күтеміз? – Халық қалаулыларынан әлдене күту, әбестік болар. Олар өздеріне келіп түскен заңды ғана қарап мақұлдайды да жібере береді. Анда-санда сенаттың «мінез» көрсетіп, төменгі палатаға құжатты кері қайтаратыны ұшырасады. Бірақ, түп­кілікті емес. Депутаттардың пікір қайшылығынан заңның қабылданбай қалғанын естіген тірі пенде жоқ. Жалпы, заңның Парламентке енетін тізбесі Әділет министрлігінде алдын-ала бір жылға әзірленеді де Үкімет оны бекітеді. Соған сай әрбір салаға жауапты министрліктер өзіне қатысты мәселелер бойынша заң жобасын жазады. Жұмыс жасау регламенті, уақыт кестесі белгіленген. Мерзімінде құжат Үкіметке келіп түседі. Үкімет Параламентке ұсынады. Сондықтан халыққа пайдасы тиетін, ұлттық мүдделерді қорғайтын сапалы заңды өкілетті ведомстволар жазуы керек. Бар мәселе сонда жатыр. Ал оған баламалы түрде, келесі жобаны әзірлеуге депутаттардың кез-келгенінің қақы бар. Парламент тарихында Әкім Ысқақтан басқа ешкім ондай қадамға барған жоқ. Соңғы 15 жылда өз құқын пайдаланған депутаттарды көрген емеспіз. Жалпы, қалаулыларымызға айтарымыз, барлық нәрсеге мемлекеттік, ұлттық мүдде тұрғысынан қараса екен дейміз. – Заң демекші, біздегі заңдардың барлығы орыс тілінде дайындалып, қазақшаға аударылатындықтан кейбір тұстары түсініксіз болып жатады. Сонда әлі күнге заң жобасын таза қазақша жазатын мамандар жоқ па? – Қазақша заң жазатын мамандар бар. Бірақ, өкініштісі, заң әзірлеуші органдағы басшылықтың да, Үкіметтегі ұлықтардың да, Парламент қабырғасында отырған депутаттардың да көбі тілді түсінбейді. Соңғы санақ қорытындысы бойынша халқымыздың 67 пайызы мемлекеттік тілде сөйлеп, оқығанымен, биліктің басындағы азаматтар олардың қатарынан болмай отыр. Егер таза қазақ тіліндегі заң жобасын келісуге, қарауға ұсынса, элитаның ешбірі ұқпайды. Мұндай жағдайда конвейерлік тәсілмен жүріп жатқан, қалыптасқан жұмыс жүйесі асты үстіне шығар еді. Мысалы, компьютер процессоріне өзіңе қажетті бағдар­ла­маны енгізсең, кейде бұрыннан бар бағдарламаның бірі ашылмай қояды. Тіпті, екі бағдарлама біріне-бірі сәйкес келмей, компьютерді өшіріп тастайды немесе процессорің бұзылып тынады. Сол сияқты біздің қоғамда бір-біріне қарсы, бірін‑бірі қолдамайтын иммунитеттер кездеседі. Осындай фактордан кейін, түпнұсқасы мемлекеттік тілде жазылған заң Парламент отырысында қаралмайды. Заң жобасын әзірлеуші, оны мақұлдап шығарушы органымыздың ділі бірыңғай емес. Соның салдарынан түпнұсқа орысша әзірленіп, Конституцияның 7-бабы 1-тармағының орындалуын қамтамасыз ету үшін мемлекеттік тілге аударады. Осы аудармадағы үлкен қолайсыздық, бір сөздің қазақша бірнеше баламасы болуы. Қысқасы, ресми түрде күнделікті қолданылып, айналымға түспегендіктен қазақ тілінің бюрократтық нұсқасы қалып­тасып үлгерген жоқ. Сондықтан, аудармаларды ұғу қиындық туғызады. Қын­жылтатыны да сол, тәуелсіздік алған 20 жылдан бері мемлекеттік тіл өз деңгейінде, өз мазмұнында жалпы халықтық дәрежесіне жете алмады. – Халық қалаулылары арасында жаңа туған нәрестеге 2 миллион теңге беру керек деген мәселе төңірегінде талас-тартыстар болды... – Бұл – аталған соманы бала дүниеге келісімен ата-анасының қолына ұстата салу керек деген сөз емес. Әке-шешесі сәбидің Туу туралы куәлігін алысымен банктен есеп-шот ашып, әлеуметтік қамсыздандыру бөлімі ақшаны соған салып қойса. Ол қаражат он сегіз жылға дейін ешкімге берілмеуі тиіс. Бала кәме­летке толғанда білім алуға жұмсай ма немесе басқа мақсаттарға пайдалана ма, оны өзі біледі. Араб елдеріндегі осындай жастарды қаржылай қолдау механизмін тұрмысымызда пайдалансақ, әлеуметтік проблемалардың бірқатары шешілер еді. Әлгі қаражат бала үшін қорда өсімсіз 2 миллион болып жата береді. Ал мемлекет үшін оны айналымға түсіріп, өсімін жарату тетігін толық қарастырып алып, жүзеге асыруға болады деп ойлаймын. Меніңше, аталған әлеуметтік жобаның осы механизмі піспегендіктен келісімге келе алмады. – Қазір, қазақтың санын 20 мил­лионға жеткіземіз деп жүрміз. Ал Мақаш Тәтім мырза алты бала туған анаға алтын алқа беру керек деп дабыл қағуда. Бірақ өмірге нәресте әкелуге қабілетті қаншама қазақ жастары жұмыссыз, баспанасыз жүр... – Расында ойланатын дүние. Жалпы, халық санын көбейту жайы бүкіл азаматтарға тиесілі болғанымен, белгілі бір себептерге байланысты әке-ана атануға мүмкіндігі бар жастарға қатысты емес сыңайлы. Өйткені көпшілігінің тұрмыстық мәселелері шешілмеген, әлеуметтік жағдайлары қаралмаған. Сондықтан, олар өренін өрбітіп, ұрпақ сүюге қабілетті мезеттерін «бас сауғалап», күнелту сияқты күйкі тірлікпен өткізеді. Тағдыр тауқыметіне жалғыз өзі бетпе-бет келгендіктен бірқатары өмірде салт қалады. Қазіргі нарық заманында мемлекет ешкімге ештеңе бере алмайды. Бірақ, жас отбасының қолжетімді баспана алуына, көшке ілесіп кетуіне мұрындық болатын іс-шаралар жүйесі жасалуы тиіс. Осы мәселе Елбасының «Əлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты биылғы Жолдауында жақсы көрініс тапты. Таяу жылдары жарты миллионнан астам отбасын жеке баспанамен қамтамасыз ету көзделіп отыр. Бұл – үлкен жетістік. Аталарымыздың «бұдан да жаман кезде тойға барып едік» дегеніндей, қазіргіден де төмен жағдайда халқымыз өсіп-өнді ғой. Соған қарағанда дүние есігін ашқан әр сәбидің өз несібесі бар. Көрер жарығы таусылмаса, барлығын өз қолымен жасап алады. Сондықтан «жақсы сөз – жарым ырыс», қазақтың санын көбейту үшін «20 миллионға жетеміз» деп айта берген артық болмайды. – Әңгімеңізге рақмет.

476 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз