• Тарих толқынында
  • 09 Қараша, 2015

Әкелі балалы хандар: Шығай мен Тәуекел

Есенғазы Қуандық,
тарих ғылымдарының докторы, 
профессор

ХV-ХVІ  ғасырлардағы  Қазақ Ор­да­сының хандарының  арасында Шығай мен Тәуекелдердің  жеке та­рихи  тұлғалары  арнайы,  жан-жақты  зерт­телмеді. Тек оларға қатысты азын-аулақ тарихи оқиғалар ғана бір автордың шығармасынан  көшіп, екінші автордың еңбектерінде көрініс тауып  отырған.  ХV-ХVІ ғасырлардағы Қазақ  Орда­сының хандарының жеке тұлғалық кейбір қасиеттерін, олардың билік еткен кезеңдегі хандықтың ішкі және сыртқы жағдайындағы   жүргізген саясатынан  байқауға болады.   Керей мен Жәнібек, Бұрындық, Қасым, Ақназар, Шығай, Тәуекел, т.б.хандардың билік құрған кезеңдеріндегі саяси ахуал, ел басқарудағы  жүргізген саясаттары  олардың есімдерін тарихта әртүрлі дәрежеде, қандай да бір оқиғалармен  байланысты  қалтырған. Үш ғасырдай Ресей империясы өз  боданында  ұстаған, қазақтарды  кемсітіп бұратана халық деп айдар тағып, олардың ел билеген хандары туралы тарихи шындықты әдейі жазбады, ал, кеңестік дәуірде қызыл идеологияның нұсқауымен  қазақ тарихы оның ішінде хандық  кезең  керегінше сол кездегі саясатқа сай ыңғайланып бұрмаланды. Өзге хандардың тағдырына ұқсамайтын өзіндік ерекшелігі бар,  отаршы елдің тарихшыларының деректерінде  бұрмаланып көрсетілген тарихи тұлға ол Шығай хан. Ертеректе жазылған тарихи еңбектердің көпшілігінде Шығайдың аты көп аталмайды, аталған кезде ол  сұлтан  ретінде   аталған.  Алайда,  Шығай туралы  жазған тарихшы ғалымдар, зерттеушілер  оның 1580-1582 жылдары Қазақ Ордасының ханы болғандығын, хандық билікке жасы ұлғайған шақта  келгендігін   айтады.  Шығай әйгілі Жәнібек ханның тоғызыншы ұлы Жәдік сұлтанның баласы.  Анасының есімі-Абайқан-бегім, қалмақ қызы. 


Егде тартқан  жасында хан тағына отыруы бұл Қазақ  хандығы тарихында кездеспеген жағдай.  Оның хандық билікке   жасы ұлғайған шағында  келуі, таққа лайықты мұрагер болмағандықтан болған оқиға деп қарай алмаймыз. Шығайдың хан сайлануы сол кезеңдегі  жаугершіліктің күшейген тұсындағы қажеттіліктен туған  айрықша таңдау деп қараумыз керек. Бұл пікірімізді Қадырғали Жалайырдың: «Шығай хан  жұртқа әрқашан батырлығымен мәлім, мәшһүр болды»1 – деген дерегі де растайды. Ал, тарихшылар, В.В.Вельяминов-Зернов, Т.Сұлтанов, А.Миллер, М.Х. Әбусеитовалар Жәдіктің ұлы Шығайдың егде жасқа келгенде хан болғанын «кездейсоқтыққа балап, оның жеке басының беделіне күмән келтіріп,   Шығай мен Тәуекел XVІ ғ. 80 ж. бастап  Бұқара ханына қызметке кіріп, боданына айналды, таққа  ол  Шәйбанилық Аб­долла ханның ықпалымен келді» деген қисынсыз пікірлерге жол берген.   Атал­­­ған зерттеушілердің жоғарыдағы Шығай хан туралы пікірлері шындыққа жанаспайтын адасушылық екендігіне тарихшы-ғалым Қойшығара Салғараұлы көптеген дәлелді фактылар келтірген.2  Ал, Шығай хан жоғарыда тарихшылар айтқандай емес, өз заманында еліне,  жұртына сыйлы, беделді және ержүрек батыр болғандығы туралы деректер жеткілікті.
Тарихтың өн бойына көз жүгіртер болсақ, қалың  қолды ерекше ерлігімен елге танылған батыр бастаса, елді  халық алдында беделді  жұрт сыйлап құрметтейтін, оған сенім артқан ақылды тұлға бастаған. Міне, Шығай сұлтанның  да егде тартқан шағында кенеттен хан сайлануы халық алдында  осындай қасиеттерінің, абыройының  болуынан   болса керек. Тағы бір себеп,   қазақ Ұлысының айбынды қорғаны  болған   Ақназар ханның   кенеттен қазаға ұшырауы  мұқым жұртты, жорық үстіндегі қалың әскерді  әбігерге түсіреді.  Осы аласапыран тұста таққұмар сұлтандар хандыққа таласып елдің берекесін кетірмес үшін егде тартсада өзгелер қадір тұтып сыйлайтын беделін пайдаланып таққа таласушылардың жолын кесіп, тұрақтылықты сақтау  мақсатында билікті қолға алады.  Осы бір қиын-қыстау сәтте алдымен  өжеттік танытып ауыр қазаға қарсы тұрып, жасыған жұртына  жігер беріп, бас көтерген  өмірдің талай сынынан өтіп, әбден шыңдалған – Шығай сұлтан осындай  тәуекелге барады. Дабыл қағып, қол астындағы жан­кешті жасағын атқа қондырып, Баба-сұл­танға қарсы ұрысқа аттанады. Бірақ,  асығыс дүрбелең  барысындағы  шабуыл ойдағыдай нәтиже бермейді.  Күші басым Баба-сұлтан Сыр бойындағы, қазақтарға тиесілі біраз қонысты, Түркістан мен Сауран қалаларын басып алады.   Жеңіліс тапса да жүрегі шайлықпаған   қарт  жауынгер Шығай ұлысқа оралысымен ақ киізге  отырғызылып, хан  сайланады.  
Ташкент  билеушісі  Баба  сұлтанның  қазақ  ханы  Ақназар  мен  Жалым  сұлтанды  өлтіруіне  өшіккен  Шығай  хан  және  оның  баласы  Тәуекел  сұлтан  Бұхара  ханы  Абдолламен 1581 ж. ортақ жауға қарсы өзара одақтасып соғысу үшін Абдолла ханның ордасына келген сәтін  Хафиз Таныш былай суреттейді: «Ұлы мәртебелі  мейірбандылық пен қайырымдық көрсе­те отырып Шығай ханға сыйлас­тықпен құрмет көрсетті. Оны аса мейір­бан­дылықпен  құрметтеп қарсы алды. Ол Шығай ханға көмек көрсетуге уәде беріп, оның құрметіне патшаларға лайықты той жасады»,3 – дейді.  Шығай ханға көрсетілген мұндай құрмет  оған ихта ретінде жер беруі қазақтардың Бұқара хандығымен терезесі тең ел екенін және де  өзінің  Қазақ хандығымен одақтасуда мүддесі болғаннан көрсетеді.  Сондай-ақ, оған бодан болды деген жоғарыдағы алыпқашпа  пікірді жоққа шығарады. Бұл келісім сол кезеңде Абдолла үшін де маңызды еді. Өйткені, Ташкент пен Түркістан аймағында Баба мен Бұзағыр сұлтандармен, ал, Ферғанада Мехди, Абдол Ғаффар, Хашим сұлтандармен екі жақты күрес жүргізуде Шығай ханның қолдауына сүйену қажет болды.
Алпыс жыл бойы  ат жалында  жүрген  тәжірибелі аламан, кәнігі саясатшы Шығай Қазақ Ордасы үшін дәл осы кезеңде екі майданда бірдей  соғыса алмайтындығын   біліп  әдіске көшеді.  Ақназар ханның, Жалым сұлтанның,  өзге де қаншама бахадұрдың қанын арқалаған, алаш жұртына  тиесілі  қаншама қонысты  тартып алған Баба-сұлтанға деген кек  Шығайды   тоқтата алмаған еді.   Шығай сол кездегі қазақтардың тілімен айтқанда, Жағат (Шағатай), яғни, Бұқар-Өзбек мемлекетінің ханы Абдолламен бітімге келіп,   Бұхара  хандығымен   одақтастық шарт жасайды. Сөйтіп, Абдолламен тізе қоса отырып, Баба-сұлтанға қарсы  сұрапыл соғыс қимылдарын бастайды.  Осы уақытқа дейін құдіретті Абдолла ханның өзімен теке-тіресіп бой бермей  келген Баба-сұлтан, соғысқа қазақтар араласқан сәттен бастап  сәтсіздіктерге ұшырап жеңіліс табады.  Бұл  жорықта   ерлік  көрсеткен  Шығай  хан  мен  Тәуекел  сұлтанға  Абдолла  хан  мейлінше  разы  болып, Ходжент    жерін  сыйлыққа  береді.4     Егер, кейбір тарихшылар жазғандай Абдоллаға қазақ елі бодан болса онда, бодан жұртына жерді сыйлыққа бермес  еді?  Олар одақтас болды. Күш біріктірген  Абдолла  хан мен  қазақ  ханы  Шығай  және  оның  баласы  Тәуекел  сұлтанмен  күш  біріктіріп  1581-1582 жылдары  Баба-сұлтанға қарсы  соғысады.  
Баба-сұлтанға қарсы қазақ әскерін Шығай ханның  ұлы Тәуекел сұлтан бастайды. Аруақ аттаған қас дұшпаннан кек алу жолында   Тәуекел-бахадұр Шәйбан әулетінен тараған қаншама сұлтанды жер жастандырады. Ақыры, 1582 жылы шілдеде, Түркістан түбінде Баба-сұлтанның қалың қолын тас-талқан етеді. Биліктен біржола күдер үзген Баба-сұлтан  қырғыннан қалған шерігімен Сары-суды өрлеп, Арқаға қарай қашады. Тәуекел сұлтан жеңімпаз жасағының ішінен мың қаралы ғана жауынгер таңдап алып, қосар-қосар атпен Баба-сұлтанның соңынан қуады.   Ұлытауға жеткізбей, Кеңгір өзенінің  бойында, Жошы ханның мазары түбінде қуып жетеді. Тәуекелдің әскері Баба-сұлтанның қасындағы әскерден әлдеқайда аз еді деп жазады сол заманның тарихшылары. Бірақ, ыза мен кек буған қазақтар жауға аш бөріше ұмтылады. Қазақ аламандарының бірі алыстан тартқан өткір жебе ат үстінде жұрт қатарлы айқасқа ыңғайланған Баба-сұлтанға дәл тиеді, болат сауытын тесіп өтіп, қара жүрегін қақ айырады. Қызу жүргізілген келте ұрыста қалған жасақ та қирап жеңіледі. 
 Орта Азияның атақты ғұлама тарихшысы  Хафиз Таныштың айтуынша, тарихтың  982 жылы, рәджаб айының 17-сі күні, қазіргі есеп бойынша 1582 жылдың 7 тамызында Тәуекел-бахадұр қараниет Баба-сұлтанның  кердең басын Абдолла ханның аяғының астына әкеп тастайды.5  «Жеңіске жеткен, даңққа бөленген Тәуекел сұлтан айрықша құрмет, сый-сияпат көрді» – деп жазады Хафиз Таныш. Қас  жауын  жойғанға  қатты  риза  болған  Абдолла  хан  Самарқан  өлкесіндегі  Афоикент  уалаятын  Тәуекелге  тарту  етті. Сырдария  алабындағы  қала  бекіністерді – Сауран, Түркістан, Отырар, Сайрам, т.б.  бұрынғыша  қазақ  хандығына  тиесілі болып қалды. Баба-сұлтанның басы кесілгеннен соң өзінің бар парызы өтелді деп есептеген, сексен жасқа келіп отырған Шығай хан биліктен бас тартып,  дін жолын таңдайды, әулиелі Бұхара-шәріф шегіне қоныс аударып, өзінің жеке иелігіне берілген Ходжент қаласына құдайға құлшылық етумен күн өткізеді. Көп ұзамай-ақ сонда 1582 жылы көз жұмады. Шығай ханның сүйегі Бұхара түбіндегі Күміскент деген шағын шаһарда, Ғали-ата әулиенің саясында жеке күмбезге жерленеді. 
Бірсыпыра тарихшылар Шығай ханның Мәуреннахрда, өз елінен тысқары жерде қайтыс болғанына байланысты  дәйексіз тарихи шындыққа жанаспайтын бұрмаланған түрлі пікірлер  жазған.  М.П. Вяткин Шығай Мауреннахрға қоныс аударуын  қазақ хандығының   әлсірегендігінен   Абдолладан пана іздеп келді десе,  А.П. Чулошников қазақтардың Талас өзені жағасында Баба сұлтанмен соғыста жеңіліс табуы себеп болды деп бұрмалап көрсетеді.6  В.П. Юдин Шығай ханды қазақтардың өзге хандары қуып жіберді деп сандырақтаса, М.Х.Әбусеитова Шығай ханның Мауреннахрға Шәйбанилер арасына қоныстануын   халқына қарғанды болғандықтан деген тарихи жаңсақ пікірге жол берген.  Аталған ғалымдардың  Шығай секілді ел қадірлеген тарихи тұлғаны бұлайша күстаналап,  кемсітулері қазақ халқының шынайы жан-дүниесін түсінбеушіліктен оны империялық көзқарастағы зерттеушілердің менсінбеушіліктерінен туған  жалған пікір. Тәуекел, Есім хандар секілді сайыпқыран қазақ   мемлекетін  билеген ардақты ұлдары   бар Шығай хан, ешуақытта Абдолладан пана іздеуі,  және  жұртының аяулы абыройлы ханына айналған Шығайды қарғау мүлде мүмкін болмайтын жағдай. Ал қазақтың өзге хандары қуып жіберді деген барып тұрған жала. Ол кезде өзге хандар болмаған. Болған хандар ол өз ұлдары Тәуекел, Есім хандар. Қазақтың салты бойынша ол заманда туған балалар әкені қумақ түгілі  оған қарсы келмейтін тәрбие алғандар болған.   
Шығай ханның қатындары мен көңіл­дестері көп болыпты, бірақ, бас бәйбішесі үшеу еді деп жазады Қадырғали Жалайыр. Әуелгісі – Байым-бикем,  одан Сейітқұл сұлтан, Ондан сұлтан, Алтын ханым туады. Осы Ондан сұлтан орыс және батыс тарихында кеңінен танымал Ораз-Мұхаммед Касимовскийдің  әкесі, кейінгі Көкжал Барақ сұлтан мен Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның бабасы. Шығайдың екінші бәйбішесі, Жағат әулетінен шыққан Яхшым-бикемнен Тәуекел хан, Есім хан және Сұлтан-Сабырбек ханым туған. Мұндағы  Есім (Ес-Мұхаммед) – қазақтың ұлы ханы, Салқам Жәңгірдің әкесі, содан бастап, Кенесарыға дейінгі аралықтағы барлық қазақ хандарының бабасы. Шығай ханның үшінші бәйбішесі – Бұрындық ханның немересі Дадым ханымнан Әлі сұлтан, Сұлым сұлтан, Ибрайым сұлтан, Шағым сұлтан туады. Өз тұсында бұлардың ішіндегі ең атақтысы-елбасы әрі қолбасы Шағым (Шах-Мұхаммед) сұлтан болды. 7   Бұдан басқа да тарихта есімдері  қалған Абылай, Күшік деген ұлдары болған.8 Алайда, жұртқа тұлға, жауға айбар болған сегіз ұлдың ішінде Тәуекел сұлтанның орны бөлек болды. 1582 жылы Шығай хан қайтыс болғаннан кейін таққа Тәуекел (1582-1598 жж.) отырды. Хан көтерілген шағында Тәуекел жастығына қарамай, тәжірибелі әскербасы  әрі білгір саясатшы, кемел тұлға болады. Әскери өнерді әбден меңгерген Тәуекел жас кезінен-ақ, әкесі Шығайдың тірі кезінде-ақ қол бастайды. Атақты Бұхар хандығының тарихшысы Хафиз Таныш жас Тәуекелдің мінезін, көркін, ақыл-парасатын  сипаттай келіп, оның жүзіктің көзінен жебесін өткізген мергендігін атайды. «Бүкіл Дешті-Қыпшаққа даңқы шыққан Тәуекел-сұлтан ерлігі жөнінде де, мәрттігі жөнінде де, қажыр-қайраты  жөнінде, ержүректігі  жөнінен де әлемде теңдесі жоқ, дара туған жан»9 – деп  көрсетеді.  
Тәуекелдің ерекше қасиеті – оның  Елін сүйген адалдығында, ел-жұртының болашағын пайымдай алған көрегендігі еді. Туған халқының бар жақсы қасиетін бойына сіңірген Тәуекел іргелес көрші­лерін де жете танып өседі. Ата-бабала­ры­ның әскер өнерін, ел басқару ісін игерумен қатар, болашақ дұшпаны – Бұқар хан­дығының да соғыс өнері мен жұртына билік жүргізу  жүйесінен  де  хабардар болды. И.В. Ерофеева Тәуекел ханды: «Қазақ хандығын басқарған барлық кезеңінде Тәуекел өзін талантты және тез шешім қабылдай алатын қолбасшы, сыртқы саясатта шебер тактика  қолдана алатын хан ретінде көрсете білді», – деп сипаттайды.10   
Т. Сұлтанов: «Тәуекел хандық билікке өте қиын кезеңде  келді. Бір жағынан Шәйбанилық Абдолла және моғол  мен жоңғарлар арасындағы қатынастары шиеленісте болды. Осындай тұста Тәуе­кел өзін соғыстың білгірі, епті саясаткер екенін көрсете алды» – деп көрсетеді.11  
Тәуекел таққа отырған күннен бастап-ақ, Қазақ Ордасының ежелгі күш-қуатын қайтаруға кіріседі. Ол ең алдымен Ресей басқыншылығына ұшыраған Сібір хан­дығындағы ежелгі түрік қоныстарын өзіне қарай икемдейді.  Қазақ Ордасы жауығып жүрсе де аталас Сібір жұртын жауға бермес ниетте болады. Бірақ Ермак Орал тауынан асып түскен кезде өздері де кешегі ойран-топаннан әлі оңалмаған, қару көтерер ер-азамат түгелімен Баба-сұлтанға қарсы соғыста жүргендіктен қорғай алмады. Сол замандағы орыс шежірелерінде Сібір хан­дығына Қазақ Ордасы көмектесе бастады деп жазылған. Ермактың көзі құрыды, бірақ Тәуекел кеше ғана Абдолланың одақтасы болған Көшім ханмен келісімге  ұмтылмайды. Көшіммен таққа таласушы-баяғы Керей ханның әулеті Сейдақ бекті қолдайды, соның билікке жетуіне мүдделі болады.  Қазақтардың көмегімен Көшімді  ығыстырған Сейдақ бек Сібірдің  астанасы Искер қаласына келіп орнығады. Ал шайқалған  шаңырақтан ірге бөліскен біраз ру барлық мекен-қонысымен Қазақ Ордасының құрамына енеді. 
     Осыдан кейін,1582 және 1583 жылы жазда Тәуекел Абдолла ханның Әндіжан мен Ферғанаға жасаған жорығына қатысады. Бұл жорықта Тәуекелге Шәйбанилық Махди сұлтан мен Баба сұлтанның ұлы Абдалл Ғаффарды өлтіру сәті түседі.12  Сөйтіп, жорықтан қайтып келе жатып Хафиз Таныштың айтуынша: «Әндіжан мен Ферғанаға жорықтап қайтып келе жатқанда Абдолла ханның Тәуекелге теріс ниетінен күдіктеніп, оны тастап, өзінің Дешті-Қыпшағына кетіп қалады»,13– делінген. Т. Сұлтановтың айтуынша: «Тәуекел Абдолла ханның қол астында қалып, өз елінің тәуелсіз билеушісі бола алатынына сенбеді. Өзінің құқықсыз хан ретінде жүруден бас тартып, Мәуреннахрдан Ұлы далаға Абдолла ханға қарсы әскер жинау үшін оралады»14 – дейді.
 Билікті  бір өзі мұралануы үшін өз туыстарын аямай өлтірткен Абдолла хан, Жошы ұрпағы Тәуекелдің де Орта Азиядағы билікті заңды түрде алу үшін күрес алаңына шығатынынан сезіктенеді.  Бұл жағдай Тәуекел хан  мен Бұхара ханы Абдолла арасындағы жасасқан шарттың бұзылып, қазақ және өзбек билеушілері арасындағы өзара жаугершіліктің қайта  қоздауына әкеледі. Абдолла ханмен одақтан Тәуекел ханның бас тартуының бір себебі, Абдолланың әуелдегі Түркістаннан төрт қала беруі туралы уәдесінен таюы болды.  Сонымен бірге,  Абдолла Тәуекел ханның  беделінен, батырлығынан Жошы ұрпағы  ретінде бүкіл Орта Азияны билеуіне толық  құқығы бар қауіпті бақталас  екенінен сескеніп,  уәдесінен айнып оған қарсы  жаулық әрекетке  көшеді. Бұрын да Қазақ Ордасын біржола құрту мақсатымен қанды жорықтар, ұйымдастырған,  Абдолла хан бейбіт күндердің өзінде қатал тәртіп орнатып, сырттағы  қазақтарға экономикалық блокада жасайды. Қазақ халқының үлкен бір бөлігі кіріптарлыққа түсіп, еркін ұлыс ордалы жұрт қандас бауырларымен  қатынаса алмайды, тіпті, қазақ саудагерлерінің керуен тартып, Сыр бойына аттап басуына тыйым салады. Осы бөгеттен құтылу үшін  Қазақ Ордасына  сол замандағы ең үлкен,  қуатты империялардың бірімен жекпе-жек со­ғысу мәжбүрлігі туындайды. Шынында да, Абдолланың билігіндегі Бұхар-Өзбек хандығы, қазіргі шекаралық бөлініс жүйесімен айтсақ, Иранның терістік шығыс бөлігі мен Ауғанстан жерін  түгелімен, Пәкістанның біраз жерін және Өзбекстан, Түркменстан, Тәжікстанды тұтасымен қамтыды. Бұл – бұдан екі ғасыр бұрынғы Ақсақ Темір империясының қайта қалпына келген көрінісі болатын. Сол заманның тарихшылары Абдолла ханды шебер саясатшы, құдіретті әмірші, жеңімпаз қолбасы деп мақтай келе, оның сарайындағы сән-салтанатты тамашалайды, осыншама бай, құдіретті әмірші көңілі қаласа, арада апта өтпей, бес жүз мың әскер шығара алатынын жазған.   Тәуекел хан Бұхар империясының ішкі-сыртқы саяси ахуалын да, әскери жағдайын да жете танып білді. Күрестің ауыр болатынын, өлшеусіз шығынға түсерін де анық байыптады. Бірақ,  Қазақ Ордасы іргелі ел болуы үшін, қазақ жұрты мәңгі жасауы үшін топырағы  құнарлы, күні шуақ Оңтүстік өңірді қалайда қайтарып алу қажеттігін түсінді.   Халқының  қажыр-қайратына ғана емес, өзінің ақыл-парасатына да нық сенді. Тәуекел сыртқы саясатында хандықтың оңтүстігіндегі қалаларда билікті нығайтуға күш салып, Сыр бойындағы қалалар үшін Абдоллаға қарсы соғыс   бастайды. 1586 жылы Тәуекел ханның өзі бастаған қазақ аламандары Орталық Азияға қарсы алғашқы жорыққа аттанады. Сол заман тарихшыларының жазбаларынан аңғарылғандай, алдарынан шыққан Бұқар әскерін оп-оңай жеңіп, Сайран түбіне  жақындайды.
Ташкент пен Түркістан, Сауранды қайтарып алуға  сәтті кезең  туғандай көрінгенмен Тәуекел оқыс іске бармайды. Ұзақ майданға түспей, Абдолла ханның жекелеген жасақтарын қиратып, мол олжамен Сары-Арқаға оралады.   Жауына сес көрсеткен Тәуекел Абдолланың бұғауына түскен   қандастарына күш беріп қайтады. Шынында да, арада бір ғана жаз өткенде, 1588 жылы ежелден-ақ қазақтар мекендеп отырған және қазақ қонысы болып саналатын Ташкент, Шахруийа және Ходжент өңіріндегі жұрт Абдолла ханның жасауыл әскерлерін талқандап, әкімдерін қуады, Жанәлі деген қазақ сұлтанын өздеріне басшы етіп тағайындайды. Көтерілісшілерге көмекке көп әскермен Ақназар ханның ұлдары Маңғытай мен Дін-Мұхамед сұлтандар аттанады.  Жердің шалғайлығынан Арқадағы қалың қол жетіп үлгермесе керек. Жау табанында қалған қазақ рулары бастаған көтеріліс қанға боялып жанышталады. Бірақ, бұл оқиға алаш жұртына рух беріп, Тәуекелді жігерлендіре түседі. Сонымен қатар, саны мол, қаруы сай дұшпанмен күреске тыңғылықты  дайын­дық қажеті де белгілі болды. Тәуекел хан бүкіл Орталық Азияға қарсы күресте әскери ғана емес, дипломатиялық тәсілдерді кеңінен қолданады. Сібірдің қалай жаулан­ғаны туралы толық мағлұмат ала отырып, орыстарды, бүкіл батыс жұртын қуатқа жеткізген қаруды қолға түсіру жолдарын қарастырады. 
XVI ғасырдың 60-жылдарынан бастап қалмақтар Қазақ Ордасындағы қиыншылықтарды, тақ таласын пайдаланып  Шығыс Қазақстан мен Ертіс бойына және Жетісуға қоныстана бастайды. Қалмақтар (ойраттар-батыс монғолдар). Тәуекел хан қоныс ау­дарған қалмақтарды тыныштандырып, қол астына алды. Тәуекел хан­дығының алғашқы кезеңінде, 1585 жылы қалмақтармен арада үлкен соғыс болған. Бұл соғыста Тәуекелдің ағасы Ұзын оқты Ондан сұлтан шәйіт болады, бірақ, Қазақ Ордасы жеңіске жетеді.  Бұл  кезде  ойраттардың  бір  бөлігі  Тәуекел  ханға  бағынышты болды. Тәуекел  хан  Мәскеуге  жолдаған  грамотасында  өзін  қазақтар  мен  қалмақтардың  патшасы  деп  атады. Елшілік құжаттарында Тәуекел қазақ-қалмақ ханы деп аталады.
Ресей патшасы Федор Ивановичтің өз кезегінде Тәуекел ханға жолдаған құжат-хатында: «Бұдан бұрын ұлысыңыз бытырап кеткен еді, енді құдайдың рахымынан екі Орда-қазақ пен қалмаққа қатарынан билік жүргізіп отырсыз»15 – деген сөздер бар. Яғни, Ресей өкіметі  Тәуекел ханның Қалмақ Ордасын  өзіне қаратып отырғанына күмән келтірмейді. Сонымен қатар, өз елшісіне  тапсырған құпия нұсқауында:  Қазақ Ордасына  қалмақ  жұртын түгелімен тәуелді болып отыр ма, әлде белгілі бір бөлігі ғана кіріптарлыққа түсті ме – осыны нақты анықтауды тапсырады. Тиісті құжаттар толық сақталмаған  себепті, орыс елшілігінің бұл тарапта қандай мәлімет жинап қайтқаны белгісіз. Осы кезеңдегі Ойрат Одағына қатысты басқадай да мағлұматтарды, қалмақ руларының көші-қоны, тұрақ-мекені туралы деректерді  байыптасақ, қазаққа қараған – торғауыт пен дүрбіт  деп шамалауға болады. 
1587 жылы, шығыс монғолдар мен батыс  монғолдар, яғни, Халха мен Ойрат арасында соғыс басталғанда, Ойрат Одағын  құраған бес ру елу мың әскер жасақтайды, соның ішінде хошауыттан отыз мың шықса, торғауыт екі мың, дүрбіт сегіз мың  шерік береді; бұл кезде жалғыз торғауыттың өзі қырық мың түтін еді, қырық мың әскер шығара алатын; дүрбіттің де қуаты зор еді: Яғни, аталмыш халха – ойрат соғысы кезеңінде торғауыттар  мен дүрбіттердің  негізгі бөлігі ойрат бірлігінен тысқары қалғаны, Қазақ Ордасы  құрамында болғандықтан, шығыстағы  соғысқа араласа алмаған. Жоңғар тарихын  зерттеген орыс оқымыстысы Илья Златкин бұл екі рудың  шынында да қазаққа бағынғанын терістемейді. Қазақтың Тәуе­кел ханы  Ертісті бойлап, Солтүстік-батыс Сібірге қарай жылжыған ойрат тайшы­ларын талқандады дейді. Міне, осы деректердің өзі – ақ  Қазақ Ордасы мен  Ойрат Одағының  ара салмағын  айқын аңғартады. Тәуекел  ханның  інісі  Ондан  сұлтанның  баласы  Ораз Мұхаммед  пен  әйгілі  қазақ  тарихшысы  Қадырғали  Жалайыри  1588 жылы  Ертіс  бойында  тұйғын  салып  жүргенде  орыс  әскерлері  ұстап  әкетіп, Мәскеуге  апарып, «барымта»  етіп ұстайды. Тәуекел  хан  өз  ұлы  Құсайынды  Мәскеуге  аманатқа  беріп, ондағы  Оразмұхаммед  сұлтанды  қайтарып  алмақ  болады. Тәуекел  хан  1595 жылы  көкек-маусым  айларында    Вельямин Степанов  бастаған  орыс  елшілігін  қабылдайды.  
1595 жылы елші орыс патшасының жауап грамотасын тапсырады.   Орыс мемлекеті Қазақ хандығымен әскери одақ құрудан бас тартқанымен, Тәуекел хан орыс мемлекетімен дипломатиялық қарым-қатынасты үзген жоқ.  Қазақ ханы Тәуекел Мәскеу патшасынан немере інісі Ораз Мұхаммедті қайтарумен қатар, Бұхара хандығын жеңу үшін от қару сұрайды. Ол жайында зерттеуші А.И. Левшин, В.В. Вельяминов-Зернов, В.Я. Басин, М.Х. Әбусеитовалардың еңбектерінде  айтылғандай, олар қазақтарға Ораз Мұхаммедті де, от қаруды да бермейді. Өйткені, қазақтардың күшті халық екендігінен ноғайлар арқылы хабардар болған орыс билігі  қазақтарға сұрағанын беру өздеріне қауіпті болатынын аңғарады, өйткені, орыс патшасы қазақ елін өз боданына айналдыруды мақсат  еткен еді.
Зерттеуші Н. Атығаев бұл туралы: «Осы кезде қазақ билеушісі Тәуекел хан Шәйбанилық Абдолла ханмен уақытша мәмілеге келуін пайдаланып, оған қарсы өзіне одақтас табуға кірісті. Ондай одақтасы Сефевилік мемлекет еді. Оларда Шәйбанилармен үнемі соғыста болған еді»,16 – дейді. Бұл XVІ ғ. басынан басталған күрес  болатын. Және де қазақтар орыс­тармен одақтасудан үміттері үзілгеннен кейін осы шешімді қабылдаған секілді. 1594 ж. Қазақ елшісі Құл Мұхаммед Мәскеуге Сефевилерден елші келгенін естіп, онымен келісім жасауға талпынады. Ол өз мақсатын: «Біз қызылбашылармен (Сефевилер) бірігіп бұхаралықтарға қарсы күресуіміз керек», – деп түсіндіреді. Бұл, әрине, Тәуекел ханның сыртқы жауларымен күресуге бағытталған одағы еді. Қазақ хандығы өзінің көздеген мақсатына жету үшін қазақ жеріне Құл Мұхаммедпен бірге орыс елшісі В. Степанов және Сефевилік елші Дервиш Мағметті шақырады. Ал, Сефеви мемлекетінің Аббас шахына қазақтар өз елшілерін жібереді.17 Өкінішке орай, бұл қарым-қатынастар туралы мәлімет беретін дерек  әзірше жоқ. Сонымен, Қазақ хандығы ешбір одақтассыз, өзінің күшіне сеніп қана Шәйбанилық әулетті жеңу керектігіне көздері жетеді. Сырттан одақтас табу әрекеті нәтижесіз аяқталады. 
1598-1599 жж. қазақтар үшін сәтті кезеңдердің бірі болды. Өйткені, осы уақытта Абдолла ханның үстемдігі саяси тоқырауға ұшырады. 1597 жылы Бұхар хандығында ішкі тартыс  басталды, онда ықпалды адамдардың қолдауымен Абдолланың ұлы Әбдімомын (Абдылһұмин)   әкесіне қарсы шығады. Осы қырқысты пайдаланып, Тәуекел Ташкент қаласының түбінде Абдолла ханның әскерін талқандайды. 1598 жылы наурызда Абдолла хан қайтыс болып, Әбдімомын  хан болды. Осы орайды пайдаланған Тәуекел хан Мәуераннахрға басып кіріп, Ахси, Әндіжан, Ташкент, Самарқан қалаларын басып алды.  
Жиырма мың әскермен туған інісі Есім сұлтанды Самарқанда қалдырып, өзі жо­рықты біржола тәмамдау үшін жетпіс мың қолмен Бұхара қаласына аттанады. Алдан шыққан әскер атаулыны жеңіп, ығыстырып, астана шаһардың өзін қоршауға алады. Қаруы қапысыз Бұхара-шәріф түбінде Тәуекел хан, кейбір деректер бойынша он екі күн, енді бір деректер бойынша жиырма күн тұрады. Сол заман тарихшылары қаланы қорғаушылардың саны қазақ қосынымен салыстырғанда әлдеқайда аз еді деп атап көрсетеді. Бірақ, өліспей беріспеуге бел буғаны күмәнсіз. Ең бастысы – Бұхардың қамалы әрі берік, әрі биік еді. Құдіретті Шыңғыс ханнан соңғы жерде тура шауып ешкім ала алмаған. Қазақтар да қамал түбінде бөгелуге мәжбүр болады. Қорғандағы ауыр ұрыс таңнан кешке озды. Бірақ қала берілмеді. Ақыры, қоршаудың әлде он бірінші, әлде он тоғызыншы күні түнгі ұрыста ұрпағының жолына басын байлаған аруақты Тәуекел-бахадұр хан тура тиген жау жебесінен ауыр жараланады. Ажал оғына ілінген  ол  шұғыл жарлық береді, қоршауын алған жетпіс мың әскер қараңғы түнде мың сан от жағып, кең далаға шығады. Ескі дәстүр бойынша, жорық үстінде көсемнің ауыр жарадар, немесе айықпас сырқат халі құпия ұсталады. Бұхара алынбады, қазақтар кері шегінді деген әуелгі дақпырт жеткенде қатты кейіген Есім сұлтан анық хабарды ести салысымен шұғыл аттанып, жиырма мың аламанымен негізгі шерікке қосылады, және сол сәтінде-ақ бас қолбасының міндетін атқарады. Бұл кезде жауға көмекке Ауғаныстан тарабынан қалың әскер келіп жеткен еді. Кең далада кезек шабыс, тынымсыз ұрыс басталады. Орталық Азия тарихшылары соғыс қимылдары тепе-тең жағдайда жүріп жатты деп жазады, бірақ, бұдан соңғы оқиғалар ыңғайына қарағанда басымдық қазақтар жағында болғаны байқалады. Күн озған сайын Бұхар-Өзбек хандығының жағдайы қиындай түседі. Енді, оңтүстік-батыс тараптан Иранның Аббас шахы жойқын шабуылға шыққан еді. Тәуекел ханмен одақтастық келісімін өз алдына, осыдан бұрынғы сәтсіз соғыстарда Иран бүкіл Қорасан уәлаятын айрылған, Мешхед сияқты қасиетті қаласын тастап шыққан болатын. Енді, Қазақ майданында ауыр жеңілістерге ұшыраған Бұқар мемлекетін біржола талқандау, Иранға тиесілі ежелгі мекендерді қайтарып алудың сәті туған. Осы дүрбелең үстінде, кешегі Абдолла ханның орнын басқан, әкесіне тартпай туған Әбдімомын (Абдылһұмин) хан қазаға ұшырайды.18 
Бұхар мемлекетінің билігіне де   Жошы ханның он үшінші ұлы Тоқай-Темірден тарайтын, тарихта Хажы-Тархан нәсілі аталатын жаңа әулет келеді. Бұл әулеттің басы Пір-Мұхамед сұлтан қазақтарға бітім туралы сөз салады, араға елшілікке Орталық Азия түріктеріне ортақ пір Бахауиддин Нақшыбенді әулиенің жолын қуған дін өкілдері жүреді. Осы мезгілде ажалмен арпалысып, Ташкентте жатқан, ақыры, ауыр жарадан оңала алмаған Тәуекел-бахадұр хан мәңгілік сапарға аттанған еді. 
Тәуекел ханның орнын басқан Есім хан 1598 жылы күзде Бұқар мемлекетімен бітім шартын жасасады. Бұл шарт бойынша, арыдан тартсақ Мәуереннахр мен Дешті Қыпшақ арасындағы мың жылдық талас, бері де, жүз елу жыл бойы тынымсыз жүргізілген алмағайып  күрес біржола және бүтіндей көшпенділердің пайдасына шешіледі. Алаш ұлы Сырдарияның ұзын бойын түгелге жуық иеленетін болды, бұл өңірдің Түркістан, Отырар, Сауран бастаған отызға жуық шаһармен қоса, Ташкент қаласы бүкіл уәлятімен Қазақ Ордасының құрамына енеді, сонымен қатар, қазақтар Әндіжан қаласымен бірге Ферғана жазирасының солтүстік бөлігін алады, Қызылқұмнан асып, егіз дарияның орта аралығына дейін қанат жаяды. Қазақ Ордасы сол замандағы аса қуатты империя Бұхар хандығын талқандап, жер көлемі Еуропадағы Франция және Швейцария, Белгия сияқты тағы бірнеше мемлекет сиып кететін кең-байтақ жерді, ата-бабаға тиесілі тарихи мекенді қайтарып алады. Бұл арада іс мәнісі – территорияның ұлғаюында ғана емес, қазақтардың құт мекен, құйқалы қонысты  иемденуінде еді. Ежелгі түрік жұртының Алтай тауынан соңғы ұлы анасы – Сырдария алқабы болатын. Суы мол, топырағы құнарлы, байсын өңір. Дарияның екі жағасы – қалың тоғай, ну қамыс. Бүкіл Қазақ Ордасының жазғы жайлауы – Арқада болса, Сыр бойы, оның пішені мол, ықтасын ұйықтары қысқы қыстауы болатын. Қазақты қазақ қылған мыңғырған мал басы осы Сыр бойында еселеніп өсетін.   Түркістан, қамалы берік Сауран мен Отырар, тағы қаншама гүлденген шаһар жауға қарсы бекініс-тірек қызметін атқарады, сауда-саттығы мен мәдениеті тұрғысынан алғанда өмірлік мән-маңызы айрықша.  Ал, осыншама құтты Сыр бойы – Тәуекел ханның ұлы жеңісі арқасында қазақ халқының мәңгілік мекеніне айналған байтақ өңірдің бір бөлігі ғана болатын. Есім хан мен Пір-Мұхамед хан арасындағы бітім шарты бойынша, 1598 жылғы ұлы жорық нәтижесінде Тәуекелдің құзырына бас ұрған шаһар­лар мен уәлаяттар ішінде Бұхар-Өзбек хандығына тек Самарқан қаласы ғана қайтарылды (Кейін, арада ондаған жылдар өткенде мәуелі Ферғанадан да айрылыппыз). Орталық Азиядағы, тіпті, Қазақстанның сыртындағы, күні бүгінге дейін қазақтар қоныстанып отыр­ған жерлердің барлығы да сол Тәуекел хан заманында еншімізге тиген болатын. Сол кездегі алаш ұлының қажыр-қайратының жемісі, ел бастаған, қол батаған Тәуекел-бахадұр ханның кемеңгерлігінің арқасы еді.19 
Көреген саясатшы, ұлы қолбасы Тәуекел-бахадұрдың басшылығымен жүргізілген он бес жыл бойғы ауыр күрес, даңқты жеңіс нәтижесінде Қазақ Ордасы құтты қонысқа біржола бауыр басты, ұлтымыздың өрісі кеңейіп, өмірі өркендеді, тіршілігі жаңа арнаға түсті.
Тәуекел Орта Азияға жорығында тек қарулы күшке емес, Орта Азия халықтарының белгілі бір әлеуметтік топтарына сүйенді. Замандастарының айтуынша  Тәуекелдің есімі  талантты қолбасшы,  қиыннан қиыстыра білетін әккі  дипломат  ретінде   Орталық Азияға   мәшһүр    болған көрінеді. Ол өте көрікті  бойынан ізгілік байқалып тұратын,  ақындық та таланты  болғандығы» – туралы  дерек  қалған. 20 
Тәуекелдің зор майдан алдындағы дипломатиялық шаралардың ішіндегі ең жемісті ісі – Бұхар хандығының боданында қалған қазақ руларымен байланыс, баяғыда, бұдан жүз жыл бұрын Шәйбани ханмен бірге Мәуераннахр шегіне қоныс аударған, жергілікті, отырықшы жұртпен толық сіңісіп кете алмаған,  жаңа  өлкедегі  отандастары өзбек-қазақ,  өздерін қазақпыз деп сезінетін қандастарды бауырға тартқаны болса керек. Жанама деректерге сүйеніп топшыласақ, бір кезде Шәйбани ханға еріп кеткен, бірақ, өздерін қазақтардан бөтен санамайтын алаш ұлдары – керей, найман, қоңырат, қыпшақтар – Шахруийа, Ходжент, Әндижан, Ахсы өңірлеріне жинала орналасқан сияқты. Бұхар хандығы мен Қазақ Ордасы арасындағы күресте дәл осы өлкелердегі жұрттың қазақтармен тізе қоса қимылдауы кездейсоқ  болмады. Осымен қатар Тәуекел хан Шәйбани әулетінің   қатал әмірші Абдолла ханға наразы жекеленген сұлтандарының да тілін табады.    
Ескендір Муншидің дерегі бойынша Тәуекел мен оның інісі Есім сұлтанның біріккен әскері 100 мыңға жуық дейді. Ал, Мұхаммед Аваз сонымен қатар, Тәуекелмен бірге 120 сұлтан болды дейді. Яғни, бұл жорыққа барлық қазақ сұлтандары жұмыла кіріскенін  бай­қаймыз. Сондай-ақ, Тәуекел ханның әске­рінің құрамында дала өзбектері мен түркістандықтар да болды. Тәуекелге сол кезеңдегі ықпалы күшті діни ұйымдар да көмектесті. Және де Шәйбани әулетінің кейбір ықпалды өкілдері көмек беріп, оның есесіне Түркістан мен Мауреннахрдағы билікті бөліске салуды көздегендер де болды. Мысалы, «Мұсаххир ал-билад» дерегі бойынша Өзбек сұлтан  Абдоллаға қастандық ұйымдастырмақ ойда болып, Абдолла ханның кек алуынан қорқып өз балаларын қазақ ханына  жібереді және де бұл әрекеті үшін Тәуекел Түркістан мен Мауреннахрды жаулап алған соң тең бөлісеміз деп уәделескенге ұқсайды.21  Осы мәліметтерге қарағанда Тәуекел ханның билікке келіп, Орта Азияны жаулап алуына Шәйбанилық ақсүйектер қарсы болмаған.  Жалпы, Шәйбани ұрпақтарының өзара қақтығыстарынан шаршаған Орта Азия халықтарының басым бөлігі Тәуекел ханды қолдайды. Өйткені, Шәйбани тармағынан тараған Жошы ұрпақтарының өзі Мәуераннахрда Шәйбани әулетін қазақ хандарының әулетімен алмастыруға ниет білдірген.  Алайда, Мәуераннахр қазақ хандарының қолына толығымен көш­педі. Сөйтсе де, Ташкент және оның аймағы 200 жыл бойы Қазақ хандығының құрамында болды. Түркістан қаласы Қазақ хандығының орталығына айналды.            
Мәуреннахрды билеп-төстеген Шәй­банилық әулеттің дәуірі аяқталды, ал қазақтарды бастаған Тәуекел хан өзінің жеңісімен  көздеген мақсатына жетті. Осылайша, Қазақ хандығы бір ғасыр бойы Түркістан аймағы үшін күресті, ал ол күрестің босқа кетпегендігін тарихтың өзі дәлелдеп берді. Міне, XVІ ғ. Қазақ хандарының жүргізген саясаты  тарихта өз таңбасын осылай қалдырды. Ал, талай-талай  аласапыран жағдайларды басынан өткеріп келе жатқан Қазақ хандығы бұл кезеңнің қиындықтарына да төтеп беріп, өз тәуелсіздігін сақтап қалып, қазақ мемлекеті өміршең екенін тарихта тағы бір дәлелдеді. Егер бұлай болмағанда қазіргі айтып жүрген «Мәңгілік Ел» идеясы да болар ма еді.
 
Пайдаланылған әдебиеттер:

1.  Қадырғали Жалайыр. Шежірелер жинағы (Шағатай-қазақ тілінен аударып, алғы сөзін жазғандар   Н. Мингулов, Б. Көмеков, С. Өтениязов). – Алматы, 1997. – 122 б.
2.  Қойшығара Салғараұлы. Шығай хан.// Түркістан. -1996.- 5 маусым. – 3 б.
3.  «Шараф наме  шаһи», 321-б.:  Вяткин В.Л.  Очерки по истории  Казахский ССР. М., 1941г.; 
Қазақстан   тарихы. Көне заманнан бүгінге дейін. Бес томдық. Т.ІІ.  1998 -409 б.
4.  Абусеитова М.Х. Казахское ханство во    второй половине XVІ века. – Алма-Ата:
Наука,1985.–73с.
5.  Вопросы историографии и источниковедения Казахстана. (дореволюционный период), -Алма-Ата,1988.–210 с.; Қазақстан тарихы. Көне заманнан бүгінге дейін. Бес томдық.Т.ІІ. 1998 -  411б.
6.  Чулошников А.П. Очерки  по истории казак-киргизского  народа в связи  с общими  историческими  судьбами других  тюркских племен. Оренбург, 1924, ч.1, с.311.  
7. Қадырғали Жалайыр. Шежірелер жинағы (Шағатай-қазақ тілінен аударып, алғы сөзін жазғандар Н.Мингулов, Б.Көмеков, С.Өтениязов). - Алматы,1997.-123б.
8.  Султанов Т.И. Поднятые на белой кошме. Потомки Чингиз-хана.– Алматы, 2001- 192-193 с.
9. Абдрахманова Б. История Казахстана: власть, система управления, территориальное устройство в ХIХ  веке. Астана  1998. Гл.2 с.22-55; Гл.3 С.56-94.; Мағауин М.»Қазақ тарихының әліппесі», 33 б.  
10. История Казахстана: народы и культуры.  Казахские ханы: личности, традиции и преемственность власти. Алматы, 2001. –147с.
11.  Султанов Т.И. Поднятые на белой кошме. Потомки Чингиз-хана.– Алматы, 2001- 203-204 с.
12.  Вопросы историографии и источниковедения Казахстана. (дореволюционный период), -Алма-Ата,1988.–213с.; Вельяминов-Зернов В.В. Исследование о Касимовских царях и царевичах. (Труды Восточного Отделения Императорского Археологического Общества). – Санк-Петербург, 1864. ч. 2. с.339;  
13. История Казахстана: народы и культуры. Алматы, 2001. – 147 с.
14. Султанов Т.И. Поднятые на белой кошме. Потомки Чингиз-хана.– Алматы, 2001- 203 с.
15. Казахско-русские отношение в XVІ-XVІІІ вв. – Алма-Ата, 1961. – 3-4 с.
16. Атыгаев Н.А. Взаимоотношение Казахского ханства и Сефевидского государства в XVІ в.// Вестник Каз НУ. — Серия востоковедений. – 2002. №2. – 18-20 с.
17. Сонда, 18-20 бб.
18. Мағауин М.» Қазақ тарихының әліп­песі», 38-39 бб.
19. Сонда, 41 б.
20. Абдрахманова Б. История Казахстана: власть, система управления, территориальное устройство в ХIХ  веке. Астана  1998. Гл.2 с.22-55; Гл.3  С.56-94. 
21. Султанов Т.И. Поднятые на белой кошме. Потомки Чингиз-хана.– Алматы, 2001- 208 с.; Абусеитова М.Х. Казахское ханство во    второй половине XVІ века. – Алма-Ата: Наука,1985.–88с.  

1219 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз