• Заманхат
  • 09 Қараша, 2015

Азып-тозып кетпеске не амал бар?

Жаһанша СЕЙДАЛИН

Қазақ халқы азып-тозып барады: Жердің жақсысын мұжық алды; жаманы да қазақ пайдасына қалмайды. Үкімет мұжықтан қалған жерді арендаға сатайын деп жатыр. Кешікпей бұл законы да шықса керек. Аз да болса 15 десятинадан жер алып жатқан бауырларымның не боларына көзім жетпейді, жаным ашиды... Бұларды бытыратып мұжық болыстарына қосақтады. Бұл қосақтау бірінші февральда басталды. Қостанай уезі, Сарыой болысының 1 ауылы мұжықтың болысына кіргізілді. Судың хакімі мұжық болса, тіл білмесе, алым-салым үш есе көбейсе, мұжықтан теңдік ала алмаса бұл қала салған қазақтың да күні қызық болмас.


Атам маған айтушы еді: «Ит тойған жерін іздейді, ер туған жерін іздейді? Балам, халықты ұмытпа, ғылымыңа тойған соң, ақылды тоқтатқан соң елге бір айналарсың» деп. Мен осы сөзді ұмытпай, елге қайырылдым. Екі жыл болды туған жеріме, қалың қыпшақ еліме, ағайын ортасына келгеніме. Келгенде не көрдім? Өзін-өзі түтіп, шайнап жеп жатқан бір халықты көрдім. Баласын сатып тамағын асыраған халықтан бұл заманда не үміт? Ат – биеден, ер – анадан тумай ма? Құлдан, күңнен қандай азамат туар деп үміт қыламыз. Мешіт салыңдар, мектеп ашыңдар, тамыр дәрінің жуанын алмай, жіңішкесін ала көріңіз, газет-журнал алыңыздар, ғылым жарысын жасаңыздар деп ақылымызды қазаққа аямай-ақ беріп жатырмыз. Бірақ мен ойлаймын, адам сатып күнелтіп тұрған елде нендей дұрыс мектеп, нендей дұрыс жақсы медресе, нендей ғылым жарыстыру? Мұны ақылды құрбыларыма жазамын.
Қазақ халқының ауруы күшті. Бұл күшті ауруды күшті дәрімен емдемесе құр медре­се, мектеп, 15 десятина жерменен емдеп жазуға болмайды. Көрініп тұр, қазақтың ауруы бір жерінде ғана емес, тұла бойында. Қазақ халқы ішінен жамандатпаса да 1869 жылдан бері «Степное положение» деген ауруды ішіп ауыра бастады. Бұл күнде өзінен-өзі жерініп түр. Жерді айтса жылайды, дінді айтса жылайды, малды айгса жылайды, жарқырап күліп айтатұғын қазақ байғұста ұрлық пен өтірік қалды. Арымыздан, жерімізден айырылып қалсақ та біздің қадірлі болыстарымыз осы екі қасиетті нәрсені орысқа бермей-ақ келе жатыр. Ал, енді, қазақ халқының тұла бойына тараған күшті аурудың аты не? Аты мынау: «Не нормальная система управление и суда, отсутствие народного представительства в законодательных учреждениях, нужда для изменение этой системы сообразно требованиям времени и особенностям киргизского народа». Яғни, ел бағу тәртібі һәм суд тәртібінің халыққа жайсыздығы, закон шығаратын мекемелерде қазақтың өз адамының жоқтығы. Егер өз адамдары болса, айтылған жайсыз тәртіптерді заманға лайық, қазаққа тынышты қылып өзгертуге себепкер болар еді. Ал, енді, бұл тұла бойымызды құрыстырып тұрған ауруға дәрі бар ма? Күшті ауруға күшті дәрі: дәрінің аты – «сиез» (съезд), бас қосып бір жерде жайымызды сөйлесіп заманға лайық құрал табу. Бас қосылмай государственная дума һәм советке енді бізден адам бара алмаса. Бұл екі мекемеде бізден кісі болмай тұрғанда қазақ халқын чиновниктерге, мужикке талатпай адам есебіне кіргіземін деген судырдың бетіне түкіруге болады. Ондай сөзді айтгыратұғын надандық, яки балалық, яки шалалық, яки балтаға сап болып жүргендер айтады. Әрине сиезді хакімнің рұхсатымен жинауға керек. Шала-шарпы закон білетіндеріміз бар ғой.
Істің ең қиын жері рұхсат алу, іздену. Хакіммен үркітпей, шошытпай жақсы қалыппенен сөйлесу. Бұл сиез турасында бөтен хакім қанағат ететіндерден талапкер шықпаса, мен Аллаға сыйынып өз міндетіме алайын;
Бас қосу Орынбургта болсын;
Әр болыстан екі кісі сайланып келсін;
Нендей сөздер сиездің қарамағына түседі? (Бағдарлама). Әрине ол программа хакімге көрсетіледі. Министр бекітеді, программаға жазылатьш лайық сөздерді әуелі «Айқап» һәм «Қазақты»» бетіне жазып салыстырарға керек: «Ханда қырық кісінің ақылы бар» деп бабаларымыз айтып кетсе де, ақылға ақыл қосылсын, сөзден сөз тусын;
Менің бұл жазған сөзімді мақұлдаған, яки, бұл турада айтатұғын ақылы болған азамат, атқа мінген ел атасы һәм халыққа сөзін тыңдататұғын молда, хазіреттер болатұгын болса, олардың бәрінен өтінемін: маған хат жазып білгенін айтсын;
Бұл басталайын деп тұрган халық ісіне тезінен жауап күтемін, шабылып қалған тарландардан: Бақытжан Қаратаев, Бақыш Күлманов, Әлихан Бөкейхановтардан, бұл үшеуінің өзі үш рулы ел болса да Алаш дегенде басы бір жерге қосылса керек. Және бұлардан басқа: Райымжан Марсековтен, Мұхамеджан Тынышбаевтан, Халел Досмұхамедовтан, Әбубәкір Аддияровтан, Ахмет Байтұрсыновтан, Сералы Лапиннен, Мұхамеджан Сералиннен, Жанайдаровтан, Батырша Есмахановтан, Зұлхарнайын Сейдалиннен, Міржақып Дулатовтан, Барлыбек Сыртановтан, Яқұп Ақбаевтан уа ғайри қазақ халқының халін көріп, жаны ашығандардан хат күтемін. Сиезге келуге уақытыңыз бар ма? Қайсыңыз соған уағда бересіз, қайсыңыз бере алмайсыз?
Болашақ сиезге программа жазуға, ошақ басын ұстауға күш-көмек бере аласыз ба, жоқ па? Күні кеше бұл атын атап жазған он алты кісінің он алтысы да қазақ дегенде бұлбұлша сайрайтұғын еді, бүгін бас қосарлық дегенде не айтар? 
7. Екі-үш айдың ішінде келген хаттар белгілі болса керек сиездің қандай болатұғыны, кімнің келетін, кімнің келмейтұғыны білінеді. Сол уақытта алған хаттан не тапқанымды жазармын. Хат жазуға адрес мынау: Троицк, Оренб. Губ. Присяжному поверенному Сейдалину.

Жиһанша Әлмұхамедұғлы Сейдалин.
«Айқап» 11 нөмір, 1913 жыл.

558 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз