• Заманхат
  • 30 Қараша, 2015

Әдебиеттанушы Айгүл Ісімақованың зерттеулеріндегі ахметтану мәселелері

Қазіргі қазақ әдебиеттану ғылымындағы  әдебиет теориясы саласында табанды еңбек етіп келе жатқан санаулы ғалымдардың бірі –Айгүл Ісімақова.  Сөз өнерін, «асыл сөз» тарихын, оның даму заңдылықтарын, әдеби процесті, шығармалардың көркемдік сырын, «адамның жан қоштау керегінен шыққан» туындыларды «пән сөздері» (А.Байтұрсынұлы) арқылы реттейтін әдебиеттану ғылымын Айгүл Ісімақова қай зерттеуінде болсын алаштану, ахметтану мәселелерімен тұтас қарастырады. Әдебиеттану ғылымы – сөз өнерінің түп-төркінін, тегін, туу, қалыптасу тарихын, даму заңдылықтарын, көркемдік ерекшеліктерін зерттейтіндіктен Айгүл Ісі­мақова бұл ғылымның  үш саласы да  Ахмет Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқыш» еңбегінде кәсіби тұрғыда қалыптасып, дамыды деген ғылыми тұжырымды табанды түрде насихаттап келеді.  Ғалымның әдебиетке қатысты теориялық ойлары, жеке жанрлық түрлерді талдаған ғылыми зерттеулері әдебиет теориясының өз категориялары, яғни6 пән сөздері арқылы  қарастырылады.


Қазақ әдебиеттануы ғылымындағы көр­кемдік бағыттар, тақырыптық ізденістер, көркем туындылардағы поэтика, жанр, стиль, т.б. сынды теориялық мәселелердің  бәрі  Айгүл Ісімақованың әрбір зерттеулерінің негізгі нысаны болып табылады. Қазақ әдебиеттану ғылымының тарихы мен теориялық мәселелерін бүгінгі тәуелсіз әдебиеттанудың жетістіктері тұрғысынан жаңаша көзқараспен жоғары сапада талдаған теоретик ғалымның еңбектері сөз жоқ  ұлттық сөз өнерінің тың табыстарын танытады. Әлем әдебиетінің небір көркем жауһарлары мен ғылыми қисындарымен жан-жақты қаруланған  ол  ой-пікір айтуда артық сөзден ада, нақтылықты ұнататын маман. Ғалымның екі тілде бірдей сауатты жазылған  ғылыми зерттеулерімен таныс оқырман оның осы қасиетін құрметтейтіні бірден байқалады. Ол – көп зерттеушілер зер сала қоймаған немесе оған зердесі жете бермейтін   шығарманың басты идеясы мен мақсатын,  көркемдік табиғатын  қисынды дәлелмен нақты айқындап беретін білгір ғалым. Бұл, әрине, ғалымның  сөз өнерінің тарихы мен теориясын терең біліп, олардың көркемдік әлемін  тани алатын биік талғамы мен білімпаздығында жатса керек. Оның ғылыми кумирі болған әлемдік деңгейдегі  әдебиеттанушы М.М.Бахтиннің ғылыми стилін өзіне ұстаным етіп, тек «пән тілімен» сөйлеуді әдет еткен ғалым талдауларының тосындығы мен ерекшелігі – ғылымдағы эксизтенционалдық сауалдарға  үнемі жауап іздеп, оның құндылықтарына оқырман, зерттеуші назарын аударуға тырысатындығы. Оған дәлелдерді оның кез-келген еңбектерінен табуға болады.
Өзінің ғылымдағы «менін» айқындаған док­тор­лық жұмысы негізінде жарияланған «Казахская художественная проза. Поэтика, жанр, стиль (начало ХХ века и современность) - Алматы: Ғылым, 1998,394 с.) деген зерттеуінде ол: «Можно ли говорить по-старому, то есть так, как будто литературной жизни ничего не случилось? И нужно ли о старом говорить по-новому, как будто литература прошлых веков за последние годы претерпела необратимые изменения? Эти вопросы свидетельствуют  о начало смены культурной парадигмы, которую мы все интуитивно чувствуем, хотя еще не можем четко сформулировать, в чем она заключается, пресмотром каких новых подходов к литературе и ее истории требует, какими категориями оперирует...» /3 с/, – деген сауалдарға жауапты    еліміз егемендікке ие болып, әдебиетіміздің әр кезеңдердегі ақтаңдақтары ашылып, төл тарихымыз бен рухани құндылықтарымызға деген көзқарастар өзгеріп, оларды тану мен танытуға деген жаңаша талаптар қойыла бастағанда «...Ескі бише отырман бос мақалдап....» дегендей, бұрынғыша баяндаудың ауылы алыстағаны және «..Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де  түзел ...»  деп Абай атасы айтқандай, Айгүл де  өзгерген өмірмен бірге сананың, сөздің де түзелгенін, енді жұрт руханияттан тек тың танымдар мен соны тақырыптар, жаңа ойлар күтетінін алға тартады.Таптық идеяны түпкілікті мақсат етіп қойған соцреализмнің реңі тайып,   кісендеулі тіліміздің тұсауы кесіліп, рухани бодандықта келген есіл ой-санамыз вулкандай атқылап, ақиқатты ақтаруға бет бұрды емес пе? Ендеше, әдебиет те, көркем ой да, ғылым да тарих та жаңаша сөйлеуі тиіс деген ұстаным бойынша жаңа ой айтуға, жаңаша талдауға тырысқан зерттеуші А. Ісімақова «ақтаңдақтар» аулынан келген Алаш зиялыларының шығармаларын, бұрын ғылыми айналымға енбеген олардың көркем дүниелерін бүгінгі тәуелсіз сана тұрғысынан талдап, жұртшылықтың рухани игілігіне айналдырды. ХХ ғасыр басындағы Ә.Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов,  Ж.Аймауытов, Ш. Құдайбердиев, М. Жұ­мабаев6 т.б  шығармаларындағы шұ­рай­лы тіл, өз кезеңіндегі көркемдік ойлардан көш ілгері жатқан жанрлық жаңалықтар, стильдік ізденістер, ғылыми, философиялық, психологиялық т.б  байламдар мен қисын­дардың түп-тамырлары мен өзгеше өрнек­терінің өзегіне бойлау, оларды игеру, тану мен талдау әрине мол білімдарлықты, жақсы даярлықты қажет ететін жауапты жұмыс-тын. Алайда, сол кездері бүкіл гуманитарлық ғылым салаларында жаппай зерттеліп, көркем және ғылыми туындылары жарияланып, ғылыми түсіндіріліп, әр қырынан қарастырылған тұстағы Айгүлдің зерттеуінің ерекшелігі – тап сол  дүниелердің көркемдік әлемі әлемдік ғылыми теориялық тұжырымдар тұрғысынан талданып, олардың құндылығы тек қана эксизтенциализм мәселелері тарапынан және тек сөз өнерінің өз категориялары арқылы анықталуымен танылды. Және осы монографиялық еңбектің жаңалығы- кеңестік кезеңдеріндегідей  сөз «біссімілләсін» В.В. Белинскийден бастап, бүкіл Ресей, Батыс зерт­теушілерінің пікірлерін тұтас тіркемей, енді өзіміздің ұлттық ғылымда да сүйенетін А. Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқышы»  бас­таған теориялық еңбектер, пайдаланатын «пән сөздері» мен  төл ғылыми тіліміз бен стиліміз бар екендігін ғылыми тұрғыдан  тұжырымдап, тәжірибе жүзінде дәлелдеп беруінде еді. Сон­дай-ақ, қазақ әдебиеттанушыларына  тың әрі бейтаныстау болып келген әйгілі әде­биет­танушы, мәдениеттанушы, талантты теоретик ғалым М. М. Бахтиннің ғылыми ұстанымдары осы еңбекте алғаш рет ұлттық әдебиеттану ғылымының көшбасшысы Ахмет Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқыш» еңбегіндегі ұқсас ұғымдар мен қи­сынды ойлармен ортақ екендігі анықталып, төл сөз өнерінің әрбір категориясының қазақша баламасы және оның ұлттық ұғымға лайық атауы мен анықтамалары ғылыми айналымға енді. Сонда ғана көпшілігіміздің түсіне алмай жүрген «Әде­биет танытқыштағы»  «пән сөздері»  ғылыми тұрғыдан түсіндіріліп, М.Бахтиннің әлемді мойындатып отырған теориялық тұжырымдарымен теңесіп, төл тілімізде  ғылыми ортаға кеңінен таныстырылды. Ал, А. Байтұрсыновтың қазақ­ша жазылған теориялық қисындары  – М. Бах­тиннің әрбір категорияларымен салыстырылып, екеуіне ортақ ғылыми талаптар мен шарттар анықталғанда  ғана өз құнын ашты. «А.Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқышы» өткен ғасырдың басында жазылған, ондағы ғылыми ойлар да, теориялық тұжырымдар да ескірген», – деген ғалымдардың пікіріне  жауапты зерттеуші «Ахмет Байтұрсынұлы және көркем сөздің теориялық мәні» деген мақаласында ұлт ұстазы ұсынған қазақ әде­биеті теориясының терминдерін 11 тар­мақтан тұратын талдауында ғылыми де­рек­­­термен дәйектеп береді. Және ол талдаулар мен жүйелеу тәсілдері әлемге әйгілі әдебиеттанушы М. Бах­тиннің ғылыми кон­цеп­цияларымен терезесі тең дәрежеде талдануы төл ғылымымыздағы тұң­ғыш теориялық еңбектің ескірмегенін, кері­сінше уақыт сынынан сүрінбей  өтіп, бүгінгі ғылыми мақсатқа ие, бүгінгі рухани сұ­ранысқа сай өлмес мұра екендігін мойындатты. Бұл жаңалық – кеңестік кезеңдегі: «қазақ әдебиеттануы ғылымы мен оның  іргесі (фундаменті) болып табылатын әдебиет теориясы жоқ, болса да аударма оқулықтары арқылы танылып жүр» деген пікірді жоққа шығарды. А.Байтұрсынов қолданған ғылыми түсініктерге тісі батпағандарға  А. Ісімақова орысша ұғымдарды ала отырып,  ұғындыруының нәтижесінде ғана бұл еңбекке бет бұру басталғаны белгілі.  Бұл зерттеу Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқышын»  таныту мен бағалаудың зор жетістігі болды. А.Ісімақованың ұлттық әдебиеттануға қосқан үлкен үлесі де осында болса керек. 
Зерттеуші осы еңбегінде жазба әдебиеттің басында тұрған тұлға Абай Құнанбаевтың «Ғақлия» аталған  қара сөздерінен бүгінгі про­заға тән классикалық стильдің алғашқы эле­менттерін, сол арқылы қазақ сөз өнеріндегі үл­гішіл өрнектің қалыптасу, өсу деңгейлеріне  барлау жасайды. Автор-кейіпкер-оқырманның кездесу алаңына айналатын көркем мәтіндегі диалогтық қатынастар көрінісі, эстетикалық үшбұрыштың мәні, ұлы ақынның қара сөзіндегі  адам мен оның үнемі өзгерісте болып отыратын өмірдегі орны туралы жаңа көркемдік концепция т.б теориялық  мәселелері жан-жақты қарас­тырылған. Қайта оралған әдебиеттегі (Ш. Құдайбердиев, Ж. Аймауытов, М. Жұмабаев, т.б) экзистенционалдық  мәселелердің кейінгі кеңестік кезеңдегі әдебиетте жалғасуы, олардың Т. Ахтанов, Ә. Кекілбаев, О. Бөкеев, С. Санбаев т.б шығармаларында көрініс табуы, қазіргі қазақ прозасындағы мәдени архе­типтердің са­бақтастығы, көркем мәтін құры­лымындағы әдеби және лиро-эпикалық кодтардың көркем мәтін құрылымындағы қарым-қатынасы, т.б  ғылыми теориялық мәселелердің қарас­ты­рылуы бұл зерттеудің құндылығын арттырған.
Көркем әдебиеттің өзекті мәселелері өзек етілген «Асыл сөздің теориясы» (Алматы: «Таң­балы», 2009. -376 б) деген зерт­теуінде әде­биеттанушы ғалым, филология ғылым­дарының док­торы, профессор Айгүл Серікқызы алғашқы монографиясында ұстанған ғылыми концепцияларын жалғастырып, жаңа мәтіндерге сүйене оты­рып,  тың пікірлер айтуға талпынады. «Әлем әдебиетінің тео­риялық мәселелері» деген та­рауындағы «Ф.М. Достоевскийдің соңғы романы» деген мақалада өмір мен өлім ара­сындағы мәңгілік құндылықтар мәселесі  ұлы жазушының «Ағайынды Карамазовтар» романы арқылы тал­данған. «Бүгінгі ХХІ ғасырдың оқырманына суреткердің шығармалары несімен қызықты? Алла мен адам, қоғам мен тіршілік, азаматтық пен пендешілік, білім мен білімсіздік, тектілік пен тексіздік, жан мен тәннің қажеттілігі қандай күшке бағынуы керек? Әке мен бала неге бір-бірімен жауласады, ұрпақтар айтысы мәселесін Ф.М. Достоевский қалай шешеді?» деген әдепкі ойлы сауалын оқырманына  қойған ғалым   М.М.Бахтин анықтаған диалогтық қа­рым-қатынас көрінісі арқылы   оған жауап із­дейді. Роман кейіпкерлерінің жаны мен тәні­нің арпалысынан туған трагедиялық ахуал Ресей қоғамының қасіретін  әшкерелейтінін әңгі­ме­лейді. Полифониялық романдағы ұрпақ­тар айтысы арқылы автордың  мақсаты – «адамның адамшылығын ояту» екендігін, бұл мәңгілік құн­дылықтардың қай кезең оқырмандарына да ой салып, «рухани вакуум» сияқты жанын тазартатынын, «бүгінгі дүниежүзілік әде­биет­тану ғылымында жазушының шығар­машылығына қатысты «экология нравствен­ности» деген ұғым қалыптасқандығын /28 б/  айта келіп, зерттеуші өз ойын жазушының: «Художник приходит в мир, чтобы возвестить нам тайну о челевеке, души человеческой» деген пікірімен дәйектейді /8 б/. Айгүлдің өзі діни сауат­ты болғандықтан да Ф.М.Достоевскийдің имани әлемін де, оның кейіпкерлер жан дүниесі мен іс-әрекеттеріндегі сәйкессіздіктер сырын ашудағы шеберлігін анықтауға батыл барып: «Су­рет­кердің ойынша, қылмыскер көзі тірі­сінде азап шегу арқылы жан дүниесін тазартады» деген нақты тұжырым жасайды /14 б/.
«Эрнест Хемингуэй – «жоғалған ұрпақтың ең ірі өкілі» деген мақаласында  Ресейдегі бірінші дүниежүзілік соғыстың (1914-1918) әдебиетке, яғни, «жоғалған ұрпақты» әкелгені, олардың «адам­ның маңайындағы өмірден түңілуі, өзінің қоғамға қажет емес екенін сезінуі» – дүниежүзілік әдебиетте жаңа бір тақырыптың қалыптасуына түрткі болуын әңгімелейді. «Қош бол, қару!»  атты романында жаны мен тәні жараланған, келешекке деген сенімдерінен айрылған, адам­ды малша жауыздықпен өлтірген  соғыс куәгерлерінің өмірі жайлы жазған Эрнест Хемингуэй (1899-1961) кейіпкері – Генридің қарумен қоштасып, соғыстан қашуы-- «әділетсіз соғысқа білдірген жеке басының қарсылығы» екендігін, сондықтан, суреткер де шығармада «ойсыз қолданылатын патриоттық сөздерге деген қарсылығын білдіреді », – деген зерттеуші /37 б/ .  «Жоғалған ұрпақтың» кімдер екенін түсіндіріп берген жазушының қаламгерлік қасиеті жөнінде : «стильді адамның жанының ізденуіне, оның ішкі әлемінің дұрыс пен бұрысты, ақ пен қараны анықтайтын күресін бейнелеуге бағындырған» /43 б/, «Ол соғысқа адами шынайы сезімдерді қарсы қоя білді. Хемингуэйдің даралығы сөзді ерекше жауапкершілікпен үнемдеп қолдануында еді. Мысалы, Ринальди образы тек диалогта қалыптасады. Бұл да бұрын-соңды болмаған көркемдік жаңалық екені белгілі» /55 б/, – деген қорытынды жасайды. 
Әлем әдебиетінің үздік үлгілерімен жақсы таныс Айгүл Серікқызы Э. Хемингуэйдің «Шал мен теңіз» повесін талдау арқылы тағы да өмір мен өлім арасындағы күрестің мәңгілігін  өзі­нің ғылыми стиліне тән нақтылықпен: «ба­лықшының бір күнгі тіршілігі мәңгілік қа­ғидаларды  дәлелдей түседі, сондықтан, бұл оқиға үлгі болатындай аңызға айналады», – деп тақырыптың маңыздылығын бір сөйлеммен ашып береді /51 б/. Диагнозды дәл қоятын дәрі­гердей дәлдікті, нақтылықты ұнататын ғалым кейіпкер – Сантьягоның балықтан айрылса да өмірдің бітпейтіндігін қасындағы шәкірті, яғни, оны жалғастырушы ұрпақтың барлығы арқылы бейнелегеніне мән береді. «Адам үшін ең қиын нәрсе – өзін-өзі танып-білу», деп көне данышпан Фалес айтқандай, Сантьяго да балықпен емес, өзінің әлсіздігімен күреседі. Жазушы мұрат тұтқан мақсатты зерттеуші былай түсіндіреді: «Оны жеңуге, әлсіздікке бағынбауға оның кісілігі көмектеседі: ...Бұл повестің басты ойы. Демек, адам өзінің абыройын, кісілігін сақтау үшін өмір бойы рухани ессіздікпен күресуі шарт... Хемингуэй шығармашылыққа өмір сүрудің түрі ретінде қараған...»  /53 б/. 
Сантьягоның: «Человек не для того создан, чтобы терпеть поражения. Человека можно уничтожить, но его нельзя победить» деген сөзін өзіне де өмірлік кредо етіп алған зерттеуші әдебиеттегі әділдікпен сусындап, өмірдегі әділетсіздіктерге қарсы күресті осы өз зерттеулерінің басты қағидасы еткен эксизтенционалдық мәселелер маңайынан іздейді. Өзінің өршіл де өжет табиғатына тән турашыл, әділдікке әменда жақын мінезінен жақынынан жау тауып, тура айтам деп туғанына жақпай жүретін ол күрескер де болып алды. Ұлтжанды өмірдегі әрбір әділетсіздікке дер кезінде жауап беруге тырысатын, қай жерде де пікірін жымқырып қалмайтын қасиетін білетін баспасөз тілшілерінің де ұлтқа қатысты қандай мәселе көтерілсе де бірінші Айгүлді іздейтіні  сондықтан болса керек.  Оның өз өмірі мен өресіне сай сөздер зерттеулерінде де мен мұндалап тұратыны да табиғи заңдылық. Оқып көрелік: «Ішкі тәртіп пен әдептілікті сақтауға бала кезден ерте әдеттенген Хемингуэй үшін рухани жалқаулық пен рухани салғырттық адам үшін ең қауіпті ұғымдар. Хемингуэйдің сырты қарапайым, бірақ іші күрделі, драмалық нақты, аз сөзбен шектелетін стилінен лиризм есіп тұрады» /55 б/. Міне, осы сөздерді зерттеушінің өзіне де бағыттауға болады. Өйткені, Айгүлдің араласпайтын тақырыбы, сөйлемейтін аудиториясы, пікір білдірмейтін жанры жоқ десек те болады. Сірә, ол әлгі өзі айтып отырған рухани салғырттық пен немғұрайдылыққа жаны қастығынан болар, бәлкім?   Сондықтан да, Айгүл әдебиетте, жалпы қоғамда, әлемдік және ұлттық руханиятта қандай жаңалықтар болып жатыр, оның әдебиетке берер пайдасы бар ма, олардың оқырманды ойлантып, сананы сілкілеуде қандай қызмет атқарады деген сауалдарға осы саланың білгір маманы әрі жанашыр оппоненті ретінде жауап іздеп жүреді. Оған зерттеушінің «Бүгінгі постмодернизм», «Натурализм және ХХ ғасырдың көркемдік құндылығы», «Әдеби сынның теориялық мәселелері», «Бүгінгі әдебиеттің басты міндеті», «Бүгінгі дүниежүзілік әде­биеттану ғылымының мәселелері», «Бүгінгі компа­рати­вистика: жаһандану-интертекст-мә­де­­ниет­тер диалогы», «Біз «компьютерлік қа­һар­мандар» тәрбиелеп жатырмыз», т.б ең­бектері бұлтартпайтын дәлел бола алады. Тақы­рыптарының өзінен онда сөз болған өзекті мәселелердің маңыздылығы мен көкейкестілігі көрініп тұр. Мұнда да зерттеуші «Адамзаттың ру­хани қорына қазақ әдебиеті кімдердің асыл сөз үлесімен енеді?» деген сауал төңірегінде толғанып, «адам мен адалды айырып беретін жыраулар үнімен, зар-заман ақындарымен, Махамбеттің зарымен, Абайдың классикалық үлгісімен, Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Жү­сіпбек Аймауытұлы, Міржақып Дулатұлы, Мағжан Жұмабайұлы, Бейімбет Майлинұлы т.б туындыларымен  және кеңестік кезеңдегі Қ. Аманжолов, М. Мақатаев, т.б поэзияларымен, жазушылар С. Мұратбек, О. Бөкей,  Ә. Тарази, Т. Нұрмағамбетов, Д. Исабек, Қ. Ысқақ, Ж. Шаштайұлы т.б туындыларымен адамзаттық мәселелер қозғалып, әрқайсысының даралық қасиеті мен қалам­­герлік шеберлігіне бір-бір сөйлеммен баға беріледі. Айталық, «Ә.Кекілбайдың төкпе прозасындағы билік пен тәуелділер арасындағы қарым-қатынастың қойылуы, оның мәңгүрті  – адам баласының біріне-бірі жырт­қыштық сана иесі болуының көркем бейнеленуі», «Т. Әбдіктің адамның есті және ессіз қылықтары табиғатына үңілуі, Т. Шапайдың қазақтың жаны бүгін нені іздейді, неден жиренеді деген сауалға жауап іздеуімен қажет болары да түсінікті», «Бүгінгі жастардан Р. Мұқанованың шындықты іздейтін рухы биік кейіпкері өтірікке нанбайды, ақиқатты өзі іздейді. Біздің бұл замандастарымыз Алаш әдебиеті өкілдері іспеттес. Ең бастысы – жалтақ емес», т.б.  / 60 б/. Осы азғана сөйлемдер арқылы жеке жазушылардың ғана емес,  бүтін бір кезеңдердің көркемдік ойлау жүйесіне барлау жасауға, олар­дың стильдік ерекшеліктерінен, көркемдік әлемінен түсінік алуға әбден болады.   Бұдан әрине, зерттеушінің аз сөзге көп мағына сыйғыза алатын шеберлігін, әр сөзді жауапкершілікпен, ұқып­тылықпен жұмсай білетіндігін байқаймыз. Өзі зерттеп отырған  нысананың жетістігі мен кем­шілігін шығар­машылық сезімталдықпен, ға­лым­дық қырағы­лықпен тап басып айта білетін тап­қырлығы және бар. Ең бастысы, ол шығарманың жаңалығын таба біледі.
Бүгінгі әлемдік  әдебиеттанушылар арасында көптен бері кеңінен талқыланып, ал, жазушылар та­рапынан  ат ізін сала бастағандар көбейіп отырған постмодернизм құбылысының қазақ әдебиетіндегі көрінісіне көз жіберген «Бүгінгі постмодернизм» деген мақаласында  бұл ағымның тарихы мен өзіне тән көркемдік шарттарына, оның әлемдік және төл әдебиетіміздегі өкілдерінің шығармаларына шолу жасай келе: «Қазіргі постмодернизмнің беталысы анық болғанымен берері әлі түсініксіз.Бұл жақсы ма, әлде жаман ба? Жауап әзір белгісіз. Бүгінгі бұл ағым өкілдері тек осы за­ман­ның ғана авторлары. Олар өздеріне дейін мойындалған дүниежүзілік әдебиет қорына әсер ете алмайды. Бірақ оларды бүгінгі күннің әде­би құбылысының бірі ретінде есепке алып қа­былдау керек», – деп қорытынды жасайды /70 б/.
Шынында да бұл бағыттың ірі өкілі У.Эко айтқандай «У любой эпохи есть собственный постмодернизм» екеніне сенер болсақ, әр заманның өз көркемдік ойлау жүйесі, өзіндік стильдік ерекшеліктері, жаңашылдығы мен же­тістігі болатыны кәдік. Олай болса, әр заман өз зарын айтатыны, әр кезеңнің рухани жоқтаушылары – жастар, кейінгі ұрпақ – өз ұлтының жанына керек жаңалықты іздейтіні табиғи заңдылық емес пе? Олай болса, бүгінгі күннің постмодернизмі де қазіргі рухани қажеттілікке қызмет етуде.Ал, ізденісте іркіліс болмауы тиіс. Сондықтан да, постмодернизм тақырыбы әлі талайды толғандырып, тарихы тереңге тартатыны хақ.
Зерттеушінің постмодернизм туралы пікірі «Бүгінгі компаративистика:жаһандану-интер­текст – мәдениеттер диалогы» деген мақалада одан да тереңдей, жан-жақты талданады. Мұнда қазіргі әдебиеттануда қолданылып жүрген жаңа әдеби ұғымдарға ғылыми анықтамалар бе­ріліп, олардың постмодернизм ағымында жаңа түсініктерге ие болуына назар аударады. Осы күнгі кейбір ғалымдар зерттеулерінің терминдерге сіресіп тұратынын, оның тілді шұбарлап, мәтінді тым ауырлатып жіберетінін сынайды: «Терминнің үстемдігі бүгінгі гуманитарлық ғылымдардың ерекшелігі. Терминологияны пайдалану қолданушының ғылыми ортаға қатысты екенін көрсеткендей болады, оның ақпараттан хабардар екенін, оның мәтінінің ғылымилығын айқындайтындай сияқты. Бірақ, көбіне бұл алдамшы құбылыс. Бұны байқау үшін терминологиялық жүйенің негізін білу қажет» /104 б/. 1967 жылы постструктурализм теоретигі  Ю. Кристеваның интертекст терминін енгізгенін, оның шығу тегі  туралы ойларын ғалым өзі терең білетін әдебиет теориясының тарихымен және олардың төл әдебиеттануымыздағы түсініктермен төркіндес екендігін де ұмытпайды. Осы орайда ғалымның түсініктемесін толығырақ келтіруге тура келеді: «Кристева бұл терминді М. Бахтиннің 1924 жылғы «Проблема содержания, материала и формы в художественном творчестве» еңбегін меңгеру арқылы туғанын жасырмайды. Бахтиннің басты ойы-әдебиеттің өмір сүруі-суреткердің өз кезінен басқа, оған дейінгі және оның кезеңіндегі әдебиеттермен тұрақты байланыста, диалогта болуы, жазу­шының оған дейінгі әдеби түрлермен кө­біне бейсаналы түрде пікірталаста болуы. Бахтиннің осы «диалогынан» Кристева таза формалық, формалистік, тек әдебиет саласымен шектелетін мәтіндер диалогын бөліп алып интертекстуалды деп атайды. Структуралды және постструктуралды терминдер- әдебиет саласындағы (Р.Барт, Ж.Лакан, М.Фуко, Ж. Деррида т.б) ойлау жүйесінің ерекшелігін алға тартады, яғни, адам санасы жазылған мәтінмен бірдей. Осының негізінде маңайымыздың бәрі мәтін ретінде қарастырылады  «әдебиет, мәдениет, қоғам, тарих, адам, ғалым» /105 б/. Ғылымдағы ұғымдардың кейде осылай жаңа мағынаға ие болып жататынын, бір күрделі терминді түсіндіріп, қолданысқа ендіру үшін бірнеше жанама түсі­ніктердің пайда болатыны, олардың әр контексте әр қилы мағынада қолданылатынын айта келіп, А.Байтұрсынов осы түсініктерді  әуезе, әліптеме, байымдама болып бөлінетінін, оның әрқайсысы  айтылу түріне қарай бірнеше түрге бөлінетінін, екі ғалымның (Байтұрсынұлы мен Бахтин) әдебиетті адамзаттың мәңгілік сауалдарына жауап іздеуші көретінін және тағы басқа да келелі мәселелер жөніндегі ойларын ортаға салады. Қалай дегенде де қазіргі дәуірде барлық руханият саласында кеңінен сөз болып, өзіндік даусы мен өрнегін танытып үлгерген постмодернизм тұтас бағыт деңгейіне көтерілмегенмен, жалпы жұртшылық қызығушылығын тудырып, көркемдік-эстетикалық ізденіс ретінде танылып үлгерген ағым ретінде өмір сүруде. Оның  келешегі уақыт еншісінде.
А. Ісімақованың тәуелсіздік жылдары табанды түрде зерттеп жүрген саласы ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті мен әдебиеттану мәселелері. «Алаш әдебиеттануы» атты 560 беттік көлемді әрі іргелі еңбегі 2009 жылы  Алматыдағы «Мектеп» баспасынан жарық көрді. Кітапта қазақ көркем сөзінің көрнекті өкіл­дерінің ғылыми шығармашылық тұлғасы бүгінгі ХХІ ғасырдың әдебиеттанулық талаптары тұрғысынан қарастырылып, олардың ұлттық ғылымға қосқан үлесі мен  ғылыми-теориялық ой-тұжырымдары алғаш рет арнайы зерттелді.
Ғалымның «Возвращение Плеяды. Эк­зис­­­тенциальная проблематика в творчес­тве А.Байтурсынова, Ш. Кудайбердиева, Ж. Аймауытова, М. Жумабаева, М. Дулатова и М. Ауезова» (2002) деген монографиясы негізінде  Ресейдің бірнеше ЖОО-да   ғылыми баяндама­лар жасалып, енді  шет елдік бірнеше  университеттің өтініші бойынша қысқаша нұсқада ағылшын тіліне оқулық ретінде аударылып жатыр. Әдебиеттанушы, алаштанушы ғалым А.С.Ісімақованың жоғарыда аталып, талданған ғылыми  монографиялық еңбектерінде қарастырылып жүйеленген әдебиет теориясы мен қазіргі әдеби  үрдіске қатысты теориялық тұжырымдары ұлттық сөз өнерінің қасиеті мен қисындарын танудағы үлесі зор.  Бұл зерттеулердің құндылығы – жалпы адамзатқа тән өмір мен өлім аралығындағы мәңгілік сауалдардың  зерттеу еңбектерде кеңінен орын алып, ғылыми теориялық тұрғыдан талданып түсіндірілуінде жатса керек.
Ол жетекшілік ететін әдебиет теориясы және әдебиеттану методологиясы бөлімі Ах­мет Бай­тұрсынұлының бес томдық шығармалар жинағын 2003 жылы «Алаш» баспасынан «Алаш мұрасы» сериясымен  жарыққа шығарып,ғылыми айналымға ендірді. Сондай-ақ, профессор А.С. Ісімақованың жетекшілігімен қазақ әде­биеттану ғылымының тарихында тұңғыш рет 3 томдық  «Мировое литературоведение» атты хрес­томатиялық еңбек жарық көрді (Алматы: «ҚазАқпарат», 2007, 2008, 2009). 
Айгүл Серікқызы Ісімақова филология ғылымдарының докторы, профессор, республикамызға және алыс-жақын шетелдерге танымал әдебиеттанушы ғалым. Америка биография институтының «Ғылым адамы – 2004» сыйлығымен марапатталған. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Саңлақ авторы» медалінің иегері (2008). Ол – «Казахская художественная проза: Поэтика, жанр, стиль» (1998), «Возвращение Плеяды. Экзистенциальная проблематика в творчестве А.Байтурсынова, Ш.Кудайбердиева, Ж.Аймауытова, М.Жумабаева, М.Дулатова и М. Ауэзова» (2002), «Алаш әдебиеттануы» (2009), «Асыл сөздің теориясы» (2009) атты ғылыми монографиялардың авторы. 
А.С. Ісімақованың 300-ден  астам мақалалары алыс-жақын шетелдерде  (Мәскеу, Вильнюс, Донецк, Будапешт) ғылыми басылымдарда жария­ланған еңбектерінде әдебиет теориясы мен қазіргі әдеби процеске қатысты тұжырымдар әлемдік әдебиеттану ғылымының контексінде қарастырылады.
2015 жылы әдебиеттанушы-ғалым Айгүл Ісімақованың «Елтаным» баспасынан «Қазіргі әдебиеттанудың теориялық мәселелері» (340-бет), «Қазіргі әдебиет пен әдебиетті зерттейтін қауым» (344 -бет), «Қазақ әдебиеттануындағы тәуелсіздік идеясы» (276-бет), «Қазақ әдебиеттануы» (284-бет), «Жазған сөз жаным ашып Алашыма..» (304-бет), «Алаш ғылымы және тәуелсіздік» (380-бет) т.б. зерттеулері жарық көрді.
Гүлзия Пірәлі,  
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми 
қызметкері,  әдебиеттанушы

1087 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз