• Еркін ой мінбері
  • 30 Қараша, 2015

Қазақ дәстүрлі мәдениетінің антологиясы

 Құралай Күдеринова,
С. Демирел атындағы 
университеттің доценті, филология ғылымдарының докторы

Соңғы жылдары, дәлірек айтқанда, 2012-2014 жылдары қазақтың рухани мәде­ниетінде айтулы бір уақиға болды. Бірақ, бұл уақиға жаңалықты бірден көргіш аз ғана тұлғалардан басқаларымызға бай­қалмады. Ол – сүбелі бестомдық – «ҚАЗАҚТЫҢ ЭТНОГРАФИЯЛЫҚ КА­­­ТЕ­ГОРИЯЛАР, ҰҒЫМДАР МЕН АТАУ­ЛАРЫНЫҢ ДӘСТҮРЛІ ЖҮЙЕСІ» ат­ты энциклопедияның (Алматы 2011-2014 жж.) жарық көруі болатын. Еңбек – ҚР Мемлекеттік музейінің этнология орта­лығының көп жылғы ғылыми-зерттеу жұмыстары мен ізденісінің нәтижесі. Жалпы атаулар мен ұғымдар саны – 10 мың. Энциклопедиялық еңбектің ауқымы да, өзектілігі де аса зор.  Оның көтерген жүгі – мәдениеттер тоғысындағы дәстүрлі ұлт мәдениетінің, қазақ тілінің, ділінің түп тамыры, нәрі, топырағы болып табылатын, бірақ, бүгінде қазақ санасында жоғалған, ұмытылып бара жатқан салт-сана, әдет-ғұрып, дәстүрлі дүниетанымдағы категориялар, ұғымдар мен атаулар. Айтар сө­зіміз де осы жайында болмақ.


Энциклопедия демекші, қазақ энцикло­педиясының айтарлықтай тарихы бар еді: алғашқы, әрі ең көлемді  қазақ тілін­де­гі әмбебап энциклопедия – «Қазақ совет энциклопедиясының»  он екі томдығы 1972-1978 жж. жарық көргені белгілі. Алайда, тұңғыш энциклопедияда көбінесе қазақтың жаңа шаруашылығы, жаңа мәдениеті, жаңа ұғымдары қамтылды. Партия, совет қай­раткерлеріне ерекше орын берілді. Ал, дәстүрлі мәдениет, ішінара болмаса, өткен дәуірдікі, өткен дәуір – күні өткен дәуір болып пердесі жабылды. Екінші – 1998 жылдан бастап шығарылған «Қазақстан ұлттық энциклопедиясының» 10 томдығы бұл пердені қайта ашты. Бас редактордың сөзімен айтқанда: «санада мидай сапырылысып кеткен ескі түсініктер мен жаңа ұғымдарды қайта жүйелейтін» төл ұлттық энциклопедия бола білді. Ұлттық тұлғаларға көбірек орын берілді, дәстүрлі мәдениет пен ұғымдарға ден қойылды.  Алайда, қазақтың тарихи жадында қалған ұғым, түсінік, құндылық, атаудың бәрін әмбебап энциклопедия өзіне сидыра алмасы анық еді. Енді, 21 ғасырдың бас­тауында отырып, біз бүгінде халықтың тарихи санасы өшуге айналған шақта дәстүрлі мәдениет туралы хабары бар этнофорлар саусақпен санарлықтай ғана қалған шақта, шіркін, сол көне көз, көкірегі шежіре қарияларымыз әр үйде отырған кезде олардан дәстүрлі шаруашылық пен мәдениеттен сұрап біліп, тіркеп, қағазға қаттап алу неге ойымызда болмаған деп, өкінішпен  бармағымызды тістейміз. Осы тұста жоғарыда айтқан «Бестомдық» бізге қарияларымыз қайта тіріліп келгендей әсер етті. Өйткені, жаңа энциклопедияның нысаны, бас редактордың өз сөзімен айтқанда,  «қазақы (көшпелі) ортадағы қоғам, адам жəне қоршаған табиғи ортаның арасындағы сан-салалы қатынастардың субъектілері, объектілері, осы қатынастардың жүзеге асырылу жолдары мен механизмін (ілкімді принциптері мен нормаларын) бейнелейтін этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атаулар» [1] еді.
Міне, әңгіме енді дәстүрімізді оралтқан осы бестомдық жайында өрбімек және бұл аталған энциклопедияның, қысқаша болса да, екі тұсына назар аудармақшымыз: біріншіден, байырғы санадағы тарихи, мәдени ұғымдар мен атаулар бұл еңбекте қалай жаңғыртылды? Екіншіден,  мұндай ұлы істің басында қандай ұлттық тұлғалар тұр? 
Алдымен сөзді белгілі шығыстанушы  Ға­лым Боқаштың мына бір шынайы эмоция­сымен берсек, орынды ма деп ойлаймыз: «ХХІ ғасырдағы жаһандану заманында көшпенділік тарихын неономадтық жаңа даралығына негіз еткісі келетін жаңа қазақ осы энциклопедияға қарап-ақ баяғы дәстүрлі тұрмыс-тіршілікті өз отбасына таныстыра алады. Бұл фундаменталдық еңбекті оқи отырып, ата-бабаңыздың өмірі ортасына, бір сәтке болсын оралып, соғым да соя аласыз, қайыс та тіге аласыз, күрмеп байлауды да есіңізге түсіресіз, жауырынға қарап бал ашып та көрсеңіз болады, жақ тартып, атқа шабуды да (теориялық тұрғыда болсын), қаймақ пен кілегейді ажыратуды да үйренесіз» («Қазақ әдебиеті» газеті 29.05. 2014.). Иә, солайы-солай, энциклопедияның лұғаттық мақаласында камтылған осындай атаулар саны – 10 000. Энциклопедияда:
- қазақтың дәстүрлі тіршілік қамы мәде­ниеті, ұмытылған материалды мәдениет құ­рал­дарының жасалу механизмі қалпына келтірілді;
- бүгінгі қазақ санасында көмескілен­ген сұлбасы ғана қалған және біріне-бірі себепсіз араласып кеткен, салдары тағы белгісіз салт-дәстүрлер мазмұны, себебі, салдары, шын мәніндегі көрінісі тарихи құжаттар, ауыз әдебиеті мәтіндері, мақал-мәтел, фразеологизмдер арқылы бір тұтастыққа келтіріліп, жүйеленді; 
- құрғақ тарихи деректерге әдеби, мәдени, тілдік нәр беріле отырып, рухани және ма­териалдық мәдениетімізді гуманистік тұр­               юғыда бағалаудың және толыққанды мәлімет берудің үлгісі көрсетілді. 
Осыған дейін мұндай еңбектер жасалмады ма? Жасалды. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманды ғұмыр бойы аңсайтын қазақ үшін кейде болмағанды болды, болғанды – керемет, кереметті – қиял-ғажайып етіп жіберетін көркем мәтіндер де дәстүрімізден хабар беретін еді. Ресей империясы мен кеңестік саясат арқылы қысылып-қымтырылған ұлттық түсініктер мен пайымдаулар да, кейде оңды теріс деп, терісті оң деп дәстүрімізден азды-көпті хабардар ететін-ді. Энциклопедия осы жолдардан да соқпақ тауып, мазмұны терең зерттеулер жасады. Академик С.Қасқабасов айтқандай, «этнокогнитологиялық еңбек» болды (Қасқабасов С. Музеология мен этнология білгірі // Егемен Қазақстан 18.11.14.). 
Энциклопедияның алдыңғы осы тұр­патты және осы мазмұнды еңбектерден нендей айырмашылығы бар?  
Алдымен, энциклопедияға тілдік санадан «жойылуға айналған, мағыналары солғын тартқан атаулар мен мазмұны семген категориялар» енді. Олар қандай? Мысалы, аба, абадан, адақ арба, аран, арда, ебе, ергенек, андаспан, алакүшік, ақдабы дегендерді бүгінгі қазақ білуші ме еді? Адал, адал ас, абырой, қонақжайлық, құдалық, су, жылқы, түйе, дастархан, ас, сөз, тіл, тағдыр, пенде, өңір, ауыл, бай, әйел, келін сияқты тірек категориялардың терең мағынасын арзандатып алып едік қой. «Абылай аспас сары бел», «Абылайдың асында шаппағанда Атаңның басында шабасың ба?», «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама», «Алаштың бөлінбеген еншісі», «Абылай жолы», «Төртеу түгел болса», «Ақ баталы жесір», «Ақ бұйрықты өлім», «Қайың сауған күн» сияқты прецедентті мәтіндер мен атаулардың пайда болуы мен ұлттық мазмұнын осылайша жүйелеп түсіндіріп себебін тауып, салдарын көрсетіп берген қай еңбек бар екен? Қазақтағы АС БЕРУ-ді, қазақ тіршілігіндегі АУЫЛ-ды, қазақ түсінігіндегі ДҮНИЕ-ні, қазақ АТ-ы мен БҮРКІТ-ін, ТАЗЫСЫН,  қазақ даласындағы ӨҢІР мен СУ-ын, қазақ мәдениетіндегі САЛ  мен СЕРІ-сін білемін деп жүрген қазақ алдымен осы энциклопедияны оқысыншы дегіміз келеді.
Еңбектің шығуына қандай негіз бар еді? Біздіңше, бүгінгі жаһандану үрдісі ұлттық санасы жоғала қоймаған ұлттарға ұлттық иммунитет қалыптастырды. Ұлттың иммунитеті, ұлттың қорғанышы болатын жеке  тұл­ға­лардың ой-санасын кемелдендіріп, парасатын арттырады. Ұлттық тұлғалар жеке өзін емес, идеясымен өзгеге қозғау салып, ұлттық сананы қалыптастыруға күш салып отыр. Осы ойды, арман, тілекті «қызмет бабын пайдаланып», жүзеге асыруды қол­ға алғанда ұжым алдында мына мақсат тұрды: «дәстүрлі қазақы ортада тікелей қол­даныста және өзара себеп-салдарлық бай­ланыста болған бірыңғай жүйелер – қа­­зақтың этнографиялық категориялар, ұғым­­­­дар мен атауларын, яғни, когнитивтік тү­зі­­лістерді» (Бестомдықтан), дүбәра болып бара жатқан бүгінгі ұрпаққа түсіндіру, ертеңгіге жеткізу, өзге мәдениеттілерге таныстыру, американдық мәдениетке жұтылу үстіндегі аз ұлттардың мәдениетін алып қалу; «жойылуға айналған, мағынасы сол­ғындаған, мүлдем семген ұғымдар мен атауларды ғылыми айналымға енгізу» (сонда).
Энциклопедия жарыққа шыққанда Ғалым Боқаш  алақайлап әлемге жар салыпты: «Тұтас бір халықтың дәстүрлі этнографиялық, антропологиялық, әлеу­мет­тік, экономикалық және мәдени пор­третін салып жатқан Нұрсан Әлім­­бай, Нұргелді Уәли, Бабақұмар Хинаят, Досымбек Қатран, Рүстембек Шой­беков, Қалиолла Ахметжан және Бейбітқали Қақабаев сияқты зерттеуші-ға­лымдар қандай болсын мақтауға лайық» деп­ті («Қазақ әдебиеті» газеті 29.05. 2014.). Мақтау былай тұрсын, осындай ең­бек­тің жарыққа шыққанын білейік, естиік дегім келеді, әзірге. 
Музей  ұлттық ұғымдарды ұлттық са­на­ның тірегі деп танитын, білетін ғана емес, жазатын, себебі мен салдарын көрсете алатын этнологтардың ұжымын қалыптастырды. Дегенмен, «шығармашылық ұжым қалып­тастыру қиынның қиыны болып шыққан. Белсене кіріскендер қатары бірте-бірте сейіліп, күрделілік ең басты іріктеуші, пысықтаушы себепкер болған».  Соның салдарынан «өз ісіне әбден берілгендердің ұжымы қалыптасқан» (сонда, 11б). Ол берілгендер ұжымы: Нұргелді Уәли, Рүс­тем Шойбеков, Бейбітқали Қақабаев, Досымбек Катран, Бабақұмар Хинаят, Қалиолла Ахметжан, Жаллаладин Шәйкен. Бұны қалыптастырған Нұрсан Әлімбай, өзі айтқандай, «тез оқылатын, тез қабылданатын тарихты жазатындардың дәурені жүрген», «себебі емес, салдары ғана сарапқа салынатын еңбектер көбейген заманда» тарих саласында кез келген іргелі зерттеу жүргізу қиынның қиыны» екенін, сондықтан «бұл методологиялық мәдениет пен біліктілікті һәм асқан жау­ап­кершілікті қажет ететінін» түсі­ніп, тәуекелге бел буған (Әлімбай Н. Ғалым ғибраты Айқын, 08.08.2013.).
Энциклопедияда ең алдымен себеп салдарлық қатынас күшті. Неге, кім үшін, қандай пайдасы болды деген сұрақтарға іліктестіріп жауап беру бар. Індете зерттеу бар. Мұндай індете зерттелген, стильге түсірілген мақалалардың басында тұрған Нұрсан Әлімбай, мысалы, қазақ атауын түсіндіруде қатардағы тұлға да, тарихшы маман да, филолог, шежіреші де іздеп жүріп оқитындай білім береді. Қазақтық жүр­гізу, қазақтық құру тіркестерінің және орыс тіліндегі казаковать сөзінің негізінде бір мағына жатқанын көрсетеді. Өзбек-қазақ атауын экзоэтноним дейді. Алғаш мұ­сыл­ман деректерінде «Бадаи ал-вакаи» еңбе­­гінде қазақ елі атауы экзополитоним түрінде аталғанын айтады. Профессор кезіндегі ЖҮЗ, ЖҮЗ-ге ұйымдасудың қажеттілігін, қызметін анықтауға тырысады. «ЖҮЗ-ді қазақ социумының үш жүздік ұйымдық құрылымын көшпелілердің тіршілік қамы жүйесін территориялық және генеологиялық принцип бойынша тиімді ұйымдастыруға бағытталған институционалдық жүйе» деп тарихи, әлеу­меттік, экономикалық, мәдени сипатта тұңғыш рет анықтамасын жасайды. Қазір қате айтылып жүрген жүзге бөлі­ну жүзге ұйымдасудан шыққан дейді. Әр жүздің ноқта ағаларын көрсетеді. Жүзге ұйымдасудың ресми тіркелген уақытын 1616 жыл  деп   көр­сетеді. Қазақ жүздерінің осы күнгі ретінің «генезисі мен табиғатын дәстүрлі қазақ отбасының патронимиялық прин­­­­­ципке негізделген құрылымының объек­тивті қисыны арқылы ғылыми мо­дельдеуге болады» деп, «көшпелі социумда айрықша ұйымдастырушылық және реттеушілік функция атқарған туыстық қатынастардың негізі болып табылатын АТА – ӘКЕ – БАЛА және АҒА – ІНІ арасындағы байланыстардың ежелден орныққан нормалары» негіз болды дейді. Саққұлақ бидің қолжазбасында «Ұлы жүз Орта жүзге де, Кіші жүзге де аға саналсын» деп арнайы айтылуы жүзаралық қатынастың орныққан нормасына айналған дейді. Сондықтан, қазақта жүзаралық кикілжің еш уақытта болмаған деген қорытынды жасайды. 
«Дәстүрлі қазақ даласында екі құдірет болды. Бірі сөз құдіреті болса, екіншісі – құқықтық құдірет», – дейді, академик С. Зи­манов. Қазақтағы құқықтық мәдениетті тарихшы ретінде зерделей келе Н.Әлімбай би соты, халық соты деген сөздерді сырттан тағылған атау дейді. Қазақтағы БИ төбе би, ара би, сөз ұстаған би, алқа би, орда би қабырғалы би, қайғылы қара би, байшөгел би, маңлақ би деген сипаттамалы бөлінісі болғанын көрсетеді. Көп айтылғанмен, зерттелмеген тақырыптың бірі ру, руға бөлінуді ғалым түбегейлі зерттей келе, бір атаның жалпы саны 729, әр отбасында орта есеппен 5 адамнан болса, ру мүшелері 3645 адам болатынын тұңғыш рет көрсетеді. Үл­кен ауылдардағы үйлер үшінші атадан та­ра­ған ұрпақтардың отбасылары екенін анықтайды.
Энциклопедияның өнбойынан ата-баба жолының когнитивті бейнесі – «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман», сол заманды іздейтін, жоқтайтын бүгінгі ұрпақты қалыптастыру, көңіл қошын аудару мақсаты тұрғанын сезінесіз. Тіршілік атаулының жанға жайлысы, үлгілісі дәстүрі мен тірлігі жарасқан қазақы мәдениетте деп қабылдаудан бас­қа амалыңыз қалмайды. «Жасампаз күш – ата-бабаларымызда, өйткені олар тәңірі жарылқағандар, аруақ қол­дағандар, сондықтан ата-баба жолын айрықша қастерлеу әрі қатаң ұстану ғана көшпелі ең ұлы мұрат» болғаны ТУҒАН ЖЕР мен ОТБАСЫ, РУЛАСТАРЫ, РУ (СОЦИУМ)-мен байланыстырылып оты­рады. Яғни, бұлар «Жасаған иенің құді­ретімен қалыптасқан біртұтас жаратылыс». Сондықтан қазақ уақыты кеңістік түріндегі уақыт делінеді. Бұл – алғаш рет айтылған ой. «Рудың мнемоникалық кешені – ата-баба зираты, өзен, көл, оған жан бітіруші туған жер, даңқты батыр, айтулы әулет туралы миф, аңыз, ертегі мен ал, оның информациялық өрісі – шежіре» деген де тарихшылар тарапынан алғаш сөйленіп отыр. 
Бұл  ойын Н.Әлімбай АТАЖҰРТ кате­го­риясымен былай байланыстырған: «Қа­зақтар өзінің іргелі ел, қабырғалы халық болып қалыптасуын ең алдымен кеңістікпен (атажұртпен) белгілі бір уақытпен, көр­некті тұлғалармен байланыстырады». Атажұртпен қоштасу өлеңі еш қай халықта жоқтығы рас. Елмен қоштасу, жермен қош­тасу – қазақ мәдениетінде этикалық және эстетикалық норма. Сол сияқты қазақтағы «ҮЛКЕН ҮЙ ұғымы ғұрыптық-символикалық әрі басқару жүйесінде өзіндік рөл атқарған институт»,«ғұрыптық жосындарды ұйымдастырудың идеологы» болған қазіргі үлкен үй екенін ұмытқандар үшін қажет анықтау. 
Проф. Н.Әлімбайдың зерттеу методологиясы, нәтижелерді қорытуы мен түйіндеуі сөз саптаудағы көпшілік-ғылыми стильден жаңа ғылыми-көпшілік стиль түрін жасаған. Ғалым энциклопедиялық мақалалардың жазу стиліне жаңалық әкелген. Деректі-дерексіз ақпараттарды қисынды, деректі етіп берудің машықты стилін қалыптастырған. Сөздерге жаңа мағына үстеген, жаңа тір­кестер мен қолданыстар жасаған: әлеу­меттік-психологиялық қауқарлық, жосын, пошым, этникалық түзіліс, риясыз құрмет, соны серпін, қайтып оралмас­тай іріту, ымырасыз қайшылық, гәп, қисынды пікір, қисыны бойынша, ілкімді, ұрымтал ілік, одағай жайт, тіршілік қамы, классикалық көшпелі өмір салты, ілік болу, дерегі дәйекті пікір, шор дәстүр, әсіребаяндамалық, селкеулік, есебай-қос­пақ, отты уыс т.б. Тарихты өзгертетін дара тұлғалар деп жатамыз. Мінезі мен білімі, ұстанымдарына адал, билікке жеткен дара тұлғалар тарихты ұлтының пайдасына өзгертіп жатты. Сондай-ақ арамызда ұлттық көзқарастар мен бағалауларды, ұлттық танымды тереңнен пайымдай білетін, кейбір теріс түсінікті оң бағытқа өзгерте де алатын тұлғалар болады. Осындайда Телжан Шонанұлының «Бар ғұмырын өз халқына шын құштарлықпен қызмет ету жолына бағыштаған, бар бақытын содан тапқан, табиғаты бөлек жандар болады», – деген сөзі еске түседі. Бұл сөзді дәл бүгін 100 жыл өткен дәуірде қазақ ұлтының санасын жаңғыртуға, көмескілене бастаған ұлттық ұғымдар мен құндылықтарды қай­та қалпына келтіру жолында ғұмырын да, денсаулығын да, күш-қуатын да аямай келе жатқан тұлғаның бірегейі профессор Нұргелді Мақажанұлы Уәлиге арнасақ, бұл кісіні танитын орта бір күмәні жоқ дейтініне әбден сенімдімін. 
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы Н.Уәли осы сөз болып отырған энциклопедиядағы сүбелі мақалалардың авторы. Өйткені, ол кісі 104 мың сөз, 150 мың сөз тіркесінің лек­сикалық, этнонимдік, стильдік, термин­дік, фразеологиялық, когнитивтік, праг­матикалық мағыналары тұңғыш рет бір мез­гілде кешенді түрде түсіндірілген «Қазақ әдеби тілінің онбестомдық сөздігінің» (2007-2011жж.) ұйытқы – бас редакторы, ноқ­та ағасы. Қазақ тілі фонологиясы, қазақ тілі грамматологиясы, қазақ тілі орфографиясы, қазақ тілі фразеологиясы, қазақ сөз мәдениеті мен стилистикасынан болашақта талай-талай зерттеулерге дәйек болатын теориялық пайымдаулар мен тұжырымдар айтқан  ғалым. Кезінде А. Байтұрсынұлы: «Абай сөздері жалпы адамның түсінуіне ауыр екені рас. Бірақ, ол ауырлық Абайдың айта алмағанынан болған кемшілік емес, оқушылардың түсінерлік дәрежеге жете алмағанынан болатын кемшілік. Олай болғанда айып жазушыда емес, оқушыда. Не нәрсе жайынан жазса да Абай түбірін, тамырын, ішкі сырын, қасиетін қармай жазады» депті. Сол сияқты ғалымның тұжырымдарын  бағалай алмай жатсақ, ол бізге сын. Нұргелді Уәлиұлы дү­ние­­танымының өзгемізден айрықша қалып­тасуына 70 жылдары қазақ тілі фра­зеологизмдерін теріп, мағынасын аша бастаған жасаң шағы, ұлт­тық фольклордың уызына тойып, ауыз әдебиетімен ауызданған балаң кезі мықтап негіз болған. Сондықтан, ғалымның қазақ үшін СӨЗ бен ТІЛ ұғымдарының түсінігі қандай болғанын байыптайтын лұғаттық мақаласын оқыңыздар. Онда сөз тыңдаушы мен айтушы тарапынан көпшілікке түсінікті етіп алғаш рет зерделенген. Жел сөз, қара сөз, аталы сөз, жақсы сөз, жанды сөз тіркестерінің мағына мазмұнын концептуалды түрде аша білген.
Халықтық география білімінен мүлде бейхабар бола бастаған ұрпаққа ғалымның жер бедерлерін этномәдени ұжымның байыр­ғыда қалай таныған деген мақаласы шы­ны­менен сананы жаңғырту болды. Мысалы, география пәнінен біз суға қатысты өзен, көл, мұхит, бұғаз, шығанақ, тау, шың сияқты жалпы географияға сәйкес келетін атауларды білсек, мұнда жылға, қайнар (бұлақтың бастауы), бұлақ (өзеннің бастауы) (жерден шыққаны көрініп жататын судың бәрін бұлақ дей беретін бүгінгі ұрпақ үшін бұл жаңалық болды), шағын сулар тобы деген бүгінде мағынасы парқылана бермей, жалпы аталып жүрген атаулар айқындалған. Ғалым қазақ халқының жалпы суды Ақсу-көксулар «биік таулы аймақтар суы» (Ақжар, Көкжар, Ақсай, Көксай, Тастыбұлақ, Тентек, Түрген), Қарасулар – «жағалауы құрақты  жер су», Сарысулар – «ұзындығы едәуір жерді алып жатқан өзендер» (Сарыбұлақ, Сарыөзен, Сарыжылға, Сарыкеңгір), Қомсулар – «өзеннің тасыған суынан ойпаңға, қобыға жи­налып, көлге айналған сулар», Қақсулар деп бөлгенін алғаш рет естіртіп отыр. Өзен емес, су атауының алғашқы болғанын айтады. Дария атауы арналы, ұзын өзенді бергенін, оған Еділ, Жайық, Сыр, Ертіс, Іле өзендері жататынын, яғни қазіргі өзен атауының қате қолданысын көреміз. Дәл сол сияқты ғалым жазған ӨҢІР мақаласымен Қазақстан өңіріне виртуалды-лингвалды тур жасай аласыз. Қазақ жерін өлке, аймақ емес өңір атауымен бөлу белгілі бір биік жер бедері (тау), не ойпаң жер бедері (су) арқылы жүргенін ғалым алғаш рет түсіндіреді: Ертіс өңірі, Жайық өңірі, Алтай өңірі, Жетісу өңірі т.с.с. Қазақ үшін шығыс, батыс емес, таудың күнгейі мен теріскейі ерекше мәнді екеніне назар аударасыз. Басы Алтай, жон арқасы – Арқа, сауыры – Торғай болған қазақ жеріндегі Оң Арқа мен Сол Арқа, олардың сулары, тау­лары түгенделіп, қазақы атаулары қалпына келтірілген (Зайсан – Жайсаң). «Алакөлден Талас өзеніне дейін созылып жатқан ежелгі өңір» – Жетісу өңірінің өзіне тән Алтын күрек желін, Алтынемел желін, Ебінің желін, Қастектің желін, Қордайдың желін, Шаңғарақтың желін ауа райын (климат) зерттейтін орталықтардай жазған. Ал, Бетпақдала өңіріндегі қоңыр аңдар, жәндіктер, құстар, жусан түрлері, қара от (баялыш, қылша, тасбұйырғын), ащыот түрлері (теріскен, еркекшөп), бұтасындар, жылқы жайылымдары сипатталған тұстар қазақы малшаруашылығы кәсібіне арналған қазіргі таптырмайтын нұсқаулық па дерсің!? Үшқиян өңірі саналатын «Үстірт, Үш түбекті Маңғыстау, Атырау, Еділ-Жайық арасы» тарихи оқиғалар суреттелген халық жырлары негізінде асқан сүйіспеншілікпен жазылған жолдар деп білеміз. Үш Қиян өңіріндегі желдердің толық нұсқасын осы еңбектен таптық: Бесқонақтың желі, Жата­ған жел, Желауыз, Қайтыс жел, Қарыма жел, Жайық басынан соққан жел, Қума жел, Қыршын жел, Еділдің Қызыл желі. 
Ғалым өзі салған бұл халықтық физи­калық картадан бөтен «тілдік-ұжымдық санадағы мәдени-қоғамдық таныммен байланысты тағы бір бейнесі» бар екенін алғаш рет айтқан. Ол АЛТАЙ-дың бейнесі – кен байлық, АРҚА бейнесі салдар мен серілер, АРҚА – кеңдіктің символы, ЖЕТІСУ – жер жанаты, СЫР – жыр елі, ҚАРАТАУ – Үш жүз басы қосылған қасиетті қара орын, ҮШ ҚИЯН – қазақ күйінің алтын бесігі, 362 әулиенің жері». Географиялық жер бедері атауларының бұндай ұлттың эстетикасы, танымы, бағалауы, гуманизмі тұрғысынан өре­лі білімге айналған. Қазақ даласындағы көшпелі ойын-сауықтың өкілі САЛ-дың шы­­найы   портреті  Н. Уәлидің «қаламынан шықты». Ғалым «оғаш, өрескел қылы­ғымен» жағымсыз түсінілетін қазіргі қазақ санасындағы САЛ кейпін САЛ-дың «киімін», «мінген атын», «мәрттігі мен сақилығын», «тосын мінез бен қияс қылықтарын», «өнерпаздығын», «сал­дықпен қоштасуын», «сал ағасын», «сал шыққан ортасын» сипаттап жазу ар­қылы жағымды бейнеге ендірген.   
Қазақтың діни санасын қалпына кел­тіруде қазіргі діни дискурста лұғаттық ма­қала авторының түсіндіруіндей сөз саптау жетіспейтін еді. Енді жоғары білім, орта білім мекемелері осы мақаланы пайдаланып, руханияттық сауат ашуға әбден пайдалануға болады. Жүз жиырма төрт мың пайғамбардың Құранда 25-і ғана аталуы, пайғамбарларға жіберілген қасиетті кітаптар мен парақтар саны сияқты нақ­ты цифрлардың берілуі де орынды. Қыс­қасы,  дүниауи руханияттың бастау көзі діни руханиятта жатқанын байқайсыз. Өңірдегі жол атаулары осы энциклопедияда ғана түгенделген сияқты: қазақы жол, жал­ғызаяқ жол, қара жол, күре жол, күзерлі жол, табан жол, баурай жол, кер жол. Ал, қазақы мәдениеттегі жөн сұрасудың этикеті: қона жатқандағы жөн сұрасу, жол үстіндегі жөн сұрасу, таныс адамдардың жөн сұрасуы деп бөліне береді. Жөн сұ­расудың қазақ аузындағы жөн сұрамақ пайғамбардан қалған сүннет, қона жатар қо­наққа пышақ қандар салтымыз бар, өлі етке де ризамыз деген тұрақты стандарттары мұндағыдай ресми басылымға жарияланып көрмеп еді. Жөн сұрасудың ақпараттық қызметі, қайда барасың деп сұрамау, жорт­қанда жолың болсын деп айтпауды бү­гінде жастар тұрмақ, үлкендеріміз білмей айта беретінбіз. Көрнекті ғалым, проф. З.Ах­мет­жанова қазіргі күні тілдік тұлғаның тағы бір деңгейі бар дейді, ол сол тілді жан-тәнімен сүйген, сол себепті бар әрекетін сол тілдің жетілуіне, бағалануына арнаушылық деп атаған еді. Дәл бүгінгі қазақ тілі үшін осындай тілдік тұлғалардың қажеттілігі ауадай. Тілдік тұлғаның осы деңгейі профессор – Нұргелді Уәлидің қазақ тіліне сіңірген еңбегіне қарай айқындалды. 
Бестомдық энциклопедияның алғашқы томдары жарыққа шыға бастасымен-ақ, оны бәрімізден бұрын байқап, барша қазақ үшін қуанған, қуана отырып, сындарлы сын айта білген ұлтжанды журналисіміз Мырзан Кенжебайдың: «...түптеп келгенде бұл еңбек қайталап айтар болсақ, ұзақ жылдар бойы небір ұлттық қазыналы ерекшеліктерін ұмыт қалдырған, өзгенің қаңсығын таңсық көріп, өз асылының қа­дірін білмеуге айналған халқымыз үшін өте бағалы, құнды еңбек. Оны оқи бас­тағаннан ғажайып бір жұмбағы мол әлемнің ішіне еріксіз еніп кеткеніңді де байқамай қалатының бәлкім содан болар. Бұл жобаның әрі ғылыми редакторы, әрі жетекшісі Нұрсан Әлімбайға да, мақалалар авторларына да, мәтіндерді дайындаушылар мен суретшілерге де жаным, жүрегім қазақтікі дейтін азамат атаулының алғысы мол екеніне шүбә жоқ» деген сөзіне  («Мәдениет» журналы, 2012, № 5) дұрыс-ау» деп бас иземесімізге әддіміз жоқ.
Аталмыш «Ұлтнамамызды» (М. Кенже­байдың сөзі) Сүлеймен Демирел атындағы  университеттің қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша оқитын 3-курс сту­денттеріне бестомдықтағы  лұғаттық мақа­лалар бөлініп беріліп, оқытылды. Білім беру барысында олардың «бұрын мүл­де естімеген» атаулары мен ұғымдары энци­клопедияның 3-тен 2-сі, ал, «бұрын білгенмен, мағынасын қате түсінген» атаулары 3-тен 1-і болды. Яғни, энциклопедияда қамтылған дәстүрлі атаулар мен ұғым­дар, категориялар бүгінгі қазақ студент жастарының санасы үшін жабық код, тарихи-мәдени жадтан өшіп бара жатқан құн­дылықтар болып шықты.  
Қазақ тілінің лексикалық қоры мен фразеологиялық байлығы ұшан-теңіз. Тілдің лексикалық қабатында көне түркі лексикасымен қатар, монғол, парсы, араб тілінен еніп, қазақ тілінің фонетикалық заңдылығына сай қазақыланып кеткен сөздер біршама. 40 ж. кирил әліпбиімен бірге жазылуы өзгеріссіз енген сөздер тіпті көп. Яғни, қазіргі қазақ тілі арқылы ойы мен діттемін жарыққа шығаратын сөз байлық пен сөз саптау жүйесі жетіліп тұр. Санадан өшуге айналған бұл атаулар мен ұғымдарсыз-ақ жаңа қазақ тілінде сөйлеп жатырмыз. Қажеті не? Бірақ,  жаңа қазақ тілінен ұлттың тінін, рухын  сезінбей бара жатырмыз. Көрнекті ғалым М. Мырзахметов Абай өлеңдерін «Қазақ елінің қоғамдық ойы мен дүниетанымының энциклопедиясы. Аса күшті рухани құбы­лыс» депті. Осы тұрғыдан баға берсек, «ҚАЗАҚТЫҢ ЭТ­НОГРАФИЯЛЫҚ КА­ТЕ­ГОРИЯЛАР, ҰҒЫМДАР МЕН АТАУ­ЛАРЫНЫҢ ДӘС­­­ТҮРЛІ ЖҮЙЕСІ» – қазақ елінің дәс­түр­лі тіршілікқамы, құ­­қықтық мәдениеті, географиялық та­ны­­мы, шаруашылық жүйе­сі, астрономиясы, этикасы, даналығын танытатын құн­ды­­лықтарының энциклопедиясы. Есте қала бермейтін, фактологиялық қазақ тарихына этнографиялық нәр берген нағыз қазақ тарихы.

564 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз